Әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулардың; әдістемелік ұсыныстардың; әдістемелік нұсқаулардың титул парағы



Дата25.02.2016
өлшемі102.95 Kb.
#21643

Әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулардың; әдістемелік ұсыныстардың; әдістемелік нұсқаулардың титул парағы






Нысан

ПМУ ҰС Н 7.18.3/40


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Гуманитарлық-педагогикалық факультет
«Қазақ әдеби тілінің тарихы» пәні бойынша 6М020500- «Филология(қаз)» мамандығының магистранттарына арналған

пәнді оқыту бойынша




ӘДІСТЕМЕЛІК ҰСЫНЫСТАР МЕН НҰСҚАУЛЫҚТАР

Құрастырған:

ф.ғ.к., доцент

Г.Т.Кәріпжанова

Павлодар

1-тақырып. Әдеби тілдің сипаты.

Әдеби тіл туралы жалпы мәлімет. Әдеби тіл жайындағы түрлі көзқарастар, анықтамалар. Әдеби тілдің нормалық белгілері, түрлері. Әдеби тіл нормаларының әр түрлі тарихи кезеңдерде тұрақтылық дәрежесі мен талаптарының бірдей еместігі.

Әдеби тіл және көркем әдебиет тілі, функционалдық стильдер.

Әдеби тіл мен ауызекі сөйлеу тілінің өзара байланысы. Сөйлеу тіліне тән ерекшеліктер. Сөздердің сөйлеу тіліндегі синтаксистік, морфологиялық және фонетикалық ерекшеліктері. Әдеби тілдегі сөздік қор мен ауызекі сөйлеу тіліне тән сөз байлығының бір еместігі. Диалектизм мен қарапайым сөздердің өзара айырмашылығы және олардың әдеби тілге қатысты, стильдік қызметі. Диалектизм мен дублет сөздер (қазір-кәзір, бағана-мана, т.б.).


2-тақырып. Қазақ әдеби тілінің тарихи негіздері мен даму кезеңдері.

Қазақ халқы – ежелгі түркі тайпаларының ұрпағы. Сондықтан түркі тайпаларының арасында туып, ғасырлар бойы ауызша және жазбаша түрде сақталып келген туындылар түркі халықтарының көпшілігіне, оның ішінде қазақ халқына ортақ екендігі.

Ежелгі түркі тілдері ескеркіштері (Орхон-Енисей жазу нұсқалары) мен ұйғыр жазу ескерткіштерінің тілі.

Орта ғасыр (Х-ХҮ ғасырлар) түркі ескерткіштері батыс түркі тілдерінің ескерткіштері. 1) «Кодекс Куманикустың» тілі; 2) қыпшақ тілдері (мамлюк қыпшақтарының тілі; армян қыпшақтарының тілі; Қожа Ахмет Иассауидің «Хикмет» өлеңдер жинағының тілі, оның қазақ тіліне қатысы; шығыс түркі ескерткіштері); 1) Қараханидтер түріктерінің тілі; 2) Хорезм түріктерінің тілі; 3) шағатай түріктерінің тіліндегі ескерткіштер. Олардың фонетикалық, грамматикалық, лексикалық сипаты.

Ауыз әдебиетінің үлгілерінің тілін, біріншіден, олардың пайда болу дәуіріне қарай бөліп сипаттау, екіншіден олардың жанрлық классификациясына қарай айырып көрсету. Ауыз әдебиетінің лексикалық, морфологиялық сипаттамасы, көркемдеу тәсілдері, сөз тіркестіру амалдары; проза бөліктерінде сөздердің сөйлем ішіндегі орын тәртібі, құрмалас сөйлемдердің берілуі, т.б.

Қазақ тілі тарихын дәуірге бөлу принциптері, әдеби тіліміздің даму кезеңдері. Бұл жөніндегі көзқарастар. Қазақ әдеби тілінің бастамасы мен дәуірлерге бөлінуі туралы зерттеушілердің әр түрлі көзқарастарын жинақтай келгенде қазақ әдеби тілі тарихын ХХ ғасырдан бастап, оны мынадай дәуірлерге бөлуге болатындығы: 1) Қазақ халқының ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілі. ХҮ-ХІХ ғ. екінші жартысы; 2) Қазақ халқының ұлт болып қалыптасқан кезеңіндегі әдеби тілі ХІХ ғ. екінші жартысынан қазіргі кезеңге дейін.



3-тақырып. ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ әдеби тілі.

Осы дәуірлердегі қазақ тілін танытатын үлгілер: а) халықтың сөйлеу тілі негізіндегі; б) жазба әдеби тілі дәстүріндегі нұсқалар болып бөлінетіндігі. Бұл – қазақтың тілінің жасалып, қалыптасқан кезі.

ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ тілін танытатын үлгілер. Қазтуған Сүйншіұлы, Сыпыра жырау Сұрғалтайұлы, Асанқайғы, доспамбет, Шалкиіз Тіленшіұлы, Жиембет, Марғасқа, Шобан жыраулардың өлең-толғау, жырларының лексикалық, грамматикалық сипаты. Олардың сөз қолданысын, көркемдегіш-бейнелеу тәсілдерін ауыз әдебиеті үлгілерімен байланыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсету.

Қадырғали Жалайырдың «Жамиғ-ат-тауарих» (ХҮІ ғ.) Абулғазы Баһадурдың «Шежіре-түрк» (ХҮІІғ.), шығармаларының тілін, ХҮ-ХҮІІ ғасырлардан қалған қазақ хандарының, тархандарының жарлықтары мен әр алуан іс-қағаздарының (арыз, мәлімдеме, бұйрық т.б.) тілін талдап, олардың қазақ тіліне қатысын көрсету. Бұлардағы орта ғасырлық түркі жазба тілінің белгілері, қазақтың сөйлеу тілінен алшақтайтын тұстары.


4-тақырып. ХҮІІІ ғ. қазақ әдеби тілі мен ХІХ ғ. 1-жартысындағы қазақ әдеби тілі.

ХҮІІІ ғ. мен ХІХ ғ. 1-жартысындағы әдеби тіл бірқатар зерттеулерде өз алдына жеке кезеңдер болып қаралып жүргені. Бұл кезеңдегі халықтың сөйлеу тілі мен ауыз әдебиеті тілі негізінде жырлаған ақын-жыраулардың (Шал, Көтеш, Досқожа, Ақтамберді, Тәтіғара, Үмбетей, Бұқар т.б.) шығармалары тілінің лексикасы, морфологиялық сипаты; сөз тіркесу амалдары, көркемдеу тәсілдері. Ақындар мектебінің әдеби тілі дамуындағы рөлі. Қазақ әдеби тілі дамуындағы Махамбет, Дулаттың алатын орны. Олардың шығармалары тілінің өзіне дейінгі халық тілімен ұштасатын және ерекшеленетін жерлері, өздеріне тән тілдік элементтері мен тәсілдері. Дулат ақын тіліндегі жазба әдеби тілге тән белгілер.

ХІХ ғасырдағы қазақ хандарының, старшиналарының әр алуан эпистолярлық құжаттарының тілі. Эпистолярлық стильдің ерекшеліктері. Кеңсе іс-қағаздары стилінің пайда болуы. Патша үкіметі мен жергілікті әкімшілік орындарының бұйрықтары, мәлімдемелері т.б. қазақ тілінде жазылуы. Олардың тіліндегі түркі жазба әдеби тілі дәстүрінің көрінісі, стильдік нышандар, лексикалық сипаты, грамматикалық ерекшеліктері, орфографиясы. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарына дейінгі қазақ әдеби тілінің демократтана түсуі. Жазба дәстүр мен ауыз екі сөйлеу элементтерінің араласа бастауы.
5-тақырып. ХІХ ғ. 2-жартысындағы қазақ әдеби тілі. ХХ ғ. басындағы қазақ әдеби тілі.

а) ХІХ ғ. 2-жартысында қазақ тілі. Бұл кездегі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі өзгерістер. 1867-1868 жылдардың реформалары бойынша халық ағарту саласында бірсыпыра шаралардың жүзеге асырылуы.

Қазақстанда оқу-білімнің кеңірек таралуына жағдайлар жасалуы. Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметі.

Ғасырлар бойы жасап келе жатқан ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің осы дәуірде қағазға түсіріле бастауы; кейбіреулерінің бастырылып шығарылуы.

Қазақ тілінде алғашқы мерзімді баспасөздің шығуы «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Торғай газеті», «Ауыл шаруашылық листогі». Қазақ жазуы мен әдеби тілді қалыптастыру туралы мәселелерінің көтеріле бастауы. Алғашқы газеттердің әдеби тілімізді дамытудағы, публицистикалық стильдің қалыптасуындағы рөлі. Ресми қағаздар стилінің әрі қарай дамуы. Эпистолярлық стильдің пайда бола бастауы. Аударма ісінің пайда болуы және оның қазақ әдеби тіліне тигізген әсері.

Бұл кезеңде бұрынғы поэзия тілінің одан әрі дамуы. Шөже, Сүйінбай, Шортанбай, Күдері, Біржан, Ақан, Мұрат, Базар жырау т.б. шығармаларының қазақ әдеби тілінің даму барысындағы орны.

ХІХ ғ. 2-жартысында қазақ тілінің зерттеле бастауы, зерттеуші Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, В.Катаринский т.б. сіңірген еңбектері. Қазақ тілі жайындағы алғашқы грамматикалар. Қазақ тілі материалдарын қамтыған сөздіктер, олардың түрлері, сипаты, сапасы және қазақ әдеби тілінің дамуына тигізген әсері.

Бұл кездегі әдеби тілдің ерекшеліктері. Сол тұста айтылған пікірлер: орыс ғалымдарының, Ыбырайдың, Абайдың айтқандары мен «Дала уалаятының» бетінде жарияланған мақалалар.

Ағартушы-демократтық бағыттағы адамдардың ХІХ ғ. 2-жартысындағы қазақ әдеби тілінің дамуына тигізген игілікті әсері. Мұны пайдалана отырып, Ыбырай мен Абайдың қазақ әдеби тіліміздің жаңа сапа-қасиетке ие болуы, әрі қарайғы даму бағытының айқындалуы.

Қазақ әдеби тілін дамытуда Ы.Алтынсариннің орны. Ыбырай Алтынчсарин қара сөзінің тілі және оның поэзиядағы сөз тігісі. Бұлардың сол кездегі қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы маңызы. Қазақ әдебиетінде мысал жанрының пайда бола бастауы. Осы мысал жанрының, қазақ әдебиетінде енді-енді көріне бастаған қара сөз үлгілерінің әдеби тілімізді мүсіндей түсетіндігі.

Абай және жаңа дәуірдегі қазақ әдеби тілі. Абай поэзиясының тілі – қазақ әдеби тілінің дамуындағы жаңа белес. Абай өлеңдерінің тақырыптық аясы, сөз қолдану аясының әр тараптылығы. Поэтикалық шеберлік - әдеби тілдің дами түсуі. Абай «Қара сөздері», оның жанрлық және стильдік сипаты. әдеби тілімізді дамытуға қатысы. Лексикалық құрамы, бөгде сөздер, грамматикалық және фонетикалық ерекшеліктер, бұл ерекшеліктердің арғы шығу тарихы.

Өткен ғасырдың 2 жартысында күн тәртібіне қойылған қазақ жазу мәселесі. Ол жөніндегі пікірлер. Орыс графикасын пайдалану жөніндегі әрекеттер. Орыс графикасымен шыққан әдебиеттер.

Қазақ әдеби тілі лексикасының нормалану процесі. (барлық үлгілер мен барлық стильдер бойынша жеке топтап алғанда), арабизмдер мен фарсизмдердің осы кезеңдегі қазақ фарсизмдердің осы кезеңдегі қазақ лексикасындағы үлесі, актив қолданылған стильдер. Орыс тілінен, оның ішінде жазба әдебиет арқылы сөз ену процесі.

Грамматикалық нормаланудың жай-күйі: варианттылықтың орын алуы, іздену жолындағы ерекшеліктер, грамматикалық тұлға-тәсілдердің стильдерге қарай сараланбаған сипаты.

Бұл кездегі жазба үлгілер тіліндегі диалектизмдер мен қарапайым сөздердің көрінісі, олардың қызметі, арасалмағы.

Қазақ даласындағы «кітаби» әдебиеттің шығуы, таралуы, мазмұны, оның тілі – «кітаби тіл» туралы мағлұмат. Діни әдебиет және кітаби қазақ ақындары (Әубәкір, Кердері, Қаша-фуддин Шаһмардан, Нұржан Наушабаев, т.б.). Діни тақырыптағы қисса-дастандар. Бұлардың тіліне лексикасы, морфологиясы, орфографиясы, және көркемдеу тәсілдері тұрғысынан талдау жасау.

ә) ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілі. Бұл кезде жазба әдебиеттің тақырыптық аясының кеңейе түскендігі. Бұл тұста жарық көрген көркем шығармалардың тілдік ерекшеліктерін әдеби тіліміздің даму, оның функционалдық стильдерінің қалыптасуы тұрғысынан алып талдау.

ХХ ғ. жиырмасыншы жылдарында А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың көркем сөздері шығып тұрған «Қазақ», «Қазақстан», «Дұрыстық жолы», «Серке» тәрізді газеттер мен «Айқап», «Абай» журналдарының бұл ретте қазақтың публицистикалық стильдік жан-жақты дамыта бастағандығы.

Осы кезеңде әр алуан тақырыптағы көпшілік ғылыми кітапшалардың («Жамандату, күйдіргі»-1902, «Айал жайында» 1903, «Афат яки холера әңгімесі»-1905) кейбір ресми құжаттардың («Устав Тургайского сельскохозяйственного общества»-1903), көркем шығармаларының (А.С.Пушкин. Капитан қызы -1903, М.Бекинов) аударыла бастағандығы.

Әдеби тіліміздің көркем шығарма және публицистикалық стильдерімен қоса, бұл жылдары ғылыми стильдің дараланып көріне бастағандығы. Публицистика мен ғылыми әдебиеттің дами түсуіне Шәкәрімнің сіңірген еңбегі, оның прозалық шығармаларының тілі мен стилі. Әдеби тіліміздің осы еңбегі осы кездегі (ХХ ғ. алғашқы жиырмасыншы жылындағы) даму дәрежесін, оның грамматикалық және лексикалық бірізділігі жағынан нормалануын, саралана түскенін әр саладағы әдебиеттердің материалы негізінде талдап көрсету.

ХХғ. Бас кезіндегі қазақ тілі мен жазуына қатысты Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі, оның қазақтың ұлттық жазуына ұғынуы, қазақ тілі оқулықтарын жазуы, қазақ тіл білімінің іргетасын қалаудағы қызметі. М.Жұмабаевтың басқа да кейбір қалам қайраткерлерінің қазақ тілінде әліппе және өзге де түрлі оқулықтар жаза бастауы, олардың стилі. Қазақ тілі мен жазуы жайындағы әлеуметтік пікірлер мен көзқарастар.
6-тақырып. ХХ ғ. 20-жылдарынан бергі (Кеңес дәуіріндегі) қазақ әдеби тілі.

Қазақ әдеби тілінің әрі қарай дамуындағы қоғамның әлеуметтік, мәдени өміріндегі өзгерістердің әсері. Жиырмасыншы жылдардан былай әсіресе көркем әдебиет жанрларының қарқынды дамуы, олардың әдеби тілімізді дамытудағы орны. Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Шәкәрім, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, И.Байзақовтың т.б. прозалық, драмалық және поэзиялық шығармаларының, публицистикалық туындыларының лексикасы, көркемдеу тәсілдері, морфологиялық-синтаксистік тәсілдердің берілуі жағынан қазақ әдеби тіліне қосқан үлесі.

Осы тұста жарияланған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарының, әдестемелік және ғылыми еңбектерінің тілі. А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы», «Әліпби», «Сауат ашқыш», «Тіл құрал», Ж.Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші», «Педагогика», С.Сейфуллиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың әдебиет тарихы жөніндегі зерттеулерінің тіл ерекшеліктеріне талдау жасау арқылы олардың қазақтың қоғамдық ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы үлес-салмағын анықтау.

М. Әуезов және қазақ әдеби тілі. М.Әуезов шығармаларындағы мәдениеттің үш салада дамыған тілдік көріністері. Оның әдеби тілімізді ең алдымен қазақтың халықтық тіл қазынасын жан-жақты және мол қамту арқылы байытқандығы; бұл ретте қазақ тілінің байырғы сөздерін, жалпытүркілік тіл өрнектерін, диалектизмдерді, фразеологизмдер мен тұрақты сөз тіркестерін; мақал-мәтелдерді, шешендік нақыл сөздерді, дәстүрлі көркем-бейнелеу құралдары мен айшықты тіл құралдарын, екі мыңға жуық таза түркі антропонимдерін, жеті жүздей түркі топонимдерін, әсіресе екі жарым мыңдай тарихи-этнографиялық атау-терминдерді қолданғандығы.

ХХғ. 20-жылдарынан бергі аралықтағы мерзімді баспасөздің (газеттер мен журналдардың), ғылыми әдебиеттің, әр түрлі білім салаларына қатысты оқулықтар мен оқу-құралдарының, аударма әдебиеттердің әдеби тіліміздің даму жүйесіне, нормалану процесіне тигізген әсері. Жаңа стильдік тармақтардың пайда бола бастауы, бұрыннан бар стильдердің енде ерекше қарқынмен әрі қарай дамуы. Қоғамдық-публицистикалық стиль, көркем проза, драма жанрының да стиліне, ғылымдық әдебиеттердің тіліне, ондағы терминдік, сөзжасам проблемасына жеке-жеке тоқталу. Баспасөздің, саяси әдебиеттің кең етек алуына байланысты қоғамдық-публицистикалық стильдің жаңа сапалық сипат алуы, қоғамдық-саяси терминдердің қалыптасу барысындағы алғашқы кездегі кейбір ала-құлалықтар.

20-30 жылдардағы тіл, әліпби, орфографиялық саласында жүргізілген реформалар. Олардың әдеби тілімізді дамытудағы маңызы. Латын жазуына көшу мәселесі. Орфографиялық ережелерді жетілдіру жолдары. 20-30 жылдардағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулердің жай-күйі. Грамматикалық және лексикографиялық еңбектер, олардың әдеби тіл нормалары бірізге келтірудегі орны.

1940 жылғы орыс графикасына негізделген жазу жүйесін қабылдау, мұның әдеби тіліміздің сол кездегі дамуы процесіндегі көрінісі. Қазақ әдеби тілінің кеңестік дәуірдегі дамуына орыс тілінің тигізген әсер-ықпалы.

Қазақ әдеби тілінің жалпы кеңес заманындағы нормаларының (қалыптасу) мәселесі.


Әдебиеттер тізімі

Негізгі:

  1. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -400 б.

  2. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -212 б.

  3. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -256 б.

  4. Өмірәлиев Қ. ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. - 306 б.

Қосымша:

  1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.

  2. Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: Арыс, 2008. -470 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет