Әңгіме, новелла, повестердің жедел жетіліп, әдебиетіміздің төрінен орын алуына бұрыннан белгілі суреткерлер де, орта, кейінгі буын қаламгерлері де ат салысты
Әңгіме, новелла, повестердің жедел жетіліп, әдебиетіміздің төрінен орын алуына бұрыннан белгілі суреткерлер де, орта, кейінгі буын қаламгерлері де ат салысты. Бұл ретте алдымен аға жазушымыз Ғабит Мүсірепов творчестволық белсенділік, кемел шеберлік көрсетіп келе жатты. Оның 1960-1970 жылдардағы ізденістері мен табыстары «Кездеспей кеткен бір бейне» атты жинағынан жақсы танылады. Автордың өзі поэма деп атаған «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармасы бүкіл қазақ әдебиетінің тартымды табыстарының қатарына қосылды. Шығармада әрі ақын, әрі күрескер Еркебұланның тамаша тұлғасы жасалғандығын әдеби жұртшылық кезінде атап өтті. Әдебиетімізде көп те, көрнекті суреттелген революциялық күрес дәуірінің оқиғалары шығармада жаңа қырынан, тың тұсынан көрінгендей. Автор қаһарманның жан дүниесін, арман-мұратын, қуанышы мен өкінішін, шыншыл диалектикасымен бейнелеуге көп көңіл бөлген. Шығарманың орталық қаһарманы қазіргі әдебиеттегі ұнамды тұлға жасау тәжірибесін байыта түсетін, поэзияға, шындыққа толы биік бейне.
Көркем әдебиеттің дербес эпикалық жанрының бір түрі-проза. Қазақ прозасының жаңашылдығы әдебиеттанудағы ең өзекті мәселелердің қатарында. Себебі: ол әдебиет дамуының өркендеуінің негізі, жалпы тіршілік дамуының тетігі.
Қазақ прозасының жаңашылдық сипатына өз үлесін қосқан: М.Әуезов, Д.Исабекова, Т.Ахтанов, Т.Әдбіков, О.Бөкеев сынды жазушыларымызды атап өтсек болады.
1970 жылдары қазақ прозасындағы жаңашылдық сипатқа тән, өз орны бар, талантты жазушы М.Әуезов. М. Әуезов «Өскен өркен» арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер туралы ұғымды кеңейте түсті. «Біздің замандасымыз – барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентетін нәрсе жоқ - ел өмірі, достар мен қастар жайлы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те - бәрі-бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті - Кеңес еңбеккерінің жан-жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол өзі осындай адам»,- деп жазды ол «Қазіргі роман және оның қаһарманы» атты мақаласында. «Өскен өркенде» Мұхтар осындай қаһарманның жаңа үлгісін жасауға ұмтылды. Оның кейіпкерлері – бүгінгі заманның, қажырлы, жан-жақты білімді, адамгершілік мінездерді бойына жинақтаған тұлғалары. Олардың іс-әрекетінің өлшеуіші – қызмет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен адамшылық игі қасиеттер Нил Карпов, Алмасбек Жайлыбеков, Әсия, Әлім, Ақан, Медет, Сағадат, тағы басқалардың бәрін де жазушы осындай жаңа қасиеттер тұрғысынан іріктеген. Мақсат, тілек бір болғанмен, олар характер есебінде дара-дара.
Көркем прозадағы шағын жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дәуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т. Ахтановтың «Боран» (1963) романында жақсы қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады. Шығарманың сюжеттік желісінде ұзақ сонар баяндау жоқ. Ондашопан Қоспанның малымен ақтүтек боран астында қалып, бір отар қойды қалай аман алып қалу жолындағы арпалысы суреттеледі. Сол арқылы Тахауи Қоспан тағдырына, оның ішкі сырына, ол бастан кешкен дәуірдің өзгешеліктеріне үңіледі. Боранмен атыса жүріп, өз басынан кешкен өмір белестерін еске алады, терең ойға батады. Шығарма композициясын ұстап, тұтастырып тұрған да осы ойлар, қаһарманның ішкі монологы.
Қоспан тағдырына үңіле қарасақ, оны тағдыр маңдайынан сипап өсірмегенін көреміз. Ол ылғи өмірдің кедергілеріне кездесіп, соларды көре жүріп өсіпті, өмірдің зіл салмағын көтеріпті. Көрген рахатынан бейнеті көп осы азаматты қажытпай алып келе жатқан – Қоспанның өмір сүйгіштігі, жан дүниесінің тазалығы, рухани байлығы. Жазушы шығарма идеясын осыны көрсетуге құрады. Осы бір тұстан әдебиетке қойылған талап – өмір шындығын жеңіл етіп көрсетпей, кейіпкер бейнесін терең тартыста, күресте таныту Тахауиша жаңа ой салғаны көрінеді.