4. Дене тәрбиесi – тәрбиеленушiнiң күш-қуатын, қайрат-жiгерiн, рухани сергектiгiн дамытып, денсаулығын, сымбаттылығын қалыптастыру үшiн жүргiзiлетiн игi әрекет.
Халық дене тәрбиесiн нәресте iште жатқаннан бастайды. Iштегi баланың уақтысында қимылдауы, ананың «шошып» қалмауы, «құрсақ көтерген» ананың дұрыс тамақтанып, көңiлдi өмiр сүрiп, iштегi нәрестенiң жан дүниесiне айналасы мен ананың жағымды әсер етуi, ананың «жерiгiнiң» қануы т.б. рәсiмдер мен әрекеттер нәрестенiң «ай күнiнде», толымды болып, тоғыз ай, тоғыз күнде дүниеге келуiне әсерiн тигiзедi.
Бесiктегi дене тәрбиесi туралы – педагог-ақын Мағжан Жұмабаев, «баланың денсаулығы жақсы болып өсуi үшiн, бесiк тәрбиесiнiң мәнi зор» дейдi. Нәрестенi уақтысында тамақтандырып, оның бесiгiн ыңғайлы дайындап, таза ауада демалдырып, уақтысында шомылдырып, дер кезiнде «бойы өс» тәсiлiмен майсылақ жасау т.б. дене тәрбиесiне жауапты қарау – ананың айнымас парызы. Бұл – отбасындағы дене тәрбиесi ұлттық-гигиеналық дәстүрге байланысты екенiн дәлелдейтiн құбылыс.
Отбасындағы баланың ұйқысы қанық, денесi сергек болуына ата-ана қамқорлық жасайды, балабақшада, мектепте дене тәрбиесi жүйелi дәстүрлер бойынша, жоспарлы түрде, лайықты әрекеттер арқылы жүргiзiледi (I-IV сыныпта қимыл жаттықтыру, V-VII сыныпта ойындар арқылы шынықтыру, VIII-ХI сыныптарда спортпен шұғылдандыру).
Дене тәрбиесiнiң құдiреттi күшi (тарихи күшi) ертеден Спартактың қайратынан, қыпшақтан шыққан. Бейбарыстың ақыл-айласы мен батылдығынан, балуандылығынан, қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының дүние жүзiне белгiлi балуандығынан көрiнедi.
Дене тәрбиесiнiң, негiзгi, қозғаушы күшi – ұлттық намыс. Өз қарсыласын «уа, аруақ қолда!» деп жайратып жығатын Қажымұқанның, тайквандолық күреске шыққанда күрестiк тәсiл қолданған сайын «аруақ!» деп ұлттық намыс шақырып, жеңiске жеткен. Мұстафа Өзтүрiктiң ұлттық киелi, ұран сөздерi – ұлттық намыстың кiлтi iспеттес.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесiнiң бiр негiзi – дене тәрбиесi түрлi спорттық ойындар (көкпар, күрес, қыз қуу, ат жарыс, аударыспақ, найзаласу, арқан тартыс, ақсүйек, тоғыз құмалақ, т.б.) арқылы iске асырылған. Оған жаңаша (ат ойнату, гимнастика, бокс, футбол, волейбол, теннис т.б.) ұлттық-адами, спорттық ойындар мен дәстүрлер, үйiрмелер қосылды.
Дене тәрбиесi Қазақстанда 1925 жылдан қоғамдық қозғалысқа 1929 жылдан арнайы сабақ ретiнде, 1966 жылдан бастап әрбiр адамның мiндеттi түрде шынығуына, 1993 жылдан Республиканың ата заңында көрсеткендей мiндеттi әлеуметтiк қозғалысқа айналды. «Денi саудың жаны сау», шынықсаң, шымыр боласың», «күш атасын танымас», «балуан алып та жығады, шалып та жығады» деп ұрпағын күштiлiкке баулыған халық, «iшiң ауырса, асыңды тый, көзiң ауырса, қолыңды тый», «асты қорлама, құстырады, адамды қорлама, састырады» деп, ол тәрбиенiң гигиеналық (тазалық) дәстүрлерiмен тiкелей байланысты екенiн уағыздайды.
Дене тәрбиесiнiң негiзi – жеке тұлғаның өз қолында. Мысалы, әр күнi дағдылы жаттығулар жасап, гигенаны қастерлеудi қалыптастырса, екiншiден, түрлi сауықтыру қимылдарын мiндеттi түрде (парыз) жасап, дене қимылдарын шынықтырса, онда ол денсаулығын, ой парасатын сақтай алады.
Дене тәрбиесi түрлi жаттығулар арқылы жеке тұлғаның бойындағы қимыл анализаторларын iске қосып, қимыл жүйесiн, сымбатын, симметриялық салмағын қалыптастырады, оның ұстамдылығын, төзiмдiлiгiн, еңбекке бейiмдiлiгiн арттырады.
Дене тәрбиесi мектептерде сабақтар арқылы, мектептен тыс спорттық жарыстар арқылы, түрлi спорттық қозғалыстар арқылы жүргiзiледi. Қазақстан Республикасы бойынша дене тәрбиесi мемлекеттiк дәрежеде жүйелi түрде ұйымдастырылып келедi.
Педагогика ғылымы жеке тұлғаның ар-ожданына, денесiне зиянын келтiретiн «қисынсыз жарыстар» мен «төбелесқорлық» тәсiлдердiң дене тәрбиесiне жат екенiн уағыздайды.
Дене тәрбиесiне ұжым, қоғам, ұйымдармен қатар, әрбiр жеке тұлға аса зор жауапкершiлiкпен қарауға мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |