7-лекция.
Махмуд Қашқари (“Диуани лұғат ат-түрік”) “Түркі сөздерінің жинағы”
(1 сағат)
Жоспары:
-
Махмұт Қашқари – ұлы филолог, ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым.
-
«Диуани лұғат - ат түрк» сөздігінің зерттелуі.
-
Сөздіктің әдеби мәні.
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
М. Қашқари – XI ғасырда өмір сүріп, еңбек еткен ұлы филолог, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеуші ғалым, белгілі саяхатшы. Ол “Диуани лұғат ат-түрік” атты еңбек жазып, өз заманындағы түркі тілдерінің тұңғыш ғылыми грамматикасын жасады.
Болашақ ғалым Баласағұн шаһарында туылған, кейін Қашқарға көшіп келген. Оның “Қашғари” атануының себебі осында. Ол өсе келе Самарқан, Бұхара, Бағдад шаһарларында оқиды. Араб философиясымен және араб – парсы тілдеріндегі шығыстың классикалық поэзиясымен көбірек айналысады. М. Қашқаридың ерекше зейін қойып, ұзақ жылдар бойы зерттеген мәселесі-түркі тектес түрлі ру тайпалардың тіл ерекшеліктері, әдет-ғұрып, салт-санасы, ауыз әдебиет үлгілері, өткендегі тарихы т. б. болды. Осы жинаған, зерттеген материалдарының нәтижесінде ғалым тіл білімі мен әдебиетке қатысты көлемді де күрделі екі ғылыми еңбек жазды. Бірі - “Жавохирун-нахв фи луғотинт турк” (“Түркі тілдерінің синтаксисі, қағидалары”) деп аталады, бірақ бұл еңбегі бізге жетпеген. Екінші еңбегі- “Диуани лұғат ат - түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”). Бұл еңбек 1074 жылы жазылған.
“Диуани лұғат ат-түрік”-қазіргі түркі халықтарының бәріне ортақ мұра. Сөздікте орта ғасырдағы түркі ру-тайпаларының бәріне ортақ алты мыңнан астам төл сөз бен жеке тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Мұнда тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасалады. Сондай-ақ сөздікте тіл мен әдебиетке ғана емес, сол кездегі ру- тайпалар мен халықтардың қоғамдық-экономикалық жағдайына, көне тарихы мен әдет – ғұрпына, салт-санасы мен наным-сеніміне т.б. қатысты аса бағалы деректер берілген. Еңбектің осындай ерекшеліктерін ескеріп белгілі кеңес түркологі А. Н. Кононов сөздікті энциклопедиялық туынды деп бағалайды.
“Диуани лұғат ат-түрік” – тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасаған ғылыми еңбек. Көне түркі әдебиет ескерткіштерінің тілін үйренуге бұл зерттеу көп көмек көрсетіп келеді. Мәселен, осы “Диуани лұғат ат-түрік” табылғаннан кейін ғана “Құтты білік” дастанын оқу, аудару және транскрипция жасау кезінде бұрын жіберілген қателіктер түзетілді.
“Диуани лұғат ат-түріктің” көшірме қолжазбасы XX ғасырдың бас кезінде табылды. Түпнұсқа сақталмаған. Қолжазбаның көшірілген бір нұсқасы Стамбулдың Фатих кітапханасында сақтаулы. 1915-1917 ж. Стамбул қаласындағы Ахмет Рифат баспасынан үш томдық кітап түрінде жарық көреді.
Шығыстанушы неміс ғалымы Броккельмен бұл шығарманы неміс тіліне аударып, 1928ж Лейпциг қаласында бастырып шығады.
Түрік филологы Басым Аталай оны осман түріктерінің тіліне тәржіма жасап, 1939-1941 ж. Анкарада үш томдық кітап етіп шығарды.
Тілші –ғалым С. Муталлибов сөздікті өзбек тіліне аударып, 1960-1968 ж. Ташкенттен үш кітап етіп шығарды.
Көрнекті кеңес лингвист ғалымдары Н.А. Баскаков, А.Н. Кононов, А.К. Боровков, С. Муталлибов, В. Решетов т.б. осы сөздікке қатысты көптеген құнды зерттеулер жүргізді. Сөздіктегі өлең-жырлар мен мақал-мәтелдерді ақын Фариза Оңғарсынова қазақ тіліне аударды.
М. Қашқари сөздігінің әдеби мәні зор. Бұл кітапты көне түркі әдебиет ескерткіштерінің қысқаша хрестоматиясы деуге болады.
Сөздікке екі жүзден астам өлең, үш жүзге тарта мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, көркем теңеулер енген.
Мұндағы әдебиет үлгілері дидактикалық сарында берілген. Ондай өлең-жырлар оқушысын оқу-білімге, өнерге, әдептілікке үндейді. Адамгершілік, мораль, этика мәселелерін сөз етеді.
Сөздікте табиғат туралы, аңшылық жайындағы, еңбек тақырыбына арналған өлең-жырлар және қыс пен жаздың айтысы беріледі.
Алғашқы қауымда тіршілік еткен адамның ерекше назар аударған нәрсесі – табиғат құбылыстары болды. Қар, мұз еріді, тау суы аға бастады. Көгілдір бұлт көтерілді, ол суда жүзген қайықтай аспанда жүзіп бара жатты.
“Дивани лұғат ат-түрктегі” ауыз әдебиетінің үлгілері табиғат көріністерін бейнелейтін пейзаж лирикасы мен жыл маусымының ауысуына арналған өлең-жырлар болып келеді. Табиғат лирикасы да, жыл маусымын суреттейтін өлеңдер де, ежелгі заман адамдарының өзін қоршаған, өзі тіршілік ететін ортадағы табиғат құбылыстары жөніндегі түсінігін, сол жөніндегі наным-сенімін аңғартады.
“Дивани лұғат ат-түрктегі” ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілері ішінде аңшылық, еңбек тақырыбына арналған өлең-жырлар көп. Мұндай өлеңдерде тайпа мүшелерінің бірігіп аң аулауға шыққаны, егін салғаны, мал. баққаны жырланады. Әрбір қадамы қатерге толы ежелгі дәуір адамдары жүрек жұтқан ерлікті, батырлықты ерекше қастерлеп, жырға қосқан. Жан түршігерлік үрейлі аңдармен арпалыста немесе түрлі тайпалар арасындағы соғыста ерекше ерлігімен, қыруар күш-қуатымен, әскери айла-тәсілімен көзге түскен батырларды көкке көтере мадақтайтын өлең жолдары “Дивани лұғат ат-түркте” жиі ұшырайды.
Қорыта айтқанда, Махмуд Қашғаридың теңдесі жоқ бұл шығармасы біздің еліміздегі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ асыл қазына, тілдік,әдеби,тарихи, этнографиялық т.б. тұрғыдан мейлінше бай мұра болып табылады.
8-лекция.
Қожа Ахмет Иасауий (“Диуани хикмат”)
(1 сағат)
Жоспары:
1. Ахмет Яссауий сопылық әдебиеттің ірі өкілі.
2. «Диуани хикмет» жинағы..
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Ахмет Яссауий –түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, есімі ислам әлеміне машһур болған ойшыл қайраткері. Ол мұсылман қауымының дәстүрлі қағидаларын жырлаған сопылық әдебиеттің түркі халықтары арасындағы мейлінше танымал, ірі өкілдерінің бірі болды. Ахмет Яссауи кезінде “жахрия” (экстаз) немесе “Яссауия” деп аталып кеткен сопылық-мистикалық ағымның негізін қалады.
“Диуани хикмат” (“Даналық кітабы”) – түркі тілді халықтардың XII ғасырдан сақталған әдеби ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл өлеңдер жинағы қазақ әдебиетінің де орта ғасырлық нұсқасы болып табылады. Өйткені Яссауи Хикматтарының тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті совет ғалымы А.К. Боровковтың пікірі бойынша “Даналық кітабы” оғыз –қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды.
Бұл өлеңдер жинағының алғашқы түп нұсқасы сакталмаған. Ең ескі нұсқасы XV- ғасырдың орта кезінде араб емлесімен көшірілген. “Даналық кітабы” Қазан (1887-1901ж), Стамбул (1901), Ташкент (1902-1911 ж.) баспаларының бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шығады.
Ахмет Яссауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Мұнда 149 хикмат берілген. Соның 109 хикматы Яссауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек.
Түркия ғалымы М. Ф. Кепрюлю-заде Ахмет Яссауи хикматтарының жазылу тарихын, поэтикасын, әлеуметтік бағыт - бағдарын тұңғыш рет әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жан-жақты зерттеп, ол туралы келелі ғылыми еңбек жазғаны мәлім. Ғалым 1928 жылы Ахмет Яссауи поэзиясын ғылыми негізінде жүйелеп, Стамбул баспаларының бірінен жеке кітап етіп шығарды.
Белгілі орыс ғалымдары А.Н. Самойлович, Е.Э. Бертельс, А.К. Боровков, Г.Ф. Благова, т.б. Ахмет Яссауи жырларын зерттей келіп, кезінде оны жоғары бағалады, әрі ақынның өзінен кейінгі сөз зергерлеріне тигізген әсері зор болғанын ерекше атап көрсетті.
Сондай-ақ Ахмед Яссауи поэзиясының зерттеу ісіне Э.Р. Рустамов, Н. М. Маллаев, В.И. Зохидов сияқты өзбек ғалымдары да едәуір үлес қосты.
“Даналық кітабында” негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: “шариғат”-ислам заңдары мен әдет ғұрпының жинағы, “тариқат”- сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты, “маьрифат”- дін жолын танып, оқып білу; “хақиқат” құдай және оған жақындау. Ахмед Яссауидің ойынша, “Шариғатсыз”, “тариқат”, “тариқатсыз” ” маьрифат”, “маьрифатсыз” “хақиқат” болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.
Әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, адамның рухани өмірінің таза болуы сияқты құбылыстарды Ахмед Яссауи ислам дінінің шарттары арқылы түсіндіруге әрекет жасады . Соның өзінде, ақын әлеуметтік қайшылықтар мен теңсіздіктерді сынап, халық мүддесін ескергісі келмеген тәкәппар жандарды әшкерелеп отырады. Халықты ізгі қасиеттерге, адамгершілікке үндейді.
Бүкіл әлемдегі түркі тілдес халықтарға ортақ мұра саналатын Ахмед Яссауидің ғажап жырларын оқып – үйренуге, зерттеуге, жариялауға біздің елімізде соңғы кезге дейін тиым салынып келгені мәлім. Тек елімізде қызу жүріп жатқан қоғамды қайта құру, жариялылық процесінің арқасында ғана Ахмед Яссауи туралы ашық сөйлесуге мүмкіндік туды. Ақын жырларын зерттеу, тәржіма жасау істері шындап қолға алына бастады.
Бұған 1990 жылы қазан айының 23-27 жұлдызында Түркістан қаласында ЮНЕСКО-ның бағдарламасы бойынша “Яссауи әлемі” деген атпен өткізілген халықаралық ғылыми конгрестің материалдары толық дәлел. Ахмед Яссауи мұрасын танып – білу, оны қоғам игілігіне пайдалану қажеттігі осы халықаралық маслихатта ерекше атап көрсетілді.
Белгілі әдебиет зерттеушісі Р. Бердібаев қазақ көркем сөз өнері мен Ахмед Яссауи поэзиясы арасындағы дәстүр жалғастығы туралы айта келіп, “түркі әдебиетінде жиі ұшырайтын “иман нұры” , “захар көзі”, “сырдың көзі”, “табиғаттың ләззаты”, “махаббат майданы”, “маьрифат бостандығы”, “хақиқат дариясы”, “ғашықтың дерті”, “махаббат бостандығы”, “гүл шарабы”, “көңіл кәбәбі”, “Дәрислам сарайы”, “ақиреттің азығы”, “махаббат жүгі”, “маьрифат бұтағы”, “үміт құрығы”, “шариғаттың көйлегі”, “ғашық дүкені”, “мехнаттың дариясы”, “дүрдің кені”, “жан даласы”, “шайтан жолы”, “нәпсі шайтан”... тәрізді бейнелік қатарлар бұрыннан келе жатқан тамаша дәстүр айдынына апарды ”, - деп жазды.
Ахмет Яссауидің сопылық – мистикалық сарындағы ой-пікірлерін оның шәкірттері жалғастырып, кезінде көптеген хикмат – жырлар жазғаны мәлім.Ғұлама ақынның ел ішінде ең танымал болған дарынды шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғани еді. Ақынның туған жылы белгісіз, 1186 жылы қайтыс болған. Оны жұрт Хакім ата деп атаған.
Сүлеймен Бақырғани да өзінің гуманистік бағыттағы ой - түйіндерін ислам діні қағидалары тұрғысынан түсіндіруге әрекет жасайды. Ал біз соңғы кезге дейін дін атаулыға сыңаржақ қарап, оның адамды ізгі қасиеттерге үндейтін ілгерішіл ролін теріске шығарып келдік. Сол себепті Сүлеймен Бақырғани өлеңдері де күні бүгінге дейін зерттелмей, жарияланбай келеді. Бертін келе Бақырғани жыр-жинаған “Бақырғани кітабы” деп атайды. Бұл жинақтағы өлеңдер өзінің тақырыбы, мазмұны, құрылысы жағынан Ахмет Яссауидің “Даналық кітабына” ұқсас болып келеді.
Бақырғани өлеңдері кезінде ел арасында ауызша да мейлінше кең тараған. Әсіресе оны ел аралаған дәруіштер көп айтатын болған. Бертін келе Бақырғани жырлары ел аузынан жиналып, 1877 жылы Қазанда жеке кітап болып басылып шығады.
Сүлеймен Бақырғанидің “Ақыр заман кітабы” және “Бибі Мариям кітабы” деп аталатын екі дастаны бар. Олар негізінен діни аңыз-әңгімелер сюжетіне құрылған. Сопылық – мистикалық ой-пікірлерді уағыздайды. Сонымен бірге, бұл дастандарда оқырманды ізгі қасиеттерге үндеу сарыны да бар.
Кезінде күллі түркі тілдес халықтарды тамсандырған Ахмет Яссауи мен Сүлеймен Бақырғанидің хикмат-жырлары қазақ әдебиеті тарихынан тиісті орнын алып отыр.
9-лекция
Жүсіп Баласағұн. “Құтадғу біліг”(“Құтты білік”)
(1 сағат)
Жоспары:
-
«Құтты білік» - дидактикалық дастан.
-
«Құтты білік» дастанның тәрбиелік мәні.
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн-XI ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі шығыс елдеріне мәшһур болған данышпан-ойшыл, энциклопедист-ғалымы, белгілі қоғам қайраткері.
Жүсіп Баласағұн өз замандастарына және өзінен көп жылдар кейін өмір сүрген ұрпақтарға орта ғасырдың атақты ғалымы, дәлірек айтсақ, табиғаттану, риезиет (математика), фәләкият (астрономия), тарих, араб-парсы тіл білімі, т.б. толып жатқан ғылым салаларын жете меңгерген ғұлама-ғалым ретінде жақсы мәлім болған.
Жүсіптің есімін әлемдік әдебиет тарихына мәңгілікке өшпестей етіп жазып қалдырған бірден –бір әдеби мұрасы- “Құтадғу біліг” (“Құтты білік”) дастаны. Бұл дастан - қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихы, қоғамдық саяси - өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдени дәрежесі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, т.б. жөнінде аса қызықты, әрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды. Жүсіп Баласағұн орта ғасырда Қарахан әулеті билік жүргізген мемлекеттің бір кездегі астанасы Баласағұн шаһарында туылған.
Жүсіп Баласағұн өз дастанын шамамен елу төрт жасында жазып бітірген. Демек, ақын 1015-1016 жылдары туылған деп шамалаймыз. Ал 1070 жылы ол “Құтты білікті” жазып болып, сол жылы оны “хандардың ханына” тарту еткен. Бұл тартуға риза болған Бограхан ақынға: ұлы хас хажиб “бас кеңесшіміз” немесе “ұлы уәзір” (патша сарайындағы қызметкерлердің басшысы) деген жоғары атақ береді.
Жүсіп Баласағұн саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, оқу-ағарту, мәдениет, т.б. мәселелерді өз дәуірінің талап –тілектері тұрғысынан жырлайды. Сөйтіп Жүсіп Баласағұн бір, жағынан-өз заманының ойшыл ақыны, ірі ғалымы, мемлекет қайраткері, тарихшысы ретінде, екінші жағынан-өз дәуірінің перзенті, феодал табының өкілі, үстем таптың сөзін сөйлеп, сойылын соғушы адам ретінде тарих сахнасына шықты. “Құтты білік” дастаны ақынның көзі тірі кезінде-ақ кеңінен тарап, түркі тілінде жазылған ең жақсы кітап саналады. Бұл шығарма әр елде түрліше атпен мәлім еді. Мәселен, Шын елінің адамдары “Адабул-мүлік” (“Әкімдердің әдептілігі”) деп, ал Мешін жұрты “Айнкүлмамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), Шығыс елдерінің әкімдері “Зийнатул-умаро” (“Әмірлердің сән-салтанаты”), парсылар “Шаһноман туркий” (“Түркілердің шаһнамасы”), турандықтар “Құтадғу біліг” (“Құтты білім”) деп атайды.
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнның “Құтты білік” дастанының бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен үш нұсқасы бар:
Біріншісі, Вена нұсқасы, оны Герат нұсқасы деп те атайды. Бұл қолжазба қазір Венаның Корольдік кітапханасында сақтаулы тұр.
Екіншісі, Каир нұсқасы. Бұл қолжазба араб әрпімен көшірілген.Оны Каирдағы бір кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан 1986 жылы неміс ғалымы Б. Мориц тапқан. Белгілі орыс ғалымы В. В. Радлов Петербург Ғылым академиясының Азия Музейі үшін Каир нұсқасының бір данасын көшіртіп алады. Қазір бұл қолжазба ССРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының Ленинград бөлімшесінде сақтаулы тұр.
Үшіншісі, Наманган нұсқасы. Оны 1913 жылы А. З. Валидов Өзбекстанның Наманган шаһарынан тапқан еді. “Құтты білік ” дастанының араб әрпімен көшірілген, ең толық саналатын осы нұсқасы Өзбек ССР Ғылым академиясының Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институтында сақталып келеді.
“Құтты білік” дастаны жөнінде тұңғыш рет баспасөз бетінде хабар беріп, оның нұсқасының бір бөлігін 1823 жылы “Азия журналында” бастырып шығарған ғалым француз Жауберт Амадес болды.
“Құтты білік” дастанын әдебиеттану, тіл білімі, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуге С. Е. Малов, Е.Э. Бертельс, А. Валитова, К. Каримов, С. Муталлибов сияқты совет ғалымдары мол үлес қосты.
Қазақтың белгілі ақыны, әрі әдебиет зерттеушісі Асқар Егеубаев “Құтты білік” дастанының қазақ әдебиетінің дамуына идеялық-көркемдік әсері (Дәстүр, поэтика және аударма мәселелері) деген тақырыпқа ғылыми еңбек жазды. Сондай-ақ ол ақын ретінде “Құтты білік” дастанының түпнұсқаға мейлінше жақын поэтикалық аудармасын жасап шықты.
“Құтты білік” дастанының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған: Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді.
Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қоныс деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі дастанда патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.
Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық ролі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады.
Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Одгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады.
Композициялық құрылысы жағынан дастан 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Бұл-13. 000 өлең жолы деген сөз. Соның бәрі 85 тарауға бөліп берілген. Шығарманың негізгі бөлімдері екі жолдық месневи түрінде жазылған.
“Құтты білік” дастанының сюжеті де автор алға қойған дидактикалық міндеттерге , яғни шығарманың әділдікті, бақ-дәулетті, парасатты, қанағатты бейнелейтін төрт қаһарманның іс-әрекетіне тікелей байланысты етіп құрылған. Дастанның сюжеттік желісі мейлінше қарапайым болып келеді.
Ақын дастанда өзі өмір сүрген дәуір талап еткен бірқатар маңызды мәселелерге өзінше жауап беруге әрекет жасаған. Жүсіп Баласағұн өзінің дидактикалық сарында жазылған шығармасында мораль, этика, әдептілік, тәлім-тәрбие туралы өсиет-ғибрат сөздер айтады. Қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынасы, сөйлесуі, сыйласуы, әсіресе тіл әдептілігі егжей-тегжейлі сөз болады. Ақын маскүнемдікті, жалқаулықты, әдепсіздікті, дөрекілікті, жылпостықты, т.б. жаман мінез-қылықтарды өлтіре сынайды.
Шығармада жақсылық пен жамандық, әдептілік пен дөрекілік , шындық пен өтірік, аңқаулық пен аярлық, т.б. өзара қарама-қарсы қойылған. Сол арқылы автор айтар пікірін тереңдете түседі. Мәселен, ақын : ауырмаса-денсаулықтың қадірін білмейді, өлім болмаса-тірі кездің қадірін түсінбейді, қайғысыз адам-қуаныш сезімінің құдыретін толық сезе алмайды деген секілді бірқатар философиялық пікірлер қозғайды.
“Құтты білік” дастанында автор ерекше мән беріп, зор шабытпен жазылған аса маңызды мәселелердің бірі-адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Атап айтқанда, мұнда жастардың қарттарға, қариялардың жастарға, әкімдердің өз қол астындағы қызметшілеріне, жалшылардың өз қожаларына, балалардың өз әке-шешесіне, ата-ананың өз перзенттеріне деген ізгі – құрметі қандай болуы керек деген сауалға жауап берілген.
Орта ғасырдың аса көрнекті ақыны, ғажайып сөз зергері, энциклопедист-ғалымы, көрнекті мемелекет қайраткері Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнның “Құтты білік” дастанының әдеби, тарихи, ғылыми мәні ерекше зор. Бұл көркем шығарма бертін келе қазақ халқының этникалық құрамына енген ру-тайпалардың ежелгі дәуірдегі тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін, т.б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра болып табылады.
10-лекция
Шешендіктану ғылымының қағидалары
(1 сағат)
Жоспары:
-
Шешендіктану ғылымы
-
Шешендік өнердің дамуына қажетті алғышаорттар..
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Шешендік өнер халықтық – демократиялық қоғамдарда өсіп-өркендейді. Ақыл-ойға еркіндік шешендік өнердің дамуының алғашқы шарты болып есептеледі. Мысалы, ежелгі грек тарихында шешендік өнердің дамуына б.ж.х.д. 594 жылы Афины басқарушысы әрі ақыны Солонның кұлдық құрылыс пен сот істерін демократиялауға бағытталған заңының себеп болғандығын шешендік тану ғылымының зерттеушілері растайды. Бұл заң бойынша Афинының әрбір азаматы өз мүддесін өзі қорғауға тиіс болды. Сотта өзін-өзі қорғау үшін қызыл тілге жүйрік болуға тиіс. Осыған байланысты сот алдында айтылатын сөзді алдын – ала даярлайтын сөз шеберлері (логографтар) көптеп пайда болған екен. Демосфен шешен алғашында осындай логограф болған.
Солон заңына ұқсас заң “Жеті жарғы” қазақ елінде де болды. “Жеті жарғының” атақты жеті биімен ақылдасып отырып кабылдаған хан Тәуке еді. “Жеті жарғы” бойынша да әркім өз жоғын өзі жоқтауға, өзінің әлі келмесе, жанкүйер бауырластары, одан қалса руластары қорғауға тиіс болған. Мұның өзі шешендік өнерді үйренуте, сөз бостандығының жандануына жол ашты. Ежелгі шешендіктің Отаны саналған Римда да римдіктер қан майданда Отанын қарумен қалай қорғаса халық мәжілістері мен сенатта суырылып сөйлеу әрқайсысының басты парызы болған. Ресейде шешендік өнердің кенжелеп дамығандығын айтып, оның себебін түсіндірген Д.И.Фонвизиннің: “Шешендердің аз болу себебі шындығында шешендік дарын көрінетіндей жағдайдың жоқтығынан. Шешендік абырой-атаққа айқара есік ашатын және консульдікпен сайланатын бізде халық жиналыстары жок деген сөзін келтірген Б.Адамбаев: “Шешендік өнер кай жерде сөзге бостандық, еркіндік болса, жүйелі сөзге жұртшылық, қоғам кұлақ асса, міне, сол жерде, сол елде ғана дамиды. Керісінше, ақыл-ойға, сөзге-тілге қысым жасалып, шек қойылған жерде ақыл-ойдың адамдары, ең алдымен ақындар мен шешендер қорғалап сөйлей алмайды, сөз өнері тоқырайдың “Халық даналығын”, А. "Рауан», 1996, 148-6)-, деген болатын. Жалпы шешендік өнердің шығуы белгілі бір қоғамдық жағдайлармен және халықгың бас қосу жиналыстарымен байланысты болғандығын қазақ шешендік өнерінің тарихы да растайды. Әсіресе халық астың мәні үлкен болған. Ә.Бөкейханұлының сөзімен айтсақ қазақтың үлкендеріне ас бергенінің бір пайдалы жері асқа жиналған халықтар іс тексеріп, дау бітіреді екен, бұрынғы жиналыстарда бітпей қалған дауларды шешеді екен. Халық жиналатын жерлердің бірі- ақындар айтысы. Ақындар айтысы да, ас пен той сияқты, шынайы шешендер сөз сайысына түсетін және шындалатын орындар болған. Ердін, елдің тағдыры сөз болатын, соғыс, бітім секілді маңызды мәселелер қозғалатын бұрынғы хан кеңестері, қазіргі парламент сарайлары, сап залдары — саңлақ шешендер мен саяси қайраткерлерді калыптастыратын орындар. Дүние жүзіне есімдері әйгілі шешендердің көбінесе мемлекет қайраткерлерінен, заң қызметкерлерінен, парламент мүшелерінен шығатыны да осыдан. Мысалы, ежелгі Афина шешені Демосфен, Рим шешені Цицерон парламент басшылары болса, орыс шешендері П.А.Александров, Ф.Н.Плевако, Л.Ф.Кони заң қызметкерлері еді. Қазақ елі тарихындағы шешендердің кімдер болғандығын бірінші тарауда егжей-тегжейлі айтып өттік.
Бірақ шешендік сөздер тек ас пен тойда, жәрмеңке - жиындарда айтылған дау-тартыс, ақындық айтыстармен ғана шектелмеген, дейді Б.Адамбаев. Жазда жайлауда жиі болатын ас-тойларда, мәжіліс жиылыстарда, жай қонақта көпті көрген қарттар үлгілі, өнегелі сөз айтып отыратын салт болған “Халық даналығы”, Бізге жеткен нақыл, өсиет, әзіл-тақпақ сөздер осыны айғақтайды. Сол салт бойынша жастар арасында да тапқырлыққа кұрылған сөз жарыстары өтіп отырған. Сөз жарысына түсу үшін халық тілінің байлығын молынан меңгеру қажеттігі туады. Олар халық тілінің байлығын халық ауыз әдебиетінен үйренді. Халық ауыз әдебиеті мұраларын көп жинаған түрколог ғалым В.В.Радлов қазақ тілінің түпкі түркілік сипатын сақтап қалған тазалығын, табиғилығын, үндестік заңына бағынған әсемдігін айта келіп: “Оның үстіне қазақтың басқа бауырластарына карағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті”, - деген сөзіне немесе “Қазақтар мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді.
Достарыңызбен бөлісу: |