Глоссарий анатомия


Уақытқа байланысты шартты рефлекстердің түзілуі



бет3/8
Дата17.06.2016
өлшемі0.57 Mb.
#141279
түріАнализ
1   2   3   4   5   6   7   8

Уақытқа байланысты шартты рефлекстердің түзілуі. Белгілі уақыт аралығы рефлекс қалыптастыру үшін шартты тітіркендіргіш бола алады. Егер жануарды үнемі әрбір 10 минут сайын азықтандыратын болса, бірнеше рет азықтандырудан кейін уақытқа байланысты шартты рефлекс түзіледі, яғни 10 минут өткен соң жануарда сілекей бөлініп, азыққа байланысты оны жалау, сілекейін жұту және т.с.с. қимыл актілері орындала бастайды.

Уақытқа байланысты рефлекс қалыптасқан адамдарда олар әдеттегі тамақ ішетін уақытта аштық сезімі байқалады. Уақыт аралығы мүлде аз болуы мүмкін.

Мектеп жасындағы балалардағы уақытқа байланысты рефлекстің белгісі – сабақ аяқталар алдында (қонырау соғылудан 1 - 1,5 минут бұрын) зейінінің әлсіреуі. Бұл қажудың ғана емес, сондай-ақ оқу сабақтары кезінде мидың ырғақты жұмыс істеуінің нәтижесі болып табылады.

Организмде уақытқа байланысты туатын әсер – тыныс алу, жүрек қызметі, ұйқыдан ояну, жануарлардың түлеуі және т.с.с. оқтын-оқтын өзгеріп тұратын көптеген процестердің ырғағы. Тиісті мүшелерден миға және одан керісінше эффекторлық аппараттарға ырғақты түрде импульстер жіберіп отыру организмде уақытқа байланысты туатын әсердің негізі болады.



Шартты рефлекстердің тежелуі

Шартты рефлекстердің тежелуін зерттей келе. И.П.Павлов оның шартсыз (сыртқы) және шартты (ішкі) тежелу деп аталатын екі түрін ажыратты.



Шартсыз тежелу. Басталған рефлекстің толық тоқтауы немесе сыртқы ортадағы өзгерістердің әсерінен оның активтілігінің кемуі шартсыз тежелу деп аталады.

Жаңа бөгде тітіркендіргіш ми қыртысында басқа (ерекше) қозу ошағын туғызады, бұл ошақ басталған рефлекторлық актіні тежейді немесе үзеді. Сырттан естілетін шу, жарық түсуінің өзгеруі, бөгде иіс және т.с.с. осындай тітіркендіргіш бола алады.

Шартты рефлекс неғұрлым жаңадан қалыптасса, оны тежеу соғұрлым оңай болатыны анықталған. Мұны орталық нерв системасында индукция процесінің дамуымен түсіндіруге болады. Тежеуді шартты рефлекске қатысы жоқ бөгде тітіркендіргіш туғызатындықтан, И.П.Павлов оны сыртқы (индукциялық) тежелу деп атады.

Шартсыз тежелу кенет пайда болады, ол организмде туған кезден бастап кездеседі және бүкіл орталық нерв системасына тән. Оның жүзеге асуына ми діңі ретикулярлық формациясының белгілі бір құрылымы қатысады.

Сыртқы тежелу көбінесе бөлмеге сырттан өнетін кез келген шу рефлекторлық актінің барысын бұзатын жағдайда коллективте (класта, топта) жұмыс істейтін балаларда байқалады. Мысалы, жазу сабағы үстінде көшеден өрт сөндіру машинасының сирена үні естіледі. Оқушылардың көпшілігі күшті тітіркендіргішке қарай бұрылып, бұл жағдайда зейінінен, байсалдылығынан және қолайлы отырысынан айырылады. Сондықтан оқушының дәптеріндегі жазу толық болмай, әріптер дұрыс жазылмайды, сөздердің арақашықтығы әр түрлі болып шығады және т.с.с.

Алайда шартсыз тежелу екінші қозу ошағы пайда болмаса да, жүзеге асуы мүмкін. Бұл тітіркендіргіштің өте күшті әсер етуінен ми қыртысының клеткалары жұмыс істеу қабілетін кемітуіне немесе толық тоқтатуына байланысты болады: тіршілігін жоймау үшін клеткалар тежелу күйіне өтеді. Тежелудің мұндай түрін шектен тыс тежелу деп атайды. Ол организмде қорғаныш қызметін атқарады.

Ми қыртысы клеткаларының жұмыс қаблеттілігінің шегі тұрақты шама емес және ол баланың жасына, оның қажу тәжірибесіне, қандай аурумен ауыратыныа және басқа себептерге байланысты.

Сабақты өте дауыстап және біркелкі үнмен түсіндіруде, сондай-ақ импульстері жинала келе, ми қыртысы клеткаларының жұмыс қабілеттілігі шегінен асып кететін әлсіз тітіркендіргіш (біркелкі баяу дауыс) әсер еткенде оқушыларда шектен тыс тежелу пайда болады.



Шартты (ішкі) тежелу. Тежелудің бұл түрі орталық нерв системасының жоғары бөлімдеріне тән және шартты сигналды шартты тітіркендіргішпен бекітпеген, яғни екі қозу ошағы уақыт жөнінен өзара сәйкес келмеген жағдайда ғана дамиды. Ол онтогенез процесінде біртіндеп, кейде өте қиындықпен қалыптасады. Шартты тежелудің өшпе, жіктеліс тежелу деп аталатын және басқа да түрлерін ажыратады.

Шартсыз тітіркендіргішпен бекітілмеген шартты сигнал бірнеше рет қайталанғандва өшпе тежелу пайда болады. Мысалы, жарық тітіркендіргішіне сілекей бөліну рефлексі қалыптасқанда бұл сигналды тамақпен ұштастырмай жиі қайталау рефлекстің біртіндеп кемуіне, одан соң толық өшуіне себепші болады. Рефлекстің өшу жылдамдығы шартты тітіркендіргіштің қайталану жиілігі мен күшіне, қалыптасқан рефлекстің беріктігіне және жоғары дәрежелі нерв қызметінің типіне байланысты. Мысалы, жыртқыш жануар жемтігі азайып бара жатқан жерге баруын азатайды, себебі бұрынырақ қалыптасқан шартты рефлекс тамақпен (шартты тітіркендіргіш) бекітілмегендіктен, өшеді. Бұл жануарлардың қоршаған ортаға бейімделуіне, яғни өзінің мінез-қылығын тіршілік жағдайларына сай реттуге жәрдемдеседі.

Өшпе тежелу адамның қалыптасқан (жаман, ескірген) әдеттен арылуына көмектеседі. Мысалы, оқушы жатып оқуға әдеттенген. Фантастикалық және шытырман оқиғалы әдебиеттердің қызықтыратыны соншама, ол мұндай кітаптарды ұйықтамастан, үй тапсырмаларын орындамастан, таза ауаға шықпастан-ақ оқып шығады. Бұл оның денсаулығын нашарлатып, үлгіріміне әсер етеді. Мұғалімдер мен ата-аналар қолайлы сәт туғанша мектеп оқушысының «қызықтырып әкететін кітапті» саналы түрде қолын алмауы үшін жұмыс режимін өзгертуді табандылықпен талап етугке міндетті. Алғашында мұндай әдеттен арылу едәуір қиындыққа түседі, бірақ бірте-бірте ол дұрыс режимге дағдыланады да, жағымсыз әдеті жойылады.

Жіктеліс тежелуінде немесе жіктеуде (ажыратуда) бекітілмейтін тітіркендіргіш рефлекс туғыза береді, сондықтан жағымды тітіркендіргіш тежейді. Қозу және тежелу процестері шоғырланады және бөлінеді.

Жіктеліс тежелуі шартты рефлекторлық қызметтің ішкі түрі болғандықтан, сыртқы дүниенің әсеріне анализ жасау үшін және осыған байланысты тиісті мінез-құлықты қалыптастыру үшін қажет. Осындай қабілетінің арқасында есту анализаторы дыбыстарды биіктігіне, күшіне және бағытына қарай жіктейді, көру мүшесі түстерді, олардың реңкін, заттардың қашықтығын айырады; тері сезімталдығының анализаторы жанасуды, қысымды және т.б. айырады.

Егер жіктеліс тежелуін қалыптастыру шартты тітіркендіргішке барынша жуық тітіркендіргіштерді (мысалы, «до» және «ре» үндері) айырудан басталса, онда бұған «до» және «фа» үндері сияқты бір-бірінен едәуір қашық тітіркендіргіштерді айырудан гөрі ұзағырақ жаттығу қажет болады. Мұнда екінші жіктеу біріншіден гөрі оңай қалыптастырылады, өйткені тітіркендіргіштердің бір-бірінен күшті айырмашылығы бар.

Ана тілі және шет тілі сабақтарында әріптер мен дыбыстарды оқып үйренуде, математика, ән, музыка т.б. сабақтарына жіктеліс тежелуінің төтенше зор маңызы бар.

Тітіркендіргіштерді айыра бастау уақыты балаларда түрліше болады. Ол ми қыртысының «жасқа байланысты кәмелеттенуіне», бұған дейінгі дайындығына (жаттығуына) және организмнің қажу дәрежесіне байланысты. Сонымен қатар, белгілі бір жасқа тән қозу және тежелудің жайылуы мен шоғырлануының нақты дәрежесінің де маңызы бар.

Сигналдарды дұрыс айыра білу табиғат құбылыстарын, оның заңдары мен процестерін тереңірек танып білуге жәрдемдеседі. Ішкі тежелудің тағы бір маңызы мынада: адам алуан түрлі күрделі жағдайларда бағдарлай білу мүмкіндігіне ие болады.

Үлкен ми сыңарлары қыртысының аналитикалық-синтездік қызметі

Тітіркенуді анализдеу және синтездеу. Үлкен ми сыңарлары қыртысының аса маңызды функциясы – анализ бен синтез. Тітіркенуді анализдеу деп сигналдарды айыруды, олардың организмге әсерін жіктеуді түсінеді. Тітіркенуді анализдеу адамның үлкен ми сыңарлары қыртысында ең жоғары және өзіне тән даму шегіне жетеді, мұны оның бірқатар мысалы. А+Б+В+Г және А+В+Б+Г компоненттерін қамтитын комплексті тітіркендіргіштерді айыру қабілті көрсетеді.

Анализдеудің кейбір түрлері (мысалы, иісі, дыбысты айыру) адамдағыға қарағанда, кейбір жануарлардың үлкен ми сыңарлары қыртысында жақсы дамиды. Мәселен, ит біреуі шартсыз тітіркендіргішпен бекітілетін жағдайда 1/8 үндегі екі дыбыстың айырмашылығын қабылдай алады.

Ми қыртысының қозу элементтерін анализдеуден соң оларды комплекске біріктіру қабілеті синтездеу деп аталады. Мұнда шартты тітіркендіргішті шартсыз тітіркендіргішпен бекіту арқасында тиісті қозу ошақтары арасындағы байланыс нығаяда, ал осының нәтижесінде шартты (көбінесе бекітілетін тітіркендіргішке теңбе-тең) рефлекс түзіледі.

Анализдеу мен синтездеу – ми қыртысының өзара байланысты функциясы. Олар ассимиляция мен диссимиляция секілді бірін-бірі толықтырады және бір процестің тоқталуы екінші процестің тоқталуына себепші болады. Демек, шартты рефлекстің, яғни бейімделу әсерінің қалыптасуы бұзылады.

Ми қыртысының аналититикалық-синтездік қызметінің неғұрлым күрделі формасы динамикалық стереотипті қалыптастыру және оның сигналдық әрекеті болып табылады.

Динамикалық стереотип. Организмге сыртқы ортадан бір мезгілде және бірінен соң бірі әсер ететін жағымды және жағымсыз тітіркендіргіштер жүйесінің дәл қайталанып отыруы стереотиптілік деп аталады. Мұндағы жүйелілік әрқайсысы белгілі шамадағы шартты рефлексті туғызатын тітіркендіргіштерге беркелкі, берік орныққан, байсалды әсерлер мен жағдайлар жүйесі арқылы жауап қайтарады.

Сыртқы орта құбылыстарының мұндай жүйелілігі (тәртібі) ми қыртысының қызметінде динамикалық стереотип, яғни біртұтас функция атқаратын комплекс түрінде сақталады, мұнда бір тітіркендіргіштің әсер етуі әр түрлі дәрежеде қайталанып отыратын жағдай мен басқа да стимулдардың бірізділігіне байланысты.

Егер әдетке айналған тітіркендіргіштер жүйесінің орнына бір ғана тітіркендіргішпен әсер етсе, одан стереотипте алмастырылған тітіркендіргішке тән нәтиже алынады. Демек, ми қыртысы қабылданған барлық импульстерді анализдеп және жауап әсерлерін синтездей отырып, организмнің аса күрделі біртұтас динамикалық жүйесі ретінде жұмыс істейді.

Стереотип қалыптастыру – ми қыртысының мейлінше күрделі синтездеуші қызметіне мысал. Бұл бүкіл нерв системасының неғұрлым қиын жұмысы. Орныққан стереотипті сақтау – ми қызметінің едәуір жеңіл формасы. Ми қыртысының динамикалық стереотипімен байланысқан шартты рефлекстердің жақсы пысықталған жүйесі болып табылатын әдеттер мен дағдылар, жұмысты ойланбастан және түсінбей істеу баршаға мәлім. Динамикалық стереотипті қалыптастырудың жас ерекшеліктері аңықталған. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерде стереотипті түрде өтетін дағдырлар тезірек қалыптасады, ал қалыптасқандарының орнықтылығы шамалы болады және оңай өзгертіледі, жас ұлғайтын кезде керісінше болады.

Жоғары дәрежелі нерв қызметінің әлсіз типінде және нерв процестерінің қимылдылығы шамалы жағдайда адамның динамикалық стереотипін қайта өзгерту невроздың шығуына себепші болуы мүмкін.

Балаларды және жалпы алғанда адамдарды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі бүкіл жұмыс ми қыртысының қызметін байытатын және жетілдіретін жаңа динамикалық стереотипті, жаңа әдеттерді қалыптастыруға бағытталады.Пайдаланылатын тәсілдер мен методика неғұрлым аз қолданылатын болса, ескі стереотипті жойып, жаңа стереотипті қалыптастыру соғұрлым жеңіл өтеді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларымен жұмыс жүргізуде баланың активтілігі мен саналылығын ескеру қажет. Егер оқушы ұқыпты, тәртіпті, дені сау болуға тырысса, жаңа стереотипті қалыптастыру ойдағыдай өтеді.



Бірінші және екінші сигналдық системалар. Олардың сыртқы дүниені танып білудегі маңызы. Сигналдық системалар. И.П.Павлов адамның жоғары дәрежелі нерв қызметін жануар мен адам үшін ортақ қасиет болып табылатын болмыстың бірінші сигналдық системасын құрайтын сыртқы дүниенің тікелей сигналдарына анализ және синтез жасауды мінез-құлық ретінде қарастырды. Бұл жайында ол былай деп жазды: «Жануарлар үшін болмыс түгел дерлік тітіркендіргіштер арқылы және тікелей организмнің көру, есту және басқа рецепторларының арнаулы клеткаларына келетін олардың үлкен ми сыңарларындағы іздері арқылы сигнал береді. Бұл сөзді, еститін және көретін нәрселерді есептемегенде жалпы табиғи, сондай-ақ біздің әлеуметтік қоршаған сыртқы ортадан алатын әсер, түйсік және түсініктеріміз деуге болады. Бұл – болмыстың бірінші сигналдық системасы, ол біз бен жануарларда бірдей».Еңбек әрекетінің, қоғамдық және семьялық қатынастардың нәтижесінде адамда сөз сигналдарын қабылдау, айтылатын (өзі айтатын, айналадағылар айтатын), көрінетін (жазылған, басылған) сөздердің маңызын түсіну ым-ишараны түсіну сияқты мидың жаңа қызметі – екінші сигналдық система дамыды. Ол үлкен ми сыңарларының жұмысына жаңа принцип (ми қыртысының қыртыс астындағы түзінділерімен өзара байланысы) енгізгендіктен, адамның жоғары дәрежелі нерв қызметін төтенше кеңейтіп, сана жағынан өзгертті. Бұл жайында И.П.Павлов былай деп жазды: «Егер біздің қоршаған дүниеге жататын түйсіктеріміз бен түсініктеріміз біз үшін болмыстың бірінші сигналдары, нақты сигналдар болса, сөз, ең алдымен сөйлеу мүшелерінен ми қыртысына келетін кинестезиялық тітіркендіру – екінші сигналдар, сигналдардың сигналы болып табылады. Олар болмыстан назарды аудару болып табылады және қорытынды жасауға мүмкіндік береді, мұның өзі… адамның қоршаған дүниеде әрі өзін-өзі жоғары дәрежеде бағдарлау қаруы – ғылымды құрайды». Сонымен, адам рецепторлар арқылы қабылдайтын сезімнің бәрін сөзбен бейнелейді. Сөз «сигналдардың сигналы» ретінде болмыстың нақты заттары мен құбылыстарынан назарды аударуға мүмкіндік береді.

Екінші сигналдық система адамның қоршаған әлеуметтік ортамен күрделі өзара қарым-қатынасын білдіре отырып, адамдардың қоғамдық өмірімен тығыз байланысты. Мұнда сөз сигналы, сөйлеу, тіл адамдардың коллективтік өндіріс процесіндегі қатынас құралы болып табылады және олар еңбек әрекеті процесінде ғана дамиды. Демек, екінші сигналдық система әлеуметтік тұрғыдан алғанда себепті болып табылады, яғни қоғамдық еңбек әрекетінің заңды табиғи процесі ретінде пайда болып, дамиды.

Адамдармен қатынас жасамайынша екінші сигналдық системаның дамымайтыны әдеби деректерден мәлім. Мәселен, жабайы жануарлар алып кетіп, аңдардың апанында тіршілік еткен балалар адам сөзін түсінбеген, сөйлей алмаған және сөйлеуді үйрену қабілетінен айрылған. Сол сияқты, саңырау болып туған балалар әдеттегі балалар секілді дыбыс шығарады, бірақ шығаратын сигналдарын есту анализаторлары арқылы бекітпегендіктен және айналадағылардың дауысына еліктеу мүмкіндігі болмағандықтан, олар мақау болып қалған. Сондай-ақ адамдармен қатынаста болмайтындай, ондаған жылдарға оқшауланған жас адамдар сөйлеу тілін ұмытады. Бұл фактілердің бәрі екінші сигналдық системаның дамуы әлеуметтік ортаға тәуелді екенін, оның бірінші сигналдық системамен өзара байланысын көрсетеді.

Сигналдық системалар мен қыртыс асты түзінділердің өзара байланысы.

Адам міңез-құлқының кез келген актісінен нейронаралық байланыстың үш тобын ашып көрсетуге болады: 1) шартсыз рефлекторлық байланыс; 2) бірінші сигналдық системаның уақытша байланыстары; 3) екінші сигналдық системаның уақытша байланыстары.

Адам мінез-құлқының физиологиялық механизмі екі сигналдық системаның үлкен ми сыңарларының қыртыс асты түзінділерімен өзара әсер етуінің нәтижесі болып табылатынын анализ көрсетті. И.П.Павлов «екінші сигналдық системаны бірінші сигналдық системадан басым болатын «адам міңез-құлқының ең жоғары реттеушісі» деп есептейді, алайда бірінші сигналдық система да белгілі дәрежеде екінші сигналдық системаның қызметін тексерін отырады.

Бірінші және екінші сигналдық системаның фуекциялық қызметі парктикада тексерілді. Мәселен, егер шартты рефлекторлық әсерлер сыртқы жағдайларға сай келмесе, бұл оның қайта құрылуына себепші болады: уақытша байланыстар өзгереді, белгілі бір шартты рефлекстер тежеледі. Мұнда әсіресе екінші сигналдық системаның қызметін «практикада тексеру» қажет болады, өйтпейінше «сөзді іспен нығайту» формуласы негізсіз болып шығады.

Екі сигналдық системаның өзара әсері, үлкен ми сыңарлары қыртысының қызметі тұтастай алғанда қыртыс асты орталықтарының қызметімен күрделі қатынаста болады. Бұл адамның өз бойындағы шартсыз рефлекстерді еркіне бағындыруына, организмнің инстинкттік көріністерінің едәуір бөлігі мен эмоцияны тежей білуіне мүмкіндік береді. Ол қорғаныш (тіпті ауыртатын тітіркендіргіштерге жауап ретіндегі рефлекстерді), тамақ және жыныс рефлекстерін саналы түрде тежей алады. Сонымен қоса, қыртыс асты түзінділері мен ми діңінің ядролары, әсіресе ретикулярлық формация ми қыртысының тонусын қалыпты жағдайда сақтап тұратын импульстердің көзі (генераторы) болып табылады.

Ми қыртысы мен қыртыс асты түзінділердің арақатынасы жөніндегі жаңсақ түсініктер кейбір ғалымдарды негізінен қате қорытынды жасауға мәжбүр етті. Мәселен, олардың кейбіреулері типті қыртыс асты түзінділерімен салыстырғанда ми қыртысы адамның психикалық әрекетінде екінші дәрежелі роль атқарады деп тұжырымдайды.

Ғалымдардың көпшілігі сана мен ойлауды үлкен ми сыңарлары қыртысының қызметі деп есептейді, бұл қызмет қыртыс асты түзінділерімен және рецепторлық аппараттардың бүкіл жиынтығымен қалыпты өзара қарым-қатынас орнағанда ғана жүзеге асады. Мұнда организмнің сыртқы дүниемен адекватты өзара әсері қамтамасыз етіледі.

Адам мен қоршаған ортаның әсерін бағалауда материалистік және идеалистік көзқарас арасында шиеленіскен күрес жүрді. Ақиқатты анықтауда физиология маңызды роль атқарды.

Дәйекті материалистер адамның түйсігін объективтік дүниенің субъективтік бейнесі ретінде түсінеді. Шындық санадан тәуелсіз, объективті тіршілік етеді және тітіркенген тиісті рецепторлық аппараттан ми қыртысына жеткізілген информацияның арқасында ғана біздің санамызда бейнеленеді.

Нерв системасы типтерінің функциясына сиппатама. Нерв системасы типтерінің белгілері. Нерв системасының жеке қасиеттері организмнің шартты рефлекторлық қызметіне әсер етеді. Сондықтан жоғары дәрежелі нерв қызметінің сипаты едәуір дәрежеде индивидуумға тән қасиеттердің жиынтығымен анықталады.

Шартты рефлекстердің түзілу жылдамдығы, олардың беріктігі, ішкі және сыртқы тежелудің қарқыны, нерв процесінің жайылуы мен шоғырлануының тездігі, индукцияға қабілеттілігі және ауру туғызатын агенттерге төзімділік дәрежесі көбіне нерв системасының типіне байланысты болады.

Жануарлар мен адамның жоғары дәрежелі нерв қызметінің жеке ерекшеліктерінің комплексін зерттей келе, И.П.Павлов пен оның ізбасарлары жоғары дәрежелі нерв қызметінің негізгі үш белгісін анықтады:


  1. қозу мен тежелу процестерінің күші – ми қыртысындағы нерв клеткаларының күшті және төтенше күшті тітіркендіргіштерге адекватты жауап қайтару қабілеті және оларға жауап ретінде қозуды немесе тежелуді күшейту;

  2. қозу және тежелу процестерінің біркелкілігі, яғни олардың күші жөнінен тепе-теңдігі. Кейде бір организмдерде тежелуден қозу басым болса, басқа организмдерде – керісінше болады. Мұндай жағдайда бір организмдерде жағымды шартты рефлекстер айтарлықтай тез түзіледі, бірақ тітіркендіргіштерді (әсіресе нәзік) айыру қиын болады, ал екінші организмдерде осы тітіркендіргіштерге ми қыртысының жалпы тежелетіні байқалады;

  3. қозу және тежелу процестерінің ширақтығы, яғни бір процесті (жағдайдың өзгеруіне байланысты) екінші процестің ауыстыру жылдамдығы.

Көрсетілген белгілердің негізінде И.П.Павлов жоғары дәрежелі нерв қызметінің адам мен жануарларда кездесетін жалпы типтерін және адамдарға ғана тән жеке типтерін бөлді.

Нерв қызметінің жалпы типтері. И.П.Павлов нерв қызметінің жалпы төрт типін бөліп көрсетті: 1) қиын тәрбиеленетін (үйретілетін) күшті, ұшқалақ тип (тежелуден қозу басым); 2) нерв процестері аса ширақ, күшті, байсалды тип. Жоғары дәрежелі нерв қызметінің мұндай типінде организмнің жағдайға тез көндігетіні, жаңа тітіркендіргіштерге активті әсер ететіні байқалады; 3) нерв процестерінің ширақтығы шамалы, жаңа тітіркендіргіштерге болар – болмас әсер жасайтын (барлық қызметінде сылбырлық бар) күшті, байсалды тип; 4) қозу мен тежелу нашар дамыған, әлсіз тип. Мұнда организм тез әлсірейді, қорқақтық пайда болады, әдеттен тыс тітіркендіргіштер әсер еткенде жұмыс қабілетінен айырылады, тез арада тежелу күйіне өтеді.

Нерв системасының әр түрлі типтеріне жататын жануарлар сыртқы ортаны өзінше қабылдап, оған бейімделеді. Оларды үйрету де түрліше болады, олардың ауру тудырғыштарға төзімділігі де әр түрлі. Мысалы, екінші типте гнерв системасының бұзылуы сирек байқалады, ал бірінші және төртінші типте қалыптасқан шартты рефректорлық қызмет тезірек бұзылады. Сонымен қатар, жоғары дәрежелі нерв қызметінің төртінші типіне жататын жануарлар невроздық күйден қиындықпен арылады, яғни едәуір ұзақ ауырады.

И. П. Павловтың пікірінше, тәжірибеде таза күйінде анықталатын, жоғары дәрежелі нерв қызметінің келтіретін төрт типі адам темпераментінің кезінде Гипокрақа белгілі болған төрт түріне сай келеді. Мәселен, бірінші тип холериктік темпераментке, екінші тип – сангвиникалық темпераментке, үшінші тип – флегматикалық темпераментке, ал төртінші тип – меланхоликтік темпераментке сай келеді. Алайда, нерв системасының типі мен темпераменті арасында ұқсастық жоқ, өйткені «темперамент» ұғымына нерв системасының атқаратын қызмет ерекшеліктерінен басқа, адамның орны мен тіршілік жағдайларын бағалау, тарихи дәуірді және практикалық қоғамдық-еңбек әрекетін сипаттау да жатады.

Жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі организмнің сыртқы ортамен өзара қарым – қатынасынан ғана емес, сондай-ақ ішкі мүшелер қызметінің сипатынан да білінеді.

Жоғары дәрежелі нерв қызметінің жеке типтері. И. П. Павлов адамның туа біткен қабілеттіліктерін ескере отырып, нерв системасының функциясына анализ жасау арқылы нерв системасының үш типін бөліп көрсетті: көркем, ойшыл және тыныш тип. Бірақ бұл салада барлық нәрсе толық айқын емес: кейбір мәселелер ақырына дейін ашылмаған бұл типтерді анықтау үшін адекватты эксперименттік әдістер мен тестер жоқ, көп нәрсе тек сипаттаумен шектелген.

Нерв системасының көркем типінде бірінші сигналдық системаның жұмысы ширақ болады.

Мектеп оқушыларының организмінде өтпелі кезеңнің бірінші фазасында (11-13, 14 жаста) терең өзгерістер болады. Ішкі секреция бездерінің, атап айтқанда, жыныс бездерінің қызметі күшейіп, қосымша жыныстық белгілер пайда болады. Бұл кезеңде ми қыртысының функциялық активтілігінің айтарлықтай әлсірейтіні байқалады: оқушының сөзі мен сұрақтарға қайтаратын жауабы баяулап, сөздер қоры азаяды. Сөз сигналдарына (есте сақтау) шартты байланыстар түзілу процесі қиындағанда, көру, есту және басқа тітіркендіргіштерге шартты рефлекстер түзілу жылдамдығы артатыны аңықталған. Жасөспірімге оның физиологиялық ерекшеліктеріне қайшы келетін-талаптар қойылады. Одан тартымды, айқын сөйлеу, тез, логикалық ойлану, көлемді оқу материалын есте сақтау, яғни осы жастағы балалар үшін ерекше қиын болатын нәрселер талап етіледі.

Жыныстық жетілу кезеңінде ішкі мүшелер қауырт, әр келкі өседі. Вегетативтік нерв системасының күйіне эндокриндік бездер ерекше күшті әсер етеді, ол қозудың артуынан, ашуланшақ, өкпелегіш болудан байқалады: бас ауруы пайда болады, бас айналады, ұйқы қашады және т.с.с. Мұның бәрі нашар тамақтануға және мидың оттегімен жеткілікті қамтамасыз етілмеуіне байланысты болады. Бұл кезең әсіресе қыз балаларда ауыр өтеді. Соңдықтан бұл кезеңдегі ақыл-ой және дене еңбегі үстінде жасөспірімдер оңай әрі тез қажиды.

Өтпелі кезеңнің екінші фазасы (13-14-17 жас) бұдан да қауырт өтеді. Жасөспірімдердің бойы тез өседі, дене салмағы артады, организмнің төзімділігі кемін, ауруға шалдыққыш болады. Жасөспірімдердің деңесі дөрекіленіп, икемсіз келеді, қимылы ебдейсіз болады. Жоғары дәрежелі нерв қызметінде тежелуден жалпы қозу басым болады, тітіркендіргіштерді жіктеу қабілеттілігі кемиді. Мидың қызметі барған сайын төмендеп, қанмен жабдықтаудың одан әрі нашарлауы есебінен нерв системасы тез қажиды.

Алайда өтпелі кезеңнің соңына қарай ғана ми қыртысының функциялық қызметі айтарлықтай артып, қыртыс пен қыртыс асты бөлімдері арасында өзара қарым-қатынас орнайды. Ми қыртысы қызметінің бұзылуы жасөспірімдердің бәрінде бірдей байқала бермейтіндіктен, М.М. Кольцова олардың дамуында семья мен мектепте нервтік-психикалық жарақат алу үлкен роль атқарады деп есептейді. Мұндай жастар жасөспірімдер арасында, ересектердің мектеп оқушыларының осы дамуы кезеңіне тән ерекшеліктерін білмеуі және оларды жете бағаламауы нәтижесінде педагогтар мен ата-аналар арасында жанжалдар жиі болып тұрады.

Педагогтар мен ата-аналар жасөспірімдердің бұл кезеңін жақсы білуі, оларға ұстамдылық, шыдамдылық және ілтипат көрсетуі тиіс. Оқу процесінің режимін дұрыс ойластыру, тыныштық жағдай туғызу, айналадағылардың тілектес қарым-қатынас жасауы өтпелі кезеңде жасөспірімдер нерв системасы қызметінің бұзылуына және тіпті ауруға шалдығуына жол бермейді.

Дене шынықтыру сабақтары организмнің функциясын қалыпқа түсірудің ең тиімді құралы болып табылатыны дәлелденген. Алайда дене еңбегінің шамасына үнемі дәрігерлік тексеру жүргізілін отыруы тиіс өйткені қажу жасөспірімге зияң келтіруі мүмкін. Мәселен, шет елдерде мектептерде дәстүрлі гимнастиканың орнына күн сайын жүргізілетін арнайы ырғақты гимнастика еңгізілген, ол қимыл системасының нервтік-психикалық күйі мен дамуына жағымды әсер етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет