Сұрақтар мен тапсырмалар
1. М.Иманжановтың 1942-1945, 1948-1954 жылдар аралығында жазылған әңгімелеріне тақырыптық, идеялық, көркемдік ерекшеліктер тұрғысында талдау жасаңыздар.
2. Соғыстан кейінгі кезеңдегі балалар повестерінің тақырыптық ауқымын анықтаңыздар. Қазақ жазушылары повестерінің көркемдік-идеялық ерекшеліктерін танытыңыздар
3. С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, С.Бегалиннің, М.Иманжановтың балаларға арналған шығармаларындағы дара және ортақ стильдік белгілерді айқындаңыздар. Шығармаларының сипатын қазіргі заман тұрғысынан бағамдаңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
Иманжанов М. Алғашқы айлар. - Алматы: Жазушы, 2003.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. -Алматы: Мектеп, 1980.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 3-кітап. – Павлодар: Арман, 2004.
VII БӨЛІМ
1960-80 ЖЫЛДАРДАҒЫ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
1 тарау. ПРОБЛЕМАЛАР, ІЗДЕНІСТЕР, ЕСІМДЕР
Бұл дәуірде балалар ақын-жазушыларының шығармашылық белсенділігі артты. Қаламгерлер қатары молайды. Балалар әдебиеті жанрларының барлық түрі дамыды. Оған «Жалын» жастар баспасының, «Балауса» балалар баспасының ашылуы, «Жалын» баспасының жанынан балалар мен жасөспірімдерге арналған жылма- жылдық жабық бәйгенің ықпалы да зор болды.
«Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» газет-журналдары өз қарқындарынан жаңылмады. 1956-1985 жылдар аралығында 1937-1938 жылдардағы қиянаттардың зардабын жоюға ниет жасалды. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтердің есімдері тарихқа қайта оралды. Ә.Тұрманжанов жазушылық жолын жалғастыра бастады.
1988-1989 жылдары Алаш ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығын зерттейтін комиссияның шешімі бойынша Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов ақталды.
1966 жылы «Балалар әдебиеті» журналы өз жұмысын қайта жандандырды. 1978 жылы Мәскеудің «Детская литература» баспасының кеңестік балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері шығармашылығына арнап «Вслух пр себя» атты 2 томдық шеберханалық кітабына Қазақстаннан М.Әлімбаев «Вечно самим собою недовольный» аталатын мақаласымен қатысты. Ақынның «Аспандағы әпке» жыр жинағына 1985 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. М.Қабанбай Андерсен атындағы халықаралық сыйлық алды. Балалар ақын-жазушыларының шығармалары халықаралық кітап жәрмеңкелеріне қатысты, шетел тілдеріне аударылды.
Қазақ балалар поэзиясының ішкі жанрлары байыды, бала характерін ашатын әдеби әдіс-тәсілдер молайды. Бұл кезде жалаң үгіт, насихат тежеліп, бала характері алдыңғы планға шықты, балалар лирикасының мазмұны байыды. Ә.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Қ.Мырзалиев, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов сияқты ақындар бірыңғай балалар әдебиетіне маманданды. Олардың танымдық-тәлімдік шығармалары балалардың қиялына қиял қосты. Аталған талантты ақындар ісін 70-жылдардың басында Қ.Баянбаев, Ж.Кәрбозин, Е.Әтетілеуов, А.Сопыбеков, С.Қалиев, Е.Елубаев тәрізді дарынды жас буын өкілдері іліп әкетті. Балалар поэзиясы жанр жағынан да, мазмұн жағынан да түрлене түсті. 60-70 жылдар аралығында анаграмма, шарадалардан бастап лирикалық, сатиралық, фантастикалық поэма, ертегі, ертегі-поэма үлгілері пайда болды. Шығармашылық салмағы әдебиеттің өзге саласында жатқан Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиевтар балалар поэзиясын өркендетуге атсалысты. А.Сәрсеков, Е.Ерботин, Ә.Нарымбетов, Б.Серікбаев, С.Оспановтар қазақ балалар поэзиясының табалдырығын аттады.
60-80 жылдар қазақ балалар ақындары творчествосы балалар поэзиясының өзіндік ішкі сырларын терең түсінуімен, оны ойдағыдай меңгеруімен ерекшеленеді. Олардың өлеңдері ой-пікірдің нақтылығымен,сөз ойнақылығымен әсерлі келеді. Бала еңбегі, оның ой-пікірі, әрекеті көркем поәзия тілімен өрнектелді.
Балаларға арнап өз шығармаларын С.Бегалин, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Дүйсенов, М.Ғұмар, С.Қалиев, С.Жұбатыров, М.Қабанбаев, Ә.Төреханов, Б.Қойшыбаев, С.Асылбеков, М.Айымбетов, Б.Ыбырайымов, Н.Мұраталиев, Н.Ақышев, Б.Әділов, С.Дүйсенбиев, Қ.Қазиев және т.б. ұсынды. Таптық-төңкерісшілдік сарындар жібіп, балалар әдебиетінің мұраты - баланың жан сырын тануға ұмтыла бастады. Шығармалардағы басты мәселе - кейіпкердің жан-дүниесіне үңілуге тырысушылықты аңғарамыз. Тіршілік дүниесі бала кейіпкер көзімен беріледі. Ата-анасы, әйтпесе, мектеп ұжымы, достар арасындағы психологиялық конфликт өрістейді. Шығарма кейіпкерлері - жазушылардың балалар өміріне жаңаша қарай бастауының куәсі.
Жоғарыда аталған қаламгерлер балалар әдебиетіне өздерінің балалық өмірбаян сырын әкелді. М.Қабанбаевтың «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», Қ.Қазиевтің «Үркер», С.Жұбатыровтың «Жасыл сағым», М.Айымбетовтың «Бар болғаны он төрт жас», «Көлге шомылған ай», Б.Қойшыбаевтың «Сенім» повестері - мектеп оқушылары өмірінен жазылған шығармалар. Балалық шақ пен жасөспірімдік сәт аралығындағы өтпелі кезеңді бейнелеуді мақсат еткен бұл шығармалар балалар әдебиетіндегі соны ізденістің жемісіне жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |