ЖҰмыс бағдарламасы семей 2013 глоссарий аллювий өзен тасығанда шығып қалған құмдар, қиыршық тастар және т б



бет2/22
Дата09.06.2016
өлшемі1.92 Mb.
#124545
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Топырақ аймақшасы – топырақ аймағына сәйкес таралған бір топырақ типшесі таралған жер аумағы.

Топырақ фациясы – жылу режимінің және жыл мерзімдері ішінде ылғалдылығының ерекшелігі бар топырақ аймағының бір бөлігі.

Топырақ өлкесі (провинциясы) – жылу режимі және жыл мерзімі ішінде ылғалдылығының айрықша ерекшелігі бар топырақ фациясының бір бөлігі.

Топырақ округы және топырақ ауданы – жер бедерінің және топырақ түзуші тау жыныстарының ерекшелігіне байланысты қалыптасқан топырақ жиынтығы бар топырақ өлкесінің бөлігі.

1.4. Топырақ пішінінің қалыптасуы

Топырақтың пайда болу процесінде өзіне тән құрылымының бірі – пішін түзуі, яғни топырақтың морфологиясының қалыптасуы. Осы арқылы топырақтар бір-бірімен және өзі түзілген тау жыныстарынан ажыратылады. Морфологиялық құрылымды жалпы топырақтың құрылымымен шатастырмау керек. Топырақ – әртүрлі морфологиялық көріністерден құрылған табиғи дене. Сондықтан бұл көріністерді оның бір бірінен сыртқы пішіндерімен айырмашылығы бар генетикалық қабаттарынан іздестірген жөн.

Жер үстінде топырақтардың географиялық таралуының заңдылықтарын тұжырымдай келе топырақ жамылғысы көп факторлардың әсерінен түзіліп, құрылысы мен қасиеттерін географиялық ортаның ықпалынан қалыптастыратынын байқаймыз. Сондықтан табиғатта топырақ жамылғысы Жер бетінің кеңістігінде әр түрлі топырақтардан қалыптасқан болады.

Белгілі бір аумақта кездесетін топырақтардың түрлерінің құрамын, олардың таралу пішінін және біріне-бірі сәйкестесе орналасу ерекшелігін топырақ жамылғысы құрылымы ұғымы сипаттайды. Топырақ жамылғысы құрылымының негізі болып жеке топырақ алабы (ЖТА) саналады. Ол – топырақ жамылғысының әрі қарай бөлінбейтін бөлігі. Топырақ классификациясының ең кіші қатарына жататын топырақ түрінің алып жатқан ауданын жеке топырақ алабы дейміз. Жеке топырақ алабы ұғымын және оның басты сипаттарын В. М. Фридланд (1965) ұсынды.

Жеке топырақ алабын сипаттау үшін:

1) топырақтың толық атауы;

2) топырақ алабының морфологиялық сипаты – оның ауданы, шекарасының пішіні мен сипаты;

3) топырақ алабының топырақ түзуші факторлармен биоклиматтық жағдайымен, жер бедерімен, ылғалдылықпен, аналық тау жыныстарымен, топырақтың жасымен, топырақтың түзілу тарихымен және адамдардың әрекетінің ықпалымен байланысын сипаттау сияқты көрсеткіштер қолданылады.

Жеке топырақ алабы ауданы бірнеше шаршы метрден жүздеген гектарға дейін болуы мүмкін. Ауданына байланысты жеке топырақ алабы ұсақ контурлы (1 га-дан кіші) орташа контурлы (1-20 га-ға дейін) және ірі контурлы (20 га-дан үлкен) болып бөлінеді.

Жеке топырақ алабы пішіні дөңгелекше (ұзындығының еніне қатынасы 2-ден кіші), созыңқы (қатынасы – 2-ден 5-ке дейін), ұзынша (қатынасы 5-тен үлкен), тарамданған және қалақша тәрізді болады.

Жеке топырақ алабы шекарасының пішінін сипаттау үшін иректік коэффициенті қолданылады:

Ки=,

мұнда, L – жеке топырақ алабы шекарасының ұзындығы,

S – жеке топырақ алабы ауданы.

Бұл көрсеткіш жеке топырақ алабы периметрінің оның ауданына тең шеңбердің ұзындығына қатынасын көрсетеді. Осы көрсеткішке байланысты ЖТА 4 топқа бөленеді. Олар келесідей: иректелмеген (Ки<2); аз иректелген (Ки 2-4); орташа иректелген (Ки 4-6); мол иректелген (Ки>6).

Жеке топырақ алаптарының заңды жиынтығы – топырақ жамылғысы құрылымын (ТЖҚ) қалыптастырады. Оның басты сипаттаушы көрсеткіштері: құрамы (топырақ түрлері), күрделілігі (жеке топырақ алабы кеңестікте өзгеруі) және ерекше айырмашылығы (генетикалық және агрономиялық тұрғыдан жеке топырақ алабы өзгешеліктері) жатады.

Жер бедерінің өзгешелігіне, аналық тау жынысының қасиеттеріне және басқадай жағдайларға байланысты топырақ жамылғысы құрылымы микро, мезо және макрокомбинациялар құрап, топырақ жамылғысы құрылымының белгілі бір түрін қалыптастырады.

Микрокомбинациялар ұсақ ауданды (бірнеше немесе ондаған шаршы м) ЖТА-ның кезектесіп орналасуымен сипатталады. Көбінесе, ол жер бедерінің ұсақ өзгешелігіне байланысты.

Мезокомбинациялар ірілеу ауданды жеке топырақ алабы мен микрокомбинациялардың кезектесіп орналасуымен сипатталады. Олар жер бедерінің орташа өзгерістерімен немесе аналық тау жынысының кеңістікте өзгеруімен сыбайлас келеді.

Макрокомбинациялар – мезокомбинациялардың жер бедерінің ірі өзгерістеріне байланысты алмасып отыруы.

Жоғарыда аталып өткен топтар ерекше айырмашылықты және сәл айырмашылықты комбинацияларға бөлінеді.

С. С. Неуструев (1915) жер бедерінің өзгеруіне байланысты комбинацияларды топырақ кешендеріне (комплексы) және топырақ үйлесушіліктігіне (сочетания) бөлді. Топырақ кешендері жер бедерінің микроөзгешеліктеріне байланысты қалыптасқан болып келеді. Ал топырақ үйлесушіліктері мезо жер бедеріне байланысты қалыптасып, үлкенірек аумақты алып жататын топырақтар жамылғысы құрылымын құрайды.

В. М. Фридланд (1973) микрокомбинациялар ішінде топырақ кешендерін (ерекше айырмашылықты) және шұбар (сәл айырмашылықты) топырақтар жамылғысы құрылымын бөліп қарауды ұсынды. Мезокомбинациялар ішінде жер бедеріне байланысты қалыптасқан ерекше айырмашылықты топырақ жамылғысы бар үйлесушілікті және сәл айырмашылықты топырақ жамылғысы бар вариацияларды бөліп қарауды көрсетті. Сонымен бірге мезокомбинациялар ішінде топырақ түзуші тау жыныстарының кеңістікте өзгеруіне байланысты қалыптасқан ерекше айырмашылықты топырақ жамылғысы құрылымын өрнекті және сәл айырмашылықты топырақ жамылғысы құрылымын ташеттер деп атады.



1.5. Топырақ түзілу процесінде биологиялық, экологиялық факторлардың рөлі

Экологиялық пәндер қатарына жататын топырақтану ғылымының қазіргі кезде маңызы өте үлкен. Өйткені топырақтың экологиялық қызметі алуан түрлі және оның экосистемалар мен жер биосферасында атқаратын қызметі ерекше маңызды. Топырақтың жалпы және ең басты бірінші экологиялық қызметі жер бетіндегі тіршіліктің табиғи ортасы болып, тірі ағзалардың, жан-жануарлардың өмір сүруіне жағдай жасауы болып саналады. Топырақтың ғажайып ерекшелігі, оның бойында тіршілік ететін ағзалардың өте тығыз орналасуы. Біздің планетамызда құрлықтардың бет ауданы теңіздер мен мұхиттардың бет ауданынан 3 есе кем екеніне қарамастан, құрлықтағы қалыптасқан экосистемалардың биологиялық массасы, суда қалыптасқан биомассадан жүздеген есе көп. Сонымен бірге құрлық өсімдіктерінің және жануарларының түрлері сулы ортаны мекендегендерге қарағанда көп басым. Осы салыстырулар атмосфераға, гидросфераға және литосфераға қарағанда, топырақ құрылымы жағынан жоғары дәрежеде дамыған тіршілік ортасы екенін дәлелдейді. Топырақта әрі қатты әрі сұйық, әрі газ бөліктерінің болуы осында жайғасқан ағзалардың тіршілігіне қажетті, қолайлы жағдай туғызады. Топырақтың бойындағы органикалық-минералдық заттар автотрофты, гетеротрофты ағзалар мен ацидофил және алкофилдердің дамуына оң әсерін тигізеді. Топырақтың екінші маңызды экологиялық қызметі құрлық биогеоценозында өтіп жататын геологиялық және биологиялық заттар мен энергия айналымдары сыбайластығының орталық буыны болуы.

Фотосинтез арқылы түзіліп жиналған органикалық заттар топырақта минералды затгарға ыдырап, қайтадан тіршілік сатысының құрамына қосылады. Топырақтың осы қызметімен оны құрамындағы ағзалар және өсімдіктер фотосинтезі қосылып, оның биологиялық өнімділігінің негізін жасайды. Сөйтіп жер үстіндегі тіршіліктің кезекті сатысының жүруінің негізі болады.

Ауылшаруашылығы тұрғысынан қарағанда топырақтың экологиялық өнімділікті, яғни өсімдіктердің өнімін қалыптастыруға «жағдай жасауы, оның құнарлығы болып есептелінеді. Топырақтың құнарлылығы оның келесі басты экологиялық қызметі болып саналады. Өйткені адамдар өміріне азық-түліктің барлығы дерлік және өндіріске қажет көптеген шикізаттар топырақтың құнарлығы арқылы алынады. Топырақ басқа да көптеген экологиялық қызметтер атқарады. Оларға: ағзаларды сумен қамтамасыз етуі, атмосфера және жерасты суымен келген заттарды сіңіруі, өсімдік тұқымдарын сақтауы, гидротермалды өктем құбылыстарды бәсендетуі, топырақтағы тірі ағзалардың саны мен құрамын реттеуі, биогеоценоздардың даму тарихының айғағы ретінде өз кескінінде қалдықтарды жинақтап сақтауы жатады. Қорыта келгенде, топырақ табиғатгың қымбат байлығы, құрлықтағы биоценоздар тіршілігінің арқауы. Аты әлемге әйгілі эколог Ж. Дорст топырақтың маңызын: «Топырақ біздің ең қымбат байлығымыз. Ол құрлықтағы табиғи және жасанды биоценоздар кешенінің баянды ортасы. Сайып келгенде тіршілік жердің ең бетінде орналасқан жұқа қабатына тәуелді», – деп сипаттаған.

Топырақ түзуге негізгі алты фактор: ауа райы, тау жынысы, жоғары және төменгі сатыдағы өсімдік пен жануарлар дүниесі, жер бедері, аймақтың геологиялық жасы және қоғамның өндіргіш күші қажет. Осыларға жеке тоқталайық.

Тірі организмдер және олардың топырақ түзілуіне әсері. Жер бетінде алғашқы пайда болған тірі организмдер өсімдік те, жәндік те емес – ультрабактериялар. Олар өздері өмір сүретін ортаға өте бейім келеді. Олардың кейбіреулері тіпті, тастарда да өсе бастаған. Олар өздеріне керекті көмір қышқылы газы мен азотты ауадан ғана емес, тастан да алды. Сөйтіп, олар тіпті тасты бірте-бірте бұзып, бүлдіре бастады. Ал үгілген ұнтақталған тау жыныстары оларға таптырмас мекен болды.

Бұл микроорганизмдер табиғаттың ыстық-суығын, оттегінің барын, не жоғын, ортаның қышқылдығын, не сілтілігін таңдамады. Сондықтан олар табиғатта кез келген жерде кездеседі. Оларға су мен қорек болса жеткілікті. Бактериялардан басқа, алғашқы тау жыныстарында балдырлар, саңырауқұлақтар да өсіп-өнді.

Бұлардың артынша бүлінген тау жыныстарында қыналар мен мүктер өсе бастады. Клетка сөлінде қымыздық қышқылы болғандықтан, қынаның тау жынысының бұзылуына әсері алғашқы микроорганизмдерге қарағаңда әлдеқайда белсендірек болды. Қыналар жер тандамайды. Тау шыңдарында онын сөлінің тасты ерітіп, орнында майда шұңқырлар қалдыратынын көруге болады. С. А. Захаров бойынша топырақтың негізгі құрылымының түрлері 13-суретте көрсетілген.

Сонымен, алғашқы тірі организмдер, су, жел және мұздармен бірге Жердің тасты қыртысын бұзып, өздері өлгеннен кейін шіріп, ыдырап қарашірінді (гумус) құрады. Шырын желім тәрізді болғандықтан, қопсыған, үгітілген жыныстарды бір-бірімен жымдастырьш, біріктіреді, сөйтіп алғашқы құнары аздау топырақтар пайда бола бастады. Бұл құбылыстар ғасырлар бойы созылып, алғашқы микроорганизмдер мен төменгі сатылы өсімдіктер өздерінен кейінгі дамып өсетіндерге жағдай жасады. Құнары аз топыраққа енді жоғары сатылы өсімдіктердің өсуіне аз да болса мүмкіндіктер туа бастады.




13-сурет. С. А. Захаров бойынша топырақтың негізгі құрылымының түрлері:
І типі: 1 – кесек, 2 – орташа кесек, 3 – майда кесек, 4 – шаңды, 5–іріжаңғақ тәрізді, 6 – жаңғақтай, 7 – майдажаңғақ тәрізді, 8 – ірі дән тәрізді, 9 – дән тәрізді, 10 – ұсақ,11 – моншақ тәрізді топырақ.

ІІ типі: 12 – тік бағаналы, 13 – бағана тәрізді, 14 – ірі призматикалық, 15 – призматикалық, 16 – майда призматикалық, 17 – жіңішке призматикалық.

ІІІ типі: 18 – жалпақтау, 19 – платика тәрізді, 20 – жапырақ тәрізді, 21 – пішіні тұрпайы, 22 – майда тас.

Осы алғашқы топырақта өскен шөптер мен бұталар тастардың жарықтарына да шығып, оларды ыдыратты, бұзды.

Тастар мен тауларды бүлдірумен қатар өсімдіктер өзі түзген топырақты қорғай да алады. Қарашірік пен өсімдік тамырлары топырақ бөлшектерін біріктіріп, жымдастырып, желден, судың жуып-шаюынан сақтады.

Тау жынысының үгілуінен бөлінетін қоректік заттардың бір бөлігі енді топырақтың тіршілік көзі болып саналатын организмдер бойына ауыса бастады. Ал олар өліп, ыдыраған кезде, топырақтың жоғары қабаттарында және оның белгілі бір тереңдіктерінде қоректік заттарға айналып, топырақ құнарлығын арттырды. Бұл келесі өсетін өсімдіктергс қолайлы жағдай жасады.

Сонымен, араға ғасырлар салған уақыт өте келе алғашқы пайда болған топырақ жетіліп, шын мәнісіндегі құнарлы топыраққа айналды. Оларда өсетін өсімдіктер, мекендейтін жәндіктер көбейді, төменгі сатыдағы өсімдіктермен қатар, жоғары сатылы өсімдіктер өсіп, тірі жәндіктер мен жануарлар пайда болды.

Топырақ түзілу процесінде биологиялық, экологиялық факторлардың рөлі төмендегідей жіктеледі.

1. Жоғары өсімдіктер әрекеті: топырақ өсімдік жүйесіндегі химиялық элементтердің айналымын және топырақтың органикалық затының синтезін қамтамасыз етеді.

2. Топырақ жануарларының әрекеті: өлі органикалық заттарды бұзып және түрлендіріп, топырақтың химиялық және физикалық қасиеттеріне зор әсер етеді.

3. Топырақ микроорганизмдерінің әрекеті: топырақтың органикалық және біраз мөлшерде минералды затын тереңдете түрлендіреді.

Топырақты мекендейтін, онда өсіп-өнетін организмдердің молдығы топыраққа жай ғана әсер етіп қоймай, топырақтағы қосылыстардың бағытына, олардың қасиеттеріне зор ықпал етті. Мәселен, топырақтың әр зонада орналасуына қарай, олардың әрбір граммында мыңдаған, миллиондаған, тіпті, миллиардқа шейін микроорганизмдер кездеседі. Олар да өнеді, өседі, өледі (14, 15-сурет). Топыраққа түскен бүкіл органикалық заттарды ірітіп-шірітіп, ыдыратып, оларды әртүрлі газдарға, минералды заттарға бөлетін, органикалық заттардан күрделі топырақ шіріндісін (гумусты) түзетін де осы – микроорганизмдер.

Өсімдік-топырақ жүйесіндегі органикалық заттың динамикасын бағалау көрсеткіштері:

Биологиялық масса өсімдік қауымдастықтары тірі органикалық затының жалпы мөлшері.

Өлі органикалық зат өсімдіктердің өлген бөліктеріндегі және топырақта жиналған түсу өнімдеріндегі органикалық зат мөлшері.

Жылдық өсім өсімдіктің жер беті және жерасты бөлігінде жыл ішінде өсіп қосылған органикалық зат массасы.

Түсінді (опад) – жыл ішінде өлген органикалық заттың аудан бірлігіне шаққандағы мөлшері (әдетте ц/га)

Өсімдіктер топырақтан сіңірген күлдік элементтер (С, О, Н, N – тан басқа химиялық элементтер) оның органикалық заты құрамына кіреді. Өлгеннен кейін органикалық зат топыраққа түсіп микроорганизмдер әсерінен терең түрленуге ұшырайды, ал күлдік элементтердің басым бөлігі өсімдіктердің сіңіруіне қолайлы пішінге еніп, жаңа органикалық заттың құрамына кіреді, бір бөлігі топырақта кідіріліп немесе сумен төмен шайылады. Нәтижесінде топырақ-өсімдік жүйесіндегі күлдік химиялық элементтердің заңды айналымдық миграциясы, яғни биологиялық зат айналымы жүреді.



14-сурет. Топырақ актиномицеттері мен саңырауқұлақтары:
а – актиномицет мицелиі (х1000); б – бірклеткалы мукорлық саңырауқұлақ; в–көгерткіш саңырауқұлақ (х100) (В. В. Добровольский оқулығынан, 1999)

Топыраққа тек микроорганизмдердің ғана емес, сонымен катар онда мекен ететін көптеген зоофауналар, қарапайымдылар төменгі және жоғары сатылы жан-жануарлар, кұрт-құмырсқалардың пайдасы көп. Мысалы, жауын құрты әртүрлі өсімдіктер қалдығымен қоректеніп, денесі арқылы органикалық заттарға бай, суға шыдамды топырақ түйінділерін (капролитті құрылым) шығарып топырақ қабаттарын әрі-бері тесіп өтіп, ондағы су ауа режимін жақсартады. Осыған байланысты, Ч. Дарвиннің «Топырақты адам қоғамы соңғы мыңдаған жылдар бойы жыртып келеді. Ал оған дейін топырақты бірнеше мыңдаған жылдар осы жауын құрты жыртып келген» деген тамаша айтылған сөзі бар (Ч. Дарвин. 1986).

Қазіргі кезде топырақта өмір сүретін организмдерді тек оны мекендейтін тіршілік иесі ретінде емес, оның бір бөлігі деп қарайды, яғни бұлар да топырақ құрамына кіреді деген сөз. Сондықтан топырақты тірі дене деп есептейді. Топырақтану ғылымының геологиялық ғылымдар емес, биологиялық ғылымдар қатарына жатқызылуы да осыдан болса керек.

Ауа райының топырақ түзудегі рөлі орасан зор. Климатқа, яғни ауадан түсетін ылғал мөлшеріне. ауа температурасының ыстық, суығына, үсіксіз уақыттың қысқа немесе ұзақтығына қарай әр жерде әртүрлі өсімдік, жан-жануарлар мен микроорганизмдер тіршілік етеді. Олардың әрекетінен әр жерде әр түрлі топырақтар түзіледі. Мәселен, шөлде шөл топырағы түзілсе, тундрада мәңгі тоң астында дамымаған, мәңгі жас, құнары аз топырақ, ал ауа райы жайлы, одан түсетін ылғалы мол, күн сәулесі жеткілікті аймақтарда құнары мол қаратопырақ түзіледі.


15-сурет. Топырақ балдырлары: а –жасыл балдыр;

б- қөқ-жасыл жіпше балдыр; в – диатомдық балдыр (х 1000).
Топырақ түзілу құбылысының жылдамдығы (белсенділігі) ғарыштан келетін күн сәулесінің қуатына тікелей байланысты. Күн сәулесімен қатар, тірі организмдерге ылғал қажет, осыған байланысты топырақ түзілу жылдамдығы, күні, жылы әрі ылғалы мол аймақтарда өте жоғары, ал керісінше, ылғалы аз, күні суық немесе ыстық аймақтарда бұл құбылыстардың белсенділігі төмен. Осы себептен де климат жағдайларына топырақтың химиялық және минералдық құрамдары тікелей байланысты.

Күні жылы, ылғалы мол аймақтарда топырақ минералдары негізінен қатты үгілген, балшықты екінші минералдардан, ал күн райы ыстық немесе суық, ылғалы өте аз аймақтар топырақ құрамындағы минералдардың басым бөлігі, жөнді үгілмеген алғашқы минералдардан тұрады.

Ылғалы мол аймақтын топырағында суға ерігіш тұздар аз кездессе, керісінше, құрғақ, шөл аймақтар топырақ құрамы суға ерігіш тұздарға бай келеді. Ауа райының жиі желді болып келуі де топырақтағы құбылыстарға, оның құнарына көп әсер етеді. Сонымен қатарғ айналамызды қоршап тұрған экологиялық факторлардың әсерлері де топырақтың түзілуіне көптеген әсерін тигізеді.

Топырақ түзуші тау жыныстарының топырақ түзуге әсері. Түзілген топырақтың химиялық, минералдық және механикалық құрамы өзін түзген тау жыныстарының құрамына өте ұқсас келеді. Топырақ түзуші тау жынысын топырақ түзуші аналық жыныс деп атайды. Осыдан топырақтың өзін түзген аналық жынысына ұқсас болуы занды нәрсе. Сонымен аналық топырақ түзуші тау жынысы өзі түзген топырақтың көптеген химиялық, физикалық-химиялық және физикалық қасиеттерін анықтайды. Тіпті, кейбір аймақтарда топырақ түзуші тау жыныстарының химиялық құрамы бұл аймақтарға тән емес құрамы басқа топырақты түзеді. Бұған мысал ретінде бұрынғы КСРО-ның кең алқапты, күлгінді топырақты аймағында кездесетін қара шірікті, әктасты топырақты айтуға болады. Бұл жерлерде топырақ түзуші тау жыныстарының әкті заттарға бай болуы, аймақтың ішінде терістік аймаққа тән емес, қарашірікті, әкті заттарға бай топырақ түзуге әсер етеді. Тау жыныстарының өзі түзген топыраққа әсері, әсіресе, шөлді аймақтарда айқын көрінеді. Себебі бұл аймақтарда ауадан түсетін ылғал аз болғандықтан, топырақ түзілу белсенділігі өте төмен болып, тау жынысына оның әсері аз тиеді. Сондықтан тау жыныстарының құрамына күрделі өзгерістер енгізе қоймайды.

Топырақ түзуге, оның құнарлылығын арттыруға жер бедерінің тигізетін әсері маңызды орын алады. Жер бедерінің әртүрлі болуына қарай, оған судың келуі, сумен бірге қоректік заттардың ілесе келуі, тіпті, күн сәулесінің түсуі түрліше болады. Тегіс жерлерге ауа ылғалы жақсы сіңеді. Ал беткейлі. дөңесті жерлерге ылғал дұрыс сіңбей, су ойпатты жерлерге жиналады. Жер бедеріне қарай күн сәулесі де бір тегіс түспейді. Мысалы, таулы алқаптарда терістік беткейлерге күн сәулесі аз, оңтүстік беткейлерге мол түседі. Жер бедерінің біркелкі болмауы топырақ түзілуге және олардың құнарлығына әсер етеді. Топыраққа жер бедерінің әсері туралы айтқанда, оның аса биік (макро) немесе орта (мезо) немесе майда (микро) деп бөлінетін естен шығармағанымыз жөн. Аса ірі таулы алқаптарда топырақ-климаттық зоналық зандылықтар жазық аймактардағы топырақтың таралу заңдылығына сәйкес келе бермейді. Бұл ірі биік таулы алқаптарда топырақ-климаттық жағдайлардың тау етегінен биіктікке қарай таралып, өзгерулері табиғаттың белдеулік заңына бағынады (ол жайында кітаптың соңғы тарауларында сөз болады). Ал топырақтың мезо және микро жер бедерлеріне қарай өзгерулері зоналық топырақтарға әртүрлі топырақ тіркестері мен кешендерінің қабаттаса кездесулеріне әкеледі.



Топырақ түзуге аймақтың геологиялық жасының әсері. Геологиялық жаңа аймақта топырақ та жас, яғни жаңа түзіле бастаған топырақ, ал геологиялық ескі аймақтың топырағы да ескі. Міне, осы түрғыдан алғанда кең байтақ ТМД елдерінің теріс жағында жаңа жас топырақтар түзіліп жатса, оңтүстік жағында көне дәуірден келе жатқан топырақтар кездеседі. Себебі бұрынғы КСРО-ның теріскей жағы кейінгі дәуірлерде ғана мұздан арылған. Ал оңтүстік аймақтардың мұздан арылғанына бірнеше дәуірлер өтті. Тіпті, оңтүстік аймақтың көп жерлерін мұз баспаған. Сондықтан бұл алқаптарда топырақтың даму құбылыстары ерте басталған. Осыған қарап, жалпы оңтүстік өңірлерде жаңадан түзіліп жатқан жас топырақ жоқ деп айтуға болмайды. Мәселен, соңғы жылдары шегініп бара жатқан Арал теңізінің суы тартылуынан оның бұрынғы түбінде жаңадан топырақ түзілу құбылыстары басталды.

Топырақ түзу процестеріне адам қоғамының тигізетін әсері. Адам өзінің саналы әрекеттерінің нәтижесінде жерді қолдан суарып немесе құрғатып, мелиорациялап, топырақтың табиғи даму құбылыстарына көп өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістердің көбі - топырақтың пайдалы қасиеттерін жақсартуға, топырақтың құнарлылығын арттыруға бағытталған шаралар.

Жер жыртылып, топырақ өңделгеннен кейін табиғи өсімдіктер орнына мәдени дақылдар егіледі, ал олардың табиғи өсімдіктерге қарағанда, топыраққа тигізетін әсері әрине, өзгеше.

Топырақтарды көп жыл бойы суарып, тыңайтқыштар енгізуден топырақтардың бұрынғы табиғи қасиеттері өзгеріске түсіп, жаңа "мәдениеттелген" сапалы топырақтарға айналады. Бұған Орта Азиядағы көп жылдар бойы суарылып келе жаткан жазира алқаптардың топырақтары мысал болады. Адамның саналы әрекетінің арқасында, табиғи жағдайда құнарсыз жатқан топырақтар (шөлді, батпақты, сорланған, сортаңданған) құнары артқан, сапалы топырақтарға айналды.

Дегенмен, осы әрекеттердің барлығы оң нәтиже беріп жүр деп айтуға болмайды. Суармалы алқаптардағы егістікті суарудағы және жерді мелиорациялаудағы жіберілген қателіктерден құрамында тұзы шамалы топырақтың екінші рет сорлану құбылыстары басталып немесе батпақтанып, топырақтары егістікке жарамай, істен шығып қалатын жағдайлардың да болып тұратыны рас.

Ал кейде жыртуға жарамсыз, механикалық құрамы жеңіл немесе сортаң топырақтар жыртылып, одан кейін жел эрозиясына ұшырап, пайдаға аспай қалатын жерлер қаншама. Мәселен, Қазақстанда ХХ ғасырдың 1950 жылдардағы тың игеру кезінде мұндай жағдайлар кездесті. Павлодар облысында мыңдаған гектар жыртуға жарамсыз жеңіл топырақтар мен Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, т.б. облыстарында сортаң топырақтар жыртылып, көптеген зиян шектік.

Осы сияқты халық шаруашылығына зиян келтіретін жайларға жол берілмей, керісінше топырақты өндеу, мелиорациялау, химияландыру, оның құнарын арттыруға бағытталуы тиіс. Ол үшін әрбір аймақтың өзіндік ерекшелігін, топырағының қасиеттері мен құрамын жете білген жөн.

Қазіргі ғылыми-техникалық үдеу мен қоғамның дамуы нәтижесінде адамзат топырақ түзу құбылысын, оның құнарын арттыру жолын бүтіндей өз қолына алып, жаңа бетбұрыс жасауға кірісті. Өндірістік күштерінің дамуымен көптеген қолдан бүлдірген жерлерді қайта құнарландыру (рекулътивация) жұмысы жүргізілуде.

Ертеректе адам қоғамының топыраққа әсерлері негізінен жергілікті мелиорацияланған жерлермен шектелетін. Ал қазір адамзат қоғамының топыраққа, жалпы табиғатқа тигізетін әсерлері өзгерді. Тек жыртылып, мелиорацияланған (суарылған, құрғатылған) жерлермен ғана шектелмей, тіпті, жыртылмаған жерлерге де тиюде, яғни әлемдік деңгейде тарауда. Өйткені жыртылмаған жерлерде өндіргіш күштерінің нәтижесінде игерілген топырақтардың тек ылғал тәртіптері ғана емес, сонымен қатар әртүрлі тыңайтқыштар енгізіп, арам шөптермен күресу үшін улы химикаттар сепкендіктен, топырақ құрамы елеулі өзгерістерге ұшырайтыны белгілі.

Осы кезде өндірістің дамуымен көптеген жылу электро-станцияларынан әр түрлі зауыттардын биік мұржаларынан шығатын түтін құрамдарында зиянды газ қоспалары жеткілікті. Ол газдар ауа тамшыларымен қосылып кең алқаптарда қышқыл жаңбыр болып жауып, топырақ құрамына мол өзгерістер енгізеді. Сонымен қатар көптеген аймақтарда топыраққа атом жарылыстарының әсері де аз емес. Әрине, бұл зерттеуді қажет ететін мәселелер.

Сонымен, жоғарыда құрғақ жерлердің барлық аймақтарының топырақ түзілуіне әсер ететін негізгі факторлар сипатталды. Ал кейбір жерлерде топыраққа әсер ететін жергілікті (локалды) факторлар кездеседі. Мәселен, кейбір алқаптарда жерасты суының топырақ бетіне жақын жатуы, ол жерлерде шалғынды топырақтын түзілуіне әкеп соғады. Өзен бойларындғы біраз алқаптар жыл сайынғы су тасқындарының әсеріне тап болады.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:


  1. Топырақ түзуші факторларды жіктеңіз.

  2. Топырақтың түзілуі үшін ең алдымен, не қажет?

  3. Үгілудің қандай түрлері бар?

  4. Топырақ түзілу процесі туралы айтыныз.

  5. Топырақ пішінінің қалыптасуы.

  6. Топырақ түзуші материалдық негіздерге не жатады?

  7. Топырақ жамылғысына антропогендік факторлардың әсері қандай?




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет