2.5 Коммуникацияның құрылымы, функциялары және түрлері
Күнделікті тіршілігіміздегі, қоғамдық-әлеуметтік ортадағы адамдардың бір-бірімен өзара қарым-қатынасы, тіптен ауызша сөйлесуінің өзі коммуникацияның алғашқы формаларының бірі болып саналады. Біздің күнделікті өмірімізде коммуникацияның бұл түрі жиі қолданылады. Бұл жерде коммуникация тікелей болғандықтан мұнда ең алдымен ауызекі тіл қолданысқа түседі, бейвербалды амалдар, яғни мимика, ым, ишаралар сөзбен теңдей дәрежеде молынан қолданылады. Мәселен, бас изу – белгілі бір нәрсемен келісуді білдірсе, таңғалу – иығын көтеріп, ауызын ашуды білдіреді т.б. Күнделікті өмірде мұндай бейвербалды амалдарды көптеп кездестіреміз. Бұл контактілі қарымқатынастың негізгі ерекшелігі. Және де сонымен қатар тікелей қарым-қатынаста уақыт пен кеңістік факторы және «көз контактісі» бірлікте көрініс береді. Көз контактісі – коммуниканттың бір-біріне деген көзқарасы, олардың ішкі жай-күйінің жағдайы. Мысалы, көзін ары-бері жүгіртіп сөйлеу – коммуниканттың өзіне деген сенімсіздігін көрсетеді. Осы ретте зерттеуші лингвист Л.П. Буева: «Личный контакт обладает большой силой эмоционального воздействия, внушения, в нем непосредственно действует социально-психологический «механизм» заражения и подражения» деп тұшымды пікір айтады.
Тарихи жағынан коммуникация туралы ілім ағартушылыққа қарай өрлейтін қоғамдық шарт доктринасына қарама-қарсы қалыптасты. Коммуникация теориясын жақтаушылар қатарында К. Ясперс, Б. Больнов, Э. Мунье секілді теоретиктер қоғамдық шарт ұғымын контракт, мәміле деп атап көрсетеді, бұл мәмілеге қатынасушылар екі жақка бірдей міндеттемелермен шектелген: олар бір-бірін осы міндеттемелерге сай, яғни абстрактілі, бейнесіз түрде ұғынады. Шарт дегеніміз – адамдардың іс жүзіндегі бытыраңқылығында жатқан байланыс. Ал коммуникация шартқа қарама-қарсы, саналы түрде орнатылатын өзара тәуелділік ретінде қарастырылады. "Контрактының орнына жанасым" (Ф. Кауфман). Коммуникация орнатудың құралы пікір-сайыс деп жария етті.
Әлеуметтік коммуникация деп қоғамда әлеуметтік маңызды бағалармен нақты жағдайлар, коммуникативті салалармен қарым-қатынас нормалары бекітілген адамдардың коммуникативті іс-әрекеттерін айтамыз. Бүгінгі күні коммуникациялық принциптегі ең ұшқыр форматтағы интернет немесе жаһандық желі тек ақпаратты (мәліметті) жеткізу құралы ғана емес, сондайақ дүние әлеміндегі адамның бағыт-бағдарын айқындап отыратын маңызды құралдардың бірі болып саналады. Осыған сәйкес адам өмірінің қарқынды ырғағына үнемі сәйкес болып отырады. Адам желі арқылы пайдалы ақпараттарды аша алады, өмірлік серігін, саяхатқа шығатын жолсерігін табады, ұтымды сатып алу, сату әрекеттері болады, жұмыс жасап пайда табады, әскери келіміс-шарт жасайды, әйгілі немесе танымал болады, қызығушылық мүдделері ортақ жандармен сұхбаттаса алады т.б. Адамның осылайша түрлі әлеуметтік желілер жүйесі арқылы ықпалдасуы, тікелей қатыстылығы әртүрлі білім мен ғылым саласындағы зерттеушілердің қызығушылығын тудырып жатады.
Қарым қатынас барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен, тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара түсінісуі, бірін-бірі қабылдауы жүзеге асады. Қарым қатынастың интерактивті, коммуникативті, перцептивті деген үш жағы және мезо, макро, микро, рухани, іскер, т.б. деңгейлері болады. Негізгі қызметі:
1) ақпараттық-коммуникативтік (ақпарат алмасу және адамдардың бірін-бірі тануымен байланысты);
2) реттеуші-коммуникативтік (адамдардың іс-әрекетін реттеу және біріккен әрекетті ұйымдастыру);
3) аффективті-коммуникативтік (адамның эмоционалдық аясымен байланысты).
Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас жасауда қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның ішкі жан дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік, ұрыс-керіс пен дау-жанжал секілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мынадай ережелердің орындалуы көмектеседі: барлық адамдармен тең дәрежеде, дөрекілік пен жағымпаздықсыз қарым-қатынас жасау; сұхбаттасушының жеке пікірін сыйлау; бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау; басқа адамның пікірін сыйлау және тәжірибесін қабылдай білу. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіреді. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.
Қарым-қатынастың құрылымы мен атқаратын функциясының күрделілігі қарым-қатынастың өзара байланысты үш жағынан байқалады. Олар:
– ақпараттық (немесе коммуникативтік), қарым-қатынасқа түсетін адамдар арасында ақпарат алмасу жүреді;
– өзара әрекеттесу (немесе интерактивтік) қарым-қатынас жасаушылардың білім, идея, жай-күй ғана емес әрекет алмасуларымен ерекшеленеді.
– түсінісу (немесе перцептивтік), қарым-қатынастағы серіктестердің бір-бірін қабылдауы, бағалауы және түсінуі болып табылады.
Коммуникативті жағы- ақпарат алмасуда, интерактивті – қарым – қатынас серіктерінің қарым – қатынасының таңбалық жүйелерін кодтау, өзара әрекеттерін реттеуде, перцептивті - әңгімелесушіні салыстыру, сәйкестендіру, апперцепция, рефлексия сияқты механизмдердің көмегімен «оқу» кезінде бір-бірімен байланысты жүзеге асырылады.
Қарым қатынас – а) Бірігіп әрекет ету қажеттілігінен туындайтын, құрамына ақпарат алмасу, өзара әрекеттесудің біртұтас стратегиясын жасау, өзге адамды қабылдау және түсіну, адамдар арасындағы байланыстың орнауы мен дамуының күрделі, көп мақсатты процесі; б) Субъекттердің белгілілік құралдармен жүзеге асырылатын, бірігіп әрекет ету қажеттілігінен туындаған және серіктесінің жай-күйін, мінез-құлқы мен тұлғалық-маңыздылық құрылымын өзгертуге бағытталған өзара әрекеттесуі.
Қарым-қатынаста бірінің әрекеті екіншісінің әрекетіне бейімделуіне қол жететін кемінде екі адамның әлеуметтік коммуникациясының не қарым-қатынасының формасы - әлеуметтік әрекеттестік болып табылады. Тұлға диспозициясы – әрекеттің белгілі бір жағдайлары және осы жағдайлардағы белгілі бір мінез-құлықты қабылдауға деген бейімділіктердің жүйесі.
Достарыңызбен бөлісу: |