Рухани өсудің тағы бір маңызды жағы — Құдайға сиынып мінажат ету. Онда біз ең жақын досымызбен сөйлескендей Құдайға өз ой-пікірлеріміз бен сезімдерімізді, мұқтаждықтарымыз бен арман-тілектерімізді ашық білдіреміз. Ал Құдай өмірімізге деген ізгі еркін және бізге жасайтын қамқорлығын көрсетіп, біздің тыныштыққа бөленіп, Оның еркін орындауымызға көмектесетін басқа да маңызды нәрселерді білдіреді.
Құдаймен мінажат арқылы қарым-қатынастың дұрыс болуы біздің Киелі кітапты ұдайы және ұқыпты оқуымызға да байланысты. Иса бұл туралы былай деген: «Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі Менің сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар» (Жохан 15:7). Киелі кітап бізге Құдайдың еркін қағида, өсиет, ереже және үлгі, мысалдар арқылы білдіреді. Жохан елші былай дейді: «Біз Оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп кәміл сенеміз. Не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ салады деп білсек, Оның тілегенімізді беретінін де білеміз» (Жохан. 1-хаты 5:14-15).
Иса әрбір сенушіге Құдайдың Киелі Рухын «Қамқоршы» болсын деп жібереді. «Қамқоршы» деген түпнұсқа грек сөзінің мағынасы — «жақтасуға шақырылган біреу» дегенді білдіреді. Киелі Рух өмір бойы бізбен бірге болады. Біз Құдайдың сөзін оқып, Оған құлақ салғанда Ол бізге білуге тиісті нәрселерді үйретеді. Иса осы жөнінде былай деген: «Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді. Себебі Ол Өзінен шыққан сөзді емес, көктегі Әкемнен естігенін айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды. Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек» (Жохан 16:13-14). Осыдан кейін көп ұзамай, Иса тағы былай деді: «Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді. Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер» (Жохан 16:23-24). Демек, мінажат ету Құдайға пікірлерімізді айтуды ғана білдіріп қоймай, біздің не істеуіміз керектігі туралы, тіпті не жайында мінажат етуіміз керектігі туралы Құдайды тыңдауды да білдіреді екен.
Ал мұны үйренуіміз үшін біздің жеткілікті уақыт бөліп, көп жаттығуымыз қажет.
Забурдағы жырлар түгелімен дерлік мінажаттардан тұратындықтан, олар бізге қалай мінажат ету керектігінің үлгісі бола алады. Көп адамдардың оларды қайта- қайта оқуының себебі де осы болса керек.
Киелі кітапты жаттаудағы сияқты, бірге мінажат ететін серік табу да өте тиімді. Мен саған осындай серік болуға дайынмын. Оның басты мағынасы — кем дегенде, аптасына бір рет жиналып, бірге мінажат ету. Одан да жиірек кездесу тіпті жақсы. Құдайға сиынған кезінде алдымен әлі де мойындамаған күнәларыңды Оның алдында мойындағаның орынды. Сенуші ретіндегі жаңа өміріңде жаттауға пайдалы аяттардың бірі — Жохан. 1-хаты 1:9. Сол аятта былай делінген: «Егерде күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады». Құдай Әкеміздің осы уәдесіне сеніп, Оның кешірімін қабылдап, Оған алғысынды білдір. Бұдан кейін басыңа түскен түрлі жарылқаулар арқылы көрінген Құдайдың ізгілігі үшін Оны дәріптеп, мадақтасаң игі. Сонымен қатар Тәңір Иеге арман-тілектеріңді білдіріп, ниетің мен ісіңде Оның жетелеуін сұрағаның, туған- туысқандарың мен тамыр-таныстарыңның мұқтаждықтарын Иемізге атап айтқаның дұрыс. Мінажат еткенде қамтуға болатын осы сияқты тақырыптар шексіз көп.
Көптеген сенушілер өздерінің Киелі кітапты оқып-зерттеу мен толғану уақытын мінажат ету уақытымен ұштастырып, бұған күннің белгілі бір уақытын арнайды. Әрине, рухани өміріңде міндетті түрде осылай істеуің керек деген заң жоқ. Бірақ сенушілердің көбісі күннің белгілі бір уақытын Құдаймен ерекше байланыс жасап, Оның сөзін оқуға арнаса, өздерінің рухани өсіп, өмірлерінде Құдайдың жетелеуін, сүйіспеншілігі мен тыныштығын күштірек сезетіндіктерін айтады. Сенушілердің істейтін өзге де істері, жалпы алғанда, өмірдегі басқа көптеген істердегі сияқты, бұған да үйреніп, пайдасын толығымен көре алу үшін уақыт пен жаттығу қажет. Бастай салысымен ұмтылысыңнан ойдағыдай нәтиже шықпай, Киелі кітапты оқу және мінажат уақытың саған кейде қызықсыз болып көрінсе, мойыма. Рухани өміріңде, тіпті кейініректе, сондай кезеңдердің басыңнан өтуі мүмкін. Ал егер жалғастыра берсең, Киелі кітапты оқу, мінажат ету уақыттарың барған сайын жемісті бола береді.
РУХАНИ ӨСУДЕ ҚҰДАЙҒА МОЙЫНСҰНУДЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Иса: «Кім Мені сүйсе, айтқандарымды берік ұстанады» деген (Жохан 14:23). Құдай Тағаланы шын жүректен қастерлеп сүйетін адам Оған шын жүректен мойынсұнады да. Киелі кітапты оқып, мінажат ету арқылы Жаратқан Иенің еркін біле түсу жеткіліксіз, оны орындау да керек. Осы арқылы Құдайдың даңқын асырамыз, сонда Онымен қарым-қатынасымыз барған сайын тығыз, жақын бола түседі.
Иса былай деген: «Мен «бұтамын», ал сендер «сабақтарымсыңдар». Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар. ... Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі Менің сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар. Егер мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласындар. Сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді.
Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер. Бұларды Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын деп өздеріңе айттым.
Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар» (Жохан 15:5,7-11,14).
Біздің Мәсіхке деген мойынсұнуымыз Оған деген адалдығымыздың көрсеткіші. Ежелгі қауым жетекшісі Жақып мына сөздерін де сол себеппен айтқан: «Құдайдың айтқандарын құр естіп қана қоймай, іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар» (Жақып 1:22). Мұны да басқа сенушілермен бірге істеу пайдалы. Басқа бір сенушінің өзіңе қол ұшын беріп, Құдайға мойынсұнуыңды бақылап отыруы кейде сенің қайғыға әкеліп соғатын бағынбаушылықтан гөрі бағынуды таңдап алып, Құдай сыйлайтын жарылқауға кенелуіңе көмектесуі мүмкін.
Сенушінің рухани өмірінің бұл жағы да тәжірибе мен жаттығу арқылы келеді. Есіңде болсын, сенуші болғаннан кейін де біздің бойымызда күнә жасауға мейлінше бейім күнәкар болмыс қала береді. Егер біз Құдайға мойынсұнушылықты өзімізге мақсат етсек, онда күнәкар болмысымызды күнделікті «басып» отыруымыз керек. Сондықтан Еврейлерге арналған хатта рухани жетілгендер «байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да олар жақсы мен жаманды айыра біледі» деп сипатталатыны еш ғажап емес (Еврей, хат 5:14). Осы өмірде ешқашан да кемел, мүлтіксіз бола алмасақ та, Құтқарушы Мәсіхке деген мойынсұнуымызды ұдайы өсіріп отыра аламыз. Ал егер бұл кейде қолымыздан келмей қалса, мына уәдеден жұбаныш таба аламыз: «Егерде күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады» (Жохан. 1-хаты 1:9).
Забурдағы «Уағыздаушы» деген жазбада былай деп жазылған: «Біреуден гөрі екеу артық, себебі олардың жұмысы өнімдірек болады. Жалғыз болғанша, серіктеспен бірге болған артық. Себебі бірге жұмыс істесе, соның нәтижесі өнімдірек болады. Біреуі құласа, жолдасы сүйеп тұрғызады. Алайда құлағанда сүйеніш болатын ешкімі жоққа қандай қиын! Бірге жатқан екеу түнде тоңбайды, ал жалғыз адам қалай жылынады? Біреу жалғызды жеңе алады, ал екеу оған қарсы төтеп бере алады. Үш қабат жіп оңайлықпен үзілмейді» (Уағыздаушы 4:9-12).
Рухани өсуіміз үшін мүмкіндігіміз болғанда өзге сенушілермен байланысып, бір-бірімізді жігерлендіріп, өзара қызмет еткеніміз де жөн.
Алғашқы сенушілер рухани өсу үшін бірге жиналып тұрған. Лұқа бұны бізге былай деп сипаттайды: «Олар елшілердің беріп жүрген тәлімін, араларындағы қарым- қатынастарын, нан үзу рәсімін және Құдайға сиынуды берік ұстанып, жалғастыра берді.
Елдің бәрін үрей биледі, себебі елшілер арқылы Құдайдың құдіретін көрсеткен көптеген керемет істер болып жатты. Мәсіхке сенушілердің бәрі біртұтас қауым болып, заттарын ортақ ұстады; (қажет болғанда) мал-мүлкін сатып, содан әркімге керегінше беріп отырды. Олар күн сайын ғибадатханада бір кісідей бірге болды; сонымен қатар өз үйлерінде де бас қосып, нан үзу рәсімін орындап, ақ көңілмен қуана отырып, бірге тамақ ішіп, Құдайды дәріптеді. Оларды бүкіл халық ұнатты. Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды» (Елшілер. істері 2:42-47).
Сенушілер тәлім алуға, өзара байланысуға, Иеміздің асына қатысуға, бірге мінажат етуге, сенушілердің басқа да мұқтаждықтарына көмектесуге және Құдайды мадақтауға жиналады. Осы арқылы олар рухани өсіп, өмірлері сенуші еместерге тартымды әсер етеді. Осылайша сенуші еместер де Ізгі хабарды жылы қабылдайды. Сенушінің өзі-ақ істей алатын істі басқа сенушімен бірігіп істегені әлдеқайда тиімді. Сонда бір-бірімізді жігерлендіріп, қайрат-күш бере аламыз. Мәсіхшінің күнделікті өмірінде пайда болып отыратын қиындықтарды жеңуде бұл қайрат-күш өте маңызды, себебі ол сенімнің көзі болады. Киелі кітапта сондықтан былай деп жазылған: «Мойындаған үмітімізді үзбей, берік ұстанайық, себебі уәде берген Құдай сөзіне адал. Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой» (Еврей, хат 10:23-25). Құтқарушы Исаға өмірлерін шын жүректен бағыштаған басқа сену- шілермен бас қосып, бір-бірімізді жігерлендіріп, «сүйіспеншілік көрсету мен игілік істеуге» қозғау салудың нәтижесі рухани өсуіміз үшін жемісті.
Сенушілер Құдайдың еркіне сай бас қосқанда олардың өзара рухани көмектесуін Құдайдың Өзі дайындаған. Ол әркімге ерекше қабілеттер мен рухани дарындар беріп, солар арқылы сенушілер бір-біріне көмектеседі. Бұл туралы Пауыл былай деп жазған: «Ол рухани дарындар сыйлап, сенушілердің біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын Ізгі хабарды таратушы, енді біреулерін қауымның рухани бағушысы немесе тәлімгері етіи тағайындады. Олар Құдайдың халқын өз қызметтерін атқаруға дайындауға тиіс. Соның нәтижесінде Мәсіхтің рухани денесі өсіп, күшейе бермек. Осылайша бәріміз бірге Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген қауым болмақпыз.
Онда біз бұдан былай әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесіп, қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп, азғындық жолға түсуден аулақ боламыз. Қайта, бір-бірімізге шындықты сүйіспеншілікпен айтып, қауымның Басы Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз. Сонда мүшелері үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған бұл біртұтас рухани дене түгелдей өзінің Басы Мәсіхке бағынады. Әрбір мүшесі өз міндетін атқарса, бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді» (Ефес. хат 4:11-16).
Енді өзіңдей басқа сенушілермен байланысып, рухани өсуің үшін шын жүректен Құтқарушы Иса Мәсіхтің жолымен жүрген сенушілер тобын яки мәсіхшілер қауымын іздеп тапқаның жөн. Осындай топта немесе қауымда сен басқаларға қызмет етіп, олар саған да қызмет етеді, жетекшілері Киелі кітап бойынша уағыз айтып, мүшелері Пауыл елшінің сипаттап жазған қауым өмірін үлгі етіп алған болулары керек.
РУХАНИ ӨСУДЕ ИСА ТУРАЛЬІ БАСҚАЛАР МЕН БӨЛІСУДІҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Мәсіхтің қызметінің бастанқы кезінде екі кісі Оның соңынан алғашқы болып ерді. Сол екеудің бірі, Әндір, бірден былай істеді:
«Ол ең алдымен ағасы Шимонды тауып алып: — Біз Мәсіхтің Өзін таптық! — деді. Ал «Мәсіх» Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша дегенді білдіреді.
Содан кейін Әндір Шимонды Исаға ертіп келді. Иса Шимонға қарап:
-
Сен Жоханның ұлы Шимонсың. Бұдан былай Кефа деп аталасың, — деді. Кефа грекше — Петір, яғни «Тас».
Келесі күні Иса Ғалилея аймағына бармақшы болды. Філіпті тауып, оған: «Менің
шәкіртім болып, соңымнан ер», — деді. Філіп те Әндір мен Петір тұратын Бетсайда қаласынан еді. Філіп Натанайылды тауып алып, оған:
-
Біз Мұса Тауратта жазған, басқа пайғамбарлар да өз жазбаларында айтып кеткен Мәсіхті таптық! О л — назареттік Жүсіптің ұлы Иса! —деді» (Жохан 1:41-45).
Исаның осы екі шәкіртінің не істегенін түсіну оңай. Шынында да, барлық адамдарға арналған зор қазынаны тапқан адам қалай үндемей жүре алады? Олар бұл туралы өздерінің туысқандары мен достарына айтып жүрді. Киелі кітап бұны «Ізгі хабарды айту» дейді.
Ізгі хабар сенушінің өмірінің маңызды бір бөлігі болуы керек. Иса Өзінің жер бетіндегі қызметі аяқталуға жақындап қалғанда шәкірттеріне мынаны айтқан: «Маған көк пен жердің барлық билігі берілген! Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!» (Матай 28:18-20). Бірақ Мәсіх біздің бұны өз күшімізбен істеуімізді қаламайды. Ол бізге осыны істеуге рухани қайрат-күш берсін деп Киелі Рухты жібереді. Өзінің жер бетіндегі қызметі аяқталуға жақындап қалғанда, Ол тағы былай деді: «Сендер Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар» (Елшілер. істері 1:8).
Өз күнәларының кешірілгенінің шын мәнін түсінетін адам өзіне күнәны жеңуге күш бергені үшін Құдайға алғыс айтып, Онымен қазірден бастап мәңгі бірге болуды асыға күтетін болады. Сондықтан ол бұны тек өзі ғана біліп қоймай, басқаларға да айтқысы келеді. Басқалардың күнә мен өлімнің құлдығынан азат болғанын көре отырып, оның өзі де рухани өмірінде үлкен жігерлендіру алады.
Бұл жағдайда да жалғыз емес, бір серіктесімен бірге істес болу тиімдірек. Екі немесе одан көп сенушінің Құдай Иеге бірге сиынып, Құтқарушымыз туралы басқалармен бөлісуге бір-бірін жігерлендіргендері сондай ғанибет.
ИСАМЕН БАЙЛАНЫСТА РУХАНИ ӨСУ
Пауыл елші сенушілердің бір тобына: «Сонымен, Мәсіх өлімнен қайта тірілгенде сендер Онымен
бірге рухани тірілгендіктен, көкке лайықты қасиеттерді иемденуге ұмтылыңдар! Өйткені Мәсіх көкте, Құдайдың оң жағында отыр. Ойларыңды күнәкар дүниедегіге емес, көктегіге аударыңдар! Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәкар іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар, ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында» (Қолос. хат 3:1-3) деп жазған. Әрбір сенушінің өмірінің өзегі, алтын қазығы Иса Мәсіхтің Өзі болуы керек. Адам оміріндегі Оған тиесілі орынды ешкім алмауға тиіс, себебі Иса — біздің бірден-бір ізгілікті Құтқарушы Иеміз.
Пауыл да осындай көзқараста болып, былай деп жазды: «Өзім бұдан былай өмір сүріп жатқаным жоқ, қайта, бойымда Мәсіх өмір сүруде. Ендігі тәндік өмірім — Құдайдың рухани Ұлына деген сенімімнің арқасындағы өмір. Ол мені сүйгендіктен Өзін мен үшін құрбан етті!» (Ғалат. хат 2:20)
Исаның Өзі бұл туралы былай деген: «Мен «шынайы жүзім бұтасымын», ал көктегі Әкем «жүзім өсіруші». Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр «сабақты» Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады. Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар. Мен «бұтамын», ал сендер «сабақтарымсыңдар». Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар» (Жохан 15:1-2,4-5). Біз не ойлап, не айтып, не істесек те, бәріне Исаның көзқарасы қандай боларын ойлап, есімізден шығармауымыз керек.
Исаны жақыннан таныған үстіне тани түсуден артық ештеңе жоқ. Пауыл елші Құтқарушымыз туралы: «Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы жатыр» (Қолос. хат 2:3) деп жазған. Иса Мәсіхтен Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрінеді: Ол — Тәңірдің болмысының дәлме-дәл сипаты (Еврей 1:3). Оның сөзін көбірек оқып, мінажат етіп, баска сенушілермен жүздесіп, Ол туралы басқаларға айту арқылы біз Оны көбірек біле түсеміз.
Мұрат, сен мәсіхшілік өміріңді бастағалы отырсың, мен сен үшін Құдайға сиынып, сені молынан жарылқауын сұрай беремін. Саған көрсетер көмегім болса, көмектесіп, сенің рухани өсуің арқылы өзім де өскім келеді.
Ербол, саған да рақмет. Енді бүкіл өмірімнің өзгеретінін біліп отырмын. Тіпті қазір де өзгеріп жатыр. Сенімен жиірек кездесіп тұруға мен де дайынмын.