Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия



Дата12.06.2016
өлшемі128.77 Kb.
#129771
Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің доценті
Көркем очерктегі характерлер проблемасы

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі очерк жанрында характерлер жүйесі бірнеше саладан тұрады. Бірі – қарапайым еңбек адамдары, екіншісі - өнер адамдары, үшіншісі - әйелдер образы, төртіншісі – батырлар образы болып кете береді. Осылардың қайсысын алсақ та ертеден келе жатқан әдебиеттен бастап туып, дамып, жетіліп бүгінгі заман адамдары характерлерімен ұштасып жатады. «Әдебиет адамды тану өнері деп танылғанда, әр шақта, әр дәуірде адамды оның жан дүниесінің, жаратылысының барынша шарқына жеткен шағына апара түсіп суреттеу керек болатын» [1,395],- дейді М.Әуезов. Оларға мысал етіп М.Әуезовтің “Жолдас Жанайындағы” Жанай, М.Иманжановтың “Аякөздің Айқызындағы” Айқыз, Қ.Қайсеновтің “Баукеңді іздептегі” Бауыржан Момышұлы, Ғ.Қайырбековтің “Шәмілдің шамындағы” Шәміл Әбілтаев, С.Мәуленовтің “Ауған барған Айгүл қызындағы” Айгүл Тұманова, Ж. Молдағалиевтің “Қос жұлдызды қыранындағы” Л.И.Беда, Ш.Мұртазаның Т.Рысқұлов туралы очерктеріндегі Тұрар характерлерін алуға болады. Бұл образдардың бірі – еңбек адамы, бірі – батыр, бірі – малшы, бірі - өнерпаз болғанымен тұтас алып қарағанда қарапайым еңбегімен танылған жандар. Демек, характерлер мінезіндегі кездесетін ерлік, ірілік, қарапайымдылық, еңбекқорлық, ойламаған оқиғаларға кездесіп, оны жеңіп шығу, жеңілу, артық-кем түсіп жатушылықтың бәрі бар. Бұл характерлердің ойы мен арманы халық тағдырымен ұштасып жатса ғана көкейге қонымды шығады.

Көркем очерктегі характерлер – кейіпкерлердің мінезі, ой-сезімі, өзіне ғана тән психологиялық, моралдық, әлеуметтік сипат ерекшеліктер яғни, очерк жанрындағы әдеби характерлер адамның өмірдегі мінез, қимыл-әрекет ерекшеліктерін жинақтап, сомдап бейнелеу арқылы жасалады. Сондықтан да оны жекелеген қасиет, мінез, әрекет қосындысы деп түсінбей, жоғарыдағылардың бірлік-тұтастығы деп қараған жөн.

Кез келген көркем очеркте жеке адам, басшы, коллектив, халық – негізгі тақырыптардың бірі болса, онда жаңа әлеуметтік жағдайлар, саяси-экономикалық жаңалықтар да қамтылады. Көркем әдебиеттегі очерк жанры қоғамда болып жатқан жаңалықтарды, жеке адамдардың өсу, өркендеу, жетілу жолдарын көрсету арқылы өз міндетін толық атқарады.

“Характер белгілі бір қоғамдық жағдайда қалыптасады, сол ортаға, өз уақытына сәйкес болады. Адамның мінез-құлқы, оның әрқилы кездерде, әсіресе адамшылық қасиеттер сынға түсетін екідайда өзін қалай ұстап, қандай әрекет ететіні ой-өрісіне, сана-сезіміне байланысты” [2,221].

Көркем шығармадағыдай көркем очеркте де мәселенің қойылуы мен шешілуі тұрғысынан қарағанда жеке адамның кесек характері дараланбаса, көптің ішінде көрінбей қалып жатса, очеркші өзінің діттеген мақсатын орындай алмағаны. Талантты очеркші қашан да ірі мен ұсақты, үлкен мен кішіні, жақсы мен жаманды айыра алғанда ғана олардың айырмашылықтарына нақты және дәлелді талдау жасай алады. Демек, көркем очерктегі характерлер мынадай жағдайларда ашылады:



  • күрес-тартыс диалектикасы бүге-шүгесіне дейін жан-жақты

ұғылғанда;

  • кейіпкердің іс-әрекеті, ой-ниеті, мақсаты кесек болған жағдайда;

  • сондай-ақ іс-әрекетін суреттеу барысында психологиясы, жан

дүниесі, мінез-құлқы, сыртқы түр-тұлғасы, бет-әлпеті, сөйлеу мәнері жан-жақты қамтылса ғана очерк кейіпкерінің характері толымды шығады және ашылады.

Әдебиет әлемінде көркем очерктерді өндіріп жазған С.Бақбергеновтің 1950 жылғы “Талғат” очеркінің тақырыбы да идеялық бітімі де дара. Олай дейтініміз, автор кейіпкер характерін ашуда оқиғаларды тыңнан талғап, композициялық тұтастыққа қол жеткізген. Совет Одағының батыры атаған екі рет алған Талғат Бегилдиновтың ерлік істерінің негізгі эпизодтарын қаперге ала отырып, жазушы очеркті Талғаттың Чкалов қаласында ұшқыштар мектебінде оқып жүрген кезінен бастап, суреттей келе алғашқы беттерінде бейбіт өмірдің көңілді кештерін суреттейді. Соғыс басталған соң ұшқыштар мектебінде курсанттар мектебін бітіріп сыннан өткен кейіпкер алғашқы жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындап, көзге түседі. Өзінің негізгі тапсырмасын орындап қайта оралғанда, біздің жаяу әскерге қарсы келе жатқан жау танктерін бомбалап, қалғандарын кейін қайтарған жас жауынгер алғашқы ерлігін осылай жасайды.

Очеркші Талғат Бегилдинов 305 рет жауынгерлік тапсырма орындағанын баяндай келе, оның ішіндегі ерекше ерліктерін қимыл-әрекет, іскерлік пен тапқырлыққа бастайтын ішкі дүниесіндегі тамаша қасиеттерді даралып суреттеу арқылы шеберлікке қол жеткізген. Батырдың алғашқы екі ұрыстағы қимылдарын бастан-аяқ баяндамай, қысқа, жинақы сөздермен кестелейді.

Т.Бегилдинов тарихи адам, осы тарихи адам өмірінің реалды шындығын жазушы өз ортасынан оқшаулау адам екенін танытар қаһармандық қасиеттерімен әрлейді. Ол жаудың қоршауында қалғанда да, самолеті құлап, өзі парашютпен секіріп, орманға түскенде де, алғырлығы, тапқырлығы, байсалды мінезі көрінеді. Адам бойындағы ақылдылық, сабырлылық деген ұғымның шекарасы, ақиқат мәні қандай деген сауалға осы бейне орнықты жауап бере алатындай. Автор Талғатқа өзі мінездеме беріп жатпай, басқа геройды сөйлету арқылы оқиғаларды ұтымды дамытады. Мысалы, полковник Митрофановтың сөзі: “Ол жерде көзге түспейтін, қандай елеусіз адам, ал аспанға көтерілсе болғаны-ақ өзгеріп жүре береді. Өзі авиация үшін туған сияқты” [3,95],- деп үшінші біреуге әңгіме айтқызу арқылы геройдың қиыншылықтарды жеңу жолындағы ерлік істерін суреттейді.

Талғаттың самолетіне жау оғы тиіп, құйрығы зақымданғанын, оны қондыруға мүмкіндік тауып ұшқыштың аман қалғаны қызғылықты баяндалады.Ұшқыштың осы ерлігі тарихи шындық, очеркист шығарманың негізгі арқауы етіп осындай эпизодтарды сәтті алған және аспандағы ұрыс пен жердегі жаудың күшін талқандау, ұшқыштың бомбалау, шүйіліп ату әрекеттері де бірсыпыра көрініс табады. Бұл очеркте Талғаттан кейін көп көрінетін – Николай Чепелев. Ол ұшқыштар мектебінде Талғатпен бірге оқып, тәрбиеленген, жақын досы. Автор бұлардың шын достығын қиыншылық кездерде бір-біріне қол ұшын беріп, көмектесуін, майданға авиация бөліміне келгенде Талғат машина ала алмай қиналғанда Николай ақылшы, көмекші болғанын айтады. Батырдың самолеті қона алмай зақымданғанда, қауіп төнгенде де Николай досының өлімін көргісі келмей, бетін басып, теріс айналып кетуінің өзі қимастық, досына деген терең сезімді білдірсе керек. Бұл очерктің қымбат ғибратының өзі өмірде осындай оқиғалардың кездесетінін және аты-жөні, мамандығы бар кейіпкерлер арқылы нағыз жаңа характерлер туғызған тұстары да баршылық.

С.Бақбергенов «Талғат» очеркінде ұшқыш Бондаренконың әкесі қарт партизан Мотвей Бондаренконың характерін сәтті ашқан. Мотвей өмірдің небір қиын мектебінен өткен, ісі мен ойы, мінезі жарасымды суреттелген кейіпкер, характері де жан-жақты ашылған. Көпті көрген ұстамды қарт өз деревнясына оралғанда үйі өртеніп, кемпірін немістер өлтіріп кеткенде де егіліп жылай бермей, бойын тез жиып, партизандар тобына қайтып қосылуы, жауына кекті, қайғыға қайыспайтын, қиыншылыққа бүгілмейтін батыр адам екендігін дәлелдейді. Сонымен С.Бақбергеновтің «Талғат» көркем очеркіндегі характерлер бірін-бірі толықтырып, кейде орын ауыстыра отырып дамыған. Өмірдегі талас-тартыс сырт көзге түрлі-түсті болып көрінгенімен, шын астары адамдар мінезінде, көзқарасында, бағытында екендігін осы очерктен анық аңғарамыз.

Жазушы, азамат, қайраткер Әбіш Кекілбаев очерк жанрын көп жазған және онда көтерген әлеуметтік проблемалар аз уақыт ішінде шешімін таба қоймайтын күрделі мәселелер төңірегінде тереңінен ой қозғайды. Қазіргі жастар Ә.Кекілбаевты оқымай, білмей тұрып, елдік, ұлттық, мемлекеттік тұрғыдан ойлауы мүмкін емес сияқты. Себебі, өткенді бүгінгі күнге көркемдік жағынан танытушы ғана емес кейінгі ұрпақты ойландырушы, бүгінгі арқылы болашаққа ой салуға күш жұмсап келе жатқан публицист. Жазушының өте өзекті мәселелерді батыл көтерген «Заманмен сұхбат» аталатын әдеби және көсемсөз шығармалар жинағы терең де тың ойларға толы.

«Заманмен сұхбаттағы» өнер адамдары туралы жазған очерктеріндегі кейіпкерлерді автор өз көзімен көрген, қызық жылдарын бірге өткізген. Қ.Аманжолов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Қожамқұлов, А.Жұбанов, Ә.Нүрпейісов, Ж.Нәжімеденов туралы көркем очерктерінде қазақ мәдениетінің ақиық тұлғаларының жай бейнесін ғана жасамай харктерлерін шеберлікпен ашқан.

«Мұратына жеткен адам» очеркінде автор Серке Қожамқұловтың өнердегі, өмірдегі жолын, жетпіс жасының елу жылын өнерге арнаған әртістің ентелеген қарапайым халықтың көзін шындыққа жеткізу үшін қызмет етіп жүргенін, оқырманды «күлкінің құдіреті» атанған Серке Қожамқұлов характеріне, болмыс-бітіміне ой жүгіртуге жетелеп, оған деген аңсарымыз бұрынғыдан да аудыра түскендей күй кештіреді. «Міне, бүкіл есіл-дерті сол сүйікті өнердің соңында жүргенде жетпіске қалай жеткенін де сезбей қалыпты. Жүрісі тың, жүрегінің дүрсілі де, баяғы Әміре досының даусындай еш ақаусыз, аңқып тұрған сияқты. Күнде гримделгенде айнадан көріп жүр, бетінің де әжімі өрмек құрып, айғыздап тастағаны шамалы, өңінен қаны таймағандай, бойынан қайрат қашпағандай. Бірақ, жұрт жетпіске келдің, тойыңды тойлаймыз деп желпініп жүр» [3,304],- деген үзіндіден таныс-бейтаныс Серке Қожамқұловтың болмыс-бітімін көріп, қарға адым, қысқа ғұмырында көп іс тындырғанын, суреттеген тұстарда талант иесінің характері ашылған үстіне ашыла түседі. Серкенің күлкісінің мақсаты – тек күлдіру ғана емес, күлдіру арқылы өмірдің қат-қабат шындығының талай сырын білдіруді көздегенін көреміз.Ұлы әртіс өзінің комиктік талантын өмірдегі мәнді мен мәнсіз, құнды мен құнсыз, ізгі мен ерсі, жаңа мен ескіні ажыратқанда ғана түсінетінін топшылаған очеркист ойлары көңілге ерекше көрік береді.

Соңғы жылдары тарихи адамдар өмірі туралы көркем очерктер біршама жазылып жүр. Белгілі қоғам қайраткері, ақын, әнші, композиторлар туралы жазу немесе тарихымыздағы соқталы, өзекті оқиғаларды көркем шығармаға айналдыру заңды құбылыс. Бірақ бұл тақырып тек «жазып тастау» ниетінен туындамай, керісінше тарихты терең жіктеп, фактілерді терең зерттеп білмей игерілмейтіні тағы бар. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың тек өз замандастары туралы ғана емес, тарихи тұлғалар туралы да біраз көркем очерктер саласын толықтырғаны тарихи тақырыпты игеруегі табысымыз десек болғандай.

Жәнібек Тархан, Құрманғазы Садырбайұлы, Әйтеке би т.б туралы көркем очерктерінде осы тарихи тұлғалар характерін жасау үшін сол кезеңдегі тарихи жағдайды, әлеуметтік ортаны терең зерттеп, әрқилы тарихи материалдарға үңіліп, осы қоғам қайраткерлерінің толық бейнесін жасап шығарған. «Әйтеке би» тарихи очеркінде бидің азаматтық, күрескерлік, мәмлегерлік рухына қатысы бар, саяси-әлеуметтік оқиғаларды жинақтап, іріктеп алу жағы сәтті шыққан. Әйтекенің ұлы замандастары Төле, Қазыбек билер туралы да мәліметер очерктің өн бойында көп кездеседі. Очеркист әрқилы тарихи оқиғалардын, халық аузындағы аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, Әйтекенің ішкі жан-дүниесі, адамгершілік парасаты, мәмлегерлік саясатындағы қалтарыстарға қатысты тұстарды орынды және осы әлеуметтік оқиғаларды іріктеп, жинақтауда да ұқыптылық байқалады. Очерктің соңында: «Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіндігі де сондықтан. Замандастарымен сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді үйреткендіктерінде» [4,116],- деп қорытындылап, халқының бүгінгі рухани өміріне қатысты өткен замандағы тарихи шындықты жастарға айтып, түсінікті етіп бедерлеген.

Қазақ көркем очерктерінің ішінде әйелдер тағдырын айрықша суреттеп, ішкі – жан дүниесімен қоса әйел өмір сүріп отырған қоғамның әлеуметтік, моральдық, саяси қайшылықтарын да тереңірек ашуға талпыныстар жасалған. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Дина Нүрпейісова, Күләш Байсейітова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Кәмшат Дөненбаева тәрізді көптеген қазақ әйелдерінің өзі өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік орны, өнері, тағдыры, тартыстары біраз очерктерге арқау болған. Бұл әйелдердің бейнесі ішкі ой-сезімі, көрік-келбеті, жан сұлулығы, ерен еңбегі, қайталанбас өнері әр алуан болып келеді, бірі от басында қарапайым тіршілік кешсе, бірі өнерімен елге танылған, қайсыбірі ел басқару ісіне қызу араласқан қайраткер әйелдер.

Жекен Жұмақановтың «Нәйлә» очеркіндегі Нәйлә Базанова ішкі жан-дүниесінің байлығымен, рухани күш-қуатының молдығымен айрықша көзге түседі. Очерктегі басты кейіпкердің тек өзіндік ерекшеліктері ғана алынбай тұрмыс, тіршілігі, өмірі, қоршаған ортасы, айналасындағы адамдар тағдырымен сабақтаса суреттеледі. Еңбек етпей қарап отыру Нәйлә мінезіне жат, ол өз балаларының ғана анасы емес, жас буын студенттердің де анасы, ұстазы, тәрбиешісі ретінде көрінеді.

«Үстіне ақ халат киып, институттың лабораториясында тәжірбие жасауды, өзінің өткізіп тұрған пәнін жастарға көрнекті мысалдармен, даусыз дәлелдермен түсіндіруді Нәйлә Базанова ерекше жақсы көреді. Бұл – оның өнері, ғылыми мамандығы. Институт – Нәйләнің үлкен ордасы, өз үйі. Өйткені, мұнда ол студент болды, аспирантурада оқыды, биология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежені 1936 жылы осында жүріп алды. Осында жүріп ол ғылым докторы дәрежесіне, профессор атағына, Академияның мүше-корреспонденттігіне дейін көтерілді» [5,22]. Бұл үзіндіден қаһарман өміріне ғана емес алғашқы қазақ қыздарының ғылым саласына араласуына да куә боламыз. Шетелге бірнеше рет барып қайтқан Нәйлә Базанованың тек ғылым туралы емес ел, отан, туған жер туралы толғаныстарының суреттелуі кейіпкер характерін сомдаудағы оңтайлы әдіс десек артық болмас.

Бұл очерктен Отан сүюдің сырын, өмір сүрудің мән-маңызын, жеке адамның қоғамдық жұмысқа араласуының маңызы туралы айтылады. Жазушы Нәйләні ғылыми қызметінде де, депутаттық міндетін атқару үстінде де халықпен, күнделікті өмірмен тығыз байланыста суреттеп, мінез-құлқы мен ой-парасатын, адамгершілік қасиеттерін жан-жақты және іс әрекет үстінде көрсету арқылы характерін терең ашқан деуге болады. Очерктің басты қаһарманы ерін қадірлеген, ер қабағына қараған шығыс әйеліне тән инабаттылық, ізеттілік қасиетін де үлгі ете отырып көрсеткен. «Адам - әдебиеттің жүрегі, адам өмірін бейнелеу - әдебиеттің түбегейлі мақсаты... Сондықтан әдебиеттің дүние танытқыш және тәрбиелік құны адам өмірін қаншалықты толық, терең нәзік суреттеуімен өлшенбек» [6,194],- дейді әдебиет зерттеуші, профессор М.Қаратаев. Әр дәуірде көркем очерктердегі адамдарды аса биік талапқа сай терең, толық бейнелеген кезде ғана олардың жан–дүние, адамгершілік қасиеттері толық ашылып, замандастарымыздың жаратылысы жан-жақты танылып барып характерлер толық айшықталады.

Қоғамдағы адам характерінің көркем очерктерде қаһарман характеріне айналдыру үшін өмір шындығын өнер шындығына көшіру керек. Жекен Жұмахановтың «Нәйлә» очеркіндегі қазақ әйелі халық ортасынан шыққан нағыз кісілікті, азаматтық аса құнды қасиеттерімен көрінетіндігімен құнды. Очерктің алғашқы беттерінде бас қаһарман Нәйлә Базанова Будапештке барған сапарында басқа елдерден келген құрбы-құрдастарымен танысып, қарым-қатынас орнатып, Будапешттің Парламент сарайы артындағы паркке барғанда Совет Одағы батыры атаған алған қазақ қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова есімін оқығанда, портреттерін көргенде көзіне жас алып, қуанып, мақтан тұтқаны, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, ішкі толғанысын очеркист сәтті суреттейді.

Шындығында да адам характерінің, бүкіл ішкі болмысының, дүниеге көзқарасының қалыптасуы күрделі процесс. Сондықтан мұнда қоғам, әлеуметтік жағдай, өскен орта шешуші рөл атқаратыны белгілі. Характерден қаһарманның тек психологиялық болмысы ғана емес, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлық та көрініс табады, оған өмірде болған, кейін көркем шығармаларда бейнеленген адамдар тағдыры айғақ бола алады.

Нәйлә Базанованың Будапештте, Семейде, Баянауылда болып, қарапайым халықпен қоян-қолтық араласып, көп қордаланған проблемаларды шама-шарқынша шешуге үлес қосуы қоғамдық белсенділік және бұл тұстарда кейіпкер характері шыңдалып, өршіл рухымен, нағыз адамгершілік қасиетімен ерекшеленеді. Шығыс әйелдері арасынан шыққан алғашқы ғалым қыздардың бірі – Нәйлә Базанова мінезіне тән басты белгілердің бірі – еңбек сүйгіштігі, өз ісіне жауапкершілігінің молдығы, рухани жан-дүниесінің байлығын жазушы молынан қамту арқылы кейіпкер характерін тереңірек ашуды көздейді. Кез келген қарапайым адамнан көмегін аямайтын Н.Базанова елге, жұртқа көмектесу басты борышы деп санайды. Сонымен, «адамның образы оның характерін ашу арқылы» [7,364] жасалады десек, қаһарман тұлғасы ішкі жан-сыры, психологиясы, мінез-құлқы, сыртқы әлемге қарым-қатынасы жан-жақты қамтылғанда ғана характер ашыла түседі. Көркем очеркте де басқа әдебиет жанрларындағыдай барлық көркемдік құралдар қамтылады және осы көркемдік құралдар мен тәсілдер бірлікте шебер қоданылса ғана адам характері ойдағыдай шығады, бұл жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне, жастардың адамгершілік әлемін байытуға пәрменді әсер ететін фактор.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


  1. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. Алматы. Жазушы, 1962.

  2. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы. Ана тілі, 1996.

  3. Бақбергенов С. Талғат. Алматы. ҚМКӘБ, 1950.

  4. Кекілбаев Ә. Заманмен сұхбат. Алматы. Жазушы, 1996.

  5. Жұмаханов Ж. Нәйлә. // Әдебиет және искусство. 1950. №11.

  6. Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. Алматы. Жазушы, 1974.

  7. Қаратаев М. Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы. Алматы. Жазушы, 1965.


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

доценті, филология ғылымдарының кандидаты Меңдігүл

Шындалиеваның «Көркем очерктегі характерлер проблемасы»

атты мақаласы туралы

ПІКІР


Қазіргі қазақ әдебиетіндегі очерк жанрында характерлер жүйесін бірнеше салаға бөліп қарастырған ізденуші, қарапайым еңбек адамдары, өнер адамдары, әйелдер образы, батырлар образы т.б. деп бөлген. Осылардың қайсысын алсақ та ертеден келе жатқан әдебиеттен бастап туып, дамып, жетіліп бүгінгі заман адамдары характерлерімен ұштасып жататынын ізденуші жіті аңғарған. «Әдебиет адамды тану өнері деп танылғанда, әр шақта, әр дәуірде адамды оның жан дүниесінің, жаратылысының барынша шарқына жеткен шағына апара түсіп суреттеу керек болатын» [1,395],- деген М.Әуезов пікірін басшылыққа алған мақала авторы М.Әуезовтің “Жолдас Жанайындағы” Жанай, М.Иманжановтың “Аякөздің Айқызындағы” Айқыз, Қ.Қайсеновтің “Баукеңді іздептегі” Бауыржан Момышұлы, Ғ.Қайырбековтің “Шәмілдің шамындағы” Шәміл Әбілтаев, С.Мәуленовтің “Ауған барған Айгүл қызындағы” Айгүл Тұманова, Ж. Молдағалиевтің “Қос жұлдызды қыранындағы” Л.И.Беда, Ш.Мұртазаның Т.Рысқұлов туралы очерктеріндегі Тұрар характерлерін сомдаудағы шеберліктеріне тоқталған. Бұл образдардың бірі – еңбек адамы, бірі – батыр, бірі – малшы, бірі - өнерпаз болғанымен тұтас алып қарағанда қарапайым еңбегімен танылған жандар. Демек, характерлер мінезіндегі кездесетін ерлік, ірілік, қарапайымдылық, еңбекқорлық, ойламаған оқиғаларға кездесіп, оны жеңіп шығу, жеңілу, артық-кем түсіп жатушылықтың бәрі бар. Бұл характерлердің ойы мен арманы халық тағдырымен ұштасып жатса ғана көкейге қонымды шығатынын ғылыми тұрғыда дәлелдеген.

Көркем очерктегі характерлер – кейіпкерлердің мінезі, ой-сезімі, өзіне ғана тән психологиялық, моралдық, әлеуметтік сипат ерекшеліктер яғни, очерк жанрындағы әдеби характерлер адамның өмірдегі мінез, қимыл-әрекет ерекшеліктерін жинақтап, сомдап бейнелеу арқылы жасалатыны баса айтылады. Характер белгілі бір қоғамдық жағдайда қалыптасады, сол ортаға, өз уақытына сәйкес болады. Адамның мінез-құлқы, оның әрқилы кездерде, әсіресе адамшылық қасиеттер сынға түсетін екідайда өзін қалай ұстап, қандай әрекет ететіні ой-өрісіне, сана-сезіміне байланысты екені мақалада ашылған деуге болады. Көркем шығармадағыдай көркем очеркте де мәселенің қойылуы мен шешілуі тұрғысынан қарағанда жеке адамның кесек характері дараланбаса, көптің ішінде көрінбей қалып жатса, очеркші өзінің діттеген мақсатын орындай алмағаны деген автор қорытындысына толық қосылуға болады.



Қорыта айтқанда, мақала авторы ғылыми аппараттарды орынды пайдаланып, өз қорытындыларын шығарып отыруда байыптылық танытқан. Бұл мақаланы ғылыми басылымдарда жариялауға әбден болады деп ойлаймыз.

Филология ғылымдарының

докторы, профессор А.Сейдімбек

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет