ЖИЫРМА БІРІНШІ ХИКАЯ
ЕКІ БАУ-БАҚША ИЕСІ ТУРАЛЫ
Аллаһ тағаланың нығметі
Аллаһ тағала бәну исраил қауымы ішінде бiр адамға екi ұл перзенттi
нығмет етiп бердi. Әке екi ұлын тәрбиелеп өсiрдi. Олар есейіп, ержеттi. Екi
ұлдың бір ата-анадан туылғандығына, бiр отбасында бiрдей тәрбиеде
өскендiгiне қарамастан, табиғаттары да, мінездері де түрлiше қалыптасты.
Әкелерi оларды диқаншылыққа баулыды. Олар диқаншылықпен айналысып,
түрлi жемiс өсiрiп шығаруда асқан шеберлік танытты. Жыл артынан жылдар
өтіп жатты. Әке қартайып, науқастанып, өмiрiнің соңы жақындағанын сездi.
Ол балаларын шақырып, оларға еңбектерiн жалғастыруларын және
жеккөрушiлiк, кекшiлдiк сияқты жаман қасиеттерден аулақ болуларын өсиет
етті.
Науқас әкенің бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылып, дүниеден өттi. Ол
ұлдарына мұраға көп мал-дүние қалдырды. Ұлдары әкеден мұралыққа
қалған мал-дүниенi бөлiсiп алды. Бiрiншi ұл жер мен байлықтан өзiне
тиесiлi үлесiн алып, бұл көп нығметтердi берген Аллаһ тағалаға шүкiрлiк
етiп, мадақ-мақтаулар айтып: «Уа, Раббым! Мен кедей пенделерiңдi
ешқашан ұмытпаймын. Мен сараңдық жасамай, аш-жалаңаш, кедей, мұқтаж
пенделерiңе бұл жақсылықтардан өз үлестерiн беремiн. Уа, Раббым!
Әрқашан Өзiңе бойсұнамын. Сенi дәрiптеймiн. Кешiруiңдi үмiт етемiн. Бұл
дүниеде жақсы iстердi iстеуiме көмектесуiңдi және Қиямет күнi жаннатыңа
кiргiзуiңдi сұраймын. Уа, Раббым! Дүниеде де, Ақыретте де Саған мадақ
болсын!» – дедi.
Ал екiншi ұл бiрiншi ұлға мүлде ұқсамайтын едi. Ол әкеден қалған
мұрадан өз үлесiн ала салысымен оны қазынаға салып, құлыптап қойды.
Кедей, мұқтаждарға ешбір садақа, жәрдем бермедi. Ол егер бiр кедейдi
көретiн болса аяп, жүрегi жұмсап кетпеуi үшiн көзiн жұмып алатын. Бiр
бейшара кедейдiң үнi естiлсе, естiмейiн деп құлағын жауып алатын. Ол
осылай өмiр сүрiп жатты. Оның барлық мақсаты байлығын кемiтпей, шашау
шығармай, көбейту болатын-ды. Ағасы бергенiндей, малының зекетiн де
бермедi. Бұл ағалы-iнiлi бiртуғандардың Құран Кәрiмде келтiрiлген
қызықты да пайдалы хикаясы бар. Мінеки, келесі беттерде осы бір қызықты
хикаялар әңгімеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |