Лекция курсы Шымкент-2010 ж. 1-лекция Мәдениет контекстіндегі философиялық шығармашылықтың тарихи типтері



бет11/15
Дата16.06.2016
өлшемі0.95 Mb.
#139263
түріЛекция
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

21-лекция

Мәдениет философиясы

Мәдениет ұғымы. Мәдениет философиясының предметі. Мәдениет генезисі. Мәдениет және табиғат. Медениет және адам. Мәдениеттің негізгі салалары. Мәдениетті типологиялау мәселелері. Мәдениет және этнос. Мәдениет және тіл. Мультикультурализм. Жастар субмәдеииеті. Бұқаралық мәдениет феномендері.

Инвективаның мәні. «Көргенділік-көргенсіздік» оппозициясының шығу тегі. Көргенсіздіктің формалары. Бейнормативті лексика мәдени-әлеуметтік феномен ретінде. Эротикалық өнер және пориография: ұқсастығы және шығармашылығы.

Мәдениет және өркениет. Жаһандану жағдайындағы мәдениет. Экологиялық мәдениеттің қалыптасуы. Қазақстанда мәдениет дамуының күйі мен перспективалары: мәдени=философиялық аспектілер.

Әрбір адам ұлттық әлеуметтік топтық таптық ортаның өкілі, яғни нақты мәдениеттің өкілі. В.М.Межуев: «Мәдениет дегеніміз – адамның іс - әрекеті, оның даму формасы» - деп анықтама береді. Адам табиғи заттар мен құбылыстарды өзінің мүддесіне, талап – тілегіне сай өзгертіп отырады. Мәдениет адам мен табиғаттың өзара тұтастығы, өзара қарым – қатынасының тарихи дамып өзгеруінің өлшемі. Адам табиғаттың бел баласы, бірақ оның өмір сүру қисыны басқа. Ол табиғаттан тыс өзіне жайлы ортаны, яғни өзінің болмысына имманентті қоғамды жасауы керек. О баста мәдениет деген сөз өзіндік лексикалық ұғым мағынасында «натура» /табиғат/ деген сөзге қарсы ілім ретінде қалыптасты. Табиғаттан тыс, адам қолынан шыққанның бәрі де мәдениет айғағы бола алады. Мәдениет әлемі – адамның өз әлемі, өйткені ол адамның творчестволық, жасампаздық қабілеттерінің жемісі. Адамзат тарихы – мәдениет тарихы. Адамдар өздері өмір сүріп отырған табиғи және әлеуметтік ортаны өзгертеді, ол тарихи нақты процесс. Ортаны өзгерту арқылы өзі де өзгеріп, дамып отырады. Осы даму процесінің нақты мағынасы мәдениет болып табылады. Мәдениет адамның өзіндік дамуымен барабар процесс.

Философия мәдениетті қоғам дамуына тән жалпы заңдылықтарға сүйеніп зерттейді.

Философиялық әдебиеттерде мәдениет ұғымын саралаудың көпжақтылығын, көпмәнділігін еске ала отырып, олардың бәрін бір жүйеге келтіруді мақсат ететін болсақ, онда екі үрдісті анықтауға болар еді.

Біріншіден, мәдениет дегеніміз табиғаттан өзгеше, одан тыс адам қолымен жасалған құбылыстар.

Екіншіден, мәдениет дегеніміз - өндірісте, ғылымда, өнерде адам қол деткізген жетістіктер. Мысалы, осы мағынада технологиялық, мәдениет, көркем, өнер мәдениеті, адамгершілік мәдениеті деп атап жүрміз. Бұл мәдениеттің нормативтік сипаты. Әрине, бұл екі үрдіс те біржақтылықты көрсетеді, ұғымның мәні ашылмайды.

Мәдениеттің өзіндік концептуалдық мәні оның адамның өзін қоршаған ортаны жетілдіріп, көркейтуге тырысқан саналы рухының, ізденістерінің көрсеткіші екендігін еске алсақ, жоғарыда келтірілген В.М.Межуев анықтамасының дұрыстығы дәлелденеді.

Адамның қоғамдық прогресс жолындағы әрбір қадамы оның мәдениет жолындағы қадамы болып табылады.

Адамның рухани мәдениеті оның айналасындағы адамдармен қарым – қатынасында көрініс табатын қадір – қасиетінде, адамшылығында, ұяттылығында, тәрбиелілігінде, интеллигенттігінде, қарапайымдылығында. Осы моральдік сана ұғымы, осы адамгершілік қасиеттер адамның руханилығының негізін құрайды. Ал басқа - өнер, әдебиет, ғылым, білім дегендер тәрбиелеу және еңбектену нәтижесінде ұғып алуға болатын материалдар болып табылады.

Адам нағыз гуманды бастаулардан нәр алатын қоғамда ғана қалыптасуы мүмкін. Рухани мәдениет және өркениет бір – біріне әруақытта сай бола бермеуі де объективті құбылыс.

Ғылыми – техникалық жетістіктердің адамға ізгілік әкелуімен қатар, бақытсыздық әкелуі де өмірде орын алып отырған жағдай. Хиросима және Нагасаки, Семейдегі ядролық полигон техникалық прогрестің жемісі. Бірақ оны адамға қарсы қолданған адамгершіліктен ада адамның іс - әрекеті. Гуманизмнен, адамның рухани мәдениетінен тыс шынайы прогресс болуы мүмкін емес. Адамды өнерге, рухани байлыққа баулып отыру адамды гуманизм рухында, гуманистік мақсат жолындағы кесапаттарды жеңіп отыратын іскерлік рухында тәрбиелейді.

Ғылымның жоғары мақсаты – адамдарға білім беру. Мәдениет пен өнердің жоғарғы мақсаты – тұлғаның жан жақты дамуы.

Біздің өтпелі қоғамымызда таным және өмір үшін, болашақ тағдырымыз үшін ең маңызды өзекті мәселе – мәдениет және өркениет мәселесі, олардың өзара қарым – қатынасы және бірлігі мәселесі.

Адамдарды әр уақытта болашақ тағдыр ойландырады. Сондықтан да осы мәселе өзінің өміршеңдігімен алдыңғы қатарға шығып отыр.

Тарих өткедерінде, дағдарыстар мен күйреу дәуірінде халықтар мен мәдениеттердің тарихи тағдыры туралы да ойлануға тура келеді. Дәл қазіргі уақытта осындай ой толғақтары біздің қоғамымызға керекті бірден – бір қажеттілік.

Мәдениет пен өркениет бір – біріне өте жақын, төлтума ұғымдар. Әлемдік ғылымның алтын қорына алғашқы рет цивилизация - өркениет деген ұғымды енгізген шотланд философы Адам Фергюссон көрінеді. Дегенмен, бұл ұғымды қоғамдық болмыстың өзіндік диалектикасының қыры мен сырын терең зерттеу мәселесіне кеңінен қолданып, оны метолодогиялық қағида дәрежесіне көтерген К.Маркс пен Ф.Энгельс болып табылады. Өркениет туралы мәселе философия тарихында әр түрлі қырынан көрінеді.

Біріншіден, өркениет дегеніміз – адамзаттың даму процесінде тығылықтан кейін дүниеге келген ерекше тарихи кезең. Бұл кезеңнің негізгі ерекшеліктері – еңбек бөлісуі арқасында пайда болған адамдар арасындағы қарым – қатынастар онан әрі кеңейіп, товар өндірісінің пайда болуы, таптардың қалыптасуы, мемлекеттің дами бастауы.

Өркениет – бүкіл дүние жүзілік тарихи процестің белгілі бір тиянақты даму сатысы. Археологтар мен ежелгі тарихты зерттеушілер бұл ұғымды дәл осы мағынада пайдаланып жүр.

Өркениетті тарихи дамудың нақты кезеңі деп қарастыруды ең алғашқы рет Ш.Фурье ұсынған еді, осы теориялық дәстүр Л.Морган, Ф.Энгельс еңбектерінде одан әрі дамытылды.

Екіншіден, өркениет деп салыстырмалы тұйықталған, өзіндік ерекшелігі бар қоғамдастықты атаған. Бұл дәстүр И.Я.Данилевский еңбектерінде қалыптасқан. Кейінен осы концепцияны О.Шпенглер, К.Н.Леонтьев дамытқан.

Үшіншіден, өркениет адам баласының өмір сүру мүмкіндіктерін кеңейіп, табиғаттың дайын байлықтарын пайдаланып қана қоймай, оны қоғамдық өндірістік технология арқылы өзгерту дәрежесіне көтерілгендігін дәлелдейді. Еңбектің қалай іске асатыны, адамның табиғатқа әсер ету тәсілдері өндірісті қалай және қандай құрал – жабдықтармен жүзеге асыру мәселесі өте маңызды болды. Өркениет жалпы әлеуметтік прогрестің даму процестерімен тығыз байланыста өрбиді. Оның даму жолдарын өркениеттің төменгі сатысы, өркениеттің жалпы деңгейі, өркениеттің аралық сатылары сияқты терминдер арқылы сипаттауға болады.

Өркениетті жалпы қоғамдық дамудың жиынтық мәнездемесі деп қарастыруға болады, оған өзара диалектикалық қарым – қатынаста болып отыратын қоғамдық өмірдің объективті және субъективті заңдылықтары кіреді.

Мәдениеттің алғашқы нышандары еңбек, іс - әрекетпен бірге қалыптаса бастайды. Ал өркениет кейінірек пайда болады. Оның қалыптасуының алғышарттары қоғам дамуының әлеуметтік сипат алуы болып табылады.

Табиғатқа тәуелділіктен босаған адамдардың арасында шын мәнінде нағыз жалпы әлеуметтік қарым – қатынастар пайда бола бастады және адам өмірі күрделене түсті. Өркениет дамуына кеңінен жол ашатын маңызды фактор – қоғамдық әлеуметтік қарым – қатынастардың кеңейіп, нығаюы.

Мәдениет ұғымы адамзат дамуының барлық тарихи кезеңдерін қамтиды, оның аясына өркениетті даму да, одан бұрынғы даму да кіреді. Ал өркениет ұғымы қоғамдық прогресстің кейінгі кезеңдерінде пайда болған дамуын түсіндіреді.

Өркениеттің дамуы адамның табиғи шектілігін және бастауымен тығыз байланыстығын көрсетеді. Бір жағынан, адам табиғат заңдылықтарын танып, біліп, оған терең бойлау арқылы оны өзіне бағындырды, оның тікелей әсерінен бірте – бірте арыла отырып, өзіндік заңдылығы, уақыттың және әлеуметтік тарихи кеңістігі бар қоғамдық болмысты жасай алды. Екінші жағынан, адамның қоғамдық мәнін меңгеру адамның өзін - өзі басқарумен, басқаша айтсақ, өзінің жігері, еркі, темпераменті т.б. сияқты биологиялық - әлеуметтік қасиеттерін ұдайы тежеп, өзін - өзі ұйымдастыру дәрежесіне көтерілді.

Мәдениет және өркениетті зерттеу үшін олардың өзара бірлігі мен айырмашылығын көрсетіп отыратын тарихи өлшемді табуымыз қажет. Сол өлшем арқылы қоғамдық процестің осы екі жағын түсіндіріп қана қоймай, олардың әрқайсысына тән ерекше сипатты табуға да болады.

Осындай ерекше миссия мәдениет пен өркениетті өзара біріктіру және ажыратудың тарихи өлшемі болу – адам ұғымына тән болып табылады. Әрине, мәдениет те, өркениет те адам өзі дүниеге келтірген, өзі солар арқылы өмір сүріп отырған қоғамдық құбылыстар.

Қоғамдық – экономикалық формация, өркениет және мәдениет ұғымдарының өзара байланыстары мен ерекшеліктерін саралайтын болсақ, мәдениет және өркениет ұғымы қоғамдық дамудың іс - әрекеттік гуманистік қырына жатады, олардың арасында (жоғарыда біз көрсеткендей – М.Н.) өзара иерархиялық корреляциялық байланысы бар.

Формация және өркениет ұғымдарының өзара байланысы олардың қоғамдық дамуды саралаудың дербес екі түрлі жолының аясында тұрғандықтан, олардың бірін – бірі толықтыруымен түсіндіріледі.

Формация ұғымы арқылы қоғамдық дамудың әлеуметтік – экономикалық тынысы сарапталса, ал өркениет ұғымы қоғамды әлеуметтік мәдени тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік береді.

Жалпы социологияда өркениет ұғымын пайдалану қоғамдық дамудың көп жақтылығын, тарихи процестің субъектісі адамға біртұтас бағытталуының жүйелілігін анықтайды, өйткені, ол өзінің мағынасында қоғамдық қарым – қатынастардың даму деңгейінің тереңдігі мен гуманистік сипатын да көрсетіп отырады.

Өркениет терминін пайымдаудың қажеттігі кездейсоқтық емес. Оның өзі осы ұғымның даму тарихы таным контекстісі мен мақсаттардың әр алуандылығы, басқа да жақын ұғымдар мен байланысының, сонымен қатар, осы түсінікке сай келетін тарихи болмыстың күрделілігімен түсіндіріледі.

Өркениет ұғымы арқылы әртүрлі ұлттардың, халықаралық дамудың өзіне тән сапалық ерекшеліктері анықталады. Мәселен «ағылшын өркениеті», «Европалық өркениет» т.б. Жалпы адамзаттың даму заңдылықтарын зерттей отырып, өркениеттің тарихи формаларын да түсіндіруге болады. Мәселен, «антикалық өркениет», «феодалдық өркениет», «капиталистік өркениет».

Өркениет дегеніміз - өзіндік өндірістік технологиясымен оған сай мәдениеті бар тарихи нақты қоғамды білдіретін философиялық – социологиялық ұғым.

Мәдениет пен өркениет өзара қабыса бермеуі де мүмкін. «Европаның күйреуі» деген әйгілі кітабында О.Шпенглер өркениеттің кез келген мәдениеттің тағдыры екендігіне көңіл аударған еді. Оның пікірінше, өркениет қанат жайған сайын мәдениет күйреуге ұшырайды. Орыс ойшылдары Достоевский, Хомяков, Леонтьев мәдениет типтері мен өркениеттер типтерінің айырмашылығын түсініп, бұл мәселені Россия және Батыс мәдениетінің қарым – қатынасымен байланыстырды.

Ницше де осы мәселені көтерген еді. Адамзаттың алдыңғы қатарлы ойшылдарының бәрі де техникалық өркениет әлемінде рухани мәдениеттің дағдарысқа ұшырайтынын айтып ескертіп отырған.

Өркениетте кез келген идеология, рухани мәдениет тек қана қондырма рөлін атқарады. Өркениеттің рухани мәдениеттен айырмашылығы: біріншіден, оның негізін бейтарап, абстрактілі ақыл емес, практикалық, прагматикалық, негізгі бағыты айқындалған ақыл құрайды, онда діни факторлар жоқтың қасы; екіншіден, өркениет символикадан таза, ол әруақытта реалды, бейтарап және қарапайым.

Өркениетте бірлескен ұжымдық еңбек жекелік шығармашылықты бірте – бірте ысыра береді. Әрине, бұл тұлғалық ерекшеліктің дамуына өте қауіпті.

Өркениеттің дамуы үшін адамның жұмыс күші ретінде, әртүрлі құндылықтарды жасайтын жұмысшы ретінде дамуы тиімдірек. Сондықтан, адамның тұлға ретінде дамуы емес, керісінше, жұмыс күшінің структурасы және соны жетілдіру мәселесі көбірек қызықтырады. Бұл тұрғыдан келсек, өркениеттілік – бұл жоғары кәсіпкерлік, қоғам байлығын көбейтуге жағдай жасайтын қабілеттілік, қоғамдық қарым – қатынастарды жетілдіру. Мәдениеттілік – адамның рухани жетілуі. Мәдениет адамда біртұтастықты, намыс, ұят, ізгілік, турашылдық, өзін - өзі сыйлау сияқты жоғары адами қасиеттерді қалыптастырады. Тұлғалық, сонымен қатар, тың бастаулар тек қана мәдениетте дамиды.

Өркениет дәуірі адам өміріне машина ене бастағаннан бері дамыды, содан бері оның табиғи реті мен байланысы бұзылды. Өркениеттің негізін машина құрайды, сондықтан онда рухани мәдениеттің тұтастығы жоқ, онда арнайы мамандыру басым. Сөйтіп, мәдениет өзінің руханилығын жоғалтып, өркениетке айнала бастайды. Қасиетті рух өзінің ежелгі тұғырынан тайып, сапа санмен алмастырылады.

Өркениеттің жылдамдығы соншалық, онда өткен де, бүгін де жоқ, онда тек қана болашақ бар. Өркениет дәуірінде мәдениет әр уақытта романтикаға толы.

Өркениет – адамдарды бір – бірінен алыстатын әлеуметтік құндылықтарға негізделген, өйткені ол адамдарға зат, заттық қатынастар әлемін ұсынады. Материалдық құндылықтар жоғары саналатын қоғамда қоғамдық қарым – қатынастар әруақытта дағдарыста болып тұрады.

Мәдениет - өркениеттің негізі. Құндылық қарым – қатынас мәдениет пен өркениетті байланыстырады. Мәдениет әртүрлі құндылықтардың бірлігі ретінде адамды рухани бостандық сферасына енгізеді. Рухани мұраттар өмірге мағына береді, болашаққа жол ашады. Рухани құндылықтар мен мұраттарды қадірлейтін қоғамның болашағы бар.

XX ғасырдың аяқ шенінде қанат жайған әртүрлі елдердің экономикалық, әлеуметтік – саяси интеграция процестері сан алуан мәдени дәстүрлердің бір – бірімен ұшырасуын, кездесуін тездетуде. Соның нәтижесінде адамның өмір сүріп отырған заттық, болмыстық ортасы, оған тән әлеуметтік қарым – қатынастар жүйесі, коммуникация тәсілдері өзгерді. Ғылыми – техникалық прогресс өркендеген, робот пен электроника жұмыс істейтін, қуатты демократиялық қозғалыстар мен ақпарат тасқыны заманы бұрынғы методологиялық қағидалардың аясына сыймайтын тың, ауқымды оқиғаларды туғызуда. Өскелең заман қоғам танудағы көптеген ұғымдарға сын көзбен қарап, саралауды талап етуде.

Махаббат философиясы

Махаббат феномені. Махаббат терең экзистенциалдық күйзеліс ретінде. махаббат философиялық түсіну «предметі» ретінде. Эрос адам құмарлығы хақында. Әртүрлі мәдени дәуірлердегі махаббат бейнесі. Адам өмір сүруінің драмасы. Көне өркениеттер тылсымшықтары (мистериялары). Күнә және өкініс. Агапэ. Романтикалық және тени махаббат. Махаббаттың түрлі пішіндері. Діни экстаз және пенделік сезім. Құдайға деген махаббат. суфизмдегі Құдайға деген махаббат.

Махаббат метафизикасы. Ана махаббаты. Әке махаббаты. Аға-іні махаббаты. Еркек пен әйел махаббаты.
23-лекция

Дін философиясы
Дін философиясы предметінің шекаралары. Дін философиясы және теология. Дін философиясы және дінтану. Дүниеге діни қатынастың ерекшелігі. Діннің пайда болуының мәдени-әлеуметтік алғышарттары. Дін пайда болуының тұғырнамалары. Теистік және теистік-емес діндер. Азонимдік құдайшалар. Діннің адамгершіліктік мазмұны. Сенім және білім. Сенім және ырымшылдық. Атеизм мен дінге қарсы болушылық.

Діни сезім. Киелі нәрселер. Киелі іс-әрекет. Киелі кітаптар. Киелі адамдар. Киелі орындар. Киелі кеңістіктер мен сандар. Діндегі рәміздер рәміздері. Діндегі таңғажайып феномені. Жұмақ және тозақ.

Діншілдіктің конфессионалдық формасы. Конфессиялар диалогы мәселелері және діни шыдамдылық. Діни фанатизм, фундаментализм және, экстремизм. Дін мен саясаттың байланысы: тарих және қазіргі заман. Діни саяси терроризм. Халықаралық діни-саяси терроризмнің қаупі: оны тойтарудың дүниетанымдық негіздемелерін іздестірулер.

Ғылым мен техниканың дамуына, адамзаттың шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуына толыққанды жағдай жасаған ХХ ғасыр да тарих қойнауына енді. Өте ерте заманда-ақ пайда болған дін әлі күнге өз позициясын адамзат санасының басқа түрлерінің алдында бермей келеді. ХХІ ғасырда түрлі конфессиялар мен діни ұйымдар ойдағыдай әрекеттесуші институттар ретінде өркениеттің бір саласы болып өмір сүре бермек. Діннің тұрақты сақталып келе жатқаны факт болып табылады.

Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды. Қоғамда діни сана үнемі болып келді. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын феномендер. Өркениетті деп саналатын батыс елдерінде де, бізде де дін мемлекеттен бөлінген, бірақ, ол қоғамнан ажыратылмайды. Дін қоғамдық құбылыс, ал қоғам мемлекеттің субстанциясы. Әлемнің діни жетекшілері 2006 жылы жиылып, діндерге ортақ, адамзатқа ортақ, жалпы өркениетті қоғамға ортақ қандай мәселелр бар және де діндердегі қандай мәселелер өркениеттік жолмен қоғамдарды, елдерді, мемлекеттерді бір-біріне жақындастырады деген өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады. Адамзат баласына ортақ дүниелер көп. Біздің ойлау жүйемізде, діни жүйеде не ортақ екен? Ол ортақтық өркениетке, адамзаттың болашағына қалай қызмет етеді екен? Осы мәселелер ізгілік жолындағы адамзат баласын толғандырып отыр. Өйткені, осы кезге дейін біз бүкіл дүние жүзінің халықтарын дін-дінге бөліп, бөлектеп-бөлшектеп келдік. Тіпті өткен тарихтарға көз жүгіртсек, дін үшін қырғын соғыстардан миллиондаған адамдар опат болды, қасірет кешті. Осындай қасіретті азайтуда, не мүлдем жоюда діндер бір ортақ келісімге келе ала ма? Ортақ келісімге келудің уақыты туды. Бүгінгі таңда әркім өзінің діни сеніміне берік бола отырып, ортақ адамзаттық келісімге келу өркениеттік сананы қажет етпек. Өркениеттік сана дегеніміз әрбір адамның өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен бірге адамзатқа ортақ мәселелер туралы келелі сөздер айта білуі. Халықтар, елдер арасында, діндер арасында ұрыс-керіс, жанжал емес, бүгінгі бұрқ-сарқ етіп қайнап тұрған ХХI ғасырда мәдени сұхбат қажет.

Исламды саясаттандыру төңірегіндегі әрекеттер исламның қазіргі қоғамдағы орнын даулы проблемаға айландыруға себепші болып отыр. Негізінде дін мен саясат екі бөлек феномендер. Дін адамның ұятында, арында, яғни оның иманында. Саясат болса, ол адамдардың қауымдасып, ұлт, халық болып, мемлекет құрып өмір сүрудегі тәсілі. Дін саясатқа жанасып кетсе-ақ, өз қадірін жоғалта бастайды. Сондықтан асылы Дін мен Саясат бөлек-бөлек болғаны абзал.

Дінде дүниеге көзқарастық тұстар басым. Дін адамның табиғатпен және қоғаммен байланысын әдіс тауып, шебер айқындап бере алады, осы байланыстардың күрделі бейнесін түзе алды. Бұл суреттемеде адам мен әлем қатынастары мәселесінің мәңгі сұрақтары шешу тапты. Діннің қоғамнан алатын күрделі орынын түсіну үшін оны шындық дүниенің бір бөлігі ретінде қарап, жердегі негіздерін жалпы методологиялық принципке сүйене отырып айқындау керек. Дін – бұл дүниені рухани игеру процесіндегі тарихи қалыптасқан компонент, қоғамның әлеуметтік ой-санасының, жәдігерінің бір бөлігі.

Қазіргі кезеңде адамзатты әлемдік қауымның болашағы қалай қалыптаспақ деген сұрақтар ойландырады. Өткен ғасырда алып мемлекеттер “дүниенің жаңа тәртібін” түзуде бірқатар табыстарға жетті десек те, жер бетінде зұлымдық, адамгершілікке жат құбылыстар азайған жоқ. Адам мәніне дұрыс көзқарас, дегенімен, толық қалыптасқан жоқ. Профессор А.Дж.Тойнби айтқандай: “коммунизм де, капитализм де – бұл екеуі де христиан дінінің некесіз тапқан балалары болып табдылады”[1]. Бұл сөздің астарында болашақ жаңа әлемдік қауымдастық туралы ой қозғамақ әрекеті жатыр. Иудей – христиандық ойлаудың үш мың жылдық тарихы, шығыс діндерінің өткен тарихы біздің санамызда қасиетті бір ғажап тілекті оятады, ол тілек – жаңа адам , жаңа қоғам құру .

Азиялық діндер: конфуцийшілдік, синтоизм, зороастризм және басқалар ақиқатты іздеушілерден рухтың соңынан еру және онымен шектелмеуді талап етсе, ислам ақиқатты Құраннан іздеуді ұсынады. Ислам интеллектуалды пайымдауды жетілдіруді жалғастырып, адамның өзін-өзі мейлінше жетілдірумен айналысуын ұсынады. Иудей – христиан дәстүрі адамға өмірдің мәнін іздеп, ақиқатты, Құдайды іздеп, кәдімгі күресудің орнына: “Құдай өзі адамды табады” деген ақиқатты ұран етіп тастады.

Әлемдік өркениеттегі “Қасиетті жазулар” діндеріне үңілсек , екі парадигманы байқаймыз: “Мұса парадигмасы” (Батыс) және “Вьяса парадигмасы” (Шығыс). Мұса – Құранның да, Библияның да, Танах (Моше) кітабының кейіпкері. Вьяса – Махаббхарата текстін құдайларға жеткізген данышпан. О.Шпенглердің топтастыруы бойынша , “Мұса парадигмасы” Византия, араб, батыс Европа және жартылай грек-рим, вавилон мәдениеттерінің негізін қалаған. “Вьяса парадигмасы” буддалық-брахмандық дәстүрлер негізін қалаған. Буддизм әдебиеті “Трипитаканың” көмегімен монғол, жапон, корей және де басқа Азия аймақтарына әсерін тигізді.

“Мұса” антропологиясының маңызды нышандары жүрек, құрсақ, тыныс алу, оларға сәйкес келетін күйлер – күйзелу, үрей, үміт.

Дін – бұл “жүрек” туралы ілім. Үнді елінде мұндай қатынас “бахти” (құдайшылдық) деп аталады. Исламда – “абд” (көнгіштік), батыста – “агейп” (құдайға деген махаббат) деп аталады. Мұндай құдайшылдық ғылыми компетенцияның шекарасын ары жылжытады. Дінді ғылыми зерттеу (теология, эгзегетика түрінде), қасиетті тексттерді түсіндіру (философиялық, дінтану, этнография тұрғысынан) – бұл кәдімгі ақылға сыйымды, мүддеге сай қарапайым объектілерден асып түсетін құбылыстарды рационалды түсінуге ұмтылу. Егер ғалым өз зерттеулерін құдайға сыйынып болған соң бастаса, онда оның ғылым және құдаймен сұхбаттасу арасындағы шекараны аттап өте бастағаны. Дінге рухани өмірдің жанды құбылысы ретінде қарау қажет.

Әл-Фарабидің “Қарапайым қала тұрғындары көзқарастары” атты еңбегінде жүрек туралы мынадай ойлар айтылады: “Адамның негізгі қабілеттері: қоректену, сезімдік, елестету, ойлау, ұмтылу – бәрі де жүректе орналасқан. Сондықтан жүрек ең басты орган және ол басқаға тәуелсіз… жүрек туа біткен жылулықтың қайнар көзі”[2]. Жүрек жылуы басқа қабілеттердің жүзеге асуына мүмкіндік туғызады.

Жүректің қызметімен үрей және үміт байланысты. Аяушылық – бұл басқа үшін үрейлену. Аяушылық көз жасын тудырады. Сондықтан Библияда Христос жылаған бейнеде көрсетіледі, ол ешқашан күліп бейнеленбейді. Үрейдің екінші жағы үміт.

Үміт – “жанған жүректің” кернеулі, кризисті күйі. Әл-Фараби де “жүрек жылуының ” осындай күйін “отты” деп атаған. “Мұса парадигмасында” жүректің бұлай жануы жоққа және бір нәрсеге көз жеткізе алмаудан туатын мүдде, арманды білдіреді. Мұсаның өзі де, одан кейін апостол Павел де мұны “үміттердің жоғарғы үміті” деп қисындап мазмұндады. “Мұса парадигмасындағы” құдайдың өзі Яхве, Христос және Алла деген атты иемденіп, сенушілер үшін үміт құдайы болып табылады. Мұндай үміт “Мұса парадигмасында” абсолютті құндылыққа ұмтылудың басты модусы болып табылады.

Абсолюттің қалыптасуы процесіндегі діннің маңызын Гегель талай рет қарастырған болатын. Оның мындай пікірі болған: “Қабылдап алынған (снятое) өнер дінмен барабар, қабылдап алынған (снятая) дін абсолютті біліммен барабар”.

Діннің мәдениеттегі орнын аша түсу үшін Гегельдің “тарих - бұл еркіндікті ұғыну прогресі” деп қарастырған пікірін талдаудың көмегі бар. Шығыс тек бір ғана еркін адамды білген, ол - патша, басқаның бәрі құлдар. Антикалық Грецияда және Римде қоғамның біршама бөлігі еркін деп есептеліне бастаған. Христиан діні (жаңа дүниеге өту) жаңа принцип орнатты: әлеуметтік жікке қарамай барлық адамдардың еркіндігі мен теңдігі принципі. Бұл принцип алдымен тек дінде ғана қабылданса, кейіннен бүкіл қоғамдық салаларға жайылып кетті.

Гегель үшін діннің қоғамдық сана формасы ретінде де , таным процесінің сатысы ретінде де маңызы бар. Оның айтуынша: “Дін – бұл адамзаттың ойлап шығарғаны емес, дін – бұл құдіретті рухтың жемісі”[3]. Бұл пікір болмыс пен шектік, шүбәсіз кемелдік арасында жақындық бар екеніне ой салады. Псевдо-Дионисий Ареопагит (V ғ.), А.Августин (V ғ.), Ф.Аквинский (ХІІІ ғ.) де осылай ойлаған. Ф. Аквинский былай деген: “Сущее и благое суть понятия взаимозаменимые”. Дін біздің бір бөлшегіміз болып қала бермек, себебі оның қайнар көзі – тарих (ғылымның айтуынша), сондай-ақ діннің қайнар көзі – мәңгілік (теологияның айтуынша).

“Сындарлы он жыл” кітабында Н.Ә.Назарбаев діни экстремизмнің ықтимал қауіп-қатеріне, оның алдын алу шараларына, көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымызда бұл мәселеге сергек қарау керектігіне айрықша мән берілген. Қазақстанда үш мыңға жуық діни ұйымдар мен қозғалыстардың басын біріктіретін 40-қа тарта конфессияның барын ескерсек, конфессиялық тұрақсыздықтың да болуы мүмкін екендігін ұмытпауымыздың қажеттігіне назар аударады.

Н.Ә.Назарбаев өзінің кітабында Қазақстанда ислам діні ханафиттік құқықтық мектеп пен сопылық ағым негізінде орныққанына, мұның өзі ислам догмаларының қазақ даласын тез жерсінуіне себепші болғанына айрықша мән береді. Бұл түсінікті де. Қай кезде де дәстүрлі мәдениет пен діни наным-сенімнің арасындағы қайшылық, ең алдымен халық өмірінің қасіретіне ұласып отырған. Шүкір деуге болады, бір жағынан, қандай да болсын қоғамдық қатынастар ахуалына ислам догмаларының бейімделгіштігі, екінші жағынан, салт-санасы көшпелі өмір жағдайында қалыптасқан қазақтардың діни наным-сенімге деген кеңшілігі Қазақстанда ислам дінінің қоғамды реттегіш тамаша қасиеттеріне жол ашқан. Осы мәселеге айрықша мән берген Нұрсұлтан Әбішұлы: “Ислам дінін қабылдаған қазақтар Құран ережелерінің негізінде де, исламға дейінгі дәстүрлі ырым-жораға да табиғи түрде және бір мезгілде мінәжат ете алатын болған. Осылайша, қазақтар өздері үшін жаңа араб дінін қабылдағанымен, өз бабалары – түркінің көшпелі тайпаларының рухани мұрасынан да көз жазған жоқ”, - деп қазақ қоғамындағы ақиқат-шындықты айта келіп: “Исламның жан-жақты жорылуы ұдайы болып отыратын үрдіс, мұның Құран рұхы мен әріпіне де, Шариғатқа да қайшы келетін немесе қайшы келуі мүмкін ештеңесі жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде, менің пайымдауымда Қазақстанда біржолата орныққан исламдық дін таным үлгісін одан әрі идеологиялық тұрғыда дамытып, біздің теологтар тарапынан исламдық мұраларды жаңғыртуға, сөйтіп еліміздің мұсылман қауымының қазіргі жағдайына жаратуға жол бермеуге болмайды”, - деп қорытады[4]. Нұрсұлтан Әбішұлы сөз етіп отырған мәселе қазақ халқының ХХI ғасырдың басындағы және алдағы ғұмыр жолындағы діни-рухани бағдарына темірқазық болары кәміл.

Әдебиеттер

1. Тойнби А.Дж. Постижение истории. М., 1991. 349 б.

2. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. А-ты, 1970. 271б.

3. Гегель Г.В.Ф. Философия религии. В 2-х томах, Т.1. - М., 1976. 527 б.

4. Н.Ә.Назарбаев “Сындарлы он жыл”. Алматы, “Атамұра”, 2003 ж. 142б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет