Шерьязданова Х.Т. – пс.ғ.д., профессор, Абеуова И.Ә. - п.ғ.к., доцент, Нығметова Қ.Н. - аға оқытушы (Алматы қ., Қазмемқызпи)
Қазіргі заманғы бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде психикалық немесе психологиялық денсаулық ретінде байқалатын тұтас көрінісі сипатталған (Братусь Б.С., Дубровина И.В., Слободчиков В.И., Холмогорова А.Б., Гаранян Н.Г. және т.б.). Атап айтқанда, психикалық денсаулықты «...біртекті емес, күрделі, деңгейлі құрылым ретінде қарастыру қажет» екендігі көрсетіледі. «Психикалық денсаулықтың ең жоғарғы деңгейі, бұл – адамның мағыналы қатынастарының сапасымен анықталатын жеке-дара – мағыналы деңгейі немесе жеке-дара денсаулық деңгейі... Келесі деңгей – адамның мағыналы ұмтылыстарын жүзеге асыруының тепе-тең тәсілдерін құру қабілетіне байланысты жеке-дара – психологиялық денсаулық деңгейі. Соңында – психикалық іс-әрекет актілерінің ішкі, ми, нейрофизиологиялық ұйымдасуының ерекшеліктерімен анықталатын психофизиологиялық денсаулық деңгейі» /1, 72б/.
Психикалық денсаулықты мәдениеттің, эмоциялардың және психикалық денсаулықтың өзара қатынастары тұрғысынан қарастыруда: «Психикалық денсаулық, бұл – ең алдымен, әр түрлі психикалық қасиеттер мен процестердің балансы (басқа біреуге беру және одан алу, жалғыз қалу және басқалардың ортасында болу, өзіне деген және басқаларға деген махаббат арасындағы баланс және т.б.)». Ал психологиялық денсаулық проблемалары психологиялық көмектің, бұйрықшыл емес, медициналық емес психотерапия мен дара психологиялық кеңес берудің аясында қарастырылады.
Атап айтқанда, А. Маслоу адам табиғатын зерттеуде «психологиялық мағынадағы денісаулар», бұл - өзін-өзі жоғары дәрежеде кемелдендірген адамдар деп тұжырымдаған /2, 30б/ Гуманистік психологияның аясында тәжірибе жүргізетін психологтар «психологиялық денсаулық» ұғымын осындай мағынада пайдаланды және оның критерийлерін (көрсеткіштерін) бөліп көрсетеді:
-
Адамның өзін, әлемдегі өмірін ұғынуы мен түсінуі;
-
«Өмірге енуінің» толыққандығы, осы шақты күйзелуі және онда тіршілік ету;
-
Нақты жағдайда және тұтастай өмірде ең жақсы таңдауларды жасауға қабілеттілік;
-
Кез келген жағдайда өзінің негізгі қызығушылықтары мен ең жақсы таңдауларын сезіну және ұстану күйі ретіндегі «өз-өзімен үйлесімді тіршілік етуі», еркін өмір сүру сезімі;
-
«Менің қолымнан келеді» деген дербес қабілеттілігін сезінуі;
-
Әлеуметтік қызығушылық немесе әлеуметтік сезім (А.Адлердің терминологиясында), яғни басқа адамдардың қызығушылықтарын, көзқарастарын, сезімдерін есепке алуы, айналадағы адамдарға деген тұрақты назарының болуы;
-
Өмірдегі тұрақтылық, табандылық, нақтылық күйі және психологиялық дені сау тұлғаның жоғарыда аталған сапалар мен күйлердің интегративті салдары ретінде оптимистік, көңілді күйде болуы.
Бұл күйді ригидтілікпен, таптаурындар мен шаблондарға бейім болу күйімен шатастыруға болмайды. Керісінше, бұл динамикалық, белгілі бір дәрежеде тұрақсыздығы бар өмірдегі икемді де тұрақты тепе-теңдік күйі.
Әр түрлі мамандардың жоғарыда келтірілген көзқарастары мен ой-тұжырымдарының талдамасы біздің «психологиялық денсаулық» ұғымын аталмыш зерттеудің негізгі міндеттерінің аясында қарастыра отырып, оның жалпы анықтамасын құруымызға мүмкіндік береді.
Психологиялық денсаулық – тұлғаның негізін құрайтын және оның дамудың кез келген кезеңінде даралық және жас ерекшелік-психологиялық мүмкіндіктерін кемелдендіруге жағдай жасайтын іштей аман-саулылығының (үйлесімділіктің) динамикалық күйі.
Психикалық денсаулық ұғымы психологиялық әдебиеттерге кейінгі уақытта ғана кіре бастады. Психикалық денсаулық сырқатты психикалық құбылыстардың жоқтығымен сипатталатын және қоршаған орта жағдайларына мінез-құлық пен іс-әрекеттің дұрыс реттелуін қамтамасыз ететін рухани (ішкі жандүниелік) аман-саулық жағдайы ретінде қарастырылады.
Бірқатар психологтардың еңбектерінде психикалық денсаулық психологиялық жайлылық пен психологиялық қолайсыздықты бастан кешірумен салыстырылады. Психологиялық қолайсыздық депривацияға ұшырататын бала қажеттіліктерінің фрустрациясының нәтижесінде туындайды. Бір немесе бірнеше бала қажеттіліктерінің фрустрациясы әр түрлі психосоматикалық аурулар (өкпе ауруы, құсу, бас аурулары және т.б.) түрінде көрінетін мектептік невроздар негізінде жатыр.
А.И.Захаров былай деп көрсетеді: «Бала неврозын оның ата-анасының жеке тұлғалық ерекшеліктерімен, дұрыс тәрбие бермеуімен және отбасындағы бұзылған қарым-қатынастарымен тығыз байланысты шығу көздерін түсінген соң ғана сәтті емдеуге болады.
Психикалық денсаулық мәселесін шешу тұрғысында, психиатрия.классиктері, жеке алғанда, П.В.Ганнушкин (1964) ұсынған және көлемді түрде тараған (lokus resistentiv - анағұрлым аз наразылық орындары) тұжырымдамасы белгілі қызығушылықты тудырады (А.Е.Личко, 1977, 1979; Э.Г.Эйдмиллер, В.В.Юстицкий, 1983). Осы тұжырымдамаға сәйкес психопатияның декомпенсациясының, уақытша дезадаптациясының, мінез-құлқының акцентуациясының негізінде мінез-құлқында ақаулықтары бар адамдардың, жағдайлардың белгілі бір түрлеріне бейімсіздігі жатыр.
Бұл жасөспірімнен өзінің жойқын күш-қуатын, (мінез-құлқының гипертимдік ақаулығы) тежеуді талап ететін, маңызды адамдар тарапынан эмоциялы қолдамауы (мінез-құлықтың лабильді ақаулықтары), қарама-қайшы қарым-қатынастар жағдайы (эпилептоидты ақаулық барысында), жеке тұлғаға көңіл аударудың жетіспеушілігі (истероидты ақаулық барысында) жағдайлар. Тұрақсыз ақаулықтар барысында қиыншылықтар «сензитивті» - «емтихандар», әртүрлі сынақтар, психоастеникалық-шешім қабылдау және таңдау жасау қажеттілігінің барысында еріктік күш-жігерді көрсетуді талап ететін жағдайлардан туындайды. Э.Г.Эйдемиллер мен В.В.Юстицкий бейімделмеушіліктің себебі – жасөспірімнің өзінің бір шешілуі қиын жағдайымен кездесуі, ал психологтың міндеті – жасөспірімге осы жағдайды шешу қабілетін өсіруге көмектесуі болып табылады – деп атап көрсетеді (1983).
Психикалық денсаулық ұғымы психологиялық әдебиеттерге аз уақыт бұрын ғана кіре бастады. Психикалық денсаулық сырқатты психикалық құбылыстың жоқтығымен сипатталатын және қоршаған ақиқат жағдайларында мінез-құлық пен іс-әрекеттің дұрыс реттелуін қамтамасыз ететін рухани (жандүниелік) жайлылық жағдайы ретінде қарастырылады.
Бірқатар психологтардың еңбектерінде психикалық денсаулық психологиялық қолайсыздық пен психологиялық жайлылықты бастан кешірумен салыстырылады. Психологиялық қолайсыздық депривацияға алып келетін бала қажеттіліктерінің фрустрациясының нәтижесінде туындайды. Бала қажеттіліктерінің бір немесе бірнешеуінің фрустрациясы әртүрлі психосоматикалық аурулар (өкпе ауруы, құсу, бас аурулары және т.б.) түрінде көрінетін мектептік невроздың негізінде жатады.
Патогенездегі басты рөлді, А.И.Захаров атап көрсеткендей жеке тұлғаның қарама-қайшы қатынастарының қақтығысуын, сәйкес келіспеушілігін білдіретін, психологиялық, яғни ішкі қарама-қайшылықтар атқарады. Қарама-қайшылыққа тән күйзелістер – жеке тұлғаның қарым-қатынас жүйесінде орталық орынды алған жағдайда және дау-дамай патогенді қысым жоқ болып, туындаған жағдайдан рационалды, тиімді шығу жолдары болмаған жағдайда ғана аурудың туындау көзі болады /3, 6-7 б./.
Чех психологтары И.Лангмейер, З.Матейчик (1984) депривация тек бір ғана фактордың әсерінен туындауы мүмкін емес екендігін, әрбір депривациялық жағдайда әрбір балада, дамудың әрбір кезеңінде, әр түрлі өзара қатынастарда болатын баланың бірнеше маңызды қажеттіліктерінің қанағаттанбаушылығы тән екендігін атап көрсетеді. Сондықтан баланың белгілі бір даму кезеңінде қандай психикалық қажеттіліктер ерекше күшті болатынын және жеткілікті түрде қанағаттандырылмауын анықтау өте маңызды. Осының барысында сол бір депривациялық жағдайдың ықпалын сезінетін балалар өздерін түрліше ұстайтындықтарын есте сақтау керек. Алайда, әрбір бала өзінің қалыпты дамуы үшін ең алдымен жылылықты, сүйіспеншілікті қажет етеді, -деп есептейді авторлар. Егер ол қажетті деңгейде жағымды көңіл-күйіне бөленіп және эмоциялы сүйенішті сезінетін болатын болса, сонда ол басқадай жетіспейтін психикалық элементтердің орнын толтырады. Мінез-құлық пен дамудың кемшіліктері негізінен патогенді мағынаға ие аффективті қажеттіліктердің жеткілікті түрде қанағаттандырылмауынан туындайды, яғни эмоциялы, аффективті депривация болып табылады /4, 21б/
Жоғарыда аталған барлық еңбектерде «психикалық денсаулық» термині қолданылатындығына қарамастан ең алдымен сөз психикалық денсаулық бұзылыстары: денсаулықтың бұзылу себептері, психикалық денсаулық үшін қолайсыз жағдайларда сырқаттану белгілерінің көрінуі, т.с.с. туралы болып табылады. Мұны 1979 жылы бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (БҰҰ) мамандары атап көрсеткен. Олар өте маңызды ұсыныстар берді:
-
баланың психикалық бұзылысқа деген әлсіздігін көрсететін факторларды зерттеуден баланы стресс әсерінен қорғайтын факторларды зерттеуге көшу;
-
жағымсыз әсерлер мен әсерлердің сәтсіз шараларын зерттеуден психикалық бұзылыстарды алдын-ала ескеруге мүмкіндік беретін әсерлерді зерттеуге көшу.
Соңғы жылдардағы ғылыми мәліметтер мен білім беру мекемелеріндегі психологтардың тәжірибелік жұмыстарының талдауы бала дамуындағы әр түрлі психикалық бұзылыстардың алдын алатын негізгі фактор -онтогенездің әрбір кезеңіндегі баланың толыққанды психикалық дамуы болып табылатынын көрсетеді. Бала дамуының потенциалды мүмкіндіктерін іске асыру, жас ерекшелік кезеңінің сензитивтілігіне сәйкес келетін жағдайлардың жасалуына тәуелді.
Баланың психикалық дамуы оның психикалық денсаулығы үшін неге осындай мәнге ие екендігі бала өмірінің әрбір жас ерекшелік кезеңінде іс-әрекетке, қарым-қатынасқа, танымға және т.б. деген белгілі бір қажеттіліктері туындап отыруымен байланысты. Оның психикалық қабілеттерінің дамуындағы бұзылулар, баланың қоршаған орта, адамдар, мәдениет, табиғат әлемімен өзара әрекеттестігін тежейді және осылайша депривациялық жағдайды тудыратын болғандықтан осы қажеттіліктердің қанағаттандыры-луына кедергі жасайды.
Кей кездері біз тым асығамыз. Бізді ертеңгі күніміз мазалайды, біз еріксізден бала үшін бүгінгі күн мен оның өзін де құнсыздандыра отырып, баланы ертеңгі күнге дайындаймыз. Бірақ та ол бүгін өмір сүреді ғой: бүгін сезінеді, әрекет етеді, бір нәрсені қалайды... Я.Корчактың осыған баса назар аударуы кездейсоқ емес. Ол осы қазіргі уақытты және бүгінгі күнді сыйлау (қадір тұту) керек екендігі туралы айта келіп: егер біз балаға бүгінгі күні саналы, жауапкершілікпен өмір сүруге мүмкіндік бермесек, онда ол ертең қалай өмір сүре алмақ?- деп толғанады. Ересектер балаларға әрбір атқан таңның қуанышына бөленуге және сенуге мүмкіндік беруі керек. Бала дәл осыны қалайды. Ол ертегіге, итпен сөйлесуге, доп ойнауға, суретті мұқият қарауға, әріптерді қайталап салуға уақытын аямайды. Бұның бәрі оған ұнайды. Бұл әбден дұрыс.
Баланың дұрыс қалыпты дамуының жағдайлары, бұл – қазіргі заманның әлеуметтік және мәдени құрамына енгізілген біртұтас медициналық-психологиялық-педагогикалық жүйе. Мұндай жүйенің негізгі сипаттамасы дамудың әлеуметтік жағдайы болып табылады (Л.С. Выготский). Оның негізін, баланың өмір сүретін ортасын сезінуі және осы ортадағы басынан кешіретін сезімдері құрайды. Егер осы күйзелістер жағымды болса, орта дамытушы эффектіге ие және онда баланың потенциалды психикалық денсаулығының жүзеге асырылуы мүмкін.
Сол бір орта, сол бір мектеп, сол бір мұғалімдер және т.с.с. мүлдем де бірдей емес адамдарды қалыптастыратындығы түсініксіз болуы мүмкін. Алайда толығымен бірдей, ұқсас зат табиғатта жоқ, тіпті бір ағашта екі бірдей жапырақ болмайды, ал адам тәрізді күрделі жүйенің дамуы туралы сөз қылудың тіпті қисыны жоқ. Ол ешбір кезеңде сәйкес келмейтін және әркез сайын жаңа комбинация құрайтын әр түрлі әсерлердің қиылыс нысанасы болып табылады. Оқыған және меңгерілген кітаптардың бірегей жиынтығы, тыңдалған лекцияның құрамы, көрген спектакльдердің, әңгімелердің, кездесулердің құрамы, әр кез сайын жаңа әсерлердің, жаңа сезімдердің және ойлардың жаңа үйлесімі – осының бәрі әрқашан ғажайып (күтпеген) нәтиже береді.
Сондай-ақ, қабылдаушының өзі де әрбір әсерге әр түрлі жауап қайтарады: біреулеріне өшпес із қалдырса, біреулеріне еш тимей өтеді. Бір орта - әр түрлі нәтиже осыдан шығады. Сонымен, психикалық денсаулықтың негізін онтогенездің барлық кезеңдеріндегі баланың толыққанды психикалық дамуы құрайды. Дәлірек айтқанда, жоғарғы психикалық қызметтердің дамуы ғана психикалық денсаулықты қамтамасыз етеді. Психикалық денсаулықтың бұзылуы, яғни түзетушілік жұмыстарға деген қажеттілік те жеке және жас ерекшелік мүмкіндіктері дер кезінде іске аспаған жағдайда, онтогенездің сол немесе басқа кезеңіндегі мектеп оқушылары мен басқа да балалардың жас кезеңдеріне сәйкес психологиялық жаңа құрылымдары мен нағыз даралық тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуына жағдай жасалынбаған уақытта туындайды.
Баланың психикалық денсаулығы тұрақты талдауды қажет етеді және әрбір жас ерекшелік кезеңі үшін және осы кезеңге өткен әрбір нақты бала үшін айрықша ерекшеліктері бар қоршаған орта жағдайларын түзетіп отыруды талап етеді.
Тағы бір ұғымды «психологиялық денсаулықты» енгізудің қажеті не еді және ол психикалық денсаулықпен қандай байланыста болады, - деген сұрақ туындауы заңды.
Егер И.В.Дубровина және т.б. көзқарастары бойынша «психикалық денсаулық» термині ең алдымен жекелеген психикалық үрдістер мен механизмдерге қатысты болса, ал «психологиялық денсаулық» термині жалпы жеке тұлғаға қатысты, адамзат жан дүниесінің жоғарғы көріністерімен тығыз байланысты болады және медициналық, әлеуметтік, философиялық және т.б. аспектілерге қарағанда адам денсаулығы мәселесінің психологиялық аспектісін анықтауға мүмкіндік береді.
Баланың ақыл-ой, психикалық дамуымен айналыса отырып, оның денсаулығы мен тәннің тазалығы туралы мазасыздана отырып, біз оның рухани дамуы туралы ұмытып кетеміз. Ал, «адамның рухани жан дүниесі – бұл тек жай сипаттама ғана емес, оның айқындаушы ерекшелігі болып табылады; руханилық, жануарларға да тән психикалық және тәндікпен қатар адамға жәй ғана тән нәрсе емес. Руханилық, ол – адамды айрықша ететін және тек адамның бір өзіне ғана тән нәрсе» (Франкл В. Человек в поисках смысла. М., 1990 - с. 93).
Руханилықты – жеке тұлғаның ерекше эмоциялы-рухани күйі ретінде, абсолютті құндылықтар – шындық, сұлулық, жақсылыққа бағдарланған және оларды заттық-мақсаттық іс-әрекет пен қарым-қатынаста жүзеге асыруға тырысатын адам саналылығы ретінде түсінуге болады. Тәжірибенің арқасында ақиқатқа жету үшін өзіндегі өзгерістерді жүзеге асыруын руханилық деп атайтын Мишель Фукомен бірге В.П. Зинченко мен Я.Б. Моргунов та, оны субьектінің сол ізденісі, сол практикалық әрекеті, сол тәжірибесі деп таниды.
Сондықтан да, психологиялық денсаулық мәселесіне, жеке тұлға дамуының байлығы, толықтылығы тұрғысынан қарау барынша перспективалы болып табылады. Генетикалық-психологиялық мониторинг және халықтың әр түрлі топтарын тексеруді жүргізу геномның қоршаған ортаның онтогендік факторының жиынтығының әрекетіне деген жеке сезімталдығын болжау үшін пайдаланылуы мүмкін. Ол алдын алу және орнын толтыру шараларын жүргізу бойынша кепілдемелерді жасау үшін де қолданылады.
Адам және табиғаттың қарым-қатынас мәселелері бірқатар ғылыми пәндер үшін шешуші мәселелердің бірі болып табылады: адам экологиясының (Б.Г. Иоганзен, Е.Д. Логачов) және т.б. созология – табиғатты қорғау туралы ғылымның (В.М. Галушин, Н.А. Гладков, А.А. Иноземцев, И.П. Лаптев, А.В. Михеев және т.б.), әлеуметтік-экономикалық (құрылымдық) географияның (И.П. Герасимов, А.Г. Исаченко және т.б.), инвайронменталдық (экологиялық) әлеуметтанудың (С.П. Баньковская, О.П. Неменова, Ю.М. Плюснин және т.б.), әлеуметтік экологияның (В.Д. Комаров, O.D. Durican, L.F. Schnore және т.б.).
Соңғы уақыттарда экологиялық мәселелерді зерттеуге психологиялық ғылымда да көбірек көңіл бөлінуде. Осының барысында “экологиялық психология” термині бірқатар, бір-бірінен барынша айрықша психологиялық салалар мен бағыттарды атау үшін пайдаланылады. Ең аз дегенде 4 сала анықталынады: психологиялық экология, қоршаған орта психологиясы, психологиядағы экологиялық тұрғы және экологиялық сана-сезім психологиясы.
Психикалық дамудың теориялық және әдіснамалық аспектілері және ақаулықты диагностикалау көптеген ғалымдар еңбектерінде берілген (Л.С.Выготский, Л.И.Божович, А.В.Запапожец, М.И.Лисина, Х.Т.Шерьязданова, А.Валлон, А.Фрейд, Э.Эриксон және т.б.).
Биологиялық, психологиялық және әлеуметтік сипаттағы сыртқы ортаның қолайсыз немесе әдеттен тыс факторларының әсерінен қалыптасқан психикалық күйлерге: шаршау, қалғу, мүлгу жағдайы, депрессия, аффекті, фрустрация тәрізді күйлерді жатқызуға болады.
Химиялық және физикалық әсерлердің бәрі адамның физикалық, психикалық және психологиялық денсаулығына тікелей қауіп тудырушы ретінде қабылданбайды. Бұл адам тікелей қабылдамайтын радиациялық әсер ету жағдайында анағұрлым айқын байқалады. Осының нәтижесінде адам сол әсердің қабылданылатын деңгейін және соған сәйкес оның қауіптілік немесе қауіпсіздік деңгейін де бағалай алмайды.
Радиациялық әсер әсер етудің басқа түрлерінен (мысалы, механикалық, химиялық) өзінің адам ағзасының тікелей энергетикалық саласына әсер ететіндігімен ерекшеленеді. Мұндай әсер етудің аз мөлшері жеке тұлғаның энергетикалық құрылымының жалпы әлсіреуіне алып келуі мүмкін.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Бехтерев В.М. Личность и условия ее развития и здоровья. 2-е изд, СПб: Изд. К.Л.Риюсера 1905.
-
Практическая психология оброзования. Под ред. И.В. Дубровины. М., 2004.
-
Волков Г.Д. Проблемы изучения психического здоровья и разработка комплексных психогигиенических мероприятий в Сибири М., 1980.
-
Психология здоровья. Под ред. Г.С.Никиторова. СПб, 1998.
-
Дерябо С.Д. ; Ясвин В.А. Экологическая психология и педагогика. Ростов-на-Дону, 1996.
-
Захаров А.И. Неврозы у детей и психотерапия. СПб,1908.
-
Дорожнова К.П. Роль социальных и биологических факторов в развитии ребенка. М: Медицина 1983.
-
Пахальян В. Развитие и психическое здоровье. М 2006.
-
Панов В.И. Введение в экологическую психологию. М. 2001.
-
Байко О.В.Охрана психического здоровья. М 2004.
-
Новиков Ю.В. Природа и человек. М. 1991.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада психикалық және психологиялық денсаулық ұғымдарының ара жігі қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются соотношение понятий психического и психологического здоровья.
Ғылымдағы ғылыми таным рөлі
Ысқақ Г.Т. - психология магистрі (Алматы қ., Қазмемқызпи)
Ғылым ұғымы - танымдық іс-әрекеттің негізгі формасы, оның негізгі “тасымалдаушысы”. Жаңа заманға дейін ғылымның білім жүйесі, өзінше рухани феномен ретінде және әлеуметтік институт ретінде қалыптасуына мүмкіндік болмады. Ерте заманда ғылымның тек элементтері, алғышарттары ғана болды. Ғылым тек жаңа заманда, ХVI-XVII капиталистік өндірістің қалыптасу дәуірінде ғана пайда болды. Осы кезден бастап ғылым өз бетінше дами бастады. Дегенмен, ғылым тәжірбиемен тығыз байланысты, даму үшін ғылымға тәжірбие әсер етеді, өз кезегінде ғылым да тәжірбиелік іс-әрекет барысына әсерін тигізеді.
Ғылым жаңа білімдерді ашуға бағытталған шығармашылық іс-әрекет және осы іс-әрекеттің нәтижесі: белгілі бір принциптердің негізінде бүтін жүйеге келтірілген білімдердің жинағы. Әртекті, бейберекет мәліметтердің қосындысы ғылыми білім емес. Танымның басқа формалары сияқты ғылым да әлеуметтік- тарихи іс-әрекет. Ол қоғамдық сананың ерекше формасы ретінде өзіндік функциялар атқарады.
Қазіргі әлемде ғылымның, ғылыми танымның рөлінің артуы, оның күрделілігі мен қарама-қайшылықтары оны бағалауда екі қарама-қайшы ұстанымға әкеледі- сцентизм және антисцентизм.
Стенцизм (лат. Scientia - ғылым) жақтастары “ғылым бәрінен де жоғары”, оны адамдық іс-әрекет формаларымен түрлеріне үлгі ретінде енгізу қажет деп санайды. Сцентизм жаратылыстану және техникалық ғылымдарды ғана мойындап, олардың көмегімен әлеуметтік мәселелерді де шешуге болады деп санады. Қоғамдық ғылымдар танымдық мәні жоқ деп танылып, теріске шығарылады. Антисцентизм бойынша: ғылым әлеуметтік прогрессті қамтамасыз ете алмайды, оның мүмкіндіктері шектеулі деп санады. Ғылым адамзаттың жауы, оның нәтижелерін қолдану (әсіресе әскери салады) катастрофиялық, ол мәдениетті бұзады деп санады.
Бұл екі ұстанымда ғылымға көңілге қонымды мезеттер бар. Олардың синтезі арқылы қазіргі қоғамдағы ғылымның рөлін нақты анықтауға болады.
Ғылымдағы ғылыми танымның негізгі міндеті- шындықтың объективті заңдарын анықтау: табиғат, әлеуметтік, танымның, ойлаудың заңдары. Сондықтан, зерттеу заттың жалпы мәнді қасиеттеріне, оның қажетті сипаттамаларына және олардың идеалдандырылыған объектілер формасында көрінуіне бағдарланады. Егер бұл жоқ болса ғылым да жоқ деген сөз, себебі ғылымилық ұғымының өзі заңдарды ашу, зерттелетін құбылыстардың мәніне бойлау дегенді білдіреді.
Ғылыми танымның негізгі мақсаты және жоғарғы құндылығы-объективті ақиқат, оған негізінен рационалды амалдар және әдістер көмегімен жете аламыз, әрине пайымдау мен рационалдылықтан тыс амалдар да қатысады. Ғылыми танымның мұндағы сипаттамасы- объективтілік зерттеу пәніне тән емес субъективті мезеттерді ығыстыру. Ғылыми ізденістердің өмірлік маңызын мына формула арқылы беруге болады “Білу болжау үшін, болжау әрекет ету үшін”.
Ғылыми таным бұл- табиғи немесе жасанды тілде бекітілген ұғымдар, теориялар, гипотезалар, заңдар және басқа да идеалды формалардың бүтін дамушы жүйесін қалыптастыратын білімдерді қайта жаңғыртудың күрделі әрі қарама-қайшылықты процесі. Ғылыми білім күнделікті тіршілік тәжірбиені жинақтаудан басталып, ондағы мәліметтерді жүйелеп, терең зерттей отырып теория және заң формаларына дейін дамиды. Ғылым заң мен теорияларды бөліп қана қоймайды, сонымен қатар, оларды өздерінің негізінде, өздерінің нормалары мен принциптеріне сәйкес үздіксіз жаңартып отырады. Өзінің концептуалды арсеналын үздіксіз жаңартып отыру процесін методологияда “прогрессизм” терминімен белгіленеді және ғылымилықтың маңызды көрсеткіші болып саналады.
Ғылыми таным үшін қатал дәлелдік, алынған мәліметтердің негізділігі, қорытындылардың шынайылығы тән. сонымен бірге ғылыми танымда болжамдар, мүмкіндік пайымдаулар да аз емес. Сондықтан да ғылыми зерттеущілердің логика методологиялық даярлығы, философиялық, психологиялық мәдениеті жоғары рөлге ие, олар өздерінің ойлау мәдениетін, заңдар мен принциптерді дұрыс қолдана білу қабілетін дамытып отыруы керек.
Ғылымда методологиялық рефлексия жиі орын алады. Яғни объектілерді зерттей отырып, олардың ерекшеліктерін, қасеиеттері мен байланыстарын анықтай отырып қолданылатын әдіс-тәсілдерді де саналаймыз.
Соңғы кездері қоғамдық танымға деген қызығушылық артуда. Ол ғылыми танымның ерекше түрі болып табылады және ол туралы айтқанда мынадай екі аспектіге көңіл бөлуіміз керек.
-
кез-келген таным түрі әрқашанда әлеуметтік, себебі қоғамдық өнім және мәдени-тарихи себептермен себептелген;
-
ғылыми танымның бір түрі, оның зерттеу пәні қоғамдық құбылыстар мен процестер бүтін қоғам немесе оның жеке жақтары (экономика, саясат, рухани сфера, әр түрлі инидвидуалды құрылымдар т.б.).
Ғылыми таным күрделі құрылымды. Оның құрылымдық элементтеріне: объект (танымның пәндік облысы); таным субъектісі; таным құралдары- әдіс-тәсілдері жатады. Басқа құрылымдық қырынан қарайтын болсақ, мынадай элементтерді бөлуге болады: фактілік материал; алғашқы жалпылау нәтижелері; фактілер; негізделген ғылыми болжамдар (гипотезалар); соңғыдан туындайтын заңдар принциптер, теориялар, философиялық ұстанымдары: әлеуметтік мәдени негіздемелері т.б.
Ғылыми таным білімдер жүйесі дамитын процесс, оның негізгі элементі – теория- білімнің ұйымдасуының ең жоғарғы формасы. Бүтіндей алғанда ғылыми таным екі деңгейден тұрады. Эмпирикалық және теоретикалық. Олар бір-бірімен байланысты және өзіндік ерекшелікке ие.
Эмпирикалық деңгейде сезімдік таным басым болдаы. Сондықтан да зерттелетін объектінің сезім арқылы танылатын сыртқы байланыстармен көріністері бейнеленеді.
Кез-келген ғылыми таным мәліметтерді жинау, жүйелеу және жалпылаудан басталады. Факт (мәлімет) дегеніміз: шындықтың бір бөлшегі, объективті жағдай, қандай-да бір құбылыс, жағдай туралы шынайы білім, бақылау не эксперимент арқылы алынып, тіркелген мәлімет. Фактілерді жинау, алғашқы өңделуі, сипататлуы, жүйеленуі, жіктелуі- эмпирикалық танымға тән белгілер.
Теоретикалық деңгейде танымның рационалды мезеттері басым (ұғым, теория, заң). Теоретикалық танымда құбылыстар мен процестер ішкі байланыстары мен заңдылықтары тұрғысынан қарастырылады, бұған эмпирикалық мәліметтерді рационалды өңдеу арқылы жетеміз. Бұл өңдеуге “жоғарғы деңгейдегі” абстракция жүйесі, ұғымдар, ой қорытындылары, заңдар категориялар, принциптер т.б. жатады. Зерттелетін объектілерді мәліметтер негізінде жалпылау, олардың мәнін анықтау, олардың ішкі заңдылықтарын анықтау жүреді.
Танымның эмпирикалық және теоретикалық деңгейлері өзарабайланысты. Эмпирикалық зерттеу бақылау және эксперимент арқылы жаңа мәлімететр жинақтап теориялық танымды белсендіреді, ал, теориялық таным, эмпирикалық таным көмегімен жаңа бағдарлар ашады.
Теориялық танымның негізгі құрылымдық компоненттеріне мәселе, гипотеза және теория жатады. Мәселе - мәні ашылмаған, бірақ ашылуы, танылуы қажет білім формасы. Яғни бұл әлі жауабы алынбаған сұрақ деген сөз. Мәселе қатып қалған білім емес, ол –процесс. Оның қзғалысының екі кезеңі бар- оның қойылуы және шешілуі.
Гипотеза - бірқатар фактілердің негізінде қалыптасқан болжам түріндегі және шынайы мәні анықталмаған, дәлелдерді қажет ететін білім формасы.
Теория - белгілі бір құбылыстың заңдылықтың мәнді байланыстары жайлы, толық мағлұмат беретін ғылыми білімнің дамыған формасы. Мысалы, И.Ньютонның классикалық механикасы, Ч.Дарвиннің эволюция теориясы, А.Энштейннің қатыстылық теориясын айтуға болады. Теорияның кілттік элементі – заңдылық, сондықтан да теорияны зерттелетін объектіні мәнін білдіретін заңдардың жүйесі деп қарастыруға болады.
Кез-келген ғылыми теорияға қойылатын негізгі талап-шындық фактілеріне және олардың байланыстарына сай келуі және теория объективті шындықты бейнелеп қана қоймай, оның даму тенденцияларын бағыттарын анықтау керек. Теория өз бетінше еш өзгеріс жасай алмайды. Ол материалды күшке айналуы үшін адамдар керек яғни теорияны практикалық шындыққа айналдыратын адам.теорияны меңгеріп жүзеге асырған адамдардың тәжірбиесі теориялық білімнің заттануы.
Ғылыми танымда тұлғаның психикалық процестері, қасиеттері, күйлері көрініс береді. Қоғамның дамуына үлес қосатын қиял, ойлау процестері. Ойлау дегеніміз дүниенің, болмыстың жалпы және жанама түрде бейнеленуі. Ойлаудың түрлері көп, соның ішінде ғылыми танымда, репродуктивті, продуктивті ойлау түрлері маңызды. Қиял дегеніміз бұрын қабылданған немесе жаңа бір бейнелердің немесе идеялардың пайда болуы. Қиялдың шығармашылық, қайта жасау қиял түрлері бар. Осы секілді ғылыми танымның да репродуктивті және продуктивті ғылыми таным түрлері бар.
Қазіргі таңдағы ғылымдағы ғылыми танымның рөліне келсек, жиі кездесетін түрі репродуктивті ғылыми таным басым деп айтуымызға болады.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Жарықбаев Қ Психология негіздері. А. 2005.
-
Алдамұратов Ә. Қызықты психология. А. 1992.
-
Өзіндік таным. №1, №2 18-23б. 2002.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада ғылыми танымдағы репродуктивті ғылыми танымға деген көзқарастар қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются взгляды на научное репродуктивное познание в научном познании.
Достарыңызбен бөлісу: |