Синтоистердің Таурат, Інжіл және Құран сияқты қасиетті кітаптары жоқ. Бірақ Кожики және Нихонги деп аталған қасиетті жылнамалары бар. Қытай жазуын қабылдамай тұрып өздеріне тән жазуы жоқ еді. Жопондықтар ерте кезеңге тән оқиғаларды ауыздан-ауызға жеткізіп отырды. Тұңғыш рет 712 жылы императордың бұйрығымен Кожики жазылды. Бұл кітапта тәңірлердің шығу тегі, адамдардың пайда болуы, император әулетінің және мемлекеттің тәңірден бастау алуы сияқты мәселелер сөз болады. Ал Нихонги 720 жылы жазылды. Ол Кожикидің түсіндірмесі еді. Тәңірлердің саны Кожикиде – 800 000, Нихонгиде – 80 000. ІХ-Х ғ.ғ. анықталған және мемлекет культімен байланысты журналдар 1927 жылы 50 кітап болып жарық көрді. «Енгишики» солардың ішіндегі ең құнды еңбекке жатады.
3. Діни рәсімдер мен құлшылықтар
Синтоизм діні белгілі бір пұтқа табынбайды. Олар ғибадатханаларда тәңірлерге символ болатын заттар (Мутамо Широ) арқылы табынады. Мерекелік ойын-сауықтарда көктен тәңірлер шақырылады. Жоғарыдағы заттар сол тәңірлердің денесі немесе тәңірлер сол заттарға енген болып саналады. Аматерасудың символы – сегіз бұрышты айна, Сусано-Ваның символы – семсер.
Құлшылықтар ғибадатханаларда немесе үйде орындалады. Жапонияда жүз мыңдаған ғибадатхана бар. Олардың ең қасиеттісі – Иседегі Аматерасу атына салынған ғибадатхана. Ғибадатханаларда негізінде айна, семсер, гауһарлы тәж және Аматерасу мүсіні тұрады. Бұл рәсімге семсер және асыл тастан жасалған тәждің Аматерасу тарапынан немересі алғашқы жапон императорына берілгендігіне сеніледі. Ғибадатханаларда тек монах қана кіре алатын қасиетті бөлме мен оның қасында құлшылық етушілерге арналған дұға оқу залы орналасқан. Бұл жерді «мия» немесе «синса» деп атайды.
Құлшылық етуге дұға оқу және құрбан шалу жатады. Ежелден құрбандыққа жануарлар шалынса, бүгінде бұл жайт онша кездеспейді. Бұдан басқа, кезінде өз қалауларымен адамды да құрбандыққа шалған болса, қазіргі кезде адам құрбандығы тоқтатылған. Әркім өз бетінше дұғасында арман-тілектерін білдірсе де, шындап келгенде құлшылықтың шынайы орталығы – монахтардың ресми дұғалары. Ежелден текті әулеттерге жататын әйелдер де монах әйелдің қызметін атқарды. Тұрмыс құрған әйелдер ғибадатхана қызметінен аластатылады. Дұғалардың тақырыбы әр түрлі. Оларды ауру-сырқау, құрғақшылық, зілзала сияқты түрге бөлуге болады. Дұға оқу ең қарапайым бет жуылып, қолдар бір-біріне соғылғаннан кейін ойға шому арқылы жүзеге асады. Ғибадатханаларда дұғалар ойланып-толғанумен жасалғандай, үнін ашық шығарып дауыстап та оқыла береді. Ал ең ауыр құлшылық – суық сумен жуынып болып дымқыл киім киініп алған соң ғибадатхананы жүз мәрте айналу. Тәңірге арнап шалынған құрбандықтар мен сый-сияпаттар жалпы мыналар: жібек мата, түрлі-түсті қағаздар, семсерлер, садақтар, жебелер, марал мүйіздері, аюдың терілері, тұз, балық, күріштен әзірленген арақ, ат, қораз, доңыз, қабан.
Камилерге табыну; дұға оқу, күріш және күріш шарабы ұсынумен (құрбан ретінде) жасалады. Ғибадатханаға кіретін адам аузын сумен шайқап, ерекше діни рәсімдік тазалықты орындауға тиіс. Кейбір ерекше жағдайларда ғұсыл-бойдәретін алады. Тазаланбау – ең үлкен күнәға жатады. Өзге моральдық-этикалық күнәлар мұның алдында түк те емес. Ерекше діни рәсімдік тазалықты орындағаннан кейін ғибадатханаға кірген адам дұға оқу залының алдында иіліп тұрып, ұсынатынын ұсынады, қол шапалақтап, тәңірдің назарын өзіне аударуға тырысады, бұдан кейін дұға оқуды бастап кетеді. Үлкен мейрамдардан (матжури) бұрын бір немесе үш күн бойы ораза тұтады.
Ғибадатхана істерін монахтар атқарады. Монахтар арнайы оқу орындарында, факультеттерде жетілдіріледі. Дәрежелеріне қарай монахтар жоғарыдан төмен қарай тізіледі, император бірінші дәрежелі монах және монах бейнесімен бейнеленеді. Монахтардың үйленуіне болады. Құлшылық кезінде ақ бас киім, ақ шапан және бір таяқ ұстайды. Ғибадатханаға арнайы рәсім жасалып кіріледі.
Синтоист адам сонымен бірге басқа діндерді де ұстана алады. Жапон өнер тарихшысы, Орта Шығыс қонақтарына «синтоист болып туылдым, буддист болып өлемін, сонымен қатар христиандықпен қоса барлық діндердің ілімдеріне есігім ашық менікі осындай жол, сіздердікі қалай білгім келеді» деп өз пайымдауын ортаға қойған. Мұны былай деп алып қарасақ болады: «Біз синтоист болып туылып, буддист болып өлеміз». Соған қарамастан, қандай дінде болса да жапонның асылы жапондық. Жапон тілінде тіл мен ұлт бір мағынада қолданылады. Жапон халқы белгілі бір дінге қарағанда дәстүрлі халық сенімдердің ықпалында. Атаға табынудағы мақсат чиле (дәруіштердің 40 күндік дүние қызықшылығынан бас тартып, өз-өзіне ауыр азап шектіріп сынақтан өткізетін кезең) бірлігінің жалғасуы. Рухтың өлімнен кейін өмір сүргендігіне сенсе де, жақсы және жаман амалдарға есеп беру сенімі жоқ. Аталарының ұрпақтарын қорғайтындығына сенеді. Сондықтан да, өмірден өткен әрбір адам «ками» болуда.
Үйлену, неке қию рәсімдері жауапты монахтың алдында Синто ғибадатханаларына жалғас салынған тойханаларда өтеді. Балалар 3-5-6 жастарында қасиетті орынға апарылып, оларға ең әдемі жапон киімдері кигізіледі. Жаназа рәсімдерін буддист монахтар атқарады. Аза тұтып жатқан отбасы буддистік ғибадатханаларға зиярат жасайды.
Құлшылық атаулы үйлердегі тәңірдің мүсіні қойылған сөрелердің алдында орындалады. Әуелі беті-қолы жуылып, ауыз шайылады. Екі мәрте қолдар бір-біріне соғылып, тізерлей отырылып, бас иіліп дұға оқылады.
Синтоизмде ненің қай уақытта жасалатындығы белгілі бір ережелерде көрсетілген. Бұл ережелерді «төре» (дәстүр, жөн-жора) деп атайды. Төрелер – бас тартуға болмайтын әмірлер, бағынуға тиісті міндеттер ретінде қабылданған әрі жапон мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына елеулі үлес қосқан.
Діни және ұлттық мейрамдар күнтізбеге қарай белгіленген. Ең үлкені – тәңірді шақыру, тәңірдің алдында қызмет ету мағынасын білдіретін матжури мейрамы. Жалпы, бұл мейрамдардан бұрын діни тазалық (ох-харехе), өнімді сақтау (тошикгой) және астық жинау науқаны үшін тәңірге алғыстар айту (канна-нийнаме) секілді мейрамдар да бар.
Достарыңызбен бөлісу: |