Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Семей қаласының Шәкәрім атындағы Мемлекеттік Университеті
|
СМК 3 деңгейдегі құжат
|
ПОӘК
|
ПОӘК 042-18- 26. 1. 101 /01-2014
|
ПОӘК
« Лингвистикаық мәтін негіздері» пәнінің оқу-әдістемелік материалдары
|
Басылым №2 11.09. 2014ж,
өзгеріс басылым №1 18.09.2013ж.
|
«Лингистикалық мәтін негіздері» пәні бойынша
5В021000 «Шетел филологиясы» мамандығына арналған
оқу-әдістемелік материалдары
Семей
2014
Мазмұны
-
Глоссарий
-
Дәрістер
-
Практикалық сабақтар
-
Студенттердің өздік жұмысы
1 ГЛОССАРИЙ
1.1 СӨЙЛЕУ – бір мезгілде болатын нақтылы сөйлеу. Сөйлеудің дыбыстық және жазба түрлері бар. Сөйлеуге сөйлеу қызметі және сөйлеу нәтижесі жатады. Әдетте, сөйлеу мен тіл қарама-қарсы қойылады. Тіл – араласу құралы болса, сөйлеу – осы құрал арқылы араласуды жүзеге асырады. Сөйлеу арқылы тіл қолданыс табады. Сөйлеу әрқашанда нақтылы болады, тіл – абстрактілі болып қайталануы мүмкін. Сөйлеу – кеңістік пен уақытта жасалады, оның шегі болмайды, сөйлеу – материалды құбылыс, ол есту мүшелері арқылы қабылданады.
1.2 ДИАЛОГ – ( грек. dialogos – әңгіме, екі адамның сөйлесуі) – екі немесе бірнеше адамның сұрақ-жауап ретіндегі сөйлесіп, тіл қатысуы. Диалогтың сөздік құрамына әсер ететін факторлардың негізгі сөзді қабылдау не қабылдамау.
1.3 ДИСКУРС – (фр.discours – сөйлеу)– экстралинвистикалық, яғни, парадигматикалық, әлеуметтік, мәдени, психологиялық факторлармен байланыста болатын мәтін. Белгілі бір оқиғаны баяндайтын мәтін. Дискурс – өмірдің тілі, сондықтан да дискурс термині «мәтін» терминімен салыстырғанда көне, басқа да бүгінгі өмірмен байланысы жоқ текстерге қолданылмайды.
1.4 ПАРАЛИНГВИСТИКА – (грек. para – қасындағы, маңындағы және лингвистика) – 1. Сөйлеуде қолданылатын мағыналы хабар жеткізуші, бірақ тілге жатпайтын құралдар; 2. тілдік байланысқа қатысатын тілдік емес (вербальды емес) құралдардың жиынтығы.
1.5 РИТОРИКА – (грек. rhetorike – шешендік өнер) – прозалық қара сөз және ауызекі көркем сөздің жасалуын зерттейтін филологиялық пән. Поэтикамен, стилистикамен тығыз байланысты болады.
1.6 МОНОЛОГ – (грек.monos – бір және logos – сөз, сөйлеу) – белсенді сөйлеудің нәтижесінде пайда болатын сөйлеу түрі. Монологқа интраперсональды сөйлеу деген анықтама береді.
1.7 ӘДЕБИ ТІЛ – орныққан, тұрақты нормалары бар, жалпыға бірдей түсінікті, ортақ, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпы халықтық тілдің екшеленген, сұрыпталған, сымбатталған жүйелі түрі. Әдеби тіл жалпыхалықтық тілдің бір түрі.
1.8 МОНОЛОГ– (грек. monos – бір және logos – сөз, сөйлеу) – белсенді сөйлеу нәтижесінде пайда болатын сөйлеу түрі. Кейде монологқа интраперсональды сөйлеу деген анықтама береді. Монологқа көлемді мәтін бөліктерінің болуы тән. Бұл бөліктердің мағынасының жақын болуы, дұрыс композициялық орында тұрған сөйлемдерден құралуы шарт.
1.9 ТАБУ – (полинезия сөзі) – кейбір сөздерді, есімдерді, сөйлемдерді атауға тиым салу. Т. құбылысы тілдің магиялық қызметімен байланысты, яғни, сөз арқылы қоршаған әлемді өзгертуге болады деген нанымнан туындайды. Т. Барлық тілдерде бар. Ең көп тараған Т. адам есімімен байланысты: туыстардың атын айтуға тиым салынған, сонымен қатар құдайдың, патшаның атын атауға болмайды. Т. эвфемизм түсінігімен тығыз байланысты болады.
1.10 ЭВФЕМИЗМ – (грек.euphemis –mos, eu – жақсы және phemi – сөйлеу)- эмоция жағынан бейтарап сөздер. Э. құлаққа ерсі естілетін сөздердің синонимдері ретінде жұмсалады. Мысалы: «семіз-толық, кәрі-егде, өлді-қайтыс болды» және т.б, эвфемизм– дисфемизм сөздерге қарсы қойылады.
Дисфемизмде керісінше, эмоциялы бейтарап сөз орнына әдейі тұрпайы сөздер қолданылады.
Терминологиялық түсіндірме сөздік
Абзац – жаңа жолдан басталатын мәтін бірлігі, күрделі құрылымдық-семантикалық тұтастық.
Автор бейнесі – көркем шығарманың мағынасы мен стилінің барлық элементтерін мәтіндік тұтастыққа біріктіретін лингвистикалық категория.
Автордың тілдік тұлғасы – автордың даралығы мен көркем мәтін тудырудағы ерекшеліктері.
Айтылым – бір коммуниканттың бір сөйлеу актісіндегі сөйлеу әрекеті.
Антропоцентристік бағыт – зерттеу жұмыстарының, танымның адамға, оның барлық сипаттарына (жеке басының, ұлттық, әлеуметтік) бағытталғандығы.
Ақпарат – (лат. informare-суреттеу, бір нәрсе туралы ұғым құрастыру, хабарлау) қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен ерекшеліктері туралы қарым-қатынас жағдайында табиғи тіл арқылы берілетін ақпардың жиынтығы:
Мазмұнды-фактуалды ақпарат – фактілер мен оқиғаларды, олардың уақыты мен орнын, автордың ойын, сюжеттің дамуын көрсететін ақпарат;
Мазмұндық-концептуалды ақпарат – автордың қоғамдық өмір құбылыстарын өз бетінше саралауын, түсінуін, бағалауын оқырманға жеткізуінің көрінісі;
Мазмұндық-астарлы ақпарат – тіл бірліктерінің ассоциативті және бағалаушы мағына тудыра алу қабілетіне қарай мазмұндық нақты ақпараттан алынатын жасырын ақпарат.
Ақпараттылық – мәтінге тән негізгі категориялардың бірі.
Әңгімелеу – тұтастық, байласымдық және мағыналық аяқталғандық, ақпарат беру категорияларына ие композициялық сөйлеу формаларының бірі.
Байланыс жарыспалы – мұнда сөйлемдер бір-біріне іліктеспейді;
Байланыс тізбекті – мұнда әр сөйлем келесі сөйлеммен іліктеседі.
Байласымдылық – мәтінге тән негізгі категориялардың бірі, ол тұтастықпен бірігіп, автор интенциясы мен оқырман қабылдауын мейлінше жақындастыруға ықпал етеді.
Бөлшектік – автор өзі баяндап отырған оқиға, құбылыстың жекелеген қырларына назар аударатын және оқырманның алған ақпары түсінуін жеңілдететін мәтін категориясы.
Гипермәтінділік – бір мәтінді екінші бір мәтін арқылы ажуалау, кемсіту.
Дискурс – (лат.discursum-әңгімелеу,сөйлеу үдерісі) кең мағынадағы тілдік іс-әрекет, тар мағынада – байласымды мәтін.
Жағдаят – мәтіндегі оқиғаның орны мен уақыты және кейіпкерлер жөніндегі ақпар.
Идея – (грек. idea-ұғым, түсінік) – тақырып пен мазмұн қатынасының нәтижесі.
Инвенция – сөйлеуді тудыру.
Интермәтіндік – мәтінге басқа шығармалардың мәдени кеңістігінің енуі.
Категория – объективті болмыстың құбылыстары мен заттар аралығындағы қатынастар мен байланыстары, ортақ қасиеттері мен белгілері анықталған ұғым.
