Жауынмен жер көгереді, батамен ер көгереді. Мақал. Қазақстан Республикасының табиғаты әр алуан. Мұнда жазық дала, тау, орман, өзен, көлдер кездеседі. Жетісу өңірінде ақ басты таулар мен одан басталатын сарқырамалар, жидегі мол сайлар мен көгалдар көршілес жатыр. Орталық Қазақстан жазық даласын, ұсақ қыраттарын, әдемі де сирек құстар мекені – Теңізді мақтан етеді. Солтүстік пен Шығыста қарағайлы ормандардың әдемілігі көз тартады. Табиғатының әр алуандығына орай Қазақстанның табиғат құбылыстары да өзгешеленіп отырады. Таң атады, жаңбыр жауады, су буға айналады, найзағай ойнайды, құмды жел, аптап ыстық. Жалпы, табиғатта, ауа райында болып жатқан өзгерістер табиғат құбылыстары деп аталады. Табиғат құбылыстары адамның еркінен тыс болады. Табиғат құбылыстары жыл маусымының ауысуына және жердің орналасу ерекшелігіне байланысты өзгеріп отырады. Жылдың төрт маусымы бар: қыс, көктем, жаз, күз. Қыс мезгіліне тән құбылыстар: қардың жаууы, боранның соғуы, аяздың болуы, ауа температурасының төмендеуі, жердің қатуы, тағы басқалар. Мысалы, «Сарыарқаның сақылдаған сары аязы» деген тіркес бар. Сарыарқа Солтүстік Қазақстан мен Орталық Қазақстанның едәуір бөлігін алып жатыр. Басқа облыстарға қарағанда Сарыарқаның аязы қатты. Қыс айындағы ең төменгі температура кей жерлерде 400 С-ден асып кетеді. Көктемде жер жылынады, қар ериді, жылғалардан су ағады, ағаштар бүршік жарады, Жер-Ана оянады, мал төлдейді, жаңбыр жауады, т.б. Жаз - ең жылы маусым. Кей жерлерде қатты ыстық, температура жоғарылайды. Жазда жер аяғы кеңиді. Күзде күн салқындайды, жапырақтар сарғаяды, жеміс-жидектер піседі, т.б. Тапсырмалар: - Жаңа сөздерді оқып, есте сақтаңыз, жазып алыңыз: сарқырама, жидек, көгал, қырат, көз тартады, бу, аптап ыстық, жыл маусымы, қардың жаууы, боранның соғуы, аяз, қату, едәуір, жылға, бүршік, жер аяғы кеңиді.
- Жаңа сөздермен сөз тіркестерін құраңыздар.
- Мәтінді тыңдаңыздар, оқыңыздар, түсініңіздер.
- Мезгіл мағынаны берудегі есімшенің ролін еске түсіріңіздер. Берілген тіркестерді есімшенің –ғанда, -генде, -қанда, -кенде формасына салыңыздар: қардың жаууы, боранның соғуы, аяздың болуы, ауа температурасының төмендеуі, жердің қатуы.
- Сөйлемдерді толықтырыңыз. Өз нұсқаларыңызды ойлап табыңыз. Үлгі. Басқа облыстарға қарағанда Сарыарқаның аязы қатты.
- . . . қарағанда . . . ыстық.
- . . . қарағанда . . . суық.
- . . . қарағанда . . . жылы.
- . . . қарағанда . . . салқын.
- Африкада температура өте жоғары, соған қарағанда . . .
- . . . . . . . . .
- Тақырып бойынша сұхбаттасыңыздар. Өз өлкелеріңіз туралы пікір алмасыңыздар.
- Өзіңізге ұнайтын жыл мезгілі туралы айтыңыз.
- Табиғаттың ерекше, таңқаларлық құбылыстары туралы жазып, әңгімелеп келіңіз.
- Тақырып бойынша әңгімелеңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |