Маңғыстау облысының 2014 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары



Дата25.02.2016
өлшемі270.99 Kb.
#22847


Маңғыстау облысының 2014 жылдағы

әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жұмыс 2014 жылы Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында қойылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталды.


Қабылданған шаралар нәтижесінде облыста тұрақты макроэкономикалық және әлеуметтік-саяси жағдай сақталуда.

Облыста 2014 жылда барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады.



Алдын ала деректер бойынша экономиканың өсуі 4%, ал халықтың жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім өндіру шамамен 19,6 мың АҚШ долларын құрады (республика өңірлерінің арасында 4 орын), бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,8 есе асып түседі.

Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2 трлн. 391 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 103,4%, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 102,2% мөлшерінде қалыптасты (саланың облыстың өнеркәсіптік өнімінің жалпы көлеміндегі үлесі – 92,4%).


Шикі мұнай өндіру 2013 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,3%-ға артып, 18,5 млн. тоннаны құрады. Табиғи газ өндіру 3,1%-ға төмендеді (2083 млн. текше метр).





Өңдеуші өнеркәсіптегі өндіру көлемі (саланың үлесі – 4,5%) 2013 жылдың деңгейімен салыстырғанда 18,3%-ға артты (108 млрд. теңгеге дейін).

Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісінде (1,5 есе), өзге де металл емес минералдық өнімдер өндіруде (1,4 есе), машина жасауда (20,3%-ға), резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісінде (16,7%-ға), азық-түлік өнімдері өндірісінде (5,8%) өсу байқалады.



Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптаудағы өнім көлемі есепті кезеңде 65,5 млрд. теңгені немесе өткен жылдың осындай деңгейіне 118,9% құрады.

«Сумен жабдықтау, канализациялық жүйе, қалдықтарды жинақтау және бөлуді бақылау» саласында 17,2 млрд. теңге көлемінде өнім шығарылды немесе 2013 жылдың тиісті деңгейіне – 113,5%.

Облыстың сыртқы сауда айналымы 10187,7 млн. АҚШ долларын құрады, бұл – 2013 деңгейінен 2,8%-ға көп. Оның ішінде, экспорт – 9673,8 млн. АҚШ долларын (5,5%-ға ұлғайды), импорт – 513,9 млн. АҚШ долларын (31%-ға төмендеді) құрады.

Негізгі капиталға инвестициялар 2013 жылмен салыстырғанда 14%-ға өсіп, 529,4 млрд. теңгені құрады. Облыс халықтың жан басына шаққандағы инвестициялар көлемі (4,7 мың АҚШ доллары) бойынша республикада 2-орынды алады (ҚР бойынша орташа – 2,0 мың АҚШ доллары).

Облыстың инвестициялық тартымдылығын көтеруге, экономиканы әртараптандыруға Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ықпал етеді.

Индустрияландыру картасының аясында 2010-2013 жылдарда 160,3 млрд. теңге сомасына барлығы 23 жоба аяқталды. Шамамен 2 мың жұмыс орны құрылды. 57,4 млрд. теңге сомасына өнім шығарылды.

ҮИИДМБ мен Индустрияландыру картасының аясында 2014 жылы 57 млрд. теңге сомасына, 815 тұрақты жұмыс орны құрылған 10 жоба іске асырылып, пайдалануға берілді. Олар:

1. Маңғыстау облысының Шетпе ауылындағы «Каспий Цемент» ЖШС-нің цемент зауыты;

2. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Қаламқас кен орнындағы 2х45 МВт газ-турбиналық электр станциясы;

3. Жетібай ауылының маңындағы «Жанарыс» ЖШС-нің киім тігетін және химиялық тазартатын цехы;

4. «Үй құрылысы комбинатын салу» «ДИС» ЖШС;

5. «Индустриялық құрылыс комбинаты» «КИС-Ақтау» ЖШС;

6. «Ірі түйіршікті, ұсақ түйіршікті асфальт-бетон, шағылтасты мастикалық асфальт-бетон және қара қиыршықтас дайындайтын зауыт» «Каспий Тас Жол» ЖШС;

7. «Аңсаған Петролеум» ЖШС-нің мұнай дайындау қондырғысы мен тапсыру пунтін іске қосу»;

8. ««Каспио Пласт» ЖШС-нің төмен қысымды полиэтиленнен жасалған құбырлар өндірісі»;

9. ««Бозашы Оперейтинг ЛТД» КФ-ның бес жылжымалы гелиомерлік қондырғысын пайдалануға беру;

10. «Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС-нің жүнді қайта өңдейтін цехы.

2015 жылы сметалық құны 52,5 млрд. теңге болатын және 295 жаңа жұмыс орны құрылатын барлығы 7 жобаны аяқтау көздестірілген.
Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі – 172,2 млрд. теңгені, өсу қарқыны – 106% құрады. Жалпы ауданы 586,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2013 жылдан 10%-ға артық.

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының аясында 2014 жылы кезекте тұрғандарға жалға берілетін тұрғын үй салуға – 500 млн. теңге, жас отбасылар үшін тұрғын үй салуға – 200 млн. теңге, кредиттік тұрғын үй салуға – 4290 млн. теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға – 2786,1 млн. теңге бөлінді.

Кезекте тұрғандарға арналған тұрғын үй бағыты бойынша: Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында 48 пәтерлік тұрғын үйдің, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында 4 пәтерлік алты тұрғын үйдің, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында 4 пәтерлік сегіз тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ақтау қаласының 32 «А» шағын ауданында жайлылығы ІV-сыныпты 120 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Жас отбасылар үшін, Ақтау қаласының 32 «А» шағын ауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй салу бағыты бойынша, Ақтау қаласының 32 «А» шағын ауданында 60 пәтерлік төрт және 40 пәтерлік төрт тұрғын үйдің (оның 60 пәтерлік бір және 40 пәтерлік бір тұрғын үйі аяқталып, пайдалануға берілді), көп қабатты көп пәтерлік тұрғын үйлердің және қалалық маңызы бар объектілердің құрылыстары жүргізілуде.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы белсенді жұмыс істейтін субъектілер саны 2015 жылғы 1 қаңтарға 34,4 мың бірлікті құрады немесе 2014 жылдың осындай датасымен салыстырғанда 4,9%-ға өсті. Онда жұмыспен қамтылғандар саны 98,2 мың адамды құрады (2,8%-ға өскен). Облыстың экономикалық белсенді халқының жалпы санындағы олардың үлесі 31,9%-дан 34,7%-ға дейін өсті.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 2014 жылы 480,9 млрд. теңге сомасына өнім (тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер) шығарды, бұл – 2013 жылдан 9,8%-ға артық.



«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдауға Маңғыстау облысы үшін 2014 жылы 1816,6 млн. теңге бөлінді. Облыстың өңірлік Үйлестіру кеңесінің отырыстарында 58 жоба, оның ішінде пайыздық ставканы субсидиялау бойынша – 34 жоба; кредиттерді кепілдендіру бойынша – 4 жоба, мемлекеттік гранттар беру бойынша – 3 жоба; инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша – 7 жоба мақұлданды. Бұл ретте, облыстың барлық аудандары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен қамтылды.

Екінші деңгейдегі банктермен 2014 жылғы 1 желтоқсанға шағын бизнес субъектілеріне 15,2 млрд. теңге көлемінде кредиттік ресурстар берілді.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» атты екінші бағытының аясында кәсіпкерлерге микрокредит беру үшін республикалық бюджеттен 2014 жылға 200,0 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттың барлығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның шотына аударылды. Осы қормен (меншікті қаражатын есепке алғанда), сондай-ақ «Каспий» микроқаржы ұйымы» ЖШС-мен 2014 жылда 945 млн. теңге сомасына 283 микрокредит беріліп, 418 жұмыс орны құрылды.

Ұлттық қордан «Даму Өндіріс» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат есебінен 2,9 млрд. теңге сомасына 10 жоба мақұлданды. Бұдан басқа, 50 млрд. теңге мөлшерінде бөлінген екінші транш аясында 2 млрд. теңге сомасына 4 жоба мақұлданды.

Облыстың барлық аудандарында «Даму» қорының жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін Ақтау қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын, сондай-ақ Мұнайлы ауданында КҚКО мен бизнес-инкубатор ашу жоспарлануда.
Тұтыну бағалары мен тарифтердің индексі 2014 жылдың қорытындысында 2013 жылдың желтоқсанына – 107,2% (ҚР бойынша – 107,4%), оның ішінде азық-түлік тауарларына – 109,1% (ҚР бойынша – 108%), азық-түлік емес тауарларға – 108,5% (ҚР бойынша – 107,8%), ақылы қызметтерге – 103,6% (ҚР бойынша – 106,4%) құрады.


Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8287,6 млн. теңгені құрады. Нақты көлем индексі 2013 жылдың тиісті кезеңіне – 100%. 2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басының 20,9%-ға, жылқы басының – 2%-ға өсуі байқалады. Қой мен ешкі басы 9,5%-ға төмендеді.


Бюджеттен 2014 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға – 123,5 млн. теңге, өсімдік шаруашылығын дамытуға – 143 млн. теңге сомасында субсидиялар бөлінді. «Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асыру аясында жайылымдарды суландыру үшін 8 құдықты бұрғылауға 19,5 млн. теңге бөлінді.

Ылғал қорын сақтау технологиясын – тамшылатып суаруды қолданумен 651,4 га жер қамтылған, бұл – 2013 жылмен салыстырғанда 168 гектарға жоғары. Өңірде жалпы ауданы 5,2 га өнеркәсіптік үлгідегі 2 жылыжай және жалпы ауданы 3,2 га фермерлік үлгідегі 6 жылыжай жұмыс істейді. 2014 жылы жабық топырақта 933,2 тонна көкөніс дақылдары өндіріліп, облыс халқына сатылды.

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына арналған бағалардың өсуін тежеу мақсатында, «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ шарттар жасасу және елдің ауыл шаруашылғымен айналысатын өңірлерінен әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.

Қолда бар ресурстардың, экономиканың тарихи қалыптасқан құрылымын, табиғи-климаттық жағдайларды, сондай-ақ біздің облыстың географиялық орналасуын есепке ала отырып, өңір экономикасы дамуының мына негізгі стратегиялық бағыттары айқындалды: бірінші – облыстың дәстүрлі базалық саласы – мұнай-газ саласын дамыту; екінші – мұнай сервистік кластерді дамыту; үшінші – көлік пен логистика; төртінші – құрылыс индустриясы; бесінші – туризм. Орталық мемлекеттік органдармен келісілген Маңғыстау облысы экономикасының өсу резервтерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда.



Көлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысында, Азия даму банкінің қарыз қаражатын тарту арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен «Ақтау-Бейнеу-Атырау» автожолын «Бейнеу-Манашы» және «Манашы-Шетпе» учаскесінде реконструкциялау жобасы іске асырылып жатыр.

«Шетпе-Жетібай-Ақтау» учаскесін реконструкциялау бойынша дайындық жұмыстары басталды (карьер учаскелері, мердігерді белгілеу және т.б.).

«Бейнеу-Жезқазған» темір жол желісін Бейнеу станциясы-Тассай станциясы учаскесінде салу жобасы аяқталды. Жұмыс бабындағы жүріс ашылды.

Автомобиль жолдарын салуға, күрделі, ағымдағы, орташа жөндеуге және күтіп-ұстауға, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдардың ЖСҚ-ын әзірлеуге республикалық және облыстық бюджеттердің қаражатынан барлығы 2014 жылы шамамен 8,6 млрд. теңге бөлінді.

«Сыңғырлау-Сам-Ноғайты-Тұрыш» автожолының және Ақтау-Қаламқас автомобиль жолының «Ақтау-Ақшұқыр» және «Ақтау-С. Шапағатов» облысішілік бағыты бойынша автопавильондардың (13 бірлік аялдама, 14-26 километр учаскесінде) құрылысы басталды.

«Ақтау-Форт-Шевченко», «Таушық-Шетпе», автожолдарын күрделі жөндеу аяқталды.

«Ақтау-Құйылыс» (7-15 км), «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (43-75 км), және «Ақтау-Қаламқас» (101 және 104 км) автожолдарын күрделі жөндеу, «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (75-122 км) және «Ақтау-Қаламқас» (10-89 км) автожолдарын орташа жөндеу басталды.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы Батыс Қазақстанды жағажай туризімінің орталығы ретінде, оның ішінде Кендірлі курортты демалыс аймағын дамытуды көздейді. Кендірлі туристік аймағын дамытудың жүйелі жоспары әзірленіп, бекітілді.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ мен «RIXOS» компаниялар тобы арасында 1500 орындық 2 отель (4 және 5 жұлдызды) мен ойын-сауық аймағын салу арқылы Кендірлі курортты аймағын дамыту жөніндегі келісімге қол қойылды.

«Кендірлі» курортты демалыс аймағының сыртқы инфрақұрылымын салу жобаларының ішінде «Окарем-Бейнеу» магистралды газ құбырынан газ бұру құбыры мен АГБС-ның құрылысы аяқталды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2013-2014 жылдарда 996,5 млн.теңге бөлінді. Іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағын жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған өндірістермен толықтыру бойынша жұмыс жүргізілуде. АЭА аумағында 5 кәсіпорын жұмыс істейді, шамамен 29 млрд. теңге тартылды. 223 млрд. теңгеге өнім шығарылды. Бюджетке 19 млрд. теңгеден астам салықтар мен өзге де міндетті төлемдер төленді. 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды.

2014 жылғы желтоқсанда тағы да 4 жоба іске қосылды, олар: «КИС-Ақтау» индустриялық құрылыс комбинаты, жол-құрылыс материалдарын шығаратын «КаспийТасжол» зауыты, «Каспиопласт» ЖШС-нің төмен қысымды құбырлар өндірісі және «KazTrub-Industries» ЖШС-нің құбырлар мен пластмасса бұйымдар өндірісі.

2015 жылы 8 жобаны пайдалануға беру жоспарланған.

АЭА-ның инвестициялық тартымдылығын көтеру мақсатында, аумағын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінге №3 және №1 кіші аймақтар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. № 1 (қосымша учаске), № 2 және №4 кіші аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын салуға ЖСҚ әзірлеу жүргізілуде.


Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласында, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен өткен жылы облыста 26406 жаңа жұмыс орны құрылды (2013 жылда – 22213 жұмыс орны).

2014 жылы 27 бос орын жәрмеңкесі өткізіліп, оларға 294 жұмыс беруші, шағын және орта бизнес өкілдері, облыстың қоғамдық бірлестіктері және халықтың жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, аз қамтылған және басқа да нысаналы топтарының және Жасөспірімдер үйі түлектерінің қатарынан 2544 адам қатысты.

Тұтастай алғанда, 2014 жылда әлеуметтік қорғау шараларымен 8193 адам қамтылып, оның ішінде 2041 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 2176 адам қоғамдық жұмыстарға, 375 жұмыссыз кәсіптік даярлауға, 616 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 741 түлек жастар практикасына жолданды.

2014 жылы «Жаңа Серпін» арнайы өңірлік бағдарламасы әзірленіп, қабылданды. Өңірлік бағдарлама аясында жастарды жұмыспен қамту үшін жағдайлар құрылды, олар – оқытуды ұйымдастыру, жатақханадан орындар беру, стипендиялар төлеу, оқу үдерісінде тамақтандырумен және жатақханадан оқитын жерге дейін тасымалдаумен қамтамасыз ету арқылы қосымша кәсіптік білім алу.

Мәселен, бүгінге Жаңаөзен қаласының 107 жұмыссыз жас тұрғыны Ақтау тренинг орталығы мен Маңғыстау энергетикалық колледжінде оқудан өтті, оларға жатақханадан орын берілді, стипендия төленді. 5 адам жұмысқа орналастырылды, қалған жұмыссыздарды жатақханадан орын беру арқылы «АқтауОйлМАШ» ЖШС-не жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұдан басқа, Жаңаөзен қаласының жұмыссыз тұрғындарының қатарынан 10 адам «Каспий битум» ЖШС-не жұмысқа орналастырылды.

Жетібай және Мұнайшы ауылдарының жұмыссыз жастарының ішінде 67 адам болатын топ «Ерсай КК» ЖШС оқу орталығының базасында оқып жатыр. Оқуды аяқтау мерзімі – 2015 жылғы наурыз-сәуір.

Қабылданған шаралар нәтижесінде, жалпы жұмыссыздық деңгейі (ашық еңбек нарығында) төмендеп, 2014 жылдың 3 тоқсанында 5,3%-ды құрады (2013 жылдың 3 тоқсанында – 5,5%).


Халықтың әлеуметтік-әлсіз жігін әлеуметтік қолдау мақсатында 3407 аз қамтылған азаматқа 86,6 млн. теңге жалпы сомасында атаулы әлеуметтік көмек, 4264 балаға 44,5 млн. теңге сомасында 18 жасқа дейінгі балаларға арналған балалар жәрдемақысы төленді. Әлеуметтік-әлсіз жік санатындағы 10825 азаматқа 210 млн. теңге сомасында тұрғын үй көмегі төленді.

Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік-әлсіз жігін әлеуметтік қолдау мақсатында жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімі бойынша әлеуметтік төлемдердің 9 түрі жүзеге асырылуда.



Халықтың жан басына шаққандағы атаулы орташа ақшалай табысы 2014 жылдың 3 тоқсанында 108837 теңгені құрады. 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы ақшалай табыс – 18,6%-ға, нақты ақшалай табыс – 11,3%-ға ұлғайды.

Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 2014 жылдың қаңтар-қарашасында 211738 теңгені құрады, бұл – 2013 жылдың осындай кезеңінен 20,4%-ға жоғары.
Мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуі (Ұлттық қорды есепке алмағанда) 353 млрд. теңгені немесе 2013 жылдың тиісті кезеңіне 122,2%, оның ішінде республикалық бюджетке – 248,1 млрд. теңгені (126,8%), жергілікті бюджетке – 104,9 млрд. теңгені (112,4%) құрады.

Мұнай секторының кәсіпорындары Ұлттық қорға 690,7 млрд. теңге сомасында төлемдер аударды. Осылайша, Ұлттық қорды есепке алғанда бюджеттің барлық деңгейіне түскен түсімдердің жалпы көлемі 1043,7 млрд. теңгені құрады немесе 2013 жылмен салыстырғанда 6,6%-ға көп.


Облыстың шығыстары 2014 жылы 145,8 млрд. теңгені құрады. Шығыстар жыл ішінде 22,7 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы жоспарға – 99% құрап, республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансфертер жоспары 100%-ға орындалды.
Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту тұрғысында «Өңірлерді дамыту», «Ақбұлақ» бағдарламаларының, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының аясында жобалар іске асырылуда.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында Мұнайлы ауданының Батыр ауылдық округінде 0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы мен Ақтау қаласы 33 "Аққу" шағын ауданының жол бойындағы аумақтарын абаттандыру (шағын ауданішілік автомобиль жолдары, жаяу жүргіншілер аймағы және тротуарлар) жүргізілді.

Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарын жылумен жабдықтауды және 28, 28а, 29 және 30 шағын аудандардың жоғары аймағының жылу желілеріне түсетін жүктемені жеңілдетуді қамтамасыз ету мақсатында, №1 ЖЭО-нан Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарына дейінгі жаңа магистралды желі салынды және пайдалануға берілді.



«Ақбұлақ» бағдарламасының аясында облыстың елді мекендерін сумен жабдықтауды жақсартуға республикалық бюджеттен 2014 жылға 3950 млн. теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен Бейнеу ауылының поселкеішілік су құбырларының (1, 3-учаскелер), Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында су тазарту имаратының, Қарақия ауданының Мұнайшы және Жетібай ауылдарында және Жетібай станциясында сумен жабдықтаудың су құбырының жетіспейтін желілерінің, Түпқараған ауданының С. Шапағатов ауылында поселкеішілік су құбыры мен резервуардың, Мұнайлы ауданының Дәулет ауылдық округінде сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілді.

Ақтау қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жалғасуда. №1, 3А, 4, 5, 6, 7, 8, 14, 15, 22, 23 шағын аудандарындағы су құбырлары бойынша жұмыстар аяқталды. №3, 3А, 3Б, 4, 5, 7, 8, 9, 11, 12 шағын аудандарындағы өздігінен ағатын канализация желілерін, №12 көше бойындағы өздігінен ағатын коллекторды және №1А,2,5,10 КСС арынды коллекторларын жаңғырту бойынша жұмыстар басталды.



Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасының аясында облыстың көп пәтерлік тұрғын үйлерін күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 2014 жылға 650 млн. теңге бөлінді. Ақтау қаласының 2, 3 және 3 А шағын аудандарындағы көздестірілген 11 көп пәтерлік тұрғын үйдің 9-нда жөндеу аяқталып, 2 үй бойынша жөндеу аяқталу сатысында.

Облыстың елді мекендерінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен (ЕЖЖ) ұштастырылған 7 бас жоспарын және халқы 5 мың адамға дейін болатын елді мекендерді дамыту мен салудың 29 схемасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 2014 жылы 385 млн. теңге бөлінді.



Әлеуметтік саланы дамытуға арналған шығыстар 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 15%-ға өсіп, 71,4 млрд. теңгені құрады.

Білім беруге арналған шығыстар 2013 жылмен салыстырғанда 11,5%-ға өсіп, 42 млрд. теңгені құрады.

2014 жылы 2289 орындық 19 мектепке дейінгі балалар ұйымы (МБҰ) ашылды (салу есебінен – 5, шағын орталықтар ашу есебінен – 3, жекеменшік балабақшалар ашу есебінен – 8, бұрынғы ғимараттарды қайтару және қайта құру есебінен – 3).

Қарақия ауданының Болашақ және Бостан ауылдарында әрқайсысы 50 орындық, Мұнайлы ауданының Баянды және Маңғыстау-4 ауылдарында әрқайсысы 280 орындық, Бейнеу ауылында 80 орындық 5 балабақша аяқталып, пайдалануға берілді.

Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында 140 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, Жаңаөзен қаласының Мерей, Арай, Астана шағын аудандары мен Қызылсай ауылында әрқайсысы 320 орындық 4 балабақшаның, Ақтау қаласында 280 орындық, Бейнеу ауылында әрқайсысы 140 орындық 2 балабақшаның, Мұнайлы ауданының Атамекен және Дәулет ауылдарында әрқайсысы 280 орындық 2 балабақшаның, Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында 140 орындық, Қызылөзен ауылында 50 орындық балабақшалардың құрылысы жүргізілуде. Объектілер 2015 жылға өтеді.

1.01.2015 жылға облыс бойынша 1-ден 6-ға дейінгі жастағы балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиелеумен қамту – 40,1%, 3-тен 6-ға дейінгі жастағы балаларды қамту – 68,2% құрады.

Үш ауысыммен оқытатын мектептерді жою мақсатында:

- Ақшұқыр ауылында 960 орындық орта мектептің құрылысы аяқталды;

- Форт-Шевченко қаласындағы 550 орындық мектеп-интернаттың және Атамекен ауылындағы 1200 орындық орта мектептің құрылысы басталды;

- Бейнеу ауылында 900 орта мектеп салуға ЖСҚ әзірленді.

Авариялық мектептерді жою мақсатында, ағымдағы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 200 орындық бір мектептің құрылысы аяқталып (Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында), 2015 жылы аяқталатын әрқайсысы 624 орындық тағы 2 орта мектептің құрылысы басталды (Қарақия ауданының Құланды ауылы мен Жетібай станциясында).

Жергілікті бюджеттен 2014 жылы 17 білім беру объектісін күрделі жөндеуге – 2096,6 млн. теңге, 23 білім беру объектісін ағымдағы жөндеуге – 111 млн. теңге бөлінді.

Облыстың жалпы білім беретін мектептері үшін республикалық бюджет есебінен 2014 жылы 8 химия кабинеті сатып алынды. Жергілікті бюджет есебінен 112 компьютер сыныбы сатып алынды.

Маңғыстау облысы бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны барлығы 703 адамды құрайды.

87 баланы тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, олар Оралмандарды бейімдеу орталығының базасына уақытша орналастырылды.



Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2014 жылы 16,4 млрд. теңгені құрады (2013 жылы – 16,2 млрд. теңге).

Медициналық-демографиялық және халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, бала туудың жалпы коэффициенті бойынша облыс республикада 1 орын алады (1000 адамға шаққанда 32,6). Жалпы өлім-жітім республикалық көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 7,64 болғанда, 2013 жылғы 4,87-нің орнына 4,66-ны, тиісінше табиғи өсім көрсеткіші 27,94-ті құрады (2013 жылы – 26,72).

Бала өлімінің көрсеткіші 2013 жылмен салыстырғанда 4,6%-ға төмендеп, 1000 тірі туылғандарға шаққанда 10,3-ті құрады.

Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2013 жылы 71,56 жасқа дейін артты.



Әлеуметтік маңызды аурулар бойынша да оң динамика байқалуда. Туберкулезбен ауыру 2013 жылғы 100 мың халыққа шаққандағы 76,9-дан 2014 жылда 71,4-ке дейін азайды. Қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлуді 27,4%-ға (100 мың халыққа шаққанда 86,2-ден 62,6-ға дейін) төмендетуге қол жеткізілді.

Маңғыстау облыстық ауруханасының «Г» блогы жапсарламасының және Жаңаөзен қаласындағы 100 төсек-орындық перзентхананың құрылысы аяқталды.

«350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» бағдарламасы бойынша, облыстың ауылдарында 7 дәрігерлік амбулаторияның және 1 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды.

Облыстық стоматологиялық орталыққа, Ақтау №1 қалалық емханасына, Ақтау №2 қалалық емханасының балалар бөлімінің ғимаратына, Жаңаөзен қалалық балалар емханасына, Облыстық туберкулезге қарсы диспансерге күрделі жөндеу жүргізілді.

Облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2014 жылы республикалық бюджеттен 228,1 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 608 млн. теңге бағытталды. Симуляциялық орталық ашу үшін жабдық, Жаңаөзен қалалық балалар емханасы үшін рентген кешені, жедел жәрдем қызметтері үшін реаномобильдер мен санитарлық автомобильдер сатып алынды.

Мәдениет саласында 2014 жылы Маңғыстау ауданының Шебір ауылында және Қарақия ауданының Аққұдық ауылында ауылдық клубтар, Түпқараған ауданының Таушық ауылында Мәдениет үйі, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында С. Қондыбай атындағы мұражай салынды. Маңғыстау ауданының «Отпан тау» этнографиялық-мемориалдық кешенінде киіз үйлер алаңы мен стационарлық сахна, жауын-шашын канализациясын, автотұрақ, екі пәтерлік тұрғын үй салынып, Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылында ауылдық клубтың құрылысы басталды.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасының» бірінші бағытының аясында 6 ауылдық мәдениет объектісін күрделі және ағымдағы жөндеуге республикалық бюджеттен 124,1 млн. теңге бөлінді. Абай атындағы мәдени-демалыс кешенін күрделі жөндеу жалғасуда.

Облыстық музыкалық-драма театрының ұжымы 2014 жылы Түркменстан Республикасының Ашхабад қаласында әлемнің 14 елінен келген ұжымдардың қатысуымен өткен «Бақытты дәуірдің театр өнері» атты ІІ Халықаралық театр фестиваліне қатысты. Облыстық қуыршақтар театры Молдова Республикасының Кишинев қаласында өткен «Гугуцэ» атты VІІІ Халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, үздік атанды.

Украин халық жазушысы Т.Г. Шевченконың 200 жылдығына арналған Халықаралық конференция, «Нұр-Отан» партиясының 15 жылдық мерейтойына арналған «Береке басы - бірлікте» атты республикалық ақындар айтысы өткізілді.

Орта Азия елдерінің V халықаралық фестивалінде Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының ұжымы облыс әкімінің 1 млн. теңге мөлшеріндегі арнайы сыйақысын иеленді.

«Киіз үйді жасаудың дәстүрлі дағдылары мен білімдері» номинациясы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді.

2014 жылғы 6-10 қазан аралығында Маңғыстау облысының Оңтүстік Қазақстан олысындағы мәдениет күндері өткізілді. Апта шеңберінде облыстың мәдениет қайраткерлерінің гала-концерті, театрлардың спектакльдері, көрмелер ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тілді дамыту тұрғысында облыстың кешкі мектептерінде өзге ұлттардың 180 өкілі үшін қазақ тіліне оқытатын тегін курстар ұйымдастырылды. Бұл ретте, облыстың 20 ұлттық-мәдени орталығында 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. 2014 жылы жексенбілік мектеп арқылы өзге ұлттың 180 адамына мемлекеттік тілді оқыту бойынша курстар ұйымдастырылды.

Спорт саласында 2014 жылда барлық спорт түрі бойынша Қазақстанның құрама командаларына 230-дан астам спортшы алынып, 33 спорт шебері, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 126 «Спорт шеберіне үміткер» спортшы, 1 спорттық разрядтағы спортшы дайындалды.

Облыста 2014 жылда 25 980 адам қамтылған салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша 262 спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шарасы өткізілді.

Бүгінге облыста 534 спорт құрылысы (2013 жылмен салыстырғанда 16 бірлікке өсті), оның ішінде ауылда 236 объект бар (10 бірлікке өсті). Бюджеттен тыс қаражат есебінен Маңғыстау ауданының Шебір және Тұщыбек ауылдарындағы спорт залдардың құрылысы аяқталып, Түпқараған ауданының Таушық ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Ауыл халқын спорт объектілерімен қамтамасыз ету үшін, облыстың ауылдық елді мекендерінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін (ДШСК), 10 спорт зал және 11 спорт алаңын салу үшін дайын жобаларды байластыруға жергілікті бюджеттен 86,4 млн. теңге бөлінді. ДШСК-ін 2015-2016 жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен салу жоспарлануда.


Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болып қала беруде. Табиғат қорғау іс-шараларына жергілікті бюджеттен 2014 жылға 459,5 млн. теңге бөлінді.

«Қошқар ата» жасанды көлінің сұйық фаза деңгейін тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. Қалдықтар қоймасына жыл сайын Ақтау қаласының 5,2 млн. текше метр тазартылған шаруашылық-фекальдық суы айдалады. «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіруге» ЖСҚ әзірленді, СЭС қорытындысы алынды, экологиялық сараптаманың қарауына жолданды. «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының іргелес жатқан аумақтардың экологиялық жүйесіне тигізетін әсерін ғылыми зерттеудің 3-кезеңі іске асырылды.

«Маңғыстау облысының теңіз порттары мен мұнай кәсіпшіліктерінің Каспий теңізінің жағалық аймақтарына техногендік әсерін бағалау», «Ақтау қаласының жағалауындағы Каспий теңізінің қайраң аймағында жасанды рифтер жүйесін құруға ТЭН әзірлеу» атты зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 9 риф орнатылды.

Құм тоқтату мақсатында Бостанқұм, Түйесу және Қызылқұм құмды алаптарындағы өсімдік жабындысын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жаңаөзен қаласындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жою және көму зауыты 2014 жылы пайдалануға берілді. Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында, Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында және Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында қатты-тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға ТЭН әзірленді. Маңғыстау ауданының Тұщықұдық және Шайыр, Түпқараған ауданының Қызылөзен, Қарақия ауданының Болашақ ауылдарында қалдықтар полигондарын салуға ТЭН әзірленуде.

Халықтың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәіртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Облыс аумағында 2014 жылда тіркелген қылмыстар санының 2013 жылмен салыстырғанда 0,7%-ға төмендегені (6380-нен 6334-ке дейін) байқалады.

Аса ауыр қылмыстар саны – 21%-ға, ауыр қылмыстар саны – 34,1%-ға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны – 6,5%-ға, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыстар саны – 17,2%-ға қысқарды.

Тұтастай алғанда, 2014 жылда 2998 қылмыс, оның ішінде 50 аса ауыр және 387 ауыр қылмыс ашылды.

Облыстың ІІД-нің бөлімшелері үшін 2014 жылы 61 бірлік арнайы автокөлік, 58 автомобильдік бейнетіркегіш, 261 компьютер техникасының жинақтамасы, «Тетра» радиостанциясы, сондай-ақ қолға ұстап жүретін бейнетіркегіштер сатып алынды.

ҚІІБ ЖБО-на шығару арқылы Ақтау қаласында қосымша 40 бейнебақылау камерасы, Жаңаөзен қаласында 18 бейнебақылау камерасы орнатылды.

Ақтау қаласында 20 учаскелік полиция пункті мен 4 стационарлық постқа жөндеу жүргізілді.


Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының аясындағы іс-шараларды іске асыруға 2014 жылы 10 млрд. теңге жалпы сомасында, оның ішінде – республикалық бюджеттен – 6,0 млрд. теңге; жергілікті бюджеттен – 2,7 млрд. теңге; өзге қаражат көздерінен – 1,3 млрд. теңге («Өзенмұнайгаз» АҚ қаражаты) бөлінді.

4 334 жаңа, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындарда 3906 жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздың деңгейі төмендеп, 1,6% құрады.

22 инвестициялық жоба (11 ауыспалы, 11 жаңа) іске асырылды. 2014 жылдың қорытындысында 7 жобаны іске асыру, оның ішінде:

- қатты-тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, жою және көму комбинатының құрылысы;

- Жаңаөзен қаласының «Жұлдыз» (Рахат-3, 1-2 кезек) шағын ауданында салқын су есептеуіштерін құру және орнату (қосымша жұмыстар);

- Жаңаөзен қаласындағы үлгілік әскери қалашықтың құрылысы;

- Жаңаөзен қаласындағы 6 шығар жолы бар үлгілік өрт сөндіру депосының құрылысы;

- Жаңаөзен қаласының «Мерей» шағын ауданындағы 1200 орындық орта мектептің құрылысы;

- Жаңаөзен қаласындағы ІІБ қызметкерлеріне арналған 60 және 100 пәтерлік екі тұрғын үйдің (пәтерлік үлгідегі жатақхананың) құрылысы;

- Жаңаөзен қаласының «Мұнайлы», «Бостандық», «Рахат», «Ақсу», «Бәйтерек», «Ақбұлақ», «Мамыр», «Арай», «Астана» шағын аудандарының және Теңге, Қызылсай ауылдарының орталық көшелерін жарықтандыру желілерінің құрылысы аяқталды.

Жаңаөзен қаласының жылумен жабдықтау жүйесін жақсарту және жылу энергиясының жоғалуын азайту мақсатында, шағын ЖЭО-ға ауыстыру арқылы орталық қазандықты реконструкциялау және кеңейту жүргізілуде.

5 спорт және 5 аула алаңқайы салынды.

«Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамытудың 2012-2014 жылдарға арналған арнайы жоспары» бағдарламасының аясында өткен жылы 88 млн. теңге бөлінді. 16 жоба, оның ішінде – пайыздық ставканы субсидиялауға – 8, кредиттерді кепілдендіруге – 8 жоба мақұлданды.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында Жаңаөзен қаласы үшін 2014 жылы барлығы 1 366,4 млн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1 237,8 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 128,7 млн. теңге бөлінді.

Оның ішінде, 2014 жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға барлығы – 227,6 млн. теңге, екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 48,0 млн. теңге, микрокредиттер беруге – 125,2 млн. теңге, гранттар беруге – 9,1 млн. теңге және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға – 45,3 млн. теңге бөлінді.

2014 жылдың 12 айында пайыздық ставканы субсидиялау бойынша 1 290,1 млн. теңге жалпы сомасына 25 жоба мақұлданып, 125,3 млн. теңге сомасына 43 микрокредит және ШОБ-тің 5 жобасына гранттар берілді. Технопарк үшін инфрақұрылым құру жұмыстары аяқталды.

Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 2014 жылы барлығы 1 138,8 млн. теңге бөлініп, 01.01.2015 жылғы жағдай бойынша 1 137,2 млн. теңге игерілді.

Бүгінге Теңге ауылында РП-6 кВ тарату пунктін және «Рахат-1,2,3» 110/6 кВ қосалқы станциясынан Жаңаөзен қаласы Теңге, Қызылсай ауылдарының шығыс бөлігіне дейінгі ВЛ-6 кВ әуе желісінің құрылысы, Теңге мен Қызылсай ауылдарын, қаланың «Шұғыла» шағын ауданының аулаішілік көшелерін абаттандыру, Қызылсай ауылының автомобиль жолдарын салу бойынша жұмыстар аяқталды.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасы іске асырылып бастағаннан бері мына мақсатты индикаторларға қол жеткізуде оң динамика байқалады:

- өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 2014 жылы 1,3 есеге өсіп, 150,1 млрд. теңгені, 2014 жылдағы НКИ – 107,6% құрады;

- шағын кәсіпорындардың саны 2012 жылғы 896 бірліктен 2014 жылы 1086 бірлікке дейін немесе 21,2%-ға өсті;

- табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2014 жылы 0,9%-ға дейін төмендеді;

- жұмыссыздық деңгейі 2012 жылғы 1,8%-дан 2014 жылы 1,6%-ға дейін төмендеді.


«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» атты бірінші бағытының аясында 2014 жылға 1968,4 млн. теңге көлемінде нысаналы трансферттер бағытталды. Осы қаражаттың есебінен облыстың 32 ауылдық елді мекенінде 1133 жұмыс орнын құрумен коммуналдық-инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін абаттандыру, қайта құрылымдау, күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 157 жоба іске асырылды.

Бұдан басқа, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында облыстың ауылдарын жайластыру үшін республикалық бюджеттен 623 млн. теңге бөлінді. 17 ауылдық елді мекенде 40 жоба іске асырылып жатыр.

Облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 27 мамырдағы №17/253 шешімімен Тірек ауылдық елді мекендердің (Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Бейнеу ауданының Ақжігіт және Боранқұл, Маңғыстау ауданының Сайөтес және Жыңғылды, Қарақия ауданының Жетібай ауылдарының) және аудан орталықтарының (Бейнеу, Құрық, Маңғыстау, Шетпе ауылдарының) 2014-2018 жылдарға арналған кешенді даму жоспарлары, сондай-ақ Ауылдық округтерді, ауылдарды және кенттерді дамыту жөніндегі 2014-2018 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аудандарын дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған шаралар кешенін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, облыс әкімдігінің 2014 жылғы 14 мамырдағы №108 қаулысымен Маңғыстау облысының шекара маңындағы аудандарын (Бейнеу ауданының Тәжен, Сам және Ақжігіт, Қарақия ауданының Болашақ ауылдарын) дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Көрсетілген жоспарларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Облыста тұрақты қоғамдық-саяси жағдай сақталуда.

Облыста 7 саяси партияның филиалдары бар («Нұр Отан» партиясы, «Ақ Жол» ҚДП», Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП), «Ауыл» партиясы, «Бірлік» партиясы, «Азат» партиясы және ЖӘДП). 2 партияда жастар ұйымы бар (Нұр Отан» партиясы мен ҚКХП).

Саяси партиялардың облыстық филиалдарының Қоғамдық кеңесі жұмыс істейді, оның негізгі міндеті облыс әкімдігі мен саяси партиялардың облыстық филиалдарының арасында жасалған облыстағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі өзара іс-қимыл туралы меморандум шеңберінде саяси күштердің сындарлы диалогы болып табылады. Қоғамдық кеңестің 2014 жылы 4 отырысы өткізіліп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мейлінше өзекті мәселелері талқыланды.

Облыста 299 үкіметтік емес ұйым бар, оның ішінде 88-і мейлінше белсенді жұмыс істейді.

Үкіметтік емес секторды әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру бойынша қаржыландыруда оң динамика байқалады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, 210,8 млн. теңгені, оның ішінде жергілікті бюджет – 195,9 млн. теңгені, республикалық бюджет – 15 млн. теңгені құрады.

2014 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың салалық қағидаты алғаш рет қолданды (15 жергілікті мемлекеттік орган). 58 ҮЕҰ 78 әлеуметтік маңызды жобаны іске асырып, 20-дан астам бағыт қамтылды. Оның ішінде, ауылдық ҮЕҰ-ды дамытуға арналған 5 жоба іске асырылды.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың арқасында азаматтарды қолдау орталықтары тыныс-тіршіліктің әр түрлі аспектілері бойынша өз жұмысын бастады. Қазіргі кезде жастарды жұмысқа орналастыруды қолдау орталығы, жас саясаткерлер мектебі, әйелдер көшбасшылығы мектебі, «Полицияның ерікті көмекшілері» қозғалысы, «Зорлық-зомбылықсыз үй» дағдарыс орталығы, суицидке жол бермеу жөніндегі дағдарыс орталығы, жас кәсіпкерлерді қолдау орталығы, адам саудасының құрбандарын қолдау жөніндегі орталық жұмыс істейді.

ҚР Президентінің тапсырмасын іске асыру мақсатында, штат саны 20-дан астам болатын «Достық үйі» мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Материалдық-техникалық базасы қамтамасыз етілуде. ЖСҚ әзірленіп, «Достық үйнің» ғимаратын 2015 жылы салу жоспарланып отыр.

Жастар саясатын іске асыру үшін, облыстың аудандары мен қалаларында (7) жастардың ресурстық орталығы, ауылдық округтерде жастармен жұмыс бойынша 33 инспектор жұмыс істейді.

Сондай-ақ, облыста 30 жастар ұйымы, оның 20-сы белсенді жұмыс істейді.



«Жасыл ел» жобасының аясында ағымдағы жылы облыстың қалалары мен аудандарында «Жасыл ел» еңбек жасағының көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 19,6 млн. теңге бөлінді. 800-ден астам жастар тартылды.
«Дипломмен ауылға» жобасының аясында облыстың қалалары мен аудандарына 955 жас маман жұмысқа орналастырылды.

222 жас маман тұрғын үйге арналған бюджеттік кредиттер алып, 1018 маманға көтерме жәрдемақылар берілді. 193 бала облыс әкімінің гранттарына ие болды.



«Жастар практикасы» жобасының аясында 718 түлек уақытша жұмыс орындарына орналастырылып, 1233 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Жастарды жұмысқа орналастыру бойынша жасалған жұмыс нәтижесінде жастар жұмыссыздығының деңгейі 2014 жылдың 3-тоқсанында 4,9%-ға төмендеді (2013 жылдың 3 тоқсанында – 8,0%).



Жаңаөзен қаласында 2014 жылғы наурызда «Ауыл жастары – 2014» ІІ облыстық слеті өткізіліп, онда бизнес жобалардың байқау-конкурсы болып өтті. Ақтау қаласында облыстық жастардың VIII Дельфийлік ойындары өткізіліп, оған облыстың барлық қалалары мен аудандарынан шамамен 120 жас қатысты.

2014 жылғы тамызда Каспий теңізінің жағасында, «Дарын» облыстық сауықтыру орталығының негізінде, өңірдегі ауыл жастары қатысқан «Жастар Отанға!» тақырыбында жазғы саяси лагерь ұйымдастырылды.



Өткен жылғы қазан айында «Ауылым-алтын бесігім» атты жастар керуені өткізіліп, оның аясында Форт-Шевченко қаласының, Шетпе ауылының, Мұнайлы ауданының Маңғыстау, Қызылтөбе ауылдарының, Жаңаөзен қаласы Теңге ауылының, Ақтау қаласы Өмірзақ ауылының жастарымен кездесулер өткізілді.
Облыстың 2014 жылдағы экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі қорытындылары осындай, бұл – өңір экономикасының одан әрі серпінді дамуын дәлелдейді.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет