Гиззатов саялбек махамбетұлы бөкей Ордасындағы аграрлық саясат



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі446.35 Kb.
#18946
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ 332.2.021(574.1)«18» Қолжазба құқығында

ГИЗЗАТОВ САЯЛБЕК МАХАМБЕТҰЛЫ

Бөкей Ордасындағы аграрлық саясат

(ХІХ ғасырдың І жартысы)

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2010

Жұмыс М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасында орындалды


Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.З. Рысбеков

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы, профессор Н.А.Абдоллаев

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент А.Қ.Ахмет


Жетекші ұйым: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

Ұлттық университетінің жаңа

және қазіргі замандағы Қазақстан

тарихы кафедрасы


Диссертация 2010 жылы «30» сәуір күні сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы «31» наурызда таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Ә.С. Тасмағамбетов






КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Ұлттық тарихымызда XIX ғасырдың басында саяси-территориялық құрылым ретінде дүниеге келген Бөкей хандығының маңызы өте зор. Жарты ғасыр өмір сүрген ол сол заманда-ақ көптеген саяхатшылардың, ғалымдардың, саясаткерлердің назарын өзіне аударды. Осындай қызығушылық бүгінгі күні де өшкен жоқ және қайталап, салалап зерттеу қажеттілігін алдымызға тартып отыр. Әсіресе Бөкей хандығындағы аграрлық саясат, оның ерекшеліктері, әлеуметтік өмірге деген әсері терең, әрі жаңаша зерделеуді талап етеді. Қазақстанның өзге бөліктерімен салыстырғанда Бөкей Ордасында жер мәселесі өте шиеленісті болды. Хандық территориясының бір жағынан, отарлаушы Ресей империясы, екінші жағынан, Орда билеушілері бастамасымен реформаланғандығын, әрқайсысының өзіндік ішкі есептері болғандығын және олардың бір-біріне үнемі қайшы келіп отырғандығын ескерсек, тақырыптың өзектілігі ашыла түседі.

Бүгінде ауыл шаруашылық саласын қалпына келтіру, жерге деген теориялық және практикалық көзқарастарды өзгерту ел экономикасын қалыптастыру жолындағы басты міндеттердің біріне айналып отыр. Бұған жер мәселесін зерттейтін тарихшы да өзіндік үлесін қосуы керек деп есептейміз. Ауыл шаруашылығы дамуының тарихи маңызын анықтау, оны объективті түрде бағалау, номадтық өмірдің ерекшеліктерін қайтадан саралау үлкен маңызға ие болып отыр. Осы орайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былайша ой қорытқан еді: «Қазақ даласының, Қазақстан жерінің көне тарихын саудаға салып, біздің осы өлкенің ең байырғы тұрғындары екенімізге күмән келтіргісі келетіндер табылады. Қазақстан тарихшылары, археологтары - біздің территориялық тұғыр-тиянақтарымызды нақты дәлелдермен, қолмен қойғандай етіп бере алатынына ешқандай күмән жоқ. Көшпелілер мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген дейтін сандырақты ғылыми тұрғыдан әшкерелеу шарт» [1, 8 б.]. Ал бұл мақсатқа жетуде Бөкей Ордасындағы аграрлық мәселелерді жаңаша таразылаудың қосар үлесі зор болмақ.

Бөкей хандығындағы жер саясаты белгілі дәрежеде патшалық Ресей, Кеңестік билік, тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де қолға алынып, тарихи зерттеу еңбектерінде көрініс тапты. Алайда тарихнаманың бай қорына қарамастан ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Бөкей Ордасындағы аграрлық мәселелердің тарихы толыққанды сараланды дей алмаймыз. Әсіресе XIX ғасырдың бірінші ширегіндегі жер мәселесін былай қойғанда, саяси, әлеуметтік тарихтың өзі қалтарыста қалды. Бөкей хан мен Шығай сұлтан билігі тұсындағы аграрлық реформалар, олардың бағыттары, нәтижелері күні бүгінге дейін жүйелі түрде зерттелмеді. Ал ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі экономика саласындағы бетбұрыстар, атап айтсақ Жәңгір ханның аграрлық саясаты, оның алғышарттары, қорытындысы бұрынғы ғылыми еңбектерді саралай отырып, тың мұрағат құжаттарымен толықтыруды талап етеді. Сонымен қатар отарлаушылардың қалың шеңгеліне түскен замандағы жер үшін күрестің бейбіт формасы саналған межелеу жұмыстарының мөлшері, ұйымдастырылуы, өту барысы, нәтижелерінің мүлдем қарастырылмағандығы тарихи ақиқат. Мұның өзі Бөкей Ордасы тарихының зерттеліп бітпегендігін дәлелдейді және біз қарастырып отырған мәселенің өзектілігін, ғылыми құндылығын арттыра түседі.

Зерттелу деңгейі. XIX ғасырдың басында Еділ мен Жайық өзендері аралығында дүниеге келген Бөкей хандығы патша өкіметінің жіті қадағалауы мен бақылауында болды. Орданың саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік дамуына қатысты мәліметтер хандық құрылуынан бастап-ақ жинақталып, империялық баспасөз беттерінде жариялана бастады. Атап айтсақ, К.А.Фукс, Н.Михайлов, М.Я.Киттары, Н.Троицкийдің көлемді мақалаларында және Бас штабтың полковнигі И.Ф.Бларамбергтің еңбегінде [2] Бөкей Ордасының географиялық жағдайы, физикалық ерекшеліктері, шаруашылық құрылымы, ел басқарушы саяси элиталарға қатысты мәселелер көтеріледі.

XIX ғасырдың 50-ші жылдарында Ішкі Ордада хандық билік жойылғаннан соң да патшалық Ресейдің отар еліне деген қызығушылығы, толықтай бағындыруға деген құлшынысы күшейе түсті. Осы орайда қалам тербеген А.Евреинов, П.И.Небольсин, А.Терещенко, Э.Островскийлер [3] қазақ билеушілері жүргізген аграрлық реформаларды толыққанды талдамағанымен Ресей үкіметінің Бөкейліктерге қатысты ұстанған жер саясатындағы ішкі есептерін әшкерелеуге мүмкіндік беретін мәліметтерді жариялады.

XIX ғасырдың 60-80 жылдарында Бөкей Ордасындағы қоғамдық-саяси, шаруашылық өмірді зерттеуші орыс ғалымдары Г.Медведский, М.Иванин, А.Е.Алекторов, А.Харузин [4] көп еңбек сіңірді. Аталған ғалымдардың ішіндегі П.Медведский басты назарын Ішкі Ордадағы сауда ісіне аударса, ал М.Иванин елдегі жер реформаларына, А.Е.Алекторов саяси-экономикалық өмірге, А.Харузин әлеуметтік құрылымдар мен сословиелерге, мәдени дамуға ерекше көңіл бөлді.

Қарастырылып отырған кезеңде қажырлы еңбек атқарған Мұхаммед Салық Бабажанов Ішкі Ордаға қатысты көптеген мақалалар жазды. Бөкейліктердің жерге деген мұқтаждығын сипаттайтын «Оралдық казактардың Ішкі Орда қазақтарымен жанжалы» атты мақаласында қазақтардың мүшкіл күйі, казактардың озбырлығы, үкімет шенеуніктерінің көзсіздігі нақты дәйектермен нанымды бейнеленді [5, 49-58 бб.]. Ал оның замандасы Мақаш Бекмұхамедов (1830-1904) «Қазақтардың тұрмысы мен мұқтаждары», «Қазақ даласындағы қайырымдылық» деген мақалаларында туған халқының шаруашылық өмірін, оның әлеуметтік-экономикалық салдарын, тек қазақтарға тән жанашырлықты суреттейді. ХІХ ғасыр басында атақонысына қайта оралған қазақ көшпелілерінің жай-күйі, олар кезіккен қиыншылықтар да оның шығармаларында кеңінен көрініс тапты [6].

XIX ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басында артта қалған хандық дәуреннің қызықты да қайшылықты тұстары ұмыт қалмай, орыс ғалымдарының өзге шоғырымен қайта жандандырылды. Осы жолда И.С.Иванов [7], И.А.Бирюков [8], Н.Савичев [9] тарих қойнауына кеткен оқиғаларды зерделеп, қайтадан саралауды жөн көрді. Бұл Қазан төңкерісіне дейінгі авторлардың еңбектерінде отаршыл Ресей империясының жүргізіп отырған саясатын мадақтау басым болса да, кейінгі зерттеушілерге өте маңызды деректерді қалдыра білді.

Кеңестік дәуірде отаршылдық саясатты сынауға және коммунизм-социализм идеяларын дәріптеуге бағытталған идеология үстемдік құрды. Осындай саясаттың салқыны Ішкі Орданың тарихына әрқалай әсер еткенімен аталмыш тақырып төңірегінде зерттеу істері жалғаса берді. ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының бірі Х.Досмұхамедұлы [10] Кіші жүздегі халық толқуларының, соның ішінде 1836-1838 жылдардағы И.Тайманов пен М.Өтемісов бастаған ұлт-азаттық көтерілістің себептерін, жүру барысын, тарихи маңызын қарастырды. Автор Ресей империясы аграрлық саясатының зардаптарын, қазақтардың жерге деген мұқтаждығын, Орда территориясының қасақана шектелуін ашып көрсетті.

Бөкей Ордасындағы жер мәселесін ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі Телжан Шонанұлы (1894-1938) да зерделеп өтті. Оның 1923 жылы жазылып, 1926 жылы Ташкентте тұңғыш рет басылып шыққан «Қазақ жер мәселесінің тарихы» атты еңбегі күні бүгінге дейін өз маңызын жоймай отыр. 27 тараудан тұратын ғылыми туындының 10-шы тарауында 1801-1917 жылдардағы Ішкі Ордадағы жер мәселесі, ондағы қиындықтар, көрші халықтардың озбырлығы шебер суреттелген. Автор патша үкіметінің Бөкейліктер жерін ашық түрде тартып алғандығын, сөйтіп қалың бұқараның жайылымсыз қалғандығын ашына жазады [11].

Тарихшы А.Ф.Рязановтың [12] еңбектері Бөкей хандығындағы ұлт-азаттық көтеріліс пен халық толқуларын сипаттауда ерекше рөлге ие болды. Автор Жәңгір Бөкейұлының аграрлық реформаларына тоқталды. Ханның қауымдық жерлерді жеке меншікке өткізуін сынға алып, оның нәтижелерін 1827-1829 жылдардағы Қ.Есімов бастаған қозғалыстың, 1836-1838 жылдардағы И.Тайманов пен М.Өтемісов басшылығымен өткен көтерілістің басты себебі ретінде көрсетті.

Осы тақырып төңірегінде өзіндік тәуелсіз дәйектерін ұсынған В.Ф.Шахматов «Внутренняя Орда и восстание Исатая Тайманова» атты 15 бөлімнен тұратын монографиясында Орал казактарының, помещиктердің Бөкейліктерге көрсеткен қысымшылығын тың мұрағат құжаттары арқылы зерделеді. Сонымен қатар Жәңгір ханның аграрлық саясатты жүзеге асыруда тікелей Ресей империясы ықпалында болғандығын және тек өз айналасындағы билік адамдарының қамын ойлағандығын атап өтті. Көшпелі қауымның шаруашылық өмірін сипаттауға арналған өзге еңбегінде В.Ф.Шахматов Бөкей Ордасындағы жер қатынастары хақында былайша ой қорытты: «Бөкей Ордасындағы жерге орныққан жеке меншік уақытша құбылыс болып, бар-жоғы 16 жылға созылды» [13, с. 106].

Кешегі тоталитарлық, өктем саясаттың суық лебінің ызғары қайтпай тұрған дәуірде қызмет жасаған қазақ зиялыларының бірі Б.Аспандияровтың 1947 жылы «Образование Букеевской Орды и ее ликвидация» [14] атты ғылыми еңбегі қолжазба түрінде жарық көрді. Ғылыми жұмыстың «Земельный вопрос в Букеевской Орде» деген айдар алған IV бөлімінде XIX ғасырдың өн бойында хандықта белең алған жер қатынастары зерделенді. Жоғарыдағы авторлармен салыстырғанда Б.Аспандияров ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Бөкей Орда билеушілері жүргізген аграрлық реформаларға қысқаша сипаттама беріп, Ресей империясының жер мәселесін шешуде әділетсіздік танытқанын орынды сынады.

Қазақстандағы жер мәселелерін зерттеумен айналысушы А.Еренов Жәңгір ханның өз саясаты арқылы жайылымға деген монополиялық меншікті қалыптастыруды көздегендігін алға тартты [15, с. 96]. Ресей империясының отаршылдық саясатын сынаушылардың бірі Е.Бекмаханов [16] Ішкі Ордадағы аграрлық және әлеуметтік күйзеліске қысқаша шолу жасап, И.Тайманов пен М.Өтемісов бастаған ұлт-азаттық көтерілісті қарастырды. Көшпелі және отырықшы шаруашылықтың ерекшеліктерін, даму кезеңдерін, өзара байланысын ғылыми жұмыстарына арқау еткен С.Е.Толыбеков болса аграрлық саясаттағы Ресей империясының рөлін көрсете білді [17].

Бөкей Орда тарихын кешенді түрде зерттеген С.З.Зиманов [18] ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың қоғамдық құрылысын саралаған еңбегінде жерге және малға орныққан меншіктің түрлерін, әлеуметтік құрылымдардың ерекшеліктерін ашып көрсетті. Оған қоса Бөкей хандығындағы жер қатынастары Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстырылып талданады. Ал келесі іргелі еңбегінде автор хандықтың саяси жүйесін, жер қатынастарын, әлеуметтік өзгерістерді зерделеп өтті.

Тәуелсіздік таңы атқан соң ұлттық мүддені арқау еткен Қазақстан ғалымдары Бөкей Орда тарихын да жаңаша талаптарға сай саралай бастады. Патшалық Ресей құрамындағы қазақтарды саяси-экономикалық, рухани тұрғыдан отарлау туралы ашық жазғандардың бірі И.Кенжалиев [19] болды. Оның еңбектерінде Бөкей Ордасының құрылуы, шаруашылық өмірі, отарлық езгінің өршуі, ел билеушілерінің жер саясаты, қазақ шаруаларының наразылығы, көтеріліс басшыларының іс-әрекеті тың мұрағат құжаттары, халық фольклоры арқылы сараланады.

Бөкей Орда тарихының жаңаша зерделенуіне хандықтың дүниеге келуінің 200 жылдығы (2001 ж.) және дауылпаз ақын, қайсар батыр М.Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы (2003 ж.) қарсаңы игі әсерін тигізгенін мойындауымыз керек. Осы орайда тарихшы Т.З.Рысбеков [20] Бөкей Ордасының құрылуы, саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайлары, ондағы орын алған өзгерістер, көрші елдермен қарым-қатынасын зерделеуде үлкен еңбек сіңіріп, хандықтың кешенді зерттелуіне мұрындық бола білді.

XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ хандықтары мемлекеттік қайраткерлерінің өмірі мен қызметін зерттеуші Ж.К.Қасымбаевтың [21] Жәңгір Бөкейұлына арналған монографиясы жарық көрді. Көлемді еңбекте Ішкі Орда ханының саяси қызметіне диалектикалық тұрғыдан баға беріліп, Алматы, Мәскеу, Орынбор, Астрахань қалаларындағы мұрағаттардан алынған құпия деректер жарияланды. Автор Жәңгір ханның аграрлық саясатының кездейсоқ құбылыс еместігін, оның саяси-экономикалық алғышарттарының болғандығын, ел территориясы тұтастығының күн тәртібіне шыққандығын алға тартады.

Кіші жүз тарихына қатысты еңбегінде Б.Қ.Бірімжаров [22] Бөкей хандығының мемлекеттік құрылымы мен оны басқарған саяси қайраткерлердің, әсіресе Жәңгір ханның тарихи қызметтерін жаңаша ой елегінен өткізу қажеттігін атап өтті. Ізденуші А.А.Қалмырзаев XIX ғасырдың ортасындағы Бөкей хандығында қалыптасқан саяси-әлеуметтік мәселелерді және оның М.С.Бабажановтың өмірі мен қызметіне әсерін қарастырып, аграрлық және әлеуметтік үрдістерді анықтап өтті. Ал Л.Б.Бердіғожин 1836-1838 жылдардағы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы басқарған қазақ халқының азаттық қозғалысын алғаш рет тарихнама және деректану мәселелерін ұштастыра отырып зерттеді [23].

Ішкі Орда тарихына қатысты тың мәліметтер К.Есмағамбетовтың [24] еңбектерінде көрініс тапты. Әсіресе шетел ғалымдары, жазушылары, саяхатшылары мен публицистерінің пікірлері жинақталған шығармасында Бөкей хандығы туралы маңызды деректер ұшырасады. Сонымен қатар аталмыш автор 1836-1838 жылдардағы И.Тайманов пен М.Өтемісов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс төңірегінде қалам тербеп, елдегі жер мәселесіне өзіндік бағасын берді. Жәңгір Бөкейұлы аграрлық саясатының зардаптарын, көпшілік қазақ руларының жерсізденуін көрсетіп, ханның әрекетін халықтың ынта-тілегін ескермей жүзеге асырылған шара деп әділ бағалады.

Махамбет-Исатай және Жәңгір Бөкейұлының қоғамдық-саяси қызметін зерделеудегі көзқарастар қақтығысы, пікірталастар 2003 жылы М.Өтемісұлының 200 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде мерекелеу барысында анық байқалды. Осы орайда бүгінде елімізге есімдері мәшһүр М.К.Қойгелдиев, З.А.Алдамжар, Ү.С.Қыдыралин, Х.Б.Табылдиев, Ж.Б.Бақидың [25] баяндамалары Атырау, Қостанай қалаларында өткен халықаралық, аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларда талданса, Ғ.Бөкейханов, А.Сейдімбек, А.Егеубай сынды тарихшы, әдебиеттанушылардың [26] мақалалары баспасөз беттерінен орын алды. Көтерілген мәселеге қатысты жазушылардың, журналистердің мақалалары да мерзімді басылымдарда жарыққа шықты [27]. Алайда журналистер қауымы кейбір өкілдерінің жаңалық іздеп, еш дерексіз жазған жеңіл мақалалары оқырмандарды шатастырғаны жасырын емес.

М.Өтемісұлының 200 жылдық торқалы мерейтойынан соң да Бөкей Ордасына қатысты зерттеулер жалғасып, Ғ.Е.Харабалин, Р.Х.Сариева, З.Е.Шарафутдиновтың [28] еңбектері жарыққа шықты. Ішкі Орда тарихын таразылауға қазақ әдебиеті өкілдері ат салысты. Бұған Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, Ә.Сарай, Ә.Кекілбаев [29] шығармалары дәлел болады. Азаттық күрес басшылары И.Тайманов пен М.Өтемісовтың ғұмырнамаларын, көтеріліс барысын зерттеуде олар тарих, фольклор, әдебиетті қатар ұштастыра білді.

Дегенмен бүгінгі таңдағы тарих ғылымында нақты деректерге сүйенген, мұқият жүйеленген, сыни тұрғыда сараланған кәсіби тарихшылардың еңбектері алдыңғы қатардан орын алуда. Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында өз есімдерімен танымал болған Х.М.Әбжанов, Н.А.Абдоллаев [30], Ә.Қ.Мұқтар [31] ғылыми негізділігі, объективтілігі жоғары ғылыми еңбектер жазды. Ал отаршыл Ресей империясының құрамындағы Кіші жүз тарихын зерттеген ғалымдар С.Б.Құрманалин, А.Қ.Ахмет, Ж.Ж.Жақсығалиев, А.С.Байболсынова, Ж.А.Исмурзин [32] Отандық тарихқа сүбелі үлестерін қосып келеді.



Бөкей Ордасының тарихы Ресей Федерациясы авторларының тарапынан белгілі бір дәрежеде қарастырылды. Д.М.Исхаков, Н.А.Халиков, В.М.Цыбич, Е.А.Ашанин, Н.П.Горбунов, И.В.Кучерук, С.Н.Афанасьев [33] секілді ғалымдар Астрахань өлкесіндегі барлық казак әскерлерінің құрылымына, шаруашылық өміріне талдау жасап, Бөкей Орда тарихына да көңіл бөлді.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Бөкей Ордасындағы аграрлық саясаттың ерекшеліктерін, қазіргі заманмен сабақтастығын талдап, оларға жеке тұлғалардың тигізген әсерін тың деректік материалдар негізінде, жаңа көзқарастар тұрғысынан ашып көрсету – зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр:

  • XIX ғасырдың басындағы Бөкей хандығы құрылуының саяси, экономикалық, әлеуметтік себептерін жаңаша ой елегінен өткізіп, жер мәселесінің рөлі мен Ресей империясының отарлаушылық саясатының бағыттарын анықтау;

  • Бөкей Нұралыұлы тұсында Ішкі Ордада жүргізілген аграрлық реформаларға, олардың ерекшеліктеріне тоқталу және ондағы Бөкей ханның мәмілегерлік, ұйымдастырушылық қасиетін көрсету;

  • Шығай Нұралыұлы билігі кезіндегі Ішкі Орда қазақтарының басты өмірлік сұранысы жер, су, жайылым талабының орындалу деңгейіне және сұлтанның жер мәселесіндегі атқарған қызметіне объективті түрде баға беру;

  • XIX ғасырдың екінші ширегінде Жәңгір хан жүргізген аграрлық реформалардың ерекшеліктерін, кезеңдерін, жетістіктерін, қайшылықтарын анықтап, әлеуметтік салдарын жаңа мұрағат құжаттарымен саралау;

  • Бөкей Ордасын басқару жөнінде құрылған Уақытша Кеңестің өмір сүруінің алғашқы бес жылдығында ұстанған аграрлық саясатын сыни тұрғыда қарастыру;

  • Ресей империясының Ішкі Ордадағы жер мәселесіне қатысты саясатын айқындау және Астрахань өлкесіндегі отар халықтардың шаруашылық қажеттіліктерін қанағаттандырудағы ішкі есебін ашып көрсету;

  • ХІХ ғасырдың бірінші және екінші ширектерінде Бөкей Ордасында жүргізілген аграрлық саясаттың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын нақтылау, салыстырмалы түрде талдау;

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Диссертацияның қаралып отырған тақырыбына сәйкес оның қамтылу аймағы мен уақыты анықталады. Ғылыми жұмыс Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы жерлерде Бөкей хандығының құрылуы мен жойылуы жүзеге асқан кезеңді, яғни XIX ғасырдың бірінші жартысын қамтиды.

Зерттеу жұмысының негізгі нысаны. Бөкей хандығындағы аграрлық саясат, оған әсер етуші саяси, экономикалық, әлеуметтік факторлар, жеке тұлғалар негізгі нысандар ретінде назарға алынды. Басты зерттеуге алынған мекемелер – отарлаушы патшалық үкіметі, Ресей Сенаты, Орынбор, Астрахань, Саратов генерал-губернаторлықтары, Ішкі Ордадағы хандық билік қызметкерлері, Көшпелі халықтарға жер бөлу жөніндегі Астраханьдық комиссия, Орынбор шекара комиссиясы, межелеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі арнайы комиссиялар, органдар.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі: Диссертацияның методологиялық-теориялық негізі тарихи ілімнің үзіктігінен арылу міндетіне, әдіснамалық плюрализм, тарихи ақиқатқа адалдық принциптеріне сүйеніп құрылды. Көтерілген мәселелер салыстырмалы, тарихи талдау, жинақтау және қорыту әдістері арқылы сараланды.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмыс жазу барысында тақырыпқа тікелей және жанама қатысы бар Отандық және шетелдік деректер базасы ғылыми айналымға жан-жақты талданып, сараланып барып енгізілді. Мазмұны мен сипаты жағынан әр түрлі болып келетін мұрағат құжаттары мен өзге де материал жинақтары диссертацияның басты қазынасын құрайды.

ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы Бөкей Ордасындағы аграрлық саясатты зерттеуде «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828)» [34] және «Материалы по истории политического строя Казахстана» [35] деп аталатын арнаулы құжаттар жинағының маңызы зор. Кеңестік кезеңде жарық көрген және құрамына маңызды мұрағат деректерін жинақтаған «Казахско-русские отношения в ХVIII-ХIХ веках (1771-1867)» [36] еңбегінде де Ішкі Ордадағы сыртқы және ішкі аграрлық мәселелерге байланысты бірнеше құжаттар көрініс тапқан.

Тәуелсіздік тұсында да Ішкі Орда хақында материалдар жинақтау ісі әсте тоқтап қалмады. Бөкей Ордасының құрылуы мен Жәңгір ханның дүниеге келуінің 200 жылдығына орай Санкт-Петербург қаласының баспаханасынан жарыққа шыққан тарихшы Г.К.Мукатаевтың «Хан Жангир - великий преобразователь степи» [37] атты құжаттар жинағы Бөкей Ордасын зерделеуге өзіндік үлесін қосты. Шашыраңқы күйге түскен Қазан төңкерісіне дейінгі авторлардың еңбектері де тәуелсіздікке қол жеткізгелі бір ізге түсіріле бастады. Осы орайда М.Құлкеновтың басшылығымен жарық көрген «Букеевской Орде 200 лет» атты алты томдық еңбек хандық тарихынан сыр шертеді [38].

2002 жылы зерттеушілер Б.Т.Жанаев, В.Л.Иночкин, С.Х.Сагнаеваның басшылығымен «История Букеевского ханства. 1801-1852» [39] атты жаңа құжаттар жинағы жарық көрді. Алдыңғы еңбектерден айырмашылығына келсек, мұнда Бөкей хан, Шығай сұлтан, Жәңгір ханның саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда атқарған істерін дәріптейтін маңызды құжаттар көп кездеседі. Сонымен қатар М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған көп томдық «Махамбет әлемі» шығармалар сериясына 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты құжаттар енгізілді. Хронологиялық шеңбері 1801-1845 жылдарды қамтыған жинақта Орданың саяси-экономикалық өміріне қатысты мұрағат құжаттары мұқият жүйеленген [40].

Диссертация жұмысына Ресей Федерациясы авторларының еңбектері, мұрағат жинақтары кеңінен тартылды. Бөкей хандығындағы аграрлық саясатты зерттеуде «Материалы по истории татарского народа» [41], «Астраханские казахи: история и современность» [42], «История Астраханского края» [43], «Российское казачество. Научно-справочное издание» [44] тәріздес құжаттар мен материалдар жинақтары айтарлықтай көмек жасады. Аталмыш еңбектер Ішкі Ордамен көршілес жатқан халықтардың тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын сипаттауда, олардың Бөкейліктермен арадағы жер қақтығыстарының себептерін көрсетуде маңызды рөлге ие болды.

Алайда диссертациялық жұмыстың негізін Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының Астрахань облыстық мемлекеттік мұрағаты, Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында қатталып, ғылыми айналымға бұрын-соңды енбеген құжаттар құрады:

1. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚР ОММ). Алматы қаласы. Орынбор шекара комиссиясының №4 қоры, Ішкі Қырғыз Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің №78 қорында Бөкей хандығындағы ішкі және сыртқы жер мәселелерінің ерекшелігі жөнінде көптеген құжаттар топталған.

2. Ресей Федерациясының Астрахань облыстық мемлекеттік мұрағаты (РФ АОММ). Астрахань қаласы. Мұрағаттағы Астрахань азаматтық губернаторының кеңсе құжаттары шоғырланған №1 қорда Бөкей, Шығай, Жәңгірлердің ел басқарған тұсындағы аграрлық және әлеуметтік мәселелерге қатысты деректер, түрлі мемлекеттік органдардың нұсқаулары, есептері, Ішкі Ордадағы жер көлемі, мал саны жөніндегі мәліметтер, Бөкейліктердің Жайық казактары, хошоут қалмақтары, қондырау татарлары, мемлекеттік орыс шаруаларымен арадағы қарым-қатынасын анықтайтын материалдар мол. Ал №8 Астрахань губерниясы жобалау және сызу бөлімінің (1815-1918), №794 Астраханьдық жер өңдеу және мемлекеттік мүлік басқармасы (1823-1918) қорында аграрлық мәселелерге байланысты маңызды құжаттар кездеседі.

3. Ресей Федерациясының Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты (РФ ОрОММ). Орынбор қаласы. Аталған мұрағаттағы Орынбор генерал-губернаторы кеңсесінің №6 қоры және Орынбор шекара комиссиясының №222 қорында Ішкі Ордадағы жер мәселесінің саяси астарын ашатын құнды деректер жинақталған. Әсіресе Бөкей Ордасын басқару жөнінде құрылған Уақытша Кеңестің аграрлық және әлеуметтік саясатын анықтауда осы қорлардың құжаттары кеңінен пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Бөкей хандығындағы аграрлық саясат арнайы зерттеуге айналған емес. Көбінесе Ішкі Ордада 1827-1829 жылдары белең алған халық толқуын, 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған ұлт-азаттық көтерілісті зерделеуде басты назарға ілігіп жүрді.

Диссертацияның ғылыми жаңалығы – мәселенің арнайы және мұрағат материалдары негізінде кешенді түрде зерттелуі. Бөкей хандығындағы ішкі және сыртқы жер қатынастары, олардың әлеуметтік салдары ғылыми тұрғыдан талдауға алынып, көптеген мұрағаттық құжаттар арқылы қайта зерттеліп, оның басым бөлігі ғылыми айналымға бірінші рет енгізіліп отыр. Атап айтсақ, Бөкей Ордасы құрылуының саяси, экономикалық, әлеуметтік алғышарттары мен себептері жаңа көзқарас тұрғысынан зерделеніп, ХIХ ғасырдың бірінші жартысында елде жүргізілген аграрлық саясат хронологиялық реттілікті басшылыққа ала отырып, толыққанды сараланды. Ішкі Ордадағы жер иемдену мен пайдаланудың жағдайы, кезеңдері, дамуы, күрделену себептері жан-жақты талданып, әр түрлі уақыттағы межелеу жұмыстарының көлемі, жүру барысы, қыр-сыры, нәтижелері, салдары алғаш рет толық күйінде көрсетілді. Хандықтың көршілес халықтармен, атап айтсақ, қондырау татарларымен, хошоут қалмақтарымен, Орал казак әскерлерімен, помещиктер иелігімен, Саратов, Самара, Астрахань губернияларының орыс шаруаларымен арадағы сыртқы жер мәселелері, қақтығыс себептері жаңа деректер негізінде сараланып, Бөкей хан, Шығай сұлтан, Жәңгір хан секілді мемлекеттік қайраткерлердің аграрлық және әлеуметтік салалардағы атқарған қызметтеріне объективті түрде талдау жасалынды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет