1
|
Макроэкономиканың пәні мен әдістері. Макроэкономикалық көрсеткіштер.
Макроэкономика пәні. Макроэкономикалық талдаудың әдістері. Макроэкономикалық үлгілер. Сыртқы және ішкі айнымалылар. Қорлар және ағымдар. Алымдар және салымдар. Айналымдық ағымдар үлгісі. Экономикалық стратегия мен экономикалық саясат үшін макроэкономикалық талдаудың маңызы.
Жалпы ішкі өнім: мәні және маңызы. ЖІӨ және ЖҰӨ. Таза экспорт. ЖІӨ-ді есептеу әдістері: қосылған құн бойынша, шығындар және табыстар бойынша. Номиналды және нақты ЖІӨ. Жан басына шаққандағы ЖІӨ. Сатыпалушылық қабілет паритеті бойынша ЖІӨ. ЖІӨ дефляторы. Баға деңгейі. Тұтыну бағаларының индексі. Тұтыну себеті. Ұлттық шоттар жүйесінің басқа да көрсеткіштері.
|
Экономикалық теория ғылымының бастапқыда бір ғана құрамдас бөлігі болған – ол микроэкономика. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап, кейнстік теорияның өмірге келуімен байланысты, оның екінші құрамдас бөлігі пайда болды – ол макроэкономика. Яғни, бүгінде экономикалық теория микроэкономика жəне макроэкономика болып екіге бөлінеді. Микроэкономика – жекелеген экономикалық агенттердің мінез-құлықтары мен тəртіптерін зерттейтін ұтымды субъектілердің дербес шешім қабылдауларын қарастыратын экономикалық теорияның негізгі бір саласы. Микроэкономика түсінігі бір мағынада ғана қарастырылмайды, ол бір жағынан, жекелеген фирмалардың, үй шаруашылықтарының жəне салалардың өз қызметтерінің ынталарын іске асыру жөніндегі шешімдерін зерттейді, ал екінші жағынан, ресурстарды тиімді пайдалану жəне оларды орналастыру, тауарлар мен қызметтерге баға белгілеу сияқты сұрақтарды да қарастырады. Макроэкономика – ұлттық өндіріс көлемінің жалпы деңгейі, жұмыссыздық пен инфляция сияқты іргелі мəселелерді зерттейтін ғылым; экономикалық жүйені біртұтастылық ретінде қарастыратын, əрі ел экономикасының даму факторлары мен нəтижелерін жалпылама түрде зерттейтін экономикалық теорияның маңызды бір саласы. Алғашқы макроэкономикалық зерттеулер меркантилизм жəне физиократтар мектептерінен басталды. Ал қазіргі макроэкономика ғылымының негізін салушы ретінде атақты ағылшын экономисі Джон Мейнард Кейнс (1883-1946) саналады. Оның 1936 жылы шыққан «Жұмыспен қамтудың, ақшаның жəне пайыздың жалпы теориясы» деген еңбегі негізінде макроэкономика өз алдына жеке ғылым ретінде қалыптасты. Джон Кейнс өзінің осы еңбегінде нарықтық экономикада үлкен жұмыссыздық пен іске асырылмаған өндірістік қуаттардың тұрақты жағдайы орын алуы мүмкін екендігін айтты, бірақ осындай жағдайда мемлекеттің дұрыс ұйымдастырылған жəне жоспарланған бюджет-салық жəне ақша-несие саясаттары арқылы сол жұмыссыздықты қысқарта жəне экономикалық дағдарыстардың ұзақтылығын төмендете отырып, ұлттық өндіріске ықпал жасауға болатындығы жөніндегі мəселелерді дəлелдеуге тырысты. Кейнс біртұтас жүйе ретіндегі ұлттық экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігін де дəлелдеді. Кейнстік экономикалық теория макроэкономика жəне экономикалық саясат салаларында аса басымды бағыт болып саналады. Осыған сəйкес, макроэкономиканың ғылым ретінде дамуының бастапқы импульсі Дж. М. Кейнстің экономикалық идеялары болғанын айта аламыз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардан бастап 60-жылдарға дейін макроэкономикалық саясаттағы кез келген талдау кейнстік қағидаларға сүйенді. Кейнстің қалыптастырып кеткен идеяларын, оның ізбасарлары – неокейнстік бағыттың негізін салушылар – Джон Хикс, Элвин Хансен, Пол Самуэль- сон, Рой Харрод, Евсей Домар сияқты ғалымдар ары қарай дамыта түсті. Кейнстік бағытқа қарсы аса салмақты түрде сын айтушы оппонент – монетаризм теориясы қалыптасты. Оның негізін салушы америкалық экономист Милтон Фридмен (1912-2006) болды.
Достарыңызбен бөлісу: |