Қырықоба қорымы Қазіргі таңда Қазақстан археологиясының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі - ортағасырлық көшпелілердің тарихи-мәдени даму ерекшеліктерін зерттеу. Бұл бағыттағы басты кедергілер жеке аймақтардың аз зерттелуіне байланысты туындайды. Сондай аймақтардың бірі – Шығыс Қазақстан өңірі.
Шығыс Қазақстан даласында ортағасырлық түркі тайпалары қалдырған ескерткіштердің бірі - жерлеу орындары. Олар адамды немесе жануарды арнайы рәсімдеп жерлеуге арналған, онда «о, дүниеге» аттандыру ғұрпы заттай дерек арқылы көрініс табады. Жерлеу ескерткіштері жерлеу орны, жерлеу кешені (қорған, кесене) мен жерлеу кешендерінің жиынтығы - қорымдардан тұрады.
Шығыс Қазақстан аймағындағы түркілердің жерлеу ескерткіштерінің зерттелуі өзге өңірлермен салыстырғанда артта қалып отыр деуге болады. Дегенмен де өңірде түркілік жерлеу ескерткіштерінің зерттелуіне З. Самашев, Ұ. Үмітқалиев сынды ғалымдардың қосып жатқан үлесі зор.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Ұ. Үмітқалиевтің жетекшілігімен зерттеу тобы Қырықоба қорымында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қырықоба қорымы – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақшатау елді-мекенінен солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Қорым суы мол, шөбі шүйгін кең жазықты алып жатыр. Қорымның жалпы аумағы 15 пен 20 км2 қамтиды. Қырықоба қорымын жан-жағынан аласа таулар қоршап жатыр. Бұл өлке жер астынан шығып жатқан бұлақтарға өте бай болып келеді. Бұлақтар қорымның солтүстік-шығыс жағында орналасқан таудың етегінен бастау алады. Бұлақтар бір-біріне қосылу салдарынан кішігірім бір өзенге айналған. Осы бұлақтардың жан-жағында талдар мен өсімдіктердің түр-түрі бар. Талдардың көп бөлігін ақ қайың мен теректер құрайды. Қорымда – қола, ерте темір және түркі дәуірлеріне тән ескерткіштер орналасқан.
Археологиялық қазба жұмыстары түркі дәуіріне тән ғұрыптық орыннан басталды. Бұл ғұрыптық орынның диаметрі 2,5 м, биіктігі 0,3 метрді құрайды. Ғұрыптық орынның жайпақ тастардан тіктөртбұрыш түрінде тұрғызылған (1, 2-сурет). Ғұрыптық орынның шығыс жағында биіктігі - 1,2 м, ұзындығы - 0,4 м, ені - 0,1 метр құрайтын тас мүсін орналасқан. Бұл тас мүсіннің бас жағы кейінгі кезеңдерде сындырылып алынып тасталған. Тас мүсінде оң қолына кесе, сол қолына қанжар ұстаған және молдас құрып отырған адам бейнесі бейнеленген (3-сурет).
Ғұрыптық орындағы қазба жұмысы бірінші кезекте шым қабатын аршудан басталды. Шым қабатын аршу үшін 3 м2 жерге жіп тартылды. Шым қабаты аршып алынғаннан кейін ғұрыптық орынның ортасында жерлеу орны бар екендігі анықталды. Жерлеу орны 1 метр тереңдікке дейін қазылып алынды. Барлық түркі дәуіріне тән ғұрыптық орындар секілді бұл ғұрыптық орыннан да ешқандай артефакті табылған жоқ (4-сурет).