«РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ /ӘЛ-ФАРАБИДЕН ХАКІМ АБАЙҒА ДЕЙІНГІ/» ПӘНІ БОЙЫНША АУЫЗША ЕМТИХАН СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАП:
38. М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабындағы рухани-адамгершілік құндылықтар.
Дәулетке ие болу әрбір жанның мақсаты. Ол үшін өз күшіңе сен, дәулетті сұрап ала алмайсың, өз талабыңа сенің қажет дейді. Мақсатыңа жету жолында ерінбей еңбек етсең, сол еңбегіңнің жемісін жейсің деген пікірге келеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати татулықты, мейірімділікті, батырлықты көксейді. Адамның артықшылығы жомарт, жайдары мінезінде, ақылы мен білімінде деп көрсетеді. Ер-азамат, сұлтандар, байлар мен кедейлердің бәрі бір бақытты болса екен деп армандайды. халық арасындағы қайшылықты ағайыншылықпен шешуге үндейді.
Бауыры мен бауыры тіл табысқан тәуірі,
Онда сені ешбір жау ала алмайды бауырым!
Тек бауырлар ғана тіл табысып қоймай, патшаларда бірін-бірі сүйемелдеп қолдаса, ешбір жау жеңе алмайды деген қорытындыға келеді. Өлең:
Екі патша бірін-бірі сүйемелдеп қолдаса,
Жеңем деген оларды басқанікі далбаса!
Ол әділетті болу адамның өзіне байланысты екендігін әсерлі жеткізе білді. Әділеттілік орнатудың негізгі әлеуметтік келелі тіршілік мүдделеріне қарай иландыру, икемдеу, оның өрісін кеңейту, кеңістікті пайдалану, уақытты бос өткізбеу болып табылады.
Әділ болсаң, халықтың көңілінен шығасың,
Пайғамбарлар есігін қысылмай –ақ қағасың!
Адам мейірімсіз, қатыгез, безбүйрек болмау керектігін, керісінше ақылды, парасатты, әділ болуын ескертеді. Бұл идеялары мына өлең жолдарында жақсы келтірген:
Парасатты, тектінің, ақылдының, әділдің,
Бүкіл байлық солардың қалтасынан табылды.
Деген күннің өзінде тамшы қанға татымас,
Болмау керек безбүйрек, болмау керек қатыбас
Мұхаммед Хайдар Дулати хан мен халықты бірігіп қимылдауға, бірігіп әрекеттенуге шақырды. Ол халықтың талап-тілегін орындаушы, сол тілектердің орындалуына жол ашқан саяси тұлға еді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың шығармаларын философиялық тұрғыдан талдау барысында, ұрпаққа айтарымыз, адам мәнді өмір сүру үшін күресуі, еңбектенуі, тығырықтан шығатын жолды іздеуі керек. ...
Ол әр азаматтың өз қара басын ғана емес, еліне, жұртына, азаматтық борышты адалдықпен атқаруды көздеген адам. Халық алдындағы борыш-парызды адалдықпен орындау – адамның рухани жетілгендігінің, ерлік кемеліне келгендігінің белгісі деген ойлар кездеседі шығармаларында. Сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулати халық қойған талап-тілектерді қасиет тұтып, оны өз мүддесінен жоғары ұстайды, халық қажетін өтеуге қамқоршы болады, елдің қолы жеткен табыстарын қорғайды, озбырлыққа, қиянатқа жол бермейді. Халықтың рухани құндылықтардың бірі – ар-намыс екенін жақсы ұққан Мұхаммед Хайдар Дулати, өз іс-әрекеті үшін өзінің моральдік жауапкершілігін түсініп, сезініп, әділетті болуға ұмтылады. Жалпы ойшыл, өз шығармасында адамның адами қадір-қасиетін, бітімін, оның жеке тұлға ретіндегі рухани-мінезділік бағасын, адамның игілігіне, оның жан-жақты дамуын қарастырады. Мұхаммед Хайдар Дулати шығармасындағы тіршілік философиясының күре тамыры адам мәселесі қойылып, оның гуманистік мәні жоғары көтеріліп, адам ғұмырын қызықты да бақытты, салмақты да баянды етуге әрекет жасалады. Ал өмірдің өзінде адамға лайықты етіп, ұйымдастыру принципін қояды. Бұл принцип достық-жолдастық, ағайын-туыстық, сыйластық-ынтымақтастық, басқа да ұғымдар шеңберінде қарастырды. Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларының айқындайтын тағы бір тұстары – ол тұтастық пен бірлікті, ішкі ынтымақтастық пен азаматтық татулықты, адалдық пен әділдікті дәріптейтін қуаты. Сондықтан да татулық, бірлік, ынтымақ, адалдық, әділдік, - Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларының басты мәселелерінің бірі болып табылады. Сондай-ақ, адамның қандай адам екендігі оның жасаған іс-әрекетінен байқауға болатындығы айтады. Дулати қарапайым халықпен тең дәрежеде сөйлесіп, мұң-мұқтаждығын жазған ұлы тұлға.
Бұдан шығатын тұжырым – жаңа қалыптасып келе жатқан жас мемлекеттің болашақ азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеуде, М.Х. Дулати шығармаларын зерттеп, негізгі ұғымдарын қарастыруымыздың қажеттігі туып отыр.
Қазақ даласындағы саяси ойлардың тарихы оған идеялық-саяси ықпалын тигіген түркі және араб саяси философиясына барып тіреледі.
Мұсылман Шығыс ойшылдарының әдет-ғұрыпта рын қабылдап және оны жалғастырғанымен, қазақ саяси ойларының өзіне тән ерекшелігі бар. Бұл өзіндік ерекшелік идеалды мемлекеттің теориялық үлгісін құрған араб тілді саяси ойшылдарға қарағанда, қазақ даласында саяси өмірдегі мәселені практикалық жағынан шешу және нақтылық байқалады. Қазақ сахарасындағы идеялар тек саяси шындықты ғана көрсетіп қоймайды, керісінше онда мол фактілік материалдар жинақталған және оқиғаларды түсіндіруде үрдістік сипат басымдыққа ие болады. Ғұламалардың жазған еңбектерінен біз олардың өзінің жеке бақылағандарына негізделген айқын қойылған мақсаттар мен міндеттерді табуымызға болады. Авторлардың шығармаларының мұндай өзіндік ерекшеліктеріне қарап, оларды тек қазақтардың ХV–ХVІІ ғасырлардағы саяси тарихы ғана суреттелген тарихи-саяси ескерткішке жатқызуға болмайды, неге десеңіз бұл дерек көздерінде қазақ хандығының мемлекеттік-әкімшілік құрылысы, басқару саясаты мен нысандары туралы мол фактілік материалдар бар.
Асан Қайғы Сәбитұлы (XIV ғасырдың аяғы – XV ғасырдың бас кезі) мемлекет қайраткері, би, ойшыл, жырау. Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария өзенінің жағасын мекендеген.
Асан Қайғы ұсақ хандықтардың басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Жәнібек пен Керей хандарды жақтайды. Ал қазақ хандығының негізі қаланған кезде, Асан Қайғы жаңа мемлекеттің жаршысы, басты идеологына айналды. Билік басындағылардың асау мінезін сынап, Асан Қайғы оларды сабырлыққа шақырады. Сабырлық парасат пен ізгіліктен тұрады. Билеуші ең алдымен – ізгілік иесі
деп көрсетеді.
Жырау емес, ол би, ол қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған саяси қайраткер. Мемлекеттің басты белгісі территориясы – жері болса, бұл мәселені Асан Қайғы жаңа Жерұйық деген ұғыммен жалғастырады. Жерұйық ұғымын елдің басты ұранына айналдырады. Сонымен қатар, ол елді бірлікке шақырып, ел тұтастығын үндеген. Асан Қайғы бірлік хақында былай деген «Қарындасты жамандап, туысты қайдан табасың».
Асан Қайғы әлеуметтік мәселелерге де араласып, қоғамда билеушілерді әділеттілікке шақырып отырған.
Хан мен билер қасқанда,
Халық қайтіп күн көрер.
Онда халық түнерер,
Халыққа қысым күш берер,
Халықтың кегі күшке енер
– деп ескертіп отырған.
Қазақ топырағында артында өшпес із қалдырған тұлға – Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551 жж.). Мұхаммед Хайдар Дулати тарихшы-ғұлама, мемлекет қайраткері және де «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің авторы. Кітап сол заманның мәдени-тарихи, саяси өмірін сипаттаған жазба мәдениеттің үлгісі.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» кітабында мемлекетті басқаруда мынандай бірнеше шарт айтады:
белгілі бір істі шешкенде патша өзін көпшіліктің бірі ретінде, ал басқаны өзіне әкім ретінде қоюы керек, өзі құптамаған үкімді ол басқаның қабыл алуын лайық деп санамасын;
— «мұсылманның шартын орындауды патша ғибадат санасын. Пайғамбар бұйырды, мүмүннің көңілін шаттыққа бөлеу – адамдардың барлық ғибадаттарымен тең». Мұсылман патша ұдайы мұсылмандардың мұқтажын өтеуге дайын болуы керек;
— патша халықты риза ету үшін үкімінде әлсіздік байқатпауға және алдамауға тиіс. Кез келген адамды риза ету үшін хақ (шындық) және шариғатқа қарсы іс жасамауы керек;
— патша елге төнген қауіптен қамсыз қалмауға тиіс, ол әмір мен басқарушының билігі мәңгі игілік пен бақыттың құралы екенін нақты білуі керек;
— патша менменсіп һәм тәкаппарланып халықты жәбірлеп, өзінен шошытпауға тиіс, қол астындағылар ға, әлсіздерге игілік пен шапағат жасап, қара халықтың сүйіспеншілігіне бөленуге ұмтылуы керек;
— патша, не әкім парасатты болуы керек. Патша болып жатқан оқиғаларға, терең үңіліп қарауы керек, һәм әркім даналық, ақыл, ақиқат алдында оларды тудырған себепті айқындап даналық көзбен олардың зардабын көре білуі тиіс. Егер олар кәдекілгі іс болса, шариғат жолымен шешуге міндетті, ал егер мәселе шиеленісіп кеткен болса, онда оны парасаттылық нұрымен ұғуға тиіс.
Мұхаммед Хайдар Дулати шығармасындағы парасаттылық пен ізгілік мәселелері одан кейінгі ойшылдарға да үлкен азық болды.
Қазақ қоғамындағы бізге жеткен аса маңызды алғашқы саяси-құқықтық құжат – «Жеті Жарғы» (ХVІІ–ХVIII ғғ.) саналады. «Жеті Жарғыда» нормалар тізбесі, қазақ қоғамындағы діннің рөлі, әлеуметтік топтар мен саяси ұйымның саяси-құқықтық белгілерінің сипаты беріледі. Ең ықпалды саяси күш – ақсүйектер тұқымы (төрелер) болып табылды. «Жеті Жарғыда» көрсетілгендей, сұлтан – жоғары билікті, үкіметті білдіреді, ал X ғасырдан бастап ол билікке ие дербес тұлғаны білдіреді. Ақсүйектерге жатпайтын халықтың қалған бөлігі «қара-сүйек» деп аталып, рулар мен тайпаларға бөлінді.
Олардың арасында сот, әкімшілік және әскери билікке ие және сұлтандармен бірге мемлекет мәселелерін басқаруға қатысқан бидің (қазының) алатын орны маңызды болды.
Сұлтанның билігі ылғи да абсолютті сипатта болған жоқ, тек Қасым ханның тұсында ғана бір орталыққа бағынған, күшті биліктің болғанын байқаймыз. Тәуке хан басқарған кезде бүкіл қазақ хандығының үш жүзінің аумағы оған құқықтық бағынышта және оның саяси ықпалында болды. Ол қайтыс болғаннан кейін әр түрлі дерек көздерінен кездестіргеніміздей, хандардың саяси билігінің әлсірегені байқалады.
Сөйтіп, XVIII ғасырға дейін қазақ даласындағы саяси ойлардың эволюциясында рухани әдет-ғұрыптың сақталуы мен дамуы байқалады. Сол заманның тарихшылары билеушінің моральдық қасиеттері мен саясаткерлер бойында парасатқа ерекше мән береді. Осылайша олар көзі ашық, адамгершілігі мол билеуші басқарып отырған мемлекеттің мінсіз үлгісін әзірлеуге тырысады. Сонымен қатар, тарихшы ғұламалар мемлекеттің саяси, әкімшілік құрылымымен қатар қоғамдағы болып жатқан саяси оқиғалардың барысын сипаттайды.
Қазақ хандығы тұсындағы саяси ойлар біріншіден, қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді заң нормалары арқылы шешуге байланысты билер институтын қалыптастырды. Билер институты сондай-ақ, мемлекеттегі соғыс пен бейбітшілік мәселелерін де қарастырды. Екіншіден, елдің тұтастығы мен егемендігі туралы идеясының негізін қалады. Үшіншіден, қазақ хандығының іргетасы қаланды және мемлекеттілік жайлы ұғым қалыптасты.
Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер: Қазақ хандығы, Жерұйық, төре, би, сұлтан, мұсылман, патша, билік, парасаттылық, ізгілік, рулар мен тайпалар, Жеті Жарғы, Есімханның ескі жолы, Қасымханның қасқа жолы.
Достарыңызбен бөлісу: |