Орман фитопатологиясы Дәріс сабақтарының конспектісі


Хитридиомицеттер – Chytridiomycetes класы



бет4/9
Дата09.06.2016
өлшемі0.63 Mb.
#124842
1   2   3   4   5   6   7   8   9

20 ХитридиомицеттерChytridiomycetes класы
Вегетатитвтік денесі нашар жетілген ризомицелий, не клетка қабықшасы жоқ плазмодий. Бұл саңырауқұлақ вегетативтік денесінің жетілуі жағынан саңырауқұлақтардың ішіндегі ең қарапайымы, микроскопиялық жалаңаш, амебоид құрылысты, оған 20-дан астам саңырауқұлақ түрі жатады, өкілдері аз таралған. Бұлардың басым көпшілігі клетка ішілік паразиттер, аздаған түрлері ғана сапрофиттер. Көпшілік хитридиомицеттер вегетатитвтік уақытында гаплоидты, диплоидты болып зигота есептеледі. Зигота тынышталған қалың хитинды қабықпен қапталған цистаға айналады. Кей жағдайда циста жыныс процесінсіз де түзіледі.

Көпшілік хитридиомицеттер балдырларда, су саңырауқұлақтарында, жоғарғы сатыдағы құрлықта және суда тіршілік ететін өсімдіктерде, сонымен қатар омыртқасыз жануарларда паразитті тіршілік етеді. Денесінің арт жағында орналасқан бір талшықты зооспора арқылы жыныссыз көбейеді. Жынысты көбеюі гаметогамия және хологамия. Бұл класты хитридиялық, бластокладиялық, моноблефаридиялықтар деп ұш қатарға бөледі.

Хитридиялықтар – Chytridiales қатарына мицелийлері жоқ вегетатитвтік денесі өсімдіктер клеткасының ішінде жалаңаш протоплазмалық дене түрінде кездеседі, клетка қабықшасы болмайды. Тек көбею мүшесі құрылғанда ғана клетка қабықшаға оранады. Мұның барлық вегетативтік денесі бір ғана зооспорангий құруға жұмсалады. Сондықтан, дарақтың тіршілігі тоқталады, оны холокарпиялық форма деп атайды. Ал басқа дарақтардың зооспорангия құрауға вегетатитвтік денесінің бір бөлігі ғана жұмсалады, оны эукарпиялық форма деп атайды. Бұл қатарға жататын түрлердің барлығы құрлықта, көпшілігі тұщы жіне теңіз суында тіршілікі ететін өсімдіктер мен жануарлардың клетка ішілік паразиттері.

Капуста ольпидиясы (Olpidium brassicae). капуста көшетінде «қара аяқ» ауруын туғызатын паразит. Вегетатитвтік денесі жалаңаш пропласт түрінде капуста көшетінің тамыр мойнының клетка қабықшасында орналасып, тамыр мойнының клеткаларының тіршілігін жойып, оны қарайтады, соған байланысты «қара аяқ» ауруы деп атайды. Протопласты алғашқы уақытта бір ядролы, кейіннен ядроның біренеш бөлінуіне байланысты көп ядролыға ауысады. Зооспорасы өсімдікке түсіп қабықпен қапталады да, клетка ішілік затын эпидермис арқылы иесіне құяды да, көлемі жағынан ұлғаяды. Онда көптеген бір талшықты зооспора түзіледі. Мойын қабығының жыртылуы арқылы зооспора сыртқа шығып, жаңа індет туғызады. Зооспораның өсуі тежелген жағдайда сыртқа шыққан зооспоралар гаметалар сияқты бір-бірімен қосылып екі талшықты зигота түзеді. Біраз жүзіп жүргеннен кейін иесінің денесіне зооспора сияқты еніп, біраз уақыт өткен соң жұлдыз пішінді қалың қабыққа оралып цистаға айналады. Цистадан зооспорангия түзілмес бұрын зигота ядросы қосылып, редукциялы бөлінуге ұшырайды.

Бұл аурумен күрестің басты шарты, парниктегі ылғалды азайту үшін желдетіп отыру керек. Пайда болған зооспоралардың таралмауы және зақымдалған жерден қосымша тамырлар пайда болу үшін парниктің бетіне 2 см-дей құм салып қою қажет. Ауру көп жерді алып кеткен болса, тұқым сеппес бұрын парниктегі топырақты ауыстыру керек, не 30 минуттай ыстық (90-100о) пармен жұқпасыздандыру қажет.

Синхитриум (Synchytrium endobioticum) картоп түйнегінде төмпешікті ісік туғызады. Бұл аурумен ауырғанда клетканың ұлғаюынан шоғырланған үлкен ісік пайда болады. Ісік жас түйнекті отырғызған уақытта зооспора түйнек көзшесіне өзінің клеткаішілік затын құюынан ұлғайып өсуінен пайда болады. Бұлар да, ольпидиум сияқты, артқы жағында бір талшығы бар зооспоралар арқылы жыныссыз көбейеді. Мұның ольпидиумнан негізгі айырмашылығы – вегетативтік денесінен көптеген зооспорангийлер түзіледі. Одан түзілетін зооспоралардың саны 300-ге дейін барады. Мұндай зооспоралардың түзілуі жаз бойы болады. Изогаметалар арқылы жынысты жолмен көбейеді. Екі талшығы бар зигота картоп түйнегіне еніп, қалың қабыққа оранып, қыстап шығатын спораға немесе цистаға айналады. Циста бірнеше жыл бойы топырақта тіршілігін жақсы сақтайды. Қолайлы жағдай туғанда одан зооспоралар дамиды. Бұл аурумен ауырған кезде картоп түйнегі өнім бермейді. Синхитриумның S.anemonas түрі желайдар өсімдігінің (Anemone) жапырағында қара түсті томпақ ісік түрінде паразитті тіршілік етеді.

Ризофидиум (Rhizophydium pollinis) хитридиомицеттердің ішінде күрделі құрылысты дамығаны. Оның вегетативтік денесі тармақталған ризомицелийден тұрады. Олар әртүрлі өсімдіктерде сапрофитті және паразитті тіршілік етеді. Бұл саңырауқұлақтың зооспорасы төсемікке түсісімен қабыққа оранып, одан төсеміктің ішіне қарай жіңішке тармақталған жіңішке жіпше – ризомицелийлер өседі. Ал зооспора денесі көлемі жағынан тез ұлғайып зооспорангияға айналады. Бұны суға түскен қарағайдың тозаңдарынан байқауға болады. Жынысты көбеюі зигогамия.

Эвгленаларда полифаг (Polyphagus euglenae) – саңырауқұлағы паразиттік тіршілік етеді. Оның көпіршік тәрізді қабығы бар вегетатитвітк денесі бірнеше эвгленаларды біріктіретін тарамдалған көптеген ризомицелийлерді түзеді.

Құрылысы күрделі хитридиомицеттердің тарамдалған мицелийлері ядросыз болып, бірнеше клеткалар арқылы созылып жатады, оның кейбір жерлері бір немесе бірнеше ядролы клеткалардан томпиып ісінеді. Бұл клеткалар не жаңа ризомицелийлер береді, не зооспорангийге немесе цисталарға айналады. Оған жылы жақтарда жүгеріде паразитті тіршілік ететін фиходерма (Physoderma zeae maydis) жатады.

Бластокадиялықтар – Blastocladides қатарының өкілдері тұщы сулардағы насекомдардың өлекселерінде, өсімдік қалдығында сапротрофты тіршілік етеді. Кейбіреулері дымқыл топырақта кездессе, аздаған түрі омыртқасыз жануарларда паразитті тіршілік етеді. Талломадры жай плазмодиальды формадан жақсы жетілген мицелийлі келеді. Клетка қабықшасының негізі хитин.

Жыныссыз көбеюі денесінің арт жағында орналасқан тегіс бір талшықты зооспоралар арқылы болады. Жынысты көбеюі изогамия, гетерогамия. Өкілі масалардың іш қуысында паразитті тіршілік ететін целомомицес (Coelomomyces). Бұл қатарда даму талломдарының біртіндеп ұлғаю бағытына қарай жүруі айқын байқалады.

Алломицесс (Allomyces) мицелийлері жақсы жетілген, қысқа тармақталған тартылу буындарына бөлінген гифалардан тұрады. Мицелий топырақта жақсы көрінетін ұзындығы 1 см-дейұлпа құрады. Ол кең саңылаулы жалған пердеге бөлінген. Пердеге бөлінген жерде спорангий және қоңыр түсті циста құралады. Даму циклында спорофит пен гаметофит алмасып отырады. Гаметофит формасы даму жағынан спорофит сияқты, бірақ онда аталық және аналық жыныс органдары құралады. Аналық жыныс гаметангиясы ірірек, түссіз, ал аталық кішірек, қызғылт түсті. Аналық жыныс гаметаларды өздеріне тартатын сиренин деп аталатын гормондар бөліп шығарады. Алломицес суда, топырақтағы өсімдік қалдықтарында, жанауарлардың өлекселерінде кең тараған саңырауқұлақ.

Моноблефаридалықтар – Monoblepharidales қатары зооспораларының және сперматозоидтарының арт жағында орналасқан бір талшығының болуымен сипатталады. Моноблефаридалықтар – саңырауқұлақтардың сперматозоидтары арқылы ұрықтанатын жалғыз тобы. Су қоймаларындағы өсімдіктердің қалдықтарында көктемде және күзде мамық түрінде моноблефарис (Monoblepharis) қаптап кетеді. Олар қысқа ризоидтары арқылы субстратқа бекінеді.Мицелийлері нашар тармақталған ұзындығы 2-3 миллиметрдей болады. Гифалардың ұшынан цилиндр пішінді, пердеге бөлінген зооспорангий дамиды. Оның ішінде ретімен орналасқан шр не сопақша пішінді артқы жағында бір талшығы бар зооспоралар жетіледі. Олар зооспорангий қабықшасының жоғарғы жағының жыртылуы арқылы босап сыртқа шығады. Зооспора клеткасы екі жағымен бірдей бөлініп, бір жағынан – гифа, екінші жағынан – ризоид өседі. Біраз уақыттан кейін бұл мицелийден кейде тізбектеліп оогоний мен антеридий дамиды. Олар бір-бірінен және мицелийден перделер арқылы бөлінеді. Антериден зооспораға ұқсас, бірақ олардан ұсақ бірнеше сперматозоид түзіледі. Оогонийден бір жұмыртқа клетка дамиды. Ол піскен кезде оогонийден сыртқа кілегей бөлініп шығады, сөйтіп сперматозоидтың жұмыртқа клеткасына өтуіне себін тигізеді. Ұрықтанған жұмыртқа клеткасы қабықшамен қапталып, ооспораға айналады. Тыныштық фазасынан кейін ооспора өніп, жіңішке гифа түзеді.

Моноблефаридалықтар бір талшықты зооспоралары бар хитридиомицеттерден шығуы тиіс. Басқа саңырауқұлақтармен филогенетикалық байланысы жоқ және бұл қатармен бір талшықты зооспоралары бар бар қарапайым саңырауқұлақтар эволюциялық дамуын аяқтайды.

Хитридиомицеттердің филогенезі. Бұл класс – саңырауқұлақтардың ішіндегі ең қарапайым құрылыстысы. Біраз белгілері жағынан басқа саңырауқұлақтардан гөрі қарапайым организмдерге жақын тұрады. Сондықтан бұлардың филогенезі жөнінде микологтарда бір тұжырымға келген пікір жоқ. Кейбір микологтар бұларды жеке класқа бөлмей, оомицеттермен қосып, бір қатар ретінде қарайды. Ал, екінші біреулер бұл класқа ризомицелийлері жоқ түрлерін ғана жатқызады да, ризомицелийлері барларын оомицеттерге қосады. Бұлардың арғы тегі түссіз талшықты организмдерден шықты деп жорамалдайды. Олардың ішінде ең ақарапайым құрылысты – бір талшықты зооспорасы бар, ризомицелийлері жоқ – хитридиялықтар. Бұлар екі бағытта дамуы мүмкін. Бірінші бағытта ризомицелийлері бар хитридияларды берсе, екінші бағытта екі талшықты зооспоралары бар ольпидиопсистердің (оомицеттер) бастамасын берген болуы тиіс. Бұларды жақындастыратын белгі тек екі талшықты зооспорасында ғана емес, басқа хитридиомицеттерде кездеспейтін ортақ белгі – клетка қабықшаларының құрамында целлюлозаның болуында. Бластокладалықтар хитридиомицеттердің эволюциялық дамуының бір сатысы. Мұнда даму талломдарының ұлғаю бағытына және изогамиялық жынысты көбеюден гетерогамиялыққа, одан ұрпақ алмасу бағытына қарай жүрген. Тіршілік жағдайы мен талломдарының дамуы жағынан моноблефаридалықтар бластокладалықтарға жақын тұрады. Сөйтсе де, оогамиялық жыныс процесі, сперматозоидтың түзілуі және ұрпақ алмасуының болмауыжағынан олардан алшақтайды. Алайда, бұл екі топтағы организмдердің арғы тегі талшықтылардың бірі болуы тиісті.
21 Оомицеттер – Oomycetes класы
Бұл класс көлденең перделерге бөлінбеген, көп ядролы мицелийлерінің болуымен сипатталады. Кейбіреулерінде вегетативтік денесі плазмодий түрінде болады. Гифаларының қабығы целлюлозалы және глюканды келеді, хитиндер болмайды. Басым көпшілігі сулы ортада, өсімдіктердің қалдығында, жануарлардың өлексесінде сапрофитті және балдырларда, су саңырауқұлақтарында, омыртқасыздарда, қосмекенділерде, балықтарда паразитті тіршілік етеді. Екі талшықты зооспора арқылы жыныссыз көбейеді. Зооспора талшығының бірі қауырсынды, екіншісі жай құрылысты. Оомицеттер класында эволюция судан құрлыққа қарай тіршілік етуге көшуіне байланысты біртіндеп конидиялар арқылы жыныссыз көбеюге ауыса бастағандығы байқалады.

Оомицеттер оогамиялы жолмен жынысты көбейеді, оогониінде көп жұмыртқа клетка, антеридийде көптеген ядро түзіледі. Ұрықтанудың нәтижесінде түзілетін ооспора оогонийдің ішінде бос жатады және қалың қоңыр қабығы болады. Оомицеттер вегетатитвік күйінде гаплоидты, зиготасы ғана – диплоидты, зигота өсер алдында редукциялы жолмен бөлінеді. Бұл класқа 150-дей (550) түр жатады. Оларды 4 қатарға (Lagenidiales, Leptimitales, Saprolegniales, Peronosporales) бөледі.

Лагендиялықтар – Lagenidiales қатарына вегетативтік денесі қарапайым түрлерінде хитриомицеттердікі сияқты бір клеткалы, күрделі құрылысты түрлерінде жақсы жетілген жіптесінді келеді, жетілген уақытта көп ядролы бөліктерге бөлінеді. Жыныссыз көбеюі екі талшықты зооспора, жынысты көбеюі холомагия, күрделілерінде оогамия. Өкілі Olpidiopsis saprolegniae сапролегнияда, ал Lagenidium giganteum масаның балақұртында (личинка), бір және көп клеткалы жасыл балдырларда, Langena radicicola астық тұқымдасының тамырларында және жабайы өсімдіктерде паразитті тіршілік етеді.

Лептомиталықтар – Leptimitales қатарына нашар жетілген мицелийлері бар организмдер жатады. Мицелийлері жіңішке тармақталған жіптесінді пішінді, олардың жалған перделері болады. Оның мицелийлері өрімделіп ақ ұлпа сияқты үлпілдек келеді. Мицелийінен ұзын цилиндр пішінді зооспорангия түзіледі. Зооспоралары диморфты және дипланетті. өкілі Leptomitus lacteus өсімдік қалдығында, лас суда тіршілік етеді. Жынысты көбеюі белгісіз.


22 Сапролегниялықтар – Saprolegniales қатары
Бұлар – су жәндіктерінің қалдықтарында сапрофитті өте сирек паразитті тіршілік ететін саңырауқұлақтар. Кейбір түрлері топырақта кездеседі. Мицелийлері нашар тарамдалған, клеткаларға бөлінбеген, көп ядролы, төсеміктің үстінде орналасады, ұзындығы 1-2 сантиметрдей. Сапролегниялықтардың вегетативтік дене құрылысы даму дәрежесі жағынан алуан түрлі. Кейбіреулерінің талломы (қабаты) эндобиотикалық (Ectrogella), ал жетілген жағдайда жартылай эпибиотикалық қапшық пішінді. Ал Thraustochytriaceae тұқымдасында талломы эпибиотикалық, эндобиотикалық және эукариотикалық болады. Мұндай таллом төсеміктен жоғары көтерілген спорангия қалдығынан және төсеміктің ішінде жатқан ризоидтан тұрады. Бұлардың барлығының вегетативтік денесінің құрылысы хитридиялықтар қатарындай, олардан айырмашылығы шамалы. Ал спорангиялықтар қатарына жататын түрлердің вегетативтік денесі жақсы жетілген және тармақталған ценоцитті гифадан тұрады. Бұлардың ерекшелігі өсу мерзімі шексіз, төсемікте тоқылып жатады. Екі талшықты зооспоралар арқылы жыныссыз көбейеді. Сперматозоидтары болмайды, оогонийде бірнеше жұмыртқа клетка түзіледі. Көпшілік түрлерінде ризоидтары субстраттың ішінде тарамдалып жатады. Қоректік заттарды төсеміктен бүкіл денесімен сорып алады.

Сапролегния (Saprolegnia) судағы қарапайым насекомдар мен омыртқасыздардың өлексесінде және өсімдік қалдықтарында сапрофитті тіршілік етеді. Сапролегния мицелийі диплоидты. Екі талшықты зооспора арқылы жыныссыз көбейеді. Жынысты көбеюі сирек. Сапролегнияны қолдан өсіргенде өлген шыбынды не құмырсқаның кепкен жұмыртқасын бөгет суына тастаса, оның үстін бірнеше күннен кейін сапролегнияның ақ ұлпасы – мицелий басады. Саңырауқұлақтың мицелийі ризоидтардың көмегімен жәндіктердің денесіне жабысып өседі. Біраз уақыттан кейін гифалардың ұшында цилиндр пішінді қою протоплазмасы бар зооспорангийлер түзіледі, мицелийден перделермен бөлінеді. Онда екі талшығы бар алмұрт пішінді көптеген зооспоралар пісіп жетіледі. Тең екі талшығы дененің алдыңғы жағынан шығады, оның біреуі қауырсынды, ал екіншісі – жай, қауырсындалмаған. Зооспорангийден босаған зооспоралар жарты сағат шамасындай қозғалып жүріп, тоқтағаннан кейін қабыққа оранады. Бір саағаттан кейін одан бүйрек пішінді, жалаңаш, екі талшығы бар жаңа зооспора түзіледі. Енді талшықтары дененің ойық жерінен шығады, оның қауырсынды талшығы – алға, қауырсындалмағаны – артқа қарай бағытталады. Зооспоралардың мұндай диморфизмдерін дипланетизм деп атайды. Бұл жағдай кейбір хитридиомицеттерде, лангенидалықтарда да кездеседі. Екінші пайда болған зооспора біраз уақыт жүзіп жүріп, өздерінің өсіп дамуы үшін насекомның жаңа өлімтігіне тоқтап, онда мицелий түзеді. Кейінірек зооспорангий түзілген мицелийдің қоректік заты таусылған соң, онда жыныс мүшесі – оогоний мен антеридий түзіледі. Оогоний шар пішінді, қалың қабықпен қапталған. Оның ішінде бірнеше жұмыртқа клетка дамиды. екінші бүйірлік бұтақтан цилиндр пішінді антеридий өсіп, ол оогонийге жабысып тұрады. Қабығының жұқрағна жері арқылы, антеридийден оогонийдегі жұмыртқа клеткаларға баратын өсінділер пайда болады. Осы өсінділер арқылы антеридийдің ішіндегі протоплазманың бір бөлігі бір ядросымен оогонийге өтеді, сөйтіп аталық жынысты ядролар жұмыртқа клеткасымен қосылып, оны ұрықтандырады. Оогонийге қарай антеридийден өсетін ұрықтандыру өсінділері бірнешеу болуы да мүмкін. Олардан ооспора дамиды. Ооспора тыныштық кезеңнен өтіп, өсе келе спорангий дамитын гифалар береді. Зооспоралар түзілмес бұрын ооспораның диплоидты ядросы редукциялы жолмен бөлініп, гаплоидты ядроларға айналады.

Сапролегния мицелийлерінің гомо- және гетероталды түрлері де болады. Кейбір сапролегния тұқымдасында алмұрт пішінді алғашқы зооспораның жойылғаны байқалады. Мысалы, ахлияда (Achlya) зооспорангийден талшығы бар зооспоралар пайда болмай, амеба тәрізді денелер жылжып шығып, қабықпен қапталады; одан екінші реттік бүйрек пішінді зооспоралар түзіледі. Ал диктиухуста (Dictyuchus) алғашқы зооспораның белгісі байқалады, ол зооспорангийдің ішінде қабықпен қапталады. Оның әрқайсысы өзіне тән тесігі арқылы бүйрек пішінді зооспора түрінде сыртқа шығады. Зооспорангий көп ұялы болып босап қалады. Сапролегния, ахлия және басқалар қолайлы жағдайда балықтың уылдырығы мен шабақтарының үстінде паразитті тіршілік етіп, балық шаруашылығы мен аквариумдерге үлкен зиян келтіреді. аквариумдегі ауырған балықтарды марганец қышқы калий немесе 2-3 күн қатарынан ас тұздарының әлсіз ерітіндісіне шомылдырады, бірақ ерітіндіні күнде ауыстырып отыру қажет. Афаномицес (Aphanomyces) туысының біраз түрлері су балдырлары мен кейбір жоғары сатыдағы өсімдіктердің тамырларында паразиттік тіршілік етеді. Aphanomyces laevis түрі қант қызылшасының тамырында тіршілік етіп, оған көп зиян келтіреді.
23 Пероноспоралықтар – Peronosporales қатары
Пероноспоралыларының көбі жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің паразиттері, аздаған түрлері ғана суда және топырақта сапрофитті тіршілік етеді. Бұл қатарда эволюция қарапайым сапрофиттен тіршіліктен, күрделі құрылысты факультативті паразитті тіршілік ететін түрлерге, одан облигатты паразиттікке қарай дамыған. Сонымен қатар мицелийлері субстраттан тыс жататын жағдайдан, нағыз паразиттерге тән гаусториялары жоқ клетка ішілік, одан гаусториялары бар клетка аралық мицелийлерге қарай ауысуы байқалады. Сөйтіп, саңырауқұлақтың бұл түрі біраз уақыттың ішінде иесін өзі тірішілік ететін өсімдігін қуратып, тіршілігін жойып жібереді. Жыныссыз көбейгенде аздаған түрлері гифалардан ажыраспайтын цилиндр пішінді зооспорангийлер түзсе, ал көпшілігі сопақ лимон сияқты арнаулы гифалар арқылы үзіліп түсетін спорангиялар түзеді. Олар ауаның ағынымен конидия атауы да соған байланысты. Сулы, ылғалды кездерде спорангийден екі талшығы бүйір жағынан кететін бүйрек пішінді зооспоралар түзіледі. Құрғақшылықта спорангия немесе конидия бірден гифаға айналады. Құрлықта тіршілік етуге бейімделген пероноспоралықтарда спорангийден зооспоралар түзілмейді, олар конидия тәрізді жаңа гифаларға айналады.

Жынысты көбеюі сырт қарағанда сапролегнияларға ұқсас, алайда олардан оогонийде бір ғана жұмыртқа клетканың түзілуі арқылы ажыратылады. Оның түзілуіне протоплазманың тек орталық бөлімі ғана қатысады, шеткі бөлімі жұмыртқа клеткасының айналасында периплазма түрінде қалып қояды. Периплазма кейін ооспора қабығының қалыңдауына қатысады. Ұрықтанғанда жұмыртқаға антеридийдің бір ядросы ғана өтеді де, аталық және аналық ядролар қосылып, тынышталған ооспора түзеді. Оның диплоидты ядросы редукциялық жолмен бөлініп, өне келе спорангийге айналады. Пероноспоарлықтар қатары 3 тұқымдасқа бөлінеді, оған бірнеше түрлер жатады. Олардың ішінде суда, құрлықта сапрофитті және паразитті тіршілік ететін түрлер де бар. Бұлардың көпшілігінде жыныссыз көбею басым және олардың біраз түрлері шөптесін өсімдіктердің паразиттері.

Питиум – Pythium тұқымдасына су сапрофиттері мен күрделі құрылысты арнаулы маманданған жер бетінде тіршілік ететін өсімдіктерде паразитті тіршілік ететін саңырауқұлақтар жатады. Бұл тұқымдас саңырауқұлақтардың эволюциялық даму жолын анықтауда, судан құрлыққа, сапрофитті тіршілік етуден паразитті тіршілік етуге бейімделу жолын анықтауда ерекше орын алады. Көпшілік питиум тұқымдасының саңырауқұлақтары гомоталды, яғни бір мицелийде әрі оогоний, әрі антеридий дамиды. Сонымен қатар гетероталды түрлері де кездеседі. Бұл тұқымдаста гетерокариоз процесі айқын байқалады. Гетероталды жағдайы байқалу үшін әртүрлі штамдардың мицелийлерінің түйісуі қажет. Гетероталды түрлерде екі А1 және А2 изоляты болады. Ооспора екі изолят қатар өскенде ғана түзіледі. Антеридий жаға пішінде оогонийді орап қоршай жатады.

Питиум (Pythium) туысының көпшілігінде шар немесе алмұрт пішінді зооспорангийлер гифалардың ұшында пайда болады, оның тарамдалған гифалардан айырмашылығы шамалы. Зооспорангиялар, конидиялар сияқты, үзіліп түсіп, ауаның ағынымен таралады, сөйтіп өне келе екі талшықты зооспоралар түзеді. Бұлардың ьіраз түрлері сапрофиттер, көпшілігі қант қызылшасы, капуста, шалқан, темекі, жүгері сияқты мәдени және жабайы өсімдіктердің жас тамырларын зақымдайтын «тамыржегі» ауруын туғызып, шаруашылықққа үлкен зиян келтіреді. Бұл аурумен зақымдалған өсімдіктің сабағының түбі жіңішкеріп қараяды. Бұл саңырауқұлақтың өте жіңішке мицелийі гаустроясыз тез өсіп, бір клеткадан екінші клеткаға ауысып, оның тіршілігін жояды. Pythium marinum қызыл балдырларда сапрофит және паразит түрінде тіршілік етеді. Арнаулы сорғыштар – аппрессориялары бірнеше клеткаларға созылып жатып, балдыр клеткаларын зақымдайды. P. De Baryanum қызылша, темекі жас өскіндерінің паразиттері. Жыныс органы иесінің клетка аралықтарында дамиды.

Сонымен қатар питиум тұқымдасына Spirogyra crassa, Ulothrix zonata балдырларында паразитті тіршілікі ететін және жүгеріде, бұршақта, қиярда, томатта індет туғызатын Pythium adherens саңырауқұлақтары жатады.

Фитофтора (Phytophora) саңырауқұлағында спорангий сағағы питиумға қарағанда мицелийдің гифасынан оңай ажыратылады және симподиалы бұтақтанады. Фитофтора туысының кейбір түрлері топырақта сапрофитті тіршілік етсе, ал көпшілігі құрлықта тіршілік ететін өсімдіктердің паразиті. Бұған картоп фитофторасы (Phytophora infestans) жатады. Ол өсімдікте «картоп зілі» деп аталатын індет туғызады. Бұл аурумен картоптың барлық мүшелері зақымдалып, гүлденгеннен кейін жапырақтары солып, қарая бастайды. Саңырауқұлақтың мицелийі жапырақтың тінінде ұялап, клетка аралықтарында орналасады да, гаустроиялар құрады. Клетка заттарымен қоректеніп, онда қарайған дақтар пайда болады. Мицелийлерінен жапырақ тақтасының төменгі жағындағы саңылаулары арқылы конидий сағақтары шығады. Олардың ұштарында және бүйір бұтақтарында жұқа қабығы бар лимон тәрізді конидиялар дамиды. Олар шашылып, жапырақтарды зақымдайды.

Ауа-райы өте ылғалды болғанда конидийлер зооспорангия сияқты өседі де, ұшындағы төбешігі арқылы ашылады, одан екі талшығы бар 6-12 зооспоралар сыртқа шығады. Олар су тамшылары арқылы басқа жапырақтарға түсіп, қабықпен қапталып жаңа гифалар түзеді. Сөйтіп жапырақтың бетінде жаңа дақтар пайда болады. Жаңбыр қатты жауса зооспоралар мен конидиялар сумен ағып топырақтағы түйнектерге жұғады. Картоптың жаппай ауруын оны қазғанда байқауға болады. Зақымдалған түйнектерде сұр түсті дақтар пайда болады. Картопты қоймада сақтағанда ауру түйнектерден сау түйнектерге жұғады, сөйтіп қоймадағы түйнектерін шірітіп жіберу қаупі туады. Картоп саңырауқұлағының мицелийлері шіріген жапырақтарда, сабақтарда сапрофиттік тіршілік ете береді, ал топыраққа картопты отырғызғанда жұғады. Бұл жағдайда картоптың шіріген пәлегінде, жыныс процесінің нәтижесінде ооспора түзіледі. Ооспора қыс бойы сақталып, келесі жылы жаңадан ауру таратады. Ооспора құруы сирек кездеседі, Өйткені фитофтора гетероталды. Ауру картопты отырғызғанда зақымданған көзшелері арқылы таралады. Мұндай көзшелерден пайда болған сабақтарда саңырауқұлақтардың конидиялары күзге қарай қаптап кетеді. Жауынды жылдары фитофтора картоп егісіне көп зиян келтіреді.

Phytophora infectans-пен помидор да ауырады. Картоп ауруының салдарынан Ирландияда бір жетінің ішінде барлық картоп егістігі қурап кетуден, ирландықтардың негзгі тамағы картоп болғандықтан, 1851 жылы 800-дей адамы жүдеп, арықтаудың салдарынан қаза тапқан. Егістікте бұл аурудың белгілері біліне басталысымен егісті 0,5% каптан, 0,4% поликарбацин, 0,4% полихома, 0,2 ридомила, 0,4% хлорлы мыс, 0,4% цинеба ерітінділерінің қосындысымен дәрілеу немесе басқа фунгицидтерді пайдалану қажет және агротехникалық шараларды дұрыс қолдану қажет.Сонымен қатар, егістікте картоп зілі белгілі болғанда оған улы бордос сұйығын бүркеді. Картопты қоймаға сақтау алдында қойманы дезинфекциялап, картопты мұқият сұрыптап, 4-5о –тан артпайтын температурада сақтайды. Оны келесі жылы отырғызғанда да таза түйнектерді іріктеп алу қажет. Картоптың төзімді сорттарын отырғызу да – фитофторамен күресудің маңызды шарты.

Пероноспора – Peronosporacea тұқымдасына пероноспоралықтардың ішінде ең күрделі құрылысты түрлері жатады. Бұл тұқымдасқа жататын түрлер құрлықта тіршілік етіп, әртүрлі өсімдіктердің облигатты паразиттері болып есептеледі.

Плазмопара (Plasmopara) және пероноспора (Peronospora) туыстары әртүрлі мәдени өсімдіктерде паразитті тіршілік етеді. Бұларда жапырақ тақтасының төменгі жағындағы саңылауларынан шығып тұратын конидия сағақтары мицелийлердің гифаларына ұқсамайды. Плазмопараның сағағы моноподиальды, ал пероноспораныкі дихотомилы тармақталған бұта тәрізді болады. Плазмопараның біраз түрлерінде конидияның өсуінен зооспора түзілсе, қалғандарынан жалаңаш протоплазма сыртқа шығып, қабыққа оранып ол бірден өсіп, гифаға айналады. Пероноспоралардың конидияларынан тікелей гифалар өседі.

Plasmopara viticola жүзім өсімдігінде мильдия ауруын қоздырады. Бұл өсімдіктің жапырақтарын, сабақтарын, жидектерін және мұртшаларын зақымдайтын аса қауіпті паразит. Ол өсімдіктің бұтақтарында және бүршіктерінде мицелий күйінде, не жапырақтарында көптеген ооспора түрінде қыстап шығады.

Мильдия ауруынан сақтану үшін өсімдіктерге бордос сұйығын не фунгицидтерді бүркеді және ооспора қыстап шығатын жүзім жапырақтарын жинап өртеп жіберген жөн.

Peronospora parasitica саңырауқұлағының 1901 жылы 60 қна түрі бар деп есептелетін, қазіргі кезде олар 268 ұсақ түрлерге ажыратылады. Қант қызылшасында P.schachtii, пиязда P.destructae және жоңышқада пероноспоралардың бірнеше түрі паразитті тіршілік етеді. Peronospora schachtii саңырауқұлағы қызылшада «жалған ақұнтақ» ауруын қоздырады. Бұл аурудың белгісі гүл сағағы мен жапырағында сарғыш теңбілдер пайда болады. Ауырған өсімдіктің жапырағы сарғайып ширатылып, кеуіп қалады. Бұл саңырауқұлақтың спорасы 40-60 күн бойы өсімдікті зақымдай алады.

Пероноспоралы саңырауқұлақтардың питиумдерден айырмашылығы – барлығы облигатты паразиттер. Барлық тіршілік жағдайы иесімен байланысты. Пероноспоралылар «жалған ақұнтақ» ауруын қоздырады. Бұл саңырауқұлақтың көп ядролы клеткаға бөлінбеген жақсы жетілген мицелийі клетка аралық қуыстарында жатады. Клетка ішінде гаустория түзіледі.

Қант қызылшасын пероноспорадан сақтаудың басты шарты күзде жинаған уақытта ауырған өсімдіктерді егістіктен алып кету керек. Жазғытұрым ауру белгілі бола қалған жағдайда аурудың әрі қарай таралмауы үшін сау өсімдіктерге бордос сұйығын бүріккен дұрыс. Тұқымдыққа өсіретін қызылшаны негізгі егістіктен бір км бөлек өсіру керек.

Альбуго (Albugo) немесе цистопус (Cystopus) туысы конидиялы спора тасушы органның ерекшелігі арқылы пероноспоралардан ажырайды. Оның конидия сағағы өсімдік иесінің жапырақ эпидермисінің астыңғы қабатында ұзын цилиндр пішінді гифаның ұшы түрінде, бір-біріне тығыз орналасып жатады. Конидиялар гифаның ұшынан моншақ тәрізді үзіліп түсіп отырады. Конидияларының керуінен жапырақ эпидермисі жыртылып, конидиялар ауаның ағынымен таралады. Олар үнемі зооспора түрінде өседі. Жынысты органы тіннің ішінде дамиды. Ұрықтанудан түзілген ооспора өсімдік органының шіруінен кейін босап шығады, ол да өне келе зооспора береді.

Albugo candida әртүрлі капуста тұқымдасында, A. Bliti амарантуста паразиттік тіршілік етеді. Саңырауқұлақ гифтері өсімдіктің тіндеріне өтіп, клетка ішінде кішкентай шар формалы гаустория құрады.

Оомицеттердің филогенезі. Екі талшықты зооспоралары бар оомицеттер зооспораларының құрылысы арқылы хитридиялардың ішінде Воронина тұқымдасына жақындайды. Бірақ Воронина тұқымдасы дамуы жағынан, екі талшықты зооспоралары бар оомицеттерге қарағанда, өте қарапайым құрылысты, сондықтан олардың арасында байланыс бар деп айту қиын. Дегенмен, Воронина тұқымдасы мен сапролегниялардың арғы тектерінде туыстық қатынастың болуы мүмкін. Оомицеттердің екі талшықты зооспоралары бар сапролегниялықтар қатары судың ішінде сапрофиттік тіршілік етуге бейімделсе, ал переноспоралылар қатарынадғы саңырауқұлақтар суда тіршілік етуден құрлыққа, одан паразиттік тіршілік етуге қарай дамыған. Мұнда питиум – пероноспоралықтардың алғашқы даму сатысы болып есептелсе, ал пероноспора – оның соңғы даму сатысы болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет