18 науырыз. Станбол: Малтөбе. Кешегі «Күнделіктегі» ұзақ жазудың табы ма, ортан саусағым шанышқылап оятты. Арбадан бұзылған кәрі ат сияқты осындай бір үйреншікті жыны бар. Шүкірәли мен Рамазан да орнымнан тапжылтпай басты. Дүйсекеңнің ұсынысын айтып ем: «Алаңдамаңыз. Хасаен аға қонағын Түркияның екінші сайын башқаны Көксал Топтан мен екі бірдей министр «тегін» қабылдап жатса, әрине қуанады. Ал Ғалия апай нағашы жұрты үшін мақтанады. Түсіндіреміз», – десті. Менің осыдан жиырма бес жыл бұрын «мәтелге айналдырып алған «тегінімді» бұлар да тегін меңгеріп алған екен. Оның өзі ащы шындықтан туған астарлы сөз еді. Енді, міне, «шайтанқұлақпен» (ұялы телефон) қоса бұл да халықаралық терминге айналды. Әттең, Оразгүл бегім мен Шерубай інім мұны мойындамайды-ау! Мен: «Олармен дәл қазір сөйлесейік» – деп тұрғанда «пәледиелерді» шығындандырмай Хасекеңнің өзі хабарласа қалды. Бұл не деген «тегін» қамқорлық десеңші әрі ел болудан дәмесі бар жиендеріне сенсе де қадағалап қойғаны! Бұл енді қанша қазақпын десе де Хасакеңнің де «немістене бастаған» мінезі болса керек. Адамды бәріне қимайтын, бірақ ұйқының алдында әкесінің де құнын кешіп жіберетін қазақылық мінез емес. Өйткені Мюнхенде қазір сағат таңғы алты. «Баптаушысы келіссе – шаппайтын ат жоқ, шақырушысы келіссе – бармайтын жолаушы жоқ.» – деді. Айтты-ақ! Иә, екі шақырушы да мін жоқ.. Хасекең айтқандай, енді тегін дүниені есебін табу ғана қалды. Бірақ.... бүгін ілесіп кете алмаймыз. Баяндама бар және әдейілеп келген конференцияның қорытындысын естімей кету – әдепсіздік. Шүкірәли мен Рамазанға: «Сендер де жұмыссыз қалмаңдар. Бір араба жалдап, бірге барайық.», – деп ұсыныс айттым. «Ләппай» – деуін деді, бірақ Шүкірәли: «Онда мен сізді шығарып сала алмай қаламын-ау. Жиырма жеті – жиырма тоғызында сайлау. Мен қалалық веледиеге (мәслихатқа) уәкілдікке «Ақ партияның» атынан сайлауға түсіп жатыр ем. Бұл Түркиядағы үкіметтің тамыры. Қаражатты бөлетін, саясатты анықтайтын, үкіметтің мәселесін шешетін жер. Хасекеңнің бұйрығымен ғана сіздің жаныңызда жүрмін.Ол кісінің әмірін орындамасақ болмайды ғой», – деді. «Бәсе, менің нағып беделім асып кетті десем. Біз Салихлыға барған соң сен сонда қал. Түркияны дәл осындай тулақтай қағыстырып шығудың енді сәті түспес. Ал жүрістің кіріс-шығысын Дүйсекең тапсырған Асқармен өздерің ақылдасыңдар. Келіссе – ертең ертемен жайлы бір араба дайындаңдар. Сен қайтарда сол Салихлыда қал. Мен де Хасекеңе айтып, сені босаттыра аламын», – дедім. Табан астында шайтанқұлақпен сөйлесіп, ол тапсырманы да тындырымды аяқтады. Сөйтіп, Анкараны ғана емес, бүкіл Түркияның жетпіс пайызын арабамен аралап шығатын болдық. Қаншама тарихи жер көретінімді ойлағанның өзіне аңсарымның сусыны қанып қалды.
Сонымен, конференцияның екінші күні басталды. Ұзынды-қысқалы, нұсқалы-нұсқасыз, түсінікті-түсініксіз, таныс-бейтаныс баяндамалардың мазмұны – мағлұмат жию сияқты көрінді. Әйтеуір маған беймағлұм тұжырым ұсына алмады. Мен соншама тереңдеп, аңғарланып кеткемін бе, әлде осындай «тегін жүрістерден» жиған-тергенімнің, естіп-білгенімнің, түйсініп-түйгенімнің әсері ме? Алпыс жаста біраз жерді шарладық қой, соның да салдары шығар... Индия, Пакстан, Ауғанстан аймағындағы геосаясат, Ирандағы түркілер тағдыры, Шығыс Түркістан туралы археологиялық және саяси зерттеулер, усул жәдид ағымы, кеңестік дін мен тіл саясаты, Қазақстан, Гүржістан, Украннадағы христиан түркілер, Еуразиядағы Түркия ықпалы, оңтүстік және күнгей қырғыздарының саяси жігі, Орта Азиядағы кушандар өркениеті, Әнуар пашаның Орта Азиядағы азаттық майданы, кеңес тұсындағы Орта Азия тарихына көзқарас, Орта Азиядағы НАТАО ықпалы, Кавказдағы саяси жік, Қарабақ мәселесі ғылыми талқыға салынды.
Иә, көзқарастарды ортаға сап, екшеп, оны жүзеге асыру жолдарын ұсыну зәрулігі сезіледі. Әттең, мұның барлығы өткен шақпен айтылатын талдаулар. Саясаткерлер оған дейін тағы да бір жаңа қақтығыстарды «ұсынып» үлгеретіні анық. Бұл реттен алғанда ғалымдар тарихқа хаттамашылық қана қызмет атқаратыны өкінішті. Дегенмен де білу парыз. Басқаны білмеймін, қазақ саясаткерлерінің қаперіне кіріп шықпайтыны анық. Өйткені біз өзіміз саясат жасамаймыз, біз өзімізге сызып берген саясатты қақпайлап қана отырамыз. Еуразия кеңістігіндегі саясаттың Астанада орындалуы туралы Ирина және Александр Селезневтердің (Россия) жасалмаған баяндамасының мазмұнынан бұл анық аңғарылады. Гүлжанат түсірген қырғыздар туралы фильммен және сыйлық алмасумен (мен университет кітапханасына «Алашорда» мен ұлт-азаттық қозғалысы туралы кітаптарды ұсындым) конференция жабылды.
Суретте: конференцияға қатысқан ғалымдар
Шет елден келген қазақтар мен өзбектер де біраз екен. Бірақ олардың пікірлері маған қондырғы, жай ғана көрсетінді сияқты әсер қалдырды. Олардың ғылымға деген талабы бізден көрі жатық та жадағай көрсетінді сияқты көрінді. Баяндаманы адам емес компьютер жасап тұрғандай. Ал ғылым дегеніміз жеке тұлғаның көзқарасы емес пе? Қайдам, біздің студенттердің, мысалы менің өз шәкірттерімнің магистрлік жұмыстары олардың баяндамаларынан әлдеқайда жанға жақын, маңыздырақ сияқтанды. Мүмкін, соларға ықыласым аумағаннан да шығар. Әттең, ертең солар шет елде пәленбай жыл жүріп, пәленбай халықаралық конференцияда баяндама жасадым деп кеуделеніп келіп, біздің қойторы шәкірттерімізге басына қарайтыны шамыңды келтіреді.
Өзгені қайдам, өз басым мынаны түйдім. Кейде қолда тұрған дүниені қиынсынатынымыз бар. Әйтпесе, баяндаманың мазмұнын компьютерге лайықтап безендіріп апару деген де мәселе ме екен? Ағылшын тіліне ілеспе аударма жасатып апару да мойынсалықты ғана тілейді. Үшінші, ұлтыңның тұлғасын танытарлық тұлғаларға қат екенбіз. Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов әкесі туралы және менің «Ұлттық идея және кеңестік жазалау саясаты» атты баяндамамыз қатар оқылды. Сұрақтар қойылды. Бізді бір қырғыз қызы аударып отырды. Ойыңнан озып, тіліңді қоса суырып алатын ілеспе тәржімашының өзі. Қазақтар ондай деңгейге жете қоймапты. Оған да талант керек-ау.
Үзілісте Комацу мені нұсқап: «Жапон шпионы» – деп ишара жасады. Деректердің түпнұсқасын сұрады. Өзі бұрын бұл тақырыппен айналыспапты. Түрікше біледі, қазақша, қырғызша түсінеді, өзбекше сөйлейді. Ал енді осы төрт тілге жапон акцентін қоссаңыз екеуара сұқбаттың қалай өрбігенін өзіңіз де біле беріңіз. Еріксіз Гүлжанттың көмегіне жүгіндік. Сонда Гүлжанат: «Сізбен Заки Уәлиди Тоғанның қызы Есенбике бегім танысқысы келеді», – деді. Не дейді? Мұндай да күтпеген кездесу болады екен! Жүрегімді алақаныма уыстап тұрып Есенбике бегімнің алақанына салғандай ишара білдіріп: «Мұның ішінде сіздің әкеңіз аңсаған алаш азаттығының демі бар», – дедім. Жылап жіберді де: «Әкемді және башқұрттарды сіз ғана есіңізге алдыңыз», – деді. Бұл қысқа үзілістегі ұзақ әрі толқулы ұшырасу болды. Заки Уәлидидің тергеу ісі және шет елге кете алмай қалған шешесінің тағдыры туралы мағлұмат бердім. Биязы, қуыршақтай ғана сүйкімді адам екен. Көңілі толқып тұрып: «Мен әкемнің екінші ноғай әйелінен туған қызымын. Башқұртстан мен Қазақстан десе көз жасы ыршып кететін. Сіз сөйлегенде сол мінезі есіме түсті. Елде қалған әйелін өлдіге санап жүрген. Алпысыншы жылдың соңында тірі екенін, баласының да бар екенін естігенде өкісіп-өксіп жылады. Біз хабарласып, жағдай сұрасып тұрамыз. Өзім де оқытушымын», – деді. Заки Уәлидидің тергеуі қамтылған «Ұраным – Алаш!..» атты кітабыма: «Алаш азаттығының бір тамшы көз жасы Есенбиек бегімге!» – деп қолтаңба жазып ұсындым. Суретке түстік. Қалайда айналсоқтап шыға алмадым. Қимай қоштасып, көлікке шығарып салдым. Тіршілікте талай тағдырдың иесімен тосын кездестік қой. Бірақ дәл Есенбике бегіммен ұшырасқанымдай алабұртқан емеспін. Әттең кешеден бері білсемші! Мәтқапылық деген осы.
Суретте: Есенбике Ахмед-Закиқы Тоған.
Асқар ағамыз әкесі Құдайберген Жұбановты ұстап берген ғалымның «мойындауын» көрсетті. 1951 жылы өмірбаяндық анкетасына: «халық жауларын анықтауға белсене қатыстым. Солардың қатарында Құдайберген Жұбановтың ұлтшыл теориясын әшкереледім» – деп жазыпты. Ал мұны Асқар ағамызға айтқан мен тазалығына сенбейтін басқа бір жойыт академик екен. Онымен Әлмира жеңешеміздің қою шайына қана отырып таныстым. Ағамыздың өксігі әлі де арылмапты. Толқып отыр. Жүрегі нәзік жан екен. Жұбатқым келсе де жұбата алмадым. Менің де есіме оқымысты Құдайбергеннің алаш көсемдері туралы бір одағайлау пікірі түсті. Енді оны пайдалана алмайтын шығармын.
Малтөбедегі ғылыми пайымдаулар «Күнделіктің» көтеретін жүгі емес. Ертеңгі жолды ойлай отырып «Күнделігімді» қолыма алдым. Таңғы ырыздық – тәңірден. Тағы да «ортан терек» саусағым шанышқылап ұйықтатпас.
19 науырыз. Станбол – Анкара. Таңғы қоштасулардан кейін бөлмеде жалғыз қалдым. Аспан ақ үлпектетіп қоя берді. Кәдімгі жерге түспей еріп кететін үлпек. Соның өзін таледидардан: «Мұндай қар Станболға қыста да түспеп еді», – десіп жатыр. Ал бізде ғой бұл бесіктегі бала ғана қызықтайтын көрініс. Астанадағы алай-дүлейдің ұшығы мұнда енді жетсе керек. Көшедегі көліктер кептелісіп қалыпты. Шүкірәли мен Рамазан да кешікті. Сөйтсем, Стамболда бір көшенің басында бір араба тоқтап қалса, сол көшенің екінші басындағы жүргіншілер де тоқтайды екен. Оның үстіне бір қарақшы дүкен тонап, қашып кетіпті. Оны қуған қуғыншылар да көшеге бөгесін бопты. «Пәледиелер» хабарласпаса да теледидардан көріп тұрмын. Қойшы, олар әйтеуір талтүсте жетті. Осы төр сағаттың ішінде түйгенім: ауа райының аласапыранында тұратын қазақтардың өмір сүруге бейімділігі мен төзімділігі жоғары болғаны ғой. Бұрын: көшпелілер тастан қорған салған, тұрақты әскері бар Византия сияқты отырықшы жұртты қалай жаулап алды – деуші едім. Оның сыры осы табиғат сынына төзіміділік те болды ғой. Жылыжайдағы өмір адамды бойкүйездендіріп жібереді. Олар бір-ақ рет өлімге шыдайды, ал көшпелілер күнде өліп-тіріледі. Қасқыр сияқты жұлып-тартатын соғысқа тақыстығы да сонда жатыр. Осы жолы Түркияның төт құбыласын түгел көріп шығатын түрім бар, соған назар салу керек екен. Екінші түйгенім: мынау алаөкпе ақпарат жүйесі. Таңертеңнен бері қар Станболдың қай бұрышына қалай жауды, қай жерде не ұрланды, қай жерде кептеліс, қай жерде арабалар қақтығысты, қай дүкен тоналды, соның барлығын бөлмеде отырып білесің. Қонақүйдің әр қызметкерінің ауызында да сол жаңалықтар. Футбол туралы айтуға да болмайды, оның жаңалығы секунд сайын хабарланып жатады. Осы жолдарды күнделікке түсіріп қойғанымда «пәледиелер» де келді. Аялдамай жолға шықтық.
Қашанға әдетімше, жанарыма ілінген жер дидарын тарихи оқиғалармен қоса елестетіп, көңіліме суретін түсіріп отырдым. Жер аттары таныс. Нағыз қазақы ескі атаулар. Біздің жолдардағы үйреншікті – Покровка, Михаиловка, Киевка, Софиевка, Ильичевка, Алғабас, Риддердің орынын – Қожаелі, Сақария, Бөле, Шанаққала, Қарамұрын, Қаражұрт, Аңғар, Сағызсу, Жаңақора, Көтсалар, Бұрыншық, Шандырлы, Бірқамау, Зәйтүнтал, Ақшай, Ақсарай, Асантау, Тақыртау алмастырған. Осы көрсеткіштердің өзінен-ақ сол жердің табиғаты мен тарихын аңғарасың. Міне, рухани-тәуелсіздік деген осы.
Жол және жол аттары... Қазақтың аңсарын қаңсытып тұрған бүгінгі шөл осы. Станбол мен Анкараның арасы алты жүз шақырымдай. Ойлы-қырлы, бұғазды-мүйісті, қойнаулы-қолтықты, Басыбиік төбелердің төсін тіліп өткен Тескентаулар (туннельдер) бір деңгейлес көпірлер арқылы жалғасып отырады. Өр, еңісі білінбейді. Бірақ теңізге тұмсықтап келіп, қайта қайқайып, Анкараға қыратты жотамен зулаған майтабан жол жүрісті қысқартып-ақ жібереді екен. Шіркін, біздің далаға керек-ақ, озып кеткен елу елмен бізді теңестірсе, осындай майтабан жолдар теңестіреді. Әйтпесе, осы текіректеп қалғанымыз – қалған. Жүріс түзелмейді. Станболдың етекқақты қора-қопсалары, теңіздегі айлақтар мен кемелердің өзі сізді жүз елу – жүз сексен шақырымға дейін ұзатып салады. Жотаға шыққан соң табиғаттың тылсымына таң қалдық. Теңіз бен таудың аңғарын қуған бір асудан асқанда жапалақтаған қар көз қарықтырады, тескентаудан не бұрылыстан өте қалсаң енді қара нөсер құйып тұрады, ол қолтықтан бұлт ете қалғанда бұлтсыз аспан, шуақты күн, майсалы егін қарсы алады. Келесі қолтықта найзағайлы бұлт ойнақ салып жүр. Сонда жарты сағаттың ішінде жолаушы жылдың төрт мезгілін бірдей басынан өткеріп шығады. Алдағы асуларда да сол көріністер қайталанады. Жалпы, Түркия таулы-қыратты, қойнаулы-қолтықты, қарды уағымен ерітіп ала қоятын ылғалды жер екен. Әр қойнау сол жергілікті табиғатына бейімдеп жеміс-жидек, ағаш, мал өсіреді екен. Қаланың маңында – қарасандар, таулы қыратта – кебенектер қадірлі сияқты. ауыл адамдарының сауын желіні – сүт пен түбіт екен.
Мені таң қалдырғаны – әр ауылдың шағын ауласындағы бес саусақтай салалы, сондай тәртіппен егілген, күтімді көктеректер болды. Жүзім, зығыр, зәйтүн, арпа, бидай, қара бидай, қарамық, борми (жүгері), көкөніс тақталары да көз жауын алады. Бірақ мына көктеректердің күтімі жөн сұрамасқа қоймады. Сөйтсем, нағыз саудайы өнім боп шықты. Түркияның орманы – бұталы ағаш тұқымдары. Ал салдауға жарайтын көктеректерді бойлата өсіріп, сатады екен. Тегін капитал. Қай қазақтың ауылы ағашқа жарып тұр. Абайдың: «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай», – деген сөзі еске түсті. Әй, қайдам, сөз сауып, сөз қазып, сөз егіп, дау шығарып, дау сатып, құн алып, құн берісіп, бармақ тістеумен өтер ме екенбіз? Жоталы жолдарда тарихи жорықтардың ізі қалмапты. Скиф дәуірінен бастап Мұстафа Ататүріктің заманына дейінгі жорықтардың бәрін де шешуші майдан ашылған атақты бір құз қысаңы бар еді. Содан қашан өтер екенбіз деп алаңдап келе жатқамын. Сөйтсем, ол ескі жолдың танабында, тескен таулардың бірінің үстінде қалған екен. Ал мына тауларды атақты бір сараң селжүк әміршісінің атымен (Бөле) атайды екен. Оның қызына біздің Балуан щолақ, Мәди, Тәуке, Рысқұл, Иманжүсіп сияқты тентек жігіт ғашық боп, ақыры әміршіні өлтіріп тынады. Селжүктер: «Әділетсіз әмірді жазалағаның дұрыс. Бірақ ол селжүк әскері. Демек сен селжүк өкіметіне рұқсатсыз қол көтердің», – деп дарға асыпты. Ол туралы таусылмайтын тізбелі төңкерісшіл рухтағы фильмнің бірер үзігін «Малтөбеде» көзім шалып қалғаны бар. Екеуінің де аттарын ұмыттым. Ұлы жорықтардың барлығы оңтүстік шығыс пен оңтүстік батысты басып өтіпті. Әзілсіз жол қысқармайды. Шүкірәли мен Рамазанға қасқырды аштан өлтірген қошқардың әңгімесін айтып беріп қана бел суыттық. Майтабан жолда тұрақ аз екен. Сондықтан да әлгі жерге «Шанаққалған» деп ат қойып кеттім.
Асу-асу белдердің арасын қосқан майтабан жол бір сәтте еңкеие бастады. Алдымыздан, сонау алыстағы құлдидан жамырап қызылды-жасылды шам жарығы көрінді. Сөйтсек біз, аңғардың жотасымен жүріп отырыппыз. Ал Анкара қарлы төбелердің аңғарындағы аңғар-аңғарды қуалап, жолдары қолтық төбелерді орағытып, ал ғимараттары құс боп қалқиып салынған шаһар екен. Түріктер үшін шағын ғана, екі жарым-ақ миллион халқы бар мәдениет пен ғылым орталығы екен. Асуда тұрып қызырап бара жатқан күннің астындағы Ақсақ Темір мен Баязидтің қызыл қырғыны өткен Есенбұға аңғарын іздедім. Түркі елінің батыстағы ықпалын ығыстырған, сол арқылы Ресей империясына Қара теңізді билеткен, Доспанбет пен Шалкиіздер жырлаған Азаудан айырылған, Алтынорданың түбіне жеткен, сөйтіп мұқым түркі тектес жұрттардың бодандығының басы болған сорлы шайқас өткен Есенбұға аңғары... Өксігі басылмайтын, түркі дүниесінің басынан бақыты тайған аңғар. Шіркін, соғыс картасы бойынша аралап шығар ма еді. Бірақ әуежайдың астында қалыпты.
Біз түсетін аймақ «Қызыл ай» деп аталады екен. Орталық саналады. «Станболға қарағанда аудан орталығында жүрген сияқты көрінген Рамазан жолдың шетіндегі елу метр (тура мағынасында) жердегі «Энержия» қонақ үйіне екі сағат айналып жүріп бары жол тапты. Қоянның жымы сияқты бір тұмса көше екен. Кештетіп барсақ та кешкі шайдың үстінен түстік. Өнерпаздар жаңа ғана Ғазвин университетіне көнцерт қойып, енді асқа кіріскен шағы екен. Дүйсекем – Дүйсен Қасейінов көзіме оттай басылды. «Шора батыр» туралы диссертациясынның қорғауына қатысқан Асқар Тұрғанбаевтың тікелей қамқорлығына көштік. Дүйсекең: «Таңертең ерте мавзолейге барасың. Жұмысың содан басталады», – деп қатаң тапсырды. Әуелі Мәдениет министірі Атрул (Аттила) Гюнай, содан кейін Ғылым мнистрі Құсайын Челик, содан кейін Сенат төрағасы Көксал Топтан қабылдайды. Көксалы түсінікті, Көкжалдың баламасы. Ал Топтаны – топшыл, топ серкесі деген екен. «Пәледиелер» де жайлы орналасты. Енді жуынып ап, қолға қалам алдым. Көрші әзірбайжан әншілері кеңестік кезден таныс ырду-дырдумен отыр. Кібірістік (кипрлік) көршім үнсіз. Онымен ертең ретін тауып әңгімелеспекпін.
Анкара қызылды-жасылды нұрлы шаһар екен. Неге екенін білмеймін, көз алдыма Ақсақ Темірдің аяғына бас ұрып тұрған «Иылдырым» – Найзағай – Баязид сұлтан, қарлы-боранды, нөсерлі-шуақты жоталар елестеді. Иә, мұндай әсер ұмытылмайды.
20 науырыз. Анкара. Энержи, Қажеттөбе. Таңғы азаннан ояндым. Мешіт тура менің тереземнің алдында екен. Төменге түстім. Апыр-таопыр, абыр-сабыр. Бірі ұлттық киімдерін, бірі музыка аспаптарын, бірі қобдишаларын көтерген кәдімгі өнер адамдарының қарбаласы. Кімнің қайда баратынын мың қайталап «Түріксойдың» жігіттері жүр. Алаңдаумен ораза аштық. Дәлізде бір жігіт сондай бір өзімсінген күйде амандасты. Апырмай дегенімше: «Бекарыспын-ғой», – деді. Болсаң – боларсың деп мен де бас салдым. Тілдің қышуын басуға жарап жатқан жалаңтөс. Қуанып қалдым. Көпішілік жүрген жер «әтегенайсыз» болмайды. Менің қосшыларым күнілгері хаттамаға кірмегендіктен де «сайын башқандардың» қабылдауына бармайтын болып шықты. Ыңғайсыз. Көнбеске амал қайсы. Олар Салихлыға жүріп кетпек. Мені үш күннен кейін сонда тосып алмақ. Шүкірәли жергілікті сайлауға түсіп жатқандықтан да келістім. Оның үстіне Бекарыс бір адамға ес қататын жігіт емес пе. Түрікшеге де судай екен. Қанша айтқанмен құдайым іштен оқытып тудырған бала ғой. Жалға алған арабаның майақысын Дүйсекеңе айтып реттеттім. Мәдениет министрінің қабылдауына барғанда Дүйсекең қабақ түйіп: «Өзің мұражайшылсың. Сен көрсін деп сонша тырысып тапсырып ем, Мұстафа Ататүріктің мавзолейіне неге келмедің? Оны кез-келген адамға көрсете бермейді. Сөз сөйлейтін жерің де сол еді», – деді. Таңертең мен соған барайын деп ұмтылғанымда, жөн сілтеушілерім: министрдің қабылдауында боласыз, ешқайда кетпеңз – деп орнымна қозғалтпаған. Түсініспестік. Бірақ бүкіл түркі дүниесінің санасын төңкерген көсемге тағзым ету парызым еді. Ішім шым ете қалды. Жігіттердің меселі қайтпасын деп Дүйсекеңді өзім жұбаттым. Әйтпесе... жүзі сондай жарқын жігіттің ашуы да сұстылалу болады екен. «Енді менің көлігіммен бірге жүресің», – деп тапсырды. Ләппай дедім.
Мәдениет министірі Атрул (Атила) Гюнайдың қабылдауы еркін тәртіппен өтті. Министр де жайдары қабылдады. Қанша айтқанмен өз саласы. Қабылдауда туыстас ұлттардың ынтымағының алтын тізгінін ұстап отырған «Түріксойдың» Бас директоры Дүйсекең де – Дүйсен Қасейінов те бауырын жаза көсіліп, түрік тектес халықтардың арасындағы мәдени байланыстың маңызын, «Түріксойды» – түрік дүниесінің ЮНЕСКО-сы деңгейіне көтеруді мақсат етіп отырғанын айта келіп, Қорқыттың қобызын сыйға тартты. Мен де «ақсақал» ретінде ойымды үш пікірге жинақтадым. Бірінші: келешекте ұлт болып қалу-қалмауы алаңдатып отырған қырымшақтар мен гагауыздардың, ноғайлар мен қарайымдардың, құмықтар мен қарашайлардың, адыгей мен малқарлардың мәдениетін дамытудағы бауырлас тәуелсіз мемлекеттердің жауапкершілігі туралы пікір білдірдім. Екінші, көркем әдебиетті аудару мәселесін жоспарлы түрде жолға қою қежет, исі түркі жұртына ортақ серия ұйымдастырса, сөйтіп ортақ талғам, ортақ көзқарас қалыптастырса. Әйтпесе, Нобель сыйлығын алғанымен де, Орхан Памуктің көркем ұстанымы исі түркі жұрттарының мұратына жауап бермейді. Үшінші: түрік ағайындар осындағы қазақтарға ерекше қамқорлық жасапты. Енді солардың өнерінің дамуына да назар салса. Қазір «Ақ партия» мен «Бозқұрттың» атынан бір-екі жігіт сайлауға түсіп жатыр екен», – дедім оларға демеу болар ма деген оймен. Мұнымды сезіп қалған Дүйсекең: «Ойбай, бұларда сайлау алдындағы үгіт-насихат тоқтаған және оған үкімет араласпайды. Ол тақырыпқа жолама», – деді. Бірақ Ғылым министрі Құсайын Челик қабылдағанда да «Ақ партия» мен «Бозқұртты» атамай осы пікірді кіріктіріп жібердім. Сондай-ақ, ғылыми терминдерді ортақтастырудың маңызын да, соны Еуропаға ерте бауыр басқан, «білгісаярдың» (компьютердің) тілін еркін меңгерген түрік ағайындар қолға алса – дедім. Білім саласындағы араласымыз екпін алып отырғанымен, ғылым, оның ішінде техникалық ғылым саласындағы байланыс таныстық қана дәрежесінде.
Парламент төрағасы Көксал Топтанның қабылдауы өте қарапайым және ешқандай қысылып-қымтырылусыз өтті. Оның үстіне Дүйсекең де халықаралық президенттік қабылдаулардың талайын қолынан өткізген ысылған чиновник қой. Ресмилете отырып, түрікше сөйлеп, бауырына идіріп тартқанда Көксал Топтанның да жүзі жылып сала берді. Мен де еркінсіп, бірақ әр сөзімді мысқалдай шымшып шығарып: «Мұқым түркі елінің, түркі дүниясының әзиз сайын башқаны! Сізді, Сіз арқылы бүкіл түрік қауымын науырыз байрамымен құттықтаймын. Бауырлас елдердің бауырына ыстық қан жүргізіп, мейрімін оятатын бірден бір қан тамыры – мәдени байланыс. Онсыз қанша бауырласқанымызбен жатбауыр тартып қаламыз. Біз, қазақтар, түрік елін кеңес тұсында азаттықтың байрағы деп қабылдадық. 63 мың қазақ зиялысы алаш идесы мен «Иттиһат уә таракки» ((Азаттық және өркениет) ұйымының мұраттасы ретінде атылып кетті. Қысымнан бас сауғалап, сіздерге кеп ұя басқан азаттық көші өкілдерінің ұрпақтары Станболда, Алтайкойде (Алтай ауылы), Салихлыда Веледиенің депутаттығына түсіп жатыр екен. «Түріксой» арқылы түрік дүниесінің мұрат бірлігі, рух бірлігі, іс бірлігі арта берсін», – деп жоғарыдағы үш тілекке ғылыми конференцияны араластыра тілек қостым. Ысмайыл Гаспаралының сөзін ол кісі де бас изеп қабылдады. Татар жазушысы Марсель де сөйледі. Наурыз дастарханынан дәм таттық. Соңынан Дүйсен үшеуіміз суретке түстік. Қайтып көпшілік отырған автобусқа жайғастым. Менің ресми міндетім аяқталды. Енді еркінмін. Ал бұл кездесудің басты мақсаты – Түркияның екінші адамының «Түріксойдың» өкілдерін қабылдауы арқылы жалпы мемлекеттік саясаттың бағытын танытады екен. Енді кез-келген уәли назар аударады. Теледидарда насихатталады.
Парламент төрағасы Көксал Топтанның қабылдауында.
Түстен кейін Қажеттөбе (байырғы қазақша Хабарасу немес Қаруыл деген мағынаны береді) университетіндегі кездесуге бардық. Ерте келіппіз. Сөйтсек, мұнда кептелістен қауіптеніп, кез-келген кездесуге екі сағат ерте шығады екен. Әншілер мен бишілер әскери мектепке кеткен. Соларды тағы екі сағат күттік. Міне, осы кезде Бекарыс шынымен ес қатты.
Қажеттөбе десе – дегендей екен. Анкара алақаныңда. Аңғар-аңғардың ортасындағы оймауыт пен шағын шоқыларға орналасқан қаланың ұшына көз жетпейді. Ататүріктің мавзолейі, үкімет үйі, телемұнара, әскери қалашықтар, соның ішінде ең ұшына ту тігілген Ескіқала төбесі назарымызды ерекше аударды. Басына бір шығар ма еді... Бір сүйсіне назар аударарлығы, университет ғимаратындағы еркіндік. Өренжілер өзі-өзі емін-еркін сезінеді. Есіктерінде де, ректор орналасқан қабатта да қабағы түксиіп, жекіп сөйлейтін, атысуға дайын тұрған күзетшілер жоқ. Қарағандыдағы бір университеттің реторына кіру үшін үш жерде тексеруден өтеді екенсің. Ол қандай жау өтіндегі «қаһарман ректор» екенін кім білсін. Сонда одан көрі жоғарылау университеттерге қауіпсіздік комитетінің қабылдауына барудан да қиын шығар. Қажеттөбені қарауылдай жүріп Бекарыс екеуміз Түркияның елұранының сөзі мен нотасы жазылған ескерткіш алаңына тап болдық. Түрік тақиясын киген адамның мүсіні қойылыпты. Қасында мешіт пен ескі үй тұр, мұражай екені анық. Сөйтсек, Меһмед Акиф Ерсой Түркияның елұранын, «Истиһлал маршын» – «Азаттық шеруін» осы үйде тұрған кезінде жазып, сенат мәжілісінде түзетіп, сол арада мінбеден оқыпты.. Асқан оқымысты. Софылық ойлау жүйесіндегі ақын екен (кейін «Сафаһат» атты жинағын сатып алдым). Мұражайын көріп шықтық. Әнұранның мәтінің көшірмесі аулаға ілініпті. Түріктердің тағдырына қатысымызды сезіндірген есте қаларлық кездейсоқ оқиға болды. Біздің әнұранға да ескерткіш қойылар кез туар. Бұл – жай ескерткіш емес, азаттыққа, түрік рухына қойылған ескерткіш.
Мені таңдандырғаны, фоэде университеттерде оқитын әр ел мен ұлт студенттері өз елінің көрмелерін қойыпты. Әрине, студентердің өзімен ала келген бұйымдары. Қазақтар Елбасының екі кітабын ғана қойыпты. Жұпыны деуге де келмейді. Оған қарағанда монғолдардың көрмесі қомақты. Этнографиялық бұйым басым. Сөйлесе келсем, әлгі «монғолдардың» бәрі баянөлгейлік қазақтар. Анадайдан түлкі тымақ, бұшпақ бөрік, оқалы шапан киген, қолында домбырасы бар ақсары жігіт көзіме шалына кетті. Жыраулардың жыры, қобыздың күйі, Жанар Айжанның халық әуендері бірінен кейін бірі баурап барады. Шүйіркелесе кеттім... Бір кезде сөз арасында «Оуа» деп қалды. «Үй, сен ноғаймысың? Қобаннан келдің бе, Дағыстаннан келдің бе? Иса Қапайды білесің бе?», – деп бастырмалата жөнелдім. «Ой, аға біз осыдан жүз елу жыл бұрын Түркияға ауып келген ноғаймыз. Осында оқимын. Тіліміз де, дініміз де орынында, домбыраны да, жырауларды да ұмытқамыз жоқ. Әкелеріміз ноғайлының жырын жатқа айтады. Қазақтардың халық әнін «ноғайлының әні» деп сүйіп тыңдаймыз», – деп домбыраны қағып-қағып жіберді. Фоэнің іші қазақ әнімен жаңғырықты. Ноғайлардың санын толтырып мен отырдым. Ресейдің ұлы саясатынан сескенген ноғайлардан өнерпаздардың келмегеніне өкініп жүрген Дүйсекеңнің назарын аударғым келіп еді, ол кісі ресми қабылдаудан юосай алмады. Әлгі ұлдың тектілігіне, ноғайларға қатты ризалықпен концерт залына кірдім. Кірмеске болмайды. Шіркін, мына ноғай азаматын қолдап жіберсе... Концерт ерекше өтті. Бұл күнгі татарлардың биі ес тандырды. Қырымшақтардың биі қысқарып кетіпті. Қазақтар мен қырғыздар да қошаметке бөленді. «Бақшасарайдағы» гарем биін қайталап көре алмадым. Ноғай азаматын да Дүйсекеңе таныстыра алмадым. Бекарыстан көз жазып қап, адасыңқырап барып үйіріме қосылдым.
Енді артистерге ере бермей, тізгінімізді түзеп, қаламен таныспасам болмас.
Достарыңызбен бөлісу: |