Лао-Цзының доктринасының негізі мистикалық пантеизм. Даоист моральдық-этика асхетизмге (дүниеге берілмей өмір сүру тәрізі) негізделеді. Дао дүниенің билігі себеп, адам оны білуі тиіс. Дао – әлем пайда болмай тұрғандағы жаратушы негіз. Ол көзге көрінбейді. Оны құлақпен ести алмаймыз, жалпы ұғымымыз жетпейді. Ол бұрыннан бар, әрі мәңгі бола бермек. Ол өздігінен бар. Қай жерде де дайын әрі көріп тұрушы. Оны ештеңемен сипаттап бере алмаймыз. Әр нәрсенің негізі – Сол. Ол – жоқтық емес. Табиғат пен ғарыштың бар болуы соның арқасында. Ол бір нәрсенің үстінде яки астында емес. Барлық нәрсені жаратқан әрі ризық берген – Сол. Сондықтан кейде Дао «Ана» деп те аталған. Өйткені әр нәрсе содан бастау алады. Даодан біреу туады, біреуден – екеу; Инь және Янь, екеуден – үшеу туады; Инь, Янь және дем (ауа), ал үшеуден – мына жаратылған әлем пайда болады. Дао – жер мен көктің бастауы. Ол – Жаратушы, сонымен бірге өмір сыйлаушы принцип. Күллі нәрселерді, жанды заттарды жаратқан Дао ешбір нәрсеге мұқтаж емес. Басқа құдіретті күштермен бәсекелеспейді. Сондықтан адам баласы Дао сияқты бәсекеге түспесе және қомағайлықтан, ашкөздіктен ұзақ тұрса, тамаша өмір кешеді.
Лао-Цзы адамдардың заңдары дүниеден өрнек алып жасағандары, дүниенің «Көк» тен, аспанның да даодан алғандығын, даоны ұстанған мемлекеттің ұзақ уақыт бойы аяқта тұратындығын және дүниенің «дао» себепкерлігімен жүргізілгендегі жағдайда шайтанның қасиетті болуға қол жеткізе алмайтындығын білдірген. Лао-Цзы бойынша «аспандық Дао» күрес жүргізбейді, бірақ жақсы жолда әрдайым жеңімпаз, сөйлемейді, бірақ жауап алады, шақырмайды, әкеледі, байсалды және жоспарлары толыққанды.
Лао-Цзы ғұламалардың даоны түсінуі мен ұғынуын былай деп түсіндіреді. Ұлы ғұламалар даоны естігенде әрекет етеді және оған қарай бет алады. Орта дәрежедегі ғұламалар даоны естігенде не істегендерін білмей қалады. Төменгі дәрежелі ғұламалар даоны естігенде қарқ-қарқ күледі. Ұлы және кәміл адам болса, тек қана әрбір нәрсенің руханияты өзінде болған даоға ілеседі.
Даоцизмде «даомен» қатар, «Те» ұғымы бар. Ол – даоның ізгілігі, қайырымдылығы немесе оның жасырын күші ретінде, барша жаратылғандарда болатын «Те» және «даоның» табиғаттағы барлық нәрселерді өзгертушілік күшінің нақ өзі. Барша жаратылысты Дао жаратқан. «Те» болса, оларға ризық береді, жетілдіреді, материялық түр береді, күш-қуатын толықтырады. Сол себептен барлық жаратылыс пен болмыс даоны ұлықтайды, Теге құрмет көрсетеді.
Лао-Цзы өз өсиеттерінде моральдық-этикалық құндылықтардың маңыздылығына ерекше тоқталады. Лао-Цзының пайымдауынша, адам –тек рухани артықшылықтарымен ғана адам. Үлгілі адам ізгі, мейірімді, шыншыл, турашыл әрі кішіпейіл болуға тиіс. Ву Вей (ешбір нәрсе жасамау, тыныштық, томаға тұйықтық) принципі – даоцизмнің басты идеалы. Адам баласы дүниенің тәртіп-заңдылықтарына бағынып өмір сүруге тиіс. Күш-қайратын сарп етпей, даоның заңдарына бағыну керек. Мұндай тып-тыныш өмір сүргенде дүниенің табиғи заңдылықтарын сақтау арқылы бақытты өмірге аяқ басады. Басшының өзі осылай әрекет ету арқылы мемлекетті ойдағыдай басқара алады. Өйткені мемлекетте қаншалықты көп нәрсеге тыйым салынса, халқы соншалықты кедейлене түседі. Адамдарға қолданылған шаралар қанша жерден шеберлікпен әзірленсе де, олардың арасынан соншалықты адам сенбес қулық, айлакерлік әрекеттер бой көрсетеді.
Залым басшылардың халықты басқару тәсілін «Дао те Кинг» кітабында Лао-Цзы былайша түсіндіреді: «Бастарын кәуекке айналдырады, қарындарын толтырады. Халықты басқара алмай, билігін әлсіретеді. Білімсіз, немқұрайды, енжар күйге түсіруге әрдайым әзір тұрады. Білімді азаматтарның бір нәрсе жасауға батылы бармас. Ву Вейді жүзеге асырғанда ғана әрбір істі тамаша игеріп әкете алады». Лао-Цзы мынадай өсиет айтады: «Ойлайтын нәрсең де жақсы және жан-жақты болсын. Бір нәрсе беріп жатқанда жақсы әрі қайырымды болың керек. Бір нәрсе айтқанда шыншыл және сенімді болуға тиіссің. Шыншыл болсаң мемлекетті жақсы жүргізесің, бір нәрсе істегің келсе тура және қабілетті болуың керек».
Лао-Цзы жер бетіндегі тамаша, көркем болған нәрселерді адамзат көркем деп білгенде, жаман нәрселерді де танитынын айтады. Жақсы нәрселерді білгенде жаманды біліп, ажырата алатынын, сөйтіп жақсылықты үгіттеп, жамандықтардан қашатынын, басқаларды алдауға тырыспайтындығын айтады.
Лао-Цзы принципті түрде өзімшілдік пен тәкаппарлықты қатты айыптайды. Тек қана өзі үшін ғана еңбек ететін адамның жоғарыламайтындығын, өзімен мақтанатындардың бір істі орындай алмайтындығын, өте асқақтап сөйлейтін адам мұны ұзақ уақыт жалғастыра алмайтындығын айтты. Айрықша ол, ашкөздіктің құлы болған адамдардың өте қатты адасуда екендігін және ешқашан табысқа қол жеткізе алмайтындығына көңіл аудартады.
Лао-Цзы соғысқа қарсы. Сондықтан ол соғыс қару-жарақтарын қолдануды ұнатпайды. Өресі биік адамдар бұларды қолданбайды дейді. Өресі биік адамдар бейбітшілік пен тыныштықты қадірлейтіндігін айтады. Ол соғысқа қарсы болумен қатар, мемлекеттің тұлғаға көп килігуін қаламайды.
Даоцизм бойынша осындай моральдық-этикалық принциптер тек жеке тұлғаларға ғана емес, сонымен бірге ұлтаралық қатынастар үшін де қажет. Лао-Цзы құрметтеу мен мойынсұну арқылы қалаған нәрсеге қол жеткізуге болады, сүйіспеншіліктің арқасында дұшпанның өзі жеңіліп бас иеді, әйел заты қарсылық көрсетпей-ақ күйеуін бағындыра алады деген пікірді ұстанды. Лао-Цзының философиясы: «Жақсыларға жақсылық жасаймын, жақсылықтан жұрдай, жамандыққа бет алғандарға бар жақсылығымды аямаймын. Осылайша баршасы да жақсы болады», - дейді.
Даоцизмде мемлекеттен болымды міндеттер күтпейді. Соғыс сынға алынады. Дамуға оң көзбен қарамайды. Көп қызметтер мен мекемелер қажетсіз. Даоның мемлекеті тыныш және өз басына жүруі тиіс. Белгілі бір жағымды арман, жағымды мақсат болмауы, бір тыныштық әрі қимыл-қозғалыссыз жолды ұстануы тиіс, Даоны тануға күш жұмсалуы керек.
Лао-Цзы өзіне еге болғанды адам нәпсісін танығаны дейді. Ішкі дүниені зерттеу көп сөйлегеннен гөрі анағұрлым артық екенін, басқаларды таныған – зерек, зерделі, өзін таныған адам – ақылды, басқаларды жеңген – күшті, ал өз нәпсісін жеңген – батыр адам екенін айтады.
Лао-Цзы бір нәрсені білмейтін адамның – кемеліне келіп, толысқан адам екенін, ал білмейтін нәрсесін білетін сияқты боп көрінудің – рухани дерт екенін айтады. Лао-Цзының пайымдауынша мына үш қасиет адам үшін баға жетпес қазына: біріншісі – сыпайылық пен сүйіспеншілік; екіншісі – қанағат; үшіншісі – қарапайымдылық. Сыпайылық адамды биік дәрежеге көтереді және құрмет атаулыға лайық қылады. Қанағат адамға еркіндік сыйлайды. Ал қарапайымдылық адамды аса қабілетті етеді. Дегенмен адамдар сыпайылықты ұмытып, арсыздыққа бет алуда. Үнемшілдікті тастап, тәуелді күйге түсуде. Қарапайымдылықтан ада болып, дарынсыздыққа, қабілетсіздікке душар болуда.
Лао-Цзының пікірінше адам баласы туылғанда әлсіз әрі жұмсақ болады. Ал дүниеден өткенде қуатты болып, бұрынғы түп негізіне айналады. Түп негізіне айналуды – тыныштық, ал тыныштықты – жазмыш деп атайды. Жазмышқа көндігуді – өлместік, мәңгілік, ал өлместің сырын білгендерді «ақылды» дейді.
Даоцизмде тәңірден бастау алған діндердегідей жақсылық пен жамандық, кішіпейілділік пен қанағатшылдық сияқты моральдық-этикалық принциптер кездеседі. Онда өлім және өлімнен кейінгі жағдайлар жайлы айтылғанымен, пейіш пен тозақ ұғымы мәселесі онша айқын емес, ол жағы бұлыңғырлау. Сондай-ақ рухтың өлмейтіндігі, мына жалғанда тамаша өмір кешкендердің Даомен бірге болатындығы туралы түсініктерді кездестіруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |