3. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызмет берушіні таңдау конкурсын ұйымдастыру және өткізу тәртібі 27. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызмет берушіні таңдауды конкурстық негізде конкурсты ұйымдастырушы жүзеге асырады. Егер конкурсты ұйымдастырушы білім беру органы болған жағдайда, соңғысы конкурсты білім беру ұйымдары бойынша лоттар бөлінісінде өткізеді. 28. Көрсетілетін қызмет берушіні таңдау тәртібі конкурсты ұйымдастырушының келесі жүйелі шараларды орындауын көздейді: 1) Қағидалардың 37-тармағына сәйкес конкурстық құжаттама әзірлеу және бекіту; 2) әлеуетті өнім берушілерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында және интернет-ресурста хабарландыру беру арқылы көрсетілетін қызмет берушіні таңдау рәсімін жүзеге асыру туралы хабардар ету; 3) конкурстық комиссия құрамын қалыптастыру және бекіту; 4) әлеуетті өнім берушілерден конкусқа қатысуға құжаттарын қабылдау;
5) комиссиямен көрсетілетін қызмет берушілерге қойылатын талаптарға сәйкес келетін және (немесе) сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілерді айқындау үшін құжаттарды қарау;
6) қызмет көрсету туралы шарт жасасу.
29. Конкурстық комиссия төраға, төраға орынбасарынан және комиссияның басқа мүшелерінен тұрады. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, бірақ жеті адамнан кем болмауы керек. Өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлік басқару саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, ата-ана жұртшылығының өкілдері олармен келісім бойынша конкурстық комиссия құрамына енгізіледі. Егер конкурсты ұйымдастырушы білім беру органы болған жағдайда орта білім беру ұйымдарының басшылары міндетті түрде конкурстық комиссия құрамына енгізіледі.
30. Білім беру ұйымының немесе органының бірінші басшысы комиссия төрағасы болып табылады.
Комиссия төрағасы комиссияның жұмысын жоспарлайды және қызметін басқарады, комиссия отырыстарында төрағалық етеді және осы Қағиадалармен көзделген басқа функцияларды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары атқарады.
31. Орта білім беру ұйымы басшысының орынбасары конкурстық комиссия төрағасының орынбасары болып табылады.
Егер конкурсты ұйымдастырушы білім беру органы болған жағдайда, комиссия төрағасының орынбасары ашық дауыспен орта ұйымдары басшыларының ішінен сайланады.
32. Комиссияның ұйымдастырушылық қызметін білім беру ұйымының немесе органының лауазымды адамдары ішінен айқындалатын комиссия хатшысы қамтамасыз етеді. Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды және оның комиссия шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ.
33. Төрағаның немесе төраға орынбасарының және (немесе) комиссияның қандай да бір мүшесіне тек Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес дәлелді себептер бойынша болмауына жол беріледі. Комиссия отырысының хаттамасында растайтын құжаттарды қоса бере отырып, болмау себебі көрсетіледі.
34. Комиссия оның құрылуы туралы шешім қабылданған күннен бастап қызмет етеді және өзінің қызметін қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан күннен бастап тоқтатады.
35. Егер комиссия мүшелерінің көпшілігі (кемінде үштен екісі) қатысқан жағдайда, конкурстық комиссияның отырысы заңды болып табылады. Конкурстық комиссия мүшелерінің бірі болмаған жағдайда, конкурстық комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі көрсетіледі.
Комиссия отырысы өткізілмей қатысуға өтінімдерді қарауға жол берілмейді.
36. Конкурстық комиссия шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жалпы санынан оған көп дауыс берген жағдайда шешім қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасы, ол болмаған жағдайда комиссия төрағасының орынбасары дауыс берген комиссия мүшелерінің шешімі қабылданған болып есептеледі. Конкурстық комиссия мүшелері конкурстық комиссия шешімімен келіспеген жағдайда төрағаға жазбаша түрде дәлелді қарсы пікірлерін ұсынады.
37. Конкурстық комиссия шешімдерін хаттамалар түрінде комиссия хатшысы ресімдейді, оның әрбір парағына және соңына қатысып отырған комиссияның мүшелері қолын қояды.
Комиссия отырысының хаттамасында қатысып отырған, қатыспаған комиссия мүшелері, дауыс санын (жақтау, қарсы) көрсете отырып, комиссия отырысында қабылданған шешім туралы мәліметтер болады.
Әлеуетті өнім берушілердің немесе оның өкілінің сұранысы бойынша қабылданған шешімге қатысты комиссия отырысы хаттамасының үзінді көшірмесі беріледі.
38. Конкурсты ұйымдастырушы:
1) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 1-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметтерді алушылар санаттарының тізбесін;
2) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 2-қосымшаға сәйкес техникалық тапсырманы. Конкурстық құжаттаманың техникалық тапсырмасында тамақтандыруды ұйымдастырушы қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмай бір білім алушыға тамақтандырудың бағасын белгілейді;
3) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 3, 4-қосымшаларға сәйкес заңды және жеке тұлғалар үшін конкурсқа қатысуға арналған өтінімді;
4) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 5-қосымшаға сәйкес әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтерді;
5) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес критерийлер тізбесін қамтитын конкурстық құжаттаманы бекітеді.
39.Конкурстық құжаттаманың көшірмелері конкурсты ұйымдастырушының интернет-ресурсында, тиісті әкімшлік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарда орналастырылады және ол әлеуетті өнім берушілерге қағаз түрінде беріледі.
Конкурстық комиссияның хатшысы конкурс қатысушыларына конкурстық құжаттаманың қағаз түріндегі көшірмелерін қол қойғызып береді және деректерді конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған тұлғаларды тіркеу журналына енгізеді.
40. Конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған тұлғаларды тіркеу журналында конкурс атауы мен өткізу мерзімі, әлеуетті өнім берушінің не заңды тұлға өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жеке куәлігінің нөмірі, орналасқан жері мен байланыс телефондары, конкурстық құжаттама көшірмесін алу уақыты мен күні көрсетіледі.
Тұлғаларды тіркеу журналы тігіледі, беттері нөмірленеді, соңғы парағы конкурсты ұйымдастырушының мөрімен бекітіледі.
41. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде, бірақ әлеуетті өнiм берушiлер конкурсқа қатысуға өтiнiмдер беретін соңғы күнге дейін кемiнде күнтiзбелiк жиырма күн қалғанда осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша интернет-ресурста немесе тиісті әкімшлік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарда конкурс туралы хабарландыруды орналастыру арқылы әлеуетті өнім берушілерді хабардар етеді.
Хабарландыруда конкурсты ұйымдастырушының толық пошталық мекенжайы, бөлме нөмірі, конкурстық құжаттаманы қабылдауға және тіркеуге жауапты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, өтінім берудің күні және соңғы мерзімі, сондай-ақ конверттерді ашу күні, уақыты мен жері көрсетіледі.
42. Конкурсқа қатысуға құқықтық қабілеті бар, төлеуге қабілетті болып табылатын, банкроттық не жою рәсімдеріне жатпайтын және материалдық, еңбек ресурстары бар әлеуетті өнім беруші үміткер болады.
43. Әлеуетті өнім беруші немесе сенімхат бойынша оның өкілі конкурсты ұйымдастырушының пошталық мекенжайына немесе қолма-қол тігілген және нөмірленген, басшының қолы қойылып, мөрімен бекітілген құжаттар пакетін , оны ұсынудың соңғы мерзімі аяқталуына дейін жолдайды, онда келесі құжаттар қамтылады:
1) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 3, 4-қосымшаларға сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалған және әлеуетті өнім берушінің қолы қойылып, мөрімен куәландырылған өтінім;
2) құқықтық қабілетін және қабілеттілігін растайтын нотариалды куәландырылған құжаттар:
заңды тұлғалар үшін:
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі немесе анықтама;
заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жарғы көшірмесі;
жеке тұлғалар үшін:
кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелгені туралы құжат;
жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі;
конкурсқа қатысуға өтінім беруге, қол қоюға, комиссия отырысына қатысуға құқық беретін оның мүдделерін білдіретін адамға сенімхат.
3) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 8-қосымшаға сәйкес әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының банктің (банк филиалының) бірінші басшысының немесе оның орынбасарының қолы қойылып, банк мөрі бар әлеуетті өнім берушінің банктің немесе банк филиалының алдындағы міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан көп созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше екінші деңгейдегі банктердің немесе филиалдардың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады). Анықтаманың қолдану мерзімі кемінде конкурстық өтінімдер бар конверттер ашылатын күннің алдындағы бір ай;
4) конкурстық өтінімдер бар конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан кешіктірмей алынған үш айдан астам салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және жинақтаушы зейнетақы қорларына әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екені туралы (төлеу мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда) «Салық төлеуші кабинеті», электрондық үкіметі порталы, «Электрондық мемлекеттік сатып алулар» ақпараттық жүйе арқылы электронды түрде немесе салық органы басшысының не орынбасарының қолы қойылып, мөрімен бекітіліп алынған анықтама. Анықтаманың электрондық нұсқасы нотариалды куәландырылмайды;
5) бар болса ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша есепте тұрғаны туралы куәліктің көшірмесі;
6) Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7-қосымшаға сәйкес конкурсқа қатысуға банктік кепілдік немесе кепілдік берілген ақшалай жарна түрінде өтінімді қамтамасыз етуді растайтын құжаттың түпнұсқасы;
7) Үлгілік конкурстық құжаттамаға 2-қосымшаға сәйкес көрсетiлетiн қызметтердiң сапалық және сандық сипаттамалары айқындалған техникалық тапсырма. Техникалық тапсырмаға міндетті түрде тиімді тамақтандыруды қамтамасыз ету үшін талап етілетін перспективалық мәзір қоса беріледі;
8) Үлгілік конкурстық құжаттамаға 5-қосымшаға нысан бойынша қызметкерлердің біліктілігі туралы мәліметтер.
44. Қатысуға өтінімді және тиісті құжаттарды әлеуетті өнім беруші конкурсты ұйымдастырушыға тігілген, парақтары нөмірленген түзетусіз түрінде ұсынады. Өтінімнің соңғы парағына бірінші басшының қолы қойылады және мөрімен бекітіледі.
Егер конкурс лоттар бойынша бөлінген жағдайда, әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға құжаттарды әр лотқа бөлек ұсынады.
45. Әлеуетті өнім беруші конкурсты ұйымдастырушының банк шотына банктік кепілдік немесе кепілдік берілген ақша жарнасы түрінде конкурсқа бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізеді.
Қамтамасыз етуі жоқ конкурсқа қатысуға өтінімдерді конкурстық комиссия кері қайтарады.
46. Конкурстық комиссияның хатшысы өтінімдері бар конверттерді қабылдайды және өтінімдерді тіркеу журналына конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтерді енгізеді.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналы конкурстық құжаттама көшірмелерін алған адамдарды тіркеу журналына ұқсас өтінімді тіркеу немесе себебін көрсете отырып, тіркеуден бас тарту күні мен уақыты туралы мәліметтерді енгізуді есепке алып, ресімделеді.
47. Конкурсты ұйымдастырушы бекіткен мерзім өткеннен кейін ұсынылған құжаттар тіркелуге жатпайды және әлеуетті өнім берушілерге қайтарылады.
48. Конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушілердің құжаттары бар конверттерді ашуды хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау аяқталған күні мен уақытында өткізеді.
49. Конкурстық комиссияның төрағасы қатысушыларға конкурстық комиссияның құрамы, белгіленген мерзімде конкурсқа қатысуға құжаттарды ұсынған әлеуетті өнім берушілердің саны туралы хабарлайды және әлеуетті өнім берушілердің конверттерін ашуды жүзеге асырады.
Конкурсты ұйымдастырушының хабарландыруында белгіленген мерзімде ұсынылған конкурсқа қатысуға өтінімдері бар конверттер ашылуға жатады.
50. Конверттерді ашу хаттамасы осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес ресімделеді, оған конкурстық комиссияның мүшелері әрбір парағына және соңына қолын қояды интернет-ресурста немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырылады.
51.Мынадай:
1) конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтін конкурсқа қатысуға өтінім ұсынған;
2) егер әлеуетті өнім берушінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса;
3) біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;
4) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
52. Өтінімдері бар конверттерді ашқан күннен бастап бір жұмыс күн ішінде конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға рұқсат беру үшін толықтығы және конкурстық құжаттамаға сәйкестігі тұрғысынан өтінімді қарайды.
Әлеуетті өнім беруші ұсынған құжаттардың дұрыстығын анықтау қажет болған жағдайда, комиссия тиісті мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардан жазбаша түрде қажетті ақпаратты сұратады.
Әлеуетті өнім берушілердің банкроттық рәсімдерге қатысы жоқтығы бөлігіндегі талаптарға сәйкестігін нақтылау мақсатында, комиссия банкроттық рәсімдерді жүргізуге бақылау жасайтын уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды.
53. Комиссия әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерді толықтығы мен тиісті рәсімделу тұрғысынан қарайды.
Комиссия отырысы өткізілмей конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауға жол берілмейді.
54. Комиссия өтінімдерді қарау кезінде әлеуетті өнім берушілер және (немесе) олардың өкілдері өздерінің қалауы бойынша аудиожазба мен бейнетүсірілім жүргізу құқығымен комиссия қызметіне араласпай қатыса алады.
55. Конкурстық комиссияның өтінімді конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестендіруге байланысты сұраныстарына және өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, құжаттарды алмастыруға, тиісінше ресімделмеген құжаттарды дұрыстауға бағытталған әрекетіне жол берілмейді.
56. Конкурстық комиссия конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және оларды конкурсқа қатысушылар ретінде таниды.
Осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес конкурстық комиссия шешімі конкурсқа рұқсат беру хаттамасымен ресімделеді, оның әрбір парағына және соңына конкурстық комиссияның барлық мүшелері қолын қояды.
Конкурсқа рұқсат беру хаттамасы комиссия отырысы өткен күннен бастап бір жұмыс күннен кешіктірмей интернет-ресурста немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырылады.
57. Комиссия конкурсқа қатысуға рұқсат беру хаттамасы жариялаған сәттен бастап күнтізбелік екі күн ішінде рұқсат берілген әлеуетті өнім берушілердің құжаттамасын біліктілік талаптарына сәйкестігіне қарайды.
Конкурстық құжаттаманың біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар кері қайтарылады.
58. Егер неғұрлым үздік сипаттамалары бар көрсетілетін қызмет ұсынылған жағдайда, әлеуетті өнім берушінің техникалық тапсырмасының конкурстық құжаттамада көрсетілген техникалық тапсырмаға сәйкес болмауына жол беріледі.
59. Конкурстық құжаттама талаптарына және біліктілік талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
60. Егер конкурсқа екі және одан да көп әлеуетті өнім берушілерге рұқсат берілген жағдайда Үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызмет берушілерді таңдау өлшемдері қолданылады. Бұл жағдайда, барынша көп балл жинаған және басқа әлеуетті жеткізушілермен салыстырғанда міндеттемелерді ең үздік орындау шарттарын ұсынған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
Егер конкурста конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес өтінімді ұсынған және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін бір әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда, ол конкурс жеңімпазы болып танылады.
61. Конкурстық комиссияның төрағасы, ол болмаған жағдайда төраға орынбасары конкурстық комиссияның отырысына қатысып отырған тұлғаларға конкурс нәтижелері мен жеңімпазын жариялайды.
62. Конкурс қорытындылары туралы хаттама осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес ресімделеді, оған комиссияның мүшелері әрбір парағына және соңына қолын қояды және конкурс қорытындылары туралы хаттама қол қойылған күннен бастап бір жұмыс күн ішінде интернет-ресурста немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырылады.
Конкурс қорытындылары туралы хаттама қызмет көрсету туралы шарт жасасуға негіз болып табылады.
63. Конкурсты ұйымдастырушы интернет ресурста немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында конкурс қорытындылары туралы хаттаманы жариялағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес Үлгі шартының талаптарына сәйкес қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты әлеуетті өнім берушіге жолдайды.
64. Өнім беруші шарт жобасын алған сәттен екі жұмыс күн ішінде қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты конкурсты ұйымдастырушыға қайтарады.
Егер әлеуетті өнім беруші осы мерзім ішінде шартқа қол қоймаса, ол шартты қол қоюдан жалтарған деп есептеледі.
65.Қызмет көрсету туралы шарт қол қойылғаннан кейін, өнім беруші екі жұмыс күн ішінде шарттың жалпы сомасынан 3 пайыз мөлшерінде шартты орындауды қамтамасыз етуді енгізеді.
66. Бюджетті орындау жөніндегі орталық уәкілетті органының аймақтық бөлімшелерінде міндетті түрде тіркелгеннен кейін шарт қолданысқа енгізіледі.
67. Шарт бір жылға жасалады және шартты орындау кезінде өнім беруші тарапынан бұзушылықтар болмаған жағдайда көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін, бірақ кемінде екі рет ұзартылады.
68. Шарт тиісті қаржы жылына міндеттемелер бойынша бекітілген жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес әкімшімен бөлінген қаражат шеңберінде жасалады.
69. Конкурста жеңімпаз болып танылған әлеуетті өнім беруші 15 күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік мүлік туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мектеп асханасының бөлмесін және жабдықтарын жалдау жөнінде шарт жасасады.
70. Көрсетілетін қызмет беруші жалдау шартын алғаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде кәсіпкерлік қызметіне санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алады.
71. Шартты міндеттемелерді орындау процессінде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шешіледі.
72. Конкурсты ұйымдастырушы ауданның (қаланың) білім беру органына білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызмет берушілер тізім қалыптастыруға, одан әрі оны көрсетілетін қызметтерді берушілердің жалпы тізіміне енгізу үшін шарт жасасқан көрсетілетін қызмет беруші туралы мәліметтерді жібереді.
73. Ауданның (қаланың) білім беру органы көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізімдерін интернет-ресурста орналастырады және облыстық білім басқармасына жолдайды.
74. Облыстық білім басқармасы шарт жасасқан көрсетілетін қызмет берушілердің жалпы тізімін жасайды және интернет ресурста немесе тиәсті әкімшілік-аймақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырады.
75. Конкурс қорытындыларын шығарғанға дейінгі кезеңге қажеттілікке сәйкес білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсетуге қажеттілік болған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша белгілі қызметті көрсететін өнім берушіні тарту туралы шешім қабылдайды.
Аталған шешімді қабылдаған жағдайда конкурсты ұйымдастырушы орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша белгілі қызметтер көрсететін өнім берушіге сұрату жібереді.
76. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін белгілі өнім беруші келіскен жағдайда конкурсты ұйымдастырушының хаты түскен сәттен бастап күнтізбелік бес күн ішінде заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе анықтамасының (заңды тұлғалар үшін) немесе кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелгені туралы құжаттың, жеке куәлігінің немесе паспортының, ҚҚС (қосымша құн салығы) бойынша есепке алу туралы куәліктің көшірмелерін, бар болса, техникалық тапсырманы және қызметкерлердің біліктілігі туралы мәліметтерін қоса беріп хат жолдайды.
77. Конкурсты ұйымдастырушы қызмет көрсететін белгілі өнім берушіден хат алғаннан кейін бір жұмыс күн ішінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес Үлгі шартының талаптарына сәйкес өнім берушіге конкурс қорытындылары шығарылғанға дейін пайдалану мерзімімен қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты жібереді.
78. Өнім беруші шарт жобасын алған сәттен бір жұмыс күн ішінде қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты конкурсты ұйымдастырушыға қайтарады.
79. Конкурсты ұйымдастырушы:
1) ұсынылған өтінімдер болмаған;
2) конкурсқа қатысуға бірде бір әлеуетті өнім беруші жіберілмеген;
3) конкурс жеңімпазы шарт жасасудан жалтарған жағдайларда, конкурсты өткізілмеді деп таниды.
80. Конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізілмеді деп танылған күннен бастап бір жұмыс күннен кешіктірмей, бірақ әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысуға өтінімдер беретін соңғы күнге кемінде күнтізбелік он күн қалғанда интернет-ресурста немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарда орналастыру арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсты қайта өткізу туралы жариялайды.
81. Конкурстық космиссияның шешімі бойынша қайта өткізілген конкурс өткізілмеген болып танылған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсететін белгілі өнім берушіні тарту туралы шешім қабылдайды.
Мұндай шешім қабылданған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсететін өнім берушіге сұрау жібереді.
82. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін өнім беруші келіскен жағдайда, конкурсты ұйымдастырушының хаты түскен сәттен бастап екі жұмыс күн ішінде осы Қағидалардың 75-тармағына сәйкес құжаттармен қоса, жауап жібереді.
83. Аталған өнім берушінің оң жауабын алғаннан кейін конкурстық комиссияның хатшысы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес конкурс қорытындылары туралы шарт жасасу үшін негіз болып табылатын хаттаманы ресімдейді және оған конкурстық комиссияның барлық мүшелерінің қолдарын қойғызады және күнтізбелік екі күн ішінде өнім беруші туралы ақпаратты интернет-ресурста немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырады.
84. Конкурсты ұйымдастырушы қызмет көрсететін конкурс қорытындылары туралы хаттама жарияланғаннан бастап екі жұмыс күн ішінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға Үлгі шартының талаптарына сәйкес қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты жібереді.
85. Өнім беруші шарт жобасын алған сәттен екі жұмыс күн ішінде қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты конкурсты ұйымдастырушыға қайтарады.
86. Көрсететін өнім беруші және конкурсты ұйымдастырушы арасындағы шарттық қатынастар осы Қағидалардың 67-70 тармақтарымен реттеледі.
4. Білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға бақылау
87. Білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға және тағамдарды дайындау сапасына бақылау жасау заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
88. Орта білім беру ұйымының медицина қызметкері күнсайын санитарлық-эпидемиологиялық заңнама талаптарына сәйкес бракераж журналына жазу арқылы дайын тағамның сапасын органолептикалық бағалау жүргізеді.
89. Медицина қызметкері білім беру ұйымының асханасында қолданыстағы санитарлық нормалардың сақталуына тұрақты бақылау жасайды, тағамдардың С-витаминдеуін жүргізеді, асхана қызметкерлерінің медициналық тексеруден өтуін және басқасын бақылайды.
90. Дайын тағамнан тәуліктік сынама алу санитарлық-эпидемиологиялық заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
91. Орта білім беру ұйымдарында ата-аналар комитеті өкілдерінің, мектептің медицина қызметкерінің және басқа адамдардың міндетті қатысуымен тамақтандырудың ұйымдастырылуына және сапасына бақылау жасау жөніндегі комиссия құрылады. Ата-аналар комитетінің өкілі комиссия төрағасы болып табылады.
92. Комиссия білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға, оның ішінде тағамдарды және аспаздық бұйымдарды, азық-түлік өнімдерін, ас әзірлейтін бөліктің жабдықтарына және тамақтандыруды ұйымдастыру жағдайларына тұрақты бақылауды жүзеге асырады.
93.Комиссия жұмысының қорытындылары анықтама түрінде ресімделеді, кейін ол білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесінде қаралады және орта білім беру ұйымының интернет-ресурсында орналастырылады.
94. Көрсетілетін қызмет беруші айына бір рет өндірістік, оның ішінде, өндірістік өзін-өзі бақылау жоспарына сәйкес санитарлық өңдеуді, дератизацияны, дезинсекцияны қосқанда лабороториялық, сатылатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздік көрсеткіштеріне бақылауды қамтамасыз етеді.
95. Білім беру органдары жанындағы тамақтандырудың сапасына бақылау жасау бойынша ведомстворалық сараптама топтары тамақтандырудың сапасына бақылау жасау жөніндегі комиссиялардың қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді және оқушыларды тамақтандыруды тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды.
96. Білім беру мекемелерінің басшылары, көрсетілетін қызмет берушілер оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға жауапты болады.
___________________________
Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларына
1-қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |