ПӘні бойынша оқыту бағдарламасы


С.Торайғыровтың “Таныстыру”, “Адасқан өмір”, “Кедей”, “Айтыс” туындылары қазақ поэмасы тарихындағы жаңа беттер ғана емес, әдебиетіміздегі бедерлі белес, үрдісті үлес, кезеңдік шығармалар



бет2/6
Дата09.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#126082
1   2   3   4   5   6
 С.Торайғыровтың “Таныстыру”, “Адасқан өмір”, “Кедей”, “Айтыс” туындылары қазақ поэмасы тарихындағы жаңа беттер ғана емес, әдебиетіміздегі бедерлі белес, үрдісті үлес, кезеңдік шығармалар.
Ақын “Адасқан өмір” поэмасында адамның өмірін түрлі кезеңге бөліп, соны тегіс өзіндік ерекшеліктерімен үйлестіре отырып, суреттеу шығады. Өмірдің кезеңдерінде қай адамның болсын, қай кездегі адамның болсын бапсында, бойында болатын мінез-қылықты, хал-жайды, ой-қиялды дәл, өте шебер суреттейді.

Ақын поэмаларында кейіпкер санаулы ғана – “мен”, кедей, қара қазақ, дала ақыны, қала ақыны. Оның суреткерлік сұңғылалығы бірер кейіпкер көңіл-күйі, сезім тебіренісі арқылы адамзаттың өмірі, тірлігінің мәні, адам атаулының болашаққа талпынысы философиялық топшылауларға негіз болып, әсемдік әлемінде соны дүниелер санатында мәңгі бақи қалуында.

“Таныстыру”, “Кедей”, “Кім жазықты?”, “Қамар сұлу” романдары мен поэмаларында өз замындағы бірсыпыра кісі бейнелер бар: Қамар мен Аппақай қазақтың оқыған, ұнамды, ақылды, көрікті қыздарының бейнесі, Жорға Нұрым, Тасболат ала аяқ қу, ірі феодалдардың бейнесі; қазақтың зиялы қауымынң, таихи тұлғалардың бейнесі.

“Кім жазықты” романы –тұңғыш өлеңмен жазылған роман. Романға үш ұрпақ өмірі арқау болған, замана өзгерісіне қарай соңғы ұрпақ өкілдерінің арасындағы тартыстар, көзқарас қайшылықтары суреттелген. Әжібай менәжібайшыларды тудырған заман шындығы, романда әлеуметтік теңсіздік шындығы ашылған. “Кім жазықты” романында қазақ қоғамының күрделі мәселелері кең түрде алынып, суреткерлік шеберлікпен жазылған.Өлеңмен жазылған “Кім жазықты?” романында ақын Әжібай болыстың “өсу жолын”, оның шолжаңдық, мас, жалқау, бет-әлпетін, азғындығын көрсетеді. Әйел мәселесі мұнда да басты орын алады. Әмеңгерлік, қыздардың сүйгеніне бара алмауы батыл айтылады.

Роман аяқталмаған. Алацда қазақ тұрмысының сол кездегі әдет-ғұрпы, Әжібай болыс қылықтары арқылы көрінетін әлеууметтік теңсіздік – мұның бәрі дәл көрсетілген. Ақын осыларға кім жазықты, кім кінәлі деп сұрау қояды.

“Қамар сұлу” романы – көркем прозадағы жаңашыл шығарма. Романда өмір шындығын суреттеуде, кейіпкерлер образын сомдауда көркемдік құралдарды аса бір шеберлікпен қолданған. Роман ескі мен жаңаның күресінің көркем бейнеленуімен құнды.

Романдарында ескі қазақ ауылын, оның бай-феодалдарының надандық қылықтарын, олардың қолында бас бостандығын ала алмай бодан болған қазақ қызының тағдырын жазады. Ескі әдет-ғұрыпқа қарсы, жаңаша білім алған Ахмет, Қамар және оның әкесі сияқты жағымды кейіпкерлер олпрға қарсы қойылады. Бұлар парасатты, өмірге сын көзімен қарайтын, бірақ сол соқыр күшке бел байлап, қарсы шығуға әлі шамасы жоқ жандар. Алайда, қазақ жастарының алға, жаңаға ұмтыла бастаған алғашқы өкілдері еді.


9-тақырып М.Жұмабаев

Жоспар

1.Мағжан романтизмі

2. Мағжан поэмалары

Мағжан романтизмi дегенде, оның үлкейту, әсiрелеуi поэзияға тән шарттылыққа негiзделгенiн, сол арқылы ақын стилiне де тән екенiн қайталап айтқымыз келедi. 1914 жылғы «Жер жүзiн топан басса екен» өлеңi – бұған дәлел.

Жер жүзiн топан басса екен!

Асқар таудан асса екен!

Таудай толқын құтырып,

Улы көбiк шашса екен!

Басса екен топан жер жүзiн!

Жапса екен көбiк Күн көзiн!

Жанды-жансыз жоқ болып,

Қалсам жалғыз бiр өзiм!

Жан иесi тыншықса,

Үн иесi тұншықса,

Қараңғы жердiң көгiне

Күн болып сонда мен шықсам!

Қандай ойын салар ем!

Жалынмен бәрiн жалар ем!

Шетсiз-шексiз дүниеде

Жалғыз өзiм қалар ем!

Заулаған от – жалғыз жан

Жер мiнездi жоқ адам.

Заулап тұрған отымнан,

Жаратар ем жаңа адам!

Поэзияны сөзбе-сөз түсiндiрумен шектелiп, бiржақты кетуден арылсақ, ақынның жер жүзiн топан су басып, жалғыз қалуды шындап тiлеп тұрмағаны анық. «Заулап тұрған отымнан // Жаратар ем жаңа адам» – деген лирикалық қаhарман ниетi мұңарасымен қарасақ та, күрескердiң өзгерic, жаңалыққа деген құштарлығын ашуға арналып жазылған өлең екенiн ұға бастаймыз. Лирикалық қаhарман құдiреттiлiгi сонда: жер жүзiн басқан топанның, биiктегенi cондай, асқар таудан (жай тау да емес) асуын тiлейдi. Таудай толқынның құтырып улы көбiк шашуы бұл үрейлi көрiнicтi ұлғайта бередi. Ол аз десеңiз, толқын шашқан улы көбiктiң күн көзiн жабуы да сендiредi. Мiне, осы кереметтерге тәнтi етуден кейiн барып, лирикалық қаhарманның түпке сақтаған мақсаты, күн болу, сол арқылы өзгерiс жасау талабы жота көрсетедi. Cөйтiп, керемет көрiнiстер: жер жүзiн топан басуы, күннiң ойын салуы т.б. шартты үлкейтулер септесе келе өлең идеясын неғұрлым әсерлi жеткiзудi негiздеген.

Осы тұста Мағжан өлеңдерiндегi қайғы-мұң мәселесiне де арнайы көңiл бөлгiмiз келедi. Расында да социализм заманында бiзде бақытсыздық болуы мүмкiн емес, совет адамдары әрқашан да бақытты деген теорияны бiр кезде ту етiп көтерсек, ендi-ендi ғана оның өмiр күрделiлiгiн ескермеуден туған бiржақты, үстiрт екенiн мойындай бастадық. Күн бар жерде көлеңке болатыны тәрiздi, қуаныш бар жерде қайғы да жоғалып кете қалмайтынын, тiптi қапалана бiлмеген адамның шаттықты бағалауда да кенже қала берерiн бағымдай бастадық. Бұл зерделеу шындық ауқымдылығын, cоған сай адам сезiмi cан қырлылығын, оған тек масайрау биiгiмен қарау жетiмсiздiгiн түсiнуге әкелдi. Демек С. Cейфуллин, I. Жансүгiров, C. Мұқанов тәрiздi әрiптестерi өмiрдiң күнгей жағын көбiрек қызықтаса, назарсыз, жоқтаусыз қалып бара жатқан көлеңке тұсқа М. Жұмабаев көбiрек үңiлсе, мұның бәрi ақындардың бiрiндегi жоқты екiншiлерi толықтыруға ұмтылуы деп түсiнген жөн. Cөз жоқ, басқалар аз ескерген мұң – шерге бет бұрған Мағжан оны өзiнше биiктетiп, шарықтатса, ол да өмiрдiң қат-қабат сырын жан-жақты ашу талабына бағындырылған деп санаймыз. Мәселен, «Менi де, өлiм, әлдиле» өлеңiнiң алғашқы шумағында-ақ қасiреттiң жоталанған түрi отау тiккен:

Қажыдым ендi, күш бiттi,

Көңiлсiз, cалқын, күн бұлтты.

Жел бұйығып тербелген,

Әлдекiмнiң өлгенiн,

Оны қалай көмгенiн

Әңгiме ғып күңiренген.

Жел, күңiренбе, жасың тый,

Өлiм күйi – тәттi күй.

Балқиды жаным бұл күйге.

Менi де, өлiм, әлдиле,

Әлдиле, өлiм, әлдиле!..

Осы шумақтағы: «Қажыдым ендi күш бiттi», – дегенiне қарап, лирикалық қаhарманның шынында қуаты сарқылған, әлсiз, боркемiк екен деп сөзбе-сөз түсiндiрмеймiз. Бұлайша айту арпалыстың соншалық ауырлығын көзге ұру үшiн қызмет етiп отыр. Әйтпесе, лирикалық қаhарманның күрестi дiттейтiнi өлеңнiң өн бойынан байқалып отырады. Демек әрi таусылдым деп, тағдырға мойын сұну, тiптi, балқу; әрi өктем күш иелерiнiң соншалық тiзе батыруын көрсету-алмасып отыруы – айқас қаталдығын да, қол қусыру мүмкiн еместiгiн де қатар өрбiтедi. Бiз лирикалық қаhарманның қандай зобалаңға ұшырағанын (түрмеге түстi ме, жазғандары шықпай жатыр ма, әлде халық басына төнген ашаршылыққа ашынды ма) нақты көрмеймiз.Cебебi ақын лирикалық қаhарманның белгiлi бiр жағдайда қалай шайқасқанын тәптiштеуден саналы түрде аулақтай отырып, тек бiр дәуiрге емес, бар заманға қажет күрескерлiктi ту етiп ұстаған. Демек лирикалық қаhарманның тек белгiлi бiр шақтағы нақты бiр шырғаланға қарсы ұмтылысын емес, әр дәуiрде әр сипатта тууы мүмкiн дүрбелең атаулыға дайындалған қарсылық сезiмiн жар ету, мiне, Мағжан көздегенi – осы. Cондықтан да жоғарыда келтiрiлген бастапқы шумақта кiм көз жұмғаны белгiсiз («әлдекiмнiң өлгенiн»), оған күйзелушi де белгiлi бiр адам емес, жел ғана. Оның есесiне өлiмнiң «тәттi күй» екенiн, оған жаны балқитынын паш ету, өлiмге «әлдиле» деп тiлек ету осы шығармадағы бар шумақтың cоңғы тармақтарында ылғи қайталанып берiлiп отырады. Әйтсе де қанша тiзбектелсе де, бұл апатқа бас июдi ығыстырарлық көрiнiстер қоса өрiлуi өлеңде қарама-қарсы сезiм сайысының шынайы да сәттi өрiстеуiне жағдай жасайды1.

«Батыр Баян» поэмасының жазылуына байланысты Ш.Елеукенов мынадай орынды пікір айтады: Шоқан жазбаларында Абылай ханның қол жинап, Баяндармен бірге аттанғаны туралы дерек бар. Мүмкін, Мағжан Шоқанның осы жазбасын оқыған болар, Шоқан «Исторические предания о батырах ХҮШ века» деген очерк жазды, солардың деректерін пайдаланған болар деген пікір айтады. Мүмкін. Тарихи очерк атап отырған осы еңбегін Шоқан аңыз деп атаған ғой. Онда қалмақтар ақ киіз үй береміз деп шақырғанда Баян ханның бармағанын қалаған. Хан тыңдамаған. Шоқан Баян қалмақтарды қуды, жете алмады, кейін қайтқанда жолда әскері де, өзі де қалмақтар улап кеткен судан өлді дейді. Мағжан бұларды шығармашылықпен біраз өзгерте пайдаланған. Тек Шоқанда Ноян деген бала батыр аталмайды. Ондай адам, шындығында, болған емес. Ол – ақынның қоспасы. Дегенмен, мұның түбінде де ақиқат жылты бар. Баянның ағайындарының бірі Сары дегеннің Қыстаубай деген баласы қалмақтың Лағыл деген қызымен қашып кеткенде әкесі қуып жетіп өлтіруге Баянды жұмсайды. Алайда Баян екі жасты өлтірмейді, киімдерін қозы қанына малып алып келеді. Сонда осы аңыздар негізінде Ноян Мағжан қиялынан туған.



10-тақырып Ж.Аймауытов

Жоспар

  1. «Ақбілек» романы

  2. «Қартқожа» романы

Роман тақырыбы, идеясы

«Ақбілек» романы – кезінде жеке кітап болып басылып үлгермеген шығарма.

Романда азамат соғысы кезіндегі қазақ даласындағы аласапыран жағдай, әлеуметтік тартыстар, жеке адамдар тағдыры сөз болады. «Мұнда феодалдық-рушылдық ортада жікшілдік тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып, өз бақытын табуы, тең құқылы азамат болуы бейнеленеді», – дейді С. Қирабаев[9, 14 б.].

Ақтар қашып, қызылдар қуып, қазақ елі тыныштықтан айрылған заманда көптеген қиянат, зорлық-зомбылықтар болып жатты. Әсіресе қазақ қызының бұрын болмаған қорлыққа ұшырауы – ауыр сын. Оны жеңіп шығу үшін қайрат-жігер, төзім керек болады. Романдағы басты кейіпкер өмір ауыртпалығын осындай қасиеттері мен білім арқасында жеңіп шығады.



Ақбілек, Қарамұрт, Бекболат бейнелері

Негізгі кейіпкер Ақбілек – роман басында уайым-қайғысыз жүрген ерке қыз. «Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл, жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген ед» [9, 145 б.].

Ақбілек екі кештің арасында бақытсыздыққа ұшырайтынын қайдан білген. Тауды паналап жүрген қашқын ақтар Мұқаштың көрсетуімен Ақбілекті тауға алып кетеді.

«Қартқожа» романы. «Бұл – қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы көлемді шығармасы» [9, 9 б.].

Мұнда ақ патша заманынан бастап 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, елді біресе ақтар, біресе қызылдар билеп, аласапыран болған кез, жұрттың малын тартып алу, байларға қысым секілді әлеуметтік ірі оқиғалар кең көлемде баяндалады.

Осындай жағдайларды суреттеуде Жүсіпбек өзінің реалист жазушы екендігін дәлелдейді.

Қазақ жерінен тыныштық кетіп, дүние астаң-кестең боп жатқанда Қартқожаның оқуға ұмтылуы, оқудың арқасында көзі ашылып, мұқтаждықтан құтылып, елге жаны ашитын, ел қамын ойлайтын азамат боп шығуы – роман идеясы.

Роман 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап боп басылып шығады.
11-тақырып С.Сейфуллин

Жоспар


  1. Сәкен романтизмі

  2. Сәкен реализмі

Қазақ лирикасындағы романтизм дамуы дегенде, Мағжаннан кейiн еске түсетiн ақынымыз – Сәкен Сейфуллин. Қазақ әдебие­тiн, оның iшiнде қазақ поэзиясын зерттеуде көп еңбек сiңiрген Е.Ысмайылов 1960 жылы: «Қазақ әдебиетiнде революцияшыл романтика Сәкен шығармаларынан басталады»2,– дейдi. Бұл арада зерттеушi Cәкенмен қатар жыр жаза бастап, одан гөрi де романтизмге, терең бойлаған Мағжан барын бiлмей отырған жоқ. Пiкiр айтылған уақыттың Мағжан есiмiн атап, оң бағалауға тыйым салынған кезең екенi белгiлi. Cөйткенмен де қазақ лирикасындағы романтизм дамуында Мағжанмен қатар Сәкен ролi үлкен екенiн кемiтуге болмайтыны анық.

Cәкен романтизмi дегенде (кейiн Сәкен реализмi cөз болғанда да), жекелеген пiкiр бiлдiру, мақалаларды былай қойғанда, арнайы монографиялық еңбектер3 жазылғанын, онда Сәкеннiң негiзiнен реалистiк дәстүрдi ұстаумен қатар, әсiресе, бастапқы кезде романтикаға көңiл бөлуi cөз болғанын еске аламыз.


Cондай-ақ жаңа заман басталымында туған романтизм ролiн дөп анықтаған мына бiр пiкiрге назар аударғымыз келедi: «Жаңа әдебиеттiң бұрынғы дәуiрден үлкен айырмасының бiрi- революциялық романтизм.Бұл сипат революция кезiндегi және онан кейiнгi әдебиетте өрiс алды. Революцияның қатал шындығы реализмдi талап етсе, оның болашағы, орындалар арман-тiлегi романтизмдi керек қылды. Екеуiнiң қосындысы әдебиетке жаңа мағына, форма бергенi анық»4.

C.Cейфуллиннiң алғашқы туындыларын (1914 жылғы) алып қарастырсақ, өмiрдi әдеттегi қалпында бейнелеген «Нұра», «Жайлауға көшу», «Қоштасқан жер» өлеңдерi арасында суреттеу мәнерi тұрғысынан оқшау көрiнетiн шығармасы – «Түс». Өлеңде лирикалық қаhарманның түсiнде жапан түздi кезiп жүрiп, «қорғансыз бiр бақшаға» кiруi cөз болады. Бақшадағы өсiмдiктiң жаздағы (күздегi емес) қураған түрi нақты көрсетiлген:

Бостандықтың таяу қалғанын сезiп, оған үлкен үмiт артып, жаңа пафоспен жазылған ақын өлеңiнiң бiрi – «Далада». Шы­ғарманың алғашқы жолдарынан-ақ көрiнгендей, лирикалық қаhарманның әдеттегi ат емес, «Жүген-құрық тимеген, // Жасынан ноқта кимеген // Алты жасар асауды» ұстап мiнуi де жай адамның қолынан келе бермейдi. Асаудың бұдан әрi өрiлген әрекеттерi де оның әншейiндегi жүйрiк деген аттан мүлде бөлектiгiн әйгiлейдi. Асаудың үн қатуы да ерекше: «Ақырды асау». Ақырудың бiз естiп келген кiсiнеуден көп жоғары екенi белгiлi. Ат үнiне даланың жаңғыруы да дыбыс артықшылығын (даланы жаңғырту оңай ма) аша түседi. Тiптi, асаудың тулап, орғуы тұсында даланың «дүбiрлеп» күңiренуi де өзгеше әсерлi. Бұл ерекшелiктi аттың жалқұйрығы желмен ысқыруы, «жүйткiп, зымырап» құлашын керуi; демi көрiктей ырсылдауы т.б. шарықтата түседi. Лирикалық қаhарман ici де қарапайым адам қолынан келе бермейдi: «Алты жасар асауды» ұстап мiнумен қатар, ол орғығанда, атқа ие болуымен (ұшып түспей) ғана тынбайды, «Орғытып, ұшыртып жүрiп // Көкiректi кернеп // Кең даланы күңiрентiп // Қатты айқайлап» ән салады. Лирикалық қаhарман даусының зор екенiн оған қосылған көлдiң көлемi кең «шалқар» болуы (жай енсiз көл емес,шалқар көлдi қамту оңай ма) дәлелдей түседi. «Шалқар» болуымен де тынбай,оның алдында «аққулы-қазды» сөзi келуi де көлдiң көлемiн ғана емес, байлығын жайып салады. Лирикалық қаhарман әнiне тек көл емес, өзен де қосылуы, өзен болғанда да оның «қамысты-құрақты көк» өзен күйiнде қоштауы да (көк – әcемдiктiң, қамыс – құрақ белгiлi бiр барлық, байлықтың белгici десек) дауыстың пәрмендiлiгiн арттыра түседi. Осындай ерекшелiктерi арқылы бұл өлеңдегi лирикалық қаhарман романтикалық сипатқа ие болып тұр. Шығармада лирикалық қаhарманның үздiк сипатына ол атқарған iстердiң кесектiгi ғана емес, өлең тармақтарының бiркелкi болмай, бiресе кiлт ұзарып, бiрде кiлт қыcқарып, екпiн, саз түрлiшелiгiн тудыруы да ықпал еткен. Cондай-ақ инверсияны пайдалану: қимылды бiлдiрерлiк сөздердi, етiстiктердi, алдымен берiп, одан кейiн барып сол әрекет иелерiн келтiру нәтижесiнде соңғы сөзге арнайы көңiл бөлгiзу жүзеге асуы да сол iс қожасының ерекше сипатын тұлғаланта түсуге септiгiн тигiзген (Лирикалық қаhарманның бұл ерекшелiгi «Сәкен стилi» тақырыбы тұсында да сөз болады.– Қ.Ж.). Мәселен, «ақырды» сөзiнен кейiн «асау» қолданылуы («Ақырды асау»), «жаңғырды» етiстiгiне iлесе «дала» алынуы («Жаңғырды дала»), cондай-ақ «тулады, орғыды» өрнегiнен соң тағы да «асау», «Дүбiрлеп күңiрендi» тiркесiне жалғаса «дала» сөзi орын тебуi, т.б.– бәрi тармақ cоңындағы «асау», «дала» сөздерiне екпiн ұялатып, кiдiртiп, cол кейiнгiлерге басты назарды аудартуға жол ашады.

Әдебиет


  1. Жүсіп Қ.П. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. Павлодар,2007


12-тақырып Б.Майлин

Жоспар

  1. «Күлтай» әңгімесі

  2. «Қара шелек» әңгімесі


«Күлтай болыс»

Күлтайдың күйеуі екі жыл тұрған соң қайтыс болады. Жұмабай дейтін қайнысы бар деп есіттік. Күлтай кейде осы қайнысы туралы ойланып:

-Я асқан данышпан шығар да, я дым білмейтін милау шығар,- дейтін.

Күйеуі өлген соң Күлтайға ие көбейді. Қатыны бар Бірмағамбет, қатыны өлген Әжігерейдің ойлары болады. Күлтайдың немере ағасы Абдол Күлтайды Әжігерейге икемдеп, Жұмабай сенің теңің емес, онымен күн көре алмайсың- дейді.

Күлтай абысын-ажындарымен сөйлесіп, Жұмабай туралы сөз тартып көрсе:

-Жуас бала еді, үндемейтін еді, бұл елден кеткелі көп жыл болды ғой,- дейді.

«Ауылдың әңгімесінің көбі Күлтай маңында болып, дәмелеліердің саны күн сайын өсе беретін болған соң, Күлтай жұрттың бетін қайтара жауап береді:

-Ешкімнің керегі жоқ, мен өз қайныма тимеймін,- дейді.

Мұнда Күлтайдың өжеттігі көрінеді. Біреудің тоқалы болуға көнбейді. Жеңгесіне қосамыз деп Жұмабайды шақыртса, оны бай жібермейді. Күлтай өзі Жұмабайды іздеп барады. Күлтайдың батылдығына куә боламыз.

«Күлтай Жұмабайды жібермеген байға бір ашуланса, басына билігі келмеген Жұмабайға екі ашуланды: «Саған кейігенде мыналарға тиіп кетсем қайтеді?»- деп те ойлады. Бірақ Жұмабайды сыйлағаннан емес, ағасына, ауыл-аймақтың пысықтарына ерегескендіктен Күлтай бұл ойдан аулақ болды.

Жұмабайдың портреті: «Шегір көзді, үрпек қас, сары жігіт еді.Үндемейтін ынжық, момын еді»

-Байым болса өлді, бір үйде жалғызбын, қайнымды босатып алуға келдім,- деді Күлтай байға.

Қызыл шырайлы келген жап-жас әйел. Сөзі мірдің оғындай. Мұндай әйелдің байы өлсе, ақсақалдардың мұраты беріп, қатын алам деген мырзалар бір жабылып қалар еді. Жұрттың осы әдетіне бағынбай, «адамдыққа сән жоқ қайнысын» іздеп жүргені адам таңқаларлық жұмыс-ау»,- деп бай бір ауыз сөзге келместен Жұмабайды босатып жіберді.

- Сенің ниетің арам, соның жылтыраған бетін көрген соң малайыңды босатып отырсың,- деп Байды бәйбішесі бүрумен болды.

Бәйбішенің сөзінен Күлтайдың тартымдылығы, көріктілігі байқалады.

«Күлтай Жұмабаймен қосылды да, шаруашылығын істеп, көп кедейдің бірі боп жүре берді. Ешкімге қол жаулық та болмады, ешкімнің тәлкегін де көтермеді.

Күлтайдың намысқой, арлы әйел екенін көреміз. «Мына жаманды байым бар деп отырады дейсің бе, осының өзі «жігітшіліктен құр емес шығар» деп, қыңыржақтанғандардың меселі қайтып болды.

Күлтайды көре алмағандар күйеуі жас болған соң, оның көзіне шөп салатын шығар деп ойлағандардың дегені болмайды.

Төңкеріс болғанда осы ауылға Күлтайдың оқыған ағасы келіп, оған біраз кітаптар беріп кетеді.

Күлтайдың үйіне адамдар газет, журнал тыңдауға жиналып отырады.

Ауылдың кеңес сайлауы болғанда, Күлтай сельсовет мүшесі болып сайланды. Болыстық кеңес съезіне өкіл болады. Бірмағамбет, Әжігерейлер кедергі жасамақ болғанмен, сайлаушы жігіт әйелден біреу болу керек деп күштеп жібереді.

Байғасқа мен Нұрғожа болыстыққа таласады. Байғасқа жеңілетінін біліп, болыстықты Күлтайға ұсынады. Ақтам Күлтайды сайлауға 5 өкілді көндіреді.

Күлтай болыс болып, Бекбосын деген аздап орысша оқығаны бар бір пысық кандидаты болды.

«Күлтай істі алмақшы болып кеңсеге келсе, бұрынғы болыс Дүйсенбай дейтін ел ағасы еліне жүріп кетіпті. Күлтайдың орынбасары Бекбосын хатшыдан істі алып, болыстықты өзіне икемдеп барады. Болыстық кеңсеге тұс-тұсынан ағылып жатқан жұрт. Сол көптің бірі сияқтанып Бекбосынның үстелінің бұрышында Күлтай екі күндей жайдан-жайға отырды да қойды. Неге отырсың?- деп Бекбосын да сұрамады. Келген кісілер болысымыздың түрі мынау ма?- деген секілді боп жымыңдап күліседі.

Күлтай әуелгі кезде қалай жұмыс істеу керектігін білмеді, соны Бекбосын да пайдаланбақшы болады.

Күлтайды құтқарған- ағасының танысы болком хатшысы. Ол Күлтайға не істеу керектігін түсіндіреді. «Бұдан былай да барлық жұмысына басшылық істеп отыратындығын да айтты. Күлтай қуанып тасып кетті. Осы қарқынмен кеңсесіне барды. Бірсыпыра жуандар, пысықтар, Бекбосынды ортаға алып, арыздарын айтысып жатыр еді. Болыстың бұрынғы хатшысы ұры иттей жылмаңдап, Бекбосынға дәйек боп жүр.

- Хатшы жолдас, мен саған жұмыс тапсырайын,- деді оны шақырып алып:- бірінші, маған осы бөлмеге стол қойып беріңіз. Екінші, Дүйсенбайды шақыртыңыз. Келіп істі тапсырсын; үшінші, қазіргі сағаттан бастап, маған қол қойдырмай бір қағаз жіберуші болмаңыз!»

Күлтай осылай жұмысын бастайды. Жаңағы сөздерімен хатшы мен орынбасарды орындарына қояды. Өйткені олар Күлтайды басынып, билікті өздері алып алған.

«Мынауың қалай?» дегендей боп, хатшы жалтақтап Бекбосынға қарады. Бекбосын қызараңдап, қысылып қалды:

- Іс алынды ғой, істей береміз ғой,- деді ол күмілжіп.

-Істі ал деп мен сізге тапсырғам жоқ. Жазу-сызусыз істі алып Дүйсенбайдың былығын мойныма жүктей алмаймын. Тез шақырт,- деді хатшыға.

Бекбосын төмен қарап, қағазын шұқылаумен болды. Арыз айта келген жуандар бұл екеуінің қайсысы бастық екенін біле алмай састы».

Бұл жерде Күлтайдың керек жерінде мінез көрсете алатынын байқаймыз.

«Күлтайдың болыс болған хабары елге неше түрлі құбылып тарады. Неше түрлі өсек жалғанды.

-Бекбосын мен Ақтамның сайлаттырып жүргені көрінеді, қуларға ермек керек қой,- деп күлісті.

Жұрттың арам ойы мынау: өзін болыс сайлатқаны үшін Күлтай ана екеуінің қолжаулығы болады.

«Күлтай болыс болып іс басқарады деп ешкім ойына да алған жоқ, бәрінің де көз тіккені Бекбосын болды. Бірақ Бекбосынға жұмысын істетіп алмақшы болып кеңсеге келгендер екінші күйге кездесті. Төменгі жаулықты басына тұмшалап орып, қағазға үңіле түсіп, қызыл шырайлы әйел отыр. Көзілдірік киген бурыл шашты хатшы бір қағазды жазып әкеліп, қол қойыңыз десе, әлгі әйел қағазды оқып, қабағын түйе түсіп:

-Бұл қазақшылықты қашан қоясыз, бір айтқан соң болды ғой деп, қол қоюдың орнына қағаздың бетін сызып-сызып тастайды. Қағаздың бетін сызып жатқан қалам хатшының бетін сызып жатқанмен бірдей болды. Бұл- психологизм. Өйткені бурыл шашты хатшыға қағазын сызып тастау оңай емес. Бурыл шашты деген-деталь. Оның көп жылдан бері істеп келе жатқандығын білдіреді. Жасы да үлкен.

Бір шал Күлтайға арыз әкеледі. Тоқалы малайымен қашып кетіпті. Сонда Күлтай айтады:

- Сот арқылы еншілерін түгел алуы керек еді.

Арызшы шал етіне біз сұғып алғандай боп шіміркеніп, кейін шегіне берді. Бұл- кезең әділдігі.

Күлтайдың кенет жоғарылап кеткені Жұмабайға ауыр тиді. Үйде жалғыз қалды.

-Байғұс-ау, сен де өлмес қамыңды істе енді, саған аспандағы бұлт жуық қой,- деп жеңгелері Жұмабайдың «қайғысына» ортақтасатын болды.

«Саған аспандағы бұлт жуық қой» дегені- күйеуің болыс қой дегені, Күлтай кеңседе отырады, үй жұмысын істеуге уақыты жоқ.

«Бір күні ауылнай келіп Жұмабайға:

- Сені болыс шақыртып жатыр,- деді.

Жұмабайдың көзі адырайып кетті. Антұрған, болыс шақырады демей-ақ Күлтай шақырады десе қайтетін еді?» Жұмабайдың көзі адыраюы- қорқып кетуі. Өйткені «болыс» деген сөзді естігенде, әйелі екенін ұмытып кетіп, шошып кетеді. Әйелінің болыс болғанына әлі үйренісе алмай жүргенін білдіреді.

Жұмабай барды. Көк төбелі ағаш үй болыстың кеңсесі. Жүрегі дүрсіл қағып, Жұмабай көпке шейін кіруге бата алмай, есіктен сығалаумен болды. Күлтайдың үстінде таза киім, қолында қалам-қағаз. Жетіншінің ауылнайы кіріп еді, ел ішінде атағы бар тәуір-ақ жігіт қой, Күлтай соны бүріп ала жөнелді.

-Айтатындарың өтірік, істейтіндерің подлог, сөйтіп отырып кеңестің ауылнайы болмақсың!- деп.

Бір рет есік ашылғанда Күлтайдың көзі Жұмабайға түсіп кетіп:

-Әй, не ғып тұрсың, кір!- деп дауыстады. Жұмабай состиыңқырап кіріп еді, Күлтай күлімсіреп жанындағы орындыққа отырғызды.

-Ал, денің сау ма, жүдеген жоқсың ба? Көшіп келсін деп ем ғой, бұратола келдің бе?- деді.

Маңдайынан тер бұршақтаған жетіншінің ауылнайы, әшейінде Жұмабайды көзге ілмесе де, тап сол жерде Жұмабай болмаған екем,- деп күндеді.

Жұмабайдың есіктен сығалап кіре алмай жүруі- оның жасқаншақтығын, әйелім болыс болды деп, өзін төмендететінін білдіреді. Ал Күлтайды қатал түрде көреміз. Ол атағы бар, тәуір деген ауылнайдың өзін аяғын қия бастырмайды. Талап қойғыш, бұрмалағанды ұнатпайды. Әділ, тура басшы ретінде өзін танытады. Бірақ күйеуіне жұмсақ.

Сөгіс естіген ауылнайдың Жұмабайға қызығуы- психологизм.

Жазушының Күлтай бейнесі арқылы айтайын дегені- қоғамдық жұмысқа кіріскен әйел жұмыста қатал, бірақ күйеуіне адал, жұмсақ болу керек. Әйелдік орнын білуі керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет