Педагог дегеніміз – мектепте немесе тағы басқа оқу орнында оқу – тәрбие жұмысын ұйымдастырушы және іске асырушы.
Педагогикалық шеберлік - маманның жоғары сапада өз қызметін ұйым-дастыра білу қасиеттері. Мамандықтың қырын-сырын терең біліп, мамандықты жоғары деңгейде меңгеруі.
Шеберлік дегеніміз – оқытушының жоғары деңгейде кәсіби қызметін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттерінің жиынтығы.
Э. А. Урунбасарова.
Талант- шеберліктің ең жоғарғы көрінісі. «Талант - адамның еркі мен шығармашылығының жиынтығы», - деген К.М.Станиславский.
Озат тәжірибе - теория мен тәжірибеге сүйене отырып педагогикалық процесті жетілдіру мақсатында, қызметіне шығармашылық негізде жаңа бір идея еңгізу.
Әділ төрешілер - оқушылар, ата- аналар, қоғам педагог келбетіне, моральдық тұлғасына өте жоғары талаптар қояды. Жас мұғалім мамандығы бойынша өз пәнін қазіргі заманның ғылым мен техникалық өскелең талаптарына сәйкес дәрежеде білуге тиіс. Ғылым дамыған сайын болжамдардың дәлелденіп, теорияға айналуы және жаңа фактілер мен заңдылықтардың ашылуы кеңейген сайын жас мұғалімге қойылатын талап та арта түседі.
Педагогқа қойылатын талаптар- педагогикалық әрекеттің табыстылығын қамтамасыз ететін кәсіби сапалар жиынтығын меңгеру. Сондықтан да, педа- гогқа қойылатын ең бірінші талап – арнайы педагогикалық бейімі, таланты болуы керек, ол дегеніміз- балалармен жұмыс жүргізу кезінде дұрыс тәрбие беріп, қарым – қатынас жүргізе алу қабілеті ғана емес, ол балаларды, қызметті жақсы көре білуі, әдептілігі, шығармашылығы, дарындылығы деген сөз. Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Ұлы ақын Абайдың:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға, - деп айтуында терең мағына жатыр. Ұстаздың бойында түрлі қасиеттер мен қабілеттер болуы туралы ақын Г.Қайырбеков былай деген:
Ұстаз болу жүректің батылдығы,
Ұстаз болу сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу көңілдің күн шуағы-
Тозбайтұғын адамның асылдығы.
Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төгіп еңбек етуі керек екенін, дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ екенін болашақ мамандар иесі бірінші курстан бастап білулері керек.
Мұғалімнің адамгершілік келбетіне талап, кәсіби қалыптасуындағы маңызы туралы Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, Ж.Ж.Руссо, А.С. Макаренко, Ы.Алтынсарин т.б.педагогтар сөз еткен.
А.С.Макаренко «Ұстаздық дастан» деген еңбегінде– бұл менің бар өмірімнің дастаны - деп жазды. Горький жазған хаттарының бірінде: «А.С.Макаренконың мұрасы – еліміздің өскелең педагогика ғылымының алтын қазынасы. Оның еңбек стилі, әдеби теориялық шығармалары этика, педагогика, психология мәселелерінің тың, әрі тәрбие ісінде аса маңызды жайларын ашты».
Антон Семенович Макаренко өзінің ісінен өнеге алатын жайлары көп, педагогикалық ілімге толы көркем шығармаларымен жұртшылығымызға ертеден белгілі. Ал оның шығармаларын өз тілімізде оқу-игілікті іс. А. С. Макаренко мынадай ой білдіреді: «...Мен мұндай шеберлікті игеруге тырыстым, әуелі осындай шеберліктің немесе педагогикалық талант деп аталатынның болатынына тіпті сенбедім. Алайда таланттың кездейсоқ бөлінуіне біз сенуіміз керек пе? Бізде осындай ерекше талантты тәрбиешілер қанша? Және де талантсыз педагогқа тап болғаны үшін не себепті бала жапа шегуі тиіс? Біз балалар мен жасөспірімдерді тек таланттылар алдында тәрбиелей аламыз ба? Жоқ. Тек шеберлік туралы, яғни тәрбие процесін шынайы білу туралы, тәрбиелік іскерлік туралы ғана айту керек», - деген.
Атақты педагог-ғалым В. Сухомлинский: «Мұғалімдік мамандық- бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым- шытырығы мол жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер - ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп, ұстаздық өнерге ерекше баға берген.
Молдағалиев Жайсаңбек «Құс жолы» атты жинағында қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин туралы повесі мен “ел суреттері” деген атпен бір топ әңгімелері енген, онда қазақтың ұлы ағартушысының қажымас еңбегі, балаға деген сүйіспеншілігі туралы жазылған.
Педагогикалық шеберлікті теориялық тұрғыда зерделеушілер: -Ф.Н.Гоноболина, А.И. Щербакова, А.К.Маркова, В.А.Кан-Калик, Н.В.Кузьмина, И.А.Зязюн, Писаренко В.И, Шыныбекова Е.И., Урунбасарова Э.А., Е.И.Синица, Азаров Ю.П., Бабанский Ю.К. т.б.
А.И.Щербаков (1968) педагогикалық шеберлік - мұғалімнің ғылыми, әдістемелік өнерінің, білігі мен дағдысының, жеке қасиеттерінің үндесуі деп есептейді. Бұл өнердің басты атрибуты - өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен орындау деген.
Ю.П.Азаров (1971), тәрбиешінің шеберлігінің маңызы туралы айта келіп, оның мәнін былай ашады: «педагогикалық шеберліктің негізі - бала тәрбиесінінің заңдылығын білу болып табылады»; «Шеберліктің мәні: технология, карым- қатынас, тұлға сияқты үштікте » дейді.
Н.В.Кузьминаның (1972,1980) пікірінше педагогтың кәсіби шеберлігі тәжірибе мен оқу міндеттерін шеше білуді жоғары деңгейде меңгеру. Бұл жалпы еңбек пен жалпы интеллектуалдық білік қалыптасқанда ғана жеткілікті биік дәрежеге ие болады (талдау, синтездеу, жалпылау, ауыстыру, нақтылау саласында).
Ю.К.Бабанский (1989) «мұғалім- кәсіби технологияны еркін меңгерумен, шығармашылығымен бала оқытуда және тәрбиелеуде ерекше шебер болуға тиіс», - деп көрсетеді.
В.А.Сластениннің (1998) пікірі Ю.П.Азаровтың пікіріне жақын, ол педагогтік шеберлікті педагогикалық технологиямен өзара байланыстырады, ол тек операциялық компоненттермен шектелмеуі керек, адамның жеке іскерлігі мен оның бойында педагогтік процестің жоғары тиімділігін анықтайтын қасиеттерінің сабақтасып жатуы керек деген пікір айтады.
Атақты педагог, психолог ғалымдардың / И.В Павлов, А.А.Смирнов, А.Н.Леонтъев, А.А.Давыдов, Б.Е.Есипов, Л.В.Занков, М.Н.Скаткин және т.б./ еңбектерін қол үзбей оқып педагогикалық шеберлік туралы көптеген мағлұматтар алуға болады. Сонда ғана мұғалім шығармашылық еңбекті көрсетеді, тамаша шебері бола алады. Кезінде А.Байтұрсынов айтқан сөзге сүйенсек, оқу құралдары қанша сапалы болғанымен, кәсіби шеберлігі төмен болса, онда нәтиже де төмен болмақ деген.
Педагогикалық шеберлік мұғалімнің педагогикалық мәдениетінің компонентінің маңызды бір бөлігі. Педагогикалық шеберлік компоненттеріне: гуманистік бағыт, кәсіби білім, педагогикалық қабілет, педагогикалық техника жатады. Гуманистік бағытқа баланы, қызметті жақсы көру, кәсіби білімге өз пәнін жете білу, сабақ беру әдістемесі жетілдірілген, психологиялық дайындық, жалпы білімділік, дүниетанымы және мәдени деңгейі өте жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті бар, сөйлеу өнерін меңгерген, алдыңғы қатарлы педагогикалық технологияларды қолдану және қазіргі заман талабына сай педагог болуға тырысуы жатады. Педагогикалық қабілетке балалармен жұмыс жүргізу кезінде дұрыс тәрбие беріп, дұрыс қарым – қатынас құра білуі қабілеті, балаларға құрметпен қарай білуі көзделеді. Педагогикалық техникаға өзін дұрыс ұстай білуі, эмоциясын меңгере білу, мимикасы, пантомикасы, киінуі, сыртқы, ішкі мәдениеті кіреді. Педагогикалық іс-әрекет профессионалдықтың әр түрлі деңгейінде жүзеге асып, түрлі нәтиже береді. Әрбір оқытушы кәсіби өсуге және педагогикалық шеберлікке ұмтылады. Педагогикалық шеберлікті игеру студенттік кезден басталады.
Педагогикалық шеберлік кәсіби педагогикалық іс-әрекеттің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын білдіреді, ол аз уақыт ішінде оптималды нәтижеге жетуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |