Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Жоғарғы сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?



бет25/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   42

Жоғарғы сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?


Мұның тергеу, сот iсiнде үлкен мәнiсi бар. Қылмысқа қатысты жауапқа тартылған әрбiр айыпкер (немесе куәгер) өзiнiң iс әрекетi туралы (егер мойындаса) өз қолымен жазып беруi тиiс. Сондай-ақ сұрақ-жауап стенограммасына: «Танысып шықтым. Тағылған айыпты мойындаймын», не «мойындамаймын» деп қолын қоюы шарт. Егер, айыпкер адам хат танымаса, бармағын басып куәландырады. «Бармақ басудың» Дiнше үшiн ешқандай қажеттiгi жоқ. Көзi ашық, сауатты. Ал сұрақ-жауап стенограммасында тергеушi айыпкерге қылмысты қалай таңамын десе де – ерiкті. Қалайда Дiнше Әдiлевке қысым көрсете отырып, оның жеке басының „Алашордаға” қатысын мойындатуға тырысқан. Ал мұнда қол қойылмаған. Демек тергеушілер жауапты өз ыңғайына келтіріп жазған.

Жауаптың бiр-бiрiне қайшы келуiн де сол себептен деп түсiнген лайық.

Д.Әділев(жалғасы): «Мен бәрін де есіме түсіруге тырысып көрейін. Орта Азия ұйымының бас қосуы Бұқарада өтті. Оған Болғанбаев қатысқан жоқ. Қасым Шанқа (Қасымханов – ?) деген адам мені жеке бөлмеге алып барып, қолыма «Құран» ұстатып:«Бұл ұйымның құпиясын ешқашанда сыртқа шығармаймын», – деп ант бергізді. Мені құттықтап, көп адам отырған үлкен бөлмеге алып келді. Өзбектердің ішінде кімдердің болғанын бұрын білмейтінмін. Кейін анықталғанындай, олардың ішінде аса көрнекті қайраткерлер Бұқар ревкомының төрағасы Әбдықадыр Мүхиддинов болыпты. Маған ескі таныстарындай жылы амандасты. Нақты не мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Әйтеуір көп пікір айтылды. Қазақ арасындағы жағдаяттан: Орынбор мен Ташкенттегі ұйым мен осында келудегі мақсатым туралы хабарлама жасадым. Байқағаным әскери мектепте түрік офицерлері көп екен. Ауғанстанмен арадағы байланыстың қиындағаны айтылды. Менің білуімше Түркиямен байланыс жасау туралы мәселе әуелде Мәскеуде келісілген, одан кейін Бакудегі мұcылман орталығында Әнуар пашаны шақыру туралы шешім шыққан сияқты. Әнуар пашаның түр-түсінің қандай екенін білмейін де. Бакудегі құрылтайға ... (Әнуар паша – Т.Ж.) жасырын келіп қолдау көрсеткен. Бакудегі бұл мәжіліске сол кездегі Түркістанның төрағасы, кейін қазақ өлкесінің Мәскеудегі жетекешісі болған Рысқұлов қатысты деген сөз бар. Оған Грузиядан да өкіл келген».

Баку құрылтайына қарапайым түрікмен кейпінде барып, жансыздардың көзіне түспей Түркістанға қайтып оралған З.Валидов тек Әнуар пашамен ғана хат арқылы тілдесуге мүмкіндік табады (Т.Рысқұловпен Бакуге барар жолда поезда жасырын жолығады. З.Валидов Маңғыстау, Ақтөбе арқылы Хорезмге өтеді. Оның жолай адайлар арасындағы барымтаға билік айтқандығын естіген Ә.Бөкейханов: «Қазақ арасында қанды ірің аққан бір жараны тіліпсің», – деп бағалаған. Үргеніште Жөнейд ханның Аннамұрад деген бегі Хиуаға жеткізеді. Сол жылы 19 желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсаты – Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясын құру еді. Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғанбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астытын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғанбаев қана оқу-ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады. Ал Дінше Әділев Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды.

З.Валидов Құрылтайға: «Қазақтардан «Алашорда» мүшелері мен түрікмен оқығандарын шақырдық. Олардың өкілі келгенше Бұқараның солтүстігіндегі Харгос деген ауылда (Бұқара) әмірі жасақтарының бірі, бір байдың үйінде тұрдық. Бұл үйді үкімет тартып алған екен. Башқұртстан әскерінің полковнигі Хейбетуллах Сүйіндіковтің ұйымдастыруымен Еухади Ишмурзин, менің көмекшім Ибрахим Ысқақов және бірнеше офицер Бұқара армиясының жауапты қызметтеріне орналасты. Қаршы, Шахрисабз, Нұр, Гузар, Кермине әскери жасақтары солардың қолында болды. Бұлардың бәрін Ариф тағайындады. Біздің мақсатымыз – орыстар ұлттық әскердің құрылуына қарсы шыққан жағдайда, не құрыла бастаған армияны таратқан жағдайда басмашылармен бірігіп, соғыс ашу болатын. Алайда ұлттық мүддені басмашыларға түсіндіру керек еді. Бұл мәселені ташкенттік, ферғаналық достарымыз жақсы қолға алды.

Ақпан айында түрікмендерден Қақажан Бердиев, Қазақстаннан «Алаш Орданың» өкілдері Хайретдин Болғанбаев пен Мұхтар Әуезов (жаңылыс кетсе керек, негізі Ғазымбек Бірімжанов болуы мүмкін – Т.Ж.) пен Дінше және әлі көзі тірі екі кісі келді. Бұқаралықтармен, өзбектермен жұмыс жасау оңай емес еді. Себебі бұқаралықтар мен ташкенттіктер өзара келісе алмайтын, әрі өзбектер арасында орыс мектебінен тәлім алған қазақтарға «миссионер» ретінде қарайтын басым топ бар болатын. Біз – бұқаралықтармен, өзбектермен, түрікмендермен және қазақ өкілдерімен Харгоста және Әмірдің «Ситаре Мах Хасса» сарайында қалай астыртын жиналатынымызды, ұйымдастыру жұмыстарын қалай өткізетінімізді және Ұлттық Орталықтың бағдарламасын талқыладық. Нәтижесінде, Өзбекстандағы діни бағыттағы «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық:

1. Тәуелсіздікке жету; 2. Демократиялық мемлекет орнату; 3. Ұлттық армия құру; 4. Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау; 5. Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау. 6. Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу; 7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау.

Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл – Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...», – деп еске алады.

Дінше Әділев пен Заки Валидовтің жазбаларында бір-бірімен үйлесіп, бірін-бір растап отыратын ортақ желі бар.

Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да сол астыртын күрестің заңына бағынғандық. Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», олардың «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. З.Валидовпен Москвадан бірге шығып, жолай қоштасқан А.Байтұрсынов және Бакуге барар жолдағы поезда жолыққан Т.Рысқұлов «Бірлік» партиясы туралы толық хабардар болтын. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды. Өзінің майдандас серігі Үмбетбаевті Бұқараға жіберген М.Тынышбаевтың да мағлұматсыз қалмағаны анық. Демек, бұл жағдай Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперінде бар. Ал Бұқараға барғандардың ішінде «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғанбаев деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғанбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, ал мұның өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады.

Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.

Д.Әділев (жалғасы): «Мәжілістен кейін Валидов екеуміз жасырын пәтерде үш айдай бірге тұрдық. Бұқарлықтар келіп-кетіп жүрді. Орынбор мен Ташкенттен байланыс үзілді. Мухиддиновпен бір рет әңгімелестім. Валидовке Түркиядан білім алған Қасым Шанханов (Қасым Шаңқа -?) жиі келіп жүрді. Оқымысты адам еді. Мен онымен Баншевтің (– ?) пәтерінде қонақта болдым. Олар: Қазақтар жауынгер халық, оларға сенуге болады – десті. Ол кейін Әулие-Атада тұрды, қазір Шымкенттің бір мектебінде меңгеруші. Заки Валидов оларға үнемі: Енжарсыңдар. Жұмысты тез шешіп үйреніңдер – деп ұрсып отыратын. Файзулла Ходжаев ораза ұстайды екен. Маған: ол Бұқарадағы миллионер адамның бірі, Бұқараға билік жүргізу үшін үнемі күресіп келеді, – деді білетіндер.

Бұқаралық ұйымның жұмысы Азимходжаевтің үйіне ауысты. Өзбекке тән қоражай, алдына ағаш егілген. Азимхожаев орта жастағы өте жақсы адам. Үнемі заң қызметкерінің формасын киіп жүретін. Әңгіме сенекте өтті. Мен сол үйге қонып қалдым. Азимхожаевтің әйелі армянға, не грузинге өте ұқсас еді. Әдемі, жақсы киінеді. Жеміс-жидекті дастарханға толтырып тастады. Валидов келген жоқ. Бұл мәжілістің тарихи маңызы бар еді. Есімде ерекше қалғаны Түрік үкіметі атынан қайдағы бір ғылыми зерттеу жұмысын жүргізеді деген желеумен еуропаша киінген Анкара ұлттық мәжілісінің мүшесі келді. Негізгі мақсаты астырытын ұйыммен байланысып, Кеңес өкіметінің орнына мұсылман республикасын құру еді. Азимхожаев пен Мухиддинов сөйлеп, белсенді іс-әрекетке шақырды. Бұдан кейін ұйым жұмысы жандана түсті. Кейін Орта Азия орталығында тағы да бір үлкен кеңес өтті. Оған: Заки Валидов міндетті түрде қатысуы тиіс, онсыз кеңес өтпейді – десіп, қасыма бір жасақты қосып мені жіберді. Валидов қаланың шетінде оқымысты адамның кейпінде жасырын тұратын. Бізді елу-алпыс жас арасындағы қария қарсы алды, ол: Валидов қалаға кетіп қалды, табуға көмектесемін деді... Мәжілісте: басмашылармен байланыс жасау және олардың идеологиялық жетекшілігін қолға алу Орта Азиялық ұйымның қолына берілсін, – деген шешім қабылданды».

З.Валидов: «Біз партия бағдарламасы мен Ортақ мақсатнаманы реттестірдік, тек Орталық комитеттің құрамын бірден бекіте алмадық. Бұқаралықтар мен Ташкенттіктер қазақтарға сенім арта алмады. Көп тартыстан кейін біз башқұрттар ташкенттік Мунаввар Қариды ұсындық. Комитет төрағасы қажет болған жағдайда жасырын өмір сүруі талабына байланысты Мунауар Қари бұл ұсынысты қабыл алмады. Тәжіктер көсемі Садреддин Айниді ұсынғанымызда, ол да осы себеппен бас тартты. Оның үстіне оны қолдайтындар да аз еді (Бұл мәселеде екі жақ та ортақ мәмілеге келе алмады).



Шілдеде Анкарадағы Ұлы ұлттық мәжілістің мүшесі Исмаил Супхи Сойсаллыұлы Бұхараға келді. Ол өзін коммунистік партияны жақтаушы түрік депутаты ретінде жұртқа таныстырып жүрді. Түркістанда еркін жүрудің амалын осылай тауыпты. Өзі Мұстафа Кемал пашаның тапсырмасымен жүр екен. Менің өтінішім бойынша: бір-бірімен бәсекелес болып отырған тәжіктер мен өзбектерді ауызбірлікке шақырды. 30-шілде күні Әбдіқадыр мырзаның үйіне жиналдық. Супхи мырза Ортақ комитет төрағалығына мені ұсынды, бұл екі жақтан да қолдау тапты. Сонымен тамыздың екісінен бастап «Түркістанның ұлттық бірлігі» ұйымының Орталық комитетінің төрағасы ретінде жұмыс істей бастадым. Осындай қиын-қыстау күндерде М.Кемал паша тарапынан жіберілген арнаулы өкіл Түркістан үшін ұлттық күрес майданының бел ортасында жүрген қазақтардың «Алашорда» үкіметінің өкілдерін, соның ішінде Дінше мен ауған елшісі Әбдірасылханды көріп, қатты әсерленді»

Д.Әділев (жалғасы): Кеңестен кейін Түркияның өкілі Красноводскі арқылы Ташкентке кетті. Ол мен Бұқараға жүрер алдында Қожановтың, Қожаевтің, Тынышбаевтің әйелдері және басқа да адамдар ұлттық киіммен түскен суретті сұрады: Түркияға барғанда барлық газет-журналдарға басып шығарамын – деді. Мен одан Бірімжановқа хат беріп жібердім. «Ақжол» газетінің ресми редакторы Қожанов болғанымен, барлық жұмысты ол кезде Бірімжанов жүргізетін, беделді тұлға еді. Дулатов ол кезде Ташкентте жоқ болатын. Бұқараға башқұрт офицерлері мен Түраткомнан 2 қазақ келуге тиісті дегенді маған Валидовтің досы Банышев (?) айтты. Кездесу орнына арнайы шайхана белгіленді. Соның біреуі Орта Азия орталығының орынбасары болуға тиісті екен, атын ұмыттым. Екіншісі Константинопольде оқыған Ақтөбе уезінің қазағы Ақшалов (Ақжалов – ?) екен. Ол: Дүниежүзілік соғыстан кейін Түркияда 60 мың әскер жасақталыпты, ол Орынборға басып кіруге дайын екен – деді. Орынбор мен Ташкенттен пәрмен болмаса да Ақшаловты (Ақжаловты – ?) істің жайымен таныстырып, менің орныма Бұқарада қызмет істеуге қалдырды. Ақшалов мен Бұқарадан кеткеннен кейін сонда Әнуар пашаны көргенін айтты. Валидовтің Ташкенттегі басты қолдаушысы өте сауатты, өркениетшіл, Валидовтің жақын досы Әнуәрбек – «Қара өзбек» болатын. Мен оны Оқу-ағарту комиссариаты саласында істеп жүрген кезінде көрдім. Басына сәлде орап, өзбектің ала шапанын киіп жүретін», – деп көрсетеді.

Сол тұстағы саяси жағдайдан толық мағлұмдар болу үшін тағы да З.Валидовтің естелігіне жүгінеміз. Ол:

«5-7 қыркүйек күндері Самарқанда «Түркістан ұлттық бірлігінің» келесі құрылтайы ашылды (Қадыр Айдар есімді бір оқыған азаматтың бақшасында). Тағы бір жиналыс Матрид елді мекенінде болды. Матрид жиналысына қазақтардан Дінше қатысты. Дінше безгекке шалдығып, қатты ауырып қалды. Кейде есінен танып қалса да құрылтайды тастап кетпеді. Маған: «Өртеніп барамын. Шымбурыннан бір құмыра су әкеліп берші», – деп сандырақтай өтінді. Шымбурын – Балқаштың солтүстігіндегі Бетбақдаланың шөліндегі туған ауылындағы тереңдігі жүз құлаш, суы мұз құдық екен. Кейін: «Шымбурыннан бір ұрттамасам емделмеймін», – деп, ауылына қайтты. Ол бір жақсы ақын және әртіс жігіт еді. Өзінің қыдырма труппасымен түрлі жерлерде театр ойынын қойды (Қазақ театрының труппасын айтып отыр – Т.Ж.). Сойсаллыұлы Ысмайыл Супхи Бей Түркістанға сапары кезінде Қызылмешітте (Қызылорда – Т.Ж.) Дінше қойған сахнаны тамашалап, труппаның үлкен бір суретін Ыстамбулға алып келіп, жариялады. Башқұртстаннан келген Башқұрт ұлттық әскерінің бір батальонын басмашылар жағына өткізіп жіберудің мүмкіндігі бар еді. Оған Рысқұлов және басқалар қарсы болып, әскерді басмашыларға емес, кеңестің ресми әскері қатарына қосылуын жақтады. Зара вшан өлкесінде «Ұлттық бірлікке» тән басмашы Ашылбек – найманның әскері болды. Ол өзбектердің Қоштамғалы руынан, отыз сегіз жастағы айтулы батыр, адамгершілігі мол, салмақты, ақылды әрі шаруалы тұлға. Ресей мен дүние саясатын газеттерден үйренеді. Жанында жалынды жиені жас Дәурен Ашыл бар еді», – деп жазды.

Д.Әділев (жалғасы): «Сол жылы, яғни, 1921 жылы Қоқаннан бір түрік офицері Бұқараға шәкірттерімен келіп, оқушыларын қаланың тарихи орындарымен таныстырды. Ол орыс, француз, неміс тілдерін білетін. Сол кезде Валидовтің ескі танысы Жанұзақов бастатқан қырғыз жасағымен (басмашыларымен) байланыс жасау үшін мені Қосмамбетовпен бірге Ферғанаға жүріп кету керек деп шешті. Солардың арнайы вагонымен мен Қоқанға кеттім. Сонымен қатар Валидов Жанұзақовтан халық дастанының («Манастың» –? – Т.Ж.) қолжазбасын тауып беруді өтінді. Соны ала келуді тапсырды. Жаңағы оқытушы менің жеке басымды растайтын куәлік тауып беруге келісті. Мен әлгі түріктің мектебіне орналастым. Ол маған өзінің бір шәкіртінің құжатын берді, керек адамға жолықтырды. Қоқанда мен сол кездегі Түркістанның төрағасы Төреқұловты (–? Т.Ж.) бір үйден көріп қалдым. Ол мені, мен оны таныдым. Екеуміз де тіл қатысқанымыз жоқ. Ұйымның жайын Болғанбаев оған айтуға тиісті болатын және Жанұзақов сияқты ірі қайраткерлермен таныс еді. Үш-төрт күннен кейін поезбен Әндіжанға бардым. Онда мен мұғалім өзбекке тап болдым. Келесі күні Әндіжандағы ұйымға барып Жанұзақовпен жолықтыруды өтіндім. Маған ат және жол көрсетуші берді. Түнімен жүріп отырып таңертең Құрбашыға келдік. Құрбашыға: тек Жанұзақовпен ғана сөйлесемін, – дедім. Қаруланған басмашылар мені күзетке алып Жанұзақов орналасқан штабқа әкелді. Аулаға кірдік. Екі-үш адамның ортасында тұрған Жанұзақовты бірден таныдым. Ол: менің келуімнің мақсатын білген соң өзінің жағдайымен таныстырды. Мен Валидовтің қырғыздардан жасақ ұйымдастыру туралы жазылған хатын бердім. Мен жаяу жүргендіктен де қырғыздарға маған ат тауып беруді тапсырды. Ол мені Білібаев деген қазақпен таныстырды. Құрбашы Исраил шығып кеткен соң ол Мухиддин деген Құрбашыны Ошқа жібергеннін айтты. Қызылдар сол маңға торуыл жасап жүр десті. Мұхиддинов бұрын Әулие-Ата уезінің милициясының бастығы болатын. Қазір не Шымкентте, не Қырғызияда жүр. Мен оны Ташкентте көргемін. Мен Жанұзақовтың жасағының ішінде қалдым. Бірде түн ортасында атыс басталды. Ешкім ешнәрсені біліп болмады. Бет-бетімізге кеттік. Жанұзақов атына мініп асығыс аттанды. Содан кейін оны көрген емеспін. Сөйтсем қызылдар Құрбашының жасағына шабуыл жасапты».

Астыртын ұйымды басқарып, қауіп пен қатердің қасында жүрсе де З.Валидов өзінің ғылыми жұмысын ұмытпайды. Д.Әділевтің айғағында көрсетілген «Манас» жыры туралы дерек «Қатиралардың» бетінен де орын алыпты. Д.Әділевтің «Жанұзақовты бірден тани кетуі» орынды, оны Алматыға оқу-ағарту саласына барған алғашқы сапарында көрген. З.Валидов сұратқан «Манас» дастанының қолжазба тарихы былай екен:

З.Валидов: «Ташкент қаласындағы сондай бір кеште (бұл кездесу З.Валидов бірінші рет Ташкентке келген 1913-1914 жылғы сапары кезінде өткен. Оқымысты ғалымның тағдыр талқысында жүргенде де ғылымды ұмытпағанын көрсету үшін және Д.Әділевтің көрсетіндісінің растығын тиянақтау үшін әдейі осы араға кіріктіріп отырмыз – Т.Ж.) мен қырғыздың тағы бір оқыған зиялысы Ибрагим Жанұзақовпен таныстым. Оның алдында қырғыздың тағы бір зиялысы манасшы Сарықұлмен Қазанда танысқамын. Бұл таныстығымыз әбестеу бір оқиғадан басталды. Студенттердің асханасында екі масаңдау студент – біреуі секпіл бет, екіншісі сарышашты орыс, қырғыз не қазақ тілінде дөрекі сөйлесіп отырды. Менің жақтырмағанымды біліп, екеуі маған тиісуге айналды. Мен тіс жармадым, бұл оларды одан бетер ызаландырды. Аспұзылға: мыналарға тоқтау айт, әйтпесе маған басқа орын беріңіз, – дедім. Олар маған балағаттай ұмтылды. Мен секпіл бетке қарап: «Кет дегенде ит те кетеді, Алмамбет қалмақ неге кетпейді?», – дедім. «Манастан» алынған осы сөзді ести сала секпіл бет орнында қатты да қалды: «Кешір, сен кімсің, қайдан келдің, «Манасты» қайдан білесің?», – деді. Студент қырғыз табан астында есін жиып алды. Біз сөйтіп таныстық. Сөйтсем ол мен туралы да естіпті, менің кітабімді де оқыпты. Ертеңінде әлгі қырғыз жігіті асханаға келіп, менен кешірім сұрады. Содан кейін «Манас» туралы әңгімелестік. Ташкент қаласында жоғарыда аты аталған Әубәкір Диваев маған ХІХ ғасырда араб әрпімен хатқа түскен, Радлов жариялаған белгілі нұсқадан мүлдем басқа дастанның бір нұсқасын берді. Жазудың көптеген жері өшіп кеткен, қалпына келтіру мүмкін емес еді. Сарықұловтың айтуы бойынша бұл нағыз манасшының ауызынан жазылып алынған нұсқа екен. Бұл қолжазба менің қолымда сегіз жыл сақталды. 1920 жылы Бакудегі шығыс халықтарының құрылтайы кезінде Жанұзақов (Төреқұл – Т.Ж.) менен уақытша сұрап алды, алайда ол бір жылдан соң Ферғанада кеңес өкіметінің әсерімен болған шайқаста қаза тапты. Сөйтіп, Жанұзақовтағы қолжазба да жоғалып кетті... 1924 жылдан бастап кеңес өкіметі дастанды өзінің саясатына бейімдеп басуды қолға алды. Түркістандағы мен алған нұсқа орыстардың жаулап алуынан бұрын, Қоқан хандығы тұсында жазылған, 60 мың жол болатын. Сарықұлов екеуміз халық мұрасын араб әрпінде жариялаудв ойластырып жүргеміз. Жанұзақовтың да тілегі сол еді. Алайда қырғыз халқының бұл екі азаматы да орыстарға қарсы күрестің құрбандығы болды. «Манасты» бірігіп жариялаймыз деген жоспарымыз жүзеге аспады», – деп еске алады.

Д.Әділев арқылы Төреқұл Жанұзақовқа сәлем айтып, «Манастың» қолжазбасын сұратуы жайы осылай. Сөйтіп, қарапайым ғана бұрынғы ауыл мұғалімі ұлты үшін жанын қиды. Мұны сол кездегі Түркістанның басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов та өкінішпен еске алады. Сталинге жазған хатында Т.Рысқұлов та:

«Менің ол кеңеске (ұлтшылдардың – Т.Ж.) қатыспағаныма қазір нақты көз жетіп отыр. Бір кездері менің атымды Жанұзақов пен (қырғыз, алғашқы кезде кеңес өкіметіне қызмет еткен) байланыстырып, жанықтырып жүрді. Осы Жанұзақов та Бакудегі Шығыс халықтарының құрылтайына қатысты. Маған ол: Түркістанға қайта оралысымен өкпе ренішін бас алмай, қызу-қандылыққа салынып, жолдан тайып кететіндей көрінді. Сондықтан да оған: менімен еріп Бакуден бірден Москваға жүріп кетуді ұсындым, Москваға барған соң аптығы басылар, одан жақсы қызметтер шығар – деп ойладым. Мұны естіп отырғандардың ішіндегі куәлар да қазір тірі. Бірақта ол бас тартып, Ташкентке қайтып кетті. Онда мұның өліспей-беріспейтін дұшпаны Манап Әлімбеков «қарсы алды», басшы қызметкерлердің оны тұтқындау туралы құпия шешімі шықты (оны біреу жеткізді), мұны ести салып Жанұзақов (менің өзім мұны оқиғаға қатысқан біреудің аузынан естідім) таудағы қырғыздарға қашып кетті, кейін басмашыларға қосылды. Біздің онымен Бакуде айрылысқанымызға қарамастан, елеспен бірге кезіп: оны басмашыларға мен жіберді – деп қауесет таратыпты», – деп баға берді.

Ыбырай (Ибрагим) және Төреқұл Жанұзақовтар қырғыз елінің азаттығы жолында қару алып қаза тапқан қайраткерлер. Орысшыл «қаражүзділердің» қырғыз жұртына көрсеткен қысымынан кейін ызаға булығып Төреқұл басмашылар жағына шығып, сонда шаһит кетті. Қырғыздың аса өжет қайраткері, Жетісу губкомының жер мәселесі және ұлт істері жөніндегі комиссияның төрағасы Т.Жанұзақов жер реформасы тұсында «отаршыл коммунистердің» жағасын жыртып жүріп 1916 жылғы жазалау кезінде тартып алынған жерді қырғыз бен қазаққа қайрып беріп еді. Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде қазақ-қырғызды жүздеп қырып, «бала-шағасын» қылыштап өлтірген казактар мен қоныс аударушыларды да жазаға тартқан болатын.

Осынау күрделі тұлғаның тарихтағы орынына қырғыздар да, қазақтар да, өзбектер де әлі де толық баға бере алмай келеді.

Д.Әділевтің көрсетіндісі бойынша бұл оқиға былай аяқталған: «Менің ешқандай танысым да жоқ, денсаулығым да нашар еді. Бір өзбекті тауып алып өзбек шапанын киіп, соның үйінде бірнеше күн жаттым. Ол мені бір адамдармен байланыстырып, мені Наманганға әкеліп, поездің терезесінен вагонның ішіне итеріп жіберді. Поезд Ташкентке келгенде мен есімнен танып қалдым. Есімді жиған соң Уәлихан Омаровқа жолықтым. Ол Халел Досмұхамедовке сүйемелдеп әкеліп емдетті. Есімді жиған соң сол кездегі ТурЦИК-тің орынбасары Қожановтың қабылдауына кірдім. Ол: «Біз сені өліп қалды деп жүрсек, тірі екенсің ғой», – деп қарсы алды. Айырылысарда Жанұзақов Төреқұлов пен Қоджановқа хат жазып берген. Соны тапсырдым. Осыдан кейін Ферғанаға қайта кетемін деп едім, ол: «Жанұзақов сені сатқын деп жариялап, өлім жазасына бұйырыпты. Ешкімге көрінбегенің дұрыс болған. Сенің Ташкентте қалуыңа болмайды, одан да Түркістанға бар», – деп ақыл берді. Лазеретке жатып емделуімді өтінді. Онда мені Досмұхамедов және тағы бір орыс дәрігері емдеді...»

Д.Әділевтің «басмашылыққа ауысқан жолы» туралы оның сабақтас әрі партизан кезіндегі «жауынгер досы» Ә.Байділдин:



«Әлі есімде, 1922 жылы мен Ташкентке комсомол съезіне бардым. Байтұрсынов маған Бірімжановқа тапсыр, – деп жабық хат берді, оны оқымастан мен Бірімжановқа апарып бердім. Мен Бірімжановтың пәтерінде тұрғанымда ол Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін сұрастыра отырып, олардың Заки Валидовпен және Әнуар пашамен астыртын байланысының бар екенін, олармен байланыс орнату үшін Бірімжанов пен сол кезде Ташкентте тұратын Болғанбаевтің барып қайтқанын айтты. Олармен қоса Әділев те барыпты. Бұл туралы Қожанов жақсы хабардар болыпты. Айтпақшы Қожанов мені Қожановқа қарсы боп жүрген комсомол хатшысы Мұратбаевпен татуластыруды өтінді. Мұратбаев екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы еді. Ақыр соңында мен екеуін табыстырдым, істің мүддесі үшін олар бірге жұмыс істеуге тиіс еді.

Мен Қожановпен әңгімелескен кезде, ол маған қызық бір жайды айтты, мен одан өзімнің жақсы танысым Әділев туралы сұрадым. Қожанов: Әділев Ташкентке 1920-1921 жылдары келді, Қожановпен, Болғанбаевпен бірге қызмет істеді. Әділев өте қызу мінезді жігіт, ол бірнеше рет оның әптігін басып, орынсыз бір нәрсеге ұрынып қалмауын қадағалапты. Сөйтіп жүргенде ол басмашылар жағына шығып кетіпті, соңғы кезде қызылдардың қолына түсіп, қашып шығыпты, тауда жасырынып жүріп, жоғалып кете жаздапты, дертке шалдығып, денсаулығын жоғалтып алып, азапқа түсіпті, әбден титығы шығып барып осында оралыпты. Қожанов оны өзінің пәтерінде жасырып ұстапты, денсаулығы түзеліп, жазылған соң 1922 жылдың тамыз не қыркүйек айында шығарып салыпты. Мұның барлығы мені «Алашорда» жағынан әлдебір контрреволюциялық әрекет жүріп жатқандығына сендірді, осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты», – деп өзіне де, Әділевке де мінездеме беріпті.

Д.Әділев (жалғасы): «Науқасыма байланысты Орта Азиялық Ташкент ұйымының бұдан кейінгі отырыстарына қатыса алмадым. Қазақ ағарту институтында оқытушы боп істейтін Кәрім Жәленов пен Ғазымбек Бірімжанов ауруханаға жиі келіп тұрды. Біз ұзақ пікір алысатынбыз. Қожановтың әйелі де жиі келіп жүрді. Ісік қайтқан соң Халел Досмұхамедов укол салып берді де мен лазареттен шықтым. Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Иса Қашқынбаев, Омаров Уәлихан отырыс өткізіп, ұйымды кеңейтудің жолдарын қарастырды, оның әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бағдарламаны Халел Досмұхамедов жасады. Мақсаты: большевиктер құлаған соң Қазақстан буржуазиялық демократиялық ұлттық тәуелсіз республика болмақ. Құрылтайда Ата заң қабылданады. Әскери құрылым бір орталықтан – Түркиядан басқарылады. Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады – десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты. Орынбормен байланыс үзілген жоқ. Бірақ онда тек қана Байтұрсынов қалды. Өйткені Дулатов пен Әлихан Бөкейханов Семейде тұтқындалып, кейіннен Орынборға айдауылмен әкелінген болатын. Сәрсенов пен Елдес Омаров та жоқ болатын. Олардың Семейге барған-бармағанын білмеймін. Өзбектерден ұйымға Миржалилов өкіл ретінде қатысып, Жәленовпен бірге жүрді. Бұл оқиғаның барлығы 1921-жылдың аяғында, 1922-жылдың басында өтті.



Қыста Атбасар ауандық милициясының бастығы үлкен ағам Байсейіт Әділов келді. Ол жолай ауылға соғыпты. Ауылдағылар: бізді Түркістан республикасының қармағына қайтадан қабылдасын. Соны республика басшыларымен келісіп қайт деп тілек білдіріпті. Мен ағаммен бірге Түркістан қаласында екі-үш күн болып Шуға кеттім».


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет