28-лекция.
Шалгез жыраларындағы шешендік
(1 сағат)
Жоспары:
-
Шалкиіз жырау-қазақ жыраулық поэзиясының атасы.
2. Жырау мұрасының зерттелуі.
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Жырау өмірінің ең жарқын кездері Темір би сарайында өткен дедік. Ол кез - Шалкиіздің шалқыған дәурені. Ол кезде Шалкиіз өзі би, өзі батыр, өзі шешен, өзі жырау. Демек, Темір- Шалкиіздің жебеушісі, қамқоры болса, Шалкиіз – Темірдің мәртебесін өсіріп, жұртты аузына қаратқан жалынды тілі, аузы дуалы абызы. Міне, осындай сыбайлас, қадірлес өскен Темір би кейін сарай маңындағылардың шағыстыруымен Шалкиізді сыртқа тепсе де, жырау оны ұлылай суреттейді. Мұның өзі Темір - Шалкиіз арасындағы ренішті жуып-шаюға елеулі әсер еткен ақыл-айласын да аңғартқандай.
Алп, алп басқан, алп басқан,
Арабы торым өзіңсің.
Жазулы алтын, қол кескен,
Алдаспаным өзіңсің.
Білер де білмес не демес,
Сұлтан ием, сен менің.
Бармай тапқан қағбамсың.
Шалкиіз “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауында Темірді халықтың басын құраған елдің береке-құты, әділ әміршісі деп суреттейді. Жырау Темиірді қисынды пікірлермен, өрісті ақыл, парасатымен иландырар сөз айтып қана хажы сапарынан тоқтатады :
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жығылғанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі кебені,
Сұлтан ием, қарсы алдыңнан жасапты !
Бас иіп жығыла жырлаған Шалкиіз осының өзінде астарлап болса да көптен жүрегін кернеген әділ де ащы сөздерін айта алған. Қартайған шақта иман іздеп, күнәдан арылмақ болса ел кезіп қағба бармай – ақ әділетке жүгін, қағба-әділет дегендей.
Шалкиіз жырларынан жыраудың өз бейнесін де ажырата тану қиын емес. Ол Темірге арналған толғауларында өзін бидің жан аямас шын берілген ақ, адал қызметшісі, “Көп құлының бірі” ретінде суреттейді.
Өмірдің өтпелілігін Шалкиіз “Шағырмақ бұлт жай тастар” толғауы мен “Қоғалы көлдер, қом сулар” шумағында анық та, ашық айтады. Жауынгер жырау жыр жолдарында өзіне тән етене таныс “Сақалына сары шіркей ұялап” далада қалған барымташы ерлердің реңі мен тағдырын мүсіркей суреттей отырып, жер басып, тірлік кешкен адам атаулыға ортақ құбылыс-өмірдің қысқалығы мен өткіншілігі туралы тебіренеді. Бірақ бұл өмірдің өзі аз ғұмыр екен деп аза тұтып күңіренбейді, қайта “жалған дүниеде” ойнап, күліп, бар рахатты бастан кешіріп шалқып өтуге үндейді :
Күлейік те ойналық,
Киелік те, ішейік,
Мына жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған ?!
Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнегелі - өсиетті бір қатар жолдарында өмірден түйген өрісті ойларын жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттейді.
Шалкиіз жырларынан бір байқалатын сыр – оның туып өскен мекеніне, ата қонысына, өзін қоршаған табиғатқа деген құштарлығы.
Шалкиіз жырларында ежелгі қоныс Еділ, Жайық пен Қобан атаулары кездеседі. Кездескенде “Ақ Жайық”, “Ақ Қобан” дегендей аса іңкәр құштар сезіммен аталады.
Шалкиіз - өзінен соңғы дәуір поэзиясына елеулі ықпал, әсер еткен жырау. Бұл салада М. Мағауин бірқатар мысалдар келтіріп, құнарлы пікірлер айтқан.
Дәуірі жағынан Асан қайғы, Шалкиіздерге бір табан жақын тұратын Бұқардың құнарлы өнеге бастауларының бірі Шалкиіз жырларының ызаға қайнап, ойға қорыған өткірлігі мен тепсінген тегеурінін, жайрап қалар жағдайлардың өзінде жасып жабаурамай, үнемі ширыға, шамырқана отыратын жауынгерлік рухын өнеге етсе, Бұқар ақыл-нақылға құрылған философиялық-дидактикалық толғауларында жыраудың шумақтарын, не кейбір жолдарын аз-кем өзгеріспен көздеген нысанасына дәл тиетін сенімді қаруындай қолданып отырған.
XV – XVIII ғасырлар жырауларынан, әсіресе Шалкиізден мол сусындаған ақынның бірі Махамбет. Махамбеттің “Жалған дүние” (“Қоғалы көлдер, қом сулар”) толғауы Шалкиіздің “Қоғалы көлдер, қом сулар” толғауымен, Махамбеттің “Тайманның ұлы Исатай” (“Арғымақтан туған қазанат”) толғауының бірқатар жолдары Шалкиіздің “Айырдан туған жампоз бар” шумағымен, Махамбеттің “Еменнің түбі сары бал” толғауы Шалкиіздің “Жапалақ ұшпас жасыл тау”, “Жапырағы жасыл бәйтерек” шумақтарымен, Махамбеттің “Ата ұлының баласы”, “Күнқақты ердің ыстында” шумақтары Шалкиіздің “Атаның ұлы Ерлерге”, “Көктеп мінген еріңнің” шумақтары мен ойы, мағынасы, бейнелі сөздері, ұйқасы жағынан да сәйкес келеді.
Демек бұл мысалдарға қарағанда, Шалкиіз жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар игі өнеге алған. Қажет жағдайда Шалкиіз жолдары мен бейнелі тіркестерін өз жырлары арасында сол күйінде қолданып, не өзгертіп, жаңғыртып, ұстарта жырлаған.
29-лекция.
Доспанбет жырларындағы шешендік
(1 сағат)
Жоспары:
-
Жырау толғауларының идеялық мазмұны.
1. Шығармаларының көркемдік ерекшеліктері
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Қазақ халқының өз атымен өмір сүруі XV ғасырдың орта шені десек, осы кезден басталатын қазақтың төл әдебиетіне өзіндік үлес қосқан, сол замандағы әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында болып, ерлігімен де, өрлігімен де, хас батырлығымен де, өр рухты жырларымен де ел құрметіне бөленген көрнекті ақын, жыраудың бірі - Доспамбет жырау.
Доспамбет – тарихи тұлға. Ноғайлының атақты биі Мамайдың заманында, яғни XVI ғасырдың орта тұсында Азов теңізі түбінде өз алдына жеке ел болған Азаулы ноғайлыларының басшысы, ел қорғаны, қол бастаған батыры.
Жыраудың бүгінге жеткен мұрасы аз ғана – бар-жоғы 160 жолдың көлемінде. Осы жыр үзінділерінің өзіне қарап оның шығармаларының тікелей жорық үстінде, ұрыс майданында туғанына көзіміз жетеді. Себебі, оның қазір қолда бар шағын толғауларында жырау өмірімен қоштасар алдындағы адам кейпінде өткен дәуренінің мән-мағынасы туралы тебіреніп ой қозғайды.
Жаралы жауынгер – жыраудың көркем бейнеленген шұрайлы тіл арқылы өткен өмірімен қимай қоштасуы, ішкі қайғы мен өкініштен ақтарылып шыққан зарлы мұңы, кейінгі ұрпаққа арнай сөйлеген жыр – аманаты елес береді. Солай болғанмен де, оның жырларындағы басты қазық-ақынның туған жеріне, еліне деген ыстық махаббаты, ынта сезімі. Бұл қасиетті ұғым жолында туған жерін жаудан қорғау – жырау үшін басты азаматтық парыз. Сол себепті де ол жауынгерлік жорық жолдарын тебірене еске алып, жырға қосады.
