Ілеспе аударма –бастапқы мәтінді тыңдап қабылдай отырып, ілесе, қосарласа, бір мезгілде аудару. Аударудың бұл түрі түпнұсқа мәтіннің айтылуымен қатар жүріп отырады. Арнаулы кабинеттерде ілеспе аударма түпнұсқаның мәтінін сөйлеушіге (мәтіннің авторына) ілесе отырып оқу арқылы, кей жағдайда сөйлеушінің ауызша баяндалған сөзін алдын ала дайындықсыз тікелей аудару арқылы жүзеге асырылады.
Ғалым Ә.Тарақов ілеспе аударманың күрделілігін танытатын төмендегідей белгілерді атап өтеді:
а) бір мезгілде тыңдап әрі сөйлеу қажеттілігіне байланысты туындаған психофизиологиялық дискомфорт;
ә) баяндамашы не жарыссөзге шығушының микрофондағы сөзінің қайталанбауына қатысты психикалық кедергі. Өйткені баяндамашыны тоқтатуға, болмаса түсінбеген, не қалып қалған сөзін қайталап сұрауға болмайтындығы;
б) аударманың қайталанбауына және үлкен аудитория тыңдаушыларына байланысты психикалық кедергі. Аудармада қателескенді қайта түзеуге болмайтындығы әрі кешірім сұрауға келмейтіндігі;
в) сөз сөйлеудің жылдамдығына байланысты психофизиологиялық кедергі.
Ізбе-із аударма ─ мәтін тыңдалып болғаннан кейін жасалатын ауызша аударманың түрі. Ізбе-із аударманы шартты түрде екіге бөлуге болады. Олар: парақтан аудару және абзацты-фразалы аударма. Ауызша аударманың бұл түрі жауапты келіссөздер, саяси, экономикалық-қаржылық, құқықтық және басқа да мәселелер төңірегіндегі ресми кездесулер кезінде, пресс-конференцияларда, семинарлар мен дөңгелек үстелдер кезінде жүзеге асады.
2) Жазбаша аударма – жазбаша түрде жасалатын тәржіме түрі; қағазға түсірілген жазбаша мәтінді екінші тілге жазбаша түрде аудару және бұдан алынған нәтиже. Барлық хат-хабар, ресми құжаттар, ғылыми және көркем шығармалар жазбаша аударылады. Түпнұсқа мәтін алдын ала танысу, көру, ойлау, пайымдау, талдау, зерттеу, сөздіктерді, басқа да лингвистикалық және лингвоелтанымдық, когнитивтік мағлұматтарды беретін анықтамалықтарға иек арту арқылы екінші тілге жазбаша түрде түсіріледі. Түпнұсқаның түрі мен мәніне қарай аударманың да қолданылатын әр алуан амал-тәсілдері бар. Мысалы, ресми құжаттарды аударғанда, түпнұсқаны қаз-қалпында бұлжытпай толық жеткізу көзделсе, ғылыми және техникалық шығармаларды аударғанда, белгілі салалардың терминологиялық ұғымдарын дұрыс беру көзделеді.
Жазбаша аударма өз ішінде екі түрге бөлінеді:
1) Көркем аударма - көркем әдебиет шығармаларын, яғни негізгі қызметі оқырманға көркемдік-эстетикалық әсер ету болып табылатын мәтіндерді аудару. Бұл процестің өтуі барысында аудармашының мүмкіндігі шексіз; ол екінші тілде жасалған мәтінді өңдеп, реттей алады. Әдеби немесе көркем аударма дегеніміз – бір тілде жазылған әдеби туындыны екінші тілдің құралдары көмегімен оқырмандарға жеткізу және түпнұсқасының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін мейлінше нақты сақтап көрсету. Бұл жерде аудармадағы ең қиын нәрсе – лингвистикалық ерекшелігі емес, ол түпнұсқасының көркемдік жағын дұрыс жеткізу, яғни аудармашы туындының образдық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білуі. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процестегі алатын орны үлкен .
Жақсы аударылған көркем аударма – сол тілдегі төл шығармалармен бірге өсіп, жымы білінбей біте қайнап сабақтасып кетеді. Ел мен елді таныстырады, жақындастырады, ұлттық мәдениетті байытады. Мұнда автор мен аудармашы өнер жарысына түседі, тіл мен тіл жарысқа түседі. Бұл ел мен елдің өнер жарысы. Демек, аударма шығармалар ұлттың ұлылығын, елінің елдігін дәлелдеудің бір жолы .
Ғалым А.Алдашева көркем аударманың төмендегідей айырым-белгілерін ұсынады:
а) көркем аударма – ойлаудың образдылық типінің жемісі; демек, мұнда индивидуалдық даралық, шығармашылық ізденіс бар; бірақ
ә) ізденістің шеңберіне шек қойылады, өйткені аудармашының алдында жатқан мазмұны-құрылымы дайын мәтін шығармашылық еркіндікке жібермейді;
б) көркем аударма да төл әдебиет сияқты эстетикалық қызмет атқаруы керек;
в) көркем аударма да төл әдебиет сияқты тұшымды, кедір-бұдырсыз оқылуы қажет;
г) сондықтан аудармада қазақ тілінің табиғи күйі, сөз қолдану, емлелік нормалары сақталуы тиіс .
2) Ақпараттық аударма – қандай да болмасын ақпаратты, мәліметтерді беру болып табылады. Ақпараттық аударманың өзі өз ішінде мынадай түрлерге жіктеледі:
- ғылыми-техникалық аудармаға ғылыми мақалалар, монография, техникалық сипаттама жатады. Әр саланың өзіндік қолданылатын қалыпты стилі, термині, мәтіндік құрылымы болады. Бұл саладағы шығармаларды аударуға сөздік те аздық етеді, кәсіби маман біліміне, тәжірибесіне де сүйенген дұрыс. Ғылыми мәтіндер қатаң морфологиялық және синтаксистік құрылымға ие, сөздің бірыңғай орамдары, біркелкі стиль қалыптасқан. Ғылыми-техникалық еңбектерді аудару көп салалы білімді қажет ететіндіктен, бұған білікті кәсіби маман ретінде бейімделген жөн .
- ресми-іскери аударма. Ресми-іскери стильдің қарапайым үлгілерінен (өтініш, арыз, мінездеме және т.б.) бастап күрделі түрлеріне (жарғы, жарлық, ереже, келісім және т.б.) дейін қазақ тілінде көрініс тапты және олар түгелдей дерлік аударма процесі арқылы жүзеге асырылады.
- газеттік-ақпараттық аударма – жаңа мәліметтерді, тың деректерді, тосын оқиғаны оқырмандарға жеткізу. Мұндай мәтіндер әр алуан сипатта: қысқаша ақпараттық хабарлар, ресми хабарлар, мақалалар, шағын және кең көлемді сұхбаттар, тақырыптық әрі белгілі бір мәселеге қатысты мақалалар, хабарландыру, репортаж т.б. түрде беріледі. Алайда газет-журналдың қалыптасқан өзіндік бірыңғай, дербес стилі болады. Спорт газеттерінде спорттық стиль қалыптасқан сөз қолдану үлгісі болса, мәдениет баспасөзі эстетикалық, өнер ғылымы мәтіндеріне негізделеді. Әр саладағы баспасөздің өзіндік мақсат-мүддесі, идеологиялық нысаны, тақырыптық бағыт-бағдары қалыптасады. Газеттік-ақпараттық аударма өз ішінде екіге бөлінеді:
а) Газет мәтіндерін аудару. Түпнұсқаға деген дәлдік тұжырымын қатаң сабақтастыру негізінде жүргізіледі. Бұл көбінесе ресми ақпараттық хабарлар, саяси келісімдер, қаулы, жарғылар, қысқасы үкіметтік маңызды құжаттарда қатаң сақталынады.
ә) Публицистиканы аудару – қоғамдық өмірдің өзекті мәселелері мен құбылыстарына арналады. Публицистикалық мәтіндер оқиғалық, ақпараттық, сыншылдық-талдамалық, саяси пікірталастық болып келеді. Ғылыми-ақпараттық мәтіні процесті, шындық құбылысын сипаттайды, түсіндіреді, талдайды, алдын ала пайымдайды, шындықты теориялық тұрғыдан дәлелдейді.
- тұрмыстық аударма ─ тұрмыстық немесе іскери ауызекі сөйлеу тақырыптарына тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынастың диалогтік формасы жағдайында туындайды. Мұндай жағдайларда негізінен қандай да бір мақсатқа қол жеткізуге арналған өзара қарым-қатынасқа бағыттылған ауызша мәтіндер жасалады .
Жазбаша аударма процесіндегі ең басты құрал – сөздік. Қазіргі «ақпараттар легі» ғасырында аудармашының жұмысын сөздіктерсіз елестету мүмкін емес. Сонымен қатар, аудармашы арнайы терминдерді жылдам табуы үшін, алдымен, ақпараттың қандай дереккөздері бар екенін және оларды қандай ретпен әрі қалай пайдалану керектігін білуі қажет.
Ақпараттың барлық дереккөздерін екіге бөлуге болады:
1) Жалпы дереккөздерге жалпы қолданысқа арналған сөздіктер мен энциклопедиялар жатады.
2) Арнайыдереккөздерге– арнайы сөздіктер, арнайы энциклопедиялар, анықтамалықтар және ғылым мен техниканың әртүрлі салаларына арналған арнайы әдебиеттер жатады .
Зерттеуші-ғалым А.Қ. Жұмабекова «Аударматанудың негіздері» атты кітабында аудармашылық қызмет субъектісінің сипаты мен оның аударылып отырған мәтін авторына қарым-қатынасы бойынша ажыратылатын аудармалардың мынадай түрлерін келтіреді:
1. Дәстүрлі (қолжазбалы) аударма – адам жасайтын аударма. Дәстүрлі аударманың келесі түрлері ажыратылады:
а) Авторлық емес аударма (немесе жай аударма) – түпнұсқа мәтінінің авторы болып табылмайтын аудармашының тәржімесі.
ә) Авторлық аударма (немесе автоаударма) – түпнұсқа мәтіні авторының өзі жасаған аудармасы.
б) Автор мақұлдаған аударма– автор талқылауынан өткен түпнұсқа мәтінінің аудармасы.
2. Машиналық (автоматты) аударма – арнайы бағдарлама бойынша компьютер жасаған аударма. Машиналық аударма негізгі үш жағдаяттарда сәтті қолданылуда : Біріншіден, бағдарлама лексикалық және грамматикалық құрылымы шектеулі, стандартты, тар шеңберде мамандандырылған мәтіндерді аудару үшін құрастырылады. Екіншіден, машина арқылы түпнұсқаның жалпы мазмұны жайлы түсінік беретін көп көлемді аударманы алуға болады. Үшіншіден, жұмысқа редактор кіріседі. Ол мәтінді аударуға дайындайды, яғни машина үшін қиын сөздерін алып тастап немесе басқаша жазып қайта редакциялайды немесе аударылған мәтіндегі қателер мен дәлсіздіктерді түзетеді .
3. Аралас аударма – мәтіннің дәстүрлі (немесе машиналық) өңдеуінің едәуір үлесін пайдалану арқылы жасалған аударма.
Аудармаға қойылатын басты талап – автордың стилистикалық өзіндігін сақтау, яғни адамдардың келбет-бітімі, жүріс-тұрысы бір-біріне қандай ұқсамаса, олардың сөз саптау машығы да бір-біріне сондай ұқсамайды, ендеше сол ерекшелікті айыра білу керек.
«Классtime» газетінің 15 ақпандағы №3 санында шыққан Жолымбет Мәкішев «Тұрпайы аудармалар шаршатып жіберді» деген мақаласында: «Өкінішке орай біздегі аудармашылардың көбісі осы салада баяғыдан бері келе жатқан «аудармашының міндеті аудару емес, қазақша сөйлету» деген қарапайым қағиданы біле бермейді. Сенің еңбегіңді жұрт аударма емес, түпнұсқаның өзі екен деп қабылдауы қажет емес пе? Бұған қабілеті жетпегендерді тәржімаға жақындатпаған жөн. Ал бұл салада білдей маман атанып жүргендердің көбісі «аудармашының міндеті қандай?» деген сұраққа «аудару» деп қарабайыр жауап қайтаратынына сенімдімін. Мұндай тұрпайы түсінікпен біз қазақ тілін өрге бастырмаймыз. Онсыз да қазақ тілі қазір шала сауатты «мамандардың» кесірінен аударма тіліне айналып кетті. Тіпті жай ғана аударма тілі емес, «түсініксіз тәржіманың» тіліне айналды» деп қазіргі аудармалардың сын көтермейтіндігін қинала жазғанын көз көрді.
Сөз түйінін М.В. Ломоносовтың мына сөзімен қорытындылағым келеді: «Егер белгілі бір ойды өз ана тілімізде дәл бере алмасақ, мұны тіліміздің оралымсыздығынан көрмей, өзіміздің дәрменсіздігімізден көруіміз қажет».
1.2.Аудармашылық трансформациялар – аударма процесінің негізі
Негізгі беріліп отырған мәтіннің ақпараттарын аудару, негізгі мазмұнын жеткізу үшін қолданылатын өзгертулерді аудармашылық (тіларалық) трансформациялар деп аталады.
Аудармашылық трансформациялар немесе аудармашылық өзгертулер негізгі тіл мен аударма тілі арасындағы айырмашылық, сан қырлылық салдарынан болады. Егерде біз ағылшын және орыс тілін қарастыратын болсақ, олардың негізгі ұқсастығы ретінде осы екі тілдің де индоевропалық тілдер қатарынан екендігін атап кете аламыз, сонымен қатар ағылшын және орыс тілдерінде көптеген грамматикалық ұқсастықтар байқалады. Атап айтқанда зат есімнің сандық категориялары, сын есімнің салыстырмалы шырай категориялары, етістіктің шақ категориялары, сөйлемдегі сөз реті функциясы және т.б.
Ең алдымен «аудармашылық трансформация» түсінігіне қатысты ұғымды қарастырсақ болады. Бұл ұғымға түсінік бергендер Л.С.Бархударов, Р.К.Миньяр-Белоручев, Я.И.Рецкер, А.Д.Швейцер, В.Е.Щетинкин, Л.К.Латышев, В.Н.Комиссаров, В.Г.Гак және басқалары.Жоғарыда айтылған ғалымдардың пікірлерінің ішінде Л.С.Бархударовтың ұсынған ұғымы негізгі ұғым ретінде қарастырыларды, себебі ол ұсынған ұғым аудармашылық тарнсформациялардың негізгі мәнін терең ашады.Барлық ұсынылған пікірлерді қарастыра біз келесідей пікірге тоқталдық, аудармашылық трансформациялар дегеніміз – аудармаға беріліп отырған мәтіннің негізгі мазмұнын жеткізу үшін қолданылатын тіларалық өзгертулер, негізгі мәтін элементттерін өзгерту, олардың аударма тіліндегі эквиваленттерін табу, мазмұнын жеткізу, ауыстыруларды жүзеге асыру нәтижесінде толықтай мәтін мазмұнын жеткізу процессі.
Аудармашылық трансформациялар бір-бірімен қолданыла алады, осындай әдіс күрделі трансформациялар деп аталады. Мысалға, З.Д.Львовскаяның пікірінше аудармашылық трасформациялардың сан түрлері бір-бірімен қолданыла береді, кей кездері бір трансформация түрі әр түрлі мағынада қолданылып, әр түрлі мағына бере алады.
Аудармашылық трансформациялардың түрлерге бөлінуіне тоқталатын болсақ, бұл жайында ғалымдардың көптеген пікірлері жарық көрген, алайда лингвисттер аудармашылық трансформацияларды лексикалық, грамматикалық және аралас (комплексті) түрлерге бөледі.
Әр түрлі ғалымдардың ұсынған классификацияларының анализін қарастырсақ.
А.М.Фитерман және Т.Р.Левицкая аудармашылық трансформациялардың үш түрін ажыратып көрсетеді, олар:
- Грамматикалық трансформациялар. Бұл трансформациялар қатарына : орын ауыстыру, мәтін ішіндегі сөздерді аударма кезінде жоғалту немесе керісінше қосымша ақпаратты енгізу, сөйлем құрылысын өзгерту немесе алмастыру процесстері жатады.
-Стилистикалық трансформациялар.Бұл трансформациялар категориясына синонимдік алмастырулар, бейнелеу арқылы аудару, орнын басу және өзге де процесстерді енгізуге болады.
-Лексикалық трансформациялар. Осы қатардағы негізгі аудармашылық трансформациялар – конкретизация, генерализация және сөйлем мүшелерін қосу немесе керісінше оларды түсіру.
Келесі лингвисттің пайымдауынша аудармашылық трансформацияларды төрт топқа бөледі. А.Д.Швейцердің пікірінше аудармашылық трансформациялар келесідей түрлерге бөлінеді:
Сан қилы ауыстыруларға негізделген семантикалық ауыстырулар арқылы жүзеге асатын трансформациялар. Мысалға морфологиялық құраушы мүшелерді лексикалық мүшелермен , басқа морфологиялық мүшелермен, синтаксистік, фразеологиялық мүшелермен алмастыру тәсілдері.
Прагматикалық деңгейдегі трансформациялар келесідей жолмен жүзеге асады : аудармашылық компенсациялар, белгілі бір стилистикалық құраушы мүшелерді өзге мүшелермен алмастыру, аллюзийлерді (реалийлерді) оларды аналогтарымен алмастыру, түсіндіру арқылы аудару тәсілдері және аудармашылық трансформациялар тәсілдері.
Референциальды деңгейде жүзеге асатын трансформациялар дегеніміз бұл – конкретизация (немесе гипонимикалық трансформациялар) , генерализация (гиперонимикалық трансформация), релийлерді алмастыру (интергипонимикалық трансформациялар), сонымен қатар реметафоризация (синекдохикалық трансформациялар) арқылы жасалатын аударма, метонимикалық трансформациялар, реметафоризациялар (бір метафораны өзге метафорамен алмастыру), деметафоризация (метафораны оған қарама қайшы метафора емес бөліктермен алмастыру). Бұл қатарға сонымен қоса трансформациялар комбинациялары және комплексті трансформациялар (мысалға конверсивті трансформациялар) енеді.
Стилистикалық деңгейдегі трансформациялар бұл – компрессия мен кеңейту болып табылады. Компрессия деп отырғанымыз : эллипсис, семантикалық өзгертулер, артық элементтерді жою, лексикалық өзгертулерді енгізу.
Я.И.Рецкердің пайымдауынша аудармашылық трансформациялардың негізгі екі түрі бар. Оның пікірінше аудармашылық трансформацияларды былай жіктей аламыз :
- Сөз таптарын немесе сөйлем мүшелерін алмастыру арқылы жүзеге асатын грамматикалық трансформациялар.
- Конкретизация, генерализация, мағынаны дифференциациялау, антонимдік аударма, жоғалтылған мағынаны толтыруға негізделген компенсация, толықтай немесе бөлшектік түрде жүзеге асатын лексикалық трансформациялар.
Жоғарыда мысал ретінде қарастырылған ғалымдардың пікірлері практикалық және теориялық жағынан сан қилы және олардың әрқайсысы өз пікірін өзінше дәлелдеген. Мысалға, Фитерман және Левицкая аудармашылық трансформацияларды негізгі үш түрге, яғни стилистикалық, грамматикалық, лексикалық трансформацияларды атап көрсетеді. Лингвист Швейцер трансформациялардың түрлері мен олардың сан түрлі деңгейлерін қарастырады. Оның ойынша стилистикалық деңгейдегі трансформациялар грамматикалық және де лексикалық трансформациялардан құрала береді.Яғни бір деңгейде аудармашылық трансформациялардың бірнеше түрі қолданылы береді.
Алайда зерттеушілердің барлығы түгелдей трансформациялардың аударма саласында қолдану аясын бірдей жолдарын көрсетеді. Грамматикалық алмастырулар, реалийлерді алмастыру, генерализация, компенсация тәсілдері барлық ғалымдардың жұмыстарында кездеседі.Егерде жоғарыда айтылған жұмыстардың мазмұнына терең үңілетін болсақ, Рецкер, Фитерман, Левицкая конкретизация, генерализация тәсілдерін трансформацияның лексикалық қатарына жатқызады. Швейцер берілген түсініктерге өзідік атаулар береді, гипонимикалық және гиперонимикалық трансформациялар, яғни бұл трансформациялар референцианальды түрде жүзеге асатынын көрсетеді. Біздің пікірімізше бұл лексикалық трансформациялар. А.М.Фитерман және Т.Р.Левицкая компенсация тәсілін стилистикалық көптүрлілікке, ал Рецкер лексикалық, Швейцер прагматикалық деңгейге жатқызады.
Грамматикалық орын алмастыру тәсілі (Я.И.Рецкер, Т.Р.Левицкая, Т.Р.Фитерманның пікірінше) грамматикаклық трансформацияның түріне жатады. Дегенмен, А.Д.Швейцер бұл жөнінде компонентті деңгейді атап өтеді.
Осыдан шығатын нәтиже төмендегідей , барлық лингвисттердің пікірінше аудармашылық трансформацияларды түрлерге бөлу – шартты бөлу болып табылады. Бұл кей аудармашылық трансформациялардың жеке, таза түрде мүлдем кездеспейтіндігіне байланысты. Осыған байланысты жоғарғыдай пікірлер қалыптасып кеткен көрінеді.
Алайда осы пікірмен жанаспайтые пікірлер де кездеседі. Мысалға Р.К.Миньяр-Белоручев аудармашылық трансформациялардың үш түрін ажыратып көрсетеді,олар – лексикалық, грамматикалық, семантикалық трансформациялар. Лексикалық трансформациялар қатарына ол генерализация, конкретизация мысалдарын келтіреді.Екінші түрге ол пассивизацияны, сөйлем мүшелері мен сөз таптарын алмастыру, сөйлемдерді бөлу және қосу тәсілдерін, ал үшінші түрге ол метафорикалық, синонимдік, метафорикалық алмастырулар, мәтін мазмұнын логикалық тұрғыда дамыту, антонимдік аударма, компенсация тәсілдерін ажыратқан.
Лингвист В.Н.Комиссаровтың ұсынған концепциясы аудармашылық трансформацияларды лексикалық, грамматикалық және жүйелік тәсілдерден құралған. Лексикалық трансформацияларды зерттей Комиссаров транслитерация, аудармашылық транскрибирлеу, калька, лексикалық-семантикалық алмастыруларды атап өтеді. Мысалға, модуляция, конкретизация, генерализацияны алсақ. Грамматикалық трансформация ретінде сөзбе сөз аударма, грамматикалық алмастырлар (сөйлем мүшелерін алмастыру, сөз формаларын алмастыру, сөз таптарын өзгерту) және де сөйлемді мүшелерге бөлу қарастырылып отыр. Жүйелі трансформацияларды лексикалық-грамматикалық трансформациялар деп атауға болады. Бұл қатарға экспликация (басқаша айтатын болсақ, бұл аударма түрі бейнелеуге негізделген), антонимдік аударма, компенсация енеді.
Аударма кезінде атап айтарлықтай төрт түрлі аудармашылық трансформация түрі деп айтқан белгілі лингвист Л.С.Бархударов. Олар : орын алмастыру, орнын толтыру, сөз қатарын азайту, қосу.
Орын алмастыру кезінде күрделі сөйлем құрамындағы сөйлем компоненттері орнын алмастыру, сөздер және сөз тіркестері орындарын алмастырулары болады. Орнын толтыру тәсіліне Бархударов компенсацияны, күрделі сөйлем структурасын өзгерту, сөз таптарын алмастыру, сөйлем компоненттері мен сөз формаларын алмастыру, конкретизация, генерализация, сөйлемдерді бөлу және біріктіру, антонимдік аударма тәсілдерін жатқызған. Сөз қатарын азайту және қосу да трансформациялар ретінде қарастырылады.
Біз зерттеу кезінде Р.К.Миньяр-Белоручев аудармашылық трансформацияларды негізгі үш түрге яғни семантикалық, грамматикалық, лексикалық бөлгенін анықтадық.Берілген негізгі мәтіннің элементтеріне байланысты В.Н.Комиссаров трансформацияларды грамматикалық, лексикалық, лексикалық-грамматикалық, яғни жүйелік түрлерге ажыратқан. Ал Л.С.Бархударов аудармашылық метаморфоздарлы төрт негізгі топқа жіктеген.
Л.С.Бархударов жасаған жүйеде генерализация және конкретизация лексикалық деңгейдегі трансформацияларға жатады, себебі осындай трансформациялар кезінде негізгі тілдің элементтері аударма тілінің элементтеріне ауысады. В.Н.Комиссаров пен Р.К.Миньяр-Белоручевтің еңбектерінде осындай мысалдар лексикалық трансформациялар қатарында көрсетілген. Л.С.Бархударовтың еңбектерінде сөйлемдерді біріктіру, сөйлем мүшелері мен сөз таптарын алмастыруларын орын алмастыру мысалдары ретінде көрсетілген. Жоғарыда көрсетілген тәсілдер В.Н.Комиссаровтың және Р.К.Миньяр-Белоручевтің еңбектерінде грамматикалық алмастырулар ретінде берілген.
В.Н.Комиссаров пен Р.К.Миньяр-Белоручевтің ұсынып отырған трансформациялар жіктемесі толықтай сәйкес келмейді. Егер В.Н.Комиссаров антонимдік аударма мен компенсацияны жүйелі алмастырулар ретінде қарастырса, Р.К.Миньяр-Белоручев жоғарыда аталған алмастыруларды семантикалық трансформациялар ретінде қарастырған. Л.С.Бархударов антонимдік аударма мен компенсацияны алмастыру деп санайды.
Жоғарыда есімдері аталыа кеткен ғалымдардың пікірлері бір-бірінің пікірлерімен толықтай сәйкес келе бермейді. Л.С.Бархударов пен Р.К.Миньяр-Белоручев В.Н.Комиссаров атап көрсеткен транслитерация және транскрибирлеу тәсілдерін аудармашылық трансформациялар ретінде қарастырмайды.
Алайда әр ғалым өзінше атап көрсеткен және жіктеген аудармашылық тәсілдер бір лингвистикалық құбылысты білдіреді.
Бірлесе жұмыс атқарған А.Б.Шевнин және Н.П.Серов өздерінің еңбектерінде аудармашылық алмастыруларды негізгі екі топқа жіктеген, олар:
компенсация, антонимдік аударма, конкретизация, генерализация сияқты тәсілдерді лексикалық трансформациялар қатарына;
сөз қатарын азайту, орын ауыстыру, қосу, транспозицияларды грамматикалық трансформациялар қатарына енгізген.
Л.К.Латышев болса, өз еңбектерінде аудармашылық трансформацияларды негізгі алты түрге жіктеген:
- Лексикалық трансформациялар. Бұл трансформациялар қатарына мәтін мазмұнына сәйкес лексемаларды синонимдермен алмастыру енген.
- Стилистикалық трансформациялар. Осы трансформация процесі кезінде аударылып отырған сөздің стилистикалық тұрғыдан өзгеруі байқалады.
- Морфологиялық трансформациялар. Бұл трансформациялар қатарына бір сөз табының басқа сөз табына өзгертілуі немесе олардың өзге сөз таптарына алмастырылуы енеді.
- Синтаксистік трансформациялар. Атына лайық бұл трансформациялар синтакасистік конструкциялардың өзгертілуіне, сөз, сөйлем, сөз тіркестерінің, бағыныңқы сөйлем түрінің, синтаксистік байланыс түрінің өзгеруіне, сөйлем трансформациясына, құрмалас салалас, құрмалас сабақтас сөйлемдердің трансформациялары негізделген.
- Семантикалық трансформациялар. Аударма теореясы жөнінде жазылған еібектерде бұл трансформациялар «мағыналық жетілу» деп те аталып жүр. Аталған трансформациялар қатарына лингвист Л.К.Латышев детальды өзгертулерді жатқызған.
Аралас түрдегі трансформациялар қатарына Л.К.Латышев антонимикалық аударманы енгізген.
Келесі қарастыратын ғалымымыз В.Е.Щетинкин аудармашылық трансформациялардың мынадай түрлерін ажыратқан :
Лексикалық трансформациялар. Конкретизация, антонимикалық аударма, амплификация, генерализация, мағыналық жағынан келісімділіктің болуы, адаптация, компенсация, экспликация осы қатарда.
Стилистикалық трансформациялар. Жоғарыда есімі аталған ғалымның пікірінше осы трансформациялар жалғыз тәсіл, яғни модуляцияға негізделген.
Грамматикалық трансформациялар. В.Е.Щетинкин бұл трансформацияларды төрт топшаға жіктеген :
А) сөз орындарын ауыстыру
В)сөз қатарын азайту
С) алмастырулар
Д) қосымша сөз қатарын қосу
Бұл мәселені қарастыруда француз лингвисттері Жан Дарбельне мен Жан-Поль Винені атап кетпеу мүмкін емес. Олар аудармашылық трансформацияларды түр-түрге жіктемеген.Олар тек аудару процесі барысында сан қилы тәсілдерді қолдануды ұсынып отыр.Олардың пікірінше аударма кезінде негізгі мәтін көптеген өзгертулерге ұшырауы мүмкін, сол себепті Жан Дарбельне мен Жан-Поль Вине аударма кезінде негізгі екі техникалық айланы қолдануға кеңес береді:
А) тура аударма
Б) жанама аудару.
Бірінші тәсілге :
Сөзбе-сөз аударма
Калька
Кірме сөздерді қолдану
Екінші тәсілге:
Эквиваленция (мақал-мәтелдердің, афоризмдердің, қанатты сөздердің мағынасын жеткізу)
Транспозиция (бір сөз табын өзге сөз табымен алмастыру)
Адаптаация (берілген ақпараттың детальдарын алмастыру)
Модуляция (мәтіндегі бастапқы көзқарасты өзгерту) жатады.
Жоғарыда есімдері аталған отандық және шетелдік лингвист, зерттеушілердің ұсынған пікірлерін қарастыра отыра төмендегідей пікір қорытындылауға болады: авторлардың барлығы трансформацияларды түр-түрге бөлу идеясын қолдайды. В.Е.Щетинкин, Л.К.Латышев, А.Б.Шевнин, Н.П.Серов лексикалық трансформацияларға көп назар аударған. Серов, Щетинкин, Шевниннің жұмыстарында грамматикалық трансформацияларға назар аударылған. Осылайша Латышев бұл пікірлерге толықтай келіспейтінін байқаймыз. Ол барлық грамматикалық трансформацияларды морфологиялық және синтаксистік түрлерге жіктейді. Содан соң ол басқа лингвисттер қарастырмаған аралас және семантикалық трансформациялар түрлерін қарастырады.
В.Е.Щетинкин өз жұмыстарында трансформациялардың стилистикалық сан қилылығын атап өтеді. Ал Шевнин мен Серов тек қана грамматикалық және лексикалық трансформацияларды атап кеткен.
Сөз қатарын азайту, қосу, орын алмастыру сияқты грамматикалық тәсілдерді қолдану деген Шевниннің, Серов пен Щетинкиннің пікірлері ұқсас болып келеді.Осымен қатар олар антонимдік аударма, конкретизация, генерализация, компенсацияны лексикалық трансформациялар деп санаған. Л.К.Латышев еңбектерінде антонимдік аударма аралас трансформациялар қатарында және де олар синтаксистік трансформацияның бір түрі – орын алмастыру тәсілдерін қарастырған.
Жан-Поль Вине мен Жан Дарбельне трансформациялармен тікелей байланысты тәсілдерді ғана қарастырған. Олар тура және аударма түрлерін қарастырған.
Дарбельне, Вине, Латышев, Щетинкин еңбектерінде модуляция, яғни мағыналық жетілу жөнінде сөз қозғалағанын байқаймыз.
Осылайша Вине мен Дарбельне бұл трансформация түрін жанама аудармаға қатысты десе, В.Е.Щетинкин мұны стилистикалық трасформациялар қатарында зерттеген, ал Л.К.Латышев модуляция тәсілін аударманың семантикалық трансформация қатарында деп санаған.
В.Е.Щетинкин адаптация тәсілін лексикалық трансформациялар қатарына, ал Вине мен Дарбельне жанама аударма тәсілдері деп бөлген.
Аталған ғалымдардың барлық тұжырымдамалары аударма кезіндегі сөз тәртібін алмастыру тәсілдеріне негізделген. Дарбельне, Вине,Серов, Шевнин бұл тәсілді транспозиция деп атаған. Сөз таптарын алмастыру мен транспозицияны Дарбельне мен Вине жанама аударма түріне, ал Латышев транспозицияны морфологиялық аударма тәсілі деп санаған.
Ал енді жоғарыда мысал ретінде келтірілген ғалымдардың еңбектерін зерттей келе төмендегідей пікір қалыптасады. Щетинкин, Латышев, Шевнин, Серов, лексикалық трансформацияларға назар аударған. Серов, Щетинкин, Шевнин еңбектерінде грамматикалық трансформациялар қамтылған. Латышевтың көзқарасы өзгелерден өзгеше деп айта аламыз. Ол барлық грамматикалық трансформацияларды морфологиялық және синтаксистік түрлерге жіктеген. Сомен қатар ол басқа зерттеушілер қарастырмаған аралас және семантикалық трансформацияларды көрсеткен.
В.Е.Щетинкин да трансформациялардың стилистикалық түрлілігін атап кетеді.
Аудармашылық трансформациялар жөніндегі Шевниннің, Серов пен Щетинкиннің көзқарастары ұқсас болып келеді, олар қосу, сөз қатарын азайту , орын алмастыру сияқты тәсілдерді грамматикалық трансформациялар ретінде қарастырса, антонимдік аударма, конкретизация, қосу, генерализация, компенсацияны лексикалық трансформациялар деп білген. Л.К.Латышев еңбектерінде антонимдік аударма аралас трансформация болып берілсе, орые ауыстыру синтаксистік трансформация деп берілген.
Модуляция тәсілі жөніндегі ақпарат , Латышев мұны «мағыналық жетілдіру» деген, Латышев пен Щетинкин, Вине және Дарбельне еңбектерінде кездеседі.
Ж.П.Вине мен В.Е.Щетинкин модуляцияны жанама аударма тәсілі десе, В.Е.Щетинкин оны стилистикалық трансформациялар қатарына, ал Л.К.Латышев модуляция семантикалық аударма тәсілі деген көзқараста.
Адаптация тәсілі В.Е.Щетинкин пікірі бойынша лексикалық трансформация түрі, ал Вине және Дарбельне үшін бұл жанама аударма тәсілі.
Барлық зерттеуші лингвисттердің еңбектері аудармашылық трансформация – сөз таптарын алмастыру тәсілін қамтиды. Дарбельне, Вине, Серов, Шевнин мұны транспозиция деп атайды. Сөз таптарын алмастыруды Дарбельне мен Вине жанама аударма тәсілі десе, Латышев транспозицияны морфологиялық трансформациялар қатарына жатқызған.
Сонымен, берілген ғалымдардың еңбектерін қарастыра отыра біз қазіргі заманғы лингвистика ғылымында аудармашылық трансформациялардың белгілі бір классификациясы жоқ екендігіне көз жеткіздік.
Достарыңызбен бөлісу: |