Технология сабағында оқушыларды ұлттық ҚОЛӨнерге баулудың маңыздылығЫ



Дата02.01.2022
өлшемі20.17 Kb.
#452450
Технология


Асбаев А.Д.

Чапаев атындағы орта мектеп, Жамбыл облысы, Қазақстан
ТЕХНОЛОГИЯ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ БАУЛУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Қазақ халқының ертеден келе жатқан жақсы қасиеті - өз балаларын жас кезінен ақ еңбек етуге баулыған. Қыз баланы үй сыпыру, су әкелу, сиыр сауу, өрмек тоқу, төсек жинау, ыдыс- аяқ жуу, шай құю, ас пісіру, іс тігу сияқты шаршылықтың алуан түріне үйретсе, ұл балаларды қозы-лақ қайыруға, құлын ұстауға, мал бағуға, тай үйретуге, ағаштан әр түрлі күбі, астау, келі- келсап, домбыра, кебеже, жүк-аяқ, ал теріден жүген, ноқта, ат әбзелдерін жасауға, ер шабуға, құс ұстауға, ат мінуге, отын жаруға, таудан ағаш әкелуге, тас қалауға т.б.үйреткен [1].

Қазіргі кезде жастардың көпшілігі қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасына енетін үй жиһазы бұйымдарын дүкендерден, көрмелерден кездестіріп, олар жөнінде кітаптардан оқып, суреттерін көргені болмаса, олардың жасау әдістерін біле бермейтіні жасырын емес.

Оның себебі мектеп өмірінде, технология сабақтарында қолөнер бұйымдарын жасауды үйрету қолға алмағандықтан болып табылады.

Адамзат дамуының қай саласында болсын қоғаммен бірге дамыған қол өнері әр дәуірде өзінің өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік көркемдік жағынан дәуір тынысына қалт жібермей әсерін тигізіп отырады. Көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері де өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған.



Бүгінгі күнгі білім беру бағдарламасының басты бағыты - әрбір оқушыға нәтижеге бағытталған білім беру, дәстүрлі мәдениеттің негіздерін үйрету, оқушығы қолайлы жағдай жасау. Мектепте жүргізілетін технология сабағының басты міндеті - жас ұрпақты келешекте кеңінен тараған кәсіптерді меңгеруіне көмектесу. Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сай мектептегі оқытудың негізгі міндеттері – білім беріп қана қою емес, білім мазмұны арқылы зерделі, білімді, ұлтымыздың болашағы үшін өз бетімен іс-әрекет ете алатан шәкірттерді дайындау.

Оқыту мен тәрбие бір-бірімен байланысты үрдіс болғандықтан, технология пәнінің тәрбиелік мазмұнын анықтай отырып, сабақ барысында оқу мен тәрбие міндеттерін қатар ұштастыру қажет. Қазіргі кезде мектепте оқушыларды еңбекке баулу технология пәні бойынша жүргізіледі. Ұлдар ұсталық, ағаш өнерімен мектеп қабырғасында танысса, қыз балалар тоқыма, кесте тігу, тамақ пісіру, киім тігу сияқты жұмыстарды үйрене отырып, олардың тарихымен танысады және өңдеу, жасалу технологиясын оқып-біліп, әр түрлі бұйымдарды жасауды, түрлі ас даярлауды үйреніп, жұмыс түрін дер кезінде аяқтауды толық меңгереді. Тігін өнерімен қатар бисер тоқу, су моншақпен жұмыс жасау, қағазбен жұмыс істеу, жіппен өрнектеу, мата қалдықтарымен ойыншық жасау, өмірге қажетті бұйымдар тігу, табиғи заттармен жұмыс жасау оқушылар қиялын кеңейтіп, жұмыс істеуге деген қабілеттерін арттырады. Сабақ барысында бұл өнерлерді үйрену сызу, бейнелеу өнері, математика, геометрия, биология пәндерімен тығыз байланыста жүргізіледі. Оқушы өзінің қабілетіне қарай өнердің белгілі бір түрін меңгеруге табандылығы, таланты, қиялымен алдына мақсат қоя білуі арқылы жетеді [2].

Заман талабына сай оқушыларды оның ішінде қыз балаларды тігін өнеріне баулу арқылы сән үлгісіне деген қызығушылығын, эстетикалық сезімін арттырып, еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, үнемді білуге, іскерлікке тәрбиелеу болса, тамақ дайындау бөлімінде аспаздық өнердің қыр-сырын уйрету басты мақсат. 

Соңғы уақыттарда Республикадағы көптеген ғылыми зерттеулер халықтың қолданбалы қолөнері жастарға тәрбие беруде ерекше маңызға ие болатынын дәлелдеуде. Барлық халықтар сияқты қазақ халқының да қолөнерінің өзіне тән өсу жолы, ерекшеліктері, даму тарихы бар. Ол тарих сонау ерте заманнан, өз тұрмыс-тіршілігіне қажетті құрал-саймандар, бұйымдар жасаудан басталады. Табиғаттағы әртүрлі шикізаттарды тұрмыс-тіршілікке пайдалану атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дами келе өнер туындыларына айналып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.

Қазақ қолөнерінің бүгінгісі мен болашағын айтар болсақ, оның өткеніне назар аудармай кете алмаймыз. Ұлттық өнердің өзіндік ерекшелікпен қалыптасуына үлкен әсер етеді. Демек, күнделікті тұрмысқа қажетті қолөнер бұйымдары көшіп-қонуға ыңғайлы, пайдаланылатын орнына сәйкес сыртқы формасын тауып, әр шебердің талғамына, ой-өрісіне тән өрнек оюмен нақышталып беріліп отырады. Алдымен бұйымның мықтылығы, өнімділігі қарастырылады десек те, олардың болу әсемдігі жағынан табиғи үндестік байқалады.

Қазақтың сәндік қолөнері біздің ұлттық мәдениетіміздің құрамды бөлігі. Оны дамыта отырып, жер-жерде халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпақтарға насихаттау, қолөнер бұйымдарының сапасын арттыра беру аса құрметті және игілікті іс болып табылады.

Қазіргі кезде халықтың қолөнерін оқыту мәселесі республикамызда етек алып, толығымен бүгінгі күн талабына сай шешілді деуге болмайды. 1993 жылдың 21 қаңтарында жарық көрген Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке баулу мен тәрбиелеу тұжырымдамасында «... оқушыларың еңбекке дайындау ісіндегі тағы бір өзекті кемшілік қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қосалқы көркем өнерін, халық зергерлерінің мұрасын, мал-шаруашылығын үйрету кеңінен өріс алған жоқ» деп тәуелсіздік алғаннан кейінгі мектеп өміріндегі осал жақтарды көрсетеді.

Оқушыларды ұлттық қолөнерге баулу аясындағы жарық көрген бағдарламалар, оқулықтар мен әдістемелік құралдар өзінің септігін тигізгенін жоққа шығара алмаймыз [3].

С.Жолдасбекова мен А.Жолдасбеков І - ІV сыныптарға арналған «Ұлттық сәндік - қолданбалы өнерге үйрету» бағдарламасы аталмыш мәселені жандандыруға үлес қосқандығын атап көрсетуіміз қажет [4].

Ш. Әбдуалиеваның «Халық қолөнері» атты әдістемелік құралы негізінен алғанда V-ІХ сыныптарды еңбекке баулитын пән мұғалімдеріне арналып жасалған. Бұл әдістемелік құралда сәндік қолданбалы өнер сабақтарын өткізу әдістемесі мен ұйымдастырудың жалпы жағдайлары тұжырымдалып, әдістемелік тұрғыдан дәйектелген. Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер сабақтарын өткізудің жылдық үлгі жоспарлары берілген.

Балаларды ұллтық қолөнер шығармаларымен таныстыру оларды жасау жолдарын үйрету бұл түптеп келгенде үлкен аға буын өкілдерін құрметтеумен қатар, өз туған жеріне, халқына, табиғатқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырады, эстетикалық сезіміне әсер етіп, талғамын жетілдіреді, әсем дүниелер жасайтын зергерлердің немесе оюшының өзіндік қол таңбасын, ғажап шеберлігін айыра білуіне көмектеседі.

Жалпы технология сабақтарында әр түрлі тақырыптар кездеседі. Салат түрлері, салқын тағамдар, қазақтың ұлттық тағамдары, киім үлгілері, тігін машиналармен жұмыс, бисермен жұмыс, құрақ құрау т.б тақырыптар өтіледі. Үйрене білуге мұнің қай-қайсысы да қызықты және қастерлі өнер болып табылатыны даусыз.

Қорытындылай келе айтарымыз, Қазақстанның сәндік қолөнері - біздің түрлі ұлттық, мәдениетіміздің құрамды бөлігі. Оны дамыта отырып, жер - жерде халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпақтарққа насихаттау, қолөнер бұйымдарының сапасын арттыра беру аса құрметті және игілікті іс болмақ.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Арғынбаев X. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1997.

  2. Әбітова Б. «Салт дәстүріміз - сабақта» // Қазақстан мектебі, 1993. №2
    22 бет.

  3. Қазақстан Республикасында жалпы білім беретін
    мектептері оқушыларының еңбекке оқыту мен тәрбиелеу тұжырымдамасы.
    // Қазақстан мектебі, 1993, 21 қаңтар.

  4. Жолдасбекова С.А., Жолдасбеков А.А. Ұлттық сәндік-
    қолданбалы өнерге үйрету. 1-4 сыныптар. Алматы, 1993.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет