Сұрақтар мен тапсырмалар
Б.Майлиннің «Әлди(Ана жыры)», «Тәй, тәй, қаз, қаз»,
«Қағынғыр(Ананың ашуы)», «Қос жетім», «Кемпірдің ертегісі», «Байшұбар», «Әтірікке бәйге» шығармаларына тақырыптық, идеялық талдау жасаңыздар, бүгінгі күн түрғысынан баға беріңіздер.
С.Сейфуллин мен Б.Майлиннің балаларға арналған шығармаларындағы дара және ортақ стильдік белгілерді айқындаңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
Майлин Б. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-3 том.
- Алматы: Жазушы, 1998.
Қазақ балалар поэмасының антологиясы. - Алматы: Арда, 2005.
Бесік жыры. –Алматы: Жалын, 1989.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. -Алматы: Мектеп, 1980.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2 кітап. - Павлодар: Арман, 2004.
4 тарау. І.ЖАНСҮГІРОВ
І.Жансүгіров және балалар әдебиеті. Қазақ балалар әдебиетін жасауға ең алғаш саналы түрде көңіл бөлген қаламгер - І.Жансүгіров. «Бізде балалар әдебиеті – жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бар ойым осы әдебиеттің жасалуына көмектесу еді. Бұл туралы біраз еңбектерім бар: «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық» тағы басқалар. Бізде, әсіресе, техника, өнер жайында шығармалар туған жоқ. Енді бұл кетікке кірпіш қалауымыз керек дейміз»(2,193). Ілияс техника жайында өлең тудырды да. 1931 жылы жазған «Элеватор» өлеңі бала мен ересек адам диалогы үлгісінде беріліп, балаларды элеватордың сыр-сипатына қанықтырады.
Бала сұрағы
Кеудесі кең,
Жегені жем,
Батырың.
Бойы зәулім,
Аты кім?
делініп жұмбақ түрінде келсе, ағасының элеватор тұрқын танытатын жауабы жұмбақ шешуі болып табылады.
Ақынның тың пішін іздеу, түр табу нәтижесінде дүниеге келген аралас буынды (төрт және үш буыннан аралас келетін) бұл өлеңнің соңғы шумағы пафостық бояумен бедерленген. Өмір материалын тың формамен түрлендіріп беруге тырысқан ақын өлеңінде халық мұрасына деген сол тұстағы теріс көзқарастың салқыны да жоқ емес.
Ұқтым, аға.
Ата мұра.
Көрдей ұра.
Бітсін, ура Біржола...
Ұраншылдық сипатқа ие «Элеватор» өлеңінің бұдан бұрынырақ, 1922 жылы жазылған «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» өлеңдерінен көш төмен жатқандығын мойындамасқа болмайды. «Отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясының тақырыбы - социалистік Отан, елді индустрияландыру, ауылды колхоздастыру, жаңа ашылған өндіріс орындары т.б. болды. Адамды жырлау оның еңбегімен ғана байланыстырылды»(33,49). Бұл жағдайдың әдебиеттің көркемдік бағытына едәуір нұқсан келтіргендігі рас.
Жұмбақ демекші, ақынның 1930 жылы Қызылорда қаласында «Балалар кітабы» сериясымен шыққан «Жұмбақтар» жинағында 67 жұмбақ бар. Өнер мен техниканы тұспалдайтын жұмбақтардың бұл жинаққа енуін Ілиястың жоғарыдағы айтқан «кетікке қаланатын кірпішті» қалыптауы деп түсінгеніміз жөн.
Аралас буынды өлеңнің көбеюі революциядан кейінгі дәуірде басталды, бұрыннан бар үлгілер түрленіп, тың машыққа көшті. Бұған Ілиястың «Бөбек бөлеу»(Ана жыры)(1926) өлеңі дәлел. Жеті және сегіз, арасында тоғыз буынды өлшеммен жазылған өлең халықтың «бесік жыры» өлеңін еске түсіреді. Автор оны буын өлшемі жағынан түрлендіру арқылы ауыз әдебиетінің классикалық дәстүрін әрі қарай дамытады. Екі өлеңнің идеясы ортақ. Бөбектің ер жетуі, есті, елгезек болуы - басты міндет. Дегенмен,
Бөгелмей білім біл, бөбек
Білмесең білім бекер
Бет алдыңа кетер
Елге есті ер болып
Ер жет!
Есей ертерек.
деген жолдары жаңа заманның соны сипатына лайықталып, оқу, білімді мансұқтайды, ел қамқоры болуын міндеттейді.
Ақынның «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» өлеңдері - ойнақылығымен, көркемдігімен танылатын туындылар. «...Ақын табиғат пен адам байланысының диалектикасын көрсететін шығармалар шоғырын, өлеңдер циклін дүниеге әкелді. Бұлардың ішінде балалар талғамын ескеріп жазылған, ырғақты, сөздері ойнақы, жаттауға оңай, тақпақ үлгісіндегі «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» (1923) өлеңдерінде жыл мезгілдері мен табиғаттағы өзгерістер еңбек әрекеттерімен сабақтас бейнеленеді»(34,124). «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» өлеңдеріндегі жыл мезгілдерінің көрінісі ел тірлігімен ұштастырыла бейнеленеді. Ақын өлеңдері кіріспе, екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Кіріспесі «Ой, балалар, балалар»» деген арнау сөзге құрылған. Брінші бөлімде жыл мезглдерінің өзіндік келбеті нанымды суреттеледі. Мәселен, көктем сипаты төмендегіше беріледі:
Ой, балалар, балалар!
Жыл-жылы жел соқты,
Жылғалардан су ақты.
Қаңқыл-қаңқыл қаз кепті,
Жер қарайды - жаз кепті.
Желкілдейді көк майса,
Желіндейді мал жайса.
Екінші бөлім түгелдей ауыл тірлігін сипаттауға арналған. Лирикалық кішкентай кейіпкердің назарынан туғандарының іс-әрекеті де тыс қалмайды. Дегенмен, ауыл, елдің қайнаған тірлігі - басты назарда.
Ауыл көшті қыстаудан.
Әне! Апамдар қой сауған.
Құс ұясын түзеді,
Тайымды ағам күзеді.
Ел ешкісін қырқыпты,
Егіндерін жыртыпты.
Өлең қорытындысында «Ой, балалар, балалар, ойналық та күлелік!» деген жолдар ұсынылады да және автор балаларды сипатталып отырған мезгілдің ерекшелігіне сай әрекетке, яғни көктемде атқарылатын іске шақырады.
«Жазғытұрым» өлеңі
Ой, балалар, балалар!
Ойналық та күлелік,
Қос басына мінелік.
-деп аяқталады. «Жазғы шілде» өлеңінің бірінші бөлімінде шілде айындағы ұзарып өскен көк шөп, оған тойынған марқа - негізгі объектілер ретінде көрінеді.
Ой, балалар, балалар!
Шілдем, шілдем- шілде айым.
Шырлап торғай күн сайын.
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер.
Жапырақтар жалпайды,
Жас қозылар марқайды.
Ұшты көкек сай құлдай.
Сайда пісті таңқурай.
Екінші бөлім екі жолдан тұрады. Ел-жұрт жайы айтылмайды. Бірақ адам тарапынан атқарылған шаруа айтылады.
Құрт, ірімшік қайналды.
Құлындар дабайланды.
Қорытынды бөлім бала кейпкердің тағы бір тілегін қамтуымен ерекшеленеді.
Нәйім, нәйім бауырсақ,
Ағын суға шомылсақ.
Ой, балалар, балалар!
Ойналық та күлелік,
Үйретіп тай мінелік.
Автор «Күз» өлеңінде мезгіл суретіне сараңдық жасайды.
Ой, балалар, балалар!
Қоңырқай күз болыпты.
Қурап жапырақ солыпты.
Есесіне елдің күзгі тұрмыс күйіне мол орын береді.
Ел егінін алыпты,
Ақ үзіктер жауыпты.
Ел күйекті шешіпті.
«Есепші айтты» десіпті.
Ел мектебін күтіпті.
Енді мая салыпты,
Ел күзекке қоныпты,
Қойшы қойды тоғытты.
Ауыл күзем алыпты.
Тоқтышақ тон бітіпті.
Қарап отырсақ, осының бәрі - көктем, жаз мезгілдеріндегі қарбалас тіршіліктің жемісі. «Жазғытұрымда» «Ел ешкісін қырқып, Егіндерін жыртса», «Күзде», «Ел егінін алып, ақ үзіктер жауыпты», «Жазғы шілдеде» «шудаланып көк шөптер, жапырақтар жалпайса, жас қозылар марқайса», «Күзде» «Ел маясын салыпты, қойшы қойды тоғытты, тоқтышаққа тон бітіп, ауыл күзем алыпты». «Күз» өлеңінің қорытындысы «Жазғытұрым», «Жазғы шілде» өлеңдерінің қорытындысы іспеттес.
Ой, балалар, балалар!
Ойналық та күлелік,
Енді оқуға кірелік.
«Ой, балалар, балалар!» түрінде тікелей арнауға құрылған бұл өлеңдерде жылдың әр мезгіліндегі табиғат көрінісі ауыл тірлігімен, соның ішінде балалар әрекетімен байланыстырыла суреттеледі. Дәстүрлі 7 буынды өлең үлгісіндегі өлеңдер саяси сипаттан ада. Аталмыш өлеңдердің құндылығы - табиғат құбылысын дәл, өмір шындығын адал көрсете білген реалистігінде. Демек, «Ойналық та күлелік!», «Қос басына мінелік!», «Үйретіп тай мінелік!», «Енді оқуға кірелік!» деген тілек І.Жансүгіровтен бастау алып отыр. Дәстүрді өзіндік мақсат- мүддемен жалғастырушы - І.Жансүгіров.
1922 жылы «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» тәрізді өміршең өлеңдерін балдырғандарға сыйлаған ақын уақыт өте өзі үйренген, іштартқан арнасына қайта ойысады. Мәселен, ауыз әдебиеті дәстүрінде жазылған «Малта» өлеңі.
Көбігімді ұлы алды,
Қаймағымды қызы алды.
Қаспағымды мысығы,
Жуындымды күшігі.
Көбелек келіп күмп беріп,
Көбігін ішіп ол кетті.
Жапалақ келіп жалп етіп,
Жарымын ішіп ол кетті,
Қырғауыл келіп қиқу сап,
Қазан түбі қаспағын
Қырнап ішіп ол кетті.
- дегеннің ықпалы бары анық. «Түйе, түйе, түйелер» халық өлеңіне буын өлшемі жағынан да ұқсас. Еңбекті жырлаудың оңтайлы тәсілін ақын сәтті тапқан. Малтаның жасалу процесі жайында жас жеткіншектердің ынта қойып тыңдайтыны анық. Дәл осы әдіс «Шәркей» әңгімесінде де қолданылған. 1929 жылы суретті кітапша түрінде жарыққа шыққан «Малта» да, «Шәркей» де балаларды ауылдағы күнделікті өмір тірлігімен таныстырып қана қоймайды, еңбек ету белсенділігіне де шақырады.
І.Жансүгіровтің 20-30 жылдар балалар әдебиетіндегі ізденістері оның 1934 жылы жазылған «Мектеп» пьесасында тиянақталған. Бұл тұста «Қазақ совет балалар әдебиетіне пьеса жанрын ең бірінші болып енгізген де Ілияс еді. Оған дейін бұл қазақ балалар әдебиетінде болмаған жанр» дегенді(2,293) еске алудың реті бар.
«Жазғытұрымда»(1922) «Ойналық та күлелік, Қос басын мінелік!», «Жазғы шілдеде»(1922) «Ойналық та күлелік,Үйретіп тай мінелік!», «Күзінде»(1922) «Ойналық та күлелік, Енді оқуға кірелік!» -дейді. «Бөбек бөлеуінде»(1926) ақын «Бөгелмей білім біл, бөбек»- деп бөбек келешегіне қатысты ой-арман, тілегін айтады.
М.Жұмабаевтың әже мен немере арасындағы диалогқа құрылған «Әже», «Немере мен әжесі» өлеңдері немересінің көп сұрағына жауап бере алмай қиналған әженің ақыр соңында «тек! - деп ем ғой, - тентек, тентек, мұны айтатын мектеп, мектеп!» деп тығырықтан шығу харекетін І.Жансүгіровтің «Мектеп» пьесасы еске салады. «Бұл пьеса балалар сахнасына арналған. Қай жастағы бала болса да ойнауына болады. Қуыршақпен ойнауға да, балалардың өздері сахнада ойнауына да келе береді» деген түсініктемесі бар бір перделі бұл пьесада, әрине, халық ертегісі элементтері бой көрсетеді, олар қайталаулар түрінде де көрініс береді.
Әукен деген баланың «мектеп деген немене?» деген сұрағына апасы да, әкесі де, шал да, кемпір де жауап бере алмайды. Осы сұрағын пионерге қояды. Пионер толымды жауап береді. Бұл жауапты қуыршаққа да, апасына да қайталайды. Қуыршақтың қорытынды сөзімен пьеса түйінделеді:
Егер мектепте оқысаң,
Аэропланда ұшасың.
Автомобильге отырып,
Алыс жерге жортасың!
Автор пьеса кейіпкері балаға надан шал мен қоңыздан қорқатын жаман кемпірді сайқымазақ етіп, ақыр соңында оларды қуып шығуға апаратын «әдепсіздікті» таңады да, пьесаға қуақылық сипат дарытады. Жеткіншектің жүрегіне күлдіргі дүние арқылы жол таппаққа ниеттенген ақынның бағдары дұрыс болғанмен, арзан күлкіге құрылған жағдаяттың диалог нәрсіздігін туғызғандығы анық.
Достарыңызбен бөлісу: |