10 ТAҚЫPЫП. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕРЛЕРДIҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
Сұрақтары:
1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң құқықтық жағдайының түciнiгi және құрамы.
2. Ауылшаруашылық мақсатына арналған жерлерге меншік құқығы және өзге құқықтар, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді пайдалану субъектілері.
3. Арнайы жер қорының түсінігі және құрамы.
4. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бір санаттан келесі түріне ауыстыру тәртібі
5. Шартты жер үлесі. Жалпы сипаттамасы
6. Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді ауыл шаруашылық емес мақсаттарға пайдаланумен және оларды алып қоюмен келтірген шығынды өтеу тәртібі.
1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң құқықтық жағдайының түciнiгi және құрамы.
Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасының жер аумағы 272490,2 мың гектарды құрайды. Осылардың ішінде ауыл шаруашылық жерлері – 222513,6 мың гектарды құрайды. Соңғысының ішіне сәйкесінше ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер де кіреді, оның жалпы көлемі 90910,35 мың гектар. Ал жер аумағының қалған бөлігін ауыл шаруашылық өндірісінің мақсатында пайдаланылатын жердің басқа да санаттары құрайды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер дегеніміз – ауыл шаруашылығының қажеттері үшін берілген немесе осы мақсаттарға арналған жерлер болып табылады Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер өз кезегінде 3 топқа бөлінеді:
ауылшаруашылық алқаптары;
ауылшаруашылық мұқтаждарын қамтамасыз етуге арналған құрылыстар, өзге объектілер су айдындары орналасқан жерлер;
өзге алқаптар; құмдар, тақырлар т.б.
Ауыл шаруашылық алқаптары бірнеше түрге бөлінеді: егістік, жайылым, шабындықтар, көп жылдық екпелер, т.б. Суландыру деңгейіне байланысты суарылатын алқаптар (суландыру деңгейі табиғи түрде 75 пайызды құрайды) және суарылмайтын алқаптар болып бөлінеді.
Ауыл шаруашылық алқаптарына жер заңнамасында берілген түсініктерге тоқталып кетейік. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 97-бабының 4-бөлімінде осы түсініктер бекітілген.
Егістік – жүйелі түрде өңделетін және көп жылдық шөптердің егістігін қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігіне пайдаланылатын жер учаскелері, сондай-ақ сүрі жер. Алдын ала егілетін дақылдардың егістігі орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт аралығында), түбегейлі жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелері, сондай-ақ басқа бақтардың егіске пайдаланылатын қатар аралығы егістікке жатпайды.
Тыңайған жер – бұрын егістік құрамында болған және күзден бастап бір жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмайтын және пар айдауға әзірленбеген жер учаскесі.
Көп жылдық екпелер – жеміс-жидек, техникалық және дәрі-дәрмек өнімдерінің түсімін алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендіруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелеріне пайдаланылатын жер учаскелері.
Табиғи шабындықтар мен жайылымдар – шөп егу арқылы жаңадан отайған шабындық және жайылым учаскелері.
Суландырылған жайылымдар – тиісті мал басын сапасы ойдағыдай сумен қамтамасыз ете алатын су көздері (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегінді құдықтар) бар жайылымдар.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік реттеу алдына келесідей міндеттерді қояды:
жерлердің бұзылуына, деградацияға ұшырауына және шаруашылық қызметтің басқа да жағымсыз салдарының орын алуына тосқауыл болу, экологиялық қауіпсіз өндіріс технологияларын пайдалана отырып, мелиоративті және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру;
бұзылуға және деградацияға ұшыраған жерлердің жақсаруын және қалпына келуін қамтамасыз ету;
жерді дұрыс пайдаланудың экологиялық нормативтерін тәжірибеге ендіру;
мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтау және жою, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiру, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтiру жөнiндегi шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасау, белгiлi бiр жерде жер учаскелерiн бөлiп беру мен шекарасын белгiлеу, жер учаскесiне меншiк құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар жасауды ұйымдастыру;
жердi түгендеу iсiн жүргiзу, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырған жердi анықтау;
ауыл шаруашылық жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны туралы мәлiметтердің жүйесін қалыптастырады;
ауыл шаруашылығы жері саласында орын алып жатқан өзгерiстердi уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрi дамуын болжау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуді ұйымдастыру және де көптеген басқа да салалық міндеттерді өз алдына міндет ретінде қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |