Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет47/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   73
Rustemov okulik 00

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. І.Жансүгіровтің балалар фольклоры үлгілерін жинастыру саласындағы еңбегінің ерекшеліктері жөнінде айтыңыздар.

  2. І.Жансүгіровтің «Малта», «Шәркей», «Мектеп» шығармаларына тақырыптық-мазмұндық талдау жасаңыздар.

  3. І.Жансүгіровтің балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелеріндегі дәстүрлі көркемдік тәсілдер жөнінде әңгімелеңіздер.

  4. І.Жансүгіровтің «Жазғытұрым», «Жаз», «Күз» өлеңдерін жаттаңыздар.



Оқуға ұсынылатын кітаптар

    1. Жансүгіров. Құлагер. - Алматы: Жазушы, 1974.

    2. Жансүгіров. Әтірік. (Төте жазудан аударылған). - Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2001.

    3. Бесік жыры. –Алматы: Жалын, 1989.

    4. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. -Алматы: Мектеп, 1980.

    5. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2 кітап. - Павлодар: Арман, 2004.

5 тарау. М.ӘУЕЗОВ
Әңгімелері мен повестері. «Жетім» әңгімесі(1925) әңгімесі алғашқы рет «Таң» журналының 1925 жылғы бірінші санында «Қайғылы жетім» деген атпен басылады. Кейінгі жинақтарда «Жетім» деген атпен жарияланады.
«Жетім» әңгімесіндегі басты кейіпкер - жас бала Қасым. Шығармада он жастағы жас баланың қиын тағдыры, аянышты халі берілген. Бұл шығармасында қаламгер бала ұғымын, сезімін беруде өзінше ізденіс танытқан.
Әңгіме үш салт аттының түн қараңғылығында қалың таудың ішіне бет алуын баяндаудан басталады. «Қара барқын тартып қараңғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында бір сөніп, бір лап етіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығымен күңгірт даланы әлденеге үміттендіріп тұрған сияқты». Әлдене - жетім бала Қасымнның өмір мен өлім арасындағы халі. «Сол кезде иесіздікте жүдеу тартып, ұйқыға батып бара жатқан даланы әнші жігіттің зар-мұңлы даусы ұзақ толқынды ырғағымен тербеткеңдей болды». Жүргіншілердің түнгі сапары мен жетім бала халін байланыстырып түрған құбылыс бірнешеу. Олар: түнгі аспанның түксиген қатал қабағы, көз жасын төгуге дайын табиғат ажары және жауын қарсаңындағы нажағайлы аспан көрінісі. Тағы бір құбылыс - әнші жігіттің зарлы әні. «Ән кейде батқан күн мен бейуаққа қоштастырған үн сияқты». Батқан күн мен бейуақ жетім баланың басына түскен халді сездіріп тұрғандай.
Әңгімеде сюжеттік екі линия бар. Бірі - түнгі жолаушылардың өз сапарында ағашқа жабысып, қатып түрған баланы көруі. Түнгі сапар мен баланы көру аралығында екінші сюжеттік линия өрілген. Қасымның әке-шешесі, әжесі өлгеннен кейінгі бүкіл өмірі көз алдымыздан тізбектеліп өтеді. Жүргіншілер көзімен бағамдасақ, қас-қағым сәт. Адам өмірі үзынды-қысқалы жол. Дүниеге келісімен өз ықтиярынсыз өлмекке бет алады. Демек, жалғыз-аяқ жолмен әке- шешесінің бейітіне бет алған бала да ықтиярсыз. «Жүрегін қорқыныш басып, жалғыздық жеп келе жатқан баланы не бастап келеді? Жеті түнде айдап шыққан айдаушы кім? Айдаушы сол баланың тағдыры еді».
Қасым өмірінен көрген түсі ажарлы. «Қасым ұйықтаса, бақытқа жеткендей болып, өзін алдына алып сүйіп уатып, көзін сүртіп жүрген әке-шешелерін көруші еді». Қолдарына алған Иса деген ағайынымен оның әйелі Қадишадан көрмеген қорлығы жоқ. Иса Қасымның әке-шешесінен қалған отыз шақты қой мен он шақты қараны өз малындай бауырына басты.
С.Дөнентаевтың «Жетім» әңгімесіндегі Көркемтайға қарағанда Қасымда өр мінез бар. «Мен жетім емеспін бе? Менің малыма тигенің обал емес пе?» - деп жұрттан естіген сөзді айтуы - алғашқы қарсылық, ашу-ызаның сыртқа шығуы.
Келесісі - әке-шешесінің басына мал сойып апарып, қүран оқытпақшы болуы. Иса мен Қадиша малды сойғызбай қояды. Соңғысы - өзіне төнген Исаны тізеден қара таспен ұруы. Жетім баланың қолынан келгені - оы. Енді оның Иса үйіне жолай алмасы анық. «Қазіргі Қасымның ойы, енді баратын қорған жоқ болғандықтан сол қораға барып, сол маңайда қалған жатақтарға жетіп, тау бөктеріндегі әке-шешелерінің басына барып, қабырын құшақтап жылау еді. Тау асатын жолда жалғыз келе жатқан зар еңіреген жетім бала Қасымды алып келе жатқан хал осы». Көркемтайдың көңіліне аз ғана уақыт жұбаныш Нағима болған болса, Қасымның жылағанда жұбататын ондай жанашыры болмады. Көрші-қолаң мүсіркеуден ары аспайды. «Маңайындағы көрші қатындар, сенімсіз топас шалдар: -Бала, малыңа ие болуға жарамайсың!.. Әй, сені Иса жейді ғой. Сенің малыңды қүртады ғой. Ие бол! - деген сөздерді айтқыштап қоятын». Көркемтай жылап молаға қашатын болса, шешесінің бейітін құшақтап мұңын шағатын болса, Қасымда ондай мүмкіндік жоқ. Моланың шалғайда, қыстау маңында қалуынан бара алмаушы еді. «Қасымға бұдан соңғы бір қайғы болып малды қарастыру, қозы бағу шықты. Аздан соң өзге балалар «тілазар, кәпір, бармайдды» деген атпен құтылып қалатын болып, Иса мен Қадишаның бейілді қабағына ырза болатын күйге келген Қасым тезек теретін болды. Малдан кешке келіп сүрініп-жығылғанда болмаса Қасымға бостандық, еркіншілік жоқ еді. Кейде Иса өз балаларын: «олардың малы жоқ, малдың иесі - Қасым» деп қойып, олардың еріншектігіне өзі кұрық беріп, Қасымның бишаралығын ашық арамдықпен қақпай ғылып та қояды». Көркемтай құр жылай беруші еді. Қасым ашық қарсылық көрсетті. Оны бұған ширықтырған жоғарыда көрген қорлығы. «Қасым енді барлық өзіне қарсы арналған арамдық, өгейлік құлық пен кәпірстан мінезді қабақтан, жарты сөзден ұғатын болды. Тұрған аулында бір адамнан мейірімді мінез көрмеген соң, ешбір жанмен сөйлеспейді. Күз күніндей жабырқап жүдеп, қабағы қатқан қайғыда. Сырт пішіні момын сияқтанады. Бірақ ішіне ылғи жетімсіреген жалғыздықпен бірге, дүниеге сенімсіздік, ешкімге жуымайтын жатбауырлық нығайып орнай бастады». Тау ішінде келе жатқан жетім балада зәре жоқ. «Бұдан кішірек күнінде көп естіген қараңғы сырлы әңгімелер болушы еді. Түнде кездесетін жын-шайтандар, қара түндей жалмауыздар... Сау адамды қағып кететін перілер. Бұлардың талай рет түн жүргіншілерін шошытқан, жындандырған көзіне көрініп елестеген әңгімелері кішкентай Қасымның көңіліне әбден қонып, онсыз да наукасты әлсіз хиялында мықты орын алып қалған...». Көз алдына неше түрлі құбыжық елестеген жетім бала «өлікке» айналады. Ағашқа сүйеніп қатып тұрған балаға үш жолаушы осылай кез болады. ««Қайғылы жетімнің» соңы:
«Бұл Қасым еді. Бірақ қазіргі халді Қасым жетімдіктен, қайғы-зардан, ойын кернеген ызадан құтылған. Ол өлген екен» деп бітеді. Ал «Қараш-Қараш» жинағындағы «Жетімде» бұл үзінді: «Ол - өлік. Бірақ денесі әлі түгел мүздап та болған жоқ екен...» деп аяқталады. Бірінші үзіндіні оқығанда Қасымның өлімі оны өмір қыспағынан құтқаратын бірден бір жол дегендей, сол өлімді іште құптағандай ұғым тудырады. Үзіндінің соңғы редакциясында бұл жай біраз басқа тұрғыдан меңзелген. Қасым әлі құрып жығылып, жартылай өлік қалпында талып жатқанымен, оның денесі әлі түгел мұздап та болмаған. Сол мезетте үш салт атты жолаушы да жетіп Қасымды орталарына алды. Осы түйінде әңгіменің оптимистік әуені сезілгендей.
М.Әуезовтің балалар әдебиетінен негізгі орын алатын шығармасы - Көксерек» повесі(1929). Оны әлем әдебиетіндегі үздік классикалық шығармалармен салыстыруға болады. Әңгіме сюжеті Канада жазушысы Сетон-Томсеннің «Виннипег қасқырына» ұқсас. Есімі әлемге әйгілі жазушы Джек Лондонның «Қасқыр» шығармасы М.Әуезовтің аударуымен 1936 жылы жеке кітапша болып шыққандығын да айта кетуіміз керек.
«Көксерек» повесі 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналының(қазіргі «Жұлдыз») екінші-үшінші нөмірлерінде жарық көрді. 1961 жылы орыс тілінде Мәскеуде «Серый лютый» деген атпен басылды.
Жас Мұхтар Ертіс бойындағы Керекуден кемемен Аққасқа, Сарықасқа деген екі тазы алдырады. Аққасқаны ағасы Ағзамға, Сарықасқаны Жағыпар Мағауияұлына береді.
Повесть кейіпкері Хасеннің прототипі - Мұхтардың ағасы Ағзам Әуезов. Қаладағы қызмет істейтін інісі - Мұхтардың өзі. Повестегі жер аты - Қараадыр - Бөрілі. Повесте Мұхтар Аққасқаны шетелден әкелдіреді. А.Әуезовтің «Бала Мұхтар» кітапшасынан Мұхтар мен Ахмет арасындағы диалогты келтірейік:
Аққасқаны Керекуден алдыртты деуге қимай тұрмын.
- Неге?
Ауыл арасы жақын ғой. Аққасқаны Хасен - Ағзам қалада қызмет істеп тұрған інісі арқылы шетелден алдырған десем әңгіме желісін байыта түскен болар едім. Ахмет «Көксерек» повесінің жазылуы жөнінде былай деп еске алады: «Аққасқаны Ағзам жетегіне алып, Мұхтар екеуміз де жараулы атқа мініп, талай аңға шыққанымыз, бірнеше көкжал қасқырды қуғанымыз, қызығына әбден батып, соққанымыз бар.[...] Екі-үш қырдан асып кеткен Аққасқаның артынан шапқылай қуа жүріп, зорға жеткенімізде көкжалды алқымынан шайнай, айқасып тұрғанын талай көргенбіз. Сол көріністі Мұхтар «Көксерек» әңгімесінде дәлме-дәл көрсеткен. Ауылдың мал-жанына тал түсте қырғидай тиіп, бір тыныштық бермейтін талай қорқау қасқырлар Көксерек - Аққасқаның алғырлығынан қолға түсті. Бұл оқиғалар Мұхтарға көп-көп сырлы ой салды. Содан барып сегіз бөлімді Мұхтардың «Көксерек» әңгімесі туған-ды».
Шартты түрде повесть бөлімдерін «Күшіктер», «Тұтқын күшік», «Құрмаш және Көксерек», «Көксерек және ақ қасқыр», «Көксеректің күшіктері», «Қасқырлар», «Қасен» және «Аққасқа» деп атауға болады. Автор әңгімесін әр түрлі жабайы аңдардың мекен еткен жерлерін суреттеуден бастайды. Бұл тәсіл жыртқыш аңдар өмірі мен олардың күн көрісін айқындауга тірек болған. Әңгіменің композициясы мен сюжеті оқиғадан оқиға тудырып отырады. Жыртқыш аңдардың қомағайлығы жанды суреттер арқылы беріледі. Әңгімеде жыртқыш аңдар тірлігі мен қазақ жерінің сұлу табиғаты, ен байлығы сөз болады. Жазушы жаратылыстың көркем көріністерін әсерлі суреттейді.
Әуезовтің «Көксерегі»- тұтас философиялық шығарма. Туынды хайуандық тірлікті баяндаудан басталады. Итмұрынды қалың жыныс арасындағы қасқыр іні, ақ қасқыр мен көк шолақтың қызыл қозыны жәукемдеуі. Хайуандық тірлік - зорлықшыл тірлік. Аш құрсақ тілегін қанағаттандьфу жолындағы тірлік. Бұл тірлік соңында хайуан ештеңеге қарамайды. Ақ қасқыр мен көк шолақтың дәл сол күнгі іс-қимылын есейген Көксерек сан қайталайды. Күшік кезінде есесі кеткен қара ала төбетті ақ қасқырмен бірігіп, алдымен, жәукемдейді. Екі қасқырдан Қарадырдағы ел көресінді көреді. Ақпан, наурыз айларында үш-төрт түйе, әлденеше ит желінеді. Кедейлеу ауылдың он шақты қойын Көксеректің бір өзі өлтіреді. Топ қасқырдың басшысы кәрі шолақпен жемтікке таласып, ақыры оны Көксерек өлтіріп тынады. Көк шолақ көп қасқырға жем болады.
Көксерек бастаған атышулы тоғыз қасқыр жалғыз атты шаналы жүргіншіні қамайды. Жүргінші атты тастай салып қашады. Басқалары атты талап жей бастағанда, Көксерек бір-екі қаншықты ертіп алып, кісі соғынан қуады. Алдынан аттылар шығып айырып алады.
Көксеректің адамға ұмтылуы - өшпенділіктің салдары. «Құрмаш қанша тәрбиелесе де, Көксерек үрлық пен адал астың айырмасы не екенін ұға алмады. Біресе өздері беріп тұрып «же!»- дейді. Біресе сондай тамақты өзі тауып алып жеп жатса, ұрып салады. Сол себепті кей кездері алдына қойған тамақты да жемей, көзінің астымен жалт-жұлт қарап жатушы еді». Адамдар Көксеректің інін ойран қылды. Тірсегінен қиылған жалғыз күшік қалды. Серігі ақ қасқырдан айрылды. Түйе үстіндегі шал Көксеректің артқы санын жаралады. Осының бәрі Көксеректің адам атаулыға деген өшпенділігін қоздырды.
Көксеректің адамға дос бола алмайтыны жөнінде ауыл үлкендері де, Құрмаштың әкесі де ескертеді.
«- Кәпір, қырыс, тағы емес пе! Кеудесін бермейді, жасымайды! - деп ауыл аңыз қылады. Сонымен қатар Көксерек жайында ауыл-үйдің қатындары әр алуан өсек те таратып жүрді.
- Ұры. Асырасаң да мал болмайды. Тұқымы жау емес пе! - десті.
Кейбіреулер: «Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді. Иттен қорыққаннан ғана үйде жатады» деседі. Құрмаш бүл өсектің бәрін елемейді». «Сол мінезін байқаған үлкендер - Енді бұны өлтіріп, терісін алу керек: осы кәпір түбінде ел болмайды, - дейтін де болып еді. Бірақ Құрмаш көнбеді». «Көксеректің бұл жайын байқап ап Құрмаштың әкесі:
- Түу, мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзіқара, қой, балам, енді мұны өлтіріп, терісін алайық, - деп еді, Құрмаш бұл сөзге көнбеді». Бала тілазарлық жасады. Ел сөзін елемеу, үлкеннің, әкенің тілін алмау үлкен трагедияға душар етті.
«Содан әрі баланың үні өшті. Қасқырдың аузы тиместен бұрын өліп кетті. Көксерек ырылдап тұрып: тісінің ұшымен қағып жұлып алып, басын шайқап өткенде, баланың бір жақ көзін қопарып алып кетті. Жүріп бара жатып, қылғып салды...». Бұл оқыс әрекет белгілі бір мәнге ие. Бала көзсіздігіне жасалған тұспал тәрізді көрінеді бізге. Бала көзсіздігі оның тәжірибесіздігінен, үлкендерді, оның ішінде әкені тыңдамаудан туып отыр.
«Иә, көпшілікке қарсы тұру ажалға қарсы тұрумен бірдей ғой. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан үлкен адам - әке қауіп пен қатерді тез аңғарып, қиядан шалады. Әке ойы мен сөзі шынайы өмірге жанасымды болса, оның айтқанын істеп, тілін алу балаға бірінші парыз екенін Мұхтар «Көксерек» әңгімесінде толық көрсете білген» - деп жазады Ахмет Әуезов. «... Көксерек бастаған бір топ қасқырлар өз ұяласы Көкшолақты бас салып, жұлқып-жұлқып жегенде Құрмашты - адамды жемей аяр ма? Мұхтардың қасқыр бөлтірігін адамның асырап, Көксерекке Құрмашты жегізуінде тағы да қыруар сыр бар, көп нәрсені, жауды аяған жаралы болатынын аңғартады». Құрмаштың трагедиялық өлімі жас баланың көңілінде жақсылықтан басқаны ойламаған аяулы адал жанның бейнесін қалдырады. Әңгіме соңында кемпірдің қасқырды басқа тебуі - жай тебу емес. Бұл - шығарманың ширыққан, шешім тапқан тұсы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет