ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУ
Ләйлінің Мәжіннің ата-анасының қайтыс болғанын
естіп қайғыруы хақында.
Жүрегі шын ақынның егіледі,
Алтын сөз қаламынан төгіледі:
Қайғыда жанды Мәжін екі бірдей,
Сенделіп, есеңгіреп, есі кірмей.
Уланған ғашықтықтан пәк жүрегі,
Тезге сап талқан еткен тағдыр оны.
Ұшырап махаббаттың қарғысына,
Қосылған құба шөлдің ақ-құсына.
Шошайып жалғыз отыр қу молада,
Тым-тырыс туған әке, туған ана.
Жас буып екі көзін көрмей қалды,
Маңайы тас қараңғы көрге айналды.
Шыңылдап шеше дауысы құлағында,
Білмейді күлерін де, жыларын да.
Ойлаған болу керек жығылар деп,
Қоршады төңірегін бұғылар кеп...
Баяндау маған ауыр бұл қайғыны,
Жұбатар мендей жырлап кім Ләйліні?
Басынан бақыт оның ерте көшті,
Кездесу жолын тағдыр келте кесті.
Қайғысын қос қабаттап сол бір түнгі,
Ләйліні жегідей жеп тағдыр тынды.
175
Отына махаббаттың гүлдей жанып,
Күндізі қарауытты түнге айналып.
Іштегі өшіре алмай қалың өртті,
Қиналды тән дәрменсіз, жаны дертті.
Күйзелді ата-ананың қазасына,
Мәжіннің ортақ болып азасына.
Деді ол: «Мәжін үшін мен кінәлі,
Дертінен айықпаса ендігі әрі.
Баз кешіп дүниенің базарынан,
Ата-ана кетті соның азабынан.
Шақырып қасіретті келтіргендей,
Болдым-ау, өз қолымнан өлтіргендей!»
Күйдіріп көкірегін отты жалын,
Еңіреп Ләйлі былай төкті зарын:
«Тірлікке ажал сепкен, уа, көк аспан,
Пенделер шиырыңнан көп адасқан.
Тайдың сен осы жолы әділеттен,
Таң қалам құдіретіңе кері кеткен.
Телисің зұлымдықты гүлге әкеліп,
Жасайсың әр күн сайын бір қателік.
Сабағын қашанғы оның сындырасың,
Жапырағын желге неге жұлдырасың?
Күтетін алдыдағы бағын тоспай,
Неге оны үгітесің лағыл тастай.
Жараспас Жаратқанға мұндай қылық,
Шайғың бар қара сумен құмдай қылып.
Лағылда махаббаттың сәулесі бар,
Болады қызыл гүлге ол да сыңар!
Уа, тағдыр, өзің айтшы төрелігін,
Азапқа салдың неге тау елігін?
176
Ажалдың уыты бар қанжарыңда,
Қинамай жанын бірден алмадың ба?
Неге осы жалықпайсың бұл ойыннан,
Қайтсаңшы өлім төккен райыңнан?
Осылай шыныменен қырғаның ба?
Ілінді тұзағыңа қырғауыл да!
Шеңгелің шүйліккенін құтқара ма,
Құйыттай құс жұмырыңа жұқ бола ма?
Емес пе билігің зор, қолың күшті,
Неге сен босатпайсың момын құсты?
Еркіме жіберсеңші сүйгім келсе,
Қурайдай отқа жағып күйдіргенше?
Сен қашан жаның ашып мені аядың,
Шықпастай шынжырлаулы қол-аяғым?
Жетеді осы зорлық жасағаның,
Бұғаудан өлтірсең де босанамын!
Сөнбейтін жұлдыздардың құдіреті бар,
Махаббат сөнсе мүлде дүние тынар.
Сындырып айға созған саусағымды,
Жасытты, жаныштады, жан-тәнімді.
Өмірден үміт сөніп үздім күдер,
Жөніме жібер енді тізгінді бер?!
Алқымға тығылды кеп соңғы демім,
Сонда да көзің тоймас мен білемін!
Қайнаттың қара судай қазандағы,
Күнәмнің қайсы содан тазарғаны?
Кім сірә сұм ажалдың қолын қағар,
Бір жанға екі қайғы ауыр болар.
Ойласаң тебіреніп толғана бір,
Ата-ана қасіреті жерден ауыр.
177
Халықты бұл қасірет қайран қылды,
Мәжінді тірі өлікке айналдырды.
Ол күйген қайғы отына мен де күйем,
Сол менің көкте қожам, жердегі ием!
Қайғыдан қос қабаттап кидім көйлек,
Ешбір жан есіркемес күйдің ғой деп!».
Жылады, отқа түсті көбелектей,
Мәжіннен басқа жанды керек етпей.
Қып-қызыл батқан күндей көкте жанып,
Өртенді Мәжін жаққан отқа оранып.
Қашанда ғашықтарға бір құдай жақ,
Қызыл гүл өрт ішінде тұрды жайнап...
Құдайға айтқан зары көкті жарып,
Шешенің құлағына жетті барып.
Ананың емешегін үзді қайғы,
Шешесі жылағанда қыз жылайды.
Таусылып бойындағы құрғыр төзім,
Әкеге жеткізді ана қыздың сөзін.
Еңкілдеп қайран әке көп жылады,
Шақыртқан емшілердің келді бәрі.
Ләйлінің беті жазғы күндей лаулап,
Ыстығы көтерілді гүлдей қаулап.
Емшінің шығып кетті есі мүлде,
Бола ма жанған күнді өшіруге?
Ажалдан құтқармайды дәрі бізді,
Алған ғой Исаның да жанын ізгі.
Сырқаты күннен-күнге дендей түсті,
Жан бар ма алып қалар ол байқұсты?!
Жатқанда ортасында өмір-өлім,
Сөз жетті құлағына келіп оның.
178
Анықтап айтуынша көргендердің,
Басында Мәжін отыр өлгендердің.
Көз салып селт етпейді жалғанға түк,
Мелшиіп тас мүсіндей қалған қатып.
Зиратта сүреді өмір өлген жандай,
Келеді аттанғысы жолдан қалмай.
Бір күні келген соқыр көңіл сұрап:
«Мәжінді көрдім, – деді, – жыламсырап.
Болмайды бұл дүние оған тұрақ,
Көзінде сөнгелі тұр жанған шырақ».
Мұны естіп халі мүлде төмендеді,
Ол өлсе, бірге мен де өлем деді.
Әркімге алабөтен бір ой келді,
Тұрғандар қасындағы үрейленді.
Қаралы махаббаттың бір кемесі,
Қайғыға батып кетті мүлдем осы...
Ей, емші, мазалама, емің бекер,
Одан да жұбат мені көңіл көтер.
Жанымды күні-түні салған отқа,
Бір дауа шыныңды айтшы, бар ма, жоқ па?!
179
Достарыңызбен бөлісу: |