Мұсылман діндар ғалымдарының қазіргі заманның үндеулеріне жауаптары


Шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузанның (Аллаһ оған есендік берсін) адам өлтіру мәселесі бойынша берген жауаптары



бет5/8
Дата24.02.2016
өлшемі0.61 Mb.
#16332
1   2   3   4   5   6   7   8

Шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузанның (Аллаһ оған есендік берсін) адам өлтіру мәселесі бойынша берген жауаптары

Сұрақ: «Алжирдегі Исламға шақырушылардың біреуі өзінің жазған бір кітабында: «Адам өлтіру Сүннетке сәйкес келеді, бірақ ол Сүннеттің ұмытылған әдеттеріне қатысты», - деп тұжырымдайды. Дәлел ретінде ол Кааб бин әл-Ашрафты және мұсылман әйеліне көз тігіп қараған яхудиді өлтіру туралы хабарларды келтіреді. Сіз бұл жөнінде не айта аласыз?»

Жауап: «Кааб бин әл-Ашрафты өлтіру туралы хабар адам өлтіруді рұқсат етуге дәлел бола алмайды, өйткені Кааб бин әл-Ашраф сол кезде билік иесі болған Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұйрығы бойынша өлтірілді, және Кааб бин әл-Ашраф, белгілі келісім-шартқа сәйкес, оның қоластындағылардың қатарына жататын еді. Бұл адам келісім-шарттың шарттарын бұзды да, сатқындық жасады, ал бұл жағдай оның өлтірілуін рұқсат етті, ал мұның мақсаты бұл адамды ол мұсылмандарға тигізіп жатқан зияннан тоқтату болды. Ол, қазір туристтерді өлтіруге байланысты орын алып жатқандай, билеушіден тәуелсіз әрекет жасайтын жеке бір тұлғалардың немесе адамдардың топтарының үкімі бойынша өлтірілмеді. Ондай әрекеттер анархия деп бағаланады, ал Ислам оларды құптамайды, өйткені олар Исламға және мұсылмандарға үлкен зиян тигізеді».

Шейх Салих бин Али әл-Ғисуанның, Аллаһ оған есендік берсін, адам өлтіру мәселесі бойынша жауаптары

Сұрақ: «Соңғы екі жыл бойы біз ислам шақыруымен айналысып жүрген кейбір адамдардың шақыру ісінде және қайтарылатын нәрселерді айыптауда қолданылатын әдіс-құралдар туралы үнемі айтып жүргенін және олар осы әдіс-құралдардың қатарына шерулерді, ұйымдасқан түрде көшелерден жүріп өтуді және адам өлтіруді жатқызатынын және осыны ислам жихады деп атайтынын естіп жүрміз.

Біз Сізден екі сұраққа жауап беруіңізді сұраймыз:

а) Жоғарыда аталғандарды шариғи әдіс-құралдар деп санауға болады ма, әлде олар айыпталуға лайықты болған бидғаттар мен тыйым салынған әдістердің қатарына жатады ма?

ә) Шариғат осындай әрекеттерге шақыратындарға және оларды насихаттайтындарға қатысты не істеуді бұйырады?»

Жауап: «Аллаһқа мадақ. Жақсылыққа үндеу және жамандықтан тосу, Аллаһқа шақыру және адамдарға тура жол сілтеу Аллаһтың дінінің негізіне жататыны белгігі, алайда Аллаһ Тағала былай деді: «Адамдарды Рабыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен58 пікірталасты көркем түрде жүргіз. Күдіксіз, Раббың Оның жолынан ауытқығандар туралы бәрінен жақсы біледі және Ол тура жол тапқандар туралы да бәрінен жақсы біледі» (ән-Нахль сүресі, 125-аят).

Аллаһ Муса мен Харунды59 Перғауынға жіберіп, оларға: «Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар», - деп бұйырды (Та ха сүресі, 44-аят).

Мухаммад Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, адамдарға даналықпен келді және Исламға шақырумен айналысатындарға өз шақыруларын даналықты басшылыққа алып және сабыр танытып іске асыруларын әмір етті. Бұдан тыс Құранда былай делінген: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне хақты60 үгіттесіп, сабырды61 үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» (әл-Аср сүресі, 1-3 аяттар).

Сөйтіп, адамдарды Аллаһқа шақырушы, оларды құпталатын нәрселерге талпындырып, айыпталатын нәрселерден тыюға тырысатын адам сабырлық танытып, Аллаһтың сыйынан үміт етуі керек. Бұдан тыс, ол өзінің (дінге) шақыру жолында естуі немесе кездесуі мүмкін болған жағымсыз нәрселерді төзімділікпен көтере білуі керек. Ал адамдармен тұрпайы түрде сөйлесіп, оларды ренжітетін (Аллаһ бізді ондайдан сақтасын) немесе тәртіпсіздікке ұмтылатын, немесе адамдарды дау-жанжалдарға және алауыздыққа келтіруге талпынатын адамдарға келер болсақ, онда мұның барлығы шайтанның амалдарының қатарына кіреді және хауариждердің шақыруының негізінде жатыр. Олар (хауариждер) айыпталатын нәрсеге деген сөгісті қару арқылы танытатын еді, ал егер бір нәрсе олардың көзқарастарына қайшы келсе, олар қан төгуден, адамдарды күпірлікте айыптаудан және сол сияқты істерден тайынбайтын еді.

Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабалары және біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміз іске асырған (дінге) шақырудың хауриждердің және олардан өнеге алғандардың шақыруынан айырмашылығы мынада: сахабалар өз шақыруын даналықтың, ақиқатты насихаттаудың және түсіндірудің көмегімен, сабырлық таныта отырып, Аллаһтың сыйынан үміт етіп, іске асыратын. Ал хауариждер адамдармен соғысып, олардың қанын төкті, оларды күпірлікте айыптады және мұсылмандардың арасына тартыстар енгізді, ал бұл жеккөрінішті және айыпталатын бидғаттардың қатарына жатады.

Мұндай нәрселерге шақырушылардан аулақ болып, оларға сенбеу керек, өйткені мұндай адамдар мұсылмандардың алауыздыққа түсуіне себебші болды, мұнысы үшін оларды Аллаһтың кек алуы және жазасы күтуде, Аллаһ бізді ондайдан сақтасын! Егер мұсылмандар игілікке деген ұмтылыстарында бірігіп, біртұтас болғанда еді, олар, күмәнсіз, жоғары мәртебеге жетіп, құрметке ие болар еді.

Мұсылмандар партияларға және топтарға бөлінгенде, олардың арасында қарама-қайшылықтар пайда болады және олардың өздерінің ортасынан шыққан дұшпандар оларға жол табады. Бұл жаман жолмен бидғаттардың жақтаушылары жүреді, ал алғашқылар болып бұл жолға мұсылмандардың арасына араздық егіп, халифа Али ибн Абу Талибпен және оны қолдаған сахабалармен соғысқан адамдар түсті. Олар Алимен жақсы өзгерістерді қалап соғысты, бірақ ақиқатында азғындауға, бидғаттарға және ыдырауға себеп болды, өйткені мұсылмандарды бытыранқылыққа әкелген және оларды әлсіреткен солар еді. Міне осы нәрселер олардың сөздерін қайталап, олардың көзқарастарына ортақтасатын және оларды насихаттайтын әрбір адамға қатысты. Мұндай адам жаман көзқарастарды ұстанады және одан аулақ болу керек, өйткені ол өз қауымына, өз серіктеріне және өзі қатынасатын барлық адамдарға зиян тигізеді. Ал іс жүзінде мұсылман адам жасампаз әрекеттермен айналысуы керек, тек игілікке талпындырып, өзі де оған ұмтылуы керек, ақиқат сөздерін айтып, ең мықты дәйектерді пайдаланып және жұмсақтық танытып Исламға шақыруы керек, өз бауырлары туралы дұрыс пікірде болып, кемелдікке жету өте қиын екендігін және күнә істеуден тек Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қорғалғандығын есте сақтауы керек. Сондай-ақ, олар өздері қарсы шығып жатқан адамдары - олар әмірлер, ресми тұлғалар немесе басқа біреулер болсын - жойылса, олардың орнына олардан да жаман адамдар келетінін де ұмытпауы керек, өйткені қандай заман өтсе де, оның орнына тек қана жаман замандар келеді. Адамдардан кемелдікті күтуші немесе олар еш қателік жібермеуіне және ешбір жамандық жасамауына қол жеткізуді қалайтын адам адасқан болып табылады. Мұндай адамдар мұсылмандарды бөлінушілікке әкелген және оларға көп зиян тигізген хауариждердің мирасқорлары болып табылады, ал мұндай мақсаттарды Сүннет пен келісімнің жақтаушыларына (әһлю-Сунна уәл-жамаъаға) қарсылас болған рафидилер, хауариждер, муътәзиләлар және басқа да арам пиғылды тұлғалардан және бидғаттың жақтаушыларынан болғандар көздеді».



БЕСІНШІ БӨЛІМ

ҰШАҚТАРДЫ БАСЫП АЛУҒА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАРҒА ИМАМДАРДЫҢ БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің шешімі

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Тақуаларды ең соңында игілік күтеді, ал жауласуды тек қана залымдарға қатысты көрсету керек және Қиямет күніне дейін Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның жаратылыстарының ішіндегі ең абзалы - Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына, барлық сахабаларына және оның ең дұрыс басшылығының арқасында тура жолға түскендердің барлығына болсын.

Хижра жыл санауы бойынша 1409 жылы, мухаррам айының 12-нен 18-не дейін (1988 жылдың 24-тамызынан 30-тамызына дейін) әт-Таиф қаласында өткен Ең ірі ислам ғалымдарының Комитеті Кеңесінің 32-сессия мәжілісі террористік актілердің орын алғандығы жөніндегі анықталған фактілері бойынша өткізілді. Бұл терактілердің салдарынан көп мұсылман және мұсылман емес мемлекеттерінде көптеген жазықсыз адамдар құрбан болды және қоғамдық мүлік пен қоғамдық мекемелердің жойылуы орын алды. Бұл келеңсіз уақиғаларға имандары пәс немесе тіпті иманнан жұрдай, нәпсілерін дерт және жеккөрушілік жаулап алған адамдар жауапты.

Үйлерді жару, қоғамдық мүлікті өрттеу, көпірлер мен туннельдерді жару, сондай-ақ ұшақтарды жару немесе басып алу қопарушылықтың осындай іс-әрекеттерінің мысалы бола алады. Бірнеше алыс және жақын елдерде осындай қылмыстар жиі қайталанатындықтан және Сауд Арабиясы да басқа да елдер сияқты осындай қопарушылық іс-әрекеттерінің нысанасы болғандықтан, Ең ірі ислам ғалымдарының Кеңесі, ол іс-әрекеттер зиян тигізу немесе қоғамдық тыныштықты бұзу мақсатымен қоғамдық және үкіметтік мекемелерге немесе басқа бір нәрселерге қарсы бағытталғанына қарамастан, қопарушылық іс-әрекетімен айналысатын адамдарға ұстамды бастау бола алатын жазаны орнату мәселесін қарастыруды міндетті деп тапты.

Кеңес шариғат қағидалары жалпы алғанда бес міндетті нәрсені: нақты атап айтқанда - дінді, өмірді, ар-намысты, ақыл-есті және мал-мүлікті - сақтап-қорғау міндетіне қатысты екендігі туралы ғалымдардың нұсқауларымен танысты. Кеңес мұсылмандардың өміріне, ар-намысына және мал-мүлкіне қол сұғу алапат қауіптермен қаншалықты қатерлі екендігіне, сондай-ақ қопарушылық іс-әрекет қоғамдық тыныштықтың бұзылуына, анархияға, бүлікке, мұсылмандарды үрейлендіруге және олардың мал-мүлкіне қауіп төнуіне әкелетіндігіне өзіне толық есеп береді.

Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, жазаларды қолдануды, олар арқылы қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, заңдастырып, адамдардың дінін, тәндерін, өмірлерін, ар-намысын, ақыл-есін және мал-мүліктерін қорғады. Аллаһтың мына сөздері осының түсіндірмесі болады: «Соның салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған62 біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен; және кім оны тірілтсе63, барлық адамды тірілткенмен тең», - деп жаздық» (әл-Мәида сүресі, 32-аят).

Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері64, немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).

Осы аяттарда аталған жазаларды қолдану қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге және мұсылмандардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуға нәпсісі итермелеген кез келген адамды жүгендеуге кепілдеме береді. Негізінде ғалымдар қалалардың ішінде соғыс әрекеттерін жүргізудің басқа жерлерде соғыс әрекеттерін жүргізуден ешбір айырмашылығы жоқ дейді, өйткені Аллаһ Тағала: «...және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің …», - деді.

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» (әл-Бақара сүресі, 204-205-аяттар), - деді .

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін65 бүлікшілік қылмаңдар» (әл-Ағраф сүресі, 56-аят), - деп бұйырды.

Ибн Касир, Аллаһ оны рахымына бөлесін: «Аллаһ Тағала жер бетінде бұзақылық (жасауға) және ол (жер) түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді таратуға тыйым салады, өйткені егер алғашында істер дұрыс бағытта жүрген болса, ал кейіннен барлығы бұзылған болса, бұл Аллаһтың құлдары үшін ең зиянды болып табылады, сөйтіп Аллаһ Тағала бұған тыйым салды», - деді.

Әл-Қуртуби66: «Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, түзетуден кейін қандай болса да кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды және бұл (үкім) барлық (адамдарға) қатысты», - деді.

Жоғарыда баяндалғандарға негізделіп және жоғарыда аталған іс-әрекеттер материалдық немесе өзге де мүдделер үшін соғысып жүрген жақтардың іс-әрекеттерімен салыстырғанда анағұрлым қауіптірек екендігіне сүйене отырып, өйткені қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметін қиратуға, оның сенім жүйесін жоюға және оны Раббымыз көрсеткен жолдан тайдыруға ұмтылып жатқандықтары себепті, Кеңес төмендегідей шешім шығарды:


  1. Егер адамның қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіргені: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен қопарушылық іс-әрекетімен айналысып жүргені немесе жер бетінде бұзақылықты таратып жүргені шариғатқа сәйкес анықталса, күнәлі адам өлім жазасына лайықты.

Бұған осындай әрекеттерді істеп жүргені үшін күнәлі адам өлім жазасына лайықты болады деген жоғарыда келтірілген Құранның аяттары және қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар үлкен қауіп төндіретіндігі және қарақшылардан да көп зиян әкелетіндігі нұсқау бола алады.

Жеке адамды ғана өлтіру немесе тонау арқылы оған қастандық жасаған қарақшыға Аллаһ осындай жазаны бекіткен болса, онда көптеген жазықсыз адамдарға қайғы-қасірет тигізетін лаңкестер (терроршылар) оған тіпті лайық.



  1. Бірінші тармақта айтылған жазаны қолданудан бұрын шариғат соттары тергеу органдары мен Жоғарғы сот тарапынан іске асатын дәлелдерді жинақтау жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл өз парызымызды толық өтеу үшін, абай болудың қажетті іс-шараларын орындау үшін және бұл мемлекет қылмыстарды тергеуге және оларға жаза белгілеуге байланысты шариғат бекіткен барлық рәсімдерді ауытқымай ұстанатынын көрсету үшін қажет.

  2. Кеңес мұндай жазаның бекітілгендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануы қажет деп есептейді.

Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның құлы және елшісі - пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына болсын.

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі67

Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың (Аллаһ оны рахымына бөлесін) ұшақтарды басып алу мәселесі бойынша жауаптары

Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне, оның отбасына, сахабаларына және оның жолымен жүргендерге Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.

Бір тамшыдай болса да ақыл-парасатқа ие адамға ұшақтарды басып алу, сондай-ақ елшіліктердің қызметкерлерін немесе басқа адамдарды кепілдікке алып тұтқындау – жазықсыз адамдарға көптеген қасіреттер мен үлкен зиян тигізетін, салдары едәуір салмақты болатын ауыр халықаралық қылмыстардың қатарына жататыны айдан анық.

Мұндай қылмыстар тек жеке мемлекеттер мен адамдардың топтарына ғана емес, бүкіл дүние жүзіне зиян тигізетіні де анық, демек үкіметтер мен барлық ресми тұлғалар, соның ішінде діндарлар да, еш күмәнсіз, оларға ерекше назар бөліп, бұл жауыздықты толығымен тоқтатуға мүмкіндігі барынша күш салу керек. Аллаһ Тағала қасиетті Құранды барлық нәрсеге түсіндірме, мұсылмандар үшін басшылық, рахмет және игі хабар ретінде түсірді, адамдарға Өзінің пайғамбары Мухаммадты, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ол бүкіл әлемдерге рахмет және Аллаһтың барлық құлдарына дәлел болуы үшін және баршаға Оның шариғатын басшылыққа алуды, ал тартыстар пайда болған жағдайда Құран мен Сүннетке жүгінуді міндеттеу үшін жіберді. Аллаһ Тағала былай деді: «Жоқ, Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, содан соң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды» (ән-Ниса сүресі, 65-аят).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Олар жаһилиет дәуірінің үкімін іздейді ме? Мығым иманға ие болғандар үшін Аллаһтан жақсы үкім беруші кім?» (әл-Мәидә сүресі, 50-аят).

Сондай-ақ, Аллаһ Тағала: «Әй, мүміндер. Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, Пайғамбарға ұсыныңдар: егер сендер Аллаһқа, Ақырет Күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы хайырлы да, нәтижеде жақсы» (ән-Ниса сүресі, 59-аят), - деді.

«Аллаһқа ұсыну» деген Құранға жүгіну дегенді білдіретіні, ал «Елшіге ұсыну» деген оның көзі тірісінде тікелей өзіне, ал оның өлімінен соң оның Сүннетіне жүгіну дегенді білдіретіні жайлы барлық мұсылман ғалымдарының пікірлері ұштасқан, ал Аллаһ Тағала былай деп бұйырады: «Сендер не нәрседе тартыссаңдар да, шешім үшін Аллаһқа (жүгініңдер)» (әш-Шура сүресі, 10-аят).

Баршаға зиян тигізетін мұндай істердің қатарына ұшақтарды басып алу да жатады. Ұшақтарды басып алған адамдарды қолына түсірген мұсылман мемлекеті оларды шариғат бойынша соттау керек, өйткені мұндай жиіркенішті қылмысты жасау Аллаһқа мойынсұнбау және Оның құлдарының құқықтарын бұзу болып табылады. Мұндай қылмыстарға тосқауыл қоюдың бірден-бір құралы – Құранда түсірілген Аллаһтың шешімін іске асыру. Оны адамдарға жеткізу үшін Ол адамдардың ең ықыластысы және ең лайықтысы болған Мухаммад Пайғамбарды, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жіберді. Бұл шешімнің мағынасын ұшақты басып алған адамдар және осыған қатысы бар болғандардың барлығы түсінулері керек. Егер олар мұсылман болса, онда бұл шешімге қанағаттануы керек, ал (мұсылман) болмаса, онда Аллаһ бәрібір Пайғамбарға оларды шариғат бойынша соттауды бұйырды, бұған Аллаһтың мына сөздері нұсқайды: «Олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Олардың ойларына ілеспе» (әл-Мәидә сүресі, 49-аят).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Ал егер араларына үкім берсең, әділдік бойынша үкім бер» (әл-Мәидә сүресі, 42-аят).

Жоғарыда баяндағанымызға сәйкес, ұшақты басып алған адамдар пана сұрап жүгінген кез келген мұсылман мемлекеті, бұл істі қарап шығып, оны жан-жақты зерттеп, Кұран мен Сүннеттің нұсқауларының негізінде шариғатқа сәйкес келетін шешім шығару үшін, діндарлардан комиссия құруы міндетті болып табылады. Комиссия мүшелері «Аллаһ және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері, немесе жерден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жапасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» деген аятқа қатысты басқа да ғалымдардың пікірлерін, сондай-ақ барлық мазхабтардың68 ғалымдары қарақшылық жөнінде не айтқандарын назарға алуы керек.

Ұшақ басып алған адамдар өздеріне пана іздеген мұсылман мемлекетінің үкіметі діндарлар комиссиясының шешімін міндетті түрде орындауы керек, бұл Аллаһқа мойынсұнуды, мұндай ауыр қылмыстардың қайталануынан аман қалуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ұмтылуды таныту, сондай-ақ басып алудың құрбаны болған адамдарға рахымдылық пен әділет көрсету болады.

Мұндай қылмыстардың ауырлығы мен қаіуптілігін ескерген түрде мұсылмандарға игі насихат беруім, өз парызымды орындауым және ресми тұлғаларға жәрдемдесуім үшін, менің айтқандарымды жариялау міндетті деп есептеймін.

Аллаһтан мұсылмандардың істерін тәртіпке келтіруін, оларды тура жолмен жетелеуді жалғастыруын және олардың үкіметтеріне шариғат негізінде шешім қабылдауына және оны барлық нәрседе басшылыққа алуына көмектесуін тілеймін. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

ЕРЕУІЛДЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ШЕШІМ

Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усайминнің (Аллаһ оны рахымына бөлесін) ереуілдер мәселесі бойынша жауаптары

Сұрақ: «Мұсылман елінде ереуіл өткізу туралы қандай шешім шығаруға болады, ереуілдің мақсаты зайырлы тәртіпті құлату болса?»

Жауап: «Мұсылман жастарына дұрыс бағдар беру қажеттілігін назарға алсақ, бұл сұрақтың маңызды екеніне күмән жоқ. Еруілдерді өткізуге негіз бола алатын шариғат нұсқаулары, жеке немесе мемлекеттік кәсіпорын немесе мекеме туралы айтылып тұрғанына қарамастан, маған беймәлім. Ереуіл көп зиян тигізетіні және оның көлемі мен ұзақтығы үлкен болған сайын, зияны да ұлғаятыны айдан анық. Ереуілдер үкіметке кысым көрсетудің бір құралы ретінде қолданылатына күмән жоқ, алайда ереуілдің мақсаты зайырлы тәртіпті құлату болып табылады деп аталғандықтан, ең алдымен сол тәртіп зайырлы екенін дәлелдеу керек. Алайда, тәртіп зайырлы болса да, билікке қарсы шығуға тек белгілі шарттар болғанда ғана рұқсат етілетіндігін естен шығармау керек».

Сұрақ: «Ереуіл басталған соң оның ұйымдастырушылары өз талаптарын ұсына бастайды. Егер тұрған режим осы талаптарды қанағаттырудан бас тартса, оған қарсы революциялық баскөтерулер ұйымдастыруға болады ма?»

Жауап: «Мен мұндай жағдайларда халықты революциялық күреске үндеу керек деп есептемеймін, өйткені, белгілі болғандай, күш үкімет жақта, ал адамдарда ас пышақтары мен шопан таяқтардан басқа ешнәрсе жоқ, ал олармен танктерге және қаруға қарсы шығу мүмкін емес. Бұдан тыс, уақиғаларды асықтыруға болмайды, өйткені көп жылдар бойы отар болған кез келген ел бір күннің ішінде ислам мемлекетіне айнала алмайды, ал қалаулы нәрсеге жету үшін сабыр керек. Сарай салғысы келген адам, оған ол сарайда тұру нәсіп етіледі ме, әлде ол онда тұрмай-ақ көз жұмып кетеді ме, бұған қарамастан, ең алдымен оның негізін қалайды. Исламның ғимаратын көтеру маңызды, тіпті қалаулы нәрсе көп жылдардан кейін іске асса да. Міне, сондықтан мен мұндай істерде асықпау керек деп есептеймін, тура сол сияқты адамдарды, көбінесе у-шумен ғана шектелетін және мығым негізі жоқ революциялық бас көтерулерге итермелемеу керек. Өйткені егер сарбаздар белгілі бір тұрғын кварталына келіп, бірнеше адамды өлтірсе, қалғандары бас көтерген нәрселерінен бас тартады.

ЖЕТІНШІ БӨЛІМ

ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРУ АКТІЛЕРІ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ БОЙЫНША ШЕШІМ

Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усайминннің (Аллаһ оны рахымына бөлесін) өзін-өзі өлтіру актілері туралы мәселе бойынша жауаптары

Қазылған орлардағы от-жалынға тасталып өлтірілген иман келтіргендер69 туралы айтылатын хадистің мағынасын түсіндіріп және одан алынатын пайдаларға нұсқап, шейх, Аллаһ оны рахымына бөлесін, былай деп айтты: «Адам барша мұсылмандардың игілігі үшін өзін қиюы мүмкін. Сөйтіп, осы жасөспірім патшаға, ол оның айтқандарын жасаса, өзінің қаза болуына әкелетін нәрсені нұсқады.

Шейх-уль-ислам Ибн Таймия былай деді: «Бұл Аллаһтың жолындағы жихад болғандықтан, адамдар иман келтірді, ал ол ешнәрсе жоғалтпады, өйткені ол ерте ме, кеш пе өлер еді».

Ал өзінің денесіне жарылғыш заттарды орап алып, өзге діндегілердің аламан арасына кіріп, өзін олармен қоса жарып жіберетін кейбір адамдардың әрекеттеріне келер болсақ, бұл өзін-өзі өлтіру болып табылады, бұдан бізді Аллаһ сақтасын, өйткені өзін-өзі өлтіруші Тозақ отында мәңгі қалады, бұл жөнінде сахих хадистердің бірінде айтылады70. Мұндай өзін-өзі өлтірушілік мұсылмандардың мүддесіне сәйкес келмейді, өйткені адам өзі-өзін опат етсе және өзімен қоса он, жүз немесе екі жүз өзге өмірлерді алып кетіп жатса, бұл Исламға пайда әкелмейді, өйткені бұдан кейін өзге адамдар хадисте келтірілген жасөспірімнің өлімінен кейін оның дінін қабылдаған оның өлімінің куәгерлері сияқты Исламды қабылдамайды. Бұдан қалса, мұндай әрекеттер дұшпандарды одан әрі ызаландырады, сөйтіп олар мұсылмандарды ең сұрапыл тәсілдермен қыруға кіріседі.

Израиль үкіметінің палестиналықтарға қатысты істеп жатқан әрекеттері бұған мысал бола алады. Палестиналық біреу өзін-өзі жарып, бес-алты адамды өлтіргеннен кейін билік одан он есе көп палестиналықтарды тұтқындайды, ал бұл мұсылмандарға да, араларында осындай жарылыстар орын алып жатқан адамдарға да ешқандай пайда әкелмейді.

Міне, сондықтан біз осылайша істеп жатқан адамдар хақысыз өздерін-өздері өлтіріп жатыр және бұл оларды міндетті түрде Тозаққа әкеледі деп есептейміз, Аллаһ бізді одан сақтасын. Мұндай адам шахид71 емес. Егер ол мұны қателесіп, өзінің істеп жатқанын рұқсат етілген амал деп есептеп істесе, біз оның күнәсі кешіріледі деп үміттенеміз, алайда ол шахид болып табылмайды, өйткені ол шахид істеуге тиіс болған амал істеген жоқ.

Сұрақ: «Өзге діндегілердің ортасында, олардан кек алу үшін, өзін-өзі жарып жіберетін адам туралы қандай шариғи шешім шығару керек? Мұндай әрекеттерді өзін өлтіруді нұсқаған жасөспірім туралы хадиске жүгініп ақтауға болады ма?»

Жауап: «Дұшпандарды өлтіру үшін өзін-өзі жарылғышпен орап алатын адам – өзін-өзі өлтіруші және бұл жөнінде сахих хадистердің бірінде айтылғандай, ол Тозақ отында өзін-өзі өлтірген нәрсесімен мәңгі азапталады.

Міне, сондықтан Аллаһ Тағаланың: «...өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер, (өйткені) ақиқатында Аллаһ сендерге рахымды» (ән-Ниса сүресі, 29-аят), - деген сөздерін оқып, кейін осындай амалдарды жасайтын адамдар таң қалдырады. Олардың амалдарының нәтижесінде дұшпан жеңіліс табуда ма? Әлде мұндай жарылыстардан кейін, Израильде болып жатқандай, дұшпандар мұсылмандарға қатысты бұрыңғысынан да бетер тәкәппарлық пен сұрапылдық танытуда ма? Ал қазірше біз ол жақтағы соңғы референдумда арабтарды өлтіріп-жоюды қалаған оңшылдар жетістікке жеткенін көрудеміз.

Алайда біз Аллаһ Тағаладан мұндай қадамға надандықпен, осы оны Аллаһқа жақындатады деп барған адамдарды жазаламауын тілейміз.

Жасөспірім туралы хадиске жүгіну туралы айтар болсақ, онда ол жерде дұшпаннан кек алу туралы емес, адамдар Ислам қабылдағаны туралы айтылып жатқанын ұмытпау керек. Патша адамдарды жинап, жасөспірімнің қорамсағынан жебені алып: «Осы жасөспірімнің Раббысы – Аллаһтың атымен!», - деген кезде, барлық адамдар: «Бұл жасөспірімнің Раббысы Раббы болып табылады!», - деп айқайлай бастады. Сөйтіп, осының себебімен көп адамдар Исламды қабылдады. Ал егер жарылыстардан кейін де осылай болғанда, онда біз: «Бұл хадисті дәлел ретінде келтіруге болады және Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, оны бізге соған сәйкес келетін қорытындылар шығару үшін жеткізді», - деп айтар едік. Ал іс жүзінде, өз өмірін қиып, он немесе жүз шақты дұшпанды өлтіруді қажетті деп есептейтін адамдардың әрекеттері, дұшпандардың одан сайын ызалануына және өздерінің ұстанымында одан сайын табанды тұруына әкеледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет