Тасаууф ілімі
Сопылық ілімнің негізгі қағидаларының бірі зікір салу болып табылады. Тасаууф ілімінде Зікір – Алла тағаланы еске алу. Зікірдің жария және құпия түрі, “ара зікірі” атымен белгілі түрі бар. Қазақ даласына ислам дінінің енуінде сопылықтың үлкен әсері бар екені белгілі. Осылайша бар ғұмырын дінге арнаған тақуа жандардың себеп болуымен ислам діні қазақ халқының күнделікті өмір салтында берік орын алды. Оның дәлелі ретінде Қ.А. Иасауи жырларынан бастау алатын абыздар мен жыраулар поэзиясы және Қорқыттан бергі ән-күйімізде сопылықтың сарыны бар екенін айтуға болады. Ислам дінінің қазақ даласында орнығуына үлкен ықпалы болған сопылық жол – тасаууф ілімі қазақтың дәстүрлі қоғамының рухани құндылықтары қалыптасып, мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор ықпалы болды.
Сопылықтың қалыптасу кезеңдері
Сопылық ойлаудың негізгі кезеңдері бар. Олар дегдарлық (зухд) тасауф
(суфи) және тариқат кезеңі деп шартты түрде бөлінеді. Кезеңдер сопылықтың тарих ішінде дамып, өзгерістерге ұшырауының ерекшелігіне қарай жіктелген. Ислам философия тарихында Абу Зар әл-Гифари сияқты сахабалардан бастап Хасан ал-Басриге (728 ж.ш.ө.) дейінгі аралықты суфизмнің алғашқы зухд, тақуалар дәуірі деп атайды. Бұл дәуірле сопылық мақсаты жағынан философиялық, метафизикалық мәселелерге қарағанда парасатты іс пен көркем ахлақты адам болуға бағытталған практикалық мәндігі қозғалыс болатын. Сопылар әуелгіде, яғни табиғин кезеңінде өздерін заһидтер, яғни зуһд жолын ұстанушылар деп атаған. Ал, сопылық ілімнің бастапқы әрі негізгі ұғымдарының бірі зуһд - Аллаһ Тағаладан басқа барлық нәрседен (ма сиуа Аллаһ) бас тарту болып табылады. Сонымен бірге зуһд дүниені түгелдей керексіз қылып, тәрк ету емес, ол Хақ Тағаланың үйі - жүректі таза ұстау, Аллаһ ризалығын басты нысана етіп алып, сол үшін өмір сүру. Басқаша айтқанда, тасаууф ілімі - дүниені қолдан шығарып, тәрк ету емес, жүрекке дүние сүйіспеншілігін орнықтырмау. Себебі, тасаууф ілімінде жүрек - иманның тұрағы, ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншіліктің мекені. Өйткені, адамның өзегі, дәні, дененің патшасы болып табылатын жүрек немесе көкірек көзі иманмен оянып, мағрифатпен қанаттанып, махаббатпен шабыттанып, шекара таныма л заттың ішкі мәніне бойлай алады, тылсымды түсініп, ғайыпқа құлаш ұрады. Сонымен қатар Аллаһ Тағаланың берген сыйы мен нығыметіне шүкірлік ету, қысылып тарына н шақта азға қанағат қылып, сабырлы болу. Мақам, мансап, атақ, дәрежеге көңіл аудармай, одан аулақ болу да зуһд болып табылады. Құран ілімі, хадис ілімі және фикһ ілімі сияқты Ислам дінінің негіздері жинақталып, жүйеленіп жатқанда, Ислам-ның ішкі, рухани мазмұнына тереңірек үңілген тақуалар да Құран мен хадиске және Пайғамбар сүннетіне сүйене отырып, тасаууф ілімнің негізін қадаған еді. Иман тақырыбына терең бойлай, амалдың тұңғиығына сүңғіген алғашқы сопылар жаратылыстың таңғажайып сырлары мен Құранның ішкі мәнін және адамның болмысын ұғынуға талпыныс жасады. Осылайша, жүрек пен көңілге негізделген Исламның рухани өмірі кемелдене түсті. Қасаңдыққа бой
алдырмай, шынайы ықыласпен жасалған бұл талпыныс кезінде сопылар Құран мен тафсирге, хадис пен сүннетке және шариғаттың қағидаларына сүйеніп отырды. Ертедегі сопылардың, әсіресе тақуалардың дағдыларындағы дәстүрлі белгілері: Құран сөздерінің мағынасына ой толғау, онда жазылғандар мен Пайғамбарлық (с.а.у.) жолын күнделікті тіршілікте қатаң сақтау, қосымша намаз оқу, түн күзету, ораза ұстау, бұл дүниеге тән қызықтық бәрінен бас тарту, күнделікті өмірде күнәға батпау, рұқсат етілген және тыйым салынғанның ара жігін айыра білу, ақсүйектер мен әскери басшыларға қызмет жасамау, өздерін Құдайлық билігіне беру, т.б. Кедейлікті әсірелеу, дүниенің өтпелілігімен өкінішті көңіл-күй, бұл дүниедегі үлесіне шүкіршілік жасау, қайғы мен қасіретке шыдам мен сабыр қылу жүйелерін де жатқызуға болады. Алғашқы дәуірдегі сопыларды: хадистерді жинаушылардың тобынан шыққандар, жиһангер жыршылар мен дін уағыздаушылары, Құранды нақыштап оқушылар, әділет шеруіне қатысушылар, діндар қолөнершілер мен саудагерлер құрады. Исламдағы тақуалық-мистик. жүйенің шығуы мен дамуы себептерінің қатарына мұсылман қауымы өмір сүрген алғашқы екі ғасырдағы қоғамдық-саяси жағдайларды жатқызуға болады. Бұл кезде дұниеден баз кешушілік құлқы туды. Рухани әрі идеялық терең ізденістермен көрінген діни өмірдің жаппай күрделенуі басталады. Бұл кезеңдерде сопылық дүниетаным мен ас-суфи дүниеге кең тарай қоймаған. Дегдарлық (зухд) кезеңнің тарихи өкілдері Хасан әл-Басри, Уәйс әл-Карани, Рабиға әл-Адауийа, Малик бин Динар, т.б.
Сопылықтың екінші кезеңі
Өкілдері Мағруф Кархи (815), Бишр Хафи (841), Әбу Сүлеймен Дарани
"(НЗО)гЗуннун Мысри (859), Баязит Бистами (874), Жунайд Бағдади (909), Әбу Саид Харраз (885), Сарп Сақати (870), Хамдун Қассар (884), Хаким Тирмизм (898), Сахл Тустари (886), Әбу Хусайн Нури (907), Әбу Хафс Хаддад, т.б. Бұл кезеңде С. дүниетаным тәжірибелік мәндік деңгейден теориялық-филос. және спекулятивтік доктриналарға көтерілді деуге болады. Сопылықтың бұл деңгейге көтерілуіне Ислам философияның әсері күшті болды. Сопылық философиялық Хасан әл-Басри пікірлері негізінде бірте- бірте дами бастады. Кейінгі дәуірлерде сопылық ағымдар теориялық тұрғыдан Маламатийа және Исбатийа болып екі жікке айрыла бастады. Сопылықтың доктриналық және теориялық негіздеуге деген ұмтылысы IX ғ- дың бас кезінде басталды. Осы кездей бастап тасаууф теориясы қызу өңделуден өтті. Көптеген сопылық мектептер ашылып, олардың айырықша беделділері басрилықтар ғана емес, бағдадтық, хорасандықтар да болды. Сопылық ілім әуелден-ақ дүниенің тетігін адамға тән деп таныды: оларға адамның жан дүниесінің нәзік құбылыстарын талдау жасау, адам әрекеттерінің құпия себептеріне, өз басының қайғысына назар аудару, діни шындыққа іштей барлау жасау сияқты ерекшеліктер тән. Сопылық ілім мұратгары мұсылмандар арасында өте тез қолдау тауып, қарқынды дамыды. Сопылықтың Исламның өзге ағымдарынан бөлек, тек өзіне ғана тән ортақ белгілері мен үрдістері қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |