Оқушыларды машинамен таныстыру
Оқу бағдарламасының оқу материалдарының құрылымын талдау орта сыныптың өзінде 5-сыныптан бастап станоктармен танысу керектігін көрсетеді. Сыныптар жоғарылаған сайын станоктардың күрделенуі қарастырылады және станокпен орындайтын операциялар мөлшері артады. Бұл ғылыми-техникалық прогресс талаптарына байланысты өндірістік жағдайға бейінді дайындауды жүзеге асыруға бағытталады.
Қазіргі техниканың негізін машиналар құрайды. Қандай жұмыс орындайтынына қарай, олар энергетикалық (турбина, іштен жанатын қозғалтқыш, электроқозғалтқыш, электрогенератор т.б.); жұмыстық, оның ішінде технологиялық (станок, сеялка т.б.); тасымалдық (ұшақ, автомобиль, тікұшақ, велосипед т.б.); информациялық (қарапайым арифмометрден бастап электронды-есептеу машиналарына дейін) машиналар болып бөлінеді. Қазіргі өндірісте жоғарыда аталған машина түрлерінің көпшілігі де пайдаланылады.
Машина өз міндетін атқаруы үшін оның жұмыс (орындаушы) органы болады. Оның құрылысы машинаның атқаратын міндеті мен жұмыс шартына байланысты. Мысалы, желдеткіштің жұмыс органы қалақшасы, экскаватордың - шөміші, автомобильдің - дөңгелегі. Машина өзі арналып жасалған пайдалы жұмысты өзінің жұмыс органының көмегімен атқарады.
Мектеп қабырғасындағы білімді өндіріспен ұштастырудағы оқытудың политехникалық бағыттылығы машина, бөлшек, механизм т. б. жөнінде оқушылардың түсінігін қалыптастыруды талап етеді. Осыларды ұқтырғаннан кейін оқушылардың машинатану жөніндегі білімін жүйелеуге болады.
Оқу-әдістемелік әдебиеттерде «машина» деген түсінікті анықтауда әр түрлі, кейде тіпті қарама-қайшы пікірлер кездесіп қалады. Оқушылардың жалпы түсінігін ескере отырып, «Машина деп энергияны өзгертуге, не пайдалы жұмыс атқаруға арналған механизмді немесе механизмдер жүйесін айтады» деген анықтама беруге болады.
«Бөлшек» сөзін былайша тұжырымдауға болады: «Механизмдер мен машиналардың құрастыру операциясынсыз жасалатын өлшектері машиналардың бөлшектері деп аталады. Машиналар мен механизмдердің бір кесек материалдан тұратын жеке бөлігі бөлшек болып саналады». Машинаның типтік бөлшектерін зерделеуде көрнекіліктерді көрсету мәнділігін арттырады.
Машинаның жұмыс органын қозғалтқыш іске қосады. Қозғалыс қозғалтқыш пен машинаның жұмыс органына беріліс құрылғылары (механизмдер) арқылы беріледі. Технологиялық және тасымалдық машиналарда бұл мақсат үшін көбінесе механикалық берілістер: қайысты, тізбекті, тісті, червякті, фрикционды берілістер қолданылады. Оқушылар олармен мектеп шеберханасында танысады. Егер қозғалысты өзгертуге сұйық, болмаса газ қатысатын болса, онда беріліс механизмі гидравликалық немесе пневматикалық деп аталады.
Әдетте беріліс механизмі қозғалтқыш арқылы қозғалысқа келетін кіріс буыннан және машинаның жұмыс органымен немесе прибордың көрсеткішімен байланысты шығыс буыннан тұрады. Егер технологиялық машинаның жұмыс органы, мысалы станоктың суппорты, ілгерілі-кейінді қозғалыс, ал қозғалтқыш білігі айналмалы қозғалыс жасайтын болса, онда беріліс механизмінің конструкциясы тек қозғалыс берілісін қамтамасыз етіп, оның жылдамдығын өзгертіп қана қоймай, қозғалтқыш білігінің айнымалы қозғалысын суппорттың ілгерілі-кейінді қозғалысына айналады.
Машинаның жұмысын басқарып отыру керек. Бұрын машинаны басқаруды бір адам ғана жүзеге асыратын. Қазіргі өндірісте басқару функциясын атқарушы автоматты құрылғылар барған сайын көбірек пайдаланылуда. Олар күні бұрын берілген бағдарлама бойынша жұмыс істейді, ал адам өндірістің барысын ғана бақылап отырады.
Арналу мақсаты, конструкциясы мен өлшемдері бойынша әр түрлі барлық машиналардың ортақ бір қасиеті бар - олардың бәрі де пайдалы жұмыс орындайды. Жұмыс аспаптары сияқты техника құралдарының машинадан өзгешелігі олар өздігінен жұмыс атқара алмайды. Аспап адамның еңбек құралы (мысалы, ине, күрек, бұрауыш т.с.с.) болып саналады. Жұмыс аспаптарынан басқа тағы да өлшеуіш аспаптар да болады, олармен оқушылар өнім сапасына бақылауды жүргізуді оқыған кезде танысады.
Бұрғылау станоктарымен жұмыс істеген кезде оқушылардың көпшілігі кезеулеткіш деген техникалық құрылғымен танысады. Ол болашақ тесілетін тесік орны анықталып, жасалатын стандартты емес қондырғы. Тетік пішіндерінің әртүрлілігі ескеріліп, кезеулеткіштер жасалады. Шын мәнінде бұл экономикалық тиімді тәсіл емес. Бұл тетікке алдын ала белгі салмай-ақ бөлшекті қажетті жерінен тесе беруге мүмкіндік жасайды. Бөлшектің әрбір түріне арнайы жасалып, дайындалған кезеулеткіш қажет. Осындай құрылғылар мен арнайы аспаптар және басқа тетіктер жиынтығы тесу станогының негізгі жарақтары болып саналады. Жарақ дегенде технологиялық құрал-жабдықтарды толықтыратын және технологиялық үдерістің белгілі бір бөлігін орындауға, дайындама мен бөлшекті бекітуге, әперуге және бақылауға арналған техникалық құрылғылар жиынтығы деп түсінеміз.
Техникалық құрылғылардың бәрі - машиналар, аспаптар, жарақтар, приборлар өндірістің техникалық жарақтану құралдары болып саналады. Олар технологиялық үдерістерді жүзеге асыру үшін қажет. Жаңа технологиялар мүлдем жаңа техниканы талап етеді, онысыз технолог-ғалымдардың ой-мақсаттарының жүзеге асуы мүмкін емес.
Ғылыми білімнің жоғары дәрежеде дамуы өндірістің техникалық құралдарын үнемі жетілдіріп отыруға жағдай жасайды. Олардың өндіріске енгізілу мерзімдері де елеулі түрде жеделдетілуде. XX ғасырдың бірінші ширегінде іргелі ғылыми-зерттеудің, нақты жүзеге асуына дейінгі кезең 20 жыл шамасындай болса, соңғы жылдары көп жағдайларда бұл мерзім 5-6 есе қысқарды.
Техниканың жетістігі де, өз кезегінде, ғылыми зерттеулердің қарқынын жеделдетіп, мүмкіндіктерін кеңейтуде. Ғылымның, техниканың және өндірістің бір-бірімен тығыз байланысы - ғылыми-техникалық прогресті жеделдетудің маңызды шарты.
Орта мектеп оқушылары технология пәні сабақтары барысында және сыныптан тыс жұмыстарда төмендегідей мағлұматтармен оқып танысады.
- машинаның өндіріс пен тұрмыста қолданылатын басқа құралдардан айырмашылығын;
- арналуы мақсатында машиналардың жіктелуін;
- тұрмыста қолданылатын машиналарды қандай топқа жатқызылатынын;
- базалық кәсіпорында технологиялық үдерісті жабдықтаудағы пайдаланылатын машиналарды;
- зерделеген машинаның негізгі бөліктерінің атауын және олардың арналу мақсатын;
- базалық кәсіпорында шығарылатын өнімнің технологиялық параметрлерін бақылауда қолданылатын техникалық құралдарды;
- базалық кәсіпорында технологиялық машиналардың (металл өңдеу, тоқыма, ағаш өңдеу не басқа станоктардың) жетілдірілу бағыттарын.
Оқушыларды станокта атқарылатын операцияларға үйрету және машина жөнінде жалпы мағлұмат беруде технология пән мұғалімінің алдына оқу-тәрбие жұмыстарымен бірге мынадай негізгі міндеттер қойылады (Д.А.Тхоржевский).
Машинамен атқарылатын жұмыстың қол еңбегімен салыстырғандағы артықшылығын көрсету.
Ағаш және металл өңдеуге арналған бұрғылау және токарьлық станоктардың жалпы құрылыстарымен таныстыру және соның негізінде технологиялық машина жөнінде түсінік беру.
Бөлшек, механизм, машина жөнінде негізгі машинатану ұғымын қалыптастыру. Машиналардың классификациясы жөнінде түсінік беру.
Ағаш өңдейтін және металл кесетін станоктарда жұмыс істеуді үйрету. Материалдардың жоңқасын сылып өңдеу жөнінде түсінік беру.
Ағаш өңдейтін және металл кесетін станоктар негізінде машинаның типтік бөлшектерімен, олардың қосылу түрлерімен және механизмдерімен таныстыру.
Машиналардың бөлшектері мен тораптарын бөлшектеу және құрастыру үдерістерімеи таныстыру.
Еңбек құралдарының даму үдерістерімен таныстыру.
Іштен жанатын қозғалтқыштың жұмыс принципімен және құрылысымен таныстыру.
Станокта материалдарды өңдеуді таныстыруда оларды материалды қолмен өңдеу нәтижелері бойынша салыстырады. Мұнда материалды станокпен өңдеудің артықшылығына оқушылардың көзі жететін болады, атап айтқанда: еңбек өнімділігі жоғары, өңдеу дәлдігі, бөлшекті жасау үдерісі еңбекті аз қажет етеді.
Материалдарды машинамен өңдеудің артықшылығын айтқан кезде қолмен өңдеу бойынша мамандықтардың халық шаруашылығындағы маңызын кемітіп алмауын назарда ұстайды.
5-сынып оқушылары бұрғылау станогының құрылысымен танысып, онымен ағаш және металл өңдейді. Бұдан көретініміз V сынып бағдарламасында машиналарды оқытудың сапалық жаңа кезеңі қарастырылады. Оқушылар бақылаушыдан тікелей өндіріске қатысушы рөліне ауысады. Оқушылар бұрғылау станогының қандай бөлшектерден тұратынын біледі, станокты басқаруды, онда негізгі еңбек әдістерін орындауды игереді. Алайда, бұл кезде де станок - машина ретінде қарастырылмайды.
6- сыныпта жоғарыда аталған құралды үйрену мазмұнында тағы да сапалық өзгеріс болады. Металл кесетін станоктар машина ретінде қарастырыла бастайды. Бұл үшін VI сыныпта қажетті барлық алғы шарттар бар. Бұған дейін оқушылар жеткілікті тәжірибе жинады, осы тәжірибені ғылым негізі позициясы тұрғысынан байыптау үшін физика сабағынан білім алды. Сөйтіп, оқушылар «машина» - ұғымын қабылдауға әзір болады, дегенмен бұған оқушылар әуелі токарьлық станокпен танысу арқылы көз жеткізеді, сонан соң оқушылардың машина жөніндегі ұғымы әрі қарай кеңейтіледі. Олар машиналардың классификациясымен (қозғауыш машиналар, құрал-машиналар) танысады.
7-сыныпта оқушылар ағаш және металл өңдейтін ең қарапайым токарьлық станоктармен танысады, сондай-ақ бұрғылау станогында материал өңдеу жөніндегі өздерінің іскерліктерін онан әрі арттыра береді.
8-сыныпта оқушылардың машиналар жөніндегі білімі кинематикалық схема туралы ұғымды дамыту негізінде жинақтап қорытылады.
Оқушыларды машиналардың кинематикалық схемаларымен таныстыруға зор маңыз беріледі, өйткені конструкциясы мен қызметі әр түрлі машиналар үшін ортақ сипатты нақ осы схемаларда көрсетуге болады. Мұғалімдердіц жұмыс тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, кинематикалық схемаларды қолданудың нәтижесінде машиналарды оқып зерттеу, оларды реттеу және бұзылған жерін табу оңайға түседі.
Оқушыларды кинематикалық схемаларды оқуға үйрету ісін осы схемаларды оларда бейнеленген машиналармен және механизмдермен салыстырудан бастаған жөн. Арнаулы зерттеулер кинематикалық схемаларды оқу мен жасаудың мынадай жүйесін ұсынуға мүмкіндік беріп отыр:
схеманы оқу: машинаның атын, мақсаты мен қолданылуын анықтау; машинаның жұмыс істеу принципін түсіндіру; машина бөлшектерінің ерекшеліктерін оқып шығу және орналасуын үйрету, қозғалыстың берілу амалы мен кезегін түсіндіру;
схема жасау: станоктың жұмыс принципін анықтау; қозғауыш пен жұмыс органдарының орналасу жағдайын анықтау; қозғалыс түрлерін анықтау; механикалық энергия берудің тәсілдері мен берілу жүйесін анықтау; кинематикалық схемалардың шартты белгілерін пайдалана отырып, қозғауыштың яки жетекші біліктің салыстармалы орналасуын, аралық біліктерді, жетектегі білікті, біліктегі бөлшектерді, олардың бекітілуі мен жұмысын ескеріп көрсету; механизмдерде болатын беріліс негізінде біліктер арасындағы графикалық байланысты көрсету; машина корпусының нұсқасын жасау.
Оқушылардың машинатану жөніндегі білімі станоктарда материалдарды өңдеуді үйрену кезінде пайдаланылады және керісінше машинатану жөніндегі ұғымды қалыптастыру кезінде мұғалім оқушылардың станоктарда материалдар өңдеуде алған біліміне сүйенеді. Сондықтан оқу материалын өткенде белгілі бір жүйені сақтап, біршама озып кетуге де, қалып қоюға да жол бермеу керек. Бұған егер мұғалім оқу материалын жүйелеуді оқытудың кезеңдері жөніндегі мына төмендегі ұсынысты басшылыққа ала отырып жүргізсе ғана қол жетеді (Д.А.Тхоржевский):
1. Оқушылар бұрғылау станогының жалпы құрылысымен танысады, басқару тәсілдерін, бұрғылау және кеңейтіп бұрғылау тәсілдерін меңгереді. Оқушылардың станоктардың құрылысын білуі негізінде қалыптасатын «бөлшек», «механизм», «машина» ұғымдары енгізіледі. Осының нәтижесінде оқушылардың типтік бөлшектер жөніндегі алғашқы түсінігін қалыптастыруға мүмкіндік туады, өйткені біркелкі бөлшектердің әр түрлі станоктарда
пайдаланылуы көрсетіледі. Сонымен бірге нақты мысалдар келтіре отырып, оқушыларды кейбір арнайы бөлшектермен (тұғыр, айналдырық т. б.) таныстыруға болады.
2. Оқушылар металл және ағаш өңдейтін токарьлық станоктардың құрылысымен және жұмыс істеуімен танысады. Токарьлық станок қозғалтқыштан, беріліс механизмінен және жұмыс органынан тұратын машина ретінде қарастырылады. Оқушыларға бұрғылау станогын машина деуге бола ма, болса оны дәлелдеңдер деген тапсырма беріледі.
3. Оқушылардың машиналар жөніндегі ұғымы кеңейе түседі. Оларды машиналардың жіктелуімен (қозғауыш-машиналар және құрал-машиналар) таныстырады.
4. Оқушылар ағаш өңдейтін және металл кесетін аспаптар мен машиналарды мысалға ала отырып, еңбек құралдарының. дамуымен танысады. Олар технологиялық үдерісті автоматтандыру негізінде металдардың жоңқасын алып өңдеудің бұдан былайғы дамуы перспективасын біледі.
5. «Типтік бөлшектер» ұғымы енгізіледі. Қосылыстар мен механизмдер қарастырылып, оқушылардың ағаш өңдеу, металл кесу құралдарының құрылысы жөнінде білімі пайдаға асады.
6. Өнеркәсіп құралдарын бөлшектей және құрастыра білу шеберлігі қалыптасады. Жұмыс объектісі ретінде токарьлық станоктың тораптары пайдаланылады.
7. Оқушылардың станоктарда металл өңдеу жөніндегі білімдері жинақтап қорытылады. Бұл мақсатқа өңдеудің әр түрі және соларға тән кескіш аспаптар салыстырылады. Оқушылардың физика пәнінен алған білімдері негізінде жоңқаның пайда болу үдерісі қарастырылады. Оқушылар металл кесу станоктарында машиналарға бөлшек жасау түрлерімен таныстырылады.
8. Технологиялық машиналарға ортақ қасиеттерді анықтау мақсатымен металл кесетін станоктар салыстырылады. Бұл мақсат үшін басты қозғалыстар мен беріліс қозғалыстары салыстырылады, атқаратын жұмыстарына сай станок бөлшектерінің классификациясы беріледі, металл кесетін станоктарда кез келген геометриялық пішіндегі бөлшекті қалай өңдеуге болатыны түсіндіріледі. Сөйтіп, машинатану элементтерін оқыту мен станоктарда материалдарды өңдеу жөніндегі оқу материалдары өзара тығыз байланысты болады. Оқушыларды машиналы техника мен еңбекке үйретуде мұғалімнің алдында тұрған міндеттердің табысты шешілуі өзара осы байланыстың оқу үдерісінде қаншалықты шебер қамтамасыз етілуіне тәуелді болады.
Достарыңызбен бөлісу: |