119-бап. Қала құраушы борышкер – заңды тұлғалардың банкроттығы
1. Қала құраушы болып табылатын заңды тұлға – борышкер осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіппен банкрот деп танылуы мүмкін.
2. Заңды тұлғаларды қала құраушыға жатқызу және олардың тізбесін жүргізу өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
120-бап. Банкроттық туралы істі қарау
1. Қала құраушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iстi қарау кезінде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiм уәкiлеттiк берген өкiл атынан iске қатысушы деп танылады. Сот қала құраушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iс қозғалғаннан кейiн бұл туралы әкiмнiң өкiлiн және уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
2. Борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшiне, сондай-ақ борышкердiң пiкiрiне өзге де тұлғалардың оны банкрот деп тану туралы өтiнiшiне борышкердiң қала құраушы заңды тұлғаларға жататындығын куәландыратын құжаттар қоса беріледі.
3. Қала құраушы заңды тұлға – борышкер банкроттығы туралы iстi қарауға дайындық кезінде судья қала құраушы заңды тұлғалар тiзбесiнен үзінді көшiрме сұратып алады.
121-бап. Кредиторлардың талаптарын өтеу
1. Сот тиiстi шешiм шығарғанға дейiн кез келген уақытта Қазақстан Республикасы, әкiмшiлiк-аумақтық бірлік кепiлмен қамтамасыз етілген барлық кредитордың және қала құраушы заңды тұлға – борышкердің азаматтық-құқықтық міндеттемелері бойынша кредиторлардың талаптарын бiр мезгiлде өтеудi жүзеге асыруға құқылы.
2. Кредиторлардың талаптары осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiппен өтелген жағдайда банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады.
3. Қала құраушы заңды тұлға – борышкердің кредиторлар алдындағы талаптарын Қазақстан Республикасының, әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің өтеуі борышкердiң мүлкiн алып қоюмен не олардың өзгеше жолмен сатып алуымен қоса жүргізілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |