Әдебиеттер тізімі:
-
Ахмедов.Ғ Алаш «Алаш» болғанда.-Алматы: Жалын, 1996-65-б.
-
Ақжол- Қазақстан, № 6 2002.
-
Каренов.Р Алты Алаштың алып азаматы-Алматы : Жалын 2007.-115-120
-
Ақиқат, №5, 2009
-
Қазақ тарихы, 2000 ,№2,42-бет
-
Аққұлұлы С.Ұлттың ұлы тұлғасы Жұлдыз,2006 №8, 151 -бет
-
Тарихи-этнографиялық ғылыми журналы Алаш №4( 25),2009 63 бет
8. Заң мен заман, №2, 2009
АЛАШ ҚОЗҒАЛАСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ
Құрманбаева Ж. Қ., Каримова А. Ж.
№ 47 жалпы орта білім беретін мектеп
Қазақтың тәуелсіздік жолындағы күрес тарихында Алашорда үкіметінің идеясы оның жетекшісі Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялыларының алатын орны мен ерлік істері ұлттық тарихымыздың тарихы үшін дәріс берер рухани мектебі болып қалыптасты.
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш сынып бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Жиырма жасында Ресейдің Санкт Петербург қаласына барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарымен қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып студенттік толқуларға қатысты. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады.
Замандастары мен халқы қадірлеп «Әлекең» деп атап кеткен Әлихан Бөкейханов – бүкіл саналы өмірін қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігі үшін арнаған аяулы ұлы тұлғамыз.
1886-1890 жылдары Омбы техникалық училищесінде оқып шығып, 1894 жылы Санкт-Петербург орман институтының экономика факультетін бітірген. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң училищеде математикадан сабақ береді.
Қазақ даласының қонысының жер жағдайын зерттеген, яғни өкіметтің қазақтың «артық жерін» заң жүзінде негіздеу үшін құрылған Ф.А.Щербина экспедициясының құрамында болып, қазақты жерге орналастыру мәселесімен түбегейлі танысып, зерттейді.
Әлихан Бөкейханов Ресейдің көрнекті экономист, географ ғалымдарымен бірлесе отырып, «Россия біздің отанымыздың жалпы географиялық сипаттамасы» атты көп томдық еңбектің 1903 жылы шыққан қазақ өлкесіне арналған 18 томның тарауларын жазуға қатысқан. Бөкейханов қазақтар туралы шынайы мәліметтер келтіріп, қазақтарды асқақтатады. Қазақтың ой-өрісі мен дүние танымы, ежелгі мәдениеті мен тарихы сияқты қасиеттері анағұрлым озық тұрғанын аңғартады.
Абайды алғаш рет орыс оқырмандарына таныстырады, оның қазақ әдебиетіндегі алатын орнын бағамдайды.
Орыс баспасөзінде қазақ даласындағы патша өкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін мақалалар жариялайды. Әр түрлі саяси жиналыстарға белсене қатысып, қазақ кадет партиясын құруды көздейді.
Міне, Әлихан Бөкейхановтың осындай белсенді саяси қимылдары патша өкіметін сескендіріп, оны қазақ даласынан аластап, Самара қаласына жер аударады. Әлекең, онда 1908-1917 жылдары тұрып, қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен қол үзбей «Қазақ» газетіне «Қыр баласы» деген атпен ел тіршілігінің өткір де түйткіл мәселелеріне ден қойған мақалалар жазады.
Ақпан төңкерісінен соң, оңтайлы саяси ахуалды қалт жібермей пайдаланып қазақ елдігінің дербестігі үшін белсене қимылдайды.
1917 жылдары шілде және желтоқсан айларында өткен жалпы қазақтық сиездерді ұйымдастырып, онда «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құруға қол жеткізеді. Алашорда үкіметінің төрағалығына сайланады.
Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.
XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді.
Олар ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп бар күш қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық Думаға сайланады. Ол Ақпан төнкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады.
1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.
Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен өлім жазасына кеседі.
Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы.-Алматы,-1995 ж.
2. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.-Алматы,-1995ж.
3. История Казахстана: белые пятна.-Алматы,-1991 ж.
АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ЫҚПАЛЫМЕН БОЙ ТҮЗЕГЕН
АЛҒАШҚЫ ЖАСТАР ҰЙЫМДАРЫ
Болат Сайлан
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, Алматы қ.
Егеменді ел атанып, тәуелсіздік туы желбіреген тұста қазақ халқының өткен тарихын шынайы зерттеп, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеуге жол ашылды. ХХ ғасырдың еншісінде қалған, кеңестік қоғамда айту мен жазуға шек қойылған тарихи тақырыптарымызды зерттеуге мүмкіндік туды. Сондай тақырыптарымыздың бірі кеңестік қоғам тұсында коммунистік идеологияның тепкісіне алынып, тасасыз қалған Алаш қайраткерлері мен олардың алғашқы жастар ұйымдарының құрылуына ықпал еткен тарихы еді
Тарихшы ғалым М.Қойгелдиев “Алаш қозғалысы. А., 1995. 366 б.” атты ғылыми монографиялық еңбегінде ХХ ғасырдың басындағы ұлттық интелегенцияның қалыптасуы мен қазақ жастарының саяси санасының жетілуіне олардың шет елдерде біліммен сусындауы көп ықпал еткенін көрсетеді. Оның мәліметіне сүйенсек қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омск, Варшава сияқты қалаларда түрлі мамандықтар бойынша білім алған[1].
Осы тұста Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде студент болған М.Шоқайдың естелігіндегі мына жолдардан Ресей жоғары оқу орындарындағы түркі-мұсылмандық студент жастар арасында да саяси белсенділік айқын көрінгенін аңғаруға болады: “1910-1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз. Балқан соғысы Петербургте студенттер қозғалысын қыздыра түсті. Міне, осылардың бәрі бізді, студенттерді қатты толқытты. Сонда да біз түрік студенттеріне бұлар аз көрінеді. Бұларға қосымша тағы бірдеңелер істеуді ойластырдық. Ол үшін біз - әзербайжан, татар және түркістандық студенттер, орыстардан бөлініп, өзімізше әрекет жасамақ болдық. Ол кезде қызмет бабында Петербургта тұрып жатқан түркістандық адвокат Серәлі Лапиннің келісімін алып, сол кісінің үйінде бас қосып тұратын болдық” – дейді. Сол уақытта М.Шоқай не бары 22-23 жаста екен[2].
Осындай қызу пікір алысуларға 1912 жылы Петербургтегі әскери-медициналық академиясының соңғы курсында оқып жатқан С.Асфендияровта қатысты. Ол марксизм-ленинизм институтының қазақ филиалында 1933 жылы болған конференцияда сөйлеген сөзінде мынадай фактіні келтіреді: “Менің есімде 1912 жылдың күзінде бірінші Балқан соғысы тұсында Петербургте қазақ, татар, өзбек студенттері арасында Түркияны қолдаған үлкен қозғалыс болды. Болгар студенттері бізбен жұдырықтасу алдында тұрды. Сол кездері болып тұрған бұл мәжілісте Ә.Бөкейхановқа “біз Түркияға барамыз, нағыз ұлтжандылықтың дәлелі осы болмақ дедік. Бөкейханов сонда біздің түрікшілдігімізге үзілді-кесілді қарсы шығып, “өздеріңді ешқандай сағыммен алдамаңдар, ескі Түркия ыдырау үстінде” деген сияқты ойларды айтып, біздің назарымызды батыстық өркениетке бұрды” – деп сол тұстағы шет жерде оқып жатқан қазақ жастары арасындағы саяси істерге қатысуы жайында айтады[3].
Кеңес өкіметі билікке келгенге дейін жастардың саяси көзқарасының қалыптасып, қоғамдық-саяси қызметке араласуына Ресейде өткен бірінші орыс революциясы, бірінші дүние жүзілік соғыстың басталуы мен оның ауыртпалықтары, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс сияқты ірі саяси оқиғалар белгілі дәрежеде ықпал жасады.
Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиеселі көрініс емес еді. Өмірде болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі үйірмелер жұмысына араласу жергілікті орталықтарда орта білім беретін оқу орындарында оқып жүрген жастарға да тән әрекет болатын. Мәскеу университетіне түскенге дейін Семей гимназиясында білім алған Х.Ғаббасов өзінің гимназияда Бичевин деген кісі ұйымдастырған революциялық үйірмеге қатысқанын, гимназистерге 1905 жылғы оқиғалардың үлкен әсері болғандығын, оның ықпалымен алдымен Бекметов, соңынан Қозыбағаров басқарған қазақ жастарының да үйірмесі құрылып, оның жұмысына Омбыдан саяси қызметі үшін қуылған Жақып Ақбаевтың да араласқанын, үйірме мүшелері халық арасына “саяси әдебиеттер және қазақтарды отырған жерін өз еркімен бермеуге, елінің мүддесін кафтанға айырбастаған сатқын болыстармен” күресуге шақырған үндеу таратқандарын жазады[4].
Жастар 1905 жылдың бірінші жартысында Өскемен, Ақмола, Павлодар уездерінің өнеркәсіп пункттерінде, Оралда, Перовскі станциясында, ал 1905 жылдың екінші жартысында Қазалы мен Түркістан станциясында болған жұмысшылардың ереуілдері мен демонстрацияларына қатысты. 1905 жылдың соңына қарай Қазақстанның барлық ірі-ірі қалалары мен өнеркәсіп аудандарында жұмысшылар ереуілінің толқыны өрши түсті, бұл ереуілдерге жастар да қатысты. Сөйтіп, Ресейде өткен бірінші орыс революциясы Қазақстан жастарының саяси сана-сезімінің оянуына ықпалын тигізді, оларды саяси жағынан бір серпілтті.
ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастаған қазақ ұлттық интелегенциясы өкілдерінің халық арасында жүргізген саяси жұмыстары жастарға әсер етпей қойған жоқ. Мәселен, 1903-1909 жылдары Петербургтегі әскери-медициналық академияда оқыған, кейін Алаш қозғалысының белгілі жетекшілерінің бірі болған Халел Досмұхамедов 1931 жылғы қыркүйектің 14-інде ОГПУ-дің тергеушісіне берген мәлімдемесінде “1905-1906 жылдары мен кейбір қазақ студенттерімен бірге Орал қаласында үгіт жұмыстарын жүргізіп, халыққа елде болып жатқан оқиғаларды түсіндірдім. “Фикр” және “Уральский листок газеттерінде мақалалар жарияладым. 1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде полицияның көзіне іліктім де саяси жұмыс жүргізуіме тиым салынды”-деп жауап берген[5]. Бұдан біз Алаш қайраткерлері атанған ұлттық интелегенция өкілдерінің өткен ғасыр басында қазақ зиялылары мен жастары арасында қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуының бастау көздеріне септігін тигізгенін біле аламыз.
Өткен ғасыр басында қазақ жастарының саяси көзқарастарының жетілуіне 1911 жылдан шыға бастаған “Айқап” журналы, 1913-1918 жылдары шыққан “Қазақ” газеті және баспасөз беттерінде жарияланған Алаш партиясының төңірегіне топталған ұлттық интелегенция өкілдерінің жазған мақалалары мен еңбектері еді.
Қазақ зиялылары жалпы демократиялық міндегі ұлттық тең құқықтық, халықтың мәдениетін көтеру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, отаршылдардың жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты көкейтесті мәселелерді өз шығармаларының өзекті тақырыптарына айналдырды. Осындай өмірлік сұраныстан туған және оған жауап берген санаулы дүниелердің бірі 1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген, кешікпей әлденеше рет басылған Міржақып Дулатовтың “Оян қазақ” атты шағын көлемді өлеңдер жинағы еді[6]. “Оян қазақ” қолдан-қолға, ауыздан-ауызға тарап, аз уақыттың ішінде ақынның атақ-даңқын өте алыс қияндарға алып кетті. Бүкіл қазақ халық сияқты бұл шығарма жастардың да саяси құлшына түсуіне қатты серпін берді.
Қазақ зиялыларының алдыңға шебінде болған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов 1913 жылдан бастап Орынборда жалпы ұлттық биресмилік “Қазақ” газетін шығара бастады. Газет 1913 жылы ақпанның 2-сінен 1918 жылы наурызға дейін шығып тұрды. Қазақ газеті алғашқы санынан бастап халықты ағарту, оның саясатқа деген ынтасын арттырып, тарихи зердесін ояту және ұлттық сана-сезімді тәрбиелеу міндеттерін қойды. Бұл міндеттердің газетте басты орын алуы жастар толқынының саяси жағынан оянуына қомақты күш берді.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстандағы жастар ұйымының құрылуы мен оның нығая түсуіне өзіндік үлес қосқан Алаштың ардақты перзенті Смағұл Сәдуақасов ХХ ғасыр басындағы қазақ жастарының саяси жағынан оянуына тоқтала келіп: “Соңғы 10-15 жыл ішінде қазақ жастары қалың ұйқысынан оянып қыбырлап іске кірісе бастады. Оянуға зор себеп болған нәрселер: жапон соғысының артынан Русияның әр қалаларында 1905-1906 жылдарда болған жұмыскерлер қозғалысы, 1910-1913 жылдарда шыққан “Айқап” журналы, 1913 жылдан шыға бастаған “Қазақ” газеті және “Оян қазақ”, “Сана”, “Қырық мысал” кітаптарын атайды. Сонымен қатар 1914 жылғы бірінші жаһангерлік соғысы, 1916-шы жылғы қазақ жігіттерін қара жұмысқа майданға алу, орыс патшасының қазаққа көрсеткен қысымшылықтары һәм әсіресе, 1917 жылғы төңкеріс алдымен қала-қалада орысша, татарша һәм қазақша оқып жүрген жастар арасында оянуды бастады”- дейді[7].
Сөйтіп, өткен ғасыр басындағы қазақ жастарының саяси санасының қалыптасуы мен оның жетілуіне ғасыр басында қалыптаса бастаған ұлттық интелегенция өкілдерінің еңбегі айтарлықтай деуге болады. Олардың қолынан туған туындылар халық арасында толқулар тудырып, әсіресе жастар арасында зор саяси маңызға ие болды. Қазақ баспасөзінде жарияланған мақалалар мен материалдар жастардың саяси жағынан жетілуіне серпіліс беріп отырды. Сондықтанда 1914 жылдан бастап ел арасында түрлі жастар ұялары бой көтере бастады.
Ең алғаш рет Омбы қаласында оқып жүрген қазақ жастары 1914-інші жылдың басында жасырынып жүріп “Бірлік” деп аталатын жастардың ұйымын ашты. Патша үкіметінің өктемдік саясаты жүріп тұрған тұста қазақ жастары кітап бастырып, “Балапан” атты журнал шығарып, жастардың көзін ашып, көңілін оятып, ұлт қызметіне кірісті. Қазан төңкерісінен кейін жастар арқылы құрылған көп ұйымдардың ағасы осы “Бірлік” ұйымы болды. Оның ұйымдастырушылары мен мүшелері Бекмұхамед Серкебаев, Асқат Сайдалин, Қошмұхамед Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасов, Ғабдрахман Байдалин, Мұратбек Сейітов, Жұніс Бабатаевтар болды[8]. Патша үкіметі құлап, қазан төңкерісі жеңіске жетіп Кеңес үкіметі үшін күрес басталған топалаң заманда “Бірлік” жастар ұйымы халықтың басын біріктіру мен Алаш қайраткерлерінің ұстанған идеясына халықты шақыру үшін де күрес жүргізді.
1917 жылы қазанның 1-4 аралығында Омбыда “Бірлік” ұйымы ағзаларының жалпы жиылысы болып өтті[9]. Осы жиналыс қаулысы 1918 жылы “Қазақ” газетіне басылды, ондағы материалдар олардың қызметі жайында баяндап мағлұмат берді.
Бұл жиналыста “Бірлік” ұйымының үш жылдық есебі беріліп, қазақ жастар ұйымының атқарған қызметтері мен істері айтылды. “Бірлік” ұйымы қолайсыз күндерде туып, қара түндерде өмірін өткізсе де алдындағы әділдік адалдық, ұлтшылдық жолынан таймады, ізгі ниет, қасиетті тілегінен қайтпады. Шамасынша ұлтына қызмет ету жолында болды.
“Бірлік” ұйымы қазақ әдебиеті мен баспасөзінің дамуына үлес қосу жолында ұлт әдебиетінің дәуірлеріне азда болса еңбек болсын деп “Өткен күндер” атты өлең кітабын бастырып таратты. Халықтың көзі ашылуына жәрдем болсын деп, шығып тұрған қазақша газеттерді һәм басқа басылған кітаптарды ел арасына кең таратуға ыждаһаттық танытты. “Бірлік” жастар ұйымы Қазан төңкерісі жеңіске жетіп елде зор өзгеріс басталып, халық тегіс дағдарып қалған кезенде өзгерісті елге дұрыс түсіндіріп, ұқтыру жолында көп қызмет атқара отырып, саяси мәселелермен айналысуды да тыс қалдырмады. “Бірлік” жастар ұйымы өзгеріс басында Омбыда ашылған күнбатыс Сібірге үкімі жүретін коллегиялық комитетке қазақтан адам кіре алмай, қазақты қатарға кіргізу үшін ешкім бой көрсетпей тұрған кезде бытырап жүрген қазақтардың басын қосып, жиналыс жасап, қазақтан өкілдер кіруіне себепкер болды. Облыстық қазақ комитеті болады деп елдің ойына кіріп шықпаған шақта “Бірлік” ұйымы басшы болып, Омбыда облыстық ұйымдастыру комитетінің ашылып, облыстық атқару комитеті негізінің салынуына арқау болды. “Бірлік” ұйымының мүшелері оқуларын, істерін тастап елге комиссар болып шығып, елдің өзгерісті дұрыс ұғынуына, сайлауларын дұрыс өткізуге көп қызмет етті. Бұл істерден басқа “Бірлік” ұйымының бас қызметі оқудағы қазақ жастарын бірлікке шақырып, басын қосып бір жолға салуға атсалысты. Ескі патша үкіметі саясатының немқұрайлығы мен өткен ғасырдың империалистік озбырлығын сынай отырып, қазақ жастарының өзара жақындасып, ойларын тілектерін біріктіруге өте көп қызмет етті.
Патша үкіметі құлап, қазан төңкерісі жеңіске жетіп Кеңес үкіметі үшін күрес басталған топалаң заманда “Бірлік” жастар қауымы халықтың басын біріктіру мен Алаш қайраткерлерінің ұстанған идеясына халықты шақыру үшін де күрес жүргізді. Әсіресе, толқымалы күндердегі тар жол тайғақ кешу жылдарында халқымыздың саяси ер жетпегендігін еске алып бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарулары өте қажет деп тапты, һәм “Бірлік” ұйымы ағзаларының жалпы жиналысы саяси қазақ партиясы “Алашты” заманға һәм тілектерге тез жетуге нағыз қолайлы деп тауып, соны қуаттап пікірлерін халық арасына таратпақ болды. Жиналыста болған басқа ұйымдардың өкілдері де “Бірліктің” бірігу керек деген пікірін дұрыс тауып, бірігуге уағдаларын берісті. Бірақ өкінішке орай жаңадан құрылған жастар ұйымының арасына кіріп алған және олардың өзіндік шешімдеріне еріктік бермеген большевиктік партия Алашорда ұлтшылдарына жастар ұйымында орын жоқ деген ұрандар көтеріп, Алыштықтар мен олардың идеясын жастардан аулақ ұстау үшін күрес жүргізді. Мысалы, Маңғыстау облысында азамат Шымыров байдың баласы болған және ол Алашорда қайраткерлерінің идеясын қолдаушылар қатарына жатады деген айыппен жастар ұйымының мүшесінен шығарылып қуғынға ұшырады. Сөйтіп жастар ұйымында өзі атқарып жүрген жауапты қызметтенде шеттетілді[10].
“Бірлік” жастар ұйымы жастар арасындағы сауатсыздықты жою мақсатында мұғалімдер курсын жандандыру мен қазақ-орыс мектептерінің санын арттыру үшін де қызмет ете білді. Қазақ мұғалімдерінің өте кемдігі мен жетіспеушілігін һәм орысша мектептерге әзірленушілердің көп қиыншылық көретұғынын еске алып, жалпы жиналыс қысқа уақытта мұғалімдер курсын һәм орысша даярлаушы сыныптар ашуды өте қажет тапты. Ол курстарды қашан, қалай, һәм кімнің күшімен ашу, мәжіліс құрған комиссияға тапсырылды. Сонымен қатар бұл комиссияға бастауыш мектептерге бағдарлама жасау һәм оқу құралдарын шығару істері де жүктелді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында комиссияға басқа жерлердегі қазақ қауымдарымен хабарласып, істі қолға алу айтылды.
Қазақ жастары “Бірлік” атынан халыққа басшылық ету, ақ жол, адал жүрекпен іс етуге серт қылысты. Ол үшін олар жолдастар төрелігі туралы шарттар жасап, “Бірліктің” кіндік кеңсесіне тапсыруға комиссия сайлады. Жиылыс ақырында “Бірлік” ұйымының кіндік кеңесіне һәм басқармасына кісі сайланды. Жиылыс 1917 жылы 4-ші қазанда жабылды[11].
“Бірлік” ұйымының кіндік кеңесі жиналыс шығарған шешімдерді жүзеге асыру үшін күресе білді. Жастардың басын біріктіруді һәм от ғұмыр, жас көңіл, ар-намысты, күш-жігерді ұлт жолына құрбан қылуды өте қажет деп санап, “Бірлік” ұйымының кіндік кеңесі 1918 жылы 20 сәуірде Омбыда барлық қазақ-қырғыз жастарының съезін өткізбекші болды.
Қазақ жастарының басқа аймақтарында құрылған ұйымдарына хаттар мен хабарландырулар жіберіліп, онда “20 сәуірге қалдырмай съезге бір өкіл жіберуіңізді “Бірлік” ұйымы атынан съезд шақырушы комиссия адамдары өтінеміз” делінген, сонымен қатар бұл хатта съезде қаралатын мәселелер тізбегі рет-ретімен көрсетілді. Осы мәселелердің барлығы қазақ ұлтының мүддесін көтеру үшін атқарылатын істер екенін олар сол кезде білді.
1. Саяси: а) үстіміздегі жағдай, б) саяси бір ізге түсіру.
2. Кооперация: а) пайдалы ұйымдар ашу, б) ұйым курсын ашу.
3. Ұйымдастыру: а) қазақ жастарының жалпы кіндік кеңесі болу,
б) ел арасына ұйымдар ашу, в) кіндік кеңестің матбуғасы болу.
4. Жәрдем ұйымын ашу.
5. Өнер тарату: а) театр, б) сурет өнері, в) өлең-ән, г) музей ашу.
6. Ауыл шаруасы: а) егін, мал түзеу.
7. Дәрігерлік: а) адам дәрігерлігі, б) мал дәрігерлігі, в) жұқпалы
аурулардың ел арасына таралуына қарсы шаралар іздеу.
8. Оқу, оқыту: а) мектеп ашу, б) мұғалімдер курсын ашу, в) тіл.
9. Әйел мәселесі.
10. Жұмыскерлер туралы.
Бірлік ұйымы кіндік кеңесінің шақырушы комиссия мүшелері Бекмұхамед Серкебаев, Асқат Сайдалин, Қошмұхамед Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасов, Ғабдрахман Байдалин, Мұратбек Сейітов, Жұніс Бабатаев деп “Бірлік” ұйымының комиссия мүшелерінің аттары көрсетілді. 1918 жылы 5-13 мамыр аралығында Омбы қаласында жалпы қазақ жастарының съезі өтті[12].
Дәл осындай іспеттес жастар ұйымдары мен олардың ұялары басқа қалаларда да бірінен кейін бірі құрылып жатты. Соның бірі Қызылжар шаһарында қазақ жастарының ашқан “Талап” атты ұйымы еді. Алғашқыда бұл ұйым ашушылардың саны 12 кісі болды[13]. “Талап” ұйымын басқарып тұратын мүшелер әр уақыт 12-ден кем болмады. Әрбір іс қаралғанда мүшелердің үштен екісі болуға тиіс деп белгіленді. “Талап” жастар ұйымының істейтін істерінің шығыны, керек–жарағы мүшенің жылына төлейтін жарнасынан алынды. “Талап” қауымының есептегі барлық мүшелері жылына 3 рет жиналып, ұйымның басында тұрушылардың істеген істері жөнінде есеп беріліп тұрды. “Талап” ұйымының ұстаған жолын күшейту үшін ел ішінен инабатты, көзі ашық ақсақалдардан, молдалардан басқа жастардан құрметті мүшелер белгіленді, құрметті мүшелердің жарнасы 25 сомнан кем болмады. 50 сомнан артық жарна салушылар өмірлік мүше болып қалады деп белгіленді. “Талап” ұйымының да ұстаған жолы ұлттық мүдделерді көздеді.
-
Халықты осы күнгі мемлекеттегі саяси істермен таныстырып, демократия жолына демеу саяси істерде халыққа жол-басшылық ету.
-
Халықты земствомен таныстырып, пайдалы жолмен іске асыру.
-
Құрылтай жиналысы сайлауында халыққа қолбасшылық ету.
-
Қазақ халқына өнер, білім тарату; а) Жастар арасына газет, журнал шығару, қазақша шыққан кітаптарды тарату, б) қазақ ішіндегі оқытушыларды қазақ балаларын өзіміздің ана тілімізде оқыту жолында барша жағдайды қолданып, жоқ жерін толықтырып жәрдемші болу.
-
Қазақ әдебиетінің дәуірлеріне басшылық ету: нағыз қазақ тілінде болған бұрынғы үлгілі мақалдарды, ертегілерді, өлең-жұмбақтарды, жаңылтпаш, тақпақ, жар-жар сияқты қазақ шежіресін жинау.
-
Ел арасындағы зиянды партияларды жою жолында болу.
-
Қазақтың кедейлерін байлардан келетін “түрлі қысымшылықтардан” құтқару жолында болу.
-
Жалпы мұсылман съездіндегі сияқты жалпы қазақ съездіндегі қаулыларды іске асыру.
-
Мұқтаж оқушыларға, не жолмен болса да жәрдем беру.
-
Театр ғылымымен таныс болып, соны ұлғайту[14].
Міне осы іспеттес жастар ұйымының алдында тұрған міндеттер мен олардың бағдарламалары бір-біріне ұқсас болып қана қоймай ұлт мүддесі үшін күресуге арналды. Жастардан әр жерде құрылған алғашқы ұйымдар мен жастар ұяларының аттары әр түрлі болғанымен мақсаттары өз халқы үшін ортақ әрі ұқсас болды.
Соның бірі 1917 жылы мамыр айында Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Шыңғыс болысында 10 шақты ауылдың 14-15 шақты жастарының игілік мақсұтымен ашқан ұйымы еді. Ұйымның аты “Талап” деп аталды[15]. Ұйымға кірген талапты жігіттердің алды 100, арты 10-15 теңгеден ықтиярлы жарна салып, 500 сом ақша жинады. Бұдан басқа ұйым мүшелері ай басы 3 теңгеден беріп, ұйым қазынасын молықтыра беруге міндетті болды. Бұл ұйымның ашылғандығы әзірге көздеген мақсаты әлдері келгенше кітап бастыру болды. Онан соң бұл ұйым жігіттері Шәкәрім қажының “Еңлік-Кебек” поэмасынан үзінді келтіріп, Тұрағұл Құнанбаев мырзаның тойында ойнап көрсетті[16].
Осылайша өмірге келген “Талап” ұйымы өз алдарына алдағы уақытта жүзеге асатын міндеттері мен мақсаттарын белгіледі.
1. Жаңа заманның бетінде болып, жаңа өкіметке әлі келгенше жәрдемдесу, болысу; а) Ұйым жігіттері партиядан аулақ болу; ә) Ел ішіндегі ұрлық, зорлық секілді жаман мінездерге қолдан келгенше қарсы тұру, б) Ел ішіндегі комитеттердің істерін бақылау.
2. Ұйым жігіттері қазақтың жалпы сьезіндегі жасаған қаулысының жолында іс қылу.
3. Халыққа пайдалы кітаптарды бастыру.
4. Уақ қарыз серіктіктерін ашуға тырысу.
5. Әлі келгенше оқушыларға жәрдем беру және т.б.
Бес кісілік басқарманы сайлау керек,- деп жазылған ұйым шартының астына Өміртай Ақберден, Николай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Сәлімғазы Ғабитжанов есімдері жазылған[17].
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Семей қаласында “Жанар” атты құрылған қазақ жастарының ұйымы болды. Оның белсенді мүшелерінің қатарында Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов болды. “Жанар” ұйымы сол тарихи кезеңде қалыптасқан ахуалға сай қазақ жастарының саяси белсенділігін көтеруді мақсат етті. “Жанар” ұйымының мүшелері Алаш партиясына қолдау көрсетіп, халық арасында оның бағдарламасын насихаттады. 1918 жылы “Жанар” ұйымы бұрынғы Семей облысының қазақ комитетімен бірлесе отырып, Жетісу және Сырдария облыстарының аштыққа ұшыраған қазақтарына жәрдем ұйымдастыратын арнайы комитет құрды. Комитеттің төрағасы Міржақып Дулатов, орынбасары Жүсіпбек Аймауытов, хатшысы Мұхтар Әуезов, қазынашысы Ғ.Есіргенов болды. “Жанар” ұйымының атсалысуымен құрылған бұл комитеттің жарғысы “Сарыарқа” газеті мен “Абай” журналында жарияланды. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына “Жанар” ұйымы атынан Мұхтар Әуезов қатысты[18].
Бұл кезеңде өздерін революциялық бағыттан алшақ ұстау үшін, жастардың арасында өз ықпалдарын арттыру мақсатында өздерінің ұйымдары, топтары және үйірмелері құрыла бастады. 1917 жылға дейін Қазақстанда болған ұлтшыл атанған 20-дан астам жастар ұйымдары мен үйірмелері болды: Олардың қатарында: “Еркін дала” – Орынборда, “Жанар” – Семейде, “Оқытушылар ұйымы”- Семейде, “Талап” - Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыс болысы, “Игілік” – Орынборда, “Қамқор” – Торғайда, “Жас қазақ” – Оралда, “Үміт” – Тройцкіде, “Талап” – Қызылжарда, “Оқығандар” - Көкшетауда, “Ұйым” - Екібастұз заводы. Шығыс Қазақстан облысында, “Ғылым ұйымы” – Керекуде, “Ынтымақ” – Атбасарда, “Жас жүрек” - Спасск заводында, “Жастар ұйымшасы” - Бөкей ордасында, “Жас қазақ” – Ақмолада, “Қазақ жәрдемі” – Зайсанда, “Ерік” – Баянауылда, “Қызмет” – Керекуде, “Жастілек” - Ақтөбеде, “Ғылым” – Керекуде болды[19].
Бұлар тектес ұйымдар Омбыда, Ташкентте, Верныйда (Алматыда) т.б.қалаларда ұйымдасты. “Бірлік” бастаған бұл ұйымдар 1918 жылы барлық қазақ жастарын біріктіру үшін құрылған “Жас азамат” ұйымының құрамына енді[20].
“Жас азамат” ұйымы барлық қазақ жастарын біріктіріп, ұлт мүддесін қорғауды мақсат етіп қойды. Ұйымның басқармасы осы съезде сайланды. Төрағалыққа – М.Мырзаұлы, басқарма мүшелігіне –С.Садуақасов, М.Сейітов. Г.Досымбекова, Ә.Байділдин бекітілді. Ұйымның органы – “Жас азамат” газетінің жаупты шығарушысы болып Қ.Кемеңгеров тағайындалды. “Жас азамат” – қазақ жастарының саяси-қоғамдық, экономикалық газеті болды. 1918 жылдың 30 шілдесінен 1919 жылдың ақпан айына дейін барлығы 22 саны жарық көрді. Қызылжар қаласында араб әрпімен басылды. Газеттің негізгі саяси бағыты 1-санында жарияланған бас мақалада айқын көрсетілді. Ол - “ұлт бостандығы, ұлт теңдігі, елдік пен ұлттың тұтастығын сақтау”. Бас мақалада: “Жастар! Алда жүрген алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңыздар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар! Жасасын Алаш Орда! Жасасын Алаштың көшбасшылары! Жасасын Алаштың жаужүрек ұлтшыл жастары!” деген ашық ұран тасталды. Газет Кеңес өкіметі орнаған соң жабылды. “Жас азамат” ұйымы қазақ жастарын Алаш автономиясын қолдауға, кеңестік биліктің орнауына қарсылық танытуға шақырды [21].
Достарыңызбен бөлісу: |