Исенов Өтеген Ихсанұлы
Қазақ қоғамындағы тархандар
институты тарихы
(ХVІІІ-ХІХ ғғ.)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Орал, 2009
Жұмыс Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының
докторы,профессор З.А.Алдамжар
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Ә.Қ.Мұқтар
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Х.Б.Табылдиев
тарих ғылымдарының кандидаты
Ұ.Ш.Исмагулов
Жетекші ұйым: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан тарихы кафедрасы
Диссертация 2009 жылы 30 маусым сағат 14.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасынан танысуға болады.
Автореферат 2009 жылы 29 мамырда таратылды.
Диссертациялық Кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы Б.Г.Шинтимирова
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ халқының азаттыққа қол жеткізіп, егемен ел болуы өміріміздің барлық саласын саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани дамуына жаңа серпінмен әсер етті. «Өткенсіз ертең жоқ» дейді дана халқымыз. Осы қағиданы ескерген Қазақстан Республикасының Үкіметі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен бірнеше кезеңнен тұратын «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама өткен жолымызды жаңаша зерделеуге, оның барлық кезеңдерін тануға барша тарихшыларды, философтарды, тілші, әдебиетшілерді т.б. ғылым салаларының мамандарын жұмылдыруға бағытталған. Сонымен қатар халқымыздың тарихи деректік, рухани байлығына тікелей қатысы бар құнды жәдігерлердің елімізге оралуына мүмкіндік әкелді.
Қазақ тарихындағы мемлекеттілік, оны басқару жүйелері дала демократиясына негізделгені белгілі. Хандық жүйедегі дала демократиясы билеуші жанындағы билер, батырлар, тархандар сынды әлеуметтік институттардың ел билеу ісіне араласуына жол ашты. Н.Ә.Назарбаевтың: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген» дегені [1] ұлт қайраткерлеріне, олардың ел алдындағы жауапкершілігін сезіндіргені деуімізге болады. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі басқару жүйесіндегі тархандар институты өз бастауын ертеден алғанымен, ХVIIІ ғасырда патшалы Ресейдің қазақ даласына енуімен түбегейлі өзгеріске ұшырады. Міне, осы кезеңде қазақтың белгілі батырларын патша үкіметі саясатына және Жоңғар бағытына тарту мақсатында тархандық атақты беру дамытылды. Әдетте бұл атаққа елдің белгілі азаматтары тартылды. Бүгінге дейін осы мәселелер тарих ғылымында арнайы зерттеу аумағына енген емес.
ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ қоғамындағы тархандар институты тарихы күні бүгінге дейін арнайы зерттеу нысанасына енбей кешеуілдеп қалды. Қазақ тархандары институтын зерделеу - Ресей патшалығының отаршылдық саясатының бет пердесін ашатын тарих. Бұл тарих патшалық Ресей тұсында да, оның отаршылдық саясатын өзге сипатпен жалғастырған «кеңестік қызыл империя» тұсында да кең әрі толық зерттелмеді. Себебі, «ұлы орыс» халқының өткен тарихының отаршылдық сипаты мен қазақ тархандарының отаншылдық, елжандылық қасиеттерін көрсететін тарихын зерттеу мүмкін болмады. Қазақ тархандар тарихын зерттеу кеште болса қолға алынуы тәуелсіз қазақ тарихын жазудағы тәуелсіз мемлекет жағдайында, тәуелсіз ел тұрғысында ғана мүмкін болып отыр. Оны қазіргі жағдайда жаңаша зерделеу, отарлау саясатының қыр-сырын ашу егемен еліміздің ертеңі үшін қажет-ақ. Отарлау саясатының салдарынан қайта жаңғырған түркілік тархандық лауазымға ие болған тарихи тұлғалар өз халқына адал бола білді. Олар қазақ жұртының бойынан азаттық рухына деген сенімін сөндірмеді. Осы аталған мәселелер зерттеу жұмысымыздың өзектілігін айқындайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ қоғамын басқарудың дәстүрлі институттарының тарихы қай кезеңде де зерттеушілердің назарын өзіне аударған. Дегенмен, олар тиянақты зерттелді, бар материалдар жинақталды деу қиын. Тархандар институтына қатысты деректер қазақ даласының тарихына көңіл аударған алғашқы зерттеушілердің назарына түскен. Бұған П.И.Рычков, И.И.Неплюев, И.П.Рычков, И.Г.Андреев, Е.К.Мейендорф, А.И.Левшин, В.В.Вельяминов-Зернов, И.Ф.Бларамберг еңбектері куә [2].
1771 жылы Жоңғарияға қарай қашқан Еділ қалмақтарын қуған арнайы жасақталған әскери қосынының офицері П.И.Рычковтың күнделігінде алғашқы қазақ тархандары Арғын Жәнібек пен Тама Есет туралы, олардың қазақ-орыс қатынастарындағы елшілік қызметтері туралы мәліметтер келтірілсе [3,с.39;73;88], И.Г.Андреевтің еңбегінде патша үкіметінің бекініс маңындағы халықтарды өз саясаттарын қолдауға тарту үшін жылына 1000 рубль қаржы бөлгендігі, соның ішінде Құлсары тархан мен Құлеке батырларға 100 рубльден ақшалай сыйақы беріп тұрғандығы туралы деректер бар [4,с.112].
Зерттеуші Е.К.Мейендорфтың Орынбордан Бұхарға барған сапарында жинаған материалдарының жазбасы Кіші жүз өңіріндегі қазақ тархандары Жүсіп Сырымұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Жәнібек тарханның немересі Мұса Дәуітбайұлы т.б. тархандар қызметі туралы біраз деректер қалдыруымен құнды. Әскери санақшы И.Ф.Бларамберг Тіленшіұлы Жоламан тархан туралы деректер қалдырған [5, с.96].
Қазақ тарихын зерттеген орыс зерттеушілерінің арасында В.В.Вельяминов-Зернов тархандық институт мәселелерін арнайы зерттеуімен ерекшеленеді. Ол XVIII ғасырдағы башқұрт қоғамындағы тархандық институт тарихына қатысты зерттеу жүргізді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында патша үкіметі шенеуніктері мен әскерилеріне арнайы тапсырмамен отарланушы аймақ тарихын жаздыра бастады. Ондай еңбектер қатарына Л.Мейер, И.И.Крафт, В.Н.Витевский, А.И.Добросмыслов зерттеулерін қосуға болады [6].
XVIII-ХІХ ғасырдағы дәстүрлі институттар тарихын тануда Ш.Ш.Уәлиханов, С.Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев еңбектерінің орны ерекше. Ш.Уәлиханов Арғын Малайсарының ХVІІІ ғасырда Жоңғар билеушілерінің тарапынан тархандық алғандығын және оның берілуінің себебін тұтқындағы Абылай сұлтанды босату мақсатындағы елшілік келіссөздердің нәтижесімен байланыстырады [7].
Тақырыпқа қатысты жаңа зерттеулер легі кеңестік биліктің орнауы кезеңінде дүниеге келді. Бастапқы кезеңде жазылған Х.Досмұхамедұлы, Г.Галузо, Т.Шонанұлы, К.Кемеңгерұлы еңбектері біраз мәселені жаңартты. Х.Досмұхамедұлы еңбегінде Тама Есет тарханның арғы аталарына байланысты деректер сараланса, К.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы еңбектерінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отаршылдық саясатындағы қазақ жеріне қатысты мәселесі тыңғылықты талданады және қазақ тархандарына патша үкіметінің жер мен жайылым, тоғайларды пайдаланғаны үшін алым-салық төлемейтін құқықтық пәрменділік берулеріндегі саяси ұстанымдарын талдауға қажетті мәліметтермен құнды [8].
Кеңестік үкімет билігі орныққаннан кейінгі 1920-1940 жылдар аралығында қазақ тарихына XVIII ғасыр мен ХІХ ғасырдың 60 жылдарына дейін өмір сүрген қазақ тархандарының саяси-қоғамдық қызметтері туралы жаңа деректер айналысқа түсе бастады. Бұл бағытта А.Ф.Рязанов, А.П.Чулошников, М.Тынышбаев, С.Асфендияров еңбектерін атап өтеміз [9]. А.Ф.Рязанов еңбегінде тархан Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысын зерттеуде тарихи тұлғалар қызметіне қатысты мәліметтерді мұрағат деректерімен толықтырды. Дегенмен, автор А.И.Добросмыслов, А.И.Левшин пікірлерін қайталап, Сырым тарханды қазақтың дәстүрлі хандық басқару институтына қарсы хандық билікті жоюдағы реформатор етіп көрсетпекші болды. Ал, А.П.Чулошников қазақ-башқұрт қатынастары тарихын зерттеп, 1755-1756 жылдардағы башқұрттардың ұлт-азаттық қозғалысы кезеңіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын сынға алды. Ол И.И.Неплюевтің башқұрт-қазақтарды араздастыруының құйтырқы айлаларына назар аударып, зерттеуде Тама Есет тархан қазасына қатысты 1757 жылғы бұйрық туралы деректі алға тартады. С.Асфендияров қазақ-башқұрт сынды бауырлас халықтардың патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтерілу себептерінің ахуалын ашып көрсетті. Сонымен қатар оның башқұрт тархандарының қазақ жеріндегі Есет тархандар бастаған Жетірудың батырларымен біріккен жасақтар құрған келісімдері туралы тарихи деректері біз үшін ерекше маңызды.
Кеңестік кезеңде Е.Б.Бекмаханов, М.П.Вяткин зерттеулері де жарық көрді Е.Бекмаханов Тіленшіұлы Жоламан тархан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс туралы бастап қалам тартқанымен, кейіннен ол туралы зерттеулер көп уақыт бойы іркіліп қалды. Еңбекте қазақ қоғамындағы сұлтандар институты жүйесінің түпкілікті өзгеріске ұшырағандығының себеп-салдары көрсетілді. Е.Б.Бекмаханов патша үкіметінің қазақ билік жүйесін жою барысындағы саясатын, ішкі қарым-қатынасты шиеленістірудің айла-амалдарын дәл анықтады. Ал, М.Вяткин ХVІІІ ғасырдағы Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуына айрықша мән берді. Соның ішінде ол Сырым тархан бастаған ұлт-азаттық қозғалысты мұрағат деректері негізінде зерттеп, азаттық үшін күрескен батырдың тарихын жаңа белеске көтерді [10].
ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, қазақ қоғамының қоғамдық-саяси құрылымы, әлеуметтік жүйесі, шаруашылық жайы Н.Г.Аполлова, С.Е.Толыбеков, С.З.Зиманов, В.Я.Басин, Т.Ж.Шойынбаев, А.Н.Нүсіпбеков, Г.И.Семнюк, Н.Е.Бекмаханова, А.Сабырханов, Р.Б.Сүлейменов, В.А.Моисеев еңбектерінде көрініс тапты [11]. Н.Г.Аполлова XVIII ғасырдағы қазақ тархандары Шақшақ Жәнібек пен Тама Есеттің қоғамдық ортадағы беделдері ханнан кем болған жоқ деген баға бере отырып, олардың қазақ-орыс қатынастарына байланысты қоғамдық-саяси қызметтерінен мол мәліметтер береді. Мәселен, В.Я.Басин зерттеуінде «протектор», «бодан» тарихи терминдеріне Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты мысалында талдау жасап, Ресейге қосылған жылдардан бастап «бодан» болды деген саяси ұстанымның қате пікір екендігін дәлелдесе, С.З.Зиманов қазақ қоғамындағы әлеуметтік жүйені зерделеп, өз пікірлерін ашық білдірді. Н.Е.Бекмаханова 1773-1775 жылдардағы Е.Пугачев бастаған орыс шаруаларының соғысына қатысқан Дәуітбай тархан бастаған қазақ жасақтарының соғыс қимылдары және Атығай Құлсары тархан жөнінде деректік мәліметтер келтіреді. Ал Р.Б.Сүлейменов, В.А.Моисеев зерттеулері Арғын Малайсарының жоңғарлар тарапынан тархандық алғанын сұлтан Абылайдың тұтқында болған кезіндегі қалмақ бағытындағы елшілік қатынастар нәтижесінде берілгенін қуаттайды.
Қазақ тархандарының ата-бабаларына қатысты шежірелік деректер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Е.Толыбеков, Х.Маданов, Х.Б.Табылдиев, А.Қалмұратов т.б. шежірелік еңбектерінде бар [12]. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шежірелік нұсқасында Арғын руының аталық шежірелерін тарата келе Жәнібек тарханға қатысты деректерді келтіреді. С.Е.Толыбеков, Х.Маданов шежірелерінде Жәнібек және Есет тархандардың ата тегіне, олардан тараған ұрпақтарына қатысты қызықты тарихи шежірелік деректер кездеседі. Дегенмен, шежірелік деректерді мұқият пайдаланған жөн. Мәселен, Х.Б.Табылдиев, А.Қалмұратов шежіресінде «...1743 жылы 28 мамырда патша әмірімен Есет батырға, оның үрім-бұтағына мұра болып қалатын тархан атағын берді», – деген [12,106-107бб]. Біздің зерттеуіміз бойынша, Көкіұлы Есет ұрпағына мұраға қалатын тархандық берілмегені анықталды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған жылдардан бастап жарық көрген тарихи еңбектер зерттеп отырған мәселеге жаңа қырынан келді. Нақ осы кезеңде өткен тарихымыз ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеле бастады. Зерттеп отырған кезеңімізге байланысты К.Л.Есмағамбетов, Ж.Қ.Қасымбаев, С.М.Мәшімбаев, М.Ж.Абдиров, Ж.О.Артықбаев, И.В.Ерофеевалардың ғылыми еңбектері көпшілікке жетті [13].
Аталған тарихшы ғалымдар еңбектері тарихи тұлғаларға қатысты маңызды мұрағаттық мол деректермен қатар, XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ қоғамындағы тархандар институты тарихына қатысты мәліметтерді жинақтап, қорытынды ой-пікірлер түйіндеумен ерекшеленді. Бұл арада К.Есмағамбетовтың қазақ тархандарына қатысты шетелдіктердің көзқарастарын, Ж.Қасымбаевтың тархандар мен қазақ хандары, сұлтандары арасындағы байланыстарды талдауы маңызды.
Соңғы жылдары зерттеу тақырыбымызға қатысты біраз мәселелер Т.З.Рысбеков, Б.Қ.Бірімжаров еңбектерінде көтерілді [14]. Мәселен, Т.З.Рысбеков еңбегінде тақырыбымызға қатысты Жоламан Тіленшіұлы тарханның ұлт-азаттық күрестегі ролі мен оның орыс отаршылдығына қарсы күрескен Исатай, Махамбет, Есет батырлармен, Кенесары, Қайыпқали сұлтандармен байланыста болғандығы дәлелденді. Бұл бағытта Ә.Қ.Мұқтардың зерттеулерін басшылыққа алуға болады. Зерттеуші Арғын Жәнібек, Тама Есет, Сырым Датұлы, Сырымұлы Жүсіп, Сырымұлы Қазы, Тіленшіұлы Жоламан т.б. тархандардың қоғамдық-саяси қызметтері туралы бірсыпыра отандық, ресейлік мұрағат қорларындағы тың деректерді ғылыми айналысқа қосты [15].
Соңғы жылдары қорғалған кандидаттық диссертацияларда қазақ тархандарының өмірі мен қызметіне байланысты біраз деректер қамтылды. Солардың ішінде Ғ.Е.Қарабалин ХІХ ғасырдағы Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына, хан тарапынан салықтан босатылған әлеуметтік топтардың құрамына, Бөкейлік тархандар тарихына назар аударса [16], Ұ.Т.Ахметова Жүсіп Сырымұлы мен Арынғазы хан байланысына, тарханның қоғамдық қызметіне [17], А.Қ.Ахмет Қаратай сұлтан мен Жоламан тархан арасындағы күрделі қатынастарына талдау жасайды [18]. Тың зерттеулер қатарына С.Б.Құрманалин, Ж.А.Исмурзиннің еңбектерін де қосуға болады. С.Б.Құрманалин Батыс өңірді 1848-1858 жылдары дүбірлеткен Есет Көтібарұлы тарихы арқылы ұлт-азаттық қозғалыстағы тұлғалар ролін сараласа [19], Ж.А.Исмурзин диссертациясы XVIII-XIX ғасырларда қазақ тарихында ерекше ізін қалдырған Қайып хан ұрпақтары тарихына арналды. Оның жұмысында тархандар туралы көптеген мәліметтер кездеседі. Мәселен, Жәнібекұлы Дәуітбай тарханның қырғыздарға қарсы күрескен Абылай сұлтанға көмек беру арқылы ел ішіндегі бірлікті дәлелдегені [20].
Тәуелсіздікке қол жеткізуімізбен тарихшылар қазақтардың дәстүрлі басқару институттарына да айтарлықтай көңіл бөле бастады. Мәселен, билер, батырлар, старшындар институттары туралы материалдар ғылыми басылымдарда жиі кездеседі. Билер институты тарихынан А.Оразбаеваның еңбегі қорғалды.
А.Оразбаева кандидаттық диссертациясында алғашқы қазақ тархандары туралы: «...Ал, ХVІІІ ғасырда қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымында біршама уақыт маңызды орын алған тархандық институт, орыс өкіметі тарапынан танылған, дәстүрлі әлеуметтік иерархияға жат жасанды құбылыс болатын. Айта кетуге тиіспіз, тархандық лауазымына тұңғыш рет 1742 жылы Жәнібек батыр ие болғаны белгілі, ал 1743 жылы осындай атақ Есет батыр Көтібарұлына, 1745 жылы Жәнібек тарханның ұлы Дәуітбайға да берілді» – деген қорытындыға келген [21, 84 б.]. Дегенмен, автордың біріншіден, Есет Көкіұлы мен Есет Көтібарұлын шатастырғанын, екіншіден, тархандар тізімін жасауда қателіктер жібергендігін атап өтуге тиіспіз.
Ал батырлар институты, оның қазақ қоғамындағы роліне тоқталған Н.А.Абдоллаев, Г.Қайырғалиева т.б. мақалалары мәселенің сан-қырлы тұстарын көрсете білуімен айқындалады [22]. Аталған еңбектердің барлығы біздің зерттеу тақырыбымызды жаңаша саралауға, ой-елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Қорыта келгенде, тақырыпқа тарихнамалық талдау қазақ қоғамындағы тархандар институты тарихының күні бүгінге дейін арнайы зерттелмеген тың тақырып екендігін айғақтайды. Қазақ тархандарының ғұмырнамалары мен олардың қоғамдық-саяси қызметтері арнайы зерттеу нысанына айналмағандығын дәлелдейді. Мұның өзі тақырыптың өзекті, сұранысқа ие зерттеу болатындығын көрсетіп отыр.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың басты мақсаты қазақ қоғамындағы тархандар институтының қалыптасу, даму тарихын ішкі байланыста зерттеу және сол арқылы қазақ тархандарының қоғамдық-саяси қызметтерін бағалау. Зерттеу жұмысы барысында төмендегідей міндеттер қойылды:
- қазақ қоғамындағы тархандар институтының даму кезеңдерін саралау, оны жаңа деректермен толықтыру;
- көне заманнан өз бастауын алатын тархандық институттың XVIII ғасырда өзгеріске ұшырау себептерін, оған Ресей ықпалын анықтау;
- тархандық институттың түркі тілдес халықтар арасында алатын орнын өзара салыстыра отырып, ішкі ұқсастықтарын, ерекшеліктерін айқындау;
- қазақ қоғамына XVIII ғасырда тархандық атақты енгізудегі патша үкіметінің көздеген саяси мақсаттарын саралау;
- Ресей патшасы мен Жоңғар билеушілерінің тархандық институтты дамытудағы саясаттарын зерделеу арқылы, олардың ондағы басты мақсаты Қазақтанды отарлау екендігін, тархандық атақты беру арқылы тұлғаларды өз шенеунігіне айналдыру екендігін сезіндіру;
- қазақ тархандарының қоғамдық-саяси қызметтерін, олардың ұлт-азаттық қозғалыстардағы жетекшілік рольдерін дәлелдеу;
- тәуелсіздік алғанға дейінгі бұрмаланып жазылған тарихымыздағы тарихи тұлғалар, олардың қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты көлеңкелі тұстарын зерттеп, кеңестік үстемдік саясаттың тигізген олқы тұстарын толықтыру.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Қазақ қоғамындағы тархандар институтының Ресей тарапынан қайта жаңғыртуынан бастап, 1869 жылы тархандар институтының жойылуына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аралық қазақ тарихындағы күрделі кезең екендігі белгілі. Жан-жақты қыспақта қалған қазақ елі, оның көршілерімен қарым-қатынасы, ұлт-азаттық қозғалыстар, хандық биліктің жойылуы т.т. бәрі осы кезеңде.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен әдістері. Зерттеу жұмысымыздың методологиялық негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттік, салыстырмалық, талдау, жинақтау, қорыту, жүйелілік әдістері құрады. Сондай-ақ, тарихи ұстанымдар мен тұжырымдамалық ережелер, танымдық теория негіздері басшылыққа алынды. Қазақ халқының ауызша тарихнамасы (историология) – шежіре мәліметтері, аңыз-әңгімелер, тарихи жырлар сыни тұрғыдан талданып, өзара салыстырылды. Зерттеу барысында плюралистік көзқарас методологиялық негіз ретінде басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Біріншіден, тархандық институттарының қалыптасу, даму тарихын саралау арқылы оның көне заманнан бастау алатындығы, олардың ел ішінде өзіндік орны болғандығы, сонымен қатар, тархандықтың құқығы мен міндеттері анықталды.
Екіншіден, Ресейдің Қазақстанды отарлау барысында тархандық институтты өз пайдасына бейімдеп, соның жолындағы саясаттары, башқұрттарда жүзеге асыру жолдарын пайдалану барысы дәлелденді.
Үшіншіден, XVIII ғасырдағы алғашқы қазақ тархандары – Жәнібек Қошқарұлы мен Есет Көкіұлының т.б. Ресеймен, Жоңғармен, Хиуамен т.б. көршілес халықтармен байланыстары тарихи жаңа тың деректермен толықтырылды.
Төртіншіден, қазақ мемлекеттігін сақтаудағы тархандар ролі нақтыланып, Ресей, Жоңғарияға т.б. қарсы күрестегі тұлғалық қадір-қасиеттері сараланды.
Бесіншіден, қазақ тархандарының халқымен бірлігі жүзеге асқандығы, олардың елі үшін атқа қонғандары Сырым, Жоламан тархандар тарихы арқылы дәлелденді.
Алтыншыдан, қазақтың дәстүрлі басқару институттары жүйесіндегі тархандар институтының ерекшеліктері, артықшылықтары талданып, сұлтандар, батырлар, билер институттарымен салыстырылды.
Жетіншіден, аталы-балалы тархандар әулетінің ұзын саны мен есімдерін анықтадық. Олар төртеу: 1. Арғын Жәнібек Қошқарұлы, оның баласы – Дәуітбай Жәнібекұлы, немересі – Мұса Дәуітбайұлы. 2. Байбақты Сырым Датұлы, оның балалары: Жүсіп Сырымұлы және Қазы Сырымұлы. 3. Табын Тіленші Бөкенбайұлы, оның баласы – Бостыбай Тіленшіұлы және Жоламан Тіленшіұлы. 4. Алаша Сыпыра Қарабатырұлы оның баласы – Кунгуз (Көккөз,-Ө.И.) Сыпыраұлы – немересі Сүлеймен Көккөзұлы. 5. Тама Есенбай Қожабекұлы, оның балалары: Хайрулла Есенбайұлы, Абдрахман Есенбайұлы, Мұхамедғали Есенбайұлы.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
- орта ғасырдағы тархандар институты мен XVIII ғасырдағы қазақ қоғамындағы Ресей патша үкіметі заңдастырған тархандық атақ пен тархандық институттың өзіндік ерекшеліктері мен құқықтық пәрменділік жеңілдіктерінде елеулі айырмашылықтары болды.
- XVIII ғасырда қазақтарда тархандық атақты, тархандық грамотаны патша үкіметі берсе, XIX ғасырда Бөкей Ордасында тархандық атақты Ішкі орда ханы беретін құқыққа да ие болды.
- қазақ қоғамындағы тархандар XVIII ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап 1869 жылғы Басқарушы Сенат жарлығымен тархандық атақ жойылғанға дейінгі аралықта қазақ халқының ұлттық, мемлекеттік мүддесін қорғау жолындағы ұлт-азаттық үшін күрескер елжанды тарихи тұлғалар қатарын құрады.
- қазақ тархандарының өмірі мен қызметтеріне қатысты тарихи деректер мен құжаттарды саралай отырып, сол кездегі қазақ елінің территориялық тұтастығы мен мемлекеттігін сақтап қалу жолында, отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресті, бір күнде тоқтатпай жүргізген жанкешті қайраткерліктері анықталды.
- XVIII ғасырда қазақ қоғамында тархандар институтын енгізудегі патша үкіметінің империялық отаршылдық саяси ұстанымдары мен көздеген мақсат- мұраттары тарихи деректер негізінде ашып көрсетілді.
- тархандық атақ алған аталы-балалы тархандардың саны мен олардың аты-жөні мұрағат құжаттары мен тарихи деректер негізінде анықталып дәлелденді.
- қазақ тархандарының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтері, ұлт-азаттық қозғалыстағы тарихи еңбектері кейінгі буын жас ұрпақтың бойында патриоттық отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру мен тарихи санасын оятуда құнды тарихи мұра болып табылады.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу жұмысымыз негізінен мұрағат деректеріне, бүгінге дейін мұрағаттық деректерді пайдаланып жарияланған жинақтарға, мерзімді баспасөз беттеріне сүйене отырып жазылды. Алдымен мұрағат деректеріне тоқталсақ:
1. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ) – №4 Орынбор қырғыздарының облыстық басқармасы қорында Сырым тархан, Жоламан тархан, Жүсіп тархан т.б. қоғамдық-саяси қызметтеріне байланысты көптеген құжаттар бар.
2. Ресей Федерациясы Орынбор облыстық Мемлекеттік мұрағаты (РФ ОрОММ) – №1 Орынбор экспедициясының, №2 Орынбор губерниясы кеңсесінің, №3 Орынбор губерниясы канцеляриясының, №4 Симбирск және Уфа генерал-губернаторының кеңсесі, №5 Орынбор шекаралық істер экспедициясының, №6 Орынбор генерал-губернатор кеңсесі, №166 Г.Ф.Генс қолжазбаларының қорларында қазақ тархандарының қызметтеріне қатысты «Тархан Жәнібек хаты», «Тархан Есет хаты» (3-қорда), «Қырғыз - қайсақтар туралы 1756-1776 жж. қысқаша мазмұндама» (3-қорда), Қырғыз (қазақ) елшілік қатынастары туралы (3-қорда), «Орынбор қырғыздарын облыстық басқару» генерал-губернаторының кеңсесі (4-қорда), «Арғын руының биі Шеген Мұсаұлының хаты» (6-қорда), «Махамбет Өтемісұлының қазасы туралы» (6-қорда) т.б. көптеген құнды деректер сақталған.
3. Ресей Федерациясы Омбы облыстық Мемлекеттік мұрағаты (РФ ООММ) – «Сібір бас корпусы командирінің әскери жорық кеңсесі» (1-қор), «Сібір генерал губернаторлығы» (2-қор), «Батыс Сібір Бас басқармасы» (3-қор), «Катанаев қоры 213» (366-қор), «Сібір әскери шекаралық басшылық кеңсесі» (439-қор) қорларында қазақ-орыс қарым-қатынасына байланысты деректер мол.
4. Ресей Федерациясы Астрахань облыстық Мемлекеттік мұрағаты (РФ АООММ) – «Астрахан азаматтық губернаторының кеңсесі» (1-қор), «Астрахан генерал-губернаторының кеңсесі» (2-қор) қорында Сырым тарханға байланысты мәліметтер бар.
5. Ресей Федерациясы Башқұрстан Республикасы Ресей Ғылым Академиясының Уфа ғылыми орталығының ғылыми мұрағаты – (РФ БР РҒА УҒО ҒМ) «Башқұрт АКССР тарихының материалдары» 2 бөлім (3-қор) қорында қазақ-башқұрт қатынасына қатысты деректер баршылық.
Сонымен бірге жұмысты жазу барысында қазақ қоғамының XVIII ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың үшінші ширегі аралығындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне қатысты төмендегідей материалдар жинақтары пайдаланылды:
- 1940 жылғы «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.)» жинағында басылған және жанында кейбір араб тіліндегі мәтіннің түп нұсқалары қоса берілген 151 құжаттың 33-і Сырым Датұлы, Тіленші Бөкенбайұлы т.б. тархандардың қоғамдық-саяси қызметтеріне тікелей қатысты. 1822-1825 жылдар аралығында Жоламан Тіленшіұлы мен Жүсіп Сырымұлы бастаған тархандардың қоғамдық-саяси және ұлт азаттығы жолындағы күрестерінен хабар беретін 28 құжат бар [23].
- 1961 жылы баспадан шыққан «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках» жинағында қазақ тархандары Шақшақ Жәнібек пен Тама Есеттің қоғамдық саяси қызметтеріне қатысты деректер мол [24].
- 1964 жылы жарық көрген «Казахско-русские отношения в XVIII-ХІХ веках» жинағында қазақ-орыс қатынастарының саяси тарихына қатысты 1771-1867 жылдар аралығын қамтитын Мәскеу, Санкт-Петербор, Омбы, Алматы қалаларындағы мұрағат қорларынан алынған 353 құжат материалдарында қазақ тархандарына берілген тархандық грамоталарының мазмұнының көшірмелері мен тархандар қызметіне қатысты деректер берілген [25].
- 1998 жылы Қытай деректері негізінде жарияланған «100 құжат» жинағында қазақ тархандарының Қытаймен байланыстарын анықтайтын деректер кездеседі [26].
- 1996 жылы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа, 2002-2003 жылдары Бөкей Ордасы тарихына және Исатай-Махамбет бастаған азаттық күреске арналып жарық көрген жинақтарда да тархандар ұрпақтарына қатысты деректер баршылық [27].
- Соңғы кездегі Қазақстан Республикасы үкіметінің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007 жылы жарияланған «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» жинағында қазақ қоғамын басқару институттары туралы деректер көптігімен көзге түседі [28].
Зерттеу барысында «Дала уалаяты», «Қазақ», «Айқап», «Русский вестник» тағы да басқа басылымдар дерек көзі ретінде пайдаланылды.
Достарыңызбен бөлісу: |