Категориялар мәтіннің – ақпараттылық, концептуалдылық, байласымдық, тұтастық, аяқталғандық, модальдылық, коммуникативтілік, прагматикалық т.б.
Кеңістік – мәтінге тән категориялардың бірі, ол баяндаудың нақтылығы мен шындығын қамтамасыз етеді, қатарлас нәрселердің орналасу тәртібін көрсетеді:
Кеңістік көркем – шектеусіз кеңістік;
Кеңістік шынайы – нақты кеңістік.
Когезия – (ағыл.cohesion-«бірігу») – мәтіндегі сөйлемдер мазмұнының байласымдығы.
Когеренттік – (ағыл.coherence-«байласымдық») – мазмұндық, құрылымдық байласымдық.
Континиум – (лат. continuum-үздіксіз,толассыз) – мәтіндегі уақыт пен кеңістік ұғымдарының көрінісі:
Концептуалдылық – (лат. conceptio-қабылдау)
1) құбылысты қабылдаудағы пікірлер жүйесі;
2) негізгі идея.
Құрылым мәтіннің – мәтіннің мазмұны мен формасы категорияларының арасындағы қатынастар.
Мазмұн – тақырыпты ашу үшін тілдік талдауға түсетін фактілер мен құбылыстар.
Мәтін – (лат.textus-ткань, өрілім, қосылым) – аяқталған, объективтелген жазба құжаты ретінде... бірқатар ерекше бірліктері мен атауы бар, түрлі лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстармен біріктірілген, белгілі бір мақсат пен прагматикалық бағыты бар сөйлеу шығармасының туындысы:
Макромәтін – көлемі үлкен шығарма;
Микромәтін – түрлі құжаттар, ақпараттар, көлемі шағын шығармалар.
Мәтін түзу – «Текст түзу» - жетілген жазба әдебиетінің көрінісі. Және ол қаламгердің зор талантын талап ететін құбылыс, өйткені текст түзу үшін сөз таптарын, грамматикалық амалдарды таңдай білу керек, әр сөздің лексикалық мағынасы мен модальдық өңін тап баса білу керек. Метамәтінділік – мәтіннің алдыңғы бөліктеріне түсіндірме немесе сыни сипаттағы сілтеме.
Модальділік – айтушының айтылымға қатынасын көрсететін, ақпарат пен объективті болмыстың арақатынасын бағалауға арналған грамматикалық-семантикалық категория:
Модальділік мәтіннің – автордың оқырманға болмыстағы құбылыстардың себеп-салдарын, қатынастарын түсінуіне ықпал жасау;
Модальділік объективті – ақпараттың болмысқа қатынасын білдіру;
Модальділік субъективті – айтушының айтылымға қатынасын көрсету.
Ойталқы – композициялық сөйлеу формаларының бір түрі, кейіпкердің әр түрлі сезімін, көңіл-күйін, дүниеге көзқарасын, кейде автордың ішкі ой-пікірін баяндайтын форма; ойталқының құрылымына уақыт, кеңістік және себеп-салдар категориялары жатады. Себеп-салдар ойталқыда құбылыстардың бірінен екіншісінің пайда болу байланысын көрсетеді.
Прагматикалық – коммуниканттардың сөйлеу жағдаятын ескере отырып, айтылым мақсаты мен бір-біріне және ақпарға қатынасын білдіретін категория.
Проспекция – (лат.prospicere-«алға қарау») – оқиғадан соң не болатынына тілдік құралдар арқылы сілтеме жасайтын категория, ол уақыт және кеңістікпен тығыз байланыста.
Рема – (грек.rhema-сөз) – сөйлемнің актуалды бөлігі; хабардағы бастапқы бөлік – тема жөнінде айтылатын және ойдың аяқталмаған көрінісін жасаушы.
Регистр сөйлеудің немесе мәтін түрлері – мәтіндердің тілдік ұйымдастырылуы:
Регистр ақпараттық – айтушы өзі білетін оқиғалар мен фактілерді хабарлайды;
Регистр волюнтивтік – айтушы адресатты белгілі бір іс-әрекетке жұмсайды;
Регистр генеритивтік – айтушы ой елегінен өткізген және өмір тәжірибесінен жинақталған ақпаратты береді;
Регистр реактивтік – тыңдаушының жағдаятты бағалауы;
Регистр репродуктивтік – айтушы көргенін, естігенін, сезгенін хабарлайды.
Ретроспекция – (лат.retrospicere-артқа қарау) – бұрынғы айтылғанға (жазылғанға) оралу.
Суреттеу – болмыстың белгілі бір қалпын, күй-жайын толықтайтын, көрсететін композициялық баяндау формаларының бірі.
Сюжет – (фр.sujet-шығарманың кейіпкерлері мен оқиғаларын баяндайтын негізгі мазмұн) – тақырып пен композиция қатынасының нәтижесі.
Тақырып – автордың құбылысқа қатынасын шығармасында зерттеу, көрсету үшін сұрыптап алған негізгі ойы немесе ой жиынтығы.
Тәсіл – композиция мен тілдің арақатынасын көрсететін амал.
Тұтастық мәтіннің – мәтін ішіндегі сөйлем, абзац, тарау, бөлім мазмұндарының тұтастығы.
Тұтастық күрделі синтаксистік – ерекше синтаксистік-стилистикалық бірлік құрайтын бірнеше сөйлемдер жиынтығы.
Тұтастық күрделі фразалық – мәтін құрайтын тіл бірлігі.
Уақыт – мәтінге тән категориялардың бірі, ол қатарлас нәрселердің бірін-бірі ауыстыруын көрсетеді:
Уақыт концептуалды – оқиға өтетін уақыт;
Уақыт көркем – сюжеттің, бейнеленген құбылыстардың өмір сүру формасы;
Уақыт объективті – күнтізбелік уақыт;
Уақыт перцептуалды – эмоциялық-экспрессивті уақыт;
Уақыт шынайы – басқа материалды объектілер сияқты мәтіннің (кітап, газет, іс қағаздар, хаттар т.б.) нақты уақытта өмір сүру формасы
2 ДӘРІСТЕР
Дәріс 1. Мәтіннің тіл біліміндегі ролі
Мәтін лингвистикасы ғылыми пән ретінде
Дәріс сабағының мазмұны:
1.Мәтіннің тіл білімінде зерттелуі
2.Мәтін анықтамалары
Ұзақ жылдар бойы тілдік жүйені зерттеуге ден қойып келген лингвистер кейінгі кезде тілдік жүйенің сөйлеу кезіндегі көрінісін зерттеуге бет бұрды. Антропологиялық ізденістердің нәтижесінде адам, оның іс-әрекеті бірінші кезеңде тұрды. Адам өзін қоршаған ортаны мәтін арқылы танып біледі. Өзіне қажетті ақпаратты мәтін арқылы алып, мәтін арқылы жібереді. Мәтін әрқашан коммуникативтік жағдайларға, сөзді айтушы мен тыңдаушыға байланысты болады. Ол адамдар қарым-қатынасының алғышарттары мен ұйымдастырылуын сипаттайды.
Мәтін лингвистикасы ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса бастаған, соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тың сала. Ол барлық гуманитарлық, философиялық ойлаудың негізі болумен бірге мәтін лингвистикасы пәнінің шығуына түрткі болған. Мәтін лингвистикасы пәнінің филология ғылымдарының бір саласы болып қалыптасуы қазіргі лингвистиканың даму бағытын көрсетеді.
Қазірде мәтін ұғымы жаңаша сипатқа ие болды. Соның нәтижесінде, мәтін терминін дискурстық терминологияға, мәтіннің статикалық қалпынан динамикаға көшіріп, басқаша зерттеуді қолға алды. Ғылымда дискурс, дискурсивті талдау сияқты ұғымдар көрініс тапты. Екі негізгі бағыт белең алды. Олар: мәтін лингвистикасы және дискурс. Аталған дискурс терминін қолдануда осы кезге дейін бірізділік жоқ. Соған орай дискурске түрлі анықтамалар беріліп, тұжырымдар жасалуда.
Мәтін туралы ілім – мәтіннің мағыналық, құрылымдық жақтарынан зерттейтін тіл білімінің іргелі саласы. Мәтін лингвистикасының өзге пәндермен байланысы. Мәтінді лингвистикалық талдау аспктілері: әдебиет теориясы, психология, мәдениеттану.
Мәтін лингвистикасы ғылыми пән ретінде
Мәтін лингвистикасы – өзінің теориясы мен практикасы бар салыстырмалы түрде алғанда жас (ХХ ғасырдың ортасы) дербес ғылым және оқу пәні. Мәтін лингвистикасы мәтін ұғымына негізделіп, көбінесе оны талдаумен байланыстыратын филологиялық риторика аталатын риториканың тағы бір бағытының дамуына ықпал етеді.
Заманауи мәтін лингвистикасы мәтіннің өзі мен құрылымын, категориялары мен тілдік бірліктерін, сол сияқты мәтінді, ең алдымен көркем мәтінді құрастыру, тудыру және талдау тәсілдерін зерделейді.
Соңғы отыз жылда мәтін лигвистикасында үш дербес ғылыми сала анықталды: - жалпы мәтін теориясы (И. Р. Гальперин);
- мәтін грамматикасы (О. И. Москальская);
- мәтін стилистикасы (И. В. Арнольд, В. В. Одинцов).
Мәтін лингвистикасы мәтінде қолданылатын түрлі коннотация құралдары (функционалды-стилистикалық, эмоционалды-экспрессивті, бағалаушы) ең алдымен, функционалды стилистикада зерделенетіндіктен стилистикамен, нормаларын білмей қарым-қатынас мәдениетін меңгеру, сауатты және коммуникативті барабар мәтін құрастыру мүмкін болмағандықтан, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланысты.
Шын мәнінде мәтін лингвистикасы (мәтінді лингвистикалық талдау да) бұрын оқылып, болашақ тілші-мамандардың санасында айтылған немесе жазылған сөйлеуге сергек қарауға, оқыған мәтінінің мазмұны ғана емес, терең мағынасына да үңілуге ерекше тілдік (стилистикалық) сезім қалыптастыратын лингвистикалық және әдебиеттану пәндерінің қорытындысын шығаратын жалпы филологиялық пән болып табылады.
Мәтін-мәтін лингвистикасы мен оның практикалық курсының, мәтінді лингвистикалық талдау мен әдебиеттанудың ортақ зерттеу объектісі.
Алайда әдебиеттану объектісіне қарағанда мәтін лингвистикасының талдау объектісі кеңірек, себебі ол:
- тек көркем шығарманы ғана емес, барлық сөйлеу шығармаларын қамтиды;
- мәтінді сол мәтінді тудырып тұрған барлық тілдік элементтердің комбинациясы ретінде зерттейді. Ол тілдік арақатынастардың өзгерістерін, мәтін ішіндегі олардың динамикасын зерделеп, мазмұн тұрғысында мәтіннің идеялық-тақырыптық және эстетикалық деңгейінде жасақталуын, айтылым тұрғысындағы функциясын белгілейді, осы тұста әдебиеттанумен ұштасады. Әдебиеттану мәтінді идеялық мазмұны, эстетикалық құндылығы, жанрлық артықшылығы, композициялық ұйымдастырылуы қырынан қарастырады. Басқаша айтқанда, өз талдауында формадан мазмұнға қарай, ал әдебиеттануда мазмұннан формаға қарай ауысады;
- лингвист өз талдауын көп жағдайда нақты мәтінді талдаумен шектесе, яғни зерттеудің имманенттік әдісін қолданса, әдебиеттанушы үнемі тарихи, әлеуметтік, философиялық сипатта экскурстар жүргізеді, яғни көбіне зерттеудің проекциялық әдісін қолданады (В .В. Виноградовтың терминдері);
- лингвист мәтінді ең алдымен оқырман (адресат) тұрғысынан, ал әдебиеттанушы ең алдымен автор (адресант) тұрғысынан талдайды.
Мәтін лингвистикасында мәтіннің негізгі екі объектісі айқындалады:
- тұтас сөйлеу шығармасы – сөйлеудің кең мағынасындағы мәтін, макромәтін;
- күрделі фразалық тұтастық немесе күрделі синтаксистік тұтастық –сөйлеудің тар мағынасындағы мәтін, микромәтін.
Күрделі фразалық тұтастық пен тұтас сөйлеу шығармасы шекараларының сай келуі мүмкін. Шағын көлемдегі тұтас сөйлеу шығармасының (газет мақаласы, қысқа әңгіме, ауа райы туралы хабар, хабарландыру, т.с.с.) жалғыз фразадан тыс бірліктен құралуы мүмкін. Дегенмен, бұл шағын жанрлы және шағын көлемді мәтіндерге ғана қатысты болғандықтан, мәтіннің екі объектісін-макромәтін мен микромәтінді айырған жөн, себебі күрделі фразалық тұтастық пен тұтас сөйлеу шығармасы-мүлде түрліше тәртіптегі бірліктер.
Күрделі фразалық тұтастық - синтаксистік ұғым, тұтас сөйлеу шығармасы - әлеуметтік-сөйлеу құбылысы, қоғамның түрлі салаларына қызмет ететін ең жоғары деңгейдегі коммуникативтік бірлік.
Байласымды мәтін мен байласымды сөйлеу (мәтін) құрау модельдері мәтін лингвистикасының нысаны болып табылады.
Бұл пәннің міндеттері:
- болашақ мамандардың бойына мәтінді (ең алдымен-көркем мәтінді), тілдік және мағыналық ұйымын талдаудың кәсіби дағдыларын сіңіру;
- олардың осы талдаудың теориясы мен әдістемесін меңгеруі.
Мәтін лингвистикасының негізгі мәселелері мен ұғымдары:
- мәтінді талдау;
- мәтін параметрлері;
- мәтін бірліктерін анықтау;
- мәтін категорияларын анықтау;
- мәтін бірліктерін грамматикалық және семантикалық зерттеу.
Мәтінді талдаудың негізгі аспектілері:
- лингвистикалық түсіндірме-қазіргі қазақ әдеби тілін қазіргі әдеби нормамен шендестіру тұрғысында тілдік бірліктерді, соның ішінде тілдік бірліктердің функциялық-стильдік және стилистикалық бояуын қарастыру;
- семантикалау, ұғымы көмескілеу сөздерді, сол сияқты идеялық-теориялық жүктемесі (лексика-фразеологиялық деңгейі) ауырлау сөздерді түсіндіру. Бұл мағынада сөйлем мәтіннің бейнелілігі мен тілдің эстетикалық тұрғысынан статикалы, шартты болып келуін көрсетеді (микробейнелерді, көркемдік және нақыш формаларын және т.б. табу).
Мәтінді талдаудың негізгі деңгейлері:
- бейнелік-тілдік (сөздің бейнелеу құралдары);
- құрылымдық-композициялық;
- идеялық-тақырыптық.
Мәтінді лингвистикалық талдаудың негізгі принциптері:
- историзм принципі (шығарма жазылған тілдік дәуірді ескеру);
- шығарманың формасы мен мазмұнының өзара байланысын, өзара шарттылығын ескеру принципі (мазмұнға, сондай-ақ, сол мазмұнның әсерлік сипатын күшейтуге, прагматикалық функциясына бағытталған тіл құралдарын ескеру);
- мәтінді талдауға деңгейлік принцип (мәтіндегі тілдік жүйенің барлық таңбалық деңгейлерін зерттеу);
- жалпы мен жекені үйлестіру принципі (мәтіндегі жалпы тілділік, жалпы стильдік, жалпы жанрлық пен жеке авторлықтың өзара әрекеттестігін ескеру).
Мәтінді лингвистикалық талдаудың әдістері мен амалдарына жататындар:
- стилистикалық эксперимент әдісі – синонимдерді іріктеу, мәтінді қысқарту мен кеңейту, мәтіндегі сөйлемдердің орнын алмастыру сияқты әрқилы аранжировка түрлері, сөйлемде компрессия қолдану: бағыныңқы сөйлемді көсемшелік және есімшелік амалдармен, детерминанттармен (сөйлемнің басында мезгіл және мекен пысықтауыштарын) алмастыру; мәтіндегі жай және құрмалас сөйлемдердің арақатынасын, гипотаксисті паратаксиске және керісінше өзгерту;
- семантика-стилистикалық әдіс – тілдік ережелерден ауытқу, мағынаның заттық және коннотативтік элементтерін үйлестіру; нақты мәтіндегі дара, көп мәнділік; сөйлеуді (мәтіндегі фразаны) бірнеше мәрте қайталау есебінен мағыналық элементтерді арттыру; бұл әдіс мәтін бірліктерін жалпы халықтық тіл элементтерімен (яғни мәтіндегі бірліктерді олардың сөздіктердегі мәнімен) салғастыру үшін қолданылады;
- салғастыру-стилистикалық әдіс – бір типті мазмұндағы мәтіндердің тілдік безендірілуіндегі ұқсастық пен айырмашылықты табуға көмектеседі, негізінен түпнұсқа мен аударма мәтіндерін салыстырғанда қолданылады, авторлық варианттарды салыстыру әдісі деп аталатын алғашқы және түпкі варианттарын салыстырғанда да қолданылуы мүмкін;
- мәтінді сандық талдау әдістері – сандық заңдылықтарды (сын есімнің, үстеудің және т.б.-ның санын) тауып, мәтіннің тілдік құралдарының сапалық айырмашылығын табуға көмектесетін ықтималды-статистикалық әдіс.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Мәтінге берілген анықтамаларды саралап, өзіндік тұжырым жасаңыз
2. Мәтіннің анықтамаларына сүйене отырып, белгілерін жазыңыз
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Баранов, А.Н. Лингвистическая экспертиза текста. Теоретические основания и практика: учеб.пособ.- М.: Флинта: Наука, 2007.- 591 с.
2. Г. Смағұлова. Көркем мәтін лингвистикасы Алматы. Триумф-Т 2007.
3. Актуальные проблемы современной лингвистики: Учебное пособие / Сост. Л.Н. Чурилина.- 4-е изд.- М: Флинта-Наука, 2009.- 411с.
4. Ахметова, М.К. Мәтін лингвистикасы [Эл.ресурс]: электр. оқу құралы - Орал, 2007.- 1 эл.диск.
Дәріс 2. Мәтіннің зертелуі, ерешеліктері және дискурс. Мәтіннің концептуалдық кеңестігі және концептілік құрылымдар Мәтін және дискурс және оның дефиницалары. Дискурс пен мәтін бірлігінің ерекшеліктері
Дәріс сабағының мазмұны:
1.Тіл біліміндегі дискурске берілген анықтамалар
2.Дискурс белгілері туралы.
Қазақ тіл білімінде дискурстың кейбір негізгі белгілерін Қ. Жұбановтың 30-жылдардағы зерттеулерінен аталмыш терминді қолданбаса да кездестіреміз. Ғалым: «Сөз бұйымын жасап шығару үшін де оның жасалу жолын, материалының сыр-сипатын білу керек. Сөзді дұрыс құраудың жолын білу – жазылатын сөзге ала-бөтен қарау. Өйткені, ауызекі сөйленетін сөздердің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар. Дауыстап сөйлеген сөздердің олқысы көбінесе ыммен толады. Дұрыс айтылмағанын сезсе сөйлеушінің өзі де сөзін қайта түзеп айтып, түсінікті қылады. Мұның бәрі де жеткіліксіз болса, ауызба-ауыз сөйлескен адам қайта сұрап алуына болады. Жазулы сөзде бұл кемшіліктердің бірі де жоқ. Кітаптың сөзі қисық болсын, дұрыс болсын, қалай жазылған болса, солай оқылады, солай түсініледі немесе түсініксіз күйімен қалып қояды. Мұнда жазған кісіден қайта сұрап алуға болмайды. Сөзді қалай құрудың тетігін білу ауызекі сөз үшін де аса керекті»,– деп көрсетеді
Ал қазіргі қазақ тіл білімінде дискурс термині соңғы кезде сөйлеудің дәстүрлі ұғымын модификациялап, мәтін, диалог, стиль аясында тіл ғылымында ерекше орын ала бастады.
Шешендік сөздер табиғаты айырықша феномен болғандықтан, мәтін ретінде лингвистикалық талдауға негіз болады.
Мәтін – қимыл әрекеттегі тіл. Тілдің негізгі бірлігі сөз, сөйлем емес – мәтін. Мәтін лингвистикасын дискурсивті талдаудың бір бөлімі, компоненті ретінде тану, сөйлеу мен мәтіннің өзара байланысы – дискурс мәтін талдаудан басталады. Ғалым Н.Уәлиев атап көрсеткендей, «Мәтін – дискурстық әрекеттің өнімі, нәтижесі, туындысы
Дискурс туралы түсінікке берілген сан алуан пікірлер. Дискурс типологиясы. Дискурс құрылымы.