ҚАЗАҚСТАН РЕСПУЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
М.ӨТЕМІСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
Мұханбетжанова Ә.
Молдағалиев Б.
Ерниязов О.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
М.ӨТЕМІСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
Мұханбетжанова Ә.
Молдағалиев Б.
Ерниязов О.
ДИДАКТИКА
Дәріс курсы
Орал-2005
ББК 88.8я73
ISBN 9965-748-03-9
М
Мұханбетжанова Ә., Молдағалиев Б., Ерниязов О.
Дидактика. Дәріс курсы. Орал, 2005. – 104 бет.
Дидактика болашақ мамандарды қазіргі оқыту теориясының негіздерімен қаруландырады, оларда педагогикалық ойлауды қалыптастырады, шығармашылық қабілетін педагогикалық үрдісті ұйымдастыруға қажетті практикалық іскерлік пен дағдыны дамытады.
Дидактиканы оқытудың мақсаты: «Педагогика және психология» мамандығы бойынша болашақ мамандарға оқытудың теориялық негіздерін ашып көрсету.
Дәріс курсы «Педагогика және психология» мамандығының типтик оқу бағдарламасына сәйкес жазылған.
Дәріс курсы оқытушылар, аспиранттар, магистранттар мен студенттерге арналған.
ББК 88.8я73
ISBN 9965-748-03-9
М
© М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің баспа бөлімі, 2005ж.
К І Р І С П Е
Болашақ мамандарды даярлау жүйесіне соңғы кездерде күрделі өзгерістер енгізілуде. Қазақстан Республикасы білім беру жүйесіндегі соны өзгерістер «Педагогика және психология» мамандығы бойынша мамандар даярлаудың мазмұнын қайта қарауды және жаңартуды талап етіп отыр. Білім беру процесін кредиттік технология негізінде ұйымдастыру, бакалавр бойынша студенттерді оқытудың деңгейі мен сапасының көрсеткіштері, белгіленген нормалары, өлшемдері айқындалған осы мамандықтың Мемлекеттік стандартының жасалуы осы мақсатты жүзеге асырудың алғышарттары болып табылады. Қазіргі кезеңде білім беру мекемелеріне педагогикалық процесті жүзеге асыруға теориялық және практикалық даярлығы жоғары, педагогикалық бағыттарды таңдау еркіндігінің өсуі жағдайында сенімді түрде өзіндік бағдар таба алатын, білім берудің қазіргі әдістері мен жаңа технологияларын меңгерген, білімді өз бетімен алып, қалыптан тыс жағдайларда өздігінен шешім қабылдауға қабілетті мамандар қажет.
Дидактика болашақ мамандарды қазіргі оқыту теориясының негіздерімен қаруландырады, педагогикалық ойлауды қалыптастырады, шығармашылық қабілетін, педагогикалық үрдісті ұйымдастыруға қажетті практикалық іскерлік пен дағдыны дамытады.
Дидактиканы оқытудың мақсаты: «Педагогика және психология» мамандығы бойынша болашақ мамандарға оқытудың теориялық негіздерін ашып көрсету.
Дидактиканы оқытудың міндеттері:
жоғарыда аталған мамандық бойынша болашақ мамандарды оқыту процесінің әдіснамалық негіздерімен, оқыту процесінің заңдылықтары және қағидаларымен, білім беру мазмұнымен таныстыру, оқытудың жоспарланған мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін әдістер, ұйымдастыру формалары мен құралдары, білім алушылардың ойлау әрекетін белсенділендіретін тәсілдерімен таныстыру.
Дидактиканы оқу барысында студент келесі білімдерді меңгеруі
керек:
-
оқыту процесінің іргелі идеялары, тұжырымдамалары, заңдары мен заңдылықтарын:
а) оқытудың әдіснамалық негіздерін білуі;
ә) жетекші педагогикалық теорияларды, дидактиканың негізгі категориялары мен ұғымдарын білуі;
б) педагогикалық теория мен мектеп практикасының өзара диалектикалық байланысын білуі;
в) таным теориясын білуі;
г) оқытудың мәнін, заңдылықтарын, принциптерін, мазмұны, формасы және әдістерін; оқушылардың білімі, іскерлігі мен дағдысын бақылау және бағалауды білуі;
д) жаңа педагогикалық технологиялардың мәнін білуі.
Бірінші тақырып
Дидактика пәні және міндеттері
Жоспары:
1. Дидактика туралы түсінік.
2. Дидактиканың негізгі категориялары немесе ұғымдары.
3. Дидактикалық заңдылықтар.
4. Дидактиканың дамуы және қалыптасуы.
1. Дидактика (гр.didaktikos – үйрету, оқытуға қатысты) оқытудың және білім берудің теориясы, педагогиканың саласы. Дидактиканың мәні – адамға білім берудің және тәрбиелеудің құралы ретінде оқыту болады, яғни оқушылардың білім мазмұнын меңгеруді қамтамасыз ететін мұғалім ұйымдастырған сабақ берумен оқудың бірлігінің өзара байланысы.
Дидактика – теориялық және сонымен қатар нормативті – қолданбалы ғылым. Дидактиканың ғылыми – теориялық функциясы оқытудың шынайы процестерін зерттеуді, оқытудың әр түрлі мақсаттарының фактілері мен заңдылықтарының байланыстарын анықтау, олардың мәнін ашу, дамуының үрдістері мен болашағын анықтау болып табылады. Алынған теориялық білімдер оқытудың практикасын бағыттауға мүмкіншілік береді. Оқыту теориясы білім мазмұнын таңдау мәселесін жасап, оқыту ұстанымдарын орнатып, оқыту әдістерін және құралдарын қолданудың нормативтерін белгілеп нормативті-қолданбалы, конструктивті – технологиялық функцияны атқарады. Бұл функциялардың бірлігінде дидактика – бұл оқыту процесінің мәнінің түсінігі, оның білімдік, тәрбиелік және дамытушылық функциясын жүзеге асырылуы.
2. Дидактиканың негізгі категориялары (ұғымдары): сабақ беру (преподавание), оқу, оқыту, білім беру, білім, іскерлік, дағды, оқытудың мақсаты, мазмұны, түрлері, формалары, әдістері, құралдары, нәтижесі.
Сабақ беру (преподавание) – оқыту мақсатын жүзеге асырудағы ақпараттандыруды, тәрбиелеуді, білімді ұғынуды және практикада қолдануды қамтамасыз ететін мұғалімдердің тәртіпке келтірілген іс-әрекеті.
Оқу - процесс, оның барысында оқушыда тану, жаттығу және тәжірибеге ие болу арқылы мінез-құлықтың және іс-әрекеттің жаңа формалары пайда болады.
Оқыту - қойылған мақсатты орындауға бағытталған мұғалім мен оқушылардың тәртіпке келтірілген өзара әрекеті. Бұл олардың бірлескен іс-әрекетінің екі жақты процесі болады.
Білім беру – оқушының оқыту процесінде ие болған білімнің, іскерліктің, дағдының, ойлау тәсілдерінің жүйесі.
3. Оқыту процесіне педагогикадан тыс (қоғамдық жағдайлар) және педагогика ішкілік (сыныптың құрамы, оқу материалының ерекшелігі) сияқты көптеген факторлардың әсер етуі дидактикада статистикалық заңдардың көп болуын шарттандырады, яғни берілген жағдайларда оқыту процесінде өзгерістердің қандайда бір болымын болжайды.
Дидактиканың заңдарының бір бөлігі динамикалыққа жатады. Онда объектінің бастапқы жағдайы оның әрі қарай өзгеруін бірмәнді анықтайды. Дидактикалық заңдылықтардың ерекшелігін сабақ беру, оқу және білім беру мазмұнының арасындағы тәуелділік сипаттайды. Дидактикалық заңдылықтар жекелеген оқу пәндерінің мазмұнына тәуелсіз. Негізгі дидактикалық заңдылықтар: оқытудың әлеуметтік сұранысқа және қоғамдық жағдайға тәуелділігі, оқытудың әлеуметтік-қалыптастырушы және тәрбиелеушілік сипаты, оқытудың тиімділігінің оқушылардың белсенділігіне және олардың оқуға деген мақсатты бағытталған жауапкершілік қатынасты қалыптастыруға тәуелділігі т.б.
Заңдылықтардың басқа бір тобы мынадай: құрылымдық (оқу әдістерінің әр түрлі білім мазмұнының түрлерін меңгеру тәсілдеріне тәуелділігі), жүйелілік (сабақ берудің, оқудың және білім мазмұнының бірлігі), эволюциялық (оқушылардың жасына және даярлық деңгейіне сәйкесті оқыту процесінің құрымының өзгеруі), функционалдық (оқушыларда әлеуметтік тәжірибені сақтауға, қайта айтуға және дамытуға даярлау), тарихи.
4. Дидактика терминін неміс педагогы В.Ратке (1571-1635) ғылыми айналымға алғаш енгізді. Ол өзінің лекция курсын «дидактика» немесе «сабақ беру өнері» деп атаған еді.
Я.А.Коменский бірінші болып дидактиканы ғылыми білім жүйесі ретінде жасап, балаларды оқытудың бірізділікті ұстанымдарын және ережелерін ұсынды. Ол «Ұлы дидактика» (1657) еңбегінде оқыту теориясының маңызды сұрақтарын қарастырады: білім беру мазмұны, көрнекілік дидактикалық ұстаным, бірізділікті оқыту, оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесін ұйымдастыру және т.б. Я.А.Коменскийдің оқыту теориясы тәрбиелеудің табиғатқа сәйкестілік принципіне сай құрылған. Я.А.Коменский орта ғасырдағы жаттауға негізделген оқытудың орнына балалардың жастық және психологиялық ерекшелігіне сай оқу жұмысының жаңа жүйесін ұсынды. Қайта өрлеу дәуірінде философияда гуманистік бастама үлкен мәнге ие болғанда Ж.Ж.Руссо оқытуда баланың сұранысын, қажеттілігін, өзекті қызығушылықтарын ескеруге шақырды. И.Г.Песталоцци біржақты тәрбиелеудің бүкіл түрлеріне қарсы шығып, адамның барлық күштерін және қызығушылықтарын дамыту керек деген оқыту мақсатына назар аударды.
ХҮІІІғ. аяғында ХІХғ. басында классикалық педагогикада мектепте білім берудің 2 теориясы анықталды: формальдық білім беру теориясы (Н.Ф.Гербарттың және оның ізбасарларының пікірінше оқытудың басты міндеті – оқушыларды ақыл-ой жағынан дамыту) және материалдық білім беру теориясы (оқытудың негізгі мақсаты – оқушыларды өмірге пайдалы білімдермен қаруландыру).
ХІХғ. ортасында А.Дистервег дамытып оқытудың дидактикалық негізін салып, дәлірек айтқанда «жақыннан алысқа», «қарапайымнан күрделіге» және т.б. 33 заңды және ережені анықтап берді.
Индустриалдық дамыған елдерде қазіргі дидактикада психология көп орын алған.
ХІХғ. екінші жартысында Ресейде тұтас дидактикалық жүйені К.Д.Ушинский жасады. Ағартушылық философиялық идеяларға, психологияға және физиологияға сүйене отырып, ол формальдық және материалдық білім берудің біржақтылығын көрсетті, танып білу мен оқытудың ұқсастығын және айырмашылығын ашты, оқыту процесінде білімді қабылдаудың, меңгерудің және бекітудің, ойлауды дамытудың, оқушылардың оқуға ұмтылысының мотивтерін қалыптастырудың, оқыту мен оқушылардың дербес әрекетінің арақатынасының сұрақтарына жауап берді.
Оқыту теориясының дамуына Н.К.Крупская үлес қосты. Оның оқытудың мазмұнына және әдістері, мұғалімнің сапалары туралы ойлары педагогикалық зерттеулерге жаңа бағыт берді.
А.С.Макаренконың педагогикалық қызметі және көзқарастары ұжымды тәрбиелеудің және еңбекке оқытудың негізін салды.
Өткен ғасырдың 70-і жылдары білім мазмұнына оқытудың дамытушылық және тәрбиелеушілік функиясын арттыратын жаңа компоненттері енгізілді – шығармашылық іс-әрекеттің тәжірибесі және дүние жүзіне, бір-біріне тәрбие эмоционалдық-құндылықтық қатынас. Мектеп оқулығы мәселесі бойынша мазмұнды зерттеулер жүргізілді.
Өткеннің дидактиктерінің оқушылардың білімді белсенді меңгеру керек деген талабы жаңа негіздеме алып, оқушылардың танымдық іс-әрекетінде олардың дербестігін дамытудың қажеті сипатына ие болу арқылы өз жалғасын тапты.
Осы бағытта дидактиктер және психологтар (Т.В.Кудрявцев, И.Я.Лернер, А.М.Матюшкин, М.И.Махмутов т.б.) проблемалық оқыту концепциясын жасады. Оқушыларда танымдық қызығушылықты, білімге деген сұранысты қалыптастырудың мәселелері зерттелінді.
Дидактика үшін оқыту психологиясы (Н.А.Менчинская, П.Я.Гальперин, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов т.б.) зерттеулерінің үлкен мәні бар, онда білім мазмұнын құрудың психологиялық алғышарттары көрсетіледі.
Дидактиканың дамуына озық тәжірибені жалпылау, жаңашыл-педагогтардың (Ш.А.Амонашвили, В.Ф.Шаталов т.б.) ізденістері септігін тигізуде.
Бақылау сұрақтары
-
Дидактика дегеніміз не?
-
Дидактиканың мәні.
-
Дидактиканың негізгі категорияларын немесе ұғымдарын атаңыз.
-
Дидактиканың негізгі категорияларына немесе ұғымдарына анықтама беріңіз.
-
Оқыту мен оқудың айырмашылығы неде?
-
Дидактиканың заңдылықтарын атаңыз.
-
Дидактиканың дамуына үлес қосқан қандай көрнекті педагогтарды, олардың қандай еңбектерін білесіз?
-
Дидактиканың даму тарихы.
-
Сыныптық-сабақтық жүйенің негізін салған кім?
Әдебиеттер:
1. Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: «Нұрлы әлем», 2003. -368 бет.
2. Афонина Г.М. Педагогика. Ростов-на-дону. 2002.
3. Әбиев Ж.,Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. А., 2004.
4. Қоянбаев Р:М. Қысқаша педагогикалық сөздік. Алматы, 1991.
5. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2000.
6. Қоянбаев Ж.Б. Педагогика. Алматы, 1992.
7. Лихачев Б.Т. Педагогика М., 1998.
8. ОконьВ. Введение в общую дидактику. М., 1990.
9. Подласый И.П. Педагогика .М., 1996.
10. Подласый И.П. Педагогика начальной школы. М., 2000.
11. Сластенин В:А., Исаев И.Ф. Педагогика М., 1997
Өзіндік жұмыстар үшін тапсырмалар
-
Дидактиканың негізгі категорияларының өзара байланысынын кесте түрінде көрсет.
-
Дидактиканың даму тарихы бойынша кесте құрастыр (уақыты, педагогтардың ат-жөні, еңбектері, негізгі идеялары т.б.).
-
Педагогика ғылымындағы дидактиканың орны мен функцияларын анықта.
-
Мұғалімге дидактика не үшін қажет? Өз жауаптарыңызды аргументтеңіз.
-
Қазіргі кезеңдегі дидактиканың дамуы.
Реферат тақырыптары
-
Ғылымның қазіргі даму кезеңіндегі дидактика пәні және оның мақсаттары.
-
Қазіргі дидактикадағы оқыту және даму мәселелері.
-
Дидактикалық немесе оқыту жүйелері.
-
Көрнекті педагогтардың дидактиканың дамуына қосқан үлесі.
-
Дидактиканың дамуы және қалыптасуы.
-
Қазақстанда дидактиканың дамуы. Репрессияға ұшыраған педагогтар.
-
Р.Г.Лемберг, А.И.Сембаевтың дидактикалық көзқарастары.
-
Я.А.Коменскийдің дидактиканың дамуына қосқан үлес.
Екінші тақырып
Педагогикалық технологиялар және педагогикалық жобалау
Жоспары:
1. Педагогикалық технология туралы түсінік.
2. Педагогикалық технологияның мақсаты және оларды жүйелеу.
3. Дамыта оқыту технологиясы.
1. Технология дегеніміз өнім алу үшін оған керекті материалдарды өңдеу әдістері және өнім шығаруға керекті жүйелі процесс.
Кез-келген технологияның (өндірістік, әлеуметтік) негізгі бөлігі-түнкі нәтижені мұқият анықтау және оған қалай да жету.
Мектептің дамуы, оның жұмысының жекелеген жақтарындағы жетістіктер тек инновациялық процесс ретінде жүзеге асырылады, яғни ескірген және тиімді емес құралдарды сол жағдайда жаңа және тиімдіректерімен ауыстырып, жаңа идеяларды, технологияларды қолдану.
Осыған орай, «технология», «білім беру технологиясы» ұғымдарын қарастыру қажет.
Шет тілі сөздігінде технологияға мынадай анықтама берілді. Грек тілінен аударғанда Techne – шеберлік, іскерлік және – логия – объектінің жиынтығы. Бұл термин түсіндірме сөздікте қандай да бір істе, шеберлікте қолданылатын тәсілдердің жиынтығы деп анықталынады.
Т.И.Шамованың пікірінше, білім беру технологиясы – қатыстырушыларға комфорттық жағдайды қамтамасыз етіп, нақты нәтижеге жету мақсатындағы білім беру процесін жобалаудағы, ұйымдастырудағы, бағалаудағы және корреляциялаудағы мұғалімдер мен оқушылардың бірлескен іс-әрекетінің процестік жүйесі.
Білім беру технологиясына кіретіндер:
-
Мақсаттық бағытталғандық;
-
Сүйенетін ғылыми идеялары;
-
Мұғалімдер мен оқушылардың істерінің жүйесі;
-
Нәтижені бағалаудың өлшемдері;
-
Нәтижесі;
-
Қолданудағы шектеуліктер.
Білім беру технологиясы мен оқыту әдістемесінің арақатынасы қандай деген сұраққа Г.К.Селевко технологияда процессуалдық, сандық және есептегіш компонент берілсе, әдістемеде мақсаттық, мазмұндық, сапалық және вариативтілік – бағдарлаушылық көбірек берілген деп жауап береді. Технология өзінің қайталанғыштығымен, нәтижесінің көптеген «егер» (егер талантты мұғалім, егер қабілетті оқушылар т.б.) дегендердің болмауымен айрықшыланады. Кейбір жағдайларда екеуі араласып, бірде әдістеме технология құрамына кірсе, енді берде технологиялар оның әдістемесінің құрамына кіреді.
Технология – бұл белгілі бір шығармашылықта қолданылатын тәсілдер жиынтығы. Педагогикалық технология оқытудағы құру, қолдану, анықтау сияқты процестердің жүйелі моделі. Педагогикалық технология түсінігі 3 аспектімен белгіленеді:
-
Ғылыми педагогикалық технология – педагогика ғылымдарының бір бөлігі. Көзделген мақсатқа жету жолындағы мазмұны оқыту әдәсі мен проекторлық педагогикалық процесі.
-
Бейнелеу процесі – мазмұны мен көзделген мақсатқа жету және оның нәтижесін оқыту.
-
Әрекет процесі – технологиялық процестердің әрекеті инструментальдық және метадологиялық педагогикалық орта әрекеті.
Педагогикалық технологияның ғылыми сатылық 3 деңгейі бар:
1. Бүкіл педагогикалық деңгей. Бұған ортақ педагогикалық технология жатады. Педагогикалық технология бір мағыналық педагогикалық жүйеде оған мақсат жиынтығы, амал мен тәсілді оқыту, объект және субъект процестері жатады.
2. Модульдық деңгей. Оқу тәрбие процесі дидактикалық және тәрбиелік тапсырманың жеке шешімі.ол функциональдық элементпен олардың арсындағы логикалық қарым-қатынасты зерттейді.
3. Жүйелік педагогикалық технология – барлық жағынан төмендегі системаларды игеру керек. Басқармалық, диаграмалық жоспарлау, оқу процесін жасау, коррекциялық жұмыстар
2. Г.Селевконың, Т.Шамованың т.б. еңбектеріне сүйене отырып негізгі оқыту технологияларын көрсетуге болады:
-
дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы /П.М.Эрдниев/;
-
тиімді сабақтар жүйесі негізіндегі технология /А.Окунев, Н.Палтышев/;
-
дамыта оқыту технологиясы /Л.С.Выготский, В.Занков, В.Давыдов/;
-
оқытудың модульдік технологиясы /В.Монахов/;
-
проблемалық оқыту технологиясы /М.Махмутов/;
-
тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы /В.Шаталов/;
-
түсіндіре басқарып – оза оқыту технологиясы /С.Лысенкова/;
-
деңгейлік саралап оқыту технологиясы /Н.Гузик/;
-
ойындық оқыту технологиясы;
-
жекелеп оқытудың технологиялары /И.Унт, В.Шадриков/;
-
түсіндірмелі – иллюстративтік оқыту технологиясы;
-
дәрістік-семинарлық-сынақтық оқыту технологиясы;
-
М.Монтессори технологиясы;
-
еркін еңбек технологиясы /С.Френе/;
-
Вальдорф педагогикасы;
-
оқытудың компьютерлік технологиясы.
Оқыту технологиясын таңдап, іріктеу – оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін басқарудың негізгі бір буыны. Қазіргі кезде әдебиеттерден осы заманғы білім берудің даму бағыты мен тенденцияларын қамтитын 50-ден астам білім беру технологиялары қолданылып жүргендігі мәлім.
Соңғы кезде оқытудың әртүрлі педагогикалық технология жасалып, мектеп практикасына енгізілуде. Атап айтқанда, профессор Ж.А. Қараевтің жұмыстарын еліміздің көптеген мектептерінде қолданылып жүрген оқытуды дербестендіру мен деңгейлік диференциялдау, білім беруді демократияландыру мен ізгілендіру.
3. ХVII ғасырдағы Я.А.Коменскийдің дидактикалық жүйесiнiң негiзгi қағидаларының бiрiнде де баланың ақыл-ой күшiн, қабiлеттерiн дамыту олардың бiлiмге деген құштарлығын оятып, лаулата түседi делiнген.
И.Т.Песталоцци баланың ақыл-ойын, барлық қабiлет-қасиеттерiн дамыту идеясымен арқауланған бастауышта оқыту әдiстемесiн жасауға әрекет етедi.
Дамыта оқыту ұлы немiс педагогы А. Дистервегтің әйгiлi “Немiс мұғалiмдерiнiң бiлiм беру iсiне басшылылық” (Руководство к образованию немецких учителей) атты еңбегiнің де негiзi болып табылады. Дамыта оқыту деп ол баланың бiлiм алуға әрекет етуін ұйымдастыратын оқытуды атаған. “Жаман мұғалiм ақиқатты өзi айтып бередi, ал жақсы мұғалiм оқушының өзiн iзденуге жетелейдi” - деген.
Орыстың ұлы ағартушысы К.Д.Ушинский де өз дидактикалық еңбектерiнде бастауыш мектеп жасындағы балаларды оқыта отырып дамыту мєселелерiне ерекше тоқталып, арнайы әдiстеме жасаған.
“Дамыта оқыту” деген термин психология ғылымының қойнауында туып, баланың дамуын қарастырған (Ж. Пиаже), ойлаудың әртүрлi деңгейiн, типтерiн (Л. В. Выготский, А. Н. Леонтьев, С. Л. Рубинштейн) және басқа да психиканың функциясын зерттеген (Б. Г. Ананьев, Г. С. Костюк, А. А. Люблинская, Н. А. Менчинская) және т.б., iс-әрекет теориясының психологиясын жасаған (А. Н. Леонтьев, П. Я. Гальперин) еңбектерiнде жан-жақты талданды. Нәтижеде дамыта оқыту проблемасына арналған екi iлгерi эксперимент жасалып, оның бiрiн Д. Б. Эльконин, В. В. Давыдов, ал екiншiсiн Л. В. Занков басқарады.
Дамыта оқытуды 1950 жылдың аяғынан бастап Л.В.Занков (1901-1977) және Д.Б.Эльконин (1904-1984) зерттей бастады. Дамыта оқыту оқушыны оқу пәндерін оқып үйренуден теориялық ойды дамытатын оқу іс-әрекетіне көшірді. Ол оқушыны жан-жақты дамыту міндетін қойды (Л.В.Занков).
Дамыта оқыту арқылы оқушыға берілетін білім бұрынғыдай репродуктивтік жолмен емес, арнайы ұйымдастырылатын баланың жан-жақты «теориялық» іс-әрекеті арқылы берілетін болды.
Дамыта оқытудың екі жүйесінің де оқу бағдарламалары, оқулықтары бар. Олар Ресей мектептерінде кең қолданылуда. Көбіне бастауыш мектепте қолданылады.
«Жақын даму аймағы». Көрнекті психолог Л.С.Выготский (1896-1934) оқыту мен дамудың байланысын зерттеп, егер оқыту баланың актуалдық аймағында жүрсе, онда ол баланы дамытпайды деді.
Актуалды даму аймағы – баланың өз бетімен істей алатын жұмыстары. Ал ересектермен ынтымақта істей алатыны – жақын даму аймағы. Мысалы, баланың сөйлей алуы актуалды даму аймағы. Бұл жерде даму жүрмейді. Сондықтан бала мектепке келген күннен бастап «жақын даму аймағында», дәлірек айтқанда баланың жазба тілін қалыптастыруға кірісу керек. Ол үшін алдымен жеңіл тапсырмалар беріледі. Мысалы, Ш.А.Амонашвили және оның мұғалімдері әріптер мен сөздерді белгілеуге Д.Б.Эльконин жасаған шартты белгілерді қолданады. Тақтаға сөйлем, оның астына шартты белгісі жазылады.
«Жақын даму зонасында » жұмыс жасаған В.Ф.Шаталов әлі өтпеген ережемен есеп шығартады. Е.Ильин оқушыларға мұғалімнің өзі біржақты жауап бере алмайтын сұрақтар қояды.
Сонымен жақын даму аймағы баланың ақыл-ой жұмысы басталайын деп тұрған жер. Мұғалім осы жерде жұмыс істеп оқушыға тапсырма, әдістемелік нұсқау береді. Мұғалімнің жақын даму аймағындағы жұмысының тиімділігінің көрсеткіші - әр оқушының мұғалімнің көмегін алуға әзір тұруы.
Қазіргі мектептің ірі кемшілігі мақсаттың жалпылама қойылуы. Түпкі мақсат – адамды жан-жақты және үйлесімді дамыту. Мақсаттың оқыту мазмұнын іріктеуге, педагогикалық процессті құруға ықпалы әлі де жеткіліксіз.
Мақсат бізге керекті түпкі нәтиже, нәтижені көріп «Мақсатқа жеттік пе?» - деген сұрақтарға жауап беру. Мұндай мақсатты педагогикада «диагностика арқылы анықталған мақсат» дейді. Диагностика арқылы оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлері және қабілеті анықталады, нәтижесінде оқушыға тағы да қандай білім, іскерлік, дағдылар беру керектігі жоспарланады.
Дамыта оқытуда мұғалім жақын даму зонасында жұмыс істеуі керек. Ол оқушыға ақпараттар беруші, ынталандырушы, образдар туғызушы, баланың кемшіліктері мен табысына назар аударушы, себебі әр оқушының өзінің «жақын даму аймағы» бар, онда жалпы тәсілмен жұмыс істеуге болмайды.
Л.В.Занков жүйесі.
Оның тұжырымдамаларының дидактикалық принциптері:
-
оқытуды түсінуге қиын етіп жүргізу.
-
Теориялық білімнің жетекші ролі. Теорияны құрғақ жаттамай ондағы мәнді байланыстарды, заңдылықтарды ашу.
-
Оқушының ізденуі. Мұғалімнің өзінің түсіндіруі – дамудың қауіпті жауы.
-
Оқу процесін оқушылардың сезуі. Оқушы өзін оқу іс-әрекетінің субьектісімін деп сезінеді. Материал қайткенде есімде жақсы қалады, жаңа не нәрсе білдім, менің дүние туралы түсінігім қалай өзгерді, мен қалай өзгердім деген сұрақтарға өзіжауап береді.
-
Барлық оқушыларды дамыту үшін жүйелі түрде жұмыс істеу. Қабілетке қарай бөлуге жол берілмейді. Бала басқа балалармен ынтымақта дамиды.
Л.В.Занков жүйесінде бастауыштағы білім мазмұны бай, ғылым, әдебиет, өнер туындыларынан білім беріледі. Оқушыларды дамытатын дұрыс жазуға дағдылану, санау, оқу, бейнелеу өнері, өнер шығармаларымен жұмыс, қолмен жұмыс істеуге үйрену. Л.В.Занков жүйесінде экскурсия кезінде алынатын білімнің салмағы көп.
Достарыңызбен бөлісу: |