ӘОЖ 37.01 : 004.738.5 : 371.214 Қолжазба құқығында
ҚАНАТБАЕВА АЙНҰР Русланқызы
Университетте оқыту үдерісін ұйымдастыруда интернет-технологияларды пайдаланудың педагогикалық шарттары
6М011100 - Информатика мамандығы бойынша
педагогика ғылымдарының магистрі
академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған
магистрлік диссертацияның
РЕФЕРАТЫ
Қызылорда, 2012
Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінің «Информатика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшi:
|
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Б.А.Досжанов
|
|
|
|
|
Ресми оппонент:
|
Техника ғылымдарының докторы, профессор
Ө.Ү.Үмбетов
|
|
|
|
|
|
|
Диссертация 2012 жылы «____» ____________сағат____ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде (120014, Қызылорда қаласы, Жақаев көшесі, №6 оқу ғимараты, физика-математика факультеті, №____ дәрісхана) қорғалады.
Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында (120014, Қызылорда қаласы, Байсейітова көшесі, 100) танысуға болады.
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында оқу үдерісін автоматтандыру кезең-кезеңімен 2011-2013 жылдары және 2014-2016 жылдары жүзеге асыралытындығы айтылған. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай жоғары оқу орындарын кең жолақты Интернетпен 100% қамтамасыз ету, университеттік білім беру порталын құру міндеті нақты көрсетілген.
Қазақстан Республикасының 2011 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Ақпараттандыру туралы» Заңында ақпараттандыру және электрондық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру басым бағыт ретінде айқындалған.
Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар өнеркәсіп өндірісі мен бизнес, әлеуметтік-экономикалық салалар мен мәдениет, білім беру және ғылым салаларының дамуына ерекше ықпалын тигізіп отыр.
Индустриалдық қоғамнан ақпараттық қоғамға өтпелі осы кезеңде, әсіресе, ауқымды ақпараттық жүйе – Интернет желісінің маңызы зор. Интернет күн өткен сайын өзінің қолданылу аясын кеңейтіп, тоқтаусыз дамуда. 1997 жылы әлем елдерінің 50 млн. компьютері ауқымды желіге қосылған болса, 2001 жылы жарты миллиардтан астам халық бұл қызметті пайдаланған. 2004 жылы жер шары тұрғындарының 13%-ы Интернетке қол жетімді болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 41%-ға жетіп отыр. Интернет адам өміртіршілігінің кез келген саласына әсер етуде. Сондықтан қазіргі заманғы жаңа тұрпатты маманға қойылатын жоғары талаптардың бірі – Интернет-технологияларды пайдалана алуға қабілетінің, икемділігінің болуы қажет. Осыған байланысты, кәсіби білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары мен педагогика ғылымына артылатын жүк те ауқымды болмақ.
Жалпы алғанда, бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру мәселелерiне байланысты көптеген зерттеулер жүргізілді. Мысалы, елімізде бiлiм беру саласын ақпараттандыру мәселелерiнiң әртүрлi аспектiлерi, оқыту үдерісiнде компьютерлiк технологияларды қолданудың теориясы мен әдiстемесi Е.Ы.Бидайбеков, Ж.А.Қараев, С.К.Кариев, К.А.Таңатаров, К.З.Халықова, В.В.Гриншкун, К.Т.Искакова, Т.Г.Бортко сынды ғалымдардың еңбектерінде тереңірек зерттелді.
Компьютерлiк оқыту технологиясының жаңа бағыттарының бiрi – интеллектуалдық оқыту жүйелерiн құрудың, автоматтандырылған оқыту жүйелерiнiң көмегiмен оқыту үдерісін жетілдірудің мәселелерiмен Ш.Х.Кұрманалина, С.Ю.Карпова айналысты.
Жоғары оқу орындарында студенттердiң болашақ кәсiби iс-әрекетiнде ақпараттық технологияларды пайдалану даярлығын қалыптастырудың аспектiлерi А.А.Жолдасбеков, Л.В.Нефедова, С.К.Абдибекова, Г.Г.Бегаришева, А.З.Тұрсынбаев секiлдi зерттеушiлердiң еңбектерiнде қарастырылған.
Жоғары оқу орындарының іс-тәжірибесіне ғалымдар тарапынан жасалған талдау, оқытушылар мен студенттердің Интернетті тек оқыту құралы, қажетті ақпаратты іздеп табуға мүмкіндік беретін мәліметтер қоймасы ретінде ғана пайдаланатындығын көрсетіп берген. Ал, оны оқу бағдарламаларының мазмұнына оқыту объектісі ретінде кірістіру жан-жақты қарастырылмаған. Бұл жұмыс жүзеге асырылған жағдайда болашақ маманның өз кәсіби қызметінде Интернет-технологияларды тиімді пайдалана алуына септігін тигізер еді.
Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде білім беру саласында жаңа ақпараттық технологияларды, оның ішінде Интернет-технологияларды пайдаланудың әртүрлі аспектілері, атап айтқанда:
-
жоғары оқу орындарының студенттерін кәсіби даярлау үдерісінде Интернет-технологияларды қолданудың дидактикалық шарттары Ю.М.Корниенконың, Е.В.Потехинаның, З.Р.Девтерованың;
-
болашақ мамандарды даярлау үдерісінде Интернет-технологияларды пайдаланудың ұйымдастырушылық-әдістемелік негіздері Т.Х.Гюльмагомедовтің;
-
білім беру үдерісінде болашақ педагог мамандарды Интернет-технологияларды пайдалана білуге даярлығын қалыптастыру И.Н.Останнийдің;
-
орта мектеп мұғалімдерінің кәсіби іс-әрекетінде Интернет-технологияларды пайдалана білуге даярлау Е.П.Романовтың;
-
жоғары оқу орындарының білім беру үдерісінде ақпараттық порталдарды пайдаланудың ұйымдастырушылық-педагогикалық шарттары А.Ю. Голошумовтің, В.А.Садыкованың;
-
білім беруде Интернет-технологияларды пайдаланудың әртүрлі аспектілері В.Н.Владимировтің, Боброваның, Л.И.Бородкиннің ғылыми зерттеулерінде қарастырылған.
Дегенмен де, қазіргі практика көрсеткендей, Интернет-технологиялардың мүмкіндіктерін толыққанды пайдалану үшін бұл салада әлі де жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Қазіргі таңдағы болашақ жоғары кәсіби білікті маманға қойылатын талап пен қарастырыл отырған мәселенің ғылыми-теориялық тұрғыдан аз зерттелуінің арасындағы; білім беру қызметін дамытудағы Интернет-технологиялардың мүмкіндіктері мен жоғары оқу орындарында оны тиімді пайдаланудың әдістемелік тұрғыда толыққанды қамтамасыз етілмеуі арасындағы қарама-қайшылықтар бізге зерттеу мәселесін айқындауға, зерттеу тақырыбын «Университетте оқыту үдерісін ұйымдастыруда интернет-технологияларды пайдаланудың педагогикалық шарттары» деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеу мақсаты: университеттердің оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды пайдаланудың педагогикалық шарттарын анықтау және оны ғылыми-педагогикалық тұрғыдан негіздеу.
Зерттеу нысаны: жоғары оқу орындарындағы оқыту үдерісі.
Зерттеу пәні: жоғары оқу орындарында оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды қолдану.
Зерттеу әдістері: ақпараттық-коммуникациялық технологияларды білім беру саласына ендіруге, оларды оқыту үдерісінде пайдалануға байланысты педагогикалық, психологиялық, әдістемелік еңбектерге талдау жасау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын зерделеу; жоғары оқу орындарында Интернет-технологияларды енгізу тәжірибесін саралау; тәжірибелі-эксперимент нәтижелерін сандық және сапалық өңдеу.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздерін диалектикалық таным теориясы, ақыл-ой іс-әрекетін кезеңмен қалыптастыру теориясы, жүйелік, жекелік-тұлғалық, кәсіби-іс-әрекеттік талдау теориясы құрайды.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, университеттердің оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды пайдаланудың педагогикалық шарттарын құрайтын дидактикалық ұстанымдар мен психологиялық-физиологиялық ерекшеліктер анықталып, ғылыми-педагогикалық тұрғыдан негізделсе, зерттеу қорытындыларын, сондай-ақ, осы зерттеу мәселесі төңірегіндегі білім саласындағы оң нәтижелі іс-тәжірибелерді оқыту үдерісін жетілдіру мақсатында пайдаланудың жолдары қарастырылса, онда, білім беру сапасының артуына жағдай жасалып, студенттердің болашақ кәсіби білікті маман болып қалыптасуына ықпалын тигізеді.
Зерттеудің міндеттері:
- Интернет-технологияларды оқыту үдерісінде қолданудың дидактикалық ұстанымдарын анықтау;
- университеттің оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды пайдаланудың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін негіздеу;
- Интернет-технологиялардың оқыту үдерісінде жиі қолданылатын негізгі түрлеріне сипаттама беріп, олардың аппараттық-бағдарламалық құралдарына талдау жасау;
- оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды пайдаланудың тиімділігін тәжірибелі-эксперименттік тұрғыдан дәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
-
университетте оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды пайдаланудың дидактикалық ұстанымдары анықталды;
-
Интернет-технологияларды пайдаланудың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктері теориялық тұрғыдан негізделді;
-
Интернет-технологиялардың оқыту үдерісінде жиі қолданылатын негізгі түрлері анықталып, олардың аппараттық-бағдарламалық құралдарына талдау жасалды;
-
оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды пайдаланудың тиімділігі эксперименттік тұрғыдан дәлелденді.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
- Интернет-технологиялар студенттердің интеллектуалдық тұрғыдан дамуына және олардың бүгінгі қоғам талабына сәйкес болашақта кәсіби білікті маман ретінде қалыптасуына ықпал жасайды;
-
жоғары оқу орындарында Интернет-технологиялар инновациялық оқыту әдістерін дамытудың негізі бола отырып, білім беру қызметінің сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Зерттеудің теориялық құндылығы оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды таным құралы ретінде болашақта пайдаланудың мазмұнын, әдістері мен құралдарын алынған теориялық нәтижелер мен қорытындылардың айқындауымен сипатталады.
Зерттеудің практикалық құндылығы жоғары оқу орындарында студенттердің болашақ кәсіби іс-әрекетінде Интернет-технологияларды тиімді пайдалана білу дағдыларын қалыптастыруға негіз болады.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі зерттеу талаптарына сай әдіснамалық және теориялық қағидалармен, зерттеу мақсатына сәйкес әдістерді қолданумен, тәжірибелі-эксперимент жұмыстарының педагогикалық мақсатқа сай өткізілуімен сипатталады.
Зерттеу базасы. Тәжірибелі-эксперименттік жұмыс Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде өткізілді.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және енгізу. Зерттеудің негізгі қағидалары мен нәтижелері баяндама түрінде республикалық ғылыми-практикалық конференция мен әдістемелік басылымда баяндалды.
Жарық көрген мақалалар: Зерттеу нәтижелерi Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жас ғалымдар еңбектеріне арналған ғылыми мақалалар жинағында (Қызылорда, 2012), «Болашақ» университетінде өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда материалдарында (Қызылорда, 2012) жарияланды.
Жұмыс құрылымы мен көлемі:
Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеудің өзектілігі дәйектеліп, зерттеудің мақсаты, пәні, нысаны, әдістері, теориялық-әдіснамалық негіздері, ғылыми болжамы, зерттеу міндеттері, ғылыми жаналығы, қорғауға ұсынылған қағидалары, теориялық және практикалық құндылығы, зерттеу жұмысының дәлелділігі мен негізділігі, тұжырымдалған қорытындылар мен нәтижелердің сынақтан өткізілуі сипатталады.
«Университетте оқыту үдерісінде интернет-технологияларды пайдаланудың теориялық негіздері» атты бірінші тарауда білім беру қызметіне Интернет-технологияларды ендірудің жай-күйі талданып, Интернет-технологияларды оқыту үдерісінде қолданудың дидактикалық ұстанымдары мен психологиялық-физиологиялық ерекшеліктері сипатталады.
«Жоғары оқу орындарының оқыту үдерісінде интернет-технологияларды қолданудың практикасы» атты екінші тарауда оқыту үдерісінде қолданылатын Интернет-технологиялардың негізгі түрлері анықталып, Интернет-технологиялардың аппараттық-бағдарламалық жабдықтары сипатталады. Жоғары оқу орнының оқыту үдерісіне Интернет-технологияларды енгізудің тәжірибелік нәтижелері баяндалады.
Қорытындыда зерттеудің негізгі қорытындылары мен нәтижелері баяндалып, зерттеу тақырыбына байланысты болашақта қарастырылатын мәселелерге ұсыныстар беріледі.
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Қоғамның ақпараттық инфрақұрылымын дамыту үдерісінде пайда болған интеллектуалдық ортада адамға өмір бойы өз білімін жетілдіріп отыруға зор мүмкіндік беріліп отыр. Бұл мүмкіндік жаңа білім беру жүйесі құрылған жағдайда іске асырылмақ. Демек, ақпараттық қоғамда жаңа заманға лайықты білім беру жүйесін қалыптастыру білім беруге ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) ендірумен тікелей байланысты. АКТ құралдары өзінің дидактикалық мүмкіндіктерімен оқыту жүйесінің барлық компоненттеріне (оқытудың мақсатына, мазмұнына, әдістері мен ұйымдастыру түрлеріне) әсер етуімен қатар, адамның интеллектуалдық, шығармашылық әлеуетін, аналитикалық, сыни ойлау қабілетін, оқу барысында түрліше ақпарат көздерімен өздігінше жұмыс істей алу қасиетін дамыту секілді күрделі педагогикалық міндеттерді шешуді де қамтамасыз етеді. Мұндай АКТ құралдарының қатарына Интернет-технологияларды жатқызуға болады.
Зерттеуші ғалымдар интернет-технологияларға түрліше анықтамалар береді. Мысалы, Р.Н.Авалуев пен Н.Г.Астафьева интернет-технологияларды Интернет желісінде ақпараттарды алу, өңдеу, сақтау, жіберу және пайдалану қызметін қамтамасыз ететін автоматтандырылған орта ретінде қарастырады. Ал, З.Р.Девтерева интернет-технологияларға Интернет желісіндегі әртүрлі ақпараттық ресурстарды: сайттарды, блогтарды, форумдар мен чаттарды, электрондық кітапханалар мен энциклопедияларды, интерактивті оқулықтарды құру және олардың қызметін үйлестіру технологияларын жатқызады.
Зерттеуші А.А.Андреев жаңа ақпараттық технологиялар жөніндегі білімдер мен дағдылардың өзгеру динамикасының қарқындылығы және интернет-технологияларды өз қызметінде жоғары деңгейде пайдалана алатын кәсіби мамандарға деген сұраныстардың артуы мен оны тиімді қолдана алатын мамандардың аз болуы, соның салдарынан оқу орындарындағы компьютерлік парктердің тиімсіз пайдаланылуы арасындағы қарама-қайшылық оқыту құралы ретіндегі интернет-технологиялардың дидактикалық мүмкіндіктерін оқу үдерісінде толығымен қолдануға кері әсерін тигізіп келе жатқандығын атап көрсетеді.
А.А.Андреев пен Ю.Б.Рубиннің анықтамасы бойынша Интернет-технология деп, білім беру қызметінде оқу-әдістемелік материалдармен пайдаланушыларды қамтамасыз ету үшін Интернет желісін пайдалануға неізделген технологияны айтамыз. Ол ашық білім беру жүйесіндегі оқыту үдерісінің негізгі ядросы болмақ.
Интернет желісін пайдалануға негізделген технологиялар білім жүйесінде үлкен табысқа ие болуда. Білім берудегі Интернет-технологиялар ұғымын С.Ю.Губин, В.Т.Мотчин және Б.А.Мордвинов толық, кеңінен ашуға тырысады: «Білім берудегі Интернет-технологиялар – кешендік, заманауи, бүкіл әлемде бір компьютерлік, желілік құрал-жабдықтар жиынтығынан тұратын, сондай-ақ, әмбебап бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз етуден тұратын, ең бастысы, оқу үдерісін бұрын соңды болмаған ақпарат көлемімен қамтитын, саны бойынша да, қол жетімділігімен де, пайдалану және табу жылдамдығымен де ерекшеленетін, ақпараттың бүкіл әлемдік массивінен тұратын көп қырлы көлемді ақпараттық орта».
Ғалым Л.И.Бородкин берген анықтама біршама интернет- технологиялар ұғымын нақтылай түседі: «интернет-технологиялар деп, адамның шығармашылық ізденісін жетілдіруге, оның әлеуметтік үдерістерді басқару мүмкіндігін дамытуға септігін тигізетін, ақпаратты іздеу, жинақтау, сақтау, өңдеу, жіберу, ұсыну, қабылдау секілді қызметтерін іске асыратын әдістер мен техникалық құралдар жиынтығын айтамыз».
Өз кезегінде Интернет-технологиялар оқу үдерісінде ең жетілген құрал-жабдық, кең көлемді ақпараттық орта, сонымен бірге, ақпараттық алмасудың жаңа ұйымдастыру-әдістемелік инфрақұрылымы болып табылады. Сондықтан да, Интернет-технологиялар құралдары мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сонымен бірге, оны үйрену – барлық оқу үдерісіне қатысушылардың, атап айтқанда, білім ұйымдарының басшыларының, профессор-оқытушылардың, технологтар мен әдіскерлердің, студенттер мен магистранттардың маңызды кәсіби қажеттілігі болып саналады.
В.П.Тихомиров айтқандай, Интернет-технологиялар қалыптасып келе жатқан күрделі ғылым саласы, оны терең ұғыну үшін интернет желісін табысты пайдалануға қажетті кәсіби шеберлікті қалыптастыру мақсатында тәжірибелік жұмыстар жүргізілуі керек.
Интернет-технологиялар оқу үдерісінің болмысын да өзгертеді:
- ақпараттық қор және әдістемелік тәжірибе бүкіләлемдік компьютерлік желілер арқылы таралады және де оқу дәрісханасына ғана сиятын мазмұнмен шектелмейді;
- дәстүрлі «сызықтық» оқыту әдісіне қосымша болып, интернет «тармақталған» оқыту түрін жасайды, мұндағы online- байланыс қаншалықты студент пен оқытушы болса, соншалықты көп бағытқа шығуы мүмкін;
- студенттер және оқытушылар ақпаратты «тұтынушыдан» өзіндік online-ақпаратты «өндірушіге» айналады және де олар барлық әлемді қамтыған білім құрамасының қатысушылары болады;
- интернеттің ақпараттық және коммуникациялық күші, дәстүрлі оқу құрылымдарын және жаңа білім бағыттарын ( мысалы, қашықтықтан оқыту) жаңартады.
Интернет-технологиялар оқытудың жаңа әдістерін пайдалануға мүмкіндік беретін, соның негізінде білім беру сапасының артуына жол ашатын бірден-бір технология. Жетекші педагог ғалымдардың пікірлерін негізге алатын болсақ, интернет-технологиялар үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін әрбір оқытушының дидактикалық-әдістемелік құралына айналуы тиіс.
Біздің ойымызша, Интернет-технологияны оқу үдерісіне, ғылыми жұмыстарға, ұйымдастыру жұмыстарына және тұлғалар қарым-қатынасына енгізу, оларды пайдаланудың шынайы қажеттілігімен анықталады, кәсіби іс-әрекеттің дұрыс дамыған жағдайында ғана қалыптасады. Әлемдік желі ресурстарымен байланысқан тек осы қажеттілік қана қазіргі заман маманының артықшылығы болып табылады.
Интернет-технологияны кәсіби білім беру үдерісіне енгізу, бірнеше педагогикалық жағдайларға және дидактикалық ұстанымдарға байланысты. Педагогикалық жағдайлар деп сапалы тұлғаны қалыптастыруды қамтитын заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланып, тәрбие - білім үрдісінің мақсат бағдарын детерминациялаудың өзара байланысқан факторлар жиынтығын айтамыз. Мұндай жағдайда, болашақ мамандардың Интернет-технологияны пайдалану дайындығын айтуға болады.
Интернет-технологияны білім беру үдерісінде қолданудың дидактикалық ұстанымдары деп оқыту мазмұнын талдауды, оқыту үдерісін ұйымдастыру мен жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі бастапқы шарттарды түсінеміз. Дидактикалық ұстанымдар оқу үдерісінің белгілі заңдылықтарына сүйенетін және білім алушының психологиясын ескеретін, оқыту үдерісін ұйымдастыру еркешеліктерін бейнелейтін нормативті негіздер болып табылады.
Біз өз зерттеуімізде ғалым П.И.Образцов ұсынған жоғары оқу орындарының ақпараттық технологияны қолдану шарттарына сәйкес келетін дидактикалық ұстанымдарды негізге алдық. Олар:
1. Дидактикалық үрдістің және дидактикалық жүйенің оқыту заңдылықтарына сәйкестілік ұстанымы білім алушылардың оқу-танымдық іс-әрекетінің объективті заңдылықтарына сәйкес ұйымдастыру қажеттілігіне бағытталған спецификалық байланыстар, сондай-ақ, білімнің мазмұны және оқытылуы арасындағы нақты тәуелділік болып табылады.
Оқытушының бұл ұстанымды сақтамауы оны өзіндік конструктивті іс-әрекеттегі басты бағдардан айырады, өзіндік конструктивті іс-әрекетте Интернет-технологияны қолданғанда дидактикалық үрдіс оқыту заңдылықтарына сәйкестіктен және де оқытудағы мақсатқа жетудің нақты жолынан тұрады.
2. Білімді нақты ойлауға негіздеу ұстанымы, яғни, әрбір құбылысты өзінің тарихи дамуында қарастыру, сол құбылыстың генезисін табу, оның дамуының, заңдылықтарының әрбір сатысын бақылау. Интернетте орналасқан бастапқы мәліметтер (құжаттар, сақталған материалдар, заң актілері, іс-өндіріс көздері, т.б.) көзімен жұмыс жасау қарастырылып отырған ұстанымды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
3. Теориялық білімнің негізгі жетекшілік рөлі ұстанымы оқу материалының, мәселен, тақырыптың жеткілікті үлкен мәнді жерін қарау үшін Интернет-технологияны қолданып дидактикалық үрдісті ұйымдастырудың мақсаттылығына негізделеді, ол былай жүзеге асырылады: теориялық білім алудың бастапқы кезеңдерінде білім алушылар тақырыптың жалпы теорялық мазмұны туралы түсінік алады, содан соң, аралық кезеңдерде әрбір сұрақтың мазмұнының басқа түрлерін түсінуге әрекет жасайды, ал қорытынды кезеңде барлық тақырыпты талап етілетін қабылдау деңгейіне жеткізуге тырысады.
4. Оқытудың біліми, тәрбие және даму функцияларының бірліктері ұстанымы өз атауында көрсетілген барлық функциялардың өзара заңдылығын байланыстырып бейнелейді. Бұл ұстаным интернет-технологияны пайдалануда оқытудың дидактикалық үрдісі тек білім алу функциясын ғана емес, сонымен қатар тәрбие және даму функцияларын орындайды.
5. Білім алушының оқуға деген мотивациясын, оң қарым-қатынасын дамыту ұстанымы оқу-танымдық іс-әрекет пен мотивациялық қызығушылықтың өзара байланыстарының жетістіктерін бейнелейді. Ол оқыту мазмұнын меңгеруді үздіксіз меңгеруге ұмтылу қажеттілігін көрсетеді. Бұл ұстанымды орындау интернет-технологияны тиімді қолданудың маңызды шарттарының бірі.
6. Күрделі мәселелік ұстаным шығармашылық іс-әрекет тәжірибесін қабылдауға байланысты заңдылықты бейнелейді, сонымен қатар, білім мен әдістерді шығармашылық түрде қабылдау іс-әрекетіне негіз болады. Бұл ұстанымның негізі мынада: оқыту мазмұны және шығармашылық қабылдаудың түрлері ретінде тәжірибені игеру оқу субъектісін мәселелер жүйесіне тікелей қатыстырмай мүмкін емес
7. Оқытуда коллективті оқу жұмысын жеке тұлғаға қатынаспен біріктіру ұстанымы оқытушыдан оқытудың сәйкес үлгілерін мақсатты келістіруді талап етеді. Бұл ұстаным Интернет-технологияның білім берудегі мүмкіндіктерін дәрісханалық сабақтарда пайдалануда, басқару субъектісі ретіндегі оқытушынің жетекшілігіндегі өзіндік жұмыста, сонымен бірге студенттің оқытушысыз өзіндік жұмысында есепке алынады.
8. Абстрактілі ойлауды көрнекілікпен үйлестіру ұстанымы оқу материалының әр түрлі қабылдауы мен бірге оны ұғыну, есте сақтау, қолдану мүмкіндіктері арасындағы заңды байланысты бейнелейді. Бұл ұстанымнан мынадай талап туындайды: оқыту үдерісінде көрнекіліктің барлық түрін пайдалануды үйлестіреді.
9. Тұлғаның белсенділігіне байланысты оқыту ұстанымына сәйкес жоғары кәсіби білім беру саласында интернет-технологияны пайдалану ең алдымен тұлғаның дамуына, оқыту субъектісі ретінде білім алушылардың ерекшіліктерін анықтауға, оның жеке тәжірибесін өзіндік бағасы және ерекшелігі ретінде қабылдауға, педагогикалық әсерді осы тәжірибеге сәйкес құруға, оқу жұмыстары әдістерін талдау арқылы білім алудың жолдарын ашуға мақсатталуы керек.
10. Оқу-ақпараттық қорын оқыту мазмұны мен дидактикалық жүйеге сәйкестендіру ұстанымы оқытушы мен студенттің тиімді еңбегінің оқу-ғылыми жағдайына деген талаптарын бейнелейді. Бұл ұстаным, егер оқу-ақпараттық қор оқытушыларға қойылған ғылыми-педагогикалық талаптар негізінде жинақталған болса, онда оның практикалық тұрғыдан жүзеге асуы қамтамасыз етіледі.
Аталған ұстанымдар негізінде, білім беру үдерісінде тиімді қолдануды жоғарылату мақсатында Интернет-технологияға қойылатын негізгі дидактикалық талаптарды белгілеуге болады:
- әр түрлі дидактикалық материалдарды пайдалану негіздері;
- Интернет-технологияны пайдаланудың нақты орны, бағдары және уақыты;
- сабақ жүргізудегі педагогтың басты тұлға ретіндегі орны;
- Интернет-технологияның басқа қолданыстағы техникалық оқыту құралдарымен тығыз өзара байланысы;
- технологияға тек сапалы оқытуға кепілдік беретін компоненттерді енгізу;
- компьютерлік оқыту әдістемесінің сабақты жүргізудің жалпы стратегясына сәйкестігі;
- Интернет-технологияны оқу құралдары кешеніне енгізу, жүйенің барлық компоненттерін қайта қарауды және оқытудың жалпы әдістемесін өзгертуді талап ететінін ескеру;
- оқытуды дараландырудың жоғары дәрежесін қамту;
- оқытудағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету.
Интернет-технологиялар оқыту үдерісін мынадай дидактикалық мүмкiндiктермен қамтамасыз ете алады:
- Web-технологияларды, электрондық кітапханалар мен энциклопедияларды тиімді пайдалануға бағыттау арқылы білім алушыны өзіндік ізденіс жұмыстарына бейімдейді, соның негізінде оның зерттеушілік дағдысын қалыптастырады;
- ақпараттық қоғам жағдайында білім алушыны нақты бір нәтижелі іс-әрекетке тарту арқылы оның тұлғалық сипаттарын дамытады;
- интерактивті байланыс негізінде білім алушының өз ортасымен қарым-қатынас жасау қабілетін дамытады;
- қандай бір мәселені талдауда білім алушының қолайлы шешім қабылдай білу іскерлігін қалыптастырады;
- желілік мәліметтер қорын пайдалану барысында білім алушының ақпаратты ерекше қызығушылықпен, шығармашылықпен өңдеу іскерлігін арттырады.
Сонымен қатар, келесі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:
- оқыту үдерісінде қабылдаудың бiрнеше арналарын пайдалануға;
-
сезiм мүшелерiн белсенділендіруге ықпал жасау арқылы оқу ақпаратын презентациялауға;
-
абстрактiлi мазмұнды визуалдауға;
-
оқу материалын әртүрлі типте ұсынуға, т.б.
Интернет-технологиялар бойынша оқу үдерісін ұйымдастыруға қажетті жағдайлар мыналар:
- білім алушылар үшін оқу-әдістемелік және оқу-әкімшілік ақпараттарынан тұратын беттері бар білім беру Интернет-порталы;
- телекоммуникациялық желіге шығатын (Интернет, спутниктік теледидар) жабдықтар;
- әртүрлі терминалдар: мультимедиалық сыныптар, электрондық оқу залдары;
- желілік-мультимедиалық контенті;
- тиісті дайындықтан өткен профессор-оқытушылық, оқу-көмекші және техникалық қызметкерлер;
- оқу контентін (локальдық және желілік) құру үшін ақпараттық-коммуникациялық зертханалар;
- оқытуды басқарудың желілік жүйелері (Learning Management Systems - LMS).
Жалпы, дидактикалық ұстанымдарға сүйену және жоғары оқу орындарында Интернет-технологияны білім беру үдерісінде пайдалануға арналған жоғарыда белгіленген талаптарды орындау мамандарды дайындау сапасын жоғарылатады.
Жоғары оқу орындарында мамандардың кәсіби дайындығын ұйымдастыру Интернет-технологияны мына тұрғыда пайдалануды ұсынады:
- танымдық үдерісті тиімділендіруді, кәсіби іс-әрекеттің жеке түрін қалыптастыруды қамтитын оқыту құралдары;
- кәсіби ортада ақпараттық үдерістерді ұйымадастыру ерекшілігін ескеретін ақпаратты өңдеудің заманауи әдістерімен танысу;
- қазіргі заманғы ақпараттық ортада шешім қабылдауды қалыптастыруды қамтитын кәсіби мәселелердің шешімінің құралдары: анықтама, кәсіби – маңызды ақпаратты іздеу және ұйымдастыру, қойылған мәселеге қажетті құралдарды пайдалану және таңдау, ақпаратты өңдеу технологиясын жасау, кәсіби мәселелерді шешу үдерісін тиімділендіруде алынған нәтежелерді қолдану.
Мәселені теориялық талдау және біздің тәжірибеміз мамандарды кәсіби дайындауда Интернет-технологияны тиімді пайдалану мыналарға тәуелді екенін көрсетеді:
- білім алушылардың оқу-танымдық жұмысын ұйымдастыруда қолданатын педагогикалық құралдардың тұжырымдамалық тұрғыдан талданғанына;
- қазіргі маманның қызмет ортасына дайындығының деңгейі;
- білім алушының интернет-технология көмегімен кәсіби-бағдарланған мәселелерді шешуге дайындық деңгейі. Студенттерді нақты бағдарламалық жабдықпен жұмыс жасауды үйретуде ең алдымен кәсіби жұмысында табысты пайдалану және әрмен қарай өзінше оқу мүмкіндіктерін пайдалануға негіз салу қажет.
Болашақ маманды дайындау міндетіне тек бағдарламалық жабдықтағы таңдалған операцияларды меңгеру ғана емес, сонымен бірге оған қажет болатын белгісіз операцияларды іздеу және игеру де кіреді.
Болашақ мамандар қажетті білім негіздерін игеруі керек және интернет-технологияны пайдаланудың жеке тәжірибесін жинақтау керек, оларды кәсіби жұмысында пайдалану үшін сәйкес дайындықта болуы керек.
В.В.Алейников интернет-технологияны оқытуда пайдалану екі есе тиімділік береді дейді: бір жағынан ұйымдастырушылық және әдістемелік қызметтерді өзгертуге ықпал етеді, ал, екінші жағынан студенттерде заманауи компьютерлік техниканың жетістіктерін пайдалану дағдылары қалыптасады.
Интернет-технологияның дидактикалық қасиеттері мен ұстанымдарынан Интернет-технологияны жоғары кәсіби білім беруде тиімді қолдануының дидактикалық шарттарын ерекшелеуге болады. Олар:
-
білім алушылардың кәсіби тұрғыда орнығуын, уақытын бақылау және диагностикалау;
-
компьютерлік құралдарды кешенді қолдану;
-
танымдық іс-әрекеттің сапалы жүргізілуін ұйымдастыру;
-
оқытушылар мен студенттерді Интернет-технологияны қолдануға дайындау;
-
материалдық және оқу-әдістелік базаны құру;
-
оқытушылар мен білім алушыларда Интернет-технологияға деген оң пікірді қалыптастыру.
Интернет-технологиялар өзінің дидактикалық мүмкіндіктерімен оқыту жүйесінің барлық компоненттеріне (оқытудың мақсатына, мазмұнына, әдістері мен ұйымдастыру түрлеріне) әсер етуімен қатар, адамның интеллектуалдық, шығармашылық әлеуетін, аналитикалық, сыни ойлау қабілетін, оқу барысында түрліше ақпарат көздерімен өздігінше жұмыс істей алу қасиетін дамыту секілді күрделі педагогикалық міндеттерді шешуді де қамтамасыз етеді.
Интернет-технологиялардың компоненттеріне мыналарды жатқызуға болады:
-
оқытатын компьютерлік интернет-бағдарламалар (интернеттегі электрондық оқулықтар, тренажерлік, тестілік жүйелер);
-
мультимедиа технологиясының базасында құрылған оқыту жүйелері;
-
интеллектуалдық және эксперттік жүйелер;
-
тармақталған желілік мәліметтер қоймасы;
-
электрондық пошта, телеконференция секілді телекоммуникация құралдары;
-
электрондық кітапханалар.
Интернет-технологияны қолдануға деген педагогтің қызығушылығы басты шарт болып табылады. Бұл дегеніміз, Интернет-технологияның кейбір оқытудың педагогикалық міндеттерін тиімді шешуге көмектесетінін педагог түсіне білуі керек, (мысалы, оқытылатын материалдың маңыздылығын ашуда, тәжірибелік жұмыстың нәтижелерін айқындауда, оқу жұмысын басқаруда, оқу материалын қабылдау нәтижелерін тіркеуде). Сонымен қатар, шығармашылық емес сипаттағы педагогикалық жұмыстарды (мысалы, оқылатын бөлім бойынша бастапқы мәліметтерге түсіндірме беруді, тәжірибелік жұмыстарды тексеруді) автоматтандыру арқылы уақытты үнемдейді. Өтінішке орай, тәжірибеде кейбір жоғары оқу орындарында интернет-технологиялармен жұмыс жүйеленбеген, ал оқытушының шынайы еңбегі олардың жеке жұмыс жоспарында ескерілмейді.
Педагогтың жұмысын талдау негізінде тұлғалық-бағдарланған педагогикалық жағдайды құру бойынша біз тұлғалық дамыту, оқыту құралдары жүйесінде компьютерді қолдануға студенттер дайындығының спецификалық мазмұнын ерекшелеген едік. Бұл мазмұнның құрылымында бірнеше компоненттер анықталды. Бірінші компонент:
-
ақпараттық қоғамның жалпы бағдарынан;
-
компьютерлік технология мүмкіндіктерінен;
-
білімнің тұлғалық парадигмасы туралы және педагогикалық жағдайлардың тұлғалық-бағдарлық табиғаты туралы көріністерінен;
-
ақпараттық технологиялар мүмкіндіктері туралы ұғымдардан;
-
мамандарды даярлау үшін стандартта қаралған компьютерлік жүйелерді қолданудағы информатика бойынша базалық ұғымдардан;
-
білім алушының тұлғалық тәжірбиесін маңыздандыру үшін заманауи білім технологияларын пайдалану мүмкіндіктері туралы жағдайлардан тұрады.
Екінші компоненттің мазмұны компьютерді оқытуда қолдану тәжірбиесіне негізделген және оқытылатын пәннің ерекшілігін ескеріп компьютерді қолдану негіздерінен құралатын ұғымдар мен операциялар жүйесін қалыптастыруға негізделген.
Үшінші компонент мазмұнына стуенттерге адам жұмысының қуатты құралы ретіндегі компьютердің рөлін түсіндіретін оқу материалының қымбат әлеуеті мен оқыту әдістерін таңдауының шығармашылық тәжірибесі кіреді.
Төртінші компонент мазмұны компьютерді терең меңгеруге деген студенттің өзінің қатынасымен сипатталады. Ол болашақ маманның кәсіби мүмкіндіктерін және олардың даму әдістерін анықтайтындықтан компьютерлік технология көмегімен оқытудың тиімді жолдарын іздеуде белсенді тұлғалық орынды алудан, маманның тұлғалық дамуынан, жаңа ақпараттық мәдениеттің қалыптасуынан туындайды.
Интернет-технологиялар арқылы білім алушылардың белсенді ойлау әрекеті мен шығармашылық ойлау үдерісі дамумен қатар, олардың кәсіби шеберлігі мен ізденімпаздығы артады. Сондай-ақ, интернет-технологиялар білім алушылардың игерген білімін, кәсіби құзіретін практикалық іс-әрекеттерде шығармашылықпен пайдалануға жол ашады.
Интернет-технологияны қолданудың психофизиологиялық ерекшеліктері студенттердің кәсіби іс-әрекеттерді меңгеруін және соған байланысты жұмыс жасауын, олардың бірқатар кезеңдерден өтуін қадағалайды. Бұл кезеңдердің әр қайсысы болашақ маманның кәсіби біліктіліктің жаңа деңгейіне жетуімен белгіленеді, олардың бірі - кәсіби орнығуы, яғни, қызметтік міндеттерін өзінше орындау мүмкіндігі, нақты жұмыспен қамтылуы (қызметтік міндеттерді мерзімінде және сапалы орындау); екіншісі - кәсіби шеберлікке жету (жеке мүмкіндіктерді жүзеге асыратын шығармашылық қабілетті қалыптастыру).
Интернет-технологияның дамуының қазіргі жағдайында оқытудың комьютерлік құралдарының, компьютерлік оқыту бағдарламаларының және оларды қолдану технологиясының толық жетілмегеніне байланысты мәселелерді ескермеуге болмайды. Біз бұл жерде «Адам-машина» диалогын, оқытудың компьютерлік құралдарын пайдалану және оларға көмек беретін компьютерлік бағдарламалар туралы айтып отырмыз. Бұл, шығармашылық іс-қимылды және студенттер белсенділігінің өрісін тарылтады. Студенттердің монитор дисплейінде ұзақ уақыт жұмыс істеуі теріс физиологиялық салдарларға әкеліп соқтырады (қабылдау функциялары, ақпаратты өңдеуі, назар аудару концентрациясы төмендейдейді, көзі шаршайды). Жоғары оқу орындарында бұл мәселелерді зерттеуде студенттердің 58%-ы компьютерде жұмыс жасау барысында психологиялық қиналыста болған, оларды тарқатып айтатын болсақ:
-
компьютерде жұмыс жасай білуінің төмендігінен қиналғандары 35%-ды;
-
сабақта қойылған мәселенің шешімін табуда уақыт тапшылығын сезінгендері 12%-ды;
-
ақпараттың алуандығынан, көптігінен қиналғандары 1%-ды;
-
керісінше қажетті ақпараттың жетіспеуінен қиналғандары 6%-ды;
-
ақпараттың бір мәнді берілуі, қозғалыстың қайталануы кері әсер еткендердің саны 2%-ды;
-
басқа да себептермен қиналғандары 2%-ды құраған.
Бұл айтылғандардан қорытындылайтынымыз: оқыту үдерісінде интернет-технологияларды пайдалануда барлық теріс факторлорға барынша назар аудару қажет. Бұл мақсатта жоғары оқу орындарында оқу үдерісін компьютерлендіру мәселелерін шешу үшін акмеологиялық-педагогикалық қатынастар міндетті түрде жүзеге асуы керек. Бұл толыққанды және белсенді мамандарды даярлаудың кәсіби жүйесіндегі білім беруді ақпараттандыру жағдайында білім алушының кәсіби орнығуына көмек береді.
Өз білімін үнемі толықтыру қажеттілігінің дәрежесі әр адамда әр түрлі. Студенттерде көбінесе дербес мәселелерді шешумен байланысты прагматикалық мотивтер бірінші орында тұрады. Бұл жағдайда, әсіресе, Интернет-технологияны қолдануда оқу жұмысына ынталандыру, оқуға деген оң көзқарасты тұрақтандыру, жұмыстың ыңғайлы тәртібін құру бойынша арнайы өлшемдерді алмастыру басты орында болып саналады. Бұл кезде білім оқушыларды өзінше оқуға тартуды, құбылыстар мен үрдістерді талдау және жинақтау мүмкіндіктерін күшейту керек.
Осы жүргізілген зерттеулер Интернет-технологияны қолдану жағдайында оқытудың компьютерлік құралдары тұлғаның іс-әрекетінің ішкі мақсатқа сай болуының қажетті алғышарттарын құру құралы болып табылатындығын көрсетеді. Бұл жерде айтылып отырған алғышарттардың бірі: білім беру мазмұнына білім алушылардың мінезінің және логикалық ерекшеліктерінің, олардың ойлау стилінің сай болуы. Бұл жағдайда студенттер сыртқы факторларға тәуелсіз болады.
Интернет-технологияларды қолдануда оқу мотивациясын қалыптастырудың басты мәні танымдық әрекет үрдісін басқару мүмкіндігі болып табылады. Әрбір студент компьютерден тек ақпаратты ғана алмайды, сонымен бірге, бақылаудың алдын алып, оның маңызды бөлігін іздейді. Бұл жағдайда, студент әрбір сұраққа жауапты іздеу кезінде еріксіз есте сақтау элементтерін іске қосады, микромәселелік жағдайды құрайды.
Интернет-технологияларды қолдануда ең үлкен құндылық, зерттеулерге сәйкес барлық зейінді қамту мүмкіндігінің болуы. Интернет-технологияларды қолдану бойынша жұмыс жасау білім алушыға белсенділік береді, ол соншалықты қызығушылық танытады, уақытты да ескермей өз жұмысын аяқтайды.
Бұл жағымды психологиялық жағдайды туындатады және білім алушылардың компьютермен жұмыс жасау барысында оқу материалына тұрақты көңілін аудартады. Ақпаратты тұтынушының қабылдау ерекшеліктерін ескеріп ұсыну студенттің көңіл күйіне оң әсерін тигізеді.
Зерттеу барысында өткізілген эксперимент білім беруде Интернет-технологияларды қолдану жағдайында студенттерде мотивацияның дербес түрлері көрініс беретінін дәлелдеді, «бетперделік» мотивтерден шынайы тұлғалық мотивтерге ауысу орындалатындығына көз жеткізді. Интернет-технологияларды қолданып оқыту студенттерде оқуға деген оң қатынасты қалыптастырады, ішкі мотивацияны дамыту үшін өзіне деген сенімді нығайтады, өзін-өзі бағалауда объективтілікті, тәртіптік пен интеллектуалды белсенділікті, өзін түсіну сезімін жоғарылатады, сонымен қатар, жалпы оқудағы тиімділікті жоғарылатады.
Бұл айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады: білім алушылардың танымдық іс-әрекетін белсенді етуге негізделген Интернет-технологиялар тек студенттердің психофизиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін қатаң ескеру жағдайында ғана тиімді бола алады.
Зерттеу көрсеткендей, студенттерді кәсіби дайындау үдерісінде Интернет-технологиялардың бірнеше түрлерін қолдануға болады. Оларды басқаша Интернет желісінің сервистері деп те атайды. Әрбір сервистің өзіндік ерекшелігі бар және оны басқаларынан бөлек қарауға болмайды. Сондықтан да, оларды қандай да бір жіктемеге қосарлап, бекітіп қою мүмкін емес. Дегенмен де, Интернет сервистерін кейінге қалдырылған (off-line), тура қатынасты (on-line), интерактивті сервистері деп бөлуге болады.
Кейінгі қалдырылған сервисінің компьютер ресурстары мен байланыс желілеріне талаптары көп емес және ол әмбебап болып саналады. Тура қатынасты сервистерде ақпарат сұраныс бойынша жылдам қайтарылады. Бірақ ақпарат алушыдан жылдам реакция талап етілмейді. Алынған ақпаратқа жылдам реакцияны талап ететін сервистер интерактивті болып табылады.
Сонымен бірге, кейбір зерттеушілер, сервистердің инфрақұрылымдық түрін атап көрсетеді. Ол операциялық жүйенің бөлігі ретінде берілетін бағдарламалық құралдарға негізделген. Интернет желісінің сервистерінің жіктемесі 1-кестеде берілген.
Кесте 1. - Интернет сервистерінің жіктемесі
Тура қатынас
(on-line) сервис
|
Кейінгі қалдырылған
(off-line) сервис
|
Интерактивті сервис
|
Инфрақұрылымдық сервис
|
WWW,
Archie
Gopher,
Hуper-G,
WAIS
|
E-Mail,
Usenet,
Mail lists
|
IRC,
MUD,
MOO
|
FTP,
Telnet,
Finger, т.б
|
Интернет-техналогия арқылы болашақ мамандарды кәсіби даярлау оқыту үдерісінің бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етілуімен үздіксіз байланыста.
Бағдарламалық-техникалық құралдар көмегімен құрылымданған оқу сабағының Интернет-технологияларды пайдалану негізіндегі дидактикалық құрылымы берілетін оқу ақпаратының логикалық ретін, оқытушы мен студенттің әрекеттерінің түрін анықтайды, бұл дегеніміз, танымдық әрекетті басқару мен өзін-өзі басқарудың үйлесімділікте болатындығын көрсетеді.
Оқытудың бағдарламалық-техникалық құралдарының дидактикалық ерекшеліктері:
-
нақты дидактикалық бағытта болуы және оқыту үдерісінің жоспарланған кезеңіне сәйкес келуі керек;
-
оқу материалының ғылыми деңгейімен және оның логикалық құрылымымен сәйкес болуы қажет;
-
оқу материалының құрылымдық элементтері арасында ғылыми және әдістемелік байланысты қамтамасыз етуі керек;
-
білімнің сабақтастығын ескеруі қажет;
-
білімнің, ғылымның үнемі дамып отыратындығын ескеруі керек;
-
сабақтың білімдік, тәрбиелік және дамытатын міндеттер кешенін шешу үшін жағдайлар туындатуы тиіс;
-
білім алушылардың танымдық әрекетін дамытуды қамтамасыз етуі қажет;
-
білім алушылардың дайындық деңгейін ескеруі керек.
Интернет желісінде жұмыс жасауға арналған бағдарламалық жабдықтар жеткілікті. Солардың бірі – браузерлер. Браузерлер гипермәтіндерді қарап шығу бағдарламалары ғана емес, олар FTP файлдарды жүктеу құралдары да болып табылады. Браузерлердің екі негізгі функциясы бар, олар: Web-беттерді қарап шығу және оның мазмұнын (HTML-құжаттарды) өңдеу. HTML-құжаттарын қарап шығатын көптеген бағдарламалар бар: Mosaic, Cello, Global Network Navigator, Opera және т.б. Бірақ танымал, әрі көп қолданылатын браузерлер: Microsoft Internet Explorer және Netscape Communicator.
Браузерлермен қатар, Интернет жұмысын үйлестіретін World Wide Web технологиясының да орны ерекше.
Қазіргі кезде білім беруде Интернет-технологияны қолданумен байланысты пәндерге жасалған бірнеше оқу жоспарларын атап өтуге болады Біз өз зерттеуіміз бойынша «Интернетте жұмыс істеу негіздері» пәнінен оқу жоспарын қарастырдық. Мұнда пәнге жалпы көлемі 2 кредит қарастырылды (30 сағат дәрісханалық жұмыс және 16 сағат студенттің оқытушымен өзіндік жұмысы, 44 сағат студенттің өзіндік жұмысы). 30 сағат дәрісханалық жұмыстың 15 сағаты лекцияға, 15 сағаты зертханалық сабаққа жоспарланды.
Қойылған міндеттерге жетудің дидактикалық құралдарының бірі ретінде танымал мультимедиалық бағдарлама «Teach Pro Internet» қолданылды. Ол бүкіләлемдік Интернет желісінде жұмыс жасауға арналған кең тараған нұсқаушы бағдарлама болып табылады.
«Интернеттте жұмыс істеу негіздері» курсын оқытудың қорытынды кезеңінде студенттерге алған білімдері мен дағдыларын қолдануға мүмкіндік беретін Интернет желісінде тәжірибе қарастырылған.
Тәжірибелік жұмыстарды жүргізу үшін бастапқы материалдар информатика мамандығы студенттерінің даярлығын бақылау үшін дайындалды. Сонымен бірге «Интернетте жұмыс істеу негіздері» курсынан алған өзіндік педагогикалық тәжірибе пайдаланылды.
Эмпирикалық мәліметтер параллель жинақталды, Интернет-технологиялардың педагогикалық мүмкіндіктерін пайдаланып болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру жолдарына қатысты жұмыс болжамы қалыптасты. Келешектегі кәсіби жұмыстарына болашақ мамандардың дайындық күйін зерттеу осы жұмысқа қатысқан студенттердің дайындық деңгейін анықтады.
Бұл диссертациялық зерттеуде эксперименттік топ ретінде Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің информатика мамандығының үшінші, төртінші курстарда оқитын студенттері таңдалды. Бақылау тобы ретінде аталған оқу орнының математика мамандығының студенттері қарастырылды. Экспериментке 47 студент қатысты, олардың 28-і эксперименттік топтан (60%) және 19-ы бақылау тобынан (40%).
Зерттеу барысында компьютерлік жаңалықтарға қарым-қатынасына тәуелді студенттер тобын ерекшелеуге талпыныс жасалды. Инновациялық бағдарды қалыптастыру деңгейі бойынша студенттердің үш тобы шығарылды: жоғары, орташа және төмен деңгейлері.
Жоғары деңгей. Студенттер қазіргі заман талабына сай кәсіби іс-әрекеттегі Интернет-технологиялардың мәнін және мүмкіндіктерін ұғынды. Олар Интернет-технологияларды қолданумен жүргізілетін курстарға терең және тұрақты қызығушылық білдірді, жаңа ақпараттық технологияны қолдану аумағында жаңа құзіреттіліктерге ие болуға ұмтылды. Мұнда инновациялық әдістерді қолдану мұқтаждығы қажетті норма болып есептелді.
Орташа деңгей. Бұл топтың студентері Интернет желісіне аса қызығушылық танытпайды, бірақ, оқу-тәрбие үдерісінде Интернет-технологияларды қолданудың мәнін түсінеді.
Студенттер оқытушының шығармашылық сипаттағы еңбегін сезінеді, бірақ өздерінің педагогикалық жұмыстарында стандартты емес, әлемдік желіні пайдалану арқылы оқу-тәрбиелік мәселелерді шешуде дәстүрден тыс әдістерді қолдануға асықпайды.
Төменгі деңгей. Студенттер Интернет желісімен оқытуға қызығушылық танытпайды және өзінің кәсіби іс-әрекетінде оның қаншалықты қажет екенін түсінбейді.
Студенттердің бұл тобында Интернет-технологияларды қолдану мен зерттеу мұқтаждығы тіптен жоқ немесе тек қатты қажет болған жағдайда ғана туындайды.
Сонымен, тәжірибе барысында студенттік ортада Интернет-технологияларды пайдалану мен үйренуге әртүрлі қызығушылық қарым-қатынас орнатылды.
Көрсеткіш ретінде, бұл зерттеуді жан-жақты сипаттау үшін И.П.Подласыйдің жіктемесі қолданылды. Ол жіктеме мыналардан тұрады: компьютерлік верификация, электрондық модельдеу, эксперттік бағалау, факторлік және корреляциялық талдау және т.б. Бұл жіктеме білім алушы мамандарды кәсіби даярлау үшін оқыту үдерісінде Интернет-технологияларды қолданудың тиімділігін анықтауда ерекше мәнге ие.
Тәжірибелік жұмыстардың келесі кезеңінде зерттеу логикасына сәйкес шарттар кешенінің Интернет-технологияларды қолдануға студенттердің дайындық деңгейіне әсерінің дәрежесі анықталды.
Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың қорытынды кезеңінде біз: эксперименттің нәтижелерін өңдеуді, теориялық және эксперименталдық қорытындыны нақтылауды, эксперименттік бақылауды орындадық.
Эксперимент соңында Интернет-технологияларды қолданудың төменгі деңгейіне тиесілі студенттер саны азайды. Эксперименттік топтағы Интернет-технологияларды пайдалану дайындығының төменгі деңгейінен зерттеу және танымдық деңгейдегі студенттер саны көбейді. Атап айтқанда, эксперименттік топтағы студенттердің төменгі деңгейдегі көрсеткіші 46,5%-тен 13,8%-ге азайса, жоғары деңгейдегі көрсеткіші 10,8%-ден 30%-ға жоғарылады. Ал, бақылау тобындағы студенттердің төменгі деңгейдегі көрсеткіші 44,1%-ден 36,6%-ға ғана азайса, жоғары деңгейдегі көрсеткіші 12%-дан 14,7%-ға ғана жоғарылады.
Жүргізілген тәжірибелі-эксперименттік жұмыстар нәтижелері салыстырмалы түрде 2-кестеде және соған сәйкес диаграммада берілген.
Кесте 2. - тәжірибелі-эксперименттік зерттеу нәтижелерінің салыстырмалы көрсеткіші (%).
№
|
Топтар
|
Студенттер саны
|
Білім деңгейлері
|
Эксперимент-ке дейін
|
Эксперимент-тен кейін
|
1
|
Эксперименттік топ
|
28 (60%)
|
Төмен
|
46,5%
|
13,8%
|
Орта
|
42,7%
|
56,2%
|
Жоғары
|
10,8%
|
30%
|
2
|
Бақылау тобы
|
19 (40%)
|
Төмен
|
44,1%
|
36,6%
|
Орта
|
43,9%
|
48,7%
|
Жоғары
|
12%
|
14,7%
|
Интернет-технологияларды қолдануда болашақ білім алушылардың даярлығын табысты функционалдық және дамытудың педагогикалық шарттар кешенін эксперименталды зерттеу бірнеше кезеңде өтті. Зерттеу эксперименті барысында болашақ білім алушылардың инновациялық бағытын құрайтын шарттар, Интернет-технологияларды қолдану аумағында кәсіби-педагогикалық білім мен құзіреттіліктерді шығармашылық түрде меңгеруді қамтитын шарттар негізге алынды.
Бұл кезеңде алынған эксперименталды мәліметтер студенттерді педагогикалық шарттар кешені шеңберінде оқыту оқу-тәрбиелік үдерісінде Интернет-технологияларды қолданып студенттердің дайындық деңгейін көтеруге мүмкіндік беретіндігін көрсетті.
Жасалған жұмысты талдау нәтижелері Интернет-технологияларды педагогикалық шарттар кешені шеңберіндегі танымдық құрал ретінде пайдалану білім алушы студенттерді тиімді даярлауға көмектесетінін көрсетті, ол Интернет-технологияларға негізделген оқу-тәрбиелік үдеріске жаңа амалдарды өңдеу, қолдану және зерттеу бойынша белсенді және ойлы әрекеттерді сипаттайтын дайындықтың инновациялық бағытын қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |