Баланың тілін табу
Атақты педагог А.С. Макаренко «баланың тілін табу дегеніміз-бедел» деп түсіндіреді. Жас ата-аналар бала тәрбиесі туралы көп ойлай бермейді, жағдайға, ретіне қарай әркім әрқалай «тәрбие» жүргізеді. Ата-ана болған соң, бала тәрбиелеу міндеті алда тұрады. Ал бала тәрбиелеудің алуан түрлі тәсілі, әдіс-айласы, ілімі бар, оны үйрену-ата-аналық борыш. Ана салты, әке салты, ата-ана міндеті- тарихи, әлеуметтік қалыптасқан құбылыс. Болашақ ұлтжанды ұрпақты өмірге даярлау - ең әуелі ата-анаға жүктелетін міндет. Ұлағатты міндетті ұстаздарша атқару ләзім. Сондықтан да бала өсірген өнегелі ата-ана бала тәрбиелеу тәсілдерін жалықпай үйренеді, тәрбие кілтін – «баланың тілін» табады.
Бір мысал: мұғалімдер бөлмесіне аласа бойлы ашаңдау ақ сары жігіт ізетпен, амандасып, ақ жарқын күлімдей кірді. Ол ұяла қызарып, именіп тұр еді, оқытушылар құрмет көрсетіп, оның орындыққа отыруын өтінді.
- Мен Өркен туралы сөйлескелі келіп едім, - деді ол биязы мінезбен.
- Мұныңыз жақсы болды, мен де Сізбен жолығысуға құштар едім, - деді бірінші сынып оқытушысы Күлдән, ашаң ақша жүзі нұр жайнап, көздері күлімдеп.
- Өркеннің кейде шешесінің тілін алмай, қасарысатын мінезі бар. Соның салдарынан бүгін шешесінен таяқ жеп қалды.
- Баланы ұруға болмайды... Әуелі бала не себептен тіл алмай тұр, соны ойлау қажет.
- Қалай ұрмасын... Ол қасарысып сабақтарын орындамай қойды... Содан кейін шешесі «тоқылдатты ай» келіп... Солай ұрып, өзін қорқытып қоймаса, тіпті әке-шешесін тыңдаудан қалып барады өзі... Нетіп...
- «Қорқытып» тәрбиелеуге болмайды. Онда, қайта баланы ашындырып аласыздар. Оның үстіне таяқ жеген бала жасқаншақ, қорқақ болатынын білмейсіздер ме?..
- Қасарысқан балаға ұрудан басқа амал таппады шешесі... Сіздер де ондай баланы қысыңқырап қоймайсыздар ма?
- Біз баланы «қысыңқырап», қорқытып тәрбиелемейміз... Сіздің қызыңыз өте қабілетті бала. Ол мектепте көңілді жүреді. Сынып жұмыстарын ұқыпты орындайды, ал кейде үй жұмысын шала орындап келеді... Соған қарағанда, баланы бақылаймын деп, қазымырлана, намысына тию, оның өз еркіндігіне құрсау салу – оның жан жүйесіне тиіп, ынта-ықыласын бұзатын болу керек. Баланы зекіп, оның жігерін жасыптаңыздар, қасарысу ашынудан туады.
Жас әке Аман ойланып қалды. Ол жадырай күлімдеп, оқытушыға ризалықпен қарады:
- Рас айтасыз... Шынында Өркенді тәрбиелеу жөнінде Ажар екеуміз өзгеше бір терең сырласып, ашық ақылдасып алуымыз керек екен...
Қоңырау соғылды, оқытушы сабаққа кетіп қалатын болғандықтан, Аман асыға сөйлеп:
- Әлгі, біздің Өркен мектепке келе жатып, өзінің досымен шәлкемдесіп қалыпты. Балаға болысу... ыңғайсыз... өзіңізге жолығып айтсам деп ем...
- Жақсы айттыңыз. Мен бәрін анықтаймын. Олар әлі ақ табысып кететін болады.
- Рахмет! Кеңесіңізді жұбайыма айтып барамын...
Аман мектептен жүзі шырайлана шығып бара жатты. «Міне тәрбиеші. Біз бала тәрбиелеуде көп қателеседі екенбіз. Сынып жетекшісі дұрыс айтады. Баланың тілін табу керек».
Достарыңызбен бөлісу: |