Орта ғасырлардағы Батыс Еуропа мәдениеті
Орта ғасырлар — эллиндік-классикалық мәдениеттің құлдырау шегіне жетіп, ал одан кейін оның жаңа заманда қайта түлеу кезеңімен сәйкес келетін, ұзаққа созылған біртұтас мәдени дәуірді қамтиды. Орта ғасырлар мәдениетінің қайнар бұлағы — «романдық бастаудан» нәр алатын Батыс Рим империясының мәдени дәстүрлері болып саналады. Олар құқық, ғылым мен өнер, философия, жоғары құқықтық мәдениет, христиан діні және т.б. Бұл мәдени дәстүрлер римдіктердің «варварлармен» күресі кезеңінде тереңдей түсіп, Батыс Еуропаның пұтқа табынушы көптеген тайпаларының мәдени өмірінде өз жалғасын тапты. Мұндай мәдени тоғысулар Батыс Еуропалық ортағасырлар мәдениетінің қалыптасып одан әрі дамуына даңғыл жол ашып берді. Мәдениеттанушы ғалымдар көне заманнан бастап жаңа заманға дейін созылатын уақыт шеңберін ортағасырлар деп атайды. Бұл тарихи кезең бір мың жылдан астам уақытты қамтиды, яғни V ғасырдан бастап XV ғасырға дейін созылады. «Орта ғасырлар» деген термин алғаш рет Италияда Қайта өрлеу дәуірінде пайда болған. Итальян гуманистері бұл терминді бір жағынан «ежелгі дүние» мен «жаңа заманның» ара жігін анықтау үшін де қолданған. «Орта ғасырлар» терминінің сол бір тарихи кезенде қалыптасқан мағынасы біздің заманымызда да өз мәнін жойған жоқ.
Мыңжылдық «Орта ғасырлар» дәуірі негізінен үш кезеңнен тұрады. Бірінші, «Бастапқы Орта ғасырлар кезеңі» — дәуір бастауынан басталып — Х-ХІ ғасырға дейін созылады; екінші, Жоғарғы (классикалық) кезең — XI ғ. мен XIV ғ.; ал үшінші, «Кейінгі орта ғасырлар кезеңі» — XIV ғ. және XV ғ. аралықтарын қамтиды.
Бастапқы орта ғасырлар кезеңі — Еуропада буырқанған, әрі мәнді процестерге толы сындарлы кезең болды. Бұл тарихи өзгерістер, ең бірінші кезекте біздің заманымыздың екінші ғасырынан бастап-ақ Рим империясын шапқыншылық әрекеттерімен мазалай бастаған варварлардың («варда» - сақал деген сөзінен шыққан) жойқын шапқыншылықтарымен тығыз байланысты болды. Бұл қақтығыстар Рим империясының 476 ж. құлауымен аяқталды. Варварлардың жеңісі римдік региондарды жай ғана жеңу емес еді. Ендігі жерде тарихтың жаңа беті басталып, көне қоғамдағы абыржушылық пен бей-берекетсіздік одан әрі күшейе түсті.
Жаңа батыс еуропалықтар Рим империясының мемлекеттік дініне айналған христиан дінін қабылдады. Сөйтіп, Рим империясының барлық жерінде қалыптасқан пұтқа табынушылықты жаңа дін біртіндеп ығыстыра бастады және бұл процесс Рим империясы құлағаннан кейін де толастамады. Бұл жағдай - Батыс Еуропадағы Бастапқы Орта ғасырлар кезеңінің бет-бейнесін айқындаған маңызды тарихи процесс болды.
Осы бір тарихи кезеңдегі ерекше жағдай - бұрынғы Рим империясының территориясында «варварлардың» жаңа мемлекеттік құрылымдарының қалыптасуы болып табылады. Шындығына келетін болсақ, сансыз гот, франк және т.б. тайпаларды «тағылар» деп айтуға да болмайтын сияқты, өйткені дәл осы кезеңде олардың көпшілігінде мемлекеттік құрылыс белгілері айқындалған болатын. Олар сонымен қатар әскери демократия принциптерін жетік меңгерді, егіншілікпен, қол өнермен, металлургиямен шұғылданды. Тайпа көсемдері өздерін корольдер, герцоттер және т.б. деп жариялады. Мысалы, франктердің королі Ұлы Карл 800 жылы бүкіл батыс еуропалық елдердің императоры деп жарияланды. Қазіргі Францияны, Германияны, Бельгияны, Голландияны, Солтүстік Италияны, Солтүстік Испанияны өзіне қосып орта ғасырлық бірінші зор империя құрған Ұлы Карлдың тарихи күресінде адам қаны көп төгілді. Ұлы Карл билік құрған кезенді кейде «королинптік қайта дәуірлеу кезеңі» деп те атайды. Мұндай атақтың берілуінің себебі, Карл империясының ежелгі Рим мәдениетін жандандыруға бағытталған шараларынан болса керек. Ерекше атап өтетін бір жайт, Ұлы Карл ағарту ісінің қажеттілігін түсінген және оны дұрыс жолға қоюға тырысқан көрнекті тұлға болған. Ол өзі бас болып негізін қалаған мектепте оның ұлдарымен бірге ақсүйек балалары түрлі ғылым салаларын, оның ішінде риториканы, поэзияны, диалектиканы, астрономияны және т.б. оқып үйренді.
Кейіннен, яғни 900 жылы қасиетті Рим империясының сансыз графтықтарға, герцогтықтарға, епископтықтарға, аббаттықтарға бөлініп кетті де, қоғамда бей-берекетсіздік туды. Олардың билеушілері өздерін тәуелсіз қожайындар санап, императорларға да, корольдерге де бағынуды қажет деп санамады. Бірақ елдің бірлігіне нұқсан келтіретін мұндай келеңсіз көріністерге қарамастан, мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу процестері одан кейінгі кезеңдерде де тоқтамады. Әрине, ғасырлар бойы талай аласапыранды басынан кешірген, тонаушылық пен басқыншылық орын алған мұндай мемлекетте экономикалық және мәдени дамуға нүқсан келетінін ешкім де жоққа шығара алмас. Ал бұл жағдайлар, өкінішке орай, Бастапқы Орта ғасырлар кезеңінің өзіне төн ерекшелігі болды.
Бірақ классикалық дәуірде орта ғасырлық Еуропа бұл қиындықтарды жеңе отырып, қайтадан жаңғыра бастады. X ғ. бастап феодализм зандары бойынша жүзеге асырылған ынтымақтастықтың нәтижесінде ірі мемлекеттік құрылымдар құрылды және қуатты армияларды жинақтауға мүмкіндік туды. Осы сияқты қоғамдық өмірде жүзеге асырылған шаралар, мәдениеттің алға басуына қолайлы жағдайлар туғызды. Қалыптасқан біршама тұрақтылық қалалардың көркейіп, жалпы еуропалық экономиканың дамуына қолайлы жағдайлар жасады. Батыс Еуропаның саяси-мәдени өмірі түбегейлі өзгерістерге ұшырады, қоғам варварлық сипатынан айырылып, қалаларда рухани өмір гүлдене бастады. Рим империясына қарағанда еуропалық бірлестік тұтастай алғанда әлдеқайда бай, әрі өркениетті болып шықты. Мұндай мәдени алға басушылық христиан дінімен, христиан шіркеуімен тығыз байланысты болды, өйткені мемлекет дінге арқа сүйеді. Өз кезегінде христиан шіркеуі де өз ұйымдарын нығайтып, христиан дінін жан-жақты жетілдіре берді. Ежелгі Римнің және бұрынғы варварлық тайпалардың мәдени-көркемдік дәстүрлерін дамытып, жетілдірудің арқасында романдық және одан кейін жасампаз готикалық стильдер қалыптасты. Сөйтіп, өнердің театр, музыка, әдебиет, сәулет өнері, кескіндеме, мүсін өнері сияқты салалары жаңа тұр, жаңа мазмұнға ие болды. Дәл осы кезенде француздардың алғашқы ұлы поэтикалық шығармасы - «Роланд туралы жыр (XII ғ.)» шығарылды. Дүниежүзілік әдебиеттің асыл мұрасына айналған бұл тамаша туындыда рыцарлық ерліктер барынша мадақталып, монархқа вассалдық дәріптелді. Батыс еуропалық ғалымдардың ежелгі гректер мен эллиндік философтардың, әсіресе Аристотельдің ғылыми еңбектермен танысуы - ғылым жолындағы табанды ізденістердің бастамасы болды. Соның нәтижесінде орта ғасырлық философиялық ұлы жүйе - схоластика пайда болды.
Кейінгі орта ғасырлар дәуірінде классикалық кезеңнен басталған еуропалық мәдениеттің қалыптасу процесі одан әрі жалғасты, бірақ оның даму барысында толып жатқан қиындықтар мен кедергілер кездесіп отырды. Тек XIV—XV ғасырлардың аралығында ғана Батыс Еуропа бірнеше апатты аштық жылдарын бастан кешірді. Бубондық сузек («Қара өлім») сияқты эпидемиялардың салдарынан халық жаппай қырғынға ұшырап отырды, ал мұндай қасіретті жағдайлар өз кезегінде мәдениеттің дамуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Ұзаққа созылған жүз жылдық соғыста халық әбден титықтап, мәдениеттің дамуы тежелді. Бірақ дәл осындай сындарлы кезеңде де қалалар өркендеп, ауыл шаруашылығы мен сауда, қолөнер ұдайы даму үстінде болды. Рухани өмірдің жандануына, ғылымның, өнердің, философияның және т.б. жаңа арнамен дамуына қолайлы жағдайлар туды. Мұндай алға басушылықтың көптеген көріністері, әсіресе Италияда байқалды. Сондықтан да болар, Италия ұлы мәдени төңкеріс — Ренессанс мәдениетінің орталығы болды.
XI—XII ғ. бастап Еуропада ашыла бастаған алғашқы университеттер ғылыми-зерттеу жұмыстарының орталығына айнала бастады. XI ғ. Италияда Балон құқық мектебінің негізінде Балон университеті (1038 ж.) ашылды. Жаңа оқу орнының ашылуы рим заңының жандануына, оны терендетіп оқуға мүмкіндік туғызды. Міне, сондықтан да болар Еуропаның түпкір-түпкірінен келген тыңдаушылар саны жыл сайын өсе бастады. XII ғ. Батыс Еуропаның басқа елдеріңде де университеттер ашыла бастады.
Англияда Оксфорд университеті (1167 ж.), ал одан кейін іле-шала Кембридж университеті (1209 ж.) - орта ғасырлық білім ордаларына айналды. Мұндай жоғары оқу орындарында дарынды ғалымдар, білікті мамандар еңбек етті. Солардың бірі - белгілі университет ғалымы, ағылшын Роджер Бэкон (1214—1292) болды. Ол дүниені танып-білудің әдісі — адамның ақыл-ойы мен тәжірибесі деген ғылыми қорытынды жасап, бұл мәселелегі шіркеу белеліне күмән келтірді.
Франциядағы алғашқы және ең ірі оқу орны — Париж университеті (1160 ж.). Онда жалпы білім беру, медицина, құқық және дінтану факультеттері жұмыс істеді. Батыс Еуропаның барлық елдеріндегі университетгерде сабақ латын тілінде жүрді.
Орта ғасырлық университеттік ғылымды - схоластика, яғни мектептік ғылым деп атады. Оның негізгі белгілері - шіркеуге және шіркеу қайраткерлеріне сүйену, теологиялық - догматтық алғышарттарды рациональдық принциптермен біріктіру, формальдық - логикалық мәселелерге қызығушылық және танымның негізгі әдісі ретінде тәжірибенің рөлін бағаламау болды. Осы жағдайға байланысты шіркеудің орта ғасырлық университеттердегі ықпалы өте зор болды. Ақсүйектер білім алатын қала мектебінде де діни білім беру ең басты орынға қойылды. Бірақ университеттердің саны көбейген сайын (XV ғ. 65-ке жеткен) діни біліммен қатар медицина, өнер, құқық сияқты басқа да ғылым салалары оқытыла бастады, ал кейіннен оқу бағдарламаларына жаңа ғылым салалары енгізілді.
Бастапқы Орта ғасырлар кезеңінде Византияда да білім беру саласында Еуропаның батысындағы сияқты христиан шіркеуінің ықпалы зор болды. Оған дәлел ретінде ұлы Платонның өзі құрған және бір мың жылдан артық өмір сүрген білімнің алтын ордасы Афины мектебінің жабылып қалғанынын айтсақ та жеткілікті сияқты. Сөйтіп, көне философия діни ілімдермен алмастырылды. Бірақ IX ғ. Ортасына қарай Константинопольде жоғарғы мектеп ашылып, ондағы білім беру жүйесі көне заманның үлгісімен жүзеге асырыла бастады. Бұл дәуірдегі Византия мәдениетінің көрнекті өкілі - «Мириобиблионаның» (негізінен көне авторлардың 280 шығармаларына берілген баға — талдаулардың жинағы) және толып жатқан діни еңбектердің авторы патриарх Фотий (820—890 ж.) болды.
IX ғ. жаратылыстану ғылымдары жаңа арнаға түсіп, дами бастады. Ғылымның әртүрлі салаларына байланысты энциклопелиялар жарыққа шыға бастады, онда Византия қоғамы жайында ғана емес, сонымен қатар көршілес жатқан халықтар туралы да әртүрлі қызықты мағлұматтар берілді. Хирургиялық ғылыми еңбектер, математика оқулықтары жарық көрді. Дәл ғылымдармен қатар алхимия, астрономия, магия, және т.б. ғылым салалары да өз әрісін кеңейте бастады.
Орта ғасырлық Еуропаның ғылыми мәдениетінде алхимия ерекше орынға ие болды. Алхимия жай қарапайым металды алтынға немесе күміске айналдыра алатын субстанцияны (барлық заттардың, құбылыстардың негізі) іздестірумен болды. Мұндағы басты мақсат — адам өмірін ұзарту болды. Алхимияның мақсаты және олардың қолданған әдістері күмәнді және қиялға жақын болғанымен алхимия көп жағдайларда қазіргі заман ғылымдарының, әсіресе химияның туындауына айрықша әсер етті. Бізге кедіп жеткен Еуропалық алхимиктердің авторларының бірі — ағылшын монахы Роджер Бэкон мен неміс философы ұлы Альберт болды. Бұл екі ғұламаның екеуі де жай қарапайым металдардың алтынға айналатынына кәміл сенген және алтынды «жетілген металл», ал төменгі металдарды алтынға қарағанда әлдеқайда жетілмеген деп есептеген. Демек, алхимиктер жай металды табиғатта болмаған «философия тасы» арқылы алтынға және күміске айналдыру жолдарын табуға әрекеттенген.
Роджер Бэкон «патша арағында» еріген алтын өмірдің шипасы деп есептеген. Ал Ұлы Альберт болса өз заманының ұлы химигі болды.
Орта ғасырлық мәдениеттің басты элементі — әдебиет болды. Бастапқы Орта ғасырлар кезеңінде ауыз әдебиеті, оның ішінде батырлық эпостар ерекше қанат жайды. Мұндай мәдени құбылыс Англия және Скандинавия елдеріне тен болды. Бұл эпостарды орындайтын музыканттар халықтың ықыласына бөленіп, ерекше құрметке ие болды. Ел арасына кең тараған ағылшын — саксондық қаһармандық эпостардың бірі — 700 ж. шамасыңда жазылған «Беовульф» поэмасы болды. Маман-ғалымдардың пікірінше, бұл дәуірдегі Батыс Еуропалық әдебиетте өзінің мазмұны мен әсерлігі жағынан Скандинавияның эпикалық халықтың поэзиясына пара-пар келетін әдеби шығармалар болмаған. Осындай бағалы туындылардың бірі — құдайлар мен батырлар жайындағы көне норвеждік және исландық мифологиялық және батырлық сипаттағы жырлардың жинағы болып саналатын — «Старшая Эдца» эпосы. Бұл баға жетпес әдеби туынды XII ғ. бұл елдерде латын жазуының пайда болуы кезеңінде жазылған.
Бұл тарихи дәуірде рыцарлық әдебиет те қанат жая бастады. Бұл жанрдағы ең атақты тамаша мәдени мұра — француздардың халықтық ерлік эпосы — «Роланд туралы жыр». мұнда Испанияға жасалған әскери жорық көзінде қаза тапқан граф Роландтың әскери ерліктері жайында баяндалады. ХІІ-ХІП ғ. неміс халқының баға жетпес әдеби мұрасы — «Нибелунгтар жайындағы жыр» да халықтың шексіз құрметіне бөленді. Көне германдықтардың аңыздарына негізделген бұл жырда V ғ. Бургун корольдігіне жасалған ғұндардың шапқыншылық соғыстары — уақиғаның негізгі арқауы болған.
Батыс Еуропа елдерінде рыцарьлық поэзия да дами бастады. Германияда лирикалық поэзияның өкілдері саналған миннезинглер (жалынды махаббат жыршылары) өз шығармаларын өздері орындайтын болған. «Куртуаздық (сарай маңындағы) поэзия» - француз елінде трубадурлардың лирикалық поэзия саласындағы тамаша жетістіктерінің бірі болды. Трубадурлар таза махаббатты және өз сүйіктісіне жан-тәнімен берілген рыцарьлардың қауіп-қатерге толы өмір жолдарын, олардың көзсіз ерлік істерін үлкен шабытпен жырға қосты. Солардың ішіндегі ең атақтылары — Бертран де Борн (1140—1215 ж. шамасы), Джауфре Рюдель (1140—1170 ж. шамасы) және т.б. болды.
XII—XIII ғ. француз поэзиясының тағы бір тамаша көрінісі «ваганттар поэзиясы» болды. Ваганттар деп (латынша «кезбелер» деген мағына береді) кезбе ақындарды атаған. Олардың шығармашылығының басты ерекшелігі — вагант ақындардың католик шіркеуі мен дінбасыларын, олардың зұлымдық іс-әрекетін әділ сынның қыспағына алуы болып саналады. Олар көргенсіздік, екіжүзділік, білімсіздік сияқты жағымсыз қасиеттерден шіркеу мүлде арылу керек деп санады. Ал өз кезегінде ваганттар тарапынан қатал сынға ұшыраған христиан шіркеуі оларды қуғын-сүргінге ұшыратып отырды. «Ваганттар ордені» деп аталатын атақты жырлар вагаштар поэзиясының аса құнды шығармаларының бірі болып саналады.
XIII ғ. ағылшын әдебиетінің мәңгілік өшпес мұраларының бірі - Робин Гуд жайындағы балладалар. Робин Гудтың күні бүгінге дейін дүниежүзілік әдебиеттің ең белгілі, ең сүйікті кейіпкерлерінің қатарынан орын алуы - ағылшын әдебиетінің бет-бейнесін айқын аңғартады.
Италия әдебиетінде итальян тілінде жазылған жырлар, балладалар, соннеттер басым болып келеді. XII ғ. ортасына қарай Италияда әйелдерге деген махаббатты дәріптейтін соны бағыт — «жаңа әдемілік стиль» пайда болды. Бұл стильдің негізін салушы — болондық ақын Гвидо Гвиницелли (1230—1276 ж. шамасы) болды. XIII ғ. аяғында итальян тіліндегі ең алғашқы құқықтық шығармалар да жарық көре бастады. Солардың тырнақалдысы - новеллалар жинақтары болды. Кейіннен бұл новеллалардың сюжеттерін Боккачо атақты «Декамеронды» жазғанда кеңінен пайдаланды.
Бұл дәуірде қала әдебиеті де қалыптаса бастады. Оның көрнекті өкілдері — Чекко Анджольерн, Гвидо Орланди (XII ғ. аяғы) және т.б. Олардың шығармаларыңда қала халқының өмірі, оның күндедікті тұрмыс-тіршілігі реалистік тұрғыдан көрініс тапты. Қала әдебиетінің дамуы Батыс өркениетінің қалыптасуына айрықша әсер етті және бұл мәдени процесс қалалық мәдени өмірдің барлық салаларында ақсүйектердің мәдени белсенділігімен ұштасты.
Франциада қала мәдениеті ХІ-ХІІ ғ. туындады. Қаланың халық көп жиналатын аландарында актерлер, акробаттар, аң үйретушілер, музыканттар және әншілер жаппай өнер көрсететін. Ал осы бір өнердің сан-саласын өз бойына жинақтаған жонглерлер творчествосы — қала мәдениетінің ең басты көріністерінің бірі болып саналды. Халық алдында үлкен ілтипатқа ие болған жонглерлер той-думандарда, үйлену тойларында, жәрмеңкелерде және діни мейрамдарда өз өнерлерін көрсетті. XII ғ. бастап театр қойылымдары латын тілінде емес, француз тілінде қойыла бастады. Ең бастысы - бұл қойылымдар бұрынғыдай шіркеулерде емес, қала алаңдарында қойылатын болды. Олардың сюжеттері қала халқының тұрмыс-тіршілігін, күнделікті өмірін жан-жақты қамтыды. Бірақ, өкінішке орай, христиан шіркеуі жонглерлердің мұндай шығармашылығын еркін ойлылықтың көрінісі деп санап, олардан қатты қауіптенді.
Театр өнері Англияда да қанат жайды. Ең бастысы театр қойылымдарды XIII ғ. бастап ағылшын тілінде жүргізіле бастады. Драмалық жанрдың ерекше түрі — «моролитенің» пайда болуы да мәдени өмірдегі ерекше уақиғалардың бірі болды. Онда ізгілік пен зұлымдық сияқты бір-біріне кереғар қасиеттер кеңінен көрініс тапты. Моралиттердің басты кейіпкерлері — Махаббат, Шыдамдылық, Даналық, Жағымпаздық, Сараңдық сияқты адам бойындағы қасиеттерді шындық тұрғысынан бейнелей білді.
Қала мәдениетінің даму процесінің терендей түскендігін қалаларда шіркеулік емес мектептердің ашыла бастағандығынан аңғаруға болады. Бұл әрі игілікті, әрі мәнді мәдени құбылыс болып саналады, өйткені бұл мектептер материалдық жағынан шіркеуден тәуелсіз болды. Мектеп мұғалімдері оқушылардан түсетін қаржының есебінен жалақы алып тұрды. Ең бастысы — дәл осындай қала мектептерінің көбеюі қала халқының сауаттылығын арттыру мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал жасады. XII ғ. шіркеуден тәуелсіз дәл осындай мектептердің негізін қалаған әрі философ, әрі діндар, әрі ақын Петр Абеляр Францияның ең белелді магистрі болып саналды. Оның диалектикалық логиканың келеді мәселелерін қамтыған «Иә және жоқ» атты шығармасы өз заманының тамаша туындыларының бірі болды. Петр Абелярдың тартымды, әрі қызықты дәрістері көпшілік көңілінен шықты, өйткені онда ғылымның атқаратын рөлі сияқты келеді мәселелер көтеріліп отырды. Орта ғасырлар мәдениетінде Византия мәдениеті ерекше орын алады, өйткені ол Еуропалық мәдениеттің, яғни христиан дінінің үстемдігі Батыс пен Шығыс Еуропаны өзара жақындастырып, біріктіре түсті. Шындығында да, дін тіпті көне заманда да дәл орта ғасырлардағыдай құдіретті күшке айналған жоқ. Сөйтіп Еуропада христиан діні түпкілікті салтанат құрды. Бұл тарихи кезеңде дін тек философия ғана емес, сонымен қатар құқық жүйесіне де, саяси доктринаға да, моральдық ілімге де айналды.
Византия мәдениетінің шоқтығы өте биік болды, олай болатын себебі, византиялықтар Батыс Еуропаға қарағанда көне мәдени дәстүрлерге ертеден қойды, олар Грекия мен Рим мәдениетін жалғастырушы - мирасқорлар болды. «Екінші Рим» аталған Константинополь қаласында алып құрылыстар қанат жайды. Солардың бірі - өз заманындағы теңдесі жоқ ғимарат - София ғибадатханасы еді. Оның қабырғалары түрлі-түсті мозаикалармен безендіріліп, төбесіне көз тартарлық әсем күмбез орнатылды. 1453 ж. Византияны түріктердің жаулап алуына қарамастан, Византия мәдениеті өзінің өміршеңдігін көрсетіп, дүниежүзілік мәдениетке өз ықпалын тигізді. Оның мәдени дәстүрлері Италия, Румыния, Сербия, Ежелгі Русьте, Болгария және т.б. мемлекеттер топырағында қайта түлеп, жаңа арнаға түсті. Византия Шығыс мәдениетінің де, Батыс мәдениетінің де тамаша үлгілерін өз бойына сіңіре білді. Атап айтқанда, Шығыстың абстрактылық өрнегі мен Батыс Римнің әшекейлік динамикалық өрнегі, Батыс Римнің (бірінші Римнің) сақталып қалған мәдени мол мұраларын, сәулет өнерінің жаңа туындылары мен мозаикалық өнердің жетістіктерін, Сирия көркем мектебінің көріністік әсерлігін, Иран өнерінің әшекейлік нәзіктігі мен бейнелеу қуаттылығын және эллинизмнің адамзатты ізгілікке бастайтын барлық ізденістерін өз бойына сіңіре білді.
Міне, сондықтан да болар Батыс Еуропа мәдениеті ғасырлар бойы византиялықтардың мәдени бай мұраларынан сусындай отырып, оларды өздерінің мәдени бастауларында үлгі етті. Бүкіл орта ғасырлар дәуірінің өн бойында алыста жатқан ұланғайыр империяның мәдени жетістіктері мен мұндалап, ғажайып сұлулығымен өзіне тартатын да тұратын. Ұлы Карл өз империясының құдіретін арттыруда Византияның мәдени үлгілеріне көз тігіп, ұлы арманның діңгегі деп санаса, Германия императорлары да одан қалыспауға тырысты. Бір айта кететін жайт, дін ортақтастығының, яғни провославие дінінде болудың арқасында Батыс Еуропа елдеріне қарағанда Шығыс Еуропа елдері Византиямен тығыз мәдени байланыстар орнатуға ерекше мүмкіндіктер алды. Шығыс Еуропа мемлекеттері өздерінің ұлттық мәдениетін жандандыруда Византия сияқты озық елдерге еліктеуге ешбір арланған жоқ, қайта бұл өнер ордасының атақты мүсіншілерін, сәулетшілерін, суретшілерін өздеріне шақырумен қатар, византиялықтардың қолынан шыққан тамаша өнер туындыларын өз елдеріне әкеліп отырды. Тіпті, батыс еуропалықтардың Константинополь шеберханаларында жасалған шіркеу есіктеріне деген сұраныстары өте күшті болды. 988 ж. христиан дінін қабылдаған Русьте храмдар салу мен оларды әшекейлеу ісінде византиялық сәулетшілер мен суретшілерді үнемі пайдаланып отырған.
Орта ғасырлық Еуропа мәдениетінде, шамамен 1000-ж. бастап өзіндік ерекшелігі бар көркемдік стиль қалыптаса бастады. Ол - «роман» стилі болатын. «Роман стилі» деген термин («роман тілдері» деген терминге ұқсас енгізілген, Рим мәдениетінен мирасқорлық деген мағына береді). Азғантай уақыт шеңберінде өшпес даңққа ие болған бұл өнер стилі XI-XIII ғ., әсіресе сәулет өнері мен мүсін өнері саласында үстемдік етті және ірі соборлар құрылысында, оларды әшекейлеуде кеңінен қолданылды. Роман стиліндегі діни құрылыстар Рим сәулет өнерінің белгілерін мұра етті. Бұл құрылыстар өзінің көрнектілігімен, үлкендігімен, әсерлігімен және рациональдылығымен ерекшеленді. Лев Любимовтың пікірінше, «Роман стилінде ою-өрнек пен бейнелеу негіздері өзара сәйкес келді, табылған синтездің мәні - образдың мәнерлілік пен әшекейлі геометриялықтың, қарапайым мен өте шарттылықтың, ою-өрнектің нәзіктігі мен шомбал, тіпті, кейде дөрекі монументтіліктің үйлесуінде еді». (Л. Любимов. Батыс Еуропа өнері. Алматы, 1982, 23-бет).
Сәулетшілік жетекшілік өнерге айналған бұл тарихи кезеңде ғимараттар салуға ерекше мән берілді. Әсіресе, христиандық наным-сенімнің салтанаты мен жан-жақтылығы, оның құдіретін паш ету мен адамзат баласын құдайға құлшылық жасау жолында біріктіру мақсатында діни шіркеулер салу ісі кең қанат жайды. Әсем шіркеулер салудың әрістегені соншалық, оларды тіпті қажет болмаса да салды. Ерекше атап өтетін бір жайт, романдық стиль византиялық, таяу шығыстық (әсіресе, сириялық), германдық, кельттік және басқа да солтүстік тайпалардың өнер стильдерінің белгілерін өз бойынша сіңіре білді. Міне, сондықтан да болар, әр елдің өнер стильдерінің өзара тоғысуы нәтижесінде қалыптасқан өнердегі бұл бағыт жалпы «романдық» деген атқа ие болды.
Роман өнерінің жасаған мәдени төңкерісі - ою-өрнек пен ғимараттарды одан әрі түрлендіруінде, яғни ою-өрнекті бейнелеу пластикасымен толықтыруында, ал бұл жағдай ою-өрнек функциясын жаңа сапада орындауға мүмкіңдік берді. Ендігі жерде тастан салынған ғимараттар өте шеберлікпен жасалған адам бейнелерімен ажарлана бастады.
Готикалық дәуірде сәулетшілік өнер бұрын болып көрмеген дәрежеге көтеріліп, шоқтығы биік өнер саласына айналды, өйткені өзге өнерлердің бәрі де сәулетшілікке табынып, оның талаптарына мүлтіксіз бағынды. Осы бір тарихи кезенде туған әрбір ақын сәулетшіге айналды. Готикалық стиль бұл тұста негізінен шіркеу мүддесіне сай дамыды. Орта ғасырлық шіркеулер тасты күмбездерден тұрды, мұндай ауыр да, қомақты күмбездердің орнықты болуы үшін, шіркеу қабырғалары өте қалың етіп салынды, ал тасты күмбездерді тұрғызудың өзі де оңайлыққа түспеді, өйткені бұл кезеңде көптеген құрылыс дағдылары ұмыт болған еді. Қалай болғанда да, сыналы тастардан жасалған шомбал күмбездер готикалық заманға тән жетістіктер болды.
Шіркеулер үлкен қалаларда ғана емес, қалашықтарда да салына бастады. Сонау шалғайдан көзге шалынатын бұл ғимараттар орта ғасырлық өмірдің аса ірі жетістігі болды. Халық діни ғимараттарды жасампаздықтың күш-жігерінің айғағы ретінде жақсы көрді. Шіркеу қоңырауының сыңғыры мен органдық, музыканың әуенінен бастап, бірігіп мінәжат ету, шіркеулік жол-жоралық діни рәсімдерге қатынасу қарапайым адамдарды күнделікті күйбең тіршілік қамынан бір сәтке болса да сейілтіп, ерекше бір күйге түсіретін еді.
Батыс Еуропаның орта ғасырлық өнер тарихында Франция мемлекеті қай кезеңде болса да жетекшілік рөл атқарғандығы мәдениет тарихынан белгілі. Сондықтан да болар, Франция романдық кезеңде сәулетшілік өнердің жетістіктері мен ізденістерінің негізгі орталықтарының біріне айналады. Осы бір қасиетті елдің сәулет өнері саласындағы тамаша да, айбыңды ескерткіштерінің бірі - романдық стильдің аса көрнекті үлгісі - Париждегі Нотрдам (Құдай-ана соборы) болды. Шіркеу фасадының ерекше сымбаттылығы, оның геометриялық заңдылықтарға сай салынуы, мұнаралар ансамблінің тұтастығы кез келген адамды бірден баурап алары сөзсіз. Вазельдегі қасиетті Магдалинаның шіркеу күмбездерінің таңғажайып жарасымды айбыны да, арқалардың ғаламат салтанаты да таң қалдырмай қоймайды. Тарихи уақиғаларға толы романдық кезенде жоғарыда атап көрсетілген француз халқының ұлы поэтикалық шығармасы - «Роланд туралы жырда» (XII ғ.) өмірге келді. Ұлттық тілде жазылған бұл тамаша туындыда орта ғасырларда етек алған рыцарьлық ерлік, король мен христиан шіркеуіне адалдық дәріптелді. Халықтық эпостың негізінде туған бұл жыр француз халқының арасында кеңінен тарады, өйткені осы бір шабытты эпика толғауда өмір ақиқаты, қанағатшылдық сезімі, ішкі бай мазмұнды бере алатын ғажайып қасиеттер сияқты өзіндік ұлттық көркем даналықтың негізгі белгілері кеңінен көрініс тапты, әрі рыцарьлардың көңіл-күйін жан-жақты көрсететін фанатизмге, христиандық рухқа толы болды. XII-XIII ғ. Францияның оңтүстігінде трубадурлар поэзиясы қанат жайды. Олардың сатираларында шіркеу мен феодалдық езгіге қарсы сарын мен қарапайым адамдарға бүйрегі бұрушылық көрініс тапқан. Дәлірек айтсақ, еркін ойлылық нышандарын өз бойына жинақтаған трубадурлар творчествосы осы бір кезеңде қалыптасқан сан-қырлы дүниетанымды білдіреді.
Бұл тұста Еуропаның басқа да елдерінде ұлттық көркемдік даналықты айқын танытатын романдық өнер туындылары туындап жатты. Әр алуан сәулетшілік мектептерімен даңқы шыққан Германияда жасалған мәдени ескерткіштерде неміс халқының рухани байлығы кеңінен көрініс тапты. Рейңдік, саксондық және вестфальдық мектептер сәулетшілік өнердің дамуына зор үлес қосып, сол кездегі ұлттық көркем даналықтың ұмтылыстары мен арман-қиялдарын жүзеге асыру мақсатында тамаша ғимараттар салды. Солардың бірі - өзінің асқақ тұлғасымен көзге түсетін атақты Вармс соборы (1174-1234 ж.). Собор қала үстінде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады, қайта жаңғыртып салынса да бұл ғимарат өзінің сол бір бастапқы бет-бейнесін мүлде өзгертпеген. Шындығына келсек, Вармс, Шпейер, Майнц сияқты қалаларда тұрғызылған атақты соборлардың басты ерекшелігі де олардың күрдеді асқақтығында еді.
Кейбір мәдени ескерткіштер ел мен дәуірдің тынысын бойына сіңірсе, кейбірінің Шығыс мәдениетінің кәусар бұлағынан сусындағаны беп-белгілі болып тұрады. Ойымыз дәлелді болу үшін, XII ғ. неміс шеберінің қолынан шыққан, сүйектен жасалған орта ғасырлық ойын дойбыларына бір сәт көз салайықшы. Бұл дойбыда ағаш басына шығып, жеміс жинап отырған адам бейнеленген, оның төменгі жағында бір ақ, бір қара тышқан ағаштың тамырларын кеміріп жатыр. Осы бір дүниедегі адамдардың өмір тіршілігін аңдар мен өсімдіктердің кескіндерімен ісмерлікпен толтырып, олардың ғажайып үйлесімділігін нақтылы көрсету арқылы, сәндік әуен жасаған осы бір неміс шеберінің табиғи дарынына қалай таң қалмаймыз? Шындығында да, бұл қолөнер туындысының мазмұны - шығыстық аңызға негізделген, өйткені ағаш - өмір символы, тышқандар - түн мен күн, яғни өмірді аямай қысқартушы уақыт. Осылайша, ойынының өзі де жер бетіндегі өмірдің өткінші екендігін орта ғасырлық адамның есіне салған.
Қайта өрлеу дәуірінің бесігі болған, еркіндік сүйгіш Италия едінің мәдениеті де біртұтас романдық ағымда кеңінен көрініс тапты. Осы дәуірдің өзіне тән қалыптасқан тарихи процестер Италия өнерінде де барған сайын айқындала түсті. Оған дәлел - XI ғ. басында Флоренцияда салынған Сан-Миньято шіркеуі. Өте аумақты етіп салынған бұл алып ғимарат ағаштан қапталған және үш қырлы базилика өзінің жалпы құрылысымен ерте замандардағы христиандық ғимараттарды еске түсіреді. Бірақ осы бір сәулетті ескерткіштің тіп-тік болып аспанға созылған фасады болашаққа да меңзейтін сияқты. Романдық дәуірде аса ірі экономикалық және көркемдік өнер орталығы болған Пиза қаласының сыртындағы көк майсалы кең алқапқа салынған «Құлап бара жатқан мұнара» мен баптистерий (шоқындыратын жер) ансамблі де романдық құрылыстар сияқты аса айбынды, әрі орасан зор болғанына қарамастан өздерінің жеңіл де, әсем бейнесімен жаңаша көрініс тапқан. Демек, романдық өнердің мәні, оның идеялық және эстетикалық ұмтылысы сұсты айбындық, аскетизм, жасанды шарттылық, құдайға соқыр сезіммен табыну сияқты ұғымдармен шектелмейтін сияқты. Олай болса, өз дәуірінің тыныс-тіршілігін айқындайтын бұл өнер саласында өткен мұра мен қазіргіні қабылдаумен қатар болашақтың өркендері де кеңінен көрініс тапқан.
Шамамен 1000 ж. бастап готикалық стиль туындағанға дейін үстемдік еткен романдық стиль - орта ғасырлық Еуропаның өзіндік бет-бейнесімен, өзіндік тәуелсіздігімен ерекшеленетін көркемдік стиль болып саналады және ол варварлық тайпалардың көркемдік мәдениетінің негізінде қалыптасты. Екінші мыңжылдықтың басында Еуропалық өнердің христиандық негізінен нәр алған романдық өнер мұрасында сәулетшілік өнер жетекші рөл атқарды, ал осы бір қасиетті өнер саласының римдік, дәлірек айтқанда, гректік базиликалардың (патша сарайларының) идеяларын өз бойына жинақтай білуі - оны одан әрі асқақтатып, асқар шыңға шығарды. XIX ғ. өмір сүрген француз сәулетшісі О. Роденнің сезімен айтқанда «Романдық сәулет өнері адам өмірінің бірқалыптылығын, тұрақтылығын паш ететін, үнсіздігімен адамның мысын басып, оны табындыра білді».
Қалалардың гүлденуі мен қоғамдық қарым-қатынастардың жетілуі нәтижесінде өнер саласында жаңа бағыт - готикалық стиль пайда болды. XII-XVI ғ. Еуропа елдерінде үстемдік еткен бұл жаңа стиль діни сарындағы сәулет, мүсін өнерімен, сәндік-қолданбалы өнермен тығыз байланыста қалыптасты. Сәулет өнері саласында 1140 ж. шамасында Францияда пайда болған готикалық (гот тайпаларының атымен аталған) кейіннен Батыс Еуропа елдерінде кеңінен тарап, XV ғ. дейін, ал Еуропа-ның кейбір жерлерінде XVI ғ. дейін үстемдік етті. Романдық стильде салынған ғимараттар өзінің аумағымен, салмақтылығымен ерекшеленетін болса, готикалық стильмен салынған шіркеулер өзінің алып асқақтығымен, әрі әсемдігімен таң қалдырады. Бас айналдырарлықтай биік етіп салынған бұл тамаша ғимараттарының әдемі күмбездері, аса үлкен терезелері бірден көзге түсіп, көрген адамға нұрлы дүниелей әсер қалдыратын. Сондықтан да болар, олар «Сансыз күмбездер», «Аса үлкен терезелер», «бітісе қайнасқан», «бірін-бірі қуаланған күмбездер» деген теңеулерге ие болды.
Үш ғасыр бойы Францияда салтанат құрған готикалық өнер үш кезенді басынан кешірді. Бірінші кезең - алғашқы готика - ХII ғ. соңғы үшінші бөлігі мен бастапқы ширегін, ал екінші кезең - кемелденген готика немесе жоғары дамыған готика XIII ғ. 20 ж. соңына дейін созылса, үшінші «нұрлы готика» немесе «жалындаған готика» деп аталған соңғы кезеңі ХІҮ-ХҮ ғ. аралығын қамтиды.
XIII ғ. аяғынан бастап еуропалықтардың қалалық өміріне берік орныққан готикалық стильдің түп-тамыры ғасырлар мен мыңдаған жылдардың тұңғиығында жатқан өнердің таңғажайып жетістіктерінде жатыр. Римдіктер өте шеберлікпен пайдалана білген арқа, күмбез және тағы да басқа сәулетшілік өнер түрлері осы бір тарихи кезеңде орта ғасырлық құрылыс өнерінің негізіне айналды. Сұсты да, аумақты романдық стильдегі ғимараттар құрылысына қарағанда биікке қарай өсіре жүргізілген готикалық сәулетшілік өнер туындылары көз тартарлықтай әсем де, сәнді болып шықты. Романдық ғимараттардың биіктігі 18-20 метрден аспаған болса, алғашқы готиканың ең айбынды ескерткіші болып саналатын атақты Париж Құдай - ана соборының (париждіктер жай ғана Нотр-Дам деп атаған) биіктігі 32 м. болса, одан кейін Рейнде - 32 м., ал Аменьде - 42 м. дейін созылды. Олардың көкке қарай бой түзеген күмбездерінің биіктігі 150 метрге жетті. Аталған әрбір ғимараттың әрқайсысы ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің куәсі, замана туын-дысы болып табылады. Салынғанына алты ғасыр уақыт өтсе де, Батыс Еуропалық сәулет өнері тарихының жаңа кезеңін бастаған қасиетті Париж Құдай - ана соборы француз көркем өнер кемеңгерлігінің аса үздік туындысы болып қала береді. Осы орайда Лев Любимовтың бұл жайындағы «Египеттегі пирамидалар, Афиныдағы Парфеон немесе Константинопольдегі София соборы сияқты париждік Нотр-Дам да ғасырлар бойында өзін өмірге әкелген халықтың идеялары мен ғасырларда қалыптасқан көркем мәдениеттің куәсі болатындығымен құнды» (Л. Лю-бимов. Батыс Еуропа өнері. Алматы, 1982, 62-бет) деген орынды пікірімен санаспасқа болмайды.
Замана ағымындағы талай тарихи уақиғалардың (француз корольдері осында тәж киген, және Жанна д'Арк өзінін жеңіс туын осында әкеліп қойған) куәгері болған Рейм соборы да француздық готикалық өнердің шыңы болды. Оның бас фасады Париждегі атақты Париж Құдай - ана соборы сияқты торлы терезелері бар, екі биік мұнарасы аспанмен таласқан үш қабаттан тұрады. Аса нәзіктікпен нақышты етіп жасалған бұл ғимарат сәулет өнері мен мүсіндердің өзара үндестігін паш етеді, өйткені көз тартарлық көрінісі мен таңғажайып мүсіндердің сән-салтанаты осы бір заңғар құрылысты жеп-жеңіл етіп көрсетіп тұр. Германия Франция мен Англияға қарағанда готикалық стильге кеш көшкеніне қарамастан готикалық есемдік идеясын тамаша жүзеге асырудың арқасында зәулім ғимараттар салуда айтарлықтай нәтижеге жетті. Бүкіл неміс халқының мақтанышына айналған, Гоголь «готикалық өнердің тәжі» деп бағалаған Кельн соборы - неміс сәулетшілерінің теңдесі жоқ шабытты шеберлігінің заңды нәтижесі болып саналады. Бас айналдырарлықтай болып көкке тік көтерілген неміс готикасының теңдесі жоқ үлгісі - Фрейбург соборын «готикалық ойдың ең айқын, зор жаңалығы» деп бекер бағаламаған.
Француз бен неміс халықтарының мәдени дәстүрлер сабақ-тастығының куәгері болып есептелетін Страсбург соборы да неміс халқының ұлттық ерекшелігін ашумен қатар, шынайы интернационалдық мазмұнға ие болғандығын атап өтпеске болмайды. Бүкіл елді табындырған бұл сымбатгы ғимараттың бас сәулетшісі неміс Эрвин Штейнбахский болды.
Дүниежүзілік мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосқан итальян сәулетшілері де готикалық стильдегі айтулы мәдени ескерткіштерімен орынды мақтана алады. Солардың бірі, Қайта өрлеу дәуірінің алыбы Микенланджело өзімнің «қалыңдығым» деп мақтаныш тұтқан атақты Санта Мария Новелла шіркеуі (ХІІІ-ХІҮғ.) Италия сәулетшілері үшкір мұналары, жебе тәрізді арқалары, тор көзді терезелері бар ғимараттарды салған кезде құрылыстың көлемділігіне ерекше назар аударып, сәулетшілік үлгіні үнемі жетілдіріп отырды.
Готикалық стиль XIV ғ. Англияда кең қанат жайды. Бұл кезең - көкке өрлете салған, үйлесімділігімен көз тартатын сәндік готиканың гүлденген уақыты мен «перпендикулярлық стильге» көшуге бет алған сәт болды. Өнердің дамуындағы готикалық кезеңде алып ғимараттар құрылысымен кәсіптік артельдерге біріккен қолөнершілер шұғылданды. Олар құрылыс жұмыстарының сұраныстарына қарай қай жерде құрылыс жүріп жатса, сол жерден табылатын. Бұл жағдай готикалық сәулет өнерінің Еуропаның барлық жерлеріне кеңінен тарауына зор ықпал етті. Неміс едінің топырағында пайда болған, ал одан кейін Франция мен Англияға тарай бастаған мұндай артельдердің мүшелері сәулет өнерінің небір құпияларын жетік меңгерді және оның сырын басқаға ашпады. Тіпті артель мүшелері өзара символикалық тілмен сөйлесіп, өз ұйымдарында қалыптасқан тәртіпті қатаң ұстаған. Демек, орта ғасыр тас қалаушылары өздерінің бұл өмірлік кәсібіне соншалықты мән берген, өнерлерін бағалай білген.
Орта ғасырлар дәуірінде готикалық стильде салынған ашық галереялы қалалық салтанатты ратушалар, Руандағы атақты сот Сарайы, азаматтық құрылыстар, сән-салтанаты көз тартар жеке үйлер, сәулет өнерінің құрамдас бөлігіне айналған небір ғажайып тас мүсіндер - өнер адамдарының ұшқыр ойын, болашаққа деген жарқын көзқарасын ізгілік пен адамгершілікке ширыққан қайтпас жігерін айқындап көрсететін баға жетпес мәдени ескерткіштер болып табылады.
Готикалық өнер өкілдері адамзат баласының арман-мұңын шыңдық шеңберіңце бейнелеу үшін өздері жасаған кейіпкерлерді аса әсерлі етіп көрсетуге барынша күш салды. Өмірге келген әрбір образда адамның нақты бейнесін жасауға тырысушылық байқалды. Олай болса, романдық және готикалық өнер даналықтарының үздік туындылары көркем өнердің ғасырлар бойы өшпейтін асыл қазынасы, мәңгілік туындылары болып қала береді. Өзінің рухани байлығы, шабытты күші жағынан готикалық өнер тек қана дүние жүзілік көркем өнер саласында ғана емес, сонымен қатар дүние жүзілік мәдениеттің даму барысындағы қанатын қияға сермеген зор жаңалық болды.
Алайда, XIII ғ. гүлденудің шарықтау шегіне жеткен готикалық өнер біртіңдеп өзінің айқындығы мен жеткен жетістіктерінен айырыла бастады. Орта ғасырлар заманының соңғы кезеңде готикалық өнер тоқырауға ұшырады да, дін үстемдік еткен осы бір тарихи кезеңнің дәстүрлерінде тәрбиеленген дарынды шеберлердің ең соңғы дүниелері қоштасу белгісіндей болып қала берді. Мұндай эволюциялық құбылыс, готикалық өнердің отаны болған Францияда ғана емес, бүкіл Еуропалық өнерге тән заңды құбылыс болды. Қорыта келгенде айтарымыз, орта ғасырлық мәдениет - халықтық сипатта болды, халықтың ой-арманын нақты бейнелеуге тырысты. Мәдениет дамуының шарықтау шегіне жетіп отырған бүгінгі заманымызда өнерді бағалаушылардың бір кезде ұмыт қалған орта ғасырлық мәдениетті жан-жақты әсемдік қалпында түсінуге ұмтылуы, өткен замандардағы өнер ұлылығын қастерлеп, табынумен қатар оған ерекше мән-мағына беруі - дәуір тынысынан туған замана талабы.
Достарыңызбен бөлісу: |