Тынышбаев, Ермеков және басқалары тұтқындалғаннан кейін Әзиз Мурзин өте сақтық жасап Мұхтар Мурзинмен, Кәрменовпен, Бекентаевпен, Мұңайтпасовпен, Мұратбековпен жазысқан хаттарын өртеді. Хаттарды мен жақтым. Ал ол іші қағазға толған үлкен папканы өртеді. Сөйтіп ол тінту кезінде айғақ қалтырмауға тырысты. Сақтық шарасын қолданған себебі, менің артымнан тыңшы еріп жүр, үйді күдікті адамдар аңдып жүр деп жиі айтатын. Әзиз Мурзин Мұхтар Мурзин мен Қадырбаевтің әйелдерімен сөйлескеннен кейін: Ғаббасовқа, Нұрымовқа, Тынышпаевқа сенуге болмайды, олар ГПУ-дің шпиондары дейтін. ХалКом кеңестің төрағасы Исаевпен жақсы болатын. Онымен төрт рет кездесіп Мұхтар Мурзиннің неге сотталғанын білгісі келді. Алайда ол әрекетінен ештеңе шыққан жоқ. Сондай мәліметті білмек боп Масановқа да барды. Исаев пен Масанов Мұхтар Мурзинмен байланысы бар деген сөзге қалмас үшін мұның тілегін орындаудан бас тартты. Мурзинмен ажырасқаннан кейін мен Төреқожиннің пәтеріне ауыстым. Сонда байқағаным Төреқожиннің үйіне Сұлтанбеков жиі келеді екен. 1931 жылы
19 немесе 20 тамызда Сұлтанбеков пен Төреқожин арасында таңғы сағат 4-ке дейін созылған әңгіме болды. Олардың сөзіне құлақ салған тыңшы болмаса да ешкім естімейтіндей оңаша жерде сөйлесті. Олардың қазақша сөздерінің арасынан Голощекин мен Криштоның фамилиясын естіп қалдым. Ермеков біздің үйде болған емес. Алайда Әзиз Мурзин Ермековты қонақ ету керек еді деп жүретін. Менің оған мұршам жетпеді.
Қолымды қоямын... (Власова)
Тергеудің жауабын алған ... Попов
Мұхатр МУРЗИН
Тергеуге алынғандардың ішінде тек Мұхтар Мурзин ғана барлық сұрақтарға: «Білмеймін. Ешқандай партияға мүше болған емеспін»» - деп жауап беріпті.
ӘУЕЗОВ МҰХТАР
Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы №06610 іс
1 том, 602-602 беттер.
ПП ОГПУ істері жөніндегі прокурор жолд. Поповқа
Тұтқын Әуезов Мұхтардан өтініш.
26/Ү- 31 ж.
Алматыдағы өкілдікте тұтқында отырған кезімнен бері мен бір-ақ рет жауапқа шақырылдым. Сонда Попов жолдас: менің жекелеген адамдардың көрсетінділері бойынша тұтқындалғанымды, ал нақты айыптарым тергеу барысында анықталатын мәлімдеген болатын...Менің қандай да бір айыбымды Ташкенттегі тергеуші де көрсете алмап еді. Октябрьдің 10 жылдығына байланысты салтанатты жиналыста жасаған Голощекин жолдастың баяндамасында көрсетілген Байділдин мен Аймауытовтың жауаптарына байланысты түсініктеме беруге шақыруын өтініп Попов жолдастың атына жазылған өтінішім аяқсыз қалды.
Ал нағына көшсек, Байділдин өзінің осы жауабында маған қарсы ойдан шығарылған, ақылға қонымсыз айыптар таққан. Ол ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде маған қарсы жүргізіп келе жатқан өтірік жаласы мен еш мағынасыз қызыл сөздерді осы жауаптарында одан әрі жалғастырған. Оның әдеби мақалаларының барлығы жалғыз-ақ мақсатқа – партияда жоқ жазушыларды, соның ішінде мені де сынау арқылы өзіне саяси бедел жинауға құрылған. Ол қысылып-қымтырылмастан: бас бәйгені менің «Қаракөз» атты пьесам алған жоқ, Сәдуақасовтың беделі қамқорлығы алды –деп тұрып жазды. Ал бұл мүлде олай емес, бәйге құрамында Жандосов, Майлин т.б. мүше болған комиссияның шешімімен берілді. Өзінің баспасөздегі арандатуларында ол мені ақша үшін жазады – дегенге дейін барды, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да бола береді деген желеумен ешқандай дәлел келтірместен төпілдете береді.
Баспасөз бетінде ашықтан-ашық мені негізсіз айыптап, дақпырт таратқан адам енді өзінің қылмысы ашылып, іс-әрекеті әшкереленген соң оның алдында жалғыз-ақ жол қалды, яғни, өзі бұрыннан қудалап жүрген адамды контрреволюционер, қазақ буржуазиясының идеологі деп жала жабу арқылы өзін-өзі бүркемелеу жолы ғана қалды. Маған қаратыла қолданылған бұл теңеулердің әділетсіз және орынсыз екеніне толық сенемін. Мен контрреволюционер болған емеспін және болмаймын да. Идеялық жағынан ұстамсыз шығармаларым болды, бірақ та контрреволюциялық әрекетке шақырған, кеңес өкіметін жоққа шағарған бірде бір шығарманы атай алмайды. Ал 1928 жылдан басталған ғылыми-педагогикалық қызметім толықтай қалыптасқан маркстік көзқараста жүргізілді. Сондықтан да тергеу барысында маған айып ретінде тағылған саяси қылмыстардың еш қайсысы мені сендіре алмады. Тек қана Байділдиннің жалақорлықпен айтылған өтірігін негізге алып тергеу жүргізілді деп ойламаймын. Сондай-ақ 1921 жылғы бүкілқазақтық ІІ құрылтайдағы қазақ қызметкерлерінің мәжілісі туралы (Голощекиннің сол сөзінде аталып өткен) Аймауытовтың жауабы да міндетті түрде анықтауды талап етеді (Бұдан кейінгі төрт жол қарындашпен тынылмастай етіп өшіріліп тасталған – Т.Ж.).
Тергеу ісінің мерзімі аяқталып келе жатса да өз атыма әлі де бірде бір айып тағылмағанын, нақты не үшін тұтқындалғанымның анықталмағанын және тұтқында сұрақсыз ұзаұ отырғанымды ескеріп, мені жауапқа шақыруды және маған қаратыла қолданылған қысым шарасының себептерін көрсетуді сұраймын. Әуезов Мұхтар».
Белгісіздік қашанда адамның жанын жегідей жеп, жүйкеңді тоздырады. Сондықтан да тоғыз ай бойы сұрақ-жауапсыз отырған Мұхтар Әуезовтің өз тағдыры үшін алаңдауы заңды. Тергеу ісіне Мұхтар Әуезовтің өз қолымен Голощекиннің атына жазылған (12/ХІІ-30 ж.) хаты, 1931 жылы 20 қыркүйек күнгі тергеушіге берген жауабының хаттамасы, 1931 жылы 29 қазан күнгі тергеушіге арызы тіркелген. Мұндағы көрсетінділердің нақтылана қамтылғаны «Алқа» әдеби үйірмесіне қатысты жауаптар. Қалған айыптаулардың негізгі бағыты көркем әдебиеттегі ұлтшылдық пікірді насихаттауға байланысты қозғалған.
31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы
Ташкентке мен 1922 жылдың желтоқсан айында келдім, сол жылдан бастап «Шолпан» журналының редакциясында қызмет істей бастадым. Мен Ташкентте өз таныстарымның ішінен «Шолпан» жураналында істейтін тек Мағжан Жұмабаевті ғана кездестірдім. Бұрынғы алашордашылар туралы көпшілігі, оның ішінде Жұмабаев теріс пікірде болды. Ал менің өз жеке басым бұрынғы алашордашылармен ешқандайда ортақ мүддем болған жоқ. Бұрынғы алашордашылар Жұмабаев екеумізді жақтырмайтын, «жазғыштар» деп кекететін. Ташкентте ұйымдастырылды-мыс делінетін астыртын ұйымға мүше болуды былай қойғанда ол жөнінен мүлдем хабарсызбын, естігемін де жоқ. Мені астыртын ұйымның мүшесі болды деп көрсеткен Әділевтің көрсетіндісі мүлдем жалған. Өйткені мен ешқандай ұйымға кірген емеспін. Ленинградта оқып жүрген кезімде ескі танысым, менімен аулдас семейлік Халел Ғаббасовқа қаражат жағынан қысылып жүргенімді ескеріп, ақшалай көмек көрсету тауралы хат жазғаным рас. Оны кейін қайырып беретіндігімді де ескерттім. Бұл 1927 болатын. Жаңа ғана үйленгемін, әйелім екеуміз Ленинградта тұрдық. Университеттің соңғы курсында оқитынмын. Ғаббасов маған 125 сом жіберді. Бұл менің Ғаббасовқа жеке өзімнің қайтарып беруге тиісті қарызым деп есептедім. Ұмытпасам Ғаббасов жіберген ақшаны 1928 жылдың басында алдым. Мен ол қарызымды Ғаббасовқа қайырудың реті келмеді. Студенттік жағдайда жүрген менің ақшам болмады. Ал мен Ташкентке келіп, қызмет ісетей бастағанда Ғаббасов тұтқынға алынды да, қарызымды қайтара алмадым.
Ғаббасовтан қарызға ақша алғанда мен қайдағы бір ұйымның бар екенін, Ғаббасов ол ақшаны сол ұйымнан алғанын білгемін жоқ, бұл жөнінде ол хат та жазған жоқ, ауызша да айтпады. Егерде ол ақшаны таныстарынан жинаса, оны да маған айтқан емес. Мен өзімнің жеке танысым ретінде тек қана Ғаббасовтан ғана қарыз сұрадым, алған ақша үшін мен тек қана Ғаббасовтың өзіне қарыздармын деп ойладым.
Сәрсенбаев Жәкеннің көрсетуіндегі «Алқа» әдеби үйірмесінің платформасы туралы Мағжан Жұмабаевқа жазған хатқа келетін болсам, оның айтқаны шындыққа жатпайды. «Алқаның» бағдарламасын және оған қоса жіберілген Жұмабаевтің хатын мен Семейде жүргенде алдым. Екеуі бір конверттің ішіне салынған. Ол туралы алдын-ала хат жазысқан емеспін. «Алқаның» бағдарламасында заңға қарсы келетін ештеңе де байқамадым. Жұмысшылар комитетінің нұсқауымен ол хатты ВКП(б) Семей губкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоқжігітовке тапсырдым. «Алқаның» бағдарламасы сонда қалды. Ал Жұмабаевқа: «Алқаны» негізінен қолдаймын және әдебиетшілердің үйірмесін құру үшін қазақ жазушыларын жинап, ресми тіркеу керек – деген мағынада жауап бердім. Хаттың толық мазмұны есімде қалмапты. Мен ол бағдарламаны бар ниетіммен қолдадым. Жұмабаевтің мені неге «ол бағдарламады қостамады және шикі деп есептеді» - деп айтқанын түсінбедім (Зады Мұхтарды «астыртын ұйымға қатысқан» деген айыптан құтқарғысы келген болса керек. Бұл қалыпты әрі түсінікті жағдай – Т.Ж.). Ұлтшылдық көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды. Мен оны жасырмаймын. Ал менің ондай көңіл-күйім астыртын ұйымның бағдарламасы бола алмайды. Университетте оқып жүрген кезімде маркстік ілімнің теоретиктерінен және өнертанушы ғалымдардан дәріс тыңдаған тұста менің әлеуметтік танымым мен өнерге, әдебиетке, оның қоғамнан алатын орнына деген көзқарасым біртіндеп өзгере берді. «Ақ жол» газетіне менің қатысым аз, тек бір-ақ рет «Кім кінәлі» атты әңгімемді жариялады. Мен негізінен «Шолпан» журналында қызмет істедім.
Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты.Онымен ешқандай да принципті әігіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім.
Ұлтшылдық туралы мәселеге келсем, оның (Байділдиннің – Т.Ж.) мені жазғыратындай ешқандай айғағы жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені оның өзі барып тұрған ұлтшыл болатын. Газетте жүргенде ұлтшылдық туралы онымен пікір алысатындай қажеттілік туған жоқ. Қазақ қызметкерлерінің мәжілісі 1921 жылы ІІ кеңес құрылтайынан кейін өтті. Құрылтай өткен залға барлық қазақ комунистері жиналды. Семейден сайланған өкілдердің тапсыруы бойынша Сәдуақасовты ақтап алу туралы мәселе қойдым. Семейге барған кезінде губернияны Қазақстанға қосу барысында жүргізген саясаты мен көрсеткен мінезі үшін ұлтшыл ретінде айып тағылды (Қазақстанның құрамына өтуден бас тартып, уақытты соза берген Ежов бастатқан губком мүшелерін тарқатып, төрағалық міндетті бір айдан астам уақыт бойы өзі атқарды, басқару жүйесі толықтай Қазақ өлкесінің қарамағына көшкен соң орнына Мұхтар Әуезовті қойып өзі Орынборға қайтқан болатын. Мұны кешіре алмаған «коммунист колонизаторлар» (Смағұл Сәдуақасовтың сол мәжілісте қолданған саяси термині) құрылтай кезінде қатты сынға алып, оған орталықтан арнайы нұсқау келгенше барлық жұмыстан уақытша шеттетілген болатын – Т.Ж.). Бірақ оның бұл ұлтшылдығы Семей губерниясындағы отаршылдық өктемдіктің жанында жай ғана көлеңке сияқты еді, қазақ тұрғындарымен ешқашан санасып жұмыс істелген жоқ. Жиналыста отаршылдықпен күрес туралы мәселені өз басым күн тәртібіне қойғамын жоқ.
Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті. Ол тіпті: «Қаракөз» пьесасына силықты Сәдуақасовтың жең ұшынан жалғасуымен алды – деп те жазды. Ал нағында силық арнайы құрылған сынақ комиссияның шешімімен берілді. Мұны Байділдиннің өзі дет жақсы біледі. Ал баспасөзде дерексіз жала жабылды. Мұндай жаланы ол өзінің қызметтегі беделін өсіру үшін пайдалануға тырысты, газеттер мен журналдардың үстінен қарайтын оның жалғыз өзі екендігін көрсетіп қалуға ұмтылды. Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ.
Партияның Х сьезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ. Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атнды – деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жаттыұлттық белгісіне орай Шығыс өлкелік партия комитетін құру туралы ұсынысы жөнінде ештеңе білмеймін. Орынборда өткен өлкелік комитеттің кеңейтілген мәжілісінде Рысқұловтың сөйлеген сөзін естідім. Алайда онда Күншығыс коммунистік партиясын құру туралы мәселе көтерілген жоқ. Ол мәселе жөнінде өз басым жарыссөзге шыққамын жоқ.
Қалған сұрақтар бойынша бұрынғы берілген жауаптарымды мақұлдаймын. Қазақ ұлтшылдарыының ұйымына мүше болған емеспін және ұлтшылдық бағдарлама менде болған емес. Ғылыми марксизмді және кеңес құрылысын оқығаннан кейін артта қалған елдер үшін кеңес жүйесі бірден-бір ынталы құрылым екеніне көзім жетті. Менің көзқарасым түбірімен өзгерді, педагогикалық және оқытушылық қызметім тек маркстік көзқарасқа негізделді.
Хаттама маған оқылып берді (Әуезов. Қолы).
Жауап алған Попов».
Тергеудің бұл хаттамасы машинкаға басылған. Бұл өте сирек кездесетін жай.
ДАНИАЛ ЫСҚАҚОВ
«1931 жылдың 14 сәуірі. Алматы. ПП ОГПУ-дің 3 ерекше бөлімінің өкілі подполковник Лаптов осы күні тергеуге түскен №23-70 бойынша Тынышбаев Мұхамеджанда және басқаларды ҚІК 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылғандармен байланысы жөнінде жеткілікті айғақтар болғандықтан да Даниал Ысқақовты тұтқындау туралы қаулы. Семей губерниясынан шыққан, 33 жаста, Ташкент қаласының тұрғыны, партияда жоқ, жоғары білімді, Орта Азия ауыл шаруашылығы институтының жанындағы рабфактің оқытушысы, үйленген, бұрын сотталмаған, жауапқа тартылмаған. Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысқан, солармен бірге ұлтшылдық идеясын насихаттаған және кеңес өкіметінің шараларына қарсы тұрғындарды үгіттеген. ҚК-нің 12-8 баптарына сәйкес Даниал Ысқақовты №3470 істе көрсетілген ҚК-нің 58-10, 58-11 баптары бойынша жауапқа тартуға қаулы етілді. Бұл туралы ГПУ-ге қарасты мекемелерді қадағалайтын прокурорға хабарланды. АТП өкілі Саенкомен келісілді. Рогожин».
Даниял Ысқақов өзінің 1931 жылы 31 сәуір күнгі тергеуде берген жауабында Халел Досмұхамедовпен ғылыми шаруашылық мәселелеріне қатысты жиі араласып тұрғандығын айтқан. Екеуінің сөздері бір арадан шыққан. Сол сияқты Дәурен Тұрғынбаевтің (сол кезде 45 жаста екен) 1931 жылы 11 мамыр күнгі жауабы да сол мазмұндас. Тергеу ісіндегі ең аз жауапқа тартылған да, көрсетінділері де шағын осы адам. Мұның басты себебі: жалпы тергеу ісі аяқталып, алдыңғы топтағылардың істері Мәскеуге жіберіліп, олардан кейбір адамдардың қылмысты істері дәлелденбегендіктен де кері қайтаруы әсер етсе керек.
ДАНИАЛ ЫСҚАҚОВ
1931 жылы 14 сәуір күнгі тергеуші Лафиуловқа берген жауабы. Тергеудің негізгі бағыты «Сана» журналындағы ұлтшылдық идеологияның, яғни, көркем әдебиеттегі ұлттық сана мен ұлттық көркем шындықтың насихатталуын әшкерелеу тұрғысында жүргізілген:
Комиссияның жоспары бойынша («Сана» жураналының) екінші санын жарыққа шығару көзделген. Түркхалкомағарту мекемесінің мемлекеттік ғылыми кеңесіне қарасты ғылым комиссиясына қызметке келгенімше оның бірінші саны шығып үлгеріпті. Менің есімде сақталғаны, ол журналды мынадай мақалалар жарияланды:
1.ГУСОМ бекіткен, Байтасов қайта қарап шыққан 1-баспалдақтағы мектептерге арналған жалпыға ортақ оқу бағдарламасы.
2. М.Тынышбаевтің «Мырза Едіге батыр» (тарихи дастанның кейіпкері) атты мақаласы және қазақ тұрғындарының саны туралы кесте.
3. Жұмабаевтің қазақтың халық ақыны Ақан туралы мақаласы.
Ұлтаралық межелеуге байланысты комиссияның қаулысымен редакция алқасы құрылды, оның құрамына Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров және мен кірдім. Осы алқа мүшелеріне материалдарды дайындау тапсырылды. Бұл кезде комиссияның қолында журналға арнап әр жерден жіберілген және жергілікті ташкендік авторлар жазған материалдар болды. Келіп түскен материалдардың барлығын комиссияның төрағасы ретінде Х.Досмұхамедов қарап шықты және басылуға тиісті материалдарды сол іріктеп алды.
Журнал ешқандай да кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген жоқ және ондай әдеби міндетті алдына қойған да емес. Оның басты мақсаты – оқу-ағарту саласы болды, алайда ол кезде қазақ көркем әдебиетін бағалауда пікір қайшылықтары болатын, соған орай басылған Ғаббас Тоғжановтың рецензиясына бола журналды ұлтшыл мекеменің қатарына қосты, алайда оұнда кеңес өкіметіне қарсы бағытталған немесе таза ұлтшылдықты көздейтін ештеңе де жоқ болатын.
Ол кезде көркем шығарманы маркстік тұрғыдан бағалай алатын сын қазақ әдебиетінде мүлдем жоқ еді. Егерде «Сана» журналы нақты таптық бағыт ұстай алмаса, онда мұны сол кезде қазақ тілінде шыққан барлық басылымдарға кінә ретінде көрсетуге болады.
Д.Ысқақов».
1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Даниял Ысқақовтан алынған жауаптың хаттамасы:
«Ташкентте 23-жылдан Тұрамын. 26-жылы Қызылордаға комиссияның жұмысымен бес күндей болдым. Байтасов саяси курсқа хат беріп жіберді. Онда бұрынғы алашордашылардан ешкімді кездестіргемін жоқ. 24-26-жылдардың арасында бұрынғы алашордашылардың ішінен ғылыми комиссияда жұмыс істейтін Халел Досмұхамедовпен қызмет барысында кездесіп жүрдім. Ал куәға тартылып отырған Тынышбаевпен, Қашқынбаевпен қоғамдық орындарда ғана өте сирек ұшырасып қалып жүрдім. Мен Ташкентте тұрғанда Ермековпен 2-3 рет қана жолықтым, одан көп емес. Сұраған мәселеге тік жауап беретіні шындық, ал өкіметке қарсы пікір айтқаны есімде жоқ. Ал бұрынғы алашордашылардың Ташкентте ұйым құрғаны және олардың Заки Валидовпен байланысы туралы мүлдем хабарсызбын.
Енді мақаланың жайына келетін болсақ ( көркем әдебиет туралы «Екеу» деген бүркеншік атпен Абдолла Байтасов екеуі бірігіп жазған сын мақаланы айтып отыр – Т.Ж.) мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада недәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімша қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов: екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын – деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ»- деп жауап берді. Бұл мақала 26-жылы не 27-жылы жарық көрді.
«Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негшіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім, Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: Үйірмен құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.
Әділевті мен ғылыми комиссияда қызмет істеп жүргенде таныстым. Ол да сонда жұмыс істейтін. Бірде ол Халел Досмұхамедовтен демелыс сұрап, Ташкенттен кетіп қалды. Содан кейін мен оны Қызылордада Қазақ театрының директоры болып жүрген кезінде бір рет қонақта болдым. Қонақта Байтасов,Кемеңгеров және ...(аты-жөні танылмады) болды. Содан кейін кездесудің сәті түспеді (Қолы қойылған)»
КЕМЕҢГЕРОВ ҚОШМҰХАМЕД
1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Қошмұқамед Кемеңгеровтің көрсетіндісінің хаттамасы.
23-жылы мен Қызылорда қаласында болып, ғылыми ағарту жұмысына қатысты мәселелермен айналыстым. Ол кезде мен Ташкентте тұратынмын. Ысқақовтан сұрасаңыздар да айтар, ол уақытта Ермеков те де, Байтасов та Ташкентте тұрған емес, сондықтан бірге жүрген емеспіз. Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық. Соңғы адам маған Ташкентте: кеңес платформасына негізделген жазушылардың «Алқа» әдеби үйірмесін құрмақ екен. Оған партияда жоқтар да, коммунистер де қатыса алатын көрінеді. Үйірме ассосация ретінде ресми тіркелген және жұмыс істеп жатқан сияқты-деді. Платформаның жарғысымен танысып шықтым. Мен ол кезде материалистік іліммен таныс емес едім, сондықтан да бағдарлама жалпы алғанда орынды сияқтанды. Мен оны қазір оқысам оның марксизммен арадағы қайшылығын аңғарған болар едім. Бұл 25-жыл болатын. Сәрсен мен Жәкен ассосацмяға коммунистер де, партияда жоқтар да қатысады. Пікір білдіріңіз –дегенді айтты. Бірақта мен бұл мәселе жөнінде ешкіммен хат алмасудың реті келмеді. Онымен танысқаным туралы тізімге қол қойдым ба, жоқ па, білмеймін, нақты есімде қалмапты. Байтасовтың Смағұл Сәдуақасовқа бағдарламаны көрсеткенін білемін. Мен онымен бұл мәселе төңірегінде әңгімелескен емеспін. Мұның барлығы жай ғана сөз күйінде қалды, ешқандай отырыс болған жоқ.
...Байтасов маған: 21-жылы Заки Валидовтің Ташкентке келіп, қазақ ұлтшылдарымен кездескенін айтты. Бұдан басқа ештеңе білмеймін. Қазақ ұлтшылдарының төңкерісшіл ұйымы туралы ештеңе естігемін жоқ, білмеймін де. Ал Тынышбаевтің өңін білгенмен де өзімен таныс емеспін. Әлеуметшілердің ұйымына ешқан мүше болған емеспін және ол туралы ештеңе білмеймін».
Тынышбаев Мұхамеджан және басқалар жауапқа тартылған істің
екінші томына алдыңғы Байтұрсыновтың ісінде қатталған Елдес Омаровтың 1927 жылы 16 қазан күнгі берілген жауабы және одан да басқа жүз беке жуық құжаттар қоса тіркеліпті. Соның ішінде мына бір деректі қаперге іле кетуді жөн көрдік.
«1927 жылы 16 қазан. Қызылорда. Мен, Омаров, 1926 жылы Қазақ оқу ағарту комиссариятының ұйғаруымен Қазақстанның өкілі ретінде Баку қаласында өткен түркітанушылардың құрылтайына іссапармен бардым. Менімен бірге Біләл Сүлеев пен Ғазиз Байсейітов қатысты. Ахмет Байтұрсынов пен қазақтың ұлттық әндерін орындаушы ретінде Әміре Қашаубаев ресми түрде шақыырылды. Бакуге бара жатқан жолда маған – Омаровқа және басқаларға өзінің Парижге барған сапары туралы әңгімелеп берді».
Бұл арада тергеушілер Әміре Қашаубаев Парижде этнографиялық концертке барғанда Мұстафа Шоқаевпен кездесті ме, жоқ па, соны суыртпақтап отыр. Бұл сұрақты А.Байтұрсыновқа, Ғ.Бірімжановқа, М.Дулатовқа, М.Әуезовке т.б. «айыпкерлерге» берген. Сол арқылы ұлтшылдардың «қылмысын» халықаралық деңгейге көтеруге тырысқан. Әміре де «қалпақ астына» алынып, соңына тыңшылар түскен. Театрдағы қызметтен шығарылған. Қысымға шыдамаған әнші дүниеден баз кешіп, күдерін үзген. Тағдыры салындыға ұшыраған Әміренің өлі денесі 1934 жылы қараша айының 4-нен 5-не қараған да («Қыз Жібек» операсының премьерасы өткен күні), түн ортасында белгісіз жағдайда өз үйінің табалдырығының алдынан табылған. Әйелі Оразке таңғы тықырдан оянып, есік ашқанда босаға сүйеулі өлі денені көрген.
ОМАРОВ УӘЛИХАН
Уәлихан Омаров: Берілген сұраққа жауабым мынау: Қазақ ұлтшылдарының ешқандай ұйымына, оның ішінде Орынбордағы бөлімшесіне де мүше болған емеспін. 20-жылдары қандай да бір ұйымға мүше болды деген сөз шындыққа жатпайды. Ешқандай да ұйымды білмеймін. Валидов пен Байтұрсыновтың арасындағы хат туралы да мағлұматым жоқ. Байтұрсыновты естуім бар, бірақ таныс емеспін. Әділев пен Сәдуақасовтың кеңес құрылысына қатысты блоктары жөнінде де хабарым жоқ. Сәдуақасовпен бірге қожановшыларға (колчаковшыларға да болуы мүмкін, нақты танылмады – Т.Ж.) қарсы күреске қатысқаным рас. Оның өзінде де азаматтық блок емес, кейбір мәселелер жөнінде келіспегеніміз шындық. Кеңес өкіметіне қарсы ешқендай іс-әрекетке қатысым жоқ. Бөкейханов Уәлиханмен (Әлиханмен -?) Жер жөніндегі комиссариятта бірге істедім, білімді, іскер, коммунисшіл. Әрине ешқандай ұйымның құрылғанынан бейхабармын. Ташкентте құрылған ұйымды естіген емеспін. Кулаков пен Ермековтің арасындағы байланыстан хабарсызбын. Олардың әр нәрсені менімен ақылдасты дегені шындыққа жатпайды, тек шарушылық мәселелері ғана тапсырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |