Лекция 1. Психологияға кіріспе
Жоспар:
1.Психология ғылым ретінде, адам туралы ғылымдар жүйесіндегі психологияның орны және міндеттері, әдістері.
Заманауи тұлғаның қалыптасуы мен қоғамдық сананы жаңғырту жағдайындағы психология мен психологиялық білімдердің мәні.
3 Психология тиімді өмір сүруге ықпал ететін ғылым және практика ретінде (бизнес, спорт, денсаулық сақтау, жарнама психологиясы).
Адам - көптеген ғалымдардың зерттеу пәнi болып келеді. Адамзаттың өзінің тарихын, шығу тегін, тілдері мен салт-дәстүрлерін тануында психология ғылымы ерекше орын алады. Ежелгі ойшылдар адам үшін басқа адамнан артық қызық объекті болмайтынын қателеспей айтқан. Психологияның зерттеу пәнiнiң негізіне, адам болмысының табиғаты, психикалық құбылыстары, үрдiстерi, қасиеттерi кiредi.
С.Л. Рубинштейн /1/ “Жалпы психология негіздері” еңбегінде (1940) былай деп жазды: “Психология зерттейтін құбылыстардың арнайы шеңбері анық әрі айқын көрінеді. Бұған біздің өміріміздің ішкі мазмұнын құрайтын және бізге тікелей тән уайымдар сияқты сезімдер, ойлар, ұмтылыстар, тілектер, ниеттер, қабылдаулар және т.б. жатады...”.
Психиканың алғашқы сипаттамалық ерекшелігі – жеке адамда тікелей өзіндік уайымдарының болуы – тікелей сезімнің негізінде ғана білініп, басқа ешқандай тәсілдермен қабылданбайды. Жаратылыстың әсемдігі қалай әдемі әрі жарық сипатталса да зағип (соқыр) оны білмейді, ал саңырау оның үнінің саздылығын тікелей қабылдаусыз сезбейді, өз басынан сүйіспеншілікті өткермеген адамға бұл сезімнің барлық ерекшелігін, шығармашылығының ләззатын және күрестің күшеюін, басқаша айтқанда, адам тек өзі ғана басынан кеше алатынды ешқандай психологиялық трактат алмастыра алмайды.
Психологияның ерекшеліктерін, ежелден, адам ақылы тысқары құбылыстар ретінде қабылдап келе жатқандықтан, оларды ғылыми тұрғыдан анықтау қиындыққа соқтырады. Тәннен жанды бөлек, ерекше нәрсе түрінде қабылдауды мысал ретінде келтіруге болады. Адамдар мен жануарладың өлетінін, адамның түс көретінін ежелгі адамдар да білген. Осыған байланысты адам екі бөліктен тұрады деген сенім пайда болған: сезілетін тәннен және сезілмейтін жаннан; адамның тірі кезінде жаны тәнінде болады, ал жан тәннен ажырағанда – адам өледі. Адам ұйқыда жатқанда жаны басқа жерге уақытша орын ауыстырады. Осылайша, психикалық үрдістер, ерекшеліктер, күйлер ғылыми талдаудың пәнi болмас бұрын, адамдардың бірі-бірі жайлы психологиялық қарапайым ілімдер жинақталған.
Психология көне әрі жас ғылым. Оның мыңжылдық өткені бола тұрса да, келешегі де зор. Оның жеке ғылыми пән ретінде тарлауына жүз жылға жетер-жетпес уақыт болды, бірақ басты мәселесi, философия пайда болғаннан бері, философиялық ой ретінде кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |