Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта немесе ноутбук, проектор, тақырыпқа байланысты презентациялар, бейнематериалдар, сызба-кестелер, газет тігінділері
Оқытудың әдістері мен түрлері: баяндау, сұрақ-жауап, түсіндіру, кіріспе лекция.
Деңгейлік тапсырмалар:
1-ші деңгейдің сұрақтары:
Мәтін жазудың 10 ережесі.
Нъюсмейкердің қызметі
Ньюс-фиче деген не?
2-ші деңгейдің сұрақтары:
Ньюс-фичедегі «негізгі абзац», тақырып, «кикер»
Ньюс-фичедегі динамизм деген не?
Портрет динамикасы.
3-ші деңгейдің сұрақтары:
Портрет құрылымы
Портреттегі «барьера» және «каталист».
Портреттен не түйсіндіңіз?
СӨЖ тапсырмалары:
Жанр және жанр пішіндері.
Баспасөз жанрларының түрленуі.
ОБСӨЖ тапсырмалары:
Шындықты танудың әдістері.
Баспасөз тектерін жүйелеу, жанрларға бөлу.
Дәріс №21. «Айқап» журналындағы публицистика.
XX ғасырдың басында, 1911 жылдың қаңтарынан бастап 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласында үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік-саяси және рухани-мәдени өмірінде елеулі рөл атқарып, сол кездегі қазақ әдебиетіндегі көркем публицистика мен әдеби сын мәселелерін жазуда тыңғылықты қызмет етті. Журналдың шығарушысы да, редакторы да болған белгілі жазушы-журналист, публицист Мұхаметжан Сералин «Айқаптың» көсемсөз, әдеби сын жанрларындағы болсын, барлық бағыт-бағдарын өзі жіті бақылап анықтап отырды. Журнал бетінде көтерілген қазақ тағдырына байланысты мәселелердің қай-қайсысының болмасын М.Сералиннің өзі ұстанған бағыты - нақты, ойы айқын болды.
Журналдың көркем-публицистикалық бағытын анықтап, әдеби сын мақалалардың жиі жазылуына жіті көңіл болген М.Сералин көсемсөзші ретінде «Айқап» бетіндегі публицистикалық еңбектерінде... ескішілдікті сынап, халықты ілгері тұрған елдердің қатарына көтеру, ел ішінде оқу-ағарту ісін дамыту, отырықшылану мәселелеріне көңіл аударды»[25,36-37]. Қазақ тілінде тұңғыш шыққан бұл журналдың да басты бағыт-бағдары оның негізін салушы редактор ұстанған мұраттарға сәйкес болды. «Айқап» атауына: «Айқап деген сөз — қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халкының өкініші ретінде алынады» деп журналды бастырушылар алқасынан көркем-публицистикалық тілмен түсінік берілсе[26], бұл ұғымның терең астарына М.Сералин өзі ерекше назар аударып: "Біздің қазақтың «Әй, қап» демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап» ынтымақсыздығымыз-ай дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға «ендігі сайлауда көрерміз, қап, бәлем-ай!» дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде «қап» деп қапы қалған істері көп. "Қап дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық «Айқап» болды деп беташар публицистикалық кіріспе мақалада алқалы топқа қамшы тастар ой салады[27,47]. Көсемсөз туындыда қазақтың сол кездегі ел болуға кедергі келтірген кемшіліктері: іс басындағы дәулет, дәрежесі бар басшылардың келелі де халыққа пайдасы тиер кәделі істі шешердегі берекесіздігі, қала болу мәселесінің түйінді тұсындағы ынтымақсыздығы, жұртшылық арасында ағайын арасының алауыздығы мен өшпенділігін туғызып, өзара дау-дамай мен жанжалға әкеп соқтырған болыс, би, ауылнай сайлаудың заман дертіне айналғандығы бетке басылып, қазақ тілінде жеке журнал шығарудың бағдарламалық тұжырымдамасы айқындалады. Журналдың тек қалың көпшілікке, бұқара халыққа арналғандығын: «Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі — халық арасында таралған газет-журнал һәм кітаптардан білінеді. Заман ғылым заманы болған соң әрбір жұрт қатарынан кейін қалмас үшін ақша аямай кітап-газет һәм журнал бастырып, халықка таратудың ыждаһатында» деген жолдар арқылы айшықтап[27,46], туған халқының алдыңғы қатарлы, озық ойлы елдер қатарынан көршуін армандаған көрегендік ойын айтады.
Бұл ойларын ол халықка жете түсіндіру мұратында бірнеше көсемсөз шығармасын бас мақала, арнау тұрғысында жазып, көпшілік қауымды журналдың мақсат-міндеттерімен нақты таныстырады. «Бізге не істеу керек?» деген бас мақалада: «1) Отырықшы болып, қала салу, жерден қол үзіп қалмау керек; 2) Мектеп, медресе салып, оқу, мәдениетке жетілу керек; 3) Дін жұмысын өз қолымызға алу - мүфтиді сайлау керек; 4) Мемлекет Думасында мүддемізді айтып, сөзімізді өкіметке жеткізіп отыратын депутаттарымыз болу керек; 5) Петерборда өкіліміз болу керек ол сонда біздің ісімізді жүргізіп, өткізіп отыру керек» деп[28] жұртшылықтың көкейде жүрген, арман жетегінде кеткен тілектерін дөп басып, қадау-қадау мәселелерді жіктеп көрсетті. Өмір бойы көшпелі тұрмыс кешіп, жаз ыстық аптап пен желдің өтінде, қыс аязды, боранды күндерден көз ашпай дамылсыз мал бағумен жан сақтаған қазаққа отырықшылық таңсық, мүлдем беймағлұм тіршілік болғанымен жаңаша ғұмыр сүріп, алдыңғы қатарлы елдер сияқты қала болудың алғы шарты екендігін еске салған көсемсөзші оқу-білім жолын үзбей дамытып, мектеп, медресе тұрғызу кезек күттірмес маңызды істің бірі екендігіне көз жеткізеді, дін қызметіндегі басты лауазым иесі - мүфти сайлаудың барынша қажеттілігін көлденең таптып, Ресей думасында қазақ халқының мұңын жоқтап, сөзін сөйлеитің депутаттың болуын ұлт зиялыларына үлкен борыш қылып артады, бұл үшін де және қазақ даласында қордаланып қалған көкейкесті мәселелермен тікелей айналысып, шаруашылық, әкімшілік, әлеуметтік салаларындағы жұмыстарды Петербург қаласында жүргізіп іске асыратын арнайы өкілдің болуын қазақ оқығандарына міндет етіп қояды.
Журналдың мақсат-мүддесіне сай жарияланған көркем-публицистикалық тақырыптық ауқымы сол кезде заман талабына сәйкес көкейкесті мәселелермен тығыз ұштамәселер «1) Егін шаруасына қолайлы жерлерде қала салуды халыққа, шамадан келгенше түсіндіру; 2) Елдің партия болып таласқандығынан халыққа қанша залал келетіндігін... һәм қалай еткенде, партия жоғалуға мүмкін, сол жағынан қарастыру; 3) Оқу һәм оқыту жағына қалайша өзгерістер жасау керек, сол жағын қарастыру; 4) Әйкел, қыздарымыздың кемшілікте тұрғандығын халыққа ескерту»[29]. Осылайша қазақ даласындағы отырықшылыққа көшіп, қала салу жайы, партиялық жікке бөлінудің зардабы, оқу-білім саласын реформалау, әйел теңдігі мәселелері қалам ұстаған ұлтшыл оқығандар мен демократ-ағартушылардың көркем-публицисикалық туындыларының басты тақырыбына айналып, «Айқаптың» төңірегіне прогресшіл бағыттағы ұлттың зиялы қауым өкілдері топтаса түсті, журналда жарияланған публицистикалық мақалалар жұртшылықты ғылым мен өнерді меңгеріп, мәдениетті өркендетуге шақырады, жоғарыда атап өтілген отырықшы болып, қала салу, егіншілікпен шұғылдану мақсаттарын жүзеге асыруға үндеді.
Қазақтың бетке ұстар азаматтары журнал көтерген мәселелерге өздерінің публицистикалық мақалаларымен үн қатып, зиялы қауым арасында пікір тудырды. Көсемсөз шеберлерінің жиі жазған тақырыптарының бірі - жер мәселесі болса, М.Сералин бастаған қаламгерлер бірыңғай отырықшылыққа көшуді насихаттап, орыс мұжықтарынан жер өндеу әдісін, қала салуды үйренуге үндеді, ал А.Байтұрсыновпен пікірлес көсемсөзшілер бұл уәжге қарсылық білдіріп толықтай отырықшылыққа көшкен шақта қазақтардың өз жерінен мүлдем айрылып қалатындығын дәлелдеп бақты. Журнал бетінде жер мәселесіне байланысты екі ұдай мақалалардың пікірталасқа ұласуы алаш қайраткерлерінің туған жер мен туған ел, ұлт болу, халық бостандығы жолындағы үлкен ізденістерінің бір парағы болды. Осы пікірталасқа орай алаш қайраткерлерінің бірі, көрнекті публицист Міржақып Дулатов «Айқаптал» жарияланған «Жер мәселесі» атты көлемді көркем-публицистикалық мақаласында қарсылас екі пікірді жан-жақты толқылай келіп: «Рас, қазақ халқының жер-суға ие болып, жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстауда тарлық көрмей түлігі сай болып, тай құлындап, тоқты қоздап, қосты жылқы, желім түйе, отарлы қой, қайғы жоқ, еріккеннен бірінің малын бірі қуып кең далада құлан-киікше сайран етіп жүрген күні болған. Ол күндер енді көздеріне ғана елестейді. Мұның себебі не, халықтың өсіп, жердің өспеуі һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі саналып, сол себепті миллиондап жерсіз мұжықты хүкіметтің қазақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, ата мекеннен ірге қозғалып, қазақтың шаруасының күйзелуі, 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің үшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал. Жер көп-аз болса да, бұл заман өнер-білім заманы болған шақта әр жерде жайылып жүргенде оқудан мақұрым қалармыз. Надан халық білімді халықтардың қасында өзінің діні, хақын сақтай алмай, дүниеден ақыры есебін бітіруі ықтимал» деп, «Қала болу керек деушілердің пікірі» деген бөлігінде жұртшылықты отырықшылыққа үгіттеп, жер жүзіндегі халықтардың қала болудың арқасында өркендеп отырғанына көз жеткізеді, «Бұларды көре тұра, біз, қазақтар да қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып, өзіміз де алдағы жұрттың істегенін істеп, солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың бірі бола аламыз» деп прогрестік көзқарасын білдіреді де осы мақаласының «Көшіп жүру керек деушілердің пікірі» деген бөлігінде қазақтардың еріккеннен көшпей, жерінің ауасына қарап көшіп жүргендігін, қазақ отырған жердің егіншілікке жарамсыздығын, экологиялық, географиялық жағынан нақты мысалдар арқылы дәлелдеп, қазақтардың көшпелі шаруашылықпен айналысуының өзіне де, мемлекетке де зор пайда әкелетіндігіне көз жеткізеді, «соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек» деп уәж айтып, отырықшылық пен көшпелілік мәселесінде бір тоқтамға келуге шақырады[30].
«Айқап» қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына жан-жақты тоқталып, олардың ауыр халін, тендік мәселесін сөз етті. «Қазақ қыздарының аталарына», «Бауырлас қазақ әйелдеріне», «Аналарымызға», «Апаларымызға» атты көркем публицистика тілімен жазылған үндеу мақалалар қалың мал, әмеңгерлік, жас қызды көңілі қаламаған адамына, тіпті қарт кісіге тоқал есебінде еріксіз, күшпен қосу сияқты ескілік сарқыншақтарын аяусыз сынға алып, әйелдердің отбасын қүруда еркекпен тең болуын және оқу ісіне бірдей тартылуын талап етті. «Адам баласының тәлім-тәрбиесі анадан ауысады, бүкіл адамзатты тәрбиелеуші — ана» деп олардың үй іші, отбасындағы, қоғамдағы атқаратын рөлін жоғары бағалады. Осы ретте журнал әйел тендігі мәселесін көтере отырып, қазақ әйелдері арасынан қоғамдық тілшілерді жұмысқа тартты. Сондай белсенді тілшілердің бірі болып, журнал бетінде көркем-публицистикалық мақалаларымен жиі көрінген Сақыпжамал Тілеубайқызы қазақтың ер балаларды оқытып, қыздарды адам санатына жатқызбай, дұрыс көңіл бөлмейтінін сынап, қазақ қыздарының құлқын үшін қалың малға сатылып, сүймеген адамына еріксіз ұзатылатындығын, сөйтіп, өмірі қорлықта өтетіндігін әшкерелейді. Қазақ қыздары ішінен шыққан алғашқы публицистердің бірі болған Сақыпжамалдың «Ұзақ күткен үмітім» сияқты рсындай желіде жазылған публицистикалық мақаласынан[31] және «Айқапта» істеп қаламы шыңдалған М.Сералин, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Ә.Ғалымовтардың көркем публицистиканың арнау, үндеу, оқшау соз жанрларында жазған мақалаларынан өздерінің аянышты тағдырын оқып білген қазақ әйелдерінің сана-сезімі оянып, еркіндікке, білім алуға ұмтыла бастады.
«Айқап» журналы қазақ әдеби сынын қалыптастырып дамытуда үлкен еңбек сіңірді. Жаңа шыққан кітаптар туралы сын тұрғысындағы шағын мақалалар жарияланып, қазақ әдебиетінің түйінді мәселелерін, даму жолдарын сөз еткен М.Сералин, С.Торайғыров, С.Сейфуллин және т.б. әдеби сындары жарық көрді. «Айқап» бетіндегі шығармалар қазақ прозасы алдында тұрған проблемаларды анық көрсетті. Мүмкіндігі мол, қуатты жанрдың түрлі тәсілдерін меңгеру, шеберлікқе үйрену керек еді» деп З.Бисенғалиев атап көрсеткендей[32,47], журнал ұлттық әдеби сынның бастауында тұрды.
«Айқап» бетінде жарияланған көркем-публицистикалық мақалалар XX ғасыр басындағы проблемаларды батыл да өткір қозғап, дәуір үні болды. 1913 жылы жарияланған «Қазаққа алауыздық қайдан келеді» деген мақалада II Екатерина әйел патшаның отар елдерде ұлт араздығын қоздыру туралы губернаторларға арнаған құпия бұйрығын әшкерелейді[33]. Жалпы алғанда, «Айқап» журналы сол кездегі қазақ қоғамы үшін ерекше құбылыс болды. Бұқара халықтың үні, тілі, құлағы іспетті журнал арқылы айтар ойы, жұртшылықтың арман-тілегін публицистикалық көркем тілмен жеткізуде «Айқап» өлшеусіз рөл атқарды. «Айқапта» жарияланған ұлт зиялыларының арнау, үндеу, ашық хат, оқшау сөз түріндегі көркем-публицистикалық мақалаларында көтерілген мәселелер халық көкейіне қонды, ел мұндай туындыларды асыға күтіп, журналдың әр санын бірінен-бірі алып оқыды. «Айқапта» жарық көрген көркем-публицистикалық бағыттағы туындылар «халықты ұйқысынан оятты: халықтың ұлттық сана-сезімін, тендік-бостандық үмітін оятты; шаруашылығы мен мәдениетін дамытты, саяси белсенділігін көтерді»[34,16], қазақ тілінде шыққан тұңғыш журнал ретінде өзінен кейін жарық көрген мерзімді басылымдарға көркем публицистика мен әдеби сынды дамытуда үлкен ықпал етіп, нұрын шашты.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Бекниязов Т.Журналистің шығармашылық шеберлігі.- Алматы, 2003.
2. Қазақстан Республикасының “Баспасөз және басқа ақпарат құралдары туралы” заңы.
3. ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 1997 – 2006.
4. Мерзімді баспасөз материалдары.
Достарыңызбен бөлісу: |