Vі. Қазақ хандығының құрылуы және дамуы


Қазақстанның Ресей қоластына өтуі және оның себеп-салдары



бет33/46
Дата20.09.2022
өлшемі154.27 Kb.
#461046
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   46
МЕМЛЕКЕТ ҚҰҚЫҚ ТАРИХЫ

Қазақстанның Ресей қоластына өтуі және оның себеп-салдары. Басы бiрiкпеген үш жүз хандарының арасындағы қайшылық олардың әрқайсысы бiр орталыққа бағынған билiкке қол жеткiзуге өзiнше жол iздеуге мәжбүр еттi. 1730 жылы Болат хан қайтыс болған кезде Кiшi жүздiң ханы Әбiлқайырдың “бүкiлқазақтың ханы боламын” деген мақсаты орындалмағаннан соң, iргелес Ресейге арқа сүйеп өз позициясын нығайтпақшы болды. Сөйтiп, ол Уфаға елшiлiк жiберiп, өзiнiң Кiшi жүз хандығын Ресейдiң қол астына алуын өтiнiш етедi. Ал 1731 жылы 19 ақпанда патша Анна Иоановна Кiшi жүздiң Ресейдiң қол астына кiргенi туралы грамотаға қол қояды.
1731 жылы 10 қазанда Кiшi жүз қазақтары Ресей құрамына қосылғаны жөнiндегi құжатқа қол қояды.
1731 жылы 19-желтоқсанда Орта жүздiң ханы Сәмекенiң басшылығымен бiрнеше рулар Ресей құрамына енедi, ал 1740 жылы 28-тамызда хан ретiнде Әбiлмәмбет, сұлтан ретiнде Абылай Орта жүздiң Ресей құрамына енгендiгi жөнiндегi құжатқа қол қояды.
Қазақстанның Ресей қол астына кiруi бiртұтас жүйелi түрде жүргiзiлген жоқ едi. Сондықтан да Қазақ даласындағы сұлтандар мен билер арасындағы қайшылық өршiмесе басыла қойған жоқ. Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы ғылыми-тарихи әдебиеттерде әртүрлi көзқарастар қалыптасты. Мысалы, 1943 жылғы “История Казахской ССР” атты еңбекте «Қазақтардың Ресей қол астына өтуi қазақ атқамiнерлерiнiң бiр тобының патша өкiметi мен ауыз жаласуының қорытындысы болды. Қол астына кiру халық бұқарасының еркiнен тыс қабылданды”,- деп жазылып, сол кездегi тарихи-қоғамдық көзқарастың алуан түрлi екендiгiн байқатты.
Ресей мен үш жүз хандарының арасындағы келiсiм Қазақ хандығының тұтастығына нұқсан келтiрiп, оның құқықтық халықаралық қатынастағы беделiн жоққа шығарды. Ресей өзiнiң қол астына кiрген хандарды сыртқы жаулардан және ресейлiктердiң оларға жөн-жосықсыз шабуыл жасауларына жол бермеуге мiндеттеме алды. Cоған қарамай Қазақ хандығы мен Ресей арасындағы келiсiм құқықтық жағынан заңсыз деуге келетiн дәрежеде едi. Келiсiм жасаған екi жақ та өз жоспарларын iштей де, сырттай да өздерiнше түсiндiрдi. Қазақ билеушiлерi Ресеймен әскери және саяси келiсiмдi егемендiк шеңберiнде жасадық деп ойлады. Сонымен бiрге бұл келiсiм-шартты кез келген жағдайда бұзамыз деп те ойлаған болатын. Сондықтан да Әбiлқайыр 1737-1738 жылдардағы Ресейге қарсы Башқұрт көтерiлiсiн қолдаса, ал 1740 жылы Хиуа ханы атанып, 40-шы жылдары Жоңғарлармен одақтасуға тырысты. Барлық қазақ билеушiлерi Қазақстан аймағында Ресей әкiмшiлiгiн мойындамайтын. Ал, орыс билеушiлерi Қазақстан территориясын жайлаған барлық жұртшылықты өз бодауындағы ел санап, онда билiктi бiз жүргiзуiмiз керек деп есептейтiн. Соған қарамай ХVIII ғасырдың 30-жылдары Қазақстанның бiраз территориясы Ресей билiгiне көштi. Сонда да Қазақ хандығы өзiнше егемендi мемлекет қалпында Ресеймен байланысты сыртқы iстер коллегиясы арқылы жүргiздi. Ресей қазақ даласында өзiнiң әскери-саяси экспансиясын тынымсыз жүргiзiп отырды. Соның себебiнен орыс-қазақ шекараларында қақтығыстар жиi болып тұрды. Сондай-ақ, Ресей тарапынан протектораттық-вассалдық қатынас отаршылдық саясатпен ұштасып, қазақтар өз жерлерiне деген билiктен бiртiндеп ығыстырылып жатты. Вассалдық қарым-қатынас қалыптасқан жағдайда тәуелдi мемлекет халықаралық құқық субъектiсi болудан қалады. Өзi бағынышты болған мемлекетке алым төлеп қана қоймайаманат та бередi. Мiне, осындай жағдай Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасты. Патша өкiметiнiң ә деген кезде-ақ Қазақ жерлерiн отарлауға кiрiскен саясаты iске асып, ХVIII ғасырдың 50-шi жылдарында Каспий теңiзiнен бастап Ертiске дейiнгi аралықта бiрнеше қамалдардан тұратын әскери бекiнiстер салынып, қазақ жерi тарыла бастады. Жайық, Тобыл, Елек, Есiл, Ертiс өзендерiнiң бойындағы жақсы мал жайылымдары казак әскерлерiнiң қолына көштi. Сөйтiп, 1756 жылы патша рескриптi, 1755 жылы сыртқы iстер коллегиясының Жарлығымен аталған жерлердегi жайылымдарда қазақтар мал жаймайтындай дәрежеге жеттi. Сондықтан да қазақ халқы Патша өкiметiнiң отарлау саясатының қазақ даласында кең етек жайып бара жатқанын байқап, көптеген көтерiлiстер жасады. Солардың алғашқысы 1783-1797 жылдардағы Сырым Датұлы бастаған көтерiлiс едi. Патша өкiметi бұл көтерiлiстi аяусыз басып, Кiшi жүзде хандық билiктi жоймақшы болды. “Игельстром реформасы” деген атпен енген Орынбор генерал-губернаторы Игельстромның iс-әрекетi Сырым Датұлы бастаған көтерiлiстi Патшалық Ресей мүддесiне пайдалану едi. Нұралы хан Кiшi жүзден қашып кеткен соң Игельстром хан сайлауға рұқсат етпей, елдi сайлау құқығынан айырды. Сөйтiп, бұл шара сұлтандар арасындағы қайшылықты қайта күшейте түстi. Аталған реформа Кiшi жүздi тайпалық құрамына қарай үшке бөлiп тастауды ұсынған болатын. Әр бөлiктi басқару үшiн расправолар құру көзделдi. Ол Орынборда 1786 жылы құрылған шекаралық сотқа бағынуы тиiс болатын. Реформа бойынша билiк ру басшылары саналатын старшындарға өткенiне қарамай расправолар мен шекаралық сот қалыпты жұмыс iстей алмады. Соның салдарынан II Екатерина патша хан сайлауын қайта қалпына келтiруге келiсiм берiп, Патша өкiметiнiң Кiшi жүзде хандық билiктi жою туралы алғашқы адымы iске аспай қалды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет