Мұндай әрекет пен жұмыс әр қазақтың азаматтық парызы деп түсінемін. Бәріміз де жұмылып, шама-шарқымызша атсалысайық, қандас бауырлар!
Мен тіпті сол кездер мен бүгінгі күн арасында параллель жүргіземін: ақша мен нарық билеп тұрған осы шақта біз ұлттық рухты тағы да, екінші мәрте тұқыртып алып, мәңгүрттенудің екінші кезеңіне жол беріп қоймаймыз ба екен? Қазір қоғамымызда ұстанатын негізгі құндылықтар байлық пен билік төңірегінде қалыптасып отыр: соларға ұмтыламыз, өмірді де, өзіміз бен өзгелерді де солармен екшейміз, өлшейміз және бағалаймыз – «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесіннің» кері дәп бүгін келген секілді. Ұлтымызда әлеуметтік жікшілдік орын алып, кең етек жая бастады. Бұл кесел тіпті мектеп пен бала бақшаларында көрініс тапқан. Бір ғана мысал. Менің жақын жолдасымның бала бақшаның жоғарғы тобына баратын алты жасар үлкен қызы бақшаға бірінші рет баратын үш жасар інісін былай деп үйретіп жатыр: «Сен бақшада бізде «Ауди» машинасы бар екендігін айтып қойма, онда сенімен ешкім де ойнамайды. Бізде джип немесе «Мерседес» бар деп айт»... Күлетініңді де, жылайтыныңды да білмейсің...
Жүрген жеріміз азап...
Біз осы нашар қазақтың тұқымы емеспіз бе? Исі жақсы қазақ ашаршылық кезінде басқалардың нанын тартып жеуге ұяты жібермей, адамның етін жемей, қырылып кеткен жоқ па?..
Сол себепті қазаққа байлық пен билік жолында ышқына күшенген, күреске, дода мен бәсекеге толы дүниеде бір сәтке болса да басын көтеріп, айналаға баппен және байыппен көз тастап: «Біз кім боламыз? Қайданбыз? Қайда бара жатырмыз?» деген сұрақтар төңірегінде толғану қажет, ойлану керек. Тұңғиық Көкке жанарымызды тосып: «Жаббар Иеміз! Жаратушы Аллаһ-Тағала-уа-Тағала!.. Бұл біз ғой – қазақпыз!!! Кешір бізді!..» деп тәубеге келу керек болар... Бәріміз де: ашаршылықтан зардап шеккендердің және ашаршылықты тудырғандардың да ұрпақтары, қазақ етін жегендердің және жем болғандардың да ұрпақтары. Ашаршылық нәубетін ескеруді ұлттық дәрежеге көтеру - рухсызданудан сақтанудың басты амалы деп ойлаймын. Бәріміздің де басымызға түскен қасірет тұрғысынан бірігуіміз керек!
Мен студенттер арасында насихат жүргізіп, оларға ашаршылық туралы әңгімелер жазуды тапсыру жұмысымен айналысқаныма үш жылдың жүзіндей болып қалды. Алдымыздағы таяу күндері студенттердің жұмыстарын біріктіріп, алғы сөз жазып, бірінші рет кітап қылып шығарсам ба деген ойдамын.
Алғашында студенттер мұндай тапсырманың қиындығын айтып, маған «Ашаршылық куәгерлері қазір сексен жастан асып кетті емес пе? Ондай қариялар ауылымызда қалған да жоқ. Біз ашаршылық жайлы қалай жазамыз?» деп қиылды. Мен оларға «Ашаршылық куәгерлерінің бүгінгі күні бірлі-жарым ғана қалғандығы рас-ақ. Олардың өзінен болмаса да, сіздер олардың әңгімесін естігендерден сұрап білсеңіздер болады. Бұл көз көргендердің куәсін естігендердің куәсі болады. Мысалы менен сұраңыздар: менің жасым елуге жетпесе де, мен марқұм әкем мен шешемнің әңгімелерін жақсы білемін. Мен солардың куәсінің айғағымын» деп жауап бердім.
Студенттерге әкемнің айтқан әңгімесін қысқаша баяндап бердім.
Менің әкем – Қамза Әлімұлы, 1923 жылы қазіргі Қарасай ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. «Біз бір әке, бір шешеден 13 бала туған едік, солардан үлкен әпкем екеуміз ғана тірі қалдық» деп күңірене әңгімесін шертуші еді қайран әкем.
«1932 жылдың суық күзінде бас сауғалап, жаяулатып Шамалған стансасына жеттік. Бір орыс машинистке алтын-күміс беріп, жүк пойызына отырдық. Бағытымыз – Қырғызстан, ол жерді ашаршылық жайламапты дегенді естігенбіз, мақсатымыз сонда жету. Қанша жүргеніміз есімде жоқ, пойыз бізді Тоқмақ қаласына әкеліп тастады. Стансаға түссек, ана жер, мына жерде сіресіп өліп жатқан қазақтар. Қала халқының дені өзбектер екен, олар ашаршылыққа ұшырамаған тәрізді: әр жерде шайханада сораптап шай ішіп отырғанын көрдік. Ал шайхана табалдырығында қатып қалған қазақтардың өлі денелерін киген киімдерінен танисың.
Бұл жерде де қазақ үшін жан сақтаудың оңай еместігіне көзіміз жеткендей болдық. Әрі оңтүстікке қарай қашуға қауқарымыз қалмаған. Не де болса осында тұрақтауды жөн көрдік. Қаланың шетіндегі бір сайда аузы-мұрны жоқ біреулер тастап кеткен там бар екен, есік-терезесінің орнына текемет пен алаша жауып, соны паналадық. Екі үлкен ағаларым 17 жасар Мұғали мен 15 жасар Аббас (үйде Қабас дейтінбіз) сайдан қамыс орып, базарға отын ғып сатады. Содан тапқан азын-аулақ тиын-тебенге нан алып жейміз. Шешем елден алып шыққан алтын мен күмісті нанға айырбастайды. Кейін ол да таусылды. Бәріміз де ашпыз.
Әкемнің інісі Кәртеңбай ертеректе қайтыс болып, оның төрт әйелі де бізбен бірге болатын (кіші әкемнің баласы жоқтұғын, сондықтан да әйелді үсті-үстіне ала берген екен), алдымен сол төрт жеңгем қайтыс болды...
Әкем кезінде Бұқара мен Самарқант жақта медресе бітіріп, ауылда молда болып, балалардың сауатын ашып, оқытқан кісі еді. Ауылдағы елді отырықшылдыққа үйрететін: үй салып, тауық-қаз ұстататын, бақ салдыратын. «Еңбекші» ауылының күнбатыс жағында «Әлімнің бағы» деген жер әлі күнге шейін бар. Әкем сол кезде 58 жаста еді. Әбден қажыған, әлсіреген, қозғалуға да қауқары жоқ, күні бойы есікте отыратын, ауыл жаққа көз тігіп. Менің жасым тоғызда, күн ұзақ жеті жасар Күлсім қарындасыммен ойнаймын, ойнағанда да көбінесе отырып немесе көрпе астынан басымызды қылтитып қана, асыр салып, жүгіріп ойнау деген жоқ...
Көктем шыға бізге де хабар келді «Қазақстанға жаңа бастық жіберіліпті, аты Мырзажан дейді, қазақ оңала бастапты» деп. Осыдан кейін екі ағам да қозғалыңқырай бастады «Елге қайтайық!» деп. Әкемнің «Мен елге жете алмаймын, осында әл шақырып алайық» дегеніне қарамай, ақпан айының орта шенінде «Қайдасың Қазақстан, қайдасың туған жер!» деп жаяулатып жолға шықтық.
Шу өзенінің бойында әкем қайтыс болды. Оны өзеннің бойына көмдік. Кейінірек жолда Аббас ағам да көз жұмды. Оны көмуге мұрша жоқ, денесін бір ескі дуалдың іргесіне қойып, дуалды шайқап-шайқап мәйітіне құлаттық – ит-құсқа жем болмасын дегеніміз ғой...
Арып-ашып қырғыздың Қарабұлағы деген жерге де келдік-ау! Алатаудың ар жағы Қастек – қазақ жері, одан ауыл да алыс емес. Тек биік асудан өту керек. Анадай жерде қырғыздың киіз үйі тігіліпті, алдында он шақты қой жайылып жүр. Шешем Мұғали ағама «Менің әрі қарай жүре алмайтын түрім бар. Күлсім екеуміз осында қалайық, сен Қамза екеуің асудан өтіп, елге жетіңдер. Содан соң туған-туысты жиып, көлік алып, мені алып кетерсіңдер. Мен бір-екі күн мына қырғыздарға барып паналайын, мұсылман болса, қуып жібермейтін шығар» деді. Шешемнің сөзін жөн көрдік те ағам екеуміз жүріп кеттік.
Қарлатып, борандатып асудан да өттік екі иінімізден әрең дем алып. Төмен түссек, елдің бәрі де қолдарына шелек ұстап, жотада жүр. Күні бойғы кәсіптері - сарышұнақтың ініне су құйып, тышқан аулау. «Қазақ оңала бастапты» деген әңгіме бекер болып шықты. Содан жаяулатып, ауылға келдік. Ауылдың жартысы қырылып қалыпты, аштықтан естері кеткен ел бізді елеп-ескермеді, тіпті жақтырмады да. Қысқасы не керек, ары ұмтылып, бері қарманып, Алматы жаққа тарттық та, ағам Мұғали біраз уақыттан соң Боралдайда салынып жатқан радиостанса құрылысына жұмысқа жалданды. Алайда бірер күннен соң ағама оба ауруы жабысып, ол да қайтыс болды. Жалғыз қалдым. Қарғалыдағы әпкеме тарттым. Жаяулатып, екі күн дегенде әпкеме де жеттім. Бірақ аш өзегіне түсіп кеткен жездемнің үй-іші мені құшақ жая қарсы алған жоқ.
Бұл жердегі де күйім мәз болмаған соң, екі-үш күннен кейін қайтадан Алматыға жол түзедім. Түнде бір бұтаның басына жатып қондым. Түсіме әкем мен ағаларым кірді: бір ордың ар жағында тұр, ордың бер жағы сым темірмен қоршалған екен, маған күле сөйлеп: «Кел, келе ғой!» деп қолдарын бұлғап шақырады. Ұлдың ең кішісі болғандықтан әкем марқұм мені қатты еркелететін, қасынан тастамайтын, соған орай өзім де ерке-шолжаң болып өстім: әкем мені бір жерге алмай кетсе, ызаланып, долданатынмын, тіпті пісіп тұрған қазанның ішіне шаптырып та жіберетінмін. Әкемнің менің бар қылығымды бәрібір кешіретінінбілемін...
Сол еркелігіме салдым да, әлде қырсықтығым ұстады ма, әйтеуір әкемнің шақыруына бармай, жалт бұрылып, қаша жөнелдім... Оянып кетсем, түсім екен. Қайтадан жолға шықтым. Ақсайға жете бере жолдың жиегінде асылып тұрған, астына от жағылған қазанның қасында бүкшеңдеп жүрген еркек пен әйелді көріп, «Бұлар маған тамақ берер ме екен?» деп дәметіп, соларға қарай жүрдім. Әйел мені көріп, сасып қалды да, сонан соң «Келе ғой бермен, келе ғой, балам!» деп маған қарсы жүрді. Ер кісі де басын көтерді, бет-әлпеті қап-қара екен, көздері де жынданған адамның жанарындай қорқынышты. Ішім, бір нәрсені сезгендей, зу етті. Қаша жөнелдім. Жаңа ғана жылы шыраймен жұмсақ сөйлеп тұрған әйел еркегіне өктем дауыспен «Ұста ананы!» деп бұйырды. Екеуі де артымнан тұра жүгірді.
Қашып келемін, олар ентелеп келеді. Екі өкпем өшіп, «енді ұсталдым-ау!» дегенде бір дөңнің басына шығып үлгердім. Қарасам, дөңнің асты жол екен, сол жолда қасында кемпірі мен бала-шағасы бар, сақалы белуарына жеткен бір орыстың шалы ат жеккен арбамен шоқаңдатып келе жатыр екен. Соларға қарай жүгірдім. Әлгі екеуі орыстарды көре сала, жерге отыра қалып, шөпшек теріп жүргендей кейіп көрсетті. Мен тоқтамай, сайдан бірақ жүгіріп өттім. Орыстар да мүдірместен өз жолымен кетті, жаңағы екі адамжегіш те көрінбей кетті... Бір ажалдан құтылдым, білем, сол жолы...
Айтып-айтпай не керек, Алматыда қайыр сұрап, бірнеше тәулік күнелткен соң, мені милиция ұстап алып, Сергиополдегі (қазіргі Аягөз) балалар үйіне өткізіп жіберді. Екі жылдан кейін ғана күйеуі мен барлық балалары аштан өліп, өзі ғана тірі қалған Қарғалыдағы Секер әпкем әр жерге хат жазып жүріп, мені тауып алып, қолына алды.
Сөйтіп, ашаршылықта әкемнен, екінші әпкем Ынтық пен оның барлық балаларынан, үлкен ағаларым Мұғали мен Аббастан (ең үлкем ағам Мәди ауыл кеңесінің төрағасы еді, 1931 жылы ашаршылық ә деп басталғанда, оны «бидай ұрлады» деп айыптап, атақты «үш масақ туралы» заң бойынша ату жазасына кескен болатын) айрылдым. Шешем мен қарындасым Күлсіннің не өлі, не тірі екенін де білмедім...
Осыдан бастап Секер әпкемнің қолында болдым, орта мектептің жеті сыныбын бітірдім. 1941 жылдың күзінде соғысқа шақырылып, кеңес-түрік шекарасында бір жыл қызмет жасаған соң, 1942 жылдың қарашасында қылмыс кодексінің 58 бабының 12 тармағына сәйкес «антисоветтік үгіт-насихат жасады» (АСА) деген жалған айыппен 10 жыл бостандық айрылуға кесілдім. Сол кезде таралған анекдот бар емес пе еді:
Достарыңызбен бөлісу: |