Доспамбет жырлары – майдан, ұрыс кезеңінің жылнамасы іспетті. Оның жырларында ел үшін, жер үшін шайқас, жаралы жыраудың өлім мен өмір арасында қиналған арпалысты сәттері ерекше әсер қалдырып, жорық кезіндегі қайсар қылықтарымен өршелене жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді. Бұл жырлар – қазақтың қаһармандық поэзиясының нағыз бастапқы қайнар бастаулары.
Доспамбет поэзиясына тән үлкен бір ерекшелік – оның өлең-толғауларындағы айтылған ой қазақ мақал-мәтелдерімен астасып, ішкі мағынасы жағынан болсын, сыртқы айтылу түрі, ұйқасы, салыстыру өзгешеліктері жағынан болсын үндесіп, қоғамдық құбылыс жөнінде нақтылы сөз өрнегімен беріледі.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл мықынның түбінен,
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.....
Доспамбет шығармалары аздығына қарамастан ғұмырлы, қашанда мәңгілік. Оның толғаулары өзінінің мән-маңызы, ішкі толғанысы жағынан алып діңгектер сияқты үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұр. Жырау жырлары тарихтың талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып, жоғалып кетпей, бізге келіп жетті де, рухани бастаулардың қуатты көзі бола отырып, шығармашылығы
мен күрескерлігі өзімен үндес XVIII ғасырдағы әдебиеттің ірі өкілі Ақтамберді мен XIX ғасырдағы өршіл рухты азамат ақын Махамбет поэзиясына және одан кейінгі бүкіл әдебиет дамуына игі әсерін тигізді.
30-лекция.
Жиембет жырау
(1 сағат)
Жоспары:
-
Жиембет – Жорықшы жырау.
2. Жыраудың мемлекет ішіндегі, халық алдындағы беделі жоғары болғандығын танытатын толғаулары.
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
XVII ғасырдың аса көрнекті ақыны, ірі ойшыл, қырағы сардары - Жиембет. Мұхтар Мағауин Жиембет жырау шығармаларын “Алдаспан” жинағында жан-жақты талдай келіп : “Бортоғашұлы Жиембет жырау көшпенділердің әскери аристократиясынан шыққан. Халық аңыздарының және көне шежірелердің айтуынша, Жиембет арғы атасы – Ноғайлының қорғаны Алай батыр. Алай – XVII ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам.
Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайында нақты деректер жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жадында сақталған әңгіме, жырлардан, ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз.
Жиембет-Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы”, - десе, бұл жағдай үлкен жыраудың өзінің өлең-толғауларында да әдемі айтылған.
Жыраудың барлық саналы ғұмыры Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қасында өтіпті. Ол ұлы ханмен тең сөйлесіп, керек жерінде үзеңгі қағыстыруға дейін баратын сияқты ..... Кейде тіпті ханның жалғыз, қарашаның көптігін айтып, Есім ханның алдында иілмейтіндей сыңай да танытқан. Ақын өзгенің де, өзінің де қадыр-қасиетін терең сезінетінін аңғартып, ешнәрседен сескенбей, хан алдында қаймықпай, қасқая толғайды :
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Бұл жерде Жиембет жай ғана жырау ғана емес, жаужүрек, батыр жырау ретінде де танылады.
Жиембеттің “Еңсегей бойлы ер Есім” толғауы хан мен екеуінің арасындағы келіспеушіліктен туған сияқты.
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайта дегенде,
Не деп жауап бересің ? ! –
деген жыр жолдарынан жыраудың өзінің ел алдында, хан алдында қадір-қасиетін қаншалықты екенін өте жақсы білетінін көреміз. Бір жағынан ханға мен көппін, сен жалғызсың, “көп қорқытады, терең батырады”, сен де артыңды ойла дегендей сыңай танытады. Тіпті қыза-қыза ақын ханға айбат та көрсетіп қояды.
Енді осы өлеңнің туу себебіне сәл тоқталсақ, Еңсегей бойлы Ер Есім ақынның інісі Жолымбеттің ерсі қылығына наразы екен. Есім хан Жиембетке де қыр көрсетіп, өштесе бастайды. Жиембет ойлайды: сырттан томырайғанша, бетпе-бет, ауызба-ауыз айтып, біржолата ат құйрығын кесіп, қайтып көрместей болып, көкірекке келген сөзді айтып шығайын деп.... Бұдан Жиембеттің өр мінезін, биік парасатын танып білеміз.
Жиембеттің күші, жоғарыда айтқанымыздай, қаумалаған қалың ағайын-туысы мен ақынды аса қадір тұтатын елі – жұртында екені анық. Оны біз жыраудың өз толғауларынан білеміз.
Бұл толғау осындай ерекше қасиетімен құнды, шындықты ірікпей – бүкпей, тура қасқая қарап бетке айтуымен қымбат. Сонау арғы ғасырлардан бері ұмытылмай ел есінде сақталып келуі де жұрттың көкірегіндегі көкейкесті айта алмай жүрген сөздерін жеткізуінен болса керек.
31-лекция.
Үмбетей жырау
(1 сағат)
Жоспары:
-
Ол - өз дәуірінің аса маңызды мәселелерінің дидактикалық-философиялық сарында жырлаған кең тынысты жырау.
2. Үмбетей қазақ поэзиясында Бегенбай батырдың өшпес образын жасған жырау.
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Тілеуұлы Үмбетейдің жырау ретінде артына қалдырған мұрасы аса көп емес. Не бары жеті – сегіз толғау. Бар қазынасына байыптап қарағанда батыр жыраулығы ерекше көзге түсіп тұрады.
XVIII ғасыр перзенттері Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жыраулар да фолкьлордың кең қолтығынан шыққан. Хан мен қараны ауыздарына қаратқан жортуыл жырларында ерекше қасиет бар еді. Ол сергелдеңге түсемін – ау деп сескенбей, шындықтың жүзіне тура қарау еді. Сен хансың, сен қарасың деген жоқ, қара қылды қақ жарғандай әділетін айтты. Қалың бұқара намысын қорғай отырып айтты. Сол кезеңнің жыршыларында даралық сезіммен жалпылық сезім басымдау еді. Уақыты солай болатын. Әсте елдің тілі болу оңай қызмет емес – ті. Жыраулық шығармалардың дені ауызша тарап, біраз өзгерістерге, қосымшаларға, жаңғыртуларға ұшырап жеткен. Бұл Үмбетейге де ортақ.
Осы XV - XVIII ғасырлар поэзиясының қазіргі қолда барының бәрі де қағазға түсіп, әр түрлі жинақтарға ене бастады. Көбінесе біз сол жинақтарға сүйенеміз.
XVIII ғасырда өмір сүрген дуалы ауыздың бірі – Үмбетей Тілеуұлы - әскери жорықтарға қатысқан, батырлығы да, ақындығы да қатар жүрген кісі. Шығармасының дені арнаудан тұрады. Әдебиет зерттеушісі М. Мағауиннің айтуынша : “...өз тұсындағы дабыралы ерлер жайы, тарихи поэмалар жасау ісіне белсене араласқан”. Әзір қолда бар шығармалары шағын. Академик Қажым Жұмалиев Үмбетейді Бұқардан кейін атапты. Бұнда бір мәніс жатыр.
“Шығармалары өз аттарымен біздің дәуірімізге дейін сақталып келген әдебиет өкілдері : Бұқар, Үмбетей, (XVIII ғ.), Дулат, Жанкісі, Байтоқ, Жанұзақ, Шернияз, Алмашты, т. б. (XIX ғ.) алсақ, бәрі бір дәуір, бір кезеңде өмір сүрсе де, олардың дүние тану, өмірге көзқарастары әр басқа. Өйткені, бұлардың бәрі бір таптың ақындары емес. Әркім өмір кұбылысын өз ортасы арқылы, өз табының көз қарасынан танымақ”. Үмбетей – беріде өмір сүрген ақын. Оған белгілі дәстүрді жалғастырушы ретінде қараймыз. Үмбетей есімі Бөгембей батырмен қатар аталады. Арнау, жырларымен аты шыққан. Жалпы, XV – XVIII ғасырлар арасындағы қазақ поэзиясының дені арнау, толғаулар десек қателеспейміз. Үмбетей шығармалары халық поэзиясының қасиетін бойына жақсы сіңірген. Өлеңдері шешендік сөздерге жақын тұрады.
Үмбетейдің поэзиясында жеке – даралық творчествоның белгілері айқындау көріне бастаған, оның анық обьектісі бар арнау өлеңдерінен аңғаруға болады. Бұған “Бәкеге”, “Бұқарға” дейтін бір қатар толғаулары куә. Бөгембай өлімін Абылай ханға естірткен жыраудан үлкен эпикалық сарынға икемі барлығын байқаймыз.
Үмбетей жырларында фәлсапа айтып келіп, мәселені әйел жайындағы түйінмен тәмәмдайды. Өзіне сауал қояды да, жауабын өзі береді. Түйенің, биенің, адамның, жаманның қандай болатындығын нақты сөздермен келтіріп, тұрмыс философиясын тартымды бейнелейді.
Үйіңдегі ұлың жаман болса,
Есіктегі құлмен тең.
Қойныңдағы қатының жаман болса,
Қаңтардағы мұзбен тең, -
дейді жырау “Бұқарға” атты арнауында. Мұнда да ұлдың жақсы, жаманы сын таразысына түседі. Әйелдің нашарын “Арқаңа артқан тұзбен тең” дейді. Өзі жорықта жүрсе де от басының тірлігін, бірлігін тілеген кісінің келбетін елестетеді жырау.
....Бәйбішең аю болса аса алмассың,
Қырау болса әй деуге бата алмассың.
Мейманға отын басы болса суық,
Еліңе жақсы жігіт атанбассың...
Үмбетейдің “Ей, Ақтамберді” деп басталатын он үш жол өлеңі де өмірге өздігінен келмегенге ұқсайды. Құн дауы ма, жесір дауы ма, әйтеуір ар жағында бір жәйттің бар екені анық.
Үмбетейдің эпикалық күшінің барлығын байқататын өлеңінің бірі – “Бекболат биге” арнағаны.
Үмбетей - Сыпыра жыраудан, Асан қайғыдан, Қазтуғаннан, т. б қалған асыл сөз мұрасын үлгері апарушылардың бірі. Насихат сөздерінде “Бөгембай өліміне”, “Бөгембей батырдың өлімін Абылай ханға естіртуі” атты шығармаларында ханнан гөрі қауым мен батырдың бейнесі молырақ сипатталады. Үмбетей аты аталғанда, әсіресе, осы туындылар алдымен ауызға ілінеді. Соңғы толғаудың айтушылардан түгел жеткені сезіледі. Толғау еркін, төкпелі сарыннан туған, таудан құлаған сарқырама су үніндей әсерлі естіледі.
Бөгембай образы жыраулар творчествосынан көрнекті орын алады, мұнды , шын мәнінде, батырға өлеңмен берік ескерткіш жасалған. Бұқар мен Үмбетейдің Бөгембайға арнаған жоқтауы – дәл мағынасындағы жоқтау емес, одан да биігірек тұрған көркем поэтикалық ескерткіш.
Бөгембайдың ерлігін жырау өзінің алдындағы сарқылмас сөз өнері – ауыз әдебиеті дәстүрлері негізінде суреттейді. Батырдың батырлық қимылын тануда да, бейнелеуде де батырлар жырында қалыптасқан негізгі өлшемдер мен көркемдік тәсілдерге сүйенеді.
Үмбетейдің “Бөгембай батыр өлімін Абылай ханға естіртуі” де осы деңгейдегі толғау. Жырау Бөгембай сияқты батырлардың Абылай тұсында өмір сүруін Абылайға “Тәңірім берген үлкен сый” деп бағалайды, суреттейді. Бөгембай ел қорғаны – батыр ретінде көрінеді. Сөйте тұра осы екі толғауға тән, ортақ сипат – адамдық жылылық пен сыршылдық. Бұл кейіпкер басынан емес автордың кейіпкерге қатысынан көрінеді.
Басқа еңбектерін былай қойғанда, Үмбетейдің Бөгембайға арнаған толғауының орны бөлек, жауынгер, патриот ақынның халық қамын ойлағандығын, ердің ерін ел үмытпайтындығын, батырлықты кемеліне келтіре жырлағандығын сеземіз. Шабытының шылбырын босатпаған, елдің жай-күйін ойлаған, адамдық жасауға шақырған жырау бейнесі алыстаған сайын ұрпағы үшін тұлғалана түспек
32-лекция.
Бұқар жырларындағы шешендік үлгілері
(1 сағат)
Жоспары:
-
Жырау шығармашылығының тақырыптық ерекшелігі.
2. Толғауларының әлеуметтік мәні, тарихи сипаты.Ол - өз дәуірінің аса маңызды мәселелерінің дидактикалық-философиялық сарында жырлаған кең тынысты жырау.
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Әдебиет тарихынан елеулі орын алып, артына өшпес мұра қалдырған көрнекті жыраулардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Халық өмірінің алмағайып – аласапыран, тарихта қалу-қалмауы екіталай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден-бір жоқшы – жыршысы бола білді. Оның жыр – толғауларының үнемі әлеуметтік мазмұнға құрылып отыруының басты себебі де осыдан.
Тарихта “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған аумалы – төкпелі заманға душар болған ел – жұртқа “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, басқыншы жаудың бетін қайтарып, өз тәуелсіздігін қорғап қалу, немесе жау табанында біржола жаншылып құрып біту мәселесі көлденең тұрды. Жырау, ең алдымен, осындай жауапты сәтте шоғырланбай шашырап жатқан халықтың басын тас түйін біріктіру арқылы қанқұйлы жауға тойтарыс беру ісін ұйымдастыра алатын аса алғыр қолбасшы – көсемнің қажеттігін ерте түсінді, сүйтіп, ұлы мақсатқа орай ол әйгілі Орта жүз ханы Абылайға зор сеніммен қарады. Абылай да тәуелсіздік үшін жан сала күрескен, халық мүддесін терең түсініп, өзін бірыңғай сол күрес жолына арнады. Мұндай ақылы мен айласы астасқан кемеңгер басшының үлгілі істері мен оның төңірегіндегі белгілі батырларының жанқиярлық ерліктерін жырау үнемі асқақ жырлап, солардың өшпес әдеби бейнесін жасауға күш салды. Осының бәрі, түптеп келгенде, жыраудың туған халқының бірлігі мен болашағын ойлау мақсатындағы ерлікке барабар іс - әрекеттерін аңғартады.
Бұқар жырау қазіргі Қарағанды облысына қарайтын (бұрынғы Баянауыл) Ульянов ауданының Далба тауы бойында дүниеге келіп, сол мекенде қайтыс болады. 1993 жылы жыраудың туғанына 325 жыл толған мерекелі тойында оның басына үлкен күмбез орнатылып, Қарағанды қаласында осы мерекеге арнап ғылыми – теориялық конференция өткізілді. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармаларын қалың көпшілікке насихаттау мақсатында бір топ мерекелі мақалалар мен бір кіші-гірім зерттеу кітіпша жарық көрді. Сондай-ақ, сол жылы тұңғыш рет жырау жырларының жеке жинағы екі рет басылды (бірі – “Жалын” баспасынан шыққан ”Әй, Абылай, Абылай”.
Бұқар шығармалары XX ғасырдың 20 – 30 жылдарынан бастап жиналып, зерттеліп келеді. Алғашқы жариялануы дегенде, біз, ең алдымен, “Таң” журналында басылған жырларды айта аламыз. Мұнда жыраудың “Бірінші тілек тілеңіз”, “Ай не болар күннен соң”, “Айналасын жер тұтқан”, “Ақсаңнан биік тау болмас”, “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ей, Абылай, Абылай”, “Керей қайда барасың ?”, “Ханға жауап айтпасам” атты бір топ өлеңдері жарық көрді.
Бұқар шығармаларын жариялауда С. Сейфуллин үлкен еңбек етіп, “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинағына жыраудың “Ай не болар күннен соң”, “Керей қайда барасың ?”, “Жал, құйрығы қаба деп”, “Асқар таудың өлгені”, “Қалданменен ұрысып”, “Атан болған жиырма бес”, “Құбылып шыққан бәйшешек”, “Әй, Абылай, сен он бір жасыңда” атты толғауларын бастырғаны мәлім. Бұдан соң жыраудың бір алуан жырлары әр түрлі хрестоматиялар мен жинақтарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келеді.
Бұқар туындылары алғаш рет толыққа жуық көлемде “Алдаспан” жинағында басылды. Бұған оның үлкенді – кішілі 49 толғауы енді.
М. Көпеев жырау туындыларын ертеректе көнекөз қариялардан қағаз бетіне түсірумен қатар, солардың ғылым үшін қажетті туу, айтылу тарихын да қызықты етіп жазып қалдырған болатын – ды. Сол себепті Бұқар шығармаларын сөз еткенде, біз сол М. Көпеев жазбаларын түпнұсқа ретінде негізге алуға тиіспіз.
Ал, енді Бұқар жырларының ең бастапқы жариялану мәселесіне келсек, оны Ш. Уәлиханов, Г. Н. Потанин, И. Н. Березин қорында сақталып, кейбір үлгілерінің солардың жариялануымен басылғанын, сондай – ақ, бір-екі толғауының Құрбанғали Қалидұғлының “Тауарих хамса Шархи” атты кітабында жарық көргенін айта аламыз.
Бұқар жырау туындыларының дұрыс бағаланып, оның әдебиет тарихындағы орнын ашып белгілеу ісі М. Әуезов зерттеулерінен басталады.
С. Мұқанов Бұқар шығармаларының көпшілігі Абылай ханға арналып айтылғандықтан, өзі сырттай Орда ақынына ұқсағанымен, жырлары сол кездегі саяси - әлеуметтік тұрмыстың нақты көрінісінен туған деп атап көрсетеді.
Қ. Жұмалиев қазақ әдебиетінің орта мектептерге арналған оқулықтарынан бастап, қазақ әдебиетінің алты томдық тарихына жазған Бұқар туралы монографиялық тарауларында да, оны XVIII ғасырдағы авторлығы сақталған тарихи әдебиеттің басы деп бағалайды.
Ал Ә. Марғұлан Бұқар жырауды Абылай ханның белгілі жыршысы, кейінгі қазақ ақындарының бірден – бір көшбасшысы, ұстазы деп бағалайды. Осындай бағаны Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев еңбектерінен де ұшыратамыз.
60 – жылдардың соңында жазылған Х. Сүйіншәлиев пен М. Мағауин зерттеулерінде Бұқар шығармалары әдебиетіміздің даму жолында елеулі бір белес болғаны баса әңгімеленеді.
Бұқар жырау дәуір алшақтығына қарамай, жыраулардың әлеуметтік – саяси мазмұны мен тақырыбы жағынан да, бейнелеу тәсілдері мен көркемдік құралдары жағынан да өзінен бұрынғы жыраулармен терең үндесіп отырады.
Бұқар жыраудың “Ханға жауап айтпасам” атты толғауын халық тағдыры мен оның болашағын жырлаған әлеуметтік – қоғамдық мәні мен де, айтар ойдың бас – аяғы тұтас табиғи бірлігімен де, сипаттаудағы көркемдік – бейнелеуімен де, шеберлік тәсілдерімен де өзге жырларынан жеке дара тұр дей аